Басқы бет / Ғалымның хаты / АЙҚОЖА ИШАН ДӘУІРІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚТЫҢ ДІНИ САЯСИ АХУАЛЫ ТУРАЛЫ

АЙҚОЖА ИШАН ДӘУІРІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚТЫҢ ДІНИ САЯСИ АХУАЛЫ ТУРАЛЫ

ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы діни-саяси ахуал. Діннің тек ождан мәселесі ғана емес, сонымен қатар ұлттық дәстүрден мирас болып келе жатқан өркениет шындығы екендігі мәлім. Қоғамдағы дін феноменін айқындайтын, діни социологияның негізгі көрсеткіші ғибадатханалар мен діни білім беру жүйелері екендігін ескерсек, тарихи деректердегі «…қазақтарда әрбір 10 000 адамға бір мешіт-текке келетіндігі», тарихшы ғалым А. Ш. Махаеваның да қазақтарда «отар болудың қарсаңында Түркістанда 20 мешіт, Шымкентте 16 мешіт, 8 медресе, Сайрамда 15 мешіт, 10 медресе, Қарамұртта 6 мешіт, 3 медресе болса, Әулиеатада ХХ ғасыр басында 21 мешіт болғандығы» жайындағы мәліметі сол кезеңдегі қазақтың діни тыныс-тіршілік ахуалын тануға мүмкіндік береді.
Қазақтың қазақ болғалы діни, рухани астанасы Түркістан екендігі белгілі. Бірақ патша үкіметі өздерінің қазақтарға қатысты діни саясаты негізінде Орынбордан мұсылман діні басқармасын ашып, Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының діни істерін соған қаратады. Мұндағы мақсат қазақтарды негізгі діни ұйытқыдан алыстатып, діни билікті де өз қарауына алу болатын. Сонда хандық биліктен де, діни биліктен де айырылған қазақ өз-өзіне деген сенімін де жоғалтып, құлға айналады. Бұған қазақ келіспеді. Сыбан-Найман болысына қарасты бес қазақ руларының 1824 ж. қыркүйекте отарлаушыларға қойған талаптарының бірі төмендегідей: «…Біздің халық арасында ұшырасатын кісі өлтіруден басқа барлық іс біздегі мұсылман талқысына (шариғатқа) берілсін». Е. Бекмаханов осы мәліметтен соң өз ойын «…қазақтар кейін Кенесары туы астына жиналып, ерлікпен күрескенде нақ осы талаптарға қол жеткізуді ойлаған еді» – деп тұжырымдаған. Ал егер шындығында патшалы Ресей қазақтардың ислам дініне қамқор болуды мақсат еткен болса, жоғарыдағы талаптарды орындаған болар еді. Бұл талаптарды үкіметтің қабылдамай тастағаны белгілі. Біріншіден қазақтар онсыз да мұсылман болатын. Патшалы Ресей исламды қазақтарды басқарудың жолы ретінде көріп, татарларды қалай басқарса, қазақтарды да солай билеуге болады деп үміттенді. Екіншіден «қазақтардың діни сауатын арттыру» мақсатында татар-ноғай молдаларын өз мүдделеріне қолданып бақты. Бұл туралы Ш. Уәлиханов кіші жүз қазақтарының әрбір ауылында бір татар молда болғандығын жазса, бұған наразы болған қазақтардың ахуалын Бұхар жырау: «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа, Бес уақыт, бес намаз, Біреуі қаза қалмасқа… Жер қайысқан қол келіп, Содан сасып тұрмасқа, … Сол заманың келгенде, Ата-бабаң қол берген, Қожаларды қас көрер, Ноғайларды ғалым деп, Әулиедей көресің…» – деп білдірген. Қазақтар Қоқан, Хиуа дінбасылары тарапынан да «діни сауатсыз», кейде «мушриктер» ретінде танылды.

Сонымен ХІ ғасырдан бері Түркістанда саяси, әлеуметтік және мәдени тіршіліктің маңызды ажырамас бөлігіне айналған, кезінде ислам халифаты тарихында алғаш рет Шығыста Қарақытайлар, Батыста Крест жорығы тарапынан экспанция қыспағында қалғанда, исламның, иманның қорғаушысы, мемлекеттің тірегі, халық мұсылмандығының ұйытқысы болған суфизм, ең маңызды функциясын жоғалтып, бастапқы мәнінен айрылады. Н. Нұртазинаның да «Мұсылман әлемінде қалай суфизм әлсіреді, солай фанатизм, дүмшелік, мәдени тоқырау күшейе бастады. Біздің Батыс мәдениетінен жеңілуіміздің бір себебі де осында»- деп тұжырымдауы өте орынды. Әубәкір Кердері де қазақтар арасындағы сопылықтың құлдырауын: «Қор болған екіншіде сопы жолы, Бұл жолды ұстаушы еді ердің зоры, Сопылық Қап тауынан биік еді, Теп-тегіс жетіп кетті жұрттың қолы, Әліптің атын білмес надан сопы, Қорқамын бола ма деп діннің соры» – деп, сопылық психотехникалық жолдың ең басты талаптарынан қалай алыстағандығын, мұның дін үшін өте қауіпті екендігін өзінше түсіндіреді.
Жалпы Орта Азия мен Қазақстанда Қазақ хандығының құлдырауымен бірге йасауийа тариқатының да ықпалы азая бастады. Отаршылық тұсында қазақ елі берекесіздікке ұшырап, йасауийа ұстанымы аяқ асты болды. Ұлттық бірлік ыдырап, Құран ұстыны мен дін өкілдері арасында үйлесімділік әбден алшақтап, діни тіршілік өз динамизмін жоғалтты. Осы хәл-ахуалдан жерінген көкірегі ояу ақындарымыз халықты милләт (діни) негізіне оралуға үндеді. В. Радлов бұл үндеулерді «Зар заман» мен «заман ақыр» туралы дидактикалық қолтума дүниелер деп қарайды. Зар заман ақындары немесе В. Радловтың анықтағанындай «дала қазақтарының моллалары» қоғамның құлдырау себептерін, олардың саяси-әлеуметтік және доктриналық негіздерін ғибрат өлеңдерінде, толғау-үндеулерінде көрсете білді.
Отарлық мақсат. Орыс отарлаушылары да жоғарыдағы ұстанымдар негізінде жаңа жерлерді иемдену (экспанциялау), сөйтіп оның жер асты қазба байлықтарын иемдену, жоғары соғыс техникасына қол жеткізуді мақсат етті. Олар бұл мақсатын басқа империалистік мемлекеттерден озық тұрудың стратегиясы ретінде түсіндірді. Осы бағытта Ресей де миссионерлік-тыңшылық топтары, этнографиялық географиялық қоғамдары, шығыстану орталықтары негізінде Түркістанды (Орта Азияны) алдын ала зерттеп үлгерген болатын.

2

Айқожан ишан мешітінде «Туған  жерге тағзым» кино түсірілім сәті

Ресей 1855 жылғы Қырым соғысында Осман империясына және Батыстық одақтастарынан жеңілгеннен соң ХІХ ғасырдың екінші жартысында Орта Азияға бет бұрады. Орыстар Европа, Балқан, Таяу Шығысқа қарай Ақтеңізге барар жолда Батыс мемлекеттерінің кедергі екендігін көріп, Оңтүстік және Батыс бағытын тастап Шығыстан Тынық мұхитына шығуды мақсат етеді. Бірақ ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында-ақ орыстар қазақ даласына ішкерілеп кірген болатын. Яғни, орыс отаршылдығы Абылай тұсында да өрістеп, етек ала бастаған. Бүкіл Орта Азия (1847-1881) бас-аяғы 34 жыл ішінде орыс отарына айналады. «Бөліп ал да билей бер» ұстанымымен әрекет еткен отарлаушылар Орта Азия хандықтары арасын, бір халық, бір мәдениетті бөлу ісінде әбден машықтанып алды. Ресей, Иранның да көмегімен Түркістанды (Орта Азияны) өзара діни арандатушылыққа итермелеп, «дар-ул-Ислам» яғни, исламның рухани-саяси бірлігінен ажыратып тынды.
Патша өкіметі алдымен қазақтың хандық құрылысын жойып, қазақ даласын бірнеше округтерге бөліп жіберді. Орнына генерал-губернаторлық, облыстық, уездік билік жүйесін құрады. Дәстүрлі қазақтың шариғат-билер институтын жойып, сот, прокуратура, полиция жүйелері құрады. Онымен де қоймай қазақты жайылымдық жерінен қуып шығады. Қасақана жайылымдық жерлерді өртеп, әскери бекініс, қамалдар салады. Даладан өз базары мен жәрмеңкелерінің ашылуы да орыс ықпалын әбден күшейте түсті. Осылайша отарлаушылар қазақтарды отанынан айырып, бейбіт өмір сүруден қалдырып, тонаудан көзін аштырмай, өз жерінде құлдыққа түсіріп, егемендігі мен елдігінен жұрдай қылған еді… Міне осындай күй кешкен қазақ хәлінен жерінгенімен, өзінен, заманнан қаша алмайтын еді.
Қазақ мемлекеттілігінің екі саяси ұстыны «төрелер» мен «қожалар» институты да Батыс экспанциясына төтеп бере алмайтын шарасыз жағдайға жетті. Отарлық қамытты еріксіз мойындау мен еркіндікке, саяси мемлекеттілікті сақтауға деген екі психологиялық күйзеліс қазақтардың зар заман уақыты екендігі тарихтан белгілі.
Осындай кезеңде Айқожа ишан Сыр бойында үш жүздің пірі ретінде қандай қызмет атқарды? Сол дәуірдегі жалпы діни рухани ахуал туралы зерттеулер болашақтың еншісінде екендігі белгілі. Дегенмен қолда бар материалдар негізінде Айқожа Ишан туралы болашаққа бірер сөз айтуды жөн көрдік.

4

Айқожа ишан ұрпақтары

Жалпы қазақ топырағындағы діни тәжірибе тарихы ол қазақтың мемлекеттілігі мен елдігінің де тарихы. ХҮІІІ-ХІХ ғғ бедеріндегі ең атақты тұлғалардың тарихы да әлі толық қолға алынбай келеді. Сондай тарихи тұлғаның бірі Айқожа Ишан. Айқожа Ишан тұлғасына қатысты оның кеңістігі мен уақыты туралы мағлұматтар қазақ хандығының Ресей мен Жоңғар қысымынан тұралап, отаршылдыққа бет түзеген тұсы. Дегенмен кешегі кеңестік тарихшылық зерттеулерінен діни тұлғалар, имам молдалар, қожа ишандар, сопы дәруіштер шет қалды. Енді егемендік алғалы бері тарихшылығымыздың да бағыты мен бағдары ұстанымдық тұрғыдан өзгеріп келе жатқаны рас. Қазақ мемлекеттілігі болмысындағы екі негізгі институт ол «төрелер мен қожалар» институты екендігі рас. Бұл тақырып та әлі күнге ғылыми зерттеулер аспектісіне айнала қойған жоқ. Бірақ елдегі қоғамдық институттар арқылы ара кідік осы тақырыптарға деген сұраныстың көтеріліп келе жатқандығын байқаймыз. Сондай өгей қалған тақырыптардың бірі Айқожа Ишанның қазақ даласындағы дін исламның білім беру жүйесіндегі орны мен рөлі. Енді Айқожа Ишан туралы тарихи деректер мен қол жазбалар жоқтың қасы. Көбісі мағлұматтар ел аузынан алынған әңгімелер мен естеліктерден тұратын жартылай аңызға негізделген мәліметтер. Аңыз түбі ақиқат. Енді сол аңыздарды діни антропологиялық қалыптармен тұжырымдап көрейік. Айқожа қазақ даласындағы жоғарыда айтып кеткен «қожалар әулетінен, институтынан». Оның туған жылы мен өлген жылы белгілі. Ол 1773 жылы қазіргі Жаңақорған өңірінде дүниеге келеді. Бірақ діни тәжірибеде көп қолданылатын «бір әулиенің туу» кезіндегі айрықша оқиғалар немес ахуалдар жайлы аңыз шаблондары кездеспейді. Негізі мифтік немес аңыздық тұрғыдан да бір әулие тұлғаның дүние есігін ашардағы тарихи ізі болу керек еді. Салыстырмалы дін феноменологиясы пәнінде осындай айрықша туылу құбылысы міндетті түрде қалыпты діни санада сақталуы тиіс болатын. Енді аңыздарда да оның өсіп ер жетуі, білім алуы, өзін қоғамда танытуы кезеңіне қатысты да сол кеңістікке, жер атауына қатысты мағлұмат жоқ. Кеңістік бар, бірақ ол Ташкент, Бұқара және Ауғанстанмен шектеледі. Діни антропологиялық шаблондарда ондай тұлға алдымен өзінің туған жерінде білім алып, тәрбиленіп, өзін жетілдіруді бағдарлайтын мақсатты бір жүйе немесе саяси құрылым туралы ақпар қалдыруы тиіс еді. Неге екендігі белгісіз, Сыр бойындағы тарихи, рухани діни орталықтардың ешбірінің Айқожа Ишан аңыздарында деректік те дәйектік те нышаны кездеспейді. Осы қабаттар белгісіз. Енді оның басқа кеңістіктен білім алуы туралы деректер Ташкент шахарына баруы, онда медреседен тәлім алуы, одан әрі Ауған асып «Ислам Шайхтан» шатырхат (хат-и иршад) алуы, ол кеңістікте «төрт жылдық тариқат риязатынг алып» пірге қол беруі, қасында Сырға әйгілі Құлболды, Марал, Қосым ишандардың да болуы сияқты мағлұматтар кездестіреміз. Содан бұл ишандардың Тереңөзек, Қармақшы, Қазалы, Жаңақорған топырақтарына қайта оралуы туралы мағлұмат аламыз. Осы жерде тарихшылар үшін бір маңызды құбылысты анықтау мәселесі тұр. Ол қазақ даласындағы діни білім беру орталықтарының траекториясы. Екіншіден саяси орталықтар мен діни қабаттың байланыстары. Мысалы Ауғанстаннан білім алған ишандардың Сыр бойына келіп ишан атанап, «хат иршад» арқылы діни білім беру үдерісінің артындағы саяси жүйе туралы да зерттелуі тиіс. Қазақ хандығы мен «Солтүстік Түркістан» арасындағы байланыстың мәні ашылуы тиіс. Сонымен қатар «Нақшбандия тариқаты мен Иасауиа арасы, қазақ хандығындағы «қожалар институтының» да «әулетаралық, аталараралық және саяси генеологиялық» қабаттарын да аша түскеніміз абзал.

Жаңақорған. Айқожа ишанның ұлдары

Ыбрайым-Мамырайым шайықтардың мазарында

3

Енді тариқат жолына түскен Айқожаның «табалдырық құбылысы» аңыздарда көп кездеседі. Бұл оның тариқаттағы дәрежесін де көрсетеді. Бұл жалпы тариқат-сопылық жолдағы типтік құбылыс барлық әулиелер үшін ортақ жағдай. Оның «даруни, яғни сыр ілімде белгілі мәртебеге қол жеткізгендігінің дәлелі. Бұл діни феноменологиялық құбылыстың бүгінгі көріпкелдік және тәуіптікпен еш қатысы жоқ. Бұл тариқаттағы кемелдік жолдағы сопының рухани дәрежесін көрсететін «уруж» мақамының анықтамасы.
Енді «Қарасопы» деген жерде мектеп, медресе ашып діни білім берумен айналысады. Осы жерде «Көкен батыр», «Ақтас» және «Айқожа Ишан бұлағы» деген уақыттық және кеңістіктік ойлау категориясына кезігеміз. Осы әңгімеде «қырық үйін алып көшу» және «аса таяқ» құбылыстары бұлар сопылық ойлау жүйесіндегі аңыз тіліндегі мақамдар мен хылдерден хабар береді. Осы жерде тарихқа белгісіз болып отырған екі діни немесе саяси орталық ол «Қарасопы мен Ақтас әулие» меніңше бұлар ел аузында қалған бірақ, тарихи санада болғанмен, тарихи танымға енбеген ақиқат сияқты көрінеді. Ол Айқожа Ишанның өзіне дейінгі діни тұлғалармен аты шыққан кеңістіктер туралы болмақ. «Қарасопы да әулие кісі болған. Айқожа ишан Қарасопыны көзінің тірісінде Қаражан деп атаған» деген мәліметке қарағанда, Айқожа алдымен діни тәжірибе мен қажетті білімді осы топырақта, Қарасопыдан алған болуы ықтимал. Демек Айқожа тақыр жерден шықпаған, оның алдында да бұл жерде осы тариқат жолы, сопылықтың туы орнаған саяси діни орталықтар болған. Олар Қарасопы мен Ақтас әулиенің арасындағы Айқожа Ишан тұлғасымен ұмытылған: «Айқожа ишан 1857 жылы ( қазіргі «Бесарық стансасы» маңындағы «Сарықамыс» деген жерде дүние салады. Мәйітін Ақтас әулиенің қасына әкеліп жерлейді». Бұл жерде Айқожа Ишанның басына салынған мешіт-кесене «Айқожа Ишан» кесенесі деп аталуы керек еді. Неліктен «Ақтас мешіті» деп аталды? Мүмкін бұл кешегі кеңестік зобалаң идеологияның «қожа» құбылысын санадан өшірудің бір кесірі ме екен?
Айқожа туралы аңыздарда тарихи сана жаңғырып тұр, бірақ осы қабаттар тарихи танымға сеп болуы тиіс. Мысалы қожалар институтына тән бектер, садырлар, накиптер, абдаллар туралы мәлімет «Ташкенттегі бектің үйіне» қатысты. Демек Айқожа Ташкент бегінің үйіне соғуы оынң иерархиялық, дәстүрлі жолдың болғандығын көрсететін белгі. Құдандалы қыз алып, қыз беру жағы тағы бар. Бір емес екі рет бектер үйіне арнайы оралып, оның қызына үйленуі кездейсоқтық емес, ол Сыр мен Ташкент қожалары арасындағы байланыстың да іздерінен хабар береді. Сонымен қатар «Айқожа ишанның асына Бұхарадан 40 ғұлама, алым қары кісілер мен бектер келіп қатысуы» да Айқожа ишанның тұлғалығымен қоса белгілі бір жүйеге қызмет еткендігінің дәлелі болса керек.
Аңыздарда «Айқожа ишанды Төрежан, Бекпенбет, Байжан, Тайжан ахундар пір тұтып, уағыздарын орта жүз халқына таратып отырған» деген мәлімет кездеседі. Бұл жерде ахунд құбылысы алдымызға шығады. Бұл негізінен сол кездегі Сыр хылқының Қоқан саяси жүйесінен орын алғандығынан хабар беруі ықтимал. Тарихта расында Сыр бойы, Қаратау өңірі Қоқан хандық жүйесіне де қараған. Осы тұсы арқылы тарихи танымдық «кетіктер» Айқожа Ишан тұлғасымен салыстырыла зерттелуі тиіс.
Сосын сопылық тариқаттағы пір-муршид-мурид қатынасының қазақ даласындағы ерекшеліктерін де осы Айқожа Ишан тұлғасымен сабақтастыра тұжырымдауға болады. Себебі ел аузында Айқожа Ишанның «Алты-Ата Қоңыратқа» пір болғандығы айтылады. Рас әрбір жүздің, әрбір рудың өз пірі болған. Бұл қазақ даласындағы діни иерархиялық жүйе болатын. Жалпы қазақ саяси тәжірибесі мен санасында «көшудің» кәсіпке, саясатқа және болмысқа қатысты мақсаттары бар. Кәсіпке қатыстысы ол жайлау мен қыстауға не күзеуге көшуі. Саясатқа қатыстысы ол соғыс жағдайындағы көшу. Ал болмысқа қатысты көшуі ол қожалар мен рулары арасындағы қатынасқа байланысты. Кезінде Бұхар жыраудың «Керей қайда барасың» деген толғауы керейдің «қожасы мен төресінің» болмауы себепті қысым көргендігінен туындаған. Мына жерде де Айқожа Ишанның Көкен батырға ренжіп көшуі құбылысының жан жақты мағыналары болуы ықтимал. «Сенің ишаның – пірің көшіп барады». «Пірдің көшуі» қазақтық саяси болмыстан да шығып қалуды білдіреді. Сондықтан «қазақ рулары мен қожа тұтастығы» ол қазақ болмысының тұтастығы деген сөз.
Тарихилыққа қатысты тағы бір назар аудартар тұсы, «Ақтас мешітін, Айқожа Ишан дүниеден өткеннен соң 25 жылдан кейін 1882-1884 жылдары өзінің немересі Атамағзұм салдырады. Айқожа кесенесін Бұхаралық Хамит деген ұста салыпты. Күмбезі шаршы пішіндес, ауданы 9 х 9 м, биіктігі 8 м, күйдірілген кірпіштен қаланған. Қабырғасы ою-өрнекпен көмкерілген. Күмбезде жарық түсетін 4 терезе салынған. Іргетасының биіктігі – 4 метр құрайды. Медресенің жанында арнайы хужра болған екен. Аққорғандық қожа Тасжан бай мешіт қаражатын көтереді. Муридтері де кесек құйып қызмет етеді». Бұл жерде де тарихи сана бар, бірақ тарихи танымдық дерек еш жерде тіркелмеген, ғылыми айналымда кездеспейді. Бұл да өз алдына зерттелетін мәселе.
Ақтас мешіт-медресе тарихы да өз алдын бір тың тақырып. Ондағы Абдірасул дамулла, Айтжан дамулла (Әбубакір қарының әкесі), Мұхамеджан дамулла (атақты Қалтай Мұхамеджановтың әкесі) сияқты ғұламалар дәріс бергендігі айтылады. Демек Ақтас-Айқожа Ишанның қазақ діни білім беру тарихындағы орны ғылыми тұрғыдан зерттелуі тиіс тақырып. Хат-и Иршадтағы мәлеметтерге қарағанда Айқоша Ишан нақшбандия тариқатының Сыр бойындағы өкілі. Нақшбандия тариқатының қазақ даласындағы тарихы да осы тұста Айқожа Ишан тұлғасымен (Ислам шайх, Мұхаммад Хафизи тармағы), Арқадағы тариқат тармақтарымен қоса зерттелуді қажет етеді.
Сыр бойы түркі ислам өркениетінің бесігі. Бірақ ол туралы тарихи ғылыми, діни және өркениеттік бастаулар туралы танымымыз сана деңгейінде қалып отыр. Қазақтың тарихында қожалар мен төрелер институты туралы тарихи санамыз айтқанмен, деректеріміздің танымымызға үлес қосуы өте әлсіз. Осы тұста Айқожа ишан тұлғасымен қатысты Хан Абылай мен Кенесары туралы мәлеметтер де еміс еміс тарихи сананың іздерін өзінде жасырып жатқаны ақиқат. Себебі Абылай хан 1781 жылы дүниеден өткенде, Айқожа Ишан сегіз жаста екен. Аңыздарда Айқожа Ишанға Абылай Ханның өзі бата бергендігі айтылады. Бұл негізінде Төрелер мен қожалар қатынасында қалыпты феномен. Енді осы бағытта зерттеулерді қалыптастыру қажет.
Айқожа ишан діни ұстаз ғана емес, ол елдің көсемі, данышпаны, пірі болғандығын аңыздардағы «Қаратаудан керіз қаздыру, су шығарып егін егу, медресе-мешіт салып, білім беру, саяси қайтаркерлігі мен діндарлығы қатар сомдалған тарихи тұлға екендігін көреміз.

ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ.
Теология және философия ғылымдарының докторы

 

Сондай-ақ, оқыңыз

«Әкең – сүдір, сен – орақ, Мәмедәлі Содан-ақ көрмейсің бе кемдігіңді»

2007 жылы жарық көрген «Мәделіқожа» кітабында батырдың бұрын талай мәрте жарияланған 12 шумақтан тұратын Майлықожа …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған