Мақсұт Ишан
Мақсұт Әлиакбарұлы – Мақсұт ишан деген атпен танымал болған екен. (1873-1938).
Тасбөгет қыстағының оңтүстік шығысында (Бөрібай бөгетіне жақын) Сырдарияның жағасында қиратылған үйдің үйіндісі жатыр. Бұл жерде 1928 жылға дейін бала оқытатын үзірі, қонақ жайы бар Мақсұт ишан мешіті болғанын ұрпақтар біле бермейді. Қазіргі Тасбөгет қалашығы тұрған жерде «Сабалақ» болысы болған. Үш жүздің баласының басын қосып, тұрмыс кешкен жерде ел жақсылары жиналып 1885 жылы ортадан мешіт салуды ұйғарып, 1890 жылдың жазында атақты ұста Тоқа бастаған шеберлер бітіріп шығады. Мешіт құрылысы аяқталуға жақындағанда парасаты мен білімі жоғары, елді имандыққа үйіре білетін беделді адамды іздейді. Атағы сыр бойына машһүр болған Мақтұмсеит ұрпақтары қазіргі Тереңөзек, Жалағаш аудандарында мешіт ұстап, медреседе шәкір оқытып отырған екен. Таңдау осы әулетке түседі. Ол Мақтұмсеиттің сегізінші ұрпағы Әлиакпарұлы Мақсұт Ишан еді. Мақсұт ишан 1873 жылы Тереңөзек ауданының Аламесек елді мекенінде дүниеге келген. Он екі жасына дейін ауыл молдасында сауатын ашып, Бұхара медресесін бітіреді. «Сабалақ» болысының билері, «Қатыкөл» жағасындағы мешітке имам болуға шақырғанда небәрі 20 жасында екен. Көнекөз қариялардың айтуынша Мақсұт ишан мешітке 40 жыл имам болыпты. 1928 жылдары елде жаппай мешітті жабу жөнінде үкімет қаулысы шығып, ғимараттарды өкімет меншігіне өткізгеннен кейін де жасырын түрде жұма намазына жиналған екен. Мақсұт ишан өзінің адамгершілігі, терең білімі мен шығыс мәдениетінің білгірі ретінде халыққа сыйлы, құрметті болған адам. Кейін мешіт сол кісінің атымен аталып кетеді. 1938 жылы қыс айында дүниеден өткен ишанның жаназасын шығартпаймыз деп комсомолдар мүрдеге күзет қойыпты. Ауыл қариялары таң атуға жақындағанда Ишанның жаназасын шығарып, табытты түйеге артып, «Қожжанқожа қорымына» апарып жерлейді. Басына белгі қоюға үкіметтен қорқады. Сөйтіп, бейіт елеусіз қала беріп, тек 1994 жылы ғана шөберелері әдейі арнап ишанның басына белгі қойыпты.
Құрбан қожа СМАҒҰЛҰЛЫ