Ғылыми еңбектері Орталық Азия аумағынан асып шетелдік шығыстанушыларға кеңінен танымал болған Әшірбек Муминовты 65 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып оған зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасына амандық және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін.
МЕРЕЙТОЙ ИЕСІ – ӘШІРБЕК ҚҰРБАНҰЛЫ МУМИНОВ
Әшекеңмен таныс болғаныма ширек ғасыр өтіпті. Бұл кез ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басы болатын. Мерейтой иесі Қазақстанға келіп, сол кезде жаңадан құрылын жатқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұстаздық етті, шәкірт тәрбиеледі, жергілікті зиялылармен, ғалымдармен қоян-қолтық араласты. Осылай Түркістандағы университеттің қалыптасуына, оның ғылым ордасы болып орнығуына өзіндік үлесін қосты.
Сол кезде-ақ Әшекең жүргізген ғылыми-зерттеушілік жұмыстар әдеттегі бағыттан бөлек жаңаша сипатта болды. Ол кеңестік кезеңде жабық тақырып болған және дерек ретінде мүлде еленбей жүрген жергілікті халықтың төл тумасы – киелі шежірелерді зерттеуді қолға алды. Осы бағыттағы жұмыстардың бір көрінісі деп Ә.Қ.Муминовтың З.Жандарбекпен бірге дайындаған алғашқы кітабын – Сафи ад-Дин Орын Кoйлаки. Насаб-наманы (Түркістан: Мұра, 1992. – 43 б.) айтар едім. Бұл сонау VІІІ ғасырдан бастап ХІІІ ғасырдың ортасына дейінгі оқиғалар қамтылған байырғы шежіре. Тарихи деректе араб әскерлерінің басшысы Ысхақбабтың VІІІ ғасырдағы дін үшін соғысы, мұсылмандықтың қазақ жеріне алғаш тарау барысы баян етіледі. Бұрын араб тілінде жазылған шежірені ХІІІ ғасырда түркі тіліне аударып жазған Қожа Ахмет Ясауидің туысқаны Сафи ад-дин Орын Қойлақы болды.
Кітаптың Қазақстанның ертеортағасырдағы тарихы үшін, ортағасырлық археологиясы үшін аса құнды еңбек болып табылатынын жеке мақала жазып уақытында білдіргенмін (Ходжаев М. Новый источник по средневековой истории Центральной Азии // Известия Национальной Академии наук Республики Казахстан. Серия общественных наук. – 1995, № 4, с. 101).
Кітаптың тағы бір айта кететін артықшылығы оның ана тілімізде жазылғаны және ортағасырлық деректің ғылыми талаптарға сай басылуында болды. Ә.Муминовтың З.Жандарбекпен дайындаған басылымында Сафи ад-Дин Орын Кoйлаки насабнама қолжазбасының факсимилесі, транскрипциясы және кітап соңында адам есімдері, жер су аттары, терминдер мәтінінің қай бетте екені жазылып жасалған көрсеткіштердің болуымен ерекшеленді. Менің пайымдауымша, мұндай жүйе қазақ тілінде жазылған ғылыми кітаптарда бұрын соңды кездеспеген және қазірдің өзінде сирек кездеседі.
Кейін Әшекең Сафи ад-дин Орын Қойлақы нұсқасымен шектелмей насабнамалардың барлық варианттарын, нұсқаларын қамтып беру бағытында үлкен жұмыс жүргізді. Зерттеу енді халықаралық деңгейге көтеріліп қазақ-ортаазиялық ғалымдармен қатар америкалық шығыстанушыны Девин ДиУисті тартып орыс-ағылшын тілдерінде екі жуан томнан тұратын еңбек болып басылды. Осылай Қазақстан жерінде жазылған шежірелер әлемдік деңгейдегі ғылыми айналымға еніп таныла бастады.
Әшекеңнің зерттеулерінде Қазақстан жеріндегі көптеген сакральды орындар туралы мағлұматтар кездеседі. Олар туралы жазба деректердегі мәліметтерді тауып қоюмен қатар зерттеуші өзі сол жерлерде болып көзімен көріп танысу керек-ті. 2012 жылдың қыркүйек айының басында Әшекең, белгілі шежіре танушы Сейітомар Саттаров және осы жолдар авторымен Түркістан қаласынан Қызылорда облысындағы Хоросан атаға аттанып жол жөнекей киелі орындарды аралап шыққанымыз есімде. Сапар барысында оншақты кесенелерді аралап таныстық.
Сафи ад-дин Орын Қойлақы жатқан мазаратқа бардық, оның үстіндегі құлпытасын көрдік. Тастың үстіңгі бөлігінде ойып салынған жазулар бар екен. Хорасан атадағы шырақшылар қолындағы туды да көру сәті туды. Әшекең бұл сирек дүниелердің беттеріне түскен жазуларды оп оңай ажыратып аударып отырды. Маман бұлардың қоқандықтар үстем еткен дәуірдің туындылары екенін ажыратып берді. Шырақшылар да, зияратшылар да көне жазуды оқи алатын Әшекеңе дән риза болып ілтипатын білдіріп жатты. Сол мезетте Хорасан атадағы көпшілікке көрсетіле бермейтін тумен танысу сәтін фотоаппаратқа түсіріп алған едім.
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи ғимараты Орталық Азия аумағындағы ең бір ғажайып құрылыстардың бірі және бірегейі, ол қазір «ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне» енген санаулы ескерткіштердің бірі, Қазақ Елінің брэнді былайша айтқанда. Әшекең Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты төрт рет басылған түрлі түсті альбомның құрастырушыларының бірі, көне құрылыстың қабырғаларындағы жазбалардың зерттеушісі. Ғалым тек зәулім ғимараттың эпиграфикасына ғана аударма жасаумен шектелмей (кейбірі сол еңбекте алғаш тәржімаланды) оны жан -жақты саралады. Осымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталып келген қазір Алматыдағы Ұлттық кітапханада тұрған көне қолжазбаларды зерттей отырып олар туралы мәліметтер қосуы басылымның ғылыми-танымдық жағын күшейте түсті. Альбомда Лувр музейінде сақтаулы тұрған кесене шырағданының суреті берілген. Бұл суреттің Әшекеңнің көмегімен Франциядағы шығыстанушылар арқылы алынып алғаш рет осы басылымда жариялағанын көпшілік біле бермейді. Осы альбом құрастыру жұмысына Әшекең мені де шақырып кітаптағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы анықтаманы жазып беріп біз көркем жәдігерді көпшілікке жаңаша қырынан танытудағы ортақ іске араласқанымды мақтан тұтамын.
Ә.К. Муминовтың Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық университетінде жұмыс жасай жүріп Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты тағы бір үлкен жұмыс атқарғанын айтпай кетуге болмайды. Бұл Ә.К. Муминов, Б.Е. Көмеков, У.А. Сұлтанов, В.К. Шуховцов, Д.Т. Кенжетаев, А.С. Кабылов, У.А.Өтепбергенова, А.А. Айбасов атты авторлардың дайындап шығарған «Исторические документы мавзолея Ходжа Ахмада Йасави» атты монографиялық зерттеуі. Кітап Астана қаласында 2017 жылы жарық көрді. Әшекең бастаған зерттеушілер Алматы, Түркістан, Ташкент және Санкт-Петербург қалаларында сақтаулы тұрған Қожа Ахмет Ясауи ханакасына байланысты құжаттарға іздеу салып, оларды тауып, зерттеп, жүйелеп ғылыми айналымға енгізді. Бұлардың барлығы дерлік Ресей империясы Орта Азияны басып алмай тұрғанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде немесе Түркістан қаласындағы әулие орындармен байланысты отбасылар қолында сақталып келген құжаттар екен.
Ғылыми айналымға енгізілген тарихи құжаттар ішінде билеушілердің атынан шыққан жарлықтар, әсіресе, қазақ хандарының жарлықтарының көшірмелері болуы зиялы қауымды қатты қызықтырғаны анық. Кітапта қазақ хандарының төрт жарлығы араб графикасымен берілген. Жарлықтарды шығарған қазақтың екі ханы – Тәуекел Шығайұлы мен Тұрсын Мұхаммед. Оның бірі Әбілғазы Мұхаммед Тәуекел баһадүрханның Ташкент қаласында дайындалған һижра бойынша 1006 жылдың құрбан айында, яғни 1598 жылдың тамыз айында Қожа Ахмет Ясауи мазарының мутаваллиі етіп тағайындалуы туралы жарлығы. Ал Әбілғазы Сұлтан Тұрсын Мұхаммед баһадүрханның һижра бойынша 1033 ж. сапар айында, яғни 1623 ж. қараша-желтоқсан айында шығарған жарлықта екі адамның біреуін шайх ал-ислам етіп, ал екінші адамды Қожа Ахмет Ясауи мазарының мутаваллиі етіп тағайындауы туралы айтылады. Ә.К. Муминов басшылық еткен «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи құжаттары» атты монографиялық зерттеу Қазақстан мен Орталық Азия тарихының ортағасырлық және жаңа заман кезеңдерін танушы әр түрлі маман иелеріне берері мол ғылыми еңбек.
Әшекеңнің күллі Орталық Азия аумағындағы тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізудегі жұмыстары өз алдына бір төбе. Ол «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Қазақстан тарихына қатысты араб деректері деген көп томдық шығарылым авторларының бірі. Атақты саяхатшы Ибн Баттутаның жолсапарының Ташкентте басылған кітабының редакторы А.Қ.Муминов екенін де мақтанышпен айтуға болады. Мерейтой иесінің деректану, эпиграфика, тарих салаларындағы еңбектерін бір мақалада тізіп беру мүмкін емес.
Әшекең қазақ, ағылшын, француз, неміс, орыс, жапон тілдерінде жарық көрген 30 шақты кітаптың, 200-ден аса ғылыми мақалалардың, 190-нан аса конференция материалдарында жарияланған баяндамалардың авторы. Әшекеңнің араб, ағылшын, өзбек, түрік, неміс, француз, парсы тілдерін меңгергенінің өзі не тұрады. Тек шетелдік он бестен астам ғылыми гранттың («Александер-фон-Хумбольд» қоры, Германия, 1999-2001 жж.; Франциядағы Сорбонна университетінің шақыртылған профессоры, 1997-2002 жж.;
Фулбрайт қоры, АҚШ, 2011-2012 жж.; Коч университеті, Түркия, 2012-2013 жж., т.б.) иегері болған ғалым. Мұның барлығын мерейтой иесінің туа біткен қабілетінің, тынымсыз ізденісінің, қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін.