Әзәзілдің жаралғаны, Бесінші фасыл
Жаралды Жәбілис атты біреу сонда,
Суреті ұқсар еді арсыланға.
Қасқырдың суретіндей қатыны бар,
Лақапта ат қойылған Тәблис аңа.
Бұлардан пайда болған ұғылы оның,
Айтар ед «Ібіліс» деп есімдерін.
Атасы «ақылдым» деп айтып еді,
Болған соң пейілі жаман, тіпті залым.
Араз боп атасымен шығып кетті,
Сахарада жалғыз өзі отан етті.
Аллаға күні-түні тағат[1] қылып,
Ғибадат, құлшылығы һадден өтті.
Аллаға жан-ділімен қылды тағат,
Намазды оқыр еді көп қабағат.
Жеті ықылым жер үстінде мұнан бұрын
Ешкімде болмап еді бұл ибадат[2].
Періште, мәләйіктер мұны көріп,
Артықша сүйер еді зауқы[3] келіп.
«Аспанға бұл пендеңді шығарсаң» деп,
Аллаға дуа қылды қол көтеріп.
Тілегін Жаппар Құда қабыл көрді,
Жоғары шығуына рұқсат берді.
Бергі аспан періштесі жерін беріп,
Ібілісті ізетпен алып келді.
Онда һәм һадден артық қылды намаз,
Екінші аспан халқы алдылар баз.
Алланың дәргаһына тағат қылып,
Тынбайын һамду сана қылды ағаз[4].
Үшінші аспан халқы сұрап алды,
Сәждеге ол жерде һәм басын салды.
Алқисса, осы түрлі тәртіппенен
Үстіне жеті аспанның алып барды.
Онан һәм Ризуан мәлек алды және,
Сәйір етті сегіз бейіш бәрін һәмма.
Басына аршы-ағланың отырғызды,
Жақұттан даяр етіп мінбер аңа.
Онан соң «Әзәзіл» деп атын қойды,
Киілген баста тәжі – нұрдан болды.
Ғаршыда мәләйіктің барлығына
Дәріс айтып үйретеді тура жолды.
Қанша жыл тәлім беріп періштеге,
Әміріне бағынды-лар бәрі һәмма.
Дүниеде өлмей қаман бәйіл жандар,
Көбейіп күнә қылып кетті және.
Аллаға айтты Әзәзіл арыз етіп,
Бәнилжан күпірлігі кетті өтіп.
«Е, Алла, бармағыма етсең рұқсат,
Оларға жол көрсетер ем, дін үйретіп».
Бармаққа рұқсат етті Жаппар Алла,
Бір груһ[5] мәлек қосып берді аңа.
Әзәзіл періштемен жерге түсіп,
Алланың әмірін айтты Бәнилжанға.
Аз адам дінге кірді тілін алып,
Кеңесті өзгесіне ақыл салып.
Оларға Әзәзілдің сөзін айтты,
Тәблиске Саһлуыт атты біреу барып.
Олардың кәпірлігі қадден өтіп,
Саһлуытты өлтірді-ләр шаһит етіп.
Артынан тағы бірін жіберді-ләр,
«Саһлуыт тоқталды деп әлде нетіп?»
Өлімге ол да барып болды-лар кез,
Әлқисса, бірнешеуін жіберді тез.
Баршасы шаһит болып өліп кетті,
Тимеді Әзәзілге хабар әркез.
Бәз біреу Жүсіп атты ибн Ясып,
Барды-лар елшілікке қадам басып.
Оны да өлтірмекке ой қылысады,
Бәнилжан күпірлігі һадден асып.
Бұл Ясып дана еді, көп айлакер,
Қолынан оның қашып құтылды-лар.
Ілгері Бәнилжанның қылғандарын
Барлығын Әзәзілге қылды ызбар.
Есітіп Әзәзілдің қаһары келіп,
Алладан рұқсат сұрады көп тіленіп.
Мәләйіктер Бәнилжанға ғазат етті,
Бір Құда ұрыспаққа рұқсат беріп.
Олардың періштелер бәрін қырды,
Базысы тау-тастарға қашып кірді.
Бәнилжан бәрһам[6] болып біткеннен соң,
Жерді һәм Әзәзілге бағындырды.
Баз уақыт үкім етер ед көкте тұрып,
Базы да сегіз бейіш бостандарын,
Жүрер еді тамаша етіп, сәйір қылып.
Аспан-жер маһкумында һәрне бәрін,
Өзіне бергеннен соң хүкімін оның.
Кеуіліне тәкапарлық пікір түсіп,
Айырды бұл ойларға кеуілдерін.
Ойлады «осы хүкімін алып, Алла,
Егерде берер болса, басқа жанға.
Әміріне мен бағынып, мойынсынып,
Еш уақта бағынбаспын әркез аңа!
Ешкім жоқ бұл уақытында маған теңлес,
Дәреже, мәнсабы да ортақ емес.
Дүние де ғибадат та, һәм амал да,
Менімен еш бірісі бірдей келмес».
Осындай қиял етіп, ойлар еді,
Маһбузда періштелер бір қат көрді.
Азапқа лайық болар жақында енді,
Мазмұны мұхарраптан бір періште.
Мәләйіктер мұны көріп қайғыланып,
Арыз етіп Әзәзілге айтты барып:
«Алладан тіленіңіз бізді дейді,
Пәледен құтылайық аман қалып».
Әзізіл оларға айтты: «Тыңдаңыз, сіз,
Ол іске ұшырамаймыз сіз бенен біз.
Ілгері оны мен һәм көрген едім,
Ешкімге айтпап едім мұны һәр кез».
Мәләйіктер арыз етіп айтты және:
«Бір мәрте дуа қылсаң, бұл күн маңа».
Әзәзіл қол көтерді дуа қылып,
«Сақта, – деп, – бұл пәледен бәрін һәмма».
Айтпады «Сақтағын» деп өзіні һәм,
Бұл істен келтірмеді көңіліне ғам[7].
Жәннаттың көзі түсті алқасына,
Әзәзіл бір жазуды көрді ол дәм[8].
Айтыпты: «Бір құлыма нығымет беріп,
Шығарам жерден көкке артық көріп.
Баршадан мәртебесін артық етем,
Сайрандайд айуандарын жанатқа еніп.
Онан соң бұйырамын бір істі аңа,
Бағынып мойынсұнбас ешбір маңа».
Әзәзіл мұны көріп тағат қылмай,
Айтты-лар мың жыл тынбай лағынет[9] һәмма.
Және де сол мезгілде көрді бір хат,
Ағзуды ақырға ше айлаған жат.
«Бимилла рахман» деп зікір қылған,
«Бұл кім-дүр, білдір, – депті, – үшбу пұрсат[10]?»
Алла айтты: «Құлдарымның бар-дүр бірі,
Нығыметпен тойдырамын артық мұны.
Мен айтқан әміріме ол бағынбас,
Шайтанның зікір еткен осы түрі».
Әзәзіл Аллаға айтты: «Һайиу дана,
Шайтанды әшкере етіп көрсет маңа?
Мен оны ұстап алып өлтірейін,
Тұрмайды бағынбастан неге саңа[11]?!»
Алла айтты Әзәзілге: «Сабыр қыл, сен,
Жақында өз көзіңмен көре-дүрсің».
Бір мың жыл онан кейін жерде, көкте,
Жерінен бас көтермес сәжде қылған.
Алдында жазып қойған хат көреді,
Мазмұны: «Лағынет Алла Ібіліс дер-ді».
Әзәзіл ол жазуды көрген заман:
«Я, Алла, ол пендеге лағынет» депті.
[1] Тағат /а/ – құлшылық; шыдам, төзім, сабыр.
[2] Ибадат, Ғибадат /а/ – құдайға құлшылық, дінге бой ұсынушылық; сыйлау, қадірлеу, құрметтеу; қызмет ету, табыну.
[3] Зауқы /п/ – әдемілікті, сұлулықты әсемдікті сезіну; құмарлық, әуестік, көңіл көтерушілік, рахат, ләззат.
[4] Ағаз /п/ – бастау.
[5] Бір груһ – бір топ.
[6] Бәрһәм /п/ – жойылу, аласапыран, аралас; қиын, күрделі; ретсіз.
[7] Ғам /а/ – қам, уайым.
[8] Ол дәм – сол сәтте, сол уақытта, сол демде.
[9] Лағынет /а/ – малғұн; Алла тағаланың рақымынан мақұрым болған.
[10] Пұрсат /а/ – мүмкіндік. Мәтін бойынша «Уақыт», «мезгіл» мағынасында қолданылған.
[11] Саңа /т/ – саған.