Білген Шайыр айтады

Қисса Қасым Жомарт

Жүсіпбек Шайхисламұлы (Соңы)

Тажір менің ісіме қайран болды,

– Бекер жүрген жарамас енді, – деді.

Тамыр болып жүрелік біз екеуміз,

Біздің үйге қонақ болғын, – деді.

 

Пұлымды алып үйіме қайтып кеттім,

Ертең қонақ болам деп айтып кеттім.

Мәзбұраға келдім де пұлды беріп,

Тажірдің шақырғанын баян еттім.

 

Мәзбұра қыз бұл сөзді мақұл деді,

– Мен де сізге саламын ақыл,– деді.

Үй-жай көргеннен соң ұнатсаңыз,

Қонаққа өзін дағы шақыр, – деді.

 

Ертеңгі күн қонаққа бардым өзім,

Уағда қылып бар еді айтқан сөзім.

Көп зияпат әйлады Тажір маған,

Қонақ бол деп шақырып қайттым өзін.

 

Намахрам келіп маған қонақ болды,

Отырып дастарқанға ойнап-күлді.

– Намахрамды жібермей жатқызғын, – деп,

Мәзбұра маған келіп көп жалынды.

 

Намахрамға Мәзбұра көрінбейді,

Тыстан қызмет қылуға ерінбейді.

“Қонып жат” деп өтіндім, жатпақ болды,

Қуанып Мәзбұра қыз күлімдейді.

 

Төрт бутылка арақты даяр қылдық,

Түн ортасы болған соң мәжіліс құрдық.

Кезек-кезек  нош етіп күшті хамыр,

Екеуіміз де әбден-ақ маст болдық.

 

Қонағымызды жатқыздық қонақ үйге,

Біз де барып онан соң жаттық үйге.

Тәтті ұйқыға барғанда Мәзбұра қыз:

– Қонағың кетті, – деді, – о дүниеге.

 

Қанды қанжар қолында Мәзбұраның,

Маған айтты:  – Қонақты құп турадым.

Жүгіріп келіп қарасам Намахрамды,

Басы жатыр бөлініп бейшараның.

 

– Өшіңді алмақ бар екен кегің, – дедім,

Себеп қылдың қанына мені, – дедім.

– Бұған себеп болдым деп, кейіме, –  деп,

Айтқан сөзі маған кеп Мәзбұраның:

 

– Бұған себеп болдым деп кейімеңіз,

Кесапатын залымның айталық біз.

Маған дұға қыларсыз рақмет айтып,

Егер оның қылғанын естісеңіз.

 

Мәзбұра сөз бастады бұлайша деп,

Көңілсіз тыңдап тұрдым “айтыңыз” деп.

– Бұл шаһардың ханының қызы едім,

Бұл тажір Намахрамда кесапат көп.

 

Моншаға бара жатып көрдім мұны,

Қарасам дүкенінде отыр еді.

Көңіліме махаббаты түсіп кетіп,

Суреті көз алдымнан кетпес болды.

 

Ғашықтық қасіреті болды ғалиб,

Көңіліме алсам кетемін естен танып.

Ішкен асым өтпейді тамағымнан,

Ғашықтық  дертіменен  ішім жанып.

 

Өлер халге  ақыры жеттім өзім,

Дүниені көрмес болды екі көзім.

Көп дәрігерлер һеш дауа қыла алмады,

Зағыпырандай сарғайды қызыл жүзім.

 

Атамыз бір тәбипті алып келді,

Ол тәбип  ғашықтықты қазір білді.

“Мен білсем қызыңдікі ғашық оты”,

Атамды бұл жауаппен сендіреді.

 

Онан соң менен жауап сұрады атам:

– Сырыңды баян қыл, – деп, – жаным, ботам.

һеш адамға білдірмей айт сырыңды,

Айтпасаң сенің үшін қайғы жұтам.

 

Сонан соң мен сөйледім білгенімді,

Ғашықтық дертіменен күйгенімді.

Намахрам тажірді айтып едім,

– Құп, балам, табам, – деді, – сүйгеніңді.

 

Атам мұны есітіп, қалды кетіп,

Мен тұрдым бұ жауапқа көңілім бітіп.

Қай күні ғаріп атам табады деп,

Екі көзім төрт болып жолын күтіп.

 

Әкелді хатын қылып бір күн түнде,

Жаным тәнге кіргендей тап сол күнде.

Есім мен түсім кіріп, қайғым кетіп,

Біраз күн ойынменен тұрдық бірге.

 

Жазылдым кеселімнен, қайғы кетіп,

Ара-тұра кеп жүрді тамаша етіп.

Екі көңіл ғашықтық жарасқан соң,

Өзім де барсам дедім ниет етіп.

 

Бір күні барайын деп келдім іздеп,

Қақпа қағып, сөйледім жауап бер деп.

Бір жариасы келді де жауап берді:

– Қақпада есік қағып тұрған кім? – деп.

 

Мен айттым жариаға: –Ғаріп қызбын,

Ілесіп мен барамын өзіңізбен.

Намахрам достымды іздеп келдім,

1250   Ғашықты мағшұқ тартар деген сөзбен.

 

Жариа айтты: –Бүгін сіз қайтқыл, – деді,

Тыныш барып үйіңізге жатқыл, – деді.

Қасында Намахрамның бір досты бар,

Ертең келіп жұмысыңды айтқыл, – деді.

 

Сол жерде мұны естіп күйдім оттай,

Бір іс қылып кетсем деп үйге қайтпай.

Ашуым кеп қақпадан қарғып түстім,

Өлімнен үйге кірдім басым тартпай.

 

Келсем, отыр Намахрам күліп-ойнап,

Қасында біреу отыр гүл-гүл жайнап.

Ашуланып үстіне қарғып мініп,

Ол қызды ұрып-ұрып шықтым айдап.

 

Мен ұрған соң ол байғұс кетті қашып,

Намахрам сөйлемеді аузын ашып.

Өзін де біраз ұрдым Намахрамның,

Көп жалынғаш отырдым ашу басып.

 

Намахрам қол қусырып жалынды көп,

– Мұндай іс екеуімізге болмайды еп.

Ант етті: екіншідей үстіңізге,

Патша қызы болса да сүймейін, – деп.

 

Сонан соң мен отырдым ашу басып,

Баяғыдай отырдық құшақтасып.

Байқаусызда қолына қанжар алып,

Қасыма кеп отырды түсі қашып.

 

Тұрды дағы қанжармен сұққылады,

Есі ауып пақырың тік құладым.

Арқалап алып барып, жерді қазып,

Өзің алған орынға тыққылады.

 

Көмейін деп жатқанда есім кірді,

Жалынып мен шақырдым [ол] шомбадты.

Ол хайуан дауысымды ести тұрып,

Шұқырға көміп тастап жүре берді.

 

Піркәшік еді біздің алтын берген,

Хатымды менің жазған оқып көрген.

Ақшаның неге керек болғандығын,

Хатпенен бәрін тамам айтып бергем.

 

Ол сырымды айтпадым бұрын сізге,

Өшімді алғызбас деп айтсам бізге.

Бастан кешкен  сырымды айтып болдым,

Кейін айтам деп едім өзіңізге.

 

Атама апарамын енді сізді,

Махбүбім, қабыл көрсең, – деді, – бізді.

Осындай қызметіңді атама айтсам,

Қосады неке оқып екеумізді.

 

Ішімде бұ сөздерін қаламадым,

Бұ сөзінің ақырына қарамадым.

“Бұ қыздан һешбір опа таппаспын”, – деп,

Үйінде сабыр қылып тұра алмадым.

 

Сол түнде қызды тастап жүріп кеттім,

Бағдатқа барайын деп ниет еттім.

Бара жатқан ілесіп бір керуенмен,

Бағдаттың шаһарына барып жеттім.

 

Шаһардың  кірдім барып аяғынан,

Тиісті орын қарадым қай жағынан.

Он бес тіллам жағамда жүруші еді,

Бекітіп тігіп қойған баяғыдан.

 

Сауда қылып сонымды қылдым ермек,

Жарамас деп ойлаймын бекер жүрмек.

Кәрзеңкемен көтеріп миуа саттым,

Құдайдан деп не болса алмақ-бермек.

 

Күндік ауқат айырдым өз басыма,

Бір адамды ертпеймін өз қасыма.

Күнде сатып бітіріп әдет қылдым

Көп саудагер жиналған ортасына.

 

Әдетімше бір күні тағы келдім,

Алдына қойып көрсеттім һәр адамның.

Шеткерек отыр еді кәрі кісі,

Сол айтты: – Маған неге ап келмедің?

 

Қария: – Мұнда кел,– деді, – балам,

Күнде сенің миуаңнан құры қалам.

Тартып алар деймісің маған келсең,

Мен де, – деді, – пұл беріп сатып алам.

 

– Ұялдым, – дедім, – баба, бұ сөзіңнен,

Ұялғаннан от  шықты ақ жүзімнен.

Ұялған соң: – Алғын, – деп айттым, – бәрін,

Бір тиын алман, – дедім, – енді өзіңнен.

 

Бір тұтам жүзім алды қолын салып,

Мені де отырғызды қасына алып.

Қария менің жөнімді сұрап енді,

Мен мұңайдым көзіме жасым алып.

 

– Дүниеде мен бір ғаріп дертті болған,

Көзіме жас, көкірегіме қайғы толған.

Жөнімді сұрап дертімді қозғамаңыз,

Шермендемін Құдайым қайғы салған.

 

Бұ сөзді естіп ол баба тұра қалды,

Жан қалтаға бұрылып қолын салды.

Он тілла маған алып берді дағы,

Өзі тұрып орнынан кетіп қалды.

 

Он тілланы берген соң алып қалдым,

Бабаның бұл ісіне қайран қалдым.

Өзге байлар бір тілла берген емес,

Қызметі өтіп кетті мына шалдың.

 

Ол жерге екінші күн келдім тағы,

Орнында отыр екен шал баяғы.

Әуел оның алдына қойдым ап кеп,

Өзге жанға бұрылмай келдім дағы.

 

Бір тұтам жүзім алды зәнбілімнен,

– Жайыңды айт? – деп сұрады баба менен.

“Айтайын уақиғамды, – деп ойладым, –

Енді сырды жасырып болмас мұнан”.

 

Өзіме жақын көрдім ықтиярды,

Баян қылдым басымнан өткен халді.

Аты-жөнім, мекенім бәрін айттым,

Баба менің сөзіме құлақ салды.

 

Шал айтты: – Ұқтым сөзің сенің, – деді,

Шаһарым Басыра-дүр менің, – деді.

Дүниеде мұқтаж едім бір перзентке,

Сіз менің жауабыма көнің, – деді.

 

Менің малым атаңнан артық, көп-ті,

Тыңда, – деді, – мен айтқан таза кепті.

Жасым тоқсан алтыда, перзентім жоқ,

Сізді перзент қылуға көрдім епті.

 

Қайғыңды ұмытарсыз көрсең мақұл,

Ей, балам, менің сөзім бәрі ақыл.

Байлығым өсірмейім, фәрауан-дүр,

Енді, балам, өлгенше мені баққыл.

 

Пендеңіз бұл жауапты мақұл көрді,

Мұнда кел деп қасына ертіп жүрді.

Кәрзеңкемді ішінде миуасымен

Бір көшеге келген соң тастаттырды.

 

Ертіп келіп көрсетті пәтер үйін,

Кидірді  түрлі алуан асыл киім.

Ата-анам өлмегендей болып қалды,

Естен кетіп бұрынғы жүрген күйім.

 

Үш күннен соң Бағдаттан көшіп кеттік,

Басыра шаһарына келіп жеттік.

Сау-саламат Басыраға келгеннен соң,

Құдайға мың мәртебе шүкір еттік.

 

Сарайға әкеп түсірдік малымызды,

Тәңірі есен сақтады жанымызды.

Байқасам ол ықтияр ғаріп атам

Өз жанындай сүйеді пендеңізді.

 

Мен де разы атамның һиммәтіне,

Күні-түні жүгірдім қызметіне.

Ғаріп атам бір күні хаста болып,

Алланың мойынсұнды сүннетіне.

 

Бір күні өз жанынан үміт үзді,

Қасына шақырып алды атам бізді.

Үйден жанның бәрін де айдап шығып,

Жанына жақынырақ отырғызды.

 

– Айтайын, – деді, – балам, бір насихат,

Тыңда, – деді, – сөзімді бек қабағат.

Жер астында менің бар қазынамның

Ұшқынындай бұ тұрған мал мен мүлкәт.

 

Өзім атам көрсеткен өлмес бұрын,

Сізге мен де айтайын үшбу сырым.

Өзімменен жеті ата ие болдық,

Білмеймін, – деді, –  онан арғы жерін.

 

Жалғыз-ақ саған айтқан өсиетім,

Жомарттыққа  өзіңнің бар ниетің.

Балалықпен қазынаңды білгізіп ап,

Көріп жүрме хандардың хүкіметін.

 

Балам, менің сөзімді ұқсаң егер,

Қазынаңнан һешкімге берме хабар.

Хан, уәзірлер білген соң көндірер сені,

Машақатқа ұшырарсыз көріп зарар.

 

Мақұл көрдім атамның айтқан сөзін,

Құп тыңдап құлақ салдым менің өзім.

Қазынаның есігін, жолын айтып,

Және айтты өзінің қисапсызын.

 

Мұны айтып ғаріп атам етті рихлат,

Енді атам ісін маған қылды минат.

Артында  мирасқоры болғаннан соң,

һәммасын бижай қылдым парыз, сүннет.

 

Онан кейін қазынаны көрдім барып,

Аралап кете бердім жерді жарып.

Қазынаның ішіне кіргеннен соң,

Қарадым жан-жағыма көзім салып.

 

Қисабы жоқ көрінді бұ қазайын,

һеш ада болар емес уа дафайын.

Оны егер тауысу керек болса,

Нұх пайғамбар ғұмырындай ғұмыр лазым.

 

Көңліме көргеннен соң бір іс кірді,

Пендеңіз жұртқа ақша үлестірді.

“Пайдасын һәркім көрсін” деп ойладым,

Жерде бұрын жатқанмен не бітірді?

 

Мұны ойлап жомарттық аштым аузын,

Жұрт пайдасын көрсін деп бұ жиһазым.

Солай мені зан қылды бұ халайық,

“Кедей қылар Қасым, – деп, – тағы да өзін”.

 

Жұрт өсек қылды менің жомарттығым,

Тіптен ерсі болған соң бұ қылуым.

“Ата малын түгесіп қаңғып еді,

Жігіттіктің қоймапты  әлі буын”.

 

“Тағы кедей болар” деп қылды өсек,

Онан әрі жұмсаймын кесек-кесек.

“Малы мұның неткен көп, – десіпті жұрт, –

Жап-жалаңаш бір күні қалар десек”.

 

Жұрт кеңесіп айтыпты ханға бір күн:

“Қасым малды шығарды дүркін-дүркін,

Жерден бір қазына тауып алса керек,

Мұның жайын сұратып құп білдіргін”.

 

Хан сонда жіберіпті бір жасауыл,

Жүрген жері жасауыл – бәрі дауыл.

“Маған шапшаң қазынаңды көрсет!” – дейді,

Басыма кеп орнатты менің зауыл.

 

Қысылдым жасауылдан сонда қатты,

Жасауыл ашуланып жауап айтты.

“Қинамай кетейін, не бересің?” – деп,

Жасауыл бұлайша деп жүз жұмсатты.

 

Қуанғаннан мен айттым: – Не аласың? – деп,

Ол айтты: – Айға жүз сом саласың, – деп.

Бір айына жүз тілла алмақ болып,

Жасауыл қайтып кетті парасын жеп.

 

Мұнан соң бір жыл тұрдым есен-аман,

Тағы біреу бір күні келді маған:

“Ханның атқосшысы Абулфатах,

Алып кел деп бұйырды сені маған”.

 

Мен бардым Абулфатах шақырған соң,

Барғаннан-ақ ол уәзір айтпады оң:

– Сенің қазына тапқаның мағлұм болды,

Бестен бірін қазынаға әкеп салың.

 

Бейтүлмәлға сал,– деді,– бестен бірін,

Сен неге айтпай жүрсің, – деді, – сырың?

Бестен бірін қазынаға әкеліп сал,

Отырма, – деді маған, – шапшаң тұрғын.

 

– Малым жоқ деп өтірік тайсалмаймын,

Үкім қылсаң бетіңді қайтармаймын.

Құдайға ант етемін өлтірсең де,

Қазынамды мен сізге айта алмаймын.

 

Бұ сырымды айтпаймын өлтірсең де,

Басқа шауып, қанымды келтірсең де.

Мен өлсем жалғыз тиын ала алмайсың,

Онан да ақша ал, –  дедім, – осы күнде.

 

Онан да жүз алтын ал күнде,– дедім,

Бұған риза болайын мен де, – дедім.

Бір айда үш мың тілла аласыз ғой,

Разы болып тұрғыл сен де, – дедім.

 

Бұ сөзге Абулфатах разы болды,

– Үш мың алтын тез бүгін жібер, – деді.

Бір кісісін ертіп үйге келіп,

Үш мың тілла жібердім оған енді.

 

Абулфатах мұны алып ойлайды ойды,

“Хан естісе бұл сырды ұят”, – дейді.

Ханына Абулфатах айтқан екен,

“Мұнда қазір Қасымды шақыр”, – дейді.

 

Хан “Қасымды шақыр” деп әмір қылды,

Шақырғалы бір жігіт жетіп келді.

Қайыр беріп тұр едім  ғаріптерге,

– Хан шақырды, ей, Қасым, жүргін, – деді.

 

Шақырған соң ханға мен жетіп келдім,

Иіліп тағзым етіп сәлем бердім.

Падиша  айтты маған отырған соң,

– Неге тапқан қазынаңды айтпай жүрдің?

 

Сен маған қазынаңды көрсет, – деді,

Жасырып айтпағаның – фұрдат, – деді.

Тартып алар дейсің ғой көрсеткен соң,

Бір сөзге ақылыңды тоқтат, – деді.

 

– Көрсет деп бұған, тақсыр, қинамаңыз,

Көрсетпесем ашуды жинамаңыз.

Мұны жанға айтуға халім келмес,

Бұл туралы үкіміңе наразымыз.

 

Айтпаймын мұны, тақсыр, тілге сенсең,

Сүйегімнің қалғаны –  егер өлсем.

Тілла беріп тұрайын күнінде мың,

Бұл айтқан жауабымды мақұл көрсең.

 

Хан менің бұл сөзіме қарап тұрды,

Абулфатах уәзірден жауап сұрды.

– Бұ сөзге сіз не дейсіз, ей, уәзірім,

Әбілқасым бұлайша жауап берді.

 

Уәзір айтты: – Айтайын мен бір жауап,

Бұған да болсын дедім біраз сауап.

Өзі де ада болар соныменен,

Күніне мың алтыннан алсаң санап.

 

Разы болса сізге, дұға қылар,

Зорлық көрсе бейшара зар-зар жылар.

Хан уәзірдің бұ сөзін мақұл көрді,

Менен сол ақшаларды алып тұрар.

 

Хан менен қайым мақам қапу жаушы*,

Осындай уағдаменен ақша алушы.

Үй-жай  сізге берген, түздегі мал олар алған,

Қазынамның бес жүз мыңда бір үлеші.

 

Мейманым, осылайша менің жайым,

Бұ сырды сізден аяп не қылайын.

Падиша қайран болып мына сөзге,

Білмекке кетті көңілі мұның жайын.

 

Патша айтты: – Бұ сөзге сенсем екен,

Сіз де менің сөзіме көнсең екен.

Дүниеде бар болса бұ қазына,

Рас па екен, көзім білән көрсем екен.

 

Қасым айтты: – Қазынамды көргіземін,

Көрем десең сертіме көнгіземін.

Патша айтты: – Сертіңе разымын,

Ол уағдаңа қасаммен сенгіземін.

 

Қасым айтты: – Мен жүрем қылыш алып,

Жеткенше сіздің көзді байлап алып.

Мен аш демей көзіңді ашар болсаң,

Өлтіремін қылышпен бір-ақ  салып.

 

Падиша қасам беріп аһыд қылды,

Қасымды қасам беріп сендіреді.

– Көрсетпей жіберейін десем дағы,

Мейманым ренжісең қиын, – деді.

 

Түнде барып көрсетем, қонғын, – деді,

Асығатын пиғылдан кет, – деді.

Мейманхана үйіне алып келіп,

Неше түрлі қызметтер қылады енді.

 

Кешегіден асырды бүгінгісін,

Патша есінен шығарды ол күнгісін.

Падиша бүгін көрген зияпатқа,

Салыстырып ойлайды кешегісін.

 

Ел жатқан соң ер Қасым келді кіріп,

“Айтпасқа серт қыл” дейді Қасым тұрып.

Қасымды патша  әбден сендіреді,

“Ешкімге айтпаймын”  деп қасам беріп.

 

– Байқаймын, жақсы адамсыз, – дейді Қасым,

Дұшпаннан көп қорқамын байғұс басым.

Көрсетпесем тағы да ренжірсіз,

Сертіме разы бол, замандасым.

 

– Мұныңа разымын, – деді патша,

Мен де тахсин қыламын сізге қанша.

Өзіңнің сертіңменен іс қыла бер,

Хатирым бұзылмайды менің аслан.

 

Патшаның көзін байлап алып жүрді,

Басқышпен бір бақшаға келіп кірді.

Көрмеген жан дүниеде табар емес,

Қазынаның аузына келіп тұрды.

 

Енді тағы басқышпен төмен жүрді,

Жетелеп падишаны ілестірді.

Көп жерге енді тағы түзу жүріп,

Есік ашып бір үйге келіп кірді.

 

Падишаның ол үйде көзін шешті,

Патша көзін шешкен соң жаннан кешті.

Күндізгідей қылып тұр үйдің ішін,

Шөккен нардай көреді жақұт тасты.

 

Әлқисса, патшаның ошал қазынада көрген нәрселері бұ тұрұр:

 

Жақұт тас жанып тұрған шамдай болып,

Бұ жартас көрінеді таудай болып.

Тау дегені гауһар тас, алтын, күміс,

Падиша қарап тұрды қайран болып.

 

Оң жағында бір үй тұр жасыл жауһар,

Кірпіші лағыл, жақұт, үсті гауһар.

Іші толы үйілген өңкей тілла,

Айналасы алты жүз қадамдай бар.

 

Ақ мәрмәрдан жасалған бір дуал тұр,

Ішінде алтын терек, бес-алты құр.

Айналасы дуалдың бес жүз қадам,

Ішінде алтын-күміс лық толып тұр.

 

Қасым айтты патшаға: – Сөзімді ұқ,

Он төрт жыл дәурен сүрдім жомарттық қып.

Сонан бері жұмсауым осы дуал,

Әлі күнге бір елі кеміген жоқ.

 

Патша айтты: – Мұны сен  көпсінесің,

Жұмсауың түрі бұзық – бітіресің.

“Мұны азсынсаң, мінеки, мұны көр”, – деп,

Және бір үйге ертіп келді Қасым.

 

Ол үйдің кірпіші бар зүбәржаттан,

Үсті алтын, мәтшесі шын жақұттан.

Інжу-жауһар, зүбәржат, алтын-күміс,

Әлгіден көрінді артық жүз қабаттан.

 

Көрді патша хауызда малдарыны,

“Түс көрдім бе?” – деді өзі халдарыны.

Гауһар тас пен алтын ақық тақыттар тұр,

Падиша кешіп тұрды жандарыны.

 

Іші жауһар, сырты алтын,  ағла сарай,

Патшаның көзі талды қарай-қарай.

Өзінен-өзі түңіліп айтты патша:

– Менде осылар болсашы, уа, дариға-ай!

 

Аралап ғажайыптар көрді патша,

Ақылы кетіп басынан тұрды патша.

– Иесін көр бұл малдың, – деді Қасым,

Көргелі оған таман жүрді патша.

 

Үстінде екеу жатыр алтын тақтың,

Падиша көрді мұның салтанатын.

Ол алтыннан жасаған екі сурет,

Қараса, бірі – еркек, бірі – қатын.

 

Тәжі бар бастарында жауһар, алмас,

Көргеннің көзі талып есі қалмас.

Олар жатқан үйдегі асылдарды

Ауызбен мыңнан бірін айтып болмас.

 

Тірі адам сипатты, жүзін көрсе,

Дүниесін ада болмас айта берсе.

Асыл тастан істелген бір лаух тұр,

Аухта хат жазулы патша көрсе.

 

Ол хатта жазған екен: “Дүние фани,

Кейінгі жан, ғибрат ал, көріп мұны.

Жанға ара түспеді һешбірісі,

Жинап едім қисапсыз көп дүниені.

 

Мен өзім патша едім тірі уақта,

Қанша жыл пәрмен қылдым алтын тақта.

Дұшпанды қорқытып едім қаһарменен,

Қарамай әділ болдым жақын-жатқа.

 

Бізден соң бұ қазынаны көрген адам,

Бұ жерге Құдай айдап келген адам,

Қажетіңе жұмсай бер өлгеніңше,

һеш қорықпа алсаң дағы бәрін тамам.

 

Құлақ сал бұ сөзіме, әйуһа нас,

Бұ малды алудан һеш тартпағын бас.

Бізден бұрын біреудің мүлкі еді,

Қанша сарп қылсаң да ада болмас”.

 

Патша оқыды бұлайша жазған хатын,

Дүниенің көрдім деген сиясатын.

Падиша айтты: – Бірақ қылған тарлық,

Жазбапты кім екенін өзі атын.

 

Бір үйге тағы әкелді падишаны,

Ол үйде тағы көрді тамашаны.

Бұрынғы көргендерден он мың есе

Мұндағы артық көрді ашияны.

 

Падишаның өзіне берген ағаш,

Тоты илән сайраған һәм сандуғаш.

Неше мың, неше миллион һәрқайсынан,

Падиша көргеннен соң болды шықпас.

 

Қызыққа батты патша  бәрін көріп,

Гауһардан, алма, анар, жүзім, өрік.

Көз көрген-естігендер, бәрі де тұр,

Қайсыбірін айтайын бәрін теріп.

 

Миуасы алтын, жапырағы гауһар, күміс дарақ,

Неше сауыт толулы лағыл шарап.

Жел ескен райхан гүлдер жайқалып тұр,

Ілулі сауыт-сайман, қару-жарақ.

 

Патшаның қараймын деп талды көзі,

Адасып білмей тұрды өзін-өзі.

Падишаның шыққысы келер емес,

Қасымның сонда келіп айтқан сөзі.

 

– Ей, мейманым, шығалық, мақұл десең,

Таң атып ел оянар тұра берсең.

Көзіңізді байлайын, келгін бері,

Екі күнге бітпейді бәрін көрсең.

 

Бұ сөзді айтып патшаның көзін таңды,

Өзі және қолына қылыш алды.

Босағаға қыстырып кеткен екен,

Шығарында қайтып кеп шамын алды.

 

Таңнан бұрын орнына келді қайтып,

Уағада әуелгідей сертін айтып.

Қайтып үйге келген соң көзін шешті,

Намаздарын оқыды азан айтып.

 

Мәслихатпен жарасты бұ сөздері,

Келген соң Құдай айдап бір кездері.

– Бізге берген сұлуға қарағанда,

Махбүбтің сізде шығар абзалдары.

 

– Бізде толып жатыр мұнан да артық,

Дүрдана көз алдымнан кетпес қалқып.

Әлі күнге ашығымнан мағшұғымның,

Қараман һешбіріне мейілім тартып.

 

Ішімде Дүрдананың махаббаты,

Жандырар жүрегімді ғашық дерті.

Дүниеде енді тірі көрер ме екем,

Көңілімнің кетер еді қасіреті.

 

Ойласам, Дүрдананы келмес күлкім,

Көзіме көрінбейді жиған мүлкім.

Дүрдана ғашық жарым қасіретінен,

Көзім жасты, қайғылы ғаріп көңілім.

 

Бұ қайғы өлгенімнен болды қиын,

Мұнша мал көрінбейді жиған бұйым.

Дүрдана махбүб жарым еске түссе,

Дүниеден өткім келер  осы күйім.

 

Мұны айтып Қасым көзден төкті жасын,

“Аһ, мағшұғым” деп жастыққа қойды басын.

Падиша қайран қалып дұға қылды,

“Иләһи, нәсіп қыл,– деп, – махбүбасын”.

 

Падиша көп насихат ақыл айтты,

– Өткенге өкінбеңіз, – деді, – қатты.

Нәсіп қылса тірлікте көрерсіз,– деп,

Падиша қош айтысып үйге қайтты.

 

Қасымға  көп тамаша етті патша,

Малы тұрған сарайға жетті патша.

Өз мүлкіне барабар олжаменен,

Бағдатқа бек шаттанып кетті патша.

 

Білдірмей патша  екенін һеш адамға,

Жайылды Қасым ісі талай жанға.

Келген жанға осындай бергендерін,

Естігендер һәммасы қалды таңға.

 

Хан, уәзір, жасауыл тұр құлақ салып,

Күншілдігі қозғалды көп қызғанып.

Қазынасын көруге кеңес қылды,

Ай сайын тұрса дағы ақшаны алып.

 

Абулфатах уәзірдің бір қызы бар,

Өзі көркем бек, ғаят хұсни жамал.

Абулфатах уәзірдің сол қызына

Не қылғанын, жігіттер, құлағың сал.

 

Абулфатах ханына сүйеу екен,

Ақылдас уәзірдің біреуі екен.

Ханының ағасының жалғыз ұлы–

Әлибек атты бекзада күйеу екен.

 

Абулфатах сол қызын киіндірді,

– Қасымға барып кел,– деп түйіндірді.

Қасымның қазынасын көріп кел, – деп,

Абулфатах  уәзірді Құдай ұрды.

 

Мұны естіп Балқыс қыз қатты ұялды,

Бұ не деген сұмдық деп қайран қалды.

– Ей, ата, елге қайтіп көрінемін,

Бұ сөзді қойыңыз, – деп айтып салды.

 

Ей, ата, мақұл емес бұл ісіңіз,

Мұнан өзге жоқ па еді жұмысыңыз.

Бекзадаға айтасыз не деп жауап,

Кетпей ме өзіңіздің намысыңыз.

 

Балқыстың тыңдамады мына сөзін,

Хирс, тамиғ басқан соң екі көзін.

– Көп сөйлемей шапшаң бар!– деді атасы,

Бәдбахттың атқаннан соң Құдай өзін.

 

Жылады мұны естіп Балқыс ғаріп,

“Келемін жат үйге, – деп, – қайтіп барып?”

Бейшара қатты ұялды ел-жұртынан,

Жалынды “қой, ата!” деп қатты зар қып.

 

– Шапшаң бар,–  деп қызына ашуланды,

Өзі жаһіл болған соң көңілі қанды. –

Көрмей келсең бауыздап өлтірем, – деп,

Қасымның көшесіне әкеп салды.

 

Не қылсын, жүре берді қыз бейшара,

Атасы үкім қылды жүзіқара.

Түнде келіп қақпаға есік қақты,

– Кімсің? – деп жетіп келді бір жариа.

 

Балқыс айтты: – Ісім бар байыңызда,

Тұрмаймын онан өзге жайыңызда.

Қасымға айтатұғын қажетім бар,

Басшы болып жүріңіз алдымызда.

 

Бұлай дегеш Балқысты ертіп жүрді,

Қасым жомарт отырған үйге кірді.

Асыл шәлі бүркенген бір сұлу қыз,

Қасым бұған қайран боп қарап тұрды.

 

Тамаша қылды Қасым сұлу қызды,

Бір кереует үстіне отырғызды.

“Өзі жас бұ сұлу қыз не мақсатқа,

Ойлады: іздеп түнде келді бізді?”

 

Сұрады Қасым қыздан: – Жөніңді айт? – деп,

Бар болса не қажетің алып қайт,– деп.

Балқыс айтты: – Сіздердей жомарт ермен

Қылғалы келдім, – деді, – әңгіме-кеп.

 

Бүркеншігін тастады, мұны айтып,

– Кетпеймін, – дейді, – үйіңнен қазір қайтып.

Қасым жомарт қызметін қыла берді,

Неше түрлі тағамын әзірлетіп.

 

Балқысты Қасым жомарт құрмет етті,

Махаббат жамалына ғашық кетті.

– Малы-басым һәммасы сіздікі, – деп,

Балқыстың Қасым жомарт қолын тұтты.

 

Балқыстың өзі бүгін тәуекел еді,

Көңіліне ұят пенен қорқу келді.

Күйеуі Әлибекке не деймін деп,

Түсі неше бұзылып жылай берді.

 

Қасым сонда ұялды Балқыс қыздан,

– Жылаған  ұялдым, жаным, сізден.

Жылауыңның мәнісін баян қылғын,

Бір қате іс көрдің бе, жаным, бізден?

 

Балқыс айтты: – Естідім бұрын сені,

Бір бекке уағда қылған атам мені.

Намысымды жоюға қатты қорқам,

Неке қылар уақыты жақын еді.

 

Мен мұнда өз еркіммен келгенім жоқ,

Зорға келдім, әйтеуір өлгенім жоқ.

“Өлтіремін” деген соң жаннан қорықтым,

Көнбей-ақ тұрып едім келмеймін деп.

 

Сіздің мүлікте қазына бар, – деді атам,

Сол қазынаны көріп кел, – деді атам.

Екі жақтан ұялдым бірдей қорқып,

Ей, Қасым, көңлімдегі осы қапам.

 

Мінеки, Қасым менің келген ісім,

Намыс үшін кетіп тұр есі-түсім.

Күйеуімнен қорыққаным болмаса егер,

Атамның бітірер ем бұ жұмысын.

 

Әбілқасым сөйледі сонда тұрып:

– Ғашық болдым, Балқысжан,сізді көріп.

Сіздің бұл әдепті ойлауыңа,

Бек қатты сабыр қылдым разы болып.

 

Балқысжан, үйге келіп мейман болдың,

Көңілім сүйінгендей жауап қылдың.

Сізге мен қазынамды көрсетемін,

Дүние, ахиретте қардаш болдың.

 

Жіберсе мұндай іске атаң сенің,

Зәрредей қауіп қылма, ей, мейманым.

Түнде келдім “тиер” деп ойламағын,

Күнәлі істен тыйылған көңлім менің.

 

Қасымның бұ сөзіне қуанды бек,

Бір асқан кісі екен деп ақылы көп.

Балқысжан әдеппенен жауап берді:

– Ахиреттік қарындас боламын, – деп.

 

Тағамнан соң отырысты күліп-ойнап,

Ғаріп қыз шүкір қылды “иә, Құдайлап”.

Патшаға қылған шарттың бәрін айтып,

Балқыстың жетеледі көзін байлап.

 

Көзін шешті сарайға кіргеннен соң,

“Міне, – деді, – қазынам, қарағын сен”.

Алтын, күміс, дүр, гауһар, жақұттарды

Балқыс қайран болады көргеннен соң.

 

Екі сурет тақытта жатыр еді,

Гауһар алқа  қатында жатқан көрді.

Үлкендігі көгершін тұқымындай,

Балқыс қатын мойнына қарай берді.

 

Балқыс көрді не түрлі кереметті,

“Қыздың көзі қызылда” деген қані.

Жансыз қатын мойнынан шығарды да,

Балқыстың мойнына салды оны.

 

Жансыз  тәннен алқаны алып берді,

“Қалаған нәрсең бар ма тағы?” – деді.

Асыл тастан азырақ тағы да алды,

Өзі көріп жақтырған нәрселерді.

 

Қайтадан алып шықты таңнан бұрын,

– Атаңа айтқын, – деді, – көрген сырың.

Күн шыққанша отырды Балқыс мұнда,

Қасымның көріп кетті барлық түрін.

 

“Қызымды жақтырды ма көріп Қасым,

Қызым жақса көрсетер қазынасын.”

Бұлай деп Абулфатах ой ойлайды:

“Бекер келсе қор болды менің басым”.

 

Мұны ойлап отырғанда Балқыс келді,

Жауһар алқа мойнына салып келді.

Атасының алдына қойып еді,

Абулфатах шаттанып қолына алды.

 

– Қазынаны көрдің бе, қызым? –деді,

Қызы айтты: –Мен көрдім өзім,– деді, –

Өз қолыммен қазынадан бұларды алдым,

Рас, ата, бұ айтқан сөзім, – деді.

 

Қазынаның Балқыс айтты қисапсызын,

Қасымның һәм мақтады һәр мінездерін.

Қазынаны Балқыс қыз көрсе дағы,

Жолының және айтты мағлұмсызын.

 

Жауһарлар әкелгенде бек сүйінді,

Балқыс қыз алып келді көп бұйымды.

Қызы ұят пердесін жыртса дағы,

Жолын білмей келгенге көп күйінді.

 

Қылса да болмап едім қызым парһиз,

Бекер кетті-ау көре алмай намысымыз.

Абулфатах қайғырды өзі ұялып,

Жұрттан ұят болды-ау деп осы ісіміз.

 

Дүниеде жаннан асқан Қасым жомарт,

Абулфатах қор болды хирс, нәмәрт.

һарон Рашид патшадан сөз айтайын,

Құлақ салып тыңдаңыз, көп жамағат.

Бағдатқа һарон Рашид қайтып барды,

Көрген қызық қызметін айтып барды.

Патшалық тақытына отырған соң,

Шақыртып уәзірін қасына алды.

 

Уәзірді зынданнан алып келді,

Ғаріп жаннан көңілі қалып келді.

“Тік сөзімнен зынданға салып еді,

Қаһары қатты патша, өлдім”, – деді.

 

Патша тұрып уәзірге сәлем берді:

– Бір сөзіңнен мен көрдім талай жерді.

Бейкүнә сізді азапқа салыппын деп,

Кеш күнәм,– деп падиша ғұзыр қылды.

 

Мен көрдім бұ дүниеде көп адамды,

Бұ дүниеде көрмедім ондай жанды.

Мал мен жанын мейманға пида қылған

Тең көрмеймін Қасымға патша, ханды.

 

Падишадан кем емес салтанаты,

Қасым емес, хас патша – оның аты.

Маған өзі көп нәрсе инғам қылды,

һеш ақылым жетпеді басым қатты.

 

Уәзірім, кеш күнәһім, разы бол,

Сіздің сөзбен көрдім мен бірталай жол.

Оны мақтап дүниеде бітіре алман,

Дүниеде шын жомартты көргенім сол.

 

– Сен  де разы бола гөр, тақсыр, маған,

Мен де разы болайын, тақсыр, саған.

Өз көзіңмен көріпсіз оны, тақсыр,

Үйіңізге келіпсіз есен-аман.

 

Патша айтты: – Көп инғам қылды маған,

Оларды көрсетейін енді саған.

Уәзірді өз қасына ертіп келіп,

Әкелгенін көрсетті бәрін тамам.

 

Уәзір бәрін аралап көрді дейді,

– Қасым маған осыны берді, – дейді.

Уәзірім, біз Қасымға не береміз,

Қасымдай мен көрмедім ерді, – дейді.

 

Қасымға біз де инғам қылалық та,

Қазынамнан бір нәрсе лайықта.

– Оған лайық инғамды таптым, тақсыр,

Мұнан артық инғам жоқ халайықта.

 

Ей, падиша, айтайын мен бір кепті,

Патшалыққа ол Қасым өзі епті.

Басыраның уәлиін түсіріңіз,

Онан артық инғам жоқ, сірә, тіпті.

 

Падиша бұ кеңесті мақұл деді,

– Уәзірім, бұ айтқаның ақыл, – деді.

Хат жазып, мөһір басып жіберелік,

Қазыны, келсін мұнда, шақыр,– деді.

 

Хат жаздырып падиша  мөһір басты,

Падиша пәрмен қылса тоқтамас-ты.

“Өзің түсіп Қасымға орның бер”, – деп,

Патша қылмақ Қасымды болды қасты.

 

Бір жасауыл хатты алып жүріп кетті,

Бес күнде Басыраға барып жетті.

Хатты берді ханына алып барып,

Халифаның жарлығын арди етті.

 

Жарлығын халифаның оқып тұрды,

Бір сұмдықтың болғанын енді білді.

Жасауылға ат пенен шапан беріп,

Жасауылды жөнелтіп жіберді енді.

 

Хан сонда мұны естіп қапа болды,

Сарғайып зағыпырандай жүзі солды.

Халифаның жарлығын бұза алмайды,

Шарам не-дүр, һәр істі Құдай салды.

 

Абулфатах сол уақта кіріп келді,

Алдында уәлисінің аттай желді.

– Не  болды сізге, тақсыр, түсің қашып,

Тірлікте билеуші едің талай елді?

 

Уәзірінің сөзіне жауап берді:

– Халифадан хат білән кісі келді,

Хандығыңнан түс дағы Қасымға бер,

Халифа хан қылыпты Қасым ерді.

 

Уәзірім, соған қапа болып тұрмын,

Хандығымнан мен түсіп өліп тұрмын.

Хандығымнан айырылып қара болып,

Халифадан қорлықты көріп тұрмын.

 

– Бұл істі білдірмеңіз тірі жанға,

Басыра – кәпір, орыс, мұсылманға.

Қасымды бір айламен өлтіремін,

Дүниеде білдірмейін тірі жанға.

 

– Олай қылсаң тілегің бердім саған,

Бір жақсылық қыла гөр, уәзір, маған.

Бастан-аяқ берейін алтын киім,

Бір амал қыла көрші, жаным, соған.

 

Қасым жаққа ол уәзір жөнеп кетті,

Айласы мол ол уәзір тым-ақ епті.

“Қонақпын” деп Қасымға барды жетіп,

Естіңіз уәзірден қызық кепті.

 

Қонақ болып Қасымға қонды барып,

Атын ұстап кіргізді үйге алып.

– Хош келіпсіз, мейманым, ғазизім, – деп,

Төріне отырғызды көрпе салып.

 

һәр түрліден қонаққа ас жегізді,

Үстіне әр түрліден тон кигізді.

Дұшпандықты ойына алып отыр,

Қасымға уәзір залым у жегізді.

 

– Қасымжан, бір асаңыз, мінеки ас,

Қасымға берген асы у аралас.

Бір жұма есі кірмей жатады екен,

Сондай уды беріпті ол мұндар қас.

 

Ісіп шықты үйіне Қасым батыр,

Өлген кісі сияқты сұлап жатыр.

Тамам жұрт улап-шулап жыласады,

– Мейманға көргізелік, шапшаң шақыр.

 

Шақырған соң, ол уәзір жетіп келді,

– Жылама, – деп тоқтатты тамам елді.

Мен азырақ тамырды білуші едім деп,

Қасымның тамырын кеп ұстай алды.

 

Тамырын ұстап айтты: – Өткен екен,

Алладан тағдыр – ажал келген екен.

Өкпесі де соқпайды бейшараның,

Бір сұмдық бұл байғұсқа болған екен.

 

Бұл байғұс тағдыр жетіп өліп қалды,

Мұндай істі басына Құдай салды.

Тез арулап көміңіз мұны жерге,

Жаназаға шақыртып тірі жанды.

 

Жылап-еңіреп үй-іші қалды бұлар,

Шын өлді деп сенді ол бейшаралар.

Тез арулап кебіндеп, тамам жұртқа

“Жаназаға келсін” деп  берді хабар.

 

Жаназа оқып тамам жұрт көрге салды,

Көр ішінде бейшара жатып қалды.

Бір дұшпанның қас болған қастығымен,

Тастап кетті артына мал мен жанды.

 

Мұны естіп уәзірі ханға келді,

Қасымға қылған ісін баян қылды.

Хандығынан түсірмей қойғанына,

Уәзіріменен екеуі бек шаттанды.

 

Отырды бұл екеуі ойнап-күліп,

Уәзір қызмет қылады аттай желіп.

“Хан бола алмай Қасым ер өлді ғой”, – деп,

Хат жазды халифаға сәлем қылып.

 

“Патшамның бұрмам пәрманына,

Ер Қасым жетпей кетті арманына.

Қасым жомарт дүниеден көшіп кетті,

Лаж не-дүр Алланың салғанына.

 

Бұйрық алып хат бірлән келді кісі,

Қасымның артық еді мәртебесі.

Дүниеден сапар шекті Қасым жомарт,

Әй, тақсыр, мұндай болды Құдай ісі”.

 

Мұны айтып хат жазды хан мен уәзір,

Жібермекке бір кісі қылды әзір.

Бірталай құлдық қылып тарту білән,

“Тақсыр-ау, осы, – деді, – бізден мәзір”.

 

Бұларды алып  бір кісі жүрді дейді,

Тартумен нама жазып берді дейді.

Алдынан бұ кісінің уәзір Жағыпар

Ұшырап жауап сұрап тұрды дейді.

 

Уәзір айтты: – Жөніңді айтшы маған,

Хат-хабар тасушы едің бұл арадан?

– Ханымыз халифаға қағаз берген,

Жазған хатын апарам, – деді, – соған.

 

– Хатыңды бере тұршы, мен көрейін,

Не деп жазған хат екен, мен білейін.

Онан басқа сөзіңді тағы да айт,

Жақсы жігіт екенсіз, есітейін.

 

– Халифадан хат білән кісі келген,

“Қасым жомарт уәли болсын” деген.

Бұ хабарды есітіп тұрған шақта,

Ер Қасым сапар қылды бұ дүниеден.

 

Ол Қасым ажал жетіп өлді, – дейді,

Дәулеті ер Қасымның мол-ды,– дейді.

Өлгенін мағлұм қылып нама жазған,

Халифаға апарам енді, – дейді.

 

Уәзір мұны есітіп қайғы тартты,

Қапа боп жылап тұрды жаман қатты.

Бекер енді не іске барамын деп,

Сол жерден уәзір Жағыпар кейін қайтты.

 

“Хан бол” деген қағазды жазған өзі,

Жас ағып қарап тұрды екі көзі.

Патшалықтың рәсімін үйретуге,

Осы екен бұл Жағыпардың шыққан кезі.

 

Сол жерде естіген соң қайтты дейді,

Өкініп атының басын тартты дейді.

Халифаға келді де уәзір Жағыпар,

“Қасым ер өліпті” деп айтты дейді.

 

Халифа хатты көрді қолына алып,

Есітіп іші кетті оттай жанып.

“Өлді Қасым ер ” деп естіген соң,

Падиша тақытынан түсті талып.

 

Хакимдер тез тұрғызды дәру қылып,

Патша басын көтерді қайран болып.

Көзінен жасы ағып, “уа, дариға” деп,

Көңілін тыйып отырды ақылы келіп.

 

Хатты тағы оқыды көзі жайнап,

Ашуы халифаның келді қайнап.

“Бір хикмет бұл арада бар шығар”, – деп,

Уәзірден басқа жұртты шықты айдап.

 

Екеуі оңаша үйде қалды жалғыз,

Қасымның өлгенінде бар шығар сөз.

“Қас еді уәзірі мен хан екеуі,

Түбінде хақиқатын есітерміз”.

 

– Уәлисі біздің хатты көрген шығар,

Залымдықпен хасад қып жүрген шығар.

Уәлисі уәзірімен дұшпан еді,

Екеуінің қасадымен өлген шығар.

 

Жағыпар айтты: – Рас шығар осы сөзің,

Бір істі естіп едім менің өзім.

Менің айтқан сөзімді қабыл көрсең,

Екеуін алып келсем сізге өзім.

 

Уәзір сөзін халифа мақұл көрді,

Уәзірге бес жүз әскер қосып берді.

Хан мен уәзір екеуін ап келмекке,

Уәзір Жағыпар бас болып іздеп жүрді.

 

Ол уәзір Басыраға жүріп кетті,

Хан, уәзірді ап келмекке ниет етті.

Уәзір Жағыпар аттанып бара тұрсын,

Ер Қасымнан сөйлелік енді кепті.

 

*        *        *

 

Сағана сарай қылған көрін оның,

Құдай аман сақтаған жанын оның.

Қырық қарақшы жол түсіп керуен тілеп,

Жиып айдап келіпті барлық малын.

 

Малын алып қарақшы жөнеп кетті,

Сол моланың түбіне келіп жетті.

“Бұ малдарды қай жерде бөлеміз?” – деп,

Жиылып сол молада кеңес етті.

 

– Шам жағып бұ күмбезде болсақ нетті,

Кісі көрмес жер екен өзі епті.

Шам алып  күмбезге кірген екен,

Қасымнан есітіңіз қызық кепті.

 

Сол жерде Қасым жатып  есі кірді,

Кебініні сүйретіп түрегелді.

Қырық қарақшы сол жерде қайран қалып,

Түрегелген Қасымды бәрі көрді.

 

Сол жерде ол Қасымнан жауап сұрды,

Ер Қасым жігіттерге сәлем берді.

Кебінін үстіндегі жұлып алып,

Қасымның қырық кісіні көзі көрді.

 

Қырық кісі қарап тұрды аң-таң қалып,

Кейбірі қорыққанынан  талып қалып.

– Өлген кісі, тіріліп түрегелдің,

Өлгеннен соң тірілдің, жаным, нағып?

 

– Сірә, мен тағдыр жетіп өлгенім жоқ,

У беріпті бір қонақ, білгенім жоқ.

У бергенін қонақтың білген болсам,

Ол асты ішпес едім, дүние боқ.

 

Жата-жата өзіме есім кірді,

“Ал, құлым” деп, Құдайым медет берді.

Қанша от, тататын дәм, қанша су бар,

Сіздерді патша Құдай кез келтірді.

 

Мені жолдас қылыңдар қасыңызға,

Құдайым қуат бергей басыңызға.

Бір өлімнен құтылдым Құдай оңдап,

Ұзақ ғұмыр бер, Алла, басымызға.

 

Құдайым ерге берсін таудай талап,

Қырық кісіні мен тұрмын мыңға балап.

Мені осы өлімнен құтқарсаңдар,

Не алсаң да беремін менен қалап.

 

Қырық жігіт оны алып жүрмек болды,

Алланың не салғанын көрмек болды.

Осы өлімнен құтқарса бұ байғұсты,

Не тілегі болса да бермек болды.

 

Қырық жігіт бұ Қасымды алып кетті,

Бір үлкен тау бар екен оған жетті.

Бір тынығып бұ жерде алалық деп,

Сол тауда бір-екі күн сабыр етті.

 

Алты күнде уәзірі көрге келді,

Уәзір шіркін Қасымға қастық қылды.

Өлтірейін деп келсе, ол Қасым жоқ,

Қайтып келіп іздеді тамам елді.

 

Көр алдында қырық аттың ізі жатыр,

Не деріні білмейді уәзір батыр.

“Осылармен тіріліп кеткен шығар,

Қай жаққа кетті екен?” деп іздеді ақыр.

 

Сол ізді көрді дағы қайтып келді,

Әңгімесін патшаға айтып келді.

– Тіріліп ол көрінен кеткен екен,

Ұстамасақ бүлдірер тамам елді.

 

Атқа мініп Қасымды қуалық біз,

Бірге мініп қуыңыз, ей, тақсыр, сіз.

Осыдан қолға түспей, кетіп қалса,

Жаныңыздан, ей, тақсыр, күдеріңді үз.

 

Хан сонда мың кісімен  іздеп кетті,

Үш күннен соң ол тауға барып жетті.

Шұңқыр қоймай,  тінтіңіз саяның бәрін,

Осы тауда жатпасын бұлар, – депті.

 

Жетіп келсе, бір сайда бәрі жатыр,

Ішінде бірге жатыр Қасым батыр.

Қырық кісімен Қасымды ұстап алып,

Шаһарға патша, уәзір келе жатыр.

 

– Бір арыз айта келдім, тақсыр, сізге,

Тілегімді бере көр, тақсыр, бізге.

Қасымды тамам жұрттың бәрі таныр,

Ұят болып жүрмесін өзіңізге.

 

Ей, тақсыр, Қасымды мен әкетейін,

Енді өлтірмей қоймасқа серт етейін.

Бақ-шарбаққа Қасымды алып барып,

Кісі көрмес бір жерге жөнелтейін.

 

Қырық жігітті, ей, тақсыр, сен байлап ал,

Алып барып оларды зынданға сал.

Қасымды біз көрдік деп жанға айтпасын,

Жігіттердің аузына тыю сал.

 

“Құп болар” деп Қасымды алып кетті,

Бір заманда шарбаққа барып жетті.

Бақ-шарбақта бар екен терең құдық,

Сол құдыққа салмаққа апарыпты.

 

Тоғыз құлаш бір құдық һеш суы жоқ,

Құдыққа салар болды, дүние боқ.

“Бұ құдықта мен енді өлемін”, – деп,

Қасымның шыбын жаннан үміті жоқ.

 

Бар екен уәзір ұғлы бақ-шарбақта,

Жетіп келді атасын көрген шақта.

Екеулеп ол құдыққа тастадылар,

Қасым айтты: “Құдай-а, өзің сақта!”

 

Қасым байғұс құдыққа түсіп кетті,

Бір заманда түбіне барып жетті.

Құдай өзі сақтаса һеш пәле жоқ,

Сүйегі күл-күл болып өлсе нетті.

 

Баласына  бұйырды тас таста деп,

Қас сағынған кісіге бола ма еп.

Таспен көміп тастады бұ зынданға,

Дүниеге енді Қасым шықпасын деп.

 

Ол Қасым тас тиер деп қорғанады,

Үңгір қазып жатарға ой қылады.

Құдықтың кемерінде бір тас жатыр,

Ол тастың төңірегін тырналайды.

 

Тырнай-тырнай  ол тасты қопарады,

Ол тастың орынынан су шығады.

Бейне дария суындай тасып кетіп,

Қасымды жоғарыға шығарады.

 

Су шығып тас орнынан тасып кетті,

Құдықтың аузына Қасым шықты.

Су көтеріп аузына келгеннен соң,

“Иә, Ахад” деп құдықтан шыға кепті.

 

Қасым шықса ұйықтап бала жатыр,

Тасты тастап ұйықтапты бала кәпір.

Таспен ұрып баланы өлтірді де,

Құдыққа салып кетті Қасым батыр.

 

Баланы өлтірді де қашып кетті,

Бір бұлақтың  басына келіп жетті.

Бірталай керуен келді  ол бұлаққа,

“Бұл керуенге тілдессем қайтер?” – депті.

 

Керуен жаққа ол Қасым бір-бір басты,

Керуен де ол бұлаққа жақындасты.

Алдында келе жатқан керуенбасы

Келді де, ол Қасыммен амандасты.

 

– Жаяу жүрген бейшарасың неткен жан,

Жөніңді айта көрші, жарқын, маған.

Бейне азап көргендей түсің қашып,

Не болды мұнша жүдеп, жаным, саған?

 

– Мен бір жүрген бейшара ғаріп құлың,

Кедейліктен көңілімде бар-ды мұңым.

Мен бір байға қызметкер болар едім,

Жүрер ме едім мен жаяу болса пұлым.

 

– Олай болса қызметкер болшы маған,

Жүремісің бес тілла берсем саған.

Өзің жақсы мүләйім көрінесің,

Қызмет қылсаң бір жылға есен-аман.

 

Бес тіллаға ол Қасым жүрмек болды,

һәрне ойлап көңіліне қайғы толды.

һәр сөйлеген сөздері балдан тәтті,

Қызмет  қыла біледі һәрбір жолды.

 

Жүрсе-тұрса біледі бір-бір жолды,

Қызметіне ол байдың көңілі толды.

Қызметкерге жарымай жүрген екен,

Сол Қасымды алды да жолы болды.

 

Қасымды алып ол керуен жөнеп кетті,

һәрне қылса Қасымның қолы епті.

Бір күннен соң ол керуен көшіп келіп,

Бір бақ-шарбақ жанына келіп жетті.

 

Қасымменен қас ханның шарбағы екен,

Ол шарбақты хан қызы қылған мекен.

Алыс көшіп талықсып сол керуен,

Ол шарбақтың тұсына қонған екен.

 

Ол шарбақта бар екен ханның қызы,

Қапалықтан дертті екен оның өзі.

Бақ-шарбақта сейіл қып жүрсе ол қыз,

Қонып жатқан керуенге түсті көзі.

 

– Біреуің сол керуенге барып келші,

Асыл бұйым бар болса алып келші.

Бастан-аяқ аралап сол керуенді,

Қандай адам бар екен, біліп келші.

 

Айтқан соң бір-екі қыз жүріп кетті,

Бір уақта керуенге барып жетті.

– Асыл бұйым ханшамыз алмақ еді,

Сіздерде асыл киім бар ма? – депті.

 

– Бізде бар гауһар, жақұт, не асыл тас,

Маңлұқ, торғын, қазына тон аралас.

Жаратқанын пұл беріп ала берсін,

Ханшаға сәлем де, алдияр бас!

 

“Бағасын кім біледі асыл тасты,

Қайсыңыз барасыз?” – деп көп қарасты.–

Бір білсе, Қасым білер бұл бағасын,

“Барғын” деп Қасымға бай ақылдасты.

 

Бұйрық қылсаң барайын оған депті,

Мал бағасын біледі өзі епті.

Қасымды өзгесінен епті көріп,

Қасым барып саудалап келсін депті.

 

Қасым бұлды арқалап жүріп кетті,

Бақта отырған ханшаға барып жетті.

Бұлды арқалап алдына келіп еді,

Қасымды көріп ханшаның есі кетті.

 

Көргеннен соң Қасымға болды ғашық,

Қасына жетіп келді бір-бір басып.

Алдына жетіп келіп қолын ұстап,

Ханыша Қасыммен тұр жауаптасып.

 

Ханыша ашып көрді бұлдың бәрін,

Аралап көрген болды бұйымдарын.

Бұйым алмақ есінен шығып кетті,

Білмей тұр сол Қасымға не қыларын.

 

Қасымдай жігіт болмас қыз қылықты,

Өзі сұлу ол Қасым, сөзге епті.

Қасымнан һеш айырмас екі көзін,

– Сіз не қылған жігітсіз, жаным? – депті.

 

– Мен өзім бұ керуеннің қызметкері,

Келмейді керуенбасы, өзі кәрі.

Менен артық болмаған соң өзге жігіт,

“Барып сатып кел”, – деді баршалары.

 

– Келмейді керуенбасы болса кәрі,

Біреудің сен болсаң да қызметкері,

һеш армансыз дүниеден өтер еді,

Сендей болса һәр қыздың алған жары.

 

Мен жібермен, біреуге ұл болсаң да,

Егер де сатып алған құл болсаң да.

Сірә, сенен айрылман, қалқа жарым,

Сіз осында тұрасыз не болсаң да.

 

– Ай жүзді, шырын сөзді, асыл тасым,

Мені бекер алып қалма, замандасым!

Сізге қарсы сөйлеуге халім бар ма,

Керек болса  кесіңіз менің басым.

 

– Өзің көркем жігітсіз, қасың қара,

Ақ бетіңнен сүйдірші бірер пара.

Енді сізден айрылсам өлемін ғой,

Ғашық болған жүзіңе  мен бейшара.

 

– Кедей жүрген дүниеде мен бейшара,

Маған ғашық сен болсаң, не-дүр шара?

Бір патшаның баласы айттырып алар,

Біразырақ сабырлық қылып қара.

 

– Жүзіңді көргеннен соң болдым ғашық,

Жүре алман ғашықтықпен қадам басып.

Дертіне ғашықтықтың  шыдай алмай,

Ішім толып өлермін жанталасып.

 

– Патшазада ақсүйек мен емеспін,

Сені алуға, ханыша, тең емеспін.

Азар болса кедей жасып жүрген,

Ақылым һеш адамнан кем емеспін.

 

– һеш патшадан сені мен кем көрмеймін,

Патшаларға сені мен тең көрмеймін.

Не болса да, ей, жігіт, жанымда тұр,

Мен сені керуенге жібермеймін.

 

– Жібермесең не лаж болар маған,

Ұят келіп жүрмесін, қалқам, саған.

Қолымнан бар бұйымын тапсырайын,

Амандасып келейін барып оған.

 

– Пәруана боп тұрамын мен басыңнан,

Жібермеймін сені мен өз қасымнан.

Бұйым үшін уайым жеме, қалқам,

Бұйымды жіберемін жолдасымнан.

 

– Жіберіңіз, жолдасқа мен кетейін,

Қайтып сізге келуге серт етейін.

Амандасып келейін ризаласып,

Керуенді өз қолымнан жөнелтейін.

 

– Жібермеймін, қылсаң да он қайта серт,

Болады сіз келгенше бір үлкен дерт.

Болмай-ақ кетемісің, қалқа, жарым,

Мені сен қылышпенен өлтіріп кет.

 

Қыз көріп ғашық болды қызыл жүзін,

Қасым да қимай отыр қыздың сөзін.

Бір қыздан бұйымдарын жіберді де,

Тоқтатып алып қалды мұнда өзін.

 

Тұрды да қыз Қасымға құлдық қылды,

Бір қызбен жөнелтеді келген бұлды.

Алуа, шекер, шай, палау, ет келтіріп,

Алдында ол Қасымның ойнап-күлді.

 

Қыз күлсе де, күлмейді Қасым жігіт,

Қыздан, сірә, һеш уақта қылмас үміт.

Бетін сүйіп, мойнына асылса да,

Үйден қашып кетеді тысқа шығып.

 

– Айналайын мен сенің келбетіңнен,

Бір сүйдіріп қауышсаң ақ бетіңнен.

Аманатың сақтаулы өзімде тұр,

Оны алып, сен құтқар бұ дертімнен.

 

Қыз бен жігіт екеуі ақылдасты,

Ақылдасып екеуі жақындасты.

Әкесінің қысасын қайырмаққа,

Лақтай бақыртып бір-ақ басты.

 

Бұл Қасым жігіт десең жігіт сынды,

Бойын алғаш ол қыздың көңілі тынды.

Неше түрлі тамаша қызықпенен

Екеуі ғишрат қылып жүреді енді.

 

Керуенбасыға тапсырды қыздар бұлын,

– Қайда, – деді, – жіберген менің ұғлым?

Қыздар айтты: – Ханыша алып қалды,

Басшы қып тапсырам деп барлық бұлын.

 

Шама жоқ ол жігітті жоқтайтұғын,

Ашу қылып ханшаны боқтайтұғын.

Жүгін артып керуендер жөнеп кетті,

Лаж жоқ Қасым үшін тоқтайтұғын.

 

Ертеде – ойын-тамаша, кеште – ойын,

Түн болғанда жатқаны – жылы қойын.

Ішкені – арақ-шарап, ойын-күлкі,

Қасымның қызметіне қойды мойын.

 

Ғейіш-ғишрат қылдылар күндіз-кеше,

Күн өтті бұ арада  әлденеше.

Қасымға қыз болады бек мейірбан,

Жанын пида қылады Қасым десе.

 

Уәзірден біз айталық аз ғана сөз,

Сөзіме құлақ салып есітіңіз.

Уәзірдің соры қайнап ұғлын көрсін,

Қызықта жата тұрсын Қасым мен қыз.

 

***

Уәзір келді құдыққа  ұйықтап тұрып,

Жылады өліп қалған ұғлын көріп.

Су толған аузы білән ол құдықта,

Көреді өлтіргенін ұрып-ұрып.

 

Ол баласын құдықтан  тартып алды,

Алланың құдіретіне қайран қалды.

Баласын тез жуып көрге көміп,

Айтайын деп патшаға қайта салды.

 

Атқа мініп патшаға жүріп кетті,

Аз заманда патшаға барып жетті.

– Тағы айырылдық, әй, тақсыр, ол Қасымнан,

Екеуімізді Құдайым ұрды, – депті.

 

Іздеп тауып келелік елде болса,

Өзіміз тауып алар жерде болса.

Бір бүлік салар бізге осы Қасым,

Таптырмай бұ дүниеде тірі жүрсе.

 

Мың кісі атқа мініп жүріп кетті,

Тау-тасты қоймай оны іздетіпті.

Сол жүргенде мың кісі бір ай жүрді,

Таба алмай ол Қасымды есі кетті.

 

Таба  алмай бір айдан соң қайтып келді,

Таппадық деп падишаға айтып келді.

– Қайталық елімізге, тақсыр ханым,

Аралап әбден болдық тамам елді.

 

– Бұл Қасым пәле болды енді бізге,

Сіздер тарқап кетіңіз еліңізге.

Бақ сарайда бір қызым ауру еді,

Амандасып келейін барып қызға.

 

Жалғыз кетті падиша  бақ-шарбаққа,

Қызының көңілін барып сұрамаққа.

Анадайдан ол қыздар көріп тұтып,

Қарсы шықты патшаны көрген шақта.

 

Қызы менен әкесі амандасты,

Амандасып сөздерін тамамдасты.

Қараса, қызы тәуір болған екен,

Жазылғанын көрген соң көңілі тасты.

 

– Шырағым, оңалдың ба тәуір болып,

Жүрмісің көңілің шат ойнап-күліп.

Әдейі сенің үшін келіп едім,

Кетейін деп мен келдім халің біліп.

 

– Шүкір Алла, тәуірмін, көңілім жай,

Ішкенім күндіз-түні қант пенен шай.

Кеселімнен жазылдым осы күнде,

Мұнда тұрып қайтамын енді бір ай.

 

Әкесіне жегізді түрлі асын,

Амандығын сұрады мал мен басын.

– Әке, сіз рұқсат берсең, қайтар едім,

Ұйқым келіп ауырды тағы басым.

 

Әкесі рұқсат берді көңілі еріп,

Төсегін әкесінің салып беріп,

Әкесінің рұқсатын алғаннан соң,

Өзінің ордасына келді кіріп.

 

Ханыша қайтып келді ордасына,

Қасым айтты: – Кел, отыр өз қасыма.

Сен кеткелі бірталай заман болды,

Ынтызар болып тұрмын дәл басыңа.

 

Қасым сонда тұрды да намаз қылды,

Қызын және көргелі патша келді.

Терезеден хан келіп сығаласа,

Намаз қылған Қасымды көзі көрді.

 

Намазын оқып тұрды Қасым батыр,

Сығалап көріп тұрды патша уа ақыр.

“Іздеп жүрген дұшпаным мұнда екен”, – деп,

Ойына талай ойды алып жатыр.

 

“Мұны кіріп ұстасам қашып кетер,

Жазаласам өзімді тек өлтірер.

Құлып салып кетейін есігіне,

Жіберсем жасауылдар ұстап келер.

 

Ұстатып бұл Қасымды өлтірейін,

Үкімімді жеріне келтірейін.

Шапшаң барып, жіберіп палуандар,

Өлтіріп көз көрмеске жіберейін”.

 

Есігіне құлыбын салып кетті,

Шапқылатып шаһарға барып жетті.

Күзетші кемпір мұның бәрін біліп,

– Сіздерді хан көрді, – деп хабар етті.

 

Сіздерді патша  көріп үйге кетті,

Кідірмей қайтып келер сізге де енді.

Терезені бұз дағы далаға шық,

Қашпасақ біз көрерміз үлкен кепті.

 

Үшеумізді өлтірер ұстап алып,

Бір жерге біз жетелік қашып барып.

Өлтірмес деп ойлама қызды дағы,

Біздерді өлтірмегі тым-ақ анық.

 

Хан көрді дегеннен соң есі кеткен,

Жалғыз жаным қалса деп үміт еткен.

Аялдаса хан келіп ұстайды деп,

һеш нәрсе ала алмастан қашып кеткен.

 

Әйнекті бұзды дағы қашып кетті,

Он күн, он түн жол жүріп тауға жетті.

Тау ішінде бар екен бір жалғыз үй,

Ол үйге бұл үшеуі қонам депті.

 

Бір кемпір бар екен, қон деп айтты,

Бұйрықты кемпір берген дәмін татты.

Үшеуі төсек салып жатып қалды,

Шаршапты бейшаралар жаман қатты.

 

– Біздерді қонақ қылдың, кемпірім, – дер,

Бұл таулар не деген тау, не деген жер?

Бұл жерде қандай шаһар, қай патша  бар,

Кемпір шеше, біздерге жауабың бер?!

 

– Бұл жерде бір шаһар бар Бағдат атты,

Патшасы һарон Рашид салтанатты.

Егін, тары – анлары болады арзан,

Барғандар пайда табар жаман қатты.

 

Бір арқа отын бірталай ұн болады,

Сатып алсаң екі пұт ұн болады.

Жаяуға ат, жарлыға тамақ болар,

Сол шаһарға барғаның жөн болады.

 

Ол жерден бұл үш пақыр жүріп кетті,

Екі күнде Бағдатқа барып жетті.

Жақын жерде бар екен біраз қыстақ,

Бұл жартаста жаталық біздер депті.

 

һешкімге көрсетпейді қыздың жүзін,

Пайда қып асырады өзі-өзін.

Жартаста бұл үшеуі жата тұрсын,

Сөйлелік қыз әкесі ханның сөзін.

 

Хан жүріп Басыраға барды жетіп,

Мың кісіні аттандырды жарлық етіп.

“Ұстап алып мұндарды өлтірелік,

Сыртынан кетіп едім тас бекітіп”.

 

Келселер бау-шарбаққа Қасым, қыз жоқ,

Кемпір де бірге кеткен, дүние боқ.

Тау-тастан іздеп-іздеп таба алмады,

һеш хабарын білмейді, көргені жоқ.

 

Таба алмай мың кісілер елге қайтты,

Таба алмай ол Қасымды басы қатты.

“Бір сұмдық енді бізге болды ғой”, – деп

Патшаменен ол уәзір көп жылапты.

 

Таба алмай іздеп-іздеп жата тұрсын,

Әуре болып бастары қата тұрсын.

Ер Қасым отын алып Бағдат барып,

Отынын ол базарда сата тұрсын.

 

Қасым барып даладан отын алды,

Кемпір мен қыз жартаста жатып қалды.

Шаршап терлеп базарға барғаннан соң,

Отынын Қасым байғұс жерге салды.

 

Отынын ол базарға салады екен,

Пұлына екі пұт ұн алады екен.

Жарымын өздеріне ауқат қылып,

Жарымын “риза-и Ахад” қылады екен.

 

“Өзім ішіп тамаққа тоймайын, – деп,

Әйтеуір кәсібімді жоймайын, – деп.

Жаныма ахиретте пайда болар,

Жомарттық әдетімді қоймайын”, – деп.

 

Жаяулап отын сатып қылдым кәсіп,

Құдай-а, халалдықтан бергін нәсіп.

Отынға арқа сүйеп  ой ойлайды,

“Алланың жазғанына шарам нешік?”

 

“Байлық кетіп бейшара болды бір құл,

Отын сатпай табылмас бір жалғыз пұл.

Неше өлімнен құтылдың, байғұс Қасым,

Жаныңның қалғанына шүкірлік қыл.

 

Отын алып келгені бірталай жер,

Жаяу жүріп арқадан ағыпты тер.

Дәулетің Құдай оңдап тағы келер,

Жарымын тапқаныңның қайырға бер”.

 

Отырды осылайша қиял ойлап,

Қарайды жан-жағына бойлап-бойлап.

Басырада өзіме қонақ болған,

Кез қылғай сол кісіні Құдай айдап.

 

Отынын жерге қойып отыр нағып,

Ән салған қыз әйнектен көрді бағып.

Осы отырған Қасымның тап өзі деп,

Көзінен кетті жасы тыймай ағып.

 

Ол жарианы таныды Қасым көріп,

Патшаның сарайына келді жүріп.

“Мейманға инғам қылған жариам ба?”– деп,

Қасым сонда қарады тоқтап тұрып.

 

Үйден шығып Қасымға ол қыз келді,

Көрген соң бірін-бірі таныды енді.

Қасымды анық өзі таныған соң,

Жығылып аяғына басын қойды.

 

– Тұр, – деді Қасым қызға, – көтер басың,

Сен патшаның сарайында нағып жүрсің?

Шыдамай бірін-бірі таныған соң,

Көзінің екеуі де төкті жасын.

 

– Көргелі барған екен патша  сізді,

Жомарт деп естіген соң өзіңізді.

Сырын айтпай мейман боп қонғаннан соң,

Хадие қылып едің сонда бізді.

 

Жақсы көріп падиша  кеткен қайтып,

“Хан болсын” деген сізді бұйрық айтып.

Өлді деп сізді патша  естіген соң,

Жаман қатты қайғырды қапа тартып.

 

Мен бұ жерде алданып тұрмайын көп,

Сізді патшаға айтайын тірі екен деп.

Сіздің тірі екеніңді патша білсе,

Жаман қатты шаттанып, қуанар бек.

 

Жүгіріп барып ханымға хабар берді:

– Жүріп көрші, таныдым Қасым ерді.

Өлді деген Қасым ер міне тұр, – деп,

Өкіріп-өкіріп қыз байғұс жылай берді.

 

Ханымменен екеуі қарап тұрған,

Қасымға бұл екеуі мойын бұрған.

Патша артынан бұларға жетіп келіп,

– Кімге қарап тұрсыз? – дер Құдай ұрған.

 

Патшаға құлдық қылды сонда бұ қыз:

– Біздер қарап Қасымды танып тұрмыз.

Өлген Қасым дәл бүгін тіріліпті,

Сол ма екен деп көңілге алып тұрмыз.

 

– Қане? – деп ол падиша  көзін салды,

Көрді де ол Қасымды тани қалды.

Мен көрген Қасым жомарт осы ғой деп,

Шақырып бір уәзірді қасына алды.

 

Бір жасауыл барды дағы алып келді,

Жетіп келіп ол Қасым сәлем берді.

Падиша түрегеліп құшақтасып,

Өзі сөзге келместен жылай берді.

 

Падишамен көрісті құшақтасып,

Көңілі ер Қасымның қалған жасып.

“Өлді деген Қасым ер сенбісің?” – деп,

Падиша көріседі амандасып.

 

Сонда Қасым таниды падишасын,

Өзіне қонақ болған замандасын.

Анықтап падишаны таныған соң,

Жығылып аяғына қойды басын.

 

Патша айтты: – һәрне іс бір Құдайдан,

Басың көтер, сөйлегіл халі-жайдан.

Өлді деп, Қасым, сені естіген ем,

Мағынасын айт, тіріліп келдің қайдан?

 

Патша айтты: – Сөйлеші, Қасым, сырың,

Дүниеде сайыпқыран жомарт ерім.

Саған жетер дәулетті жан жоқ еді,

Нағып тастап жүрсіңіз қазына жерің?

 

Мен саған Басырада қонақ болдым,

Алдымда қызмет қылып аттай желдің.

Қанша көп зияпаттап иқрам бірлән,

Қисапсыз көп малдарды инғам қылдың.

 

Қасым ерім, бұ күйге түстің нағып?

Қазынаңды көріп ем таңғажайып.

Сонша мал-мүлкіңнің бәрін тастап,

Жүдеп жүрсіз неліктен қапаланып?

 

Сонда Қасым патшаға сырын айтты,

Көргенінің қалдырмай бәрін айтты.

Ханы менен уәзірдің қас болғанын,

У беріп көрге көмген жерін айтты.

 

Сөйледі Қасым жомарт өткен халді,

Падиша таза тыңдап құлақ салды.

Бастан кешкен сөйледі уақиғасын,

Естіген барша жұрттар қайран қалды.

 

– Нәсіп қылды хан қызын Құдай маған,

Сол қызбен қасымда бар кемпір анам.

Бір қыстақта қалған-ды ол екеуі,

Бірін қоймай сөйледім, тақсыр, саған!

 

Халифа тыңдап тұрды Қасым сөзін,

Отыртты алтын таққа патша өзін.

Халифа айтты: – Болысқан саған Құдай,

Қастық қылған алыпсыз ханның қызын.

 

Бұйрық жазып, сізді хан болсын деп ем,

Сізді уәли қылудың қамын жеп ем.

Сол себептен өлтірген хан мен уәзір,

Дұшпандығын олардың енді білдім.

 

Көп жақсылық көрерсіз енді бізден,

Өлгенше разымын, Қасым, сізден.

Сізді өлтірген Басыраның хан, уәзірі

Обалдан қорықпаған, діннен безген.

 

Ол Қасым кедей еді, байлық тапты,

Үстіне асыл жібек шапан жапты.

Қыз, кемпірді алдырып ол падиша,

Үшеуін сарайға ап кеп құп сыйлапты.

 

Үшеуіне һәр түрлі тон кигізді,

Алуа, шекер, палау мен бал жегізді.

Бақ-шарбаққа Қасымды ертіп келіп,

Түрлі алуан тамаша іс көргізді.

 

Патша айтты: – Сөзімді есітіңіз,

Келеді асықпасаң дұшпаныңыз.

Сізді өлді дегенде-ақ бұрын ойлап,

Басыраға көп кісі жібердік біз.

 

Қасым мұны есітіп шүкір қылды,

Патшаға қол қусырып тағзым қылды.

Падиша тамашалар көргізем деп,

Қасымды бір жақсы үйге алып келді.

 

Ол үйде көрді қызық алуан-алуан,

Жаюлы тұр өңі алтын бір дастарқан.

Биқисап көп тағам тұр дастарқанда,

Ішіп-жеп тысқа шықты ол бөлмеден.

 

Зүбайдаға келеді онан шығып,

Көргелі тамашалар таққа отырып.

Қасым менен падиша  таққа отырды,

Зүбайда жүгіреді мұны көріп.

 

Алтын таққа Қасым мен патша  отырды,

Жариалардың патшаға бәрі жүрді.

Өзге қыздың бәрінен артық сұлу,

Шарқи оқитын бір ақылды қыз бар еді.

 

Зүбайда айтты: – Есіткіл енді, қыздар,

Патша келді сарайға, тұрыңыздар.

Әдеп бірлән тауадұғ тағзым қылып,

Патшаға жақсы ойын қылыңыздар.

 

Ішіндегі жырлаған ол сұлу қыз,

Ол қыздың тамашасын есітіңіз.

Сылқ жығылды Қасымды көрген жерде,

Есін білмей жатады болып хошсыз.

 

Қайран болып тұрады қыздар оған,

Жылады өзге қыздар қылып фаған.

Зүбайда патшаменен бір-бір басып,

Бір-бір басып келеді қызға таман.

 

Жығылған қыз көтеріп алды басын,

Оны көріп сылқ түсті Әбілқасым.

Падиша сасқалақтап жетіп келіп,

Өзі сүйеп Қасымның тұрды басын.

 

Бір уақта Қасым айтты есін жиып:

– Қанша жыл ғашық отымен жүрдім күйіп.

Есіңізде бар ма екен, падишаһым,

Мен айтқан ғашық жарым жаннан сүйік.

 

Оның мен қасіретіне болғам душар,

Дидарын бір көруге болғам іңкәр.

Дүрдана махбүб жарым анау тұрған,

Жанатып қасіреттігін мәслүб қарар.

 

Нілге тастап жіберген екеумізді,

Сау-саламат сақтаған Тәңірім бізді.

Мағшұғымның уасафын баян қылып,

Көп қайран қылып едім өзіңізді.

 

Дүрдана халифаға қарсы жүрді,

Падиша: – Келме мұнда, тек тұр! – деді.

Нілден нағып саламат шықтыңыз? – деп,

Халифа Дүрданадан жауап сұрды.

 

Дүрдана падишаға берді жауап,

Еңкейіп басқан ізін қылды тауап.

– Жалладтар Нілге атып жібергенде,

Тұншығып аға бердім суды сабап.

 

Бір уақта суға баттым халім кетіп,

Әбден ішім лық толды суды жұтып.

Тірліктен үмітім үзген шақта,

Тоқтадым бір нәрсеге іліне кетіп.

 

Ілінгенім – қауғасы балықшының,

Айтайын, тақсыр, сізге барлық шыным.

Балық деп ол балықшы тартып алды,

Судан шығып бірқатар талықсыдым.

 

Ажалсыз адам һәр кез өлмейді екен,

Біреудің дұшпандығы болмайды екен.

Тұғры ажал келмесе Құдіретінен,

Пендесін бір себеппен қорғайды екен.

 

Біраз жатып бір заман есім кірді,

Ес кірген соң үйіне алып жүрді.

Үйіне алып келген соң ол балықшы,

“Кімсіз?” деп сонда менен жауап сұрды.

 

Көп құсып, есім жиып, көзімді аштым,

Сөйледім балықшыға сәргөзәштім.

Бастан-аяқ сырымды баян қылдым,

Зәресі кетті онан соң ол байғұстың.

 

Балықшы қорықты “патша өлтірер” деп,

Мені сатып жіберді жариам деп

Бағдатқа баратұғын бір құлшыға,

Мені ұстап тұруды көрмеді еп.

 

Ол құлшы мені сатып алып кетті,

Бағдатқа неше күнде келіп жетті.

Мені мұнда ол құлшы алып келіп,

Сеида Зүбайдаға каби етті.

 

Ажалдан қалдым сөйтіп, шаһым, – деді,

Көңлімде көп-дүр менің аһым, – деді.

Көрмеген екен бұрын патша мұны,

– Рас екен сұлулығы, Қасым, – деді.

 

Дүрдананы падиша көрді қарап,

Бәйгі атындай бауырынан тұрған жарап.

Өзге қыздың бәрінен он есе артық,

һеш пендең тең келмейді оған тарап.

 

– Рас екен, – деді патша, – Қасым, сөзің

һеш мұны көрмегенмін бұрын өзін.

Құлдықтан Дүрдананы азат қылдым,

Патша айтты Зүбайдаға: – Тыңда сөзім.

 

Бір-бірін бұл екеуі сүйген екен,

Наренің  ….. *  күйген екен.

Ғашықты мағшұғына қауыштырсақ,

Біздерге бір сауап болар ма екен?!

 

Екеуін қосты сонда некаһ қиып,

Патша үш күн той қылды жұртын жиып.

Жетеді мұратына екі ғашық,

Жылап жүрген көзінің жасын тыйып.

 

Қосылды мағшұғына жомарт Қасым,

Патшаның аяғына қойды басын.

Қасым сонда патшаға арыз қылды:

– Мен сізге тапсырдым, – деп қазынасын.

 

Патша айтты: – Бұ сөзді қылман қабыл,

Өзің тасрафында жомарттық қыл.

Қуанышпен кешіріп ғұмырыңды,

Үлкен-кіші өзіңіз рахат көргіл.

 

Қасымға патша  бұлай жауап берді,

Халифа құрмет етіп Қасым ерді.

Басыраға жіберген Жағыпар фазыл,

Қасымды о да келіп көзі көрді.

 

Ол Жағыпар Басыраға барып келді,

Ханы менен уәзірін алып келді.

“Енді бізді халифа өлтірер”, – деп,

Жандарынан көңілі қалып келді.

 

Кілем салды Басыраның хандарына,

Халифа бірге отырды жандарына.

Халифа енді ханды тергей берді,

Машақат қайғы салып халдеріне.

 

– Мен хат жаздым Қасымды хан болсын деп,

Хан қылмаған сіздерге бола ма еп.

Менің айтқан әмірімді тыңдамаған,

Не деген іс бұл өзі, не деген кеп!

 

– Жазған хатың біздерге, тақсыр, барды,

Ғаріп құлың ол хатты қабыл алды.

Жарлығыңды біз қабыл алып едік,

Хан болғанша Қасым ер өліп қалды.

 

Халифа: – Қасымды алып келші! – депті,

Шақырғалы Қасымға бір құл кетті.

Сәлем беріп ол Қасым кірген екен,

Бұлардың көргеннен соң есі кетті.

 

Есі ауып ол ханы жығылыпты,

Қарап отыр ол уәзір тым-ақ мықты.

– Өлді деп тірі адамды, әй, залымдар,

Өлген кісі бұ жерде тірі шықты.

 

Ұялмай не деп айттың жалған кепті,

Тірі адамды “өлді” деп айттың, – депті.

Сондай қызық мен саған көрсетейін,

Өлтірмей мен қоймаспын сізді, – депті.

 

Ұялмай маған айттың жалған сөзді,

Буыңа теңгермедің, сірә, бізді.

Бетіңе күйе жағып, ел кездіріп,

Жүзіқара шерменде қылсам сізді.

 

У бергендей не қылды Қасым саған,

Не мүшкіл қылып еді, айтшы маған.

Көп азапты екеуің көрсетіпсің,

Қызыңды бұйрық қылды Құдай оған.

 

Хан айтты: – Бұйрығыңды бұзғаным жоқ,

Орнымды бермек едім, дүние боқ.

Абулфатах азғырды шайтан болып,

Бұ сөзім сізге күмән, Құдайға анық.

 

Өлтірмек боп у берді уәзір оған,

Өлтірем деп серт қылды, тақсыр, маған.

“Ісі аққа Құдай жақ” дегендейін,

Қызымды алып келіпті Қасым саған.

 

Неше жылдай хан болып, ойнап күлдім,

Өлерімді, ей, тақсыр, енді білдім.

Уәзірдің тіліменен жолдан шығып,

Бұ күні алдыңа кеп пенде болдым.

 

Патша айтты: – Теріңді тілдірейін,

Иегіңнен істікке ілдірейін.

Өзімнен кейінгіге болсын сәнәт,

Өзімнің патшалығым білдірейін.

 

Бұйырған соң жалладтар ұстап алды,

Аяқ-қолын екісін байлап салды.

Екеуінің қылғанын жұрт естіп,

Естіген жұрт һәммасы қайран қалды.

 

Қасым айтты: – Жаһанға халифасың,

Мен тіледім, бұлардың кеш күнәсін.

Абулфатахты өлтірсең кегім бітер,

Атам болған уәлиді не қыласың.

Мен тіледім, ей, тақсыр, атамды бер,

Ол өлгенмен һеш тоймас бұл қара жер.

Уәзірдің тіліменен азған екен,

Өз көңліммен ол атам қылмадым дер.

 

Патша айтты: – Бұл ханның байлауын шеш,

Мұнан былай харамдық қылмасын һеш.

Қызын алып Қасымның кегі бітті,

Уәзірді дарға асып, басыны кес.

 

Тәубе қылсын, кешейін күнәсін мен,

Тілімді алса нанайын о басынан.

Уәзірді дарға асып кескілеңіз,

Басын жүдә қылыңыз денесінен.

 

Сонда хан халифаға қылды құлдық:

– Ей, тақсыр, қадіріңді жаңа білдік,

Қасымға құл қылыңыз, тақсыр шаһым,

Не бұйырсаң ісіңе разы болдық.

 

– Қасым болсын Басыраға бір үлкен хан,

Тыңдап тұр бұл сөзімді, жиылған жан.

Олай-бұлай Қасымға қас қылғаның,

Тұқымыңмен құрырсың, сөзге илан.

 

Уәзірді шапқылатып дарға асты,

Дұшпаны өліп Қасымның көңілі тасты.

Уәзірді шапқылатып өлтірген соң,

Қорыққаннан уәлидің түсі қашты.

 

Халифа айтты: – Қасымжан, рахат жетті,

Рахат жетіп, басыңнан мехнат кетті.

Ханың байғұс өзіңе ата болды,

Атаңды уәзір қылып тұрсаң, – депті.

 

Ол Қасымға атасы уәзір болды,

Баяғы ауыр дәулет қайта қонды.

Басыраға уәли болды Қасым,

Дұшпанынан кек алып, көңілі толды.

 

Жаннан қорқып басында елден қашты,

Жаяу жүріп зар жылап қарны ашты.

Дүрдана мен хан қызын қабат алып,

Бақ-дәулеттің Құдайым есік ашты.

 

Мехнаттан құтылып, рахат тапты,

Халифа күтіп тұрды жаман қатты.

Он түйеге һәр түрлі қазына артып,

Қасымға мінгізіпті арғымақты.

 

Амандасып ол Қасым жүріп кетті,

Он күнде Басыраға барып жетті.

Үш күн бұрын еліне хабар беріп,

“Алдымнан тамам жұртым шықсын”, – депті.

 

Алдынан жұрты шықты атты-жаяу,

Хан атасы уәзір боп келді таяу.

Екі жағында келеді екі жұфұты,

Көңілінде жоқ Қасымның біттей қаяу.

 

Жұртыменен ол Қасым амандасты,

Шаттандырды бай-пақыр, кәрі-жасты.

Бастан кешкен сөйледі бар көргенін,

Аяғында барша жұрт көп жыласты.

 

Ол Қасым Басыраның ханы болды,

Дәулетке бақытпенен бірдей толды.

Пендеге Құдай берсе қиын емес,

Хан атасы өзіне уәзір болды.

 

Ажалсыз адам һәр кез өлмейді екен,

Ажалсызды Құдайым қорғайды екен.

Тура ажал келмесе тағдыр жетіп,

Кісі өлтірем десе де, болмайды екен.

 

Ол Қасым хан болыпты көп жыл әділ,

Таһир мұның перзенті, мұны да біл.

Сол орнына ер Таһир ие болды,

Олардың рухына бір дұға қыл.

 

Қасым хан боп биледі тамам елді,

Баяғы қырық қарақшыны алып келді.

Қырқына ат мінгізіп, шапан жауып,

Ол қырқын жақсы сыйлап қоя берді.

 

Ақыры бұ дүниеден олар да өтті,

Бір-бірлеп кейінгіге нәубет жетті.

Арасында көп жұмыс қабат болып,

Шүкір Алла, бұ Қасым енді бітті.

 

Маған берді Ахметкәрім екі кітап,

Бұларды беріңіз деп өлең жасап.

Өзі күйсіз, нәсір сөз өлең қылсаң,

Қазанға жіберем деп поштаға сап.

 

Онан соң өлең қылдым бұ қиссасын,

“Хикаят Сәлімжан” мен “Әбілқасым”.

Дінін раушан, көңілін тауфиқты ғып,

Құдайым мұсылманды жарылқасын.

 

Құлақ сал бұ сөзіме, дін мұсылман,

Дұға қыл Құдай үшін, оқыған жан.

Өзі күйсіз кітаптан өлең қылдым,

Аяғы осылайша болды тамам.

 

Жарандар, айып қылма қата болса,

Әйтеуір тамам болды не де болса.

Қатасыз бір Алладан басқа жан жоқ,

Рахмет айтқыл сөзіме көңлің толса.

 

Ахметкәрім ол өзі жақсы ноғай,

Өлең деген біздерге тіпті оңай.

Неше қисса шығардық өлең қылып,

Көңліме илһам берген соң Жаппар Құдай.

 

Өзім өлсем, артымда сөзім қалсын,

Тыңдаған жан құлағы құрышы қансын.

Құдай-а, кеш күнәһім фазылың бірлән,

Құлыңа ата-анадан мейірбансың.

 

Жарандар, құлағың сал мына кепке,

Сөзімде қата болса айып етпе.

Біз пақырға, жарандар, дұға қылғыл,

Шайхыслам ұғылы Жүсіпбекке.

басы,  соңы : https://kozhalar.kz/20219536-qissa-qasym-zhomart

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button