Сөз туралы сөз
Жырға жастайымнан құмар болдым. Үлкен ағаларымның «Әдебиет хрестоматиясы» кітаптарындағы барлық өлеңдерін жаттап тауыстым. Жаттағандарымды кешке әкеме айтып беремін. Ол кісі, (Нұрмахан Алматұлы 1900-1975ж) таспиғын тартып отырып үндемей тыңдайды. Соңында «Балам, жақсы екен»- дейді де, қояды… Өлеңнің мазмұны; Партия, Ленин, Октябрь, Алтын заң т.б… Қыс айы. Бір күні әкем:
– Балам, бүгін Олжекеңнің үйіне қонаққа барамыз – деді. Ол кісі атақты жырау Олжабай Жүргенов (1916-1973ж).
«…Олжабай, Махан, Шәймардан,
Келелі жүйрік бәйге алған.
Шабысына шаң ермес,
Тұлғасы топта байқалған… » (Ә,Жұматаев) деген, ел аузындағы адам. Қуанып кеттім… Біз келгенде ол кісі кешке қарай қорадағы малына шөп салып тұр екен. Біздің әкемді көріп, айырын тастай сала қолын қарға жуып, беліндегі орамалымен құрғатып сәлем берді. Ұзын бойлы, атжақты, қияқ мұртты, қараторы кісі еді… Сол күні кешке, ауыл-үйдің ақсақалдары жиналып Олжекеңді жырлатып үлен мәжіліс болды… Жұрт тараған соң әкем оңаша, шәй үстінде:
– Олжеке, біздің Алмасжанның да сөз жаттауға ынтасы бар-ау – деді. Ол кісі, қуанғаннан:
– Ойпырмай Қожеке, жас балалардың өлең жаттағаны жақсы ғой. Жақсы ғой! – деп жатыр. Одан әрі әкем:
– Олжеке, «Сауабы мол сөзден жаттаса»- деген ойым бар. Сізге келген «бұйымтайым» да сол еді,- деді. Олжекең:
– Ойпырмай, Қожеке-ай, ондай сөздер бар ғой… Кешегі заманда жанымыздан қорыққаннан көп дүниені өртеп жібердік қой… Ойымда қалғандарын қағазға түсіріп қойып едім – деп, іргедегі қобдишаның ішінен 5-6 дәптер алып шықты. Одан соң:
– Қожеке, мен «қисақ» әріппен түсіріп едім деп, әкеме ұсынды. Әкем қолына алып, дәптерді теріс жағынан ашты. Әкеме қарап аң-таңмын. «Әкемді көп біледі деп жүрсем, дәптерді қалай ашуды білмейді». Ол үйдің қыздары да дастархан басында қарап отыр. Ұят болды… Бетім дуылда кетті… Әлден соң әкем:
– Өзім амалдап берермін- деп, дәптерді маған ұсынды. Қолыма алған дәптердің бірінші бетін ашқанымда жүрегім дүрс ете қалды. Қара қаламмен маржандай дізілген араб әріптерін бірінші көруім еді. Әкеме қарасам ол кісілер басқа әңгімеге кірісіп кеткен екен… Маған да енді ештеңе керек болмай қалды. Ойым мына жазу не деп жазылды екен?… Тез үйге қайтуға асықтым… Сол алты дәптер, әкеміз екеумізге үлкен ермек болды. Түнгі Құптан намазынан кейін әкем жастықтың үстіне қойып оқып отырады. Бірінші жазған сөзім:
«Ер – деме, елге зұлым еткендерді,
Бай – деме, бейсахауат өткендерді.
Дана ет деп, дәрия заңлас дәрп етпеңдері,
Ізіне сөз тастамай кеткендерді.» – деген, Тұрмағамбеттің сөзі болды… Сонымен алты дәптерді аударып та болдым, жаттап та болдым. Содан соң барып әкеміз:
– Балам,сөз – үш тапқа (тарау) бөлінеді. Олар:
1. Айтуға болатын – естуге болмайтын сөз.
Ол, қандай сөз? Біреуді жаның күйгеннен қарғап, бәләғаттап жібердің. Біреудің сыртынан өсек айтып, ғайбат сөйледің т.б. Дәл сондай сөз бен істі өзің естігің, көргің келмейді ме? Балам,- онда өзге пендеге де азар беруден аулақ бол! Ол – Ібілістің ойыны. Адамды Мұсылмандықтан шығаратын «әзәзіл» азғындаудың белгісі болады.
2. Естуге болатын – айтуға болмайтын сөз.
Ол қандай сөз? «Біреу, біреуді балталап өлтіріпті», «Біреу, біреудің қызын қорлапты» т.б. сөздерді естігенде, бұрынғының үлкендері «Мал құлағы саңырау», оны адам тұрмақ малдың құлағына естіртпеңдер деп, тыйым салып отыратын… Жамандықты жария еткенің – жаманға көмектескенің.
Жаманға көмектескенің,- мұсылман баласына Алла бұйыртқан жақсылықтың жолын байлағаныңмен бірдей болады шырағым.
3. Айтуға да, естуге де болатын сөз. Ол, Алладан аманат,- «Қасиетті Құран» сөзі. Ғұламалар мен дана, шайырлардың үлгі-өнеге сөздері. Бұл сөздердің – айтқан жанға да, тыңдаған жанға да тигізер сауабы мол болады. «Сауабы мол сөз» дейтініміздің себебі осылай, балам.
Сондықтан, жақсы сөз, сыпайы мінез, ықылас, ілтипат, ізет, құрмет, ұят – иманның қабы дейміз. Олжекең, сондай сөздерді сақтаған кісі. Жаңағы қасиеттер ол кісінің
бойында толығымен бар. Жақсының жанында болсаң, -жамандықтан аулақ жүресің. Онда, алаңдамай сөзін қағазыңа аударып алып, уәделі күні аманатын қолына тапсыр – балам! – деді. Әуелі – Алла! Осылайша ол кісі біздің болашағымызға да бағдар салып кеткендей еді…
* * *
Бұл, сонау 1969 жылғы әңгіме. Ол кісілер айтқан «Айтуға болатын – естуге болмайтын», «Естуге болатын – айтуға болмайтын» әңгімелер бүгінгі күні ақпарат құралдарының жейтін наны, ішер сусынына айналды. Асылында адам өтірік айтпайды – заман өтірік айтады… Адам соның тұтқыны… Сондықтан – «Сауабы мол сөзден» тәлім алайық.
Әкенің өкініші
«Уах, дарих! Қадірін білген адамға,- адам қымбат-ау?!»- деген сөз, әкеміз Нұрмаханның (1900-1975ж) таспиғын тартып отырып, өзінен-өзі жиі айтатын әпсанасы* еді.
Бірде, Шәртімбай ақсақал:
– Қожеке, осы сөзді, жиі айтасыз. Ойыңыздан шықпай жүрген жұмыс бар ма? Әлде алыстағы ағайыныңыз еске түсе ме, бұл сөзіңіздің мәнісі қалай?-деп, сұрақ қойды. Қойылған сұрақ тура ойымнан шықты… Ел, халық «қожеке» деп қошеметтеп, алдынан өтпейді. Отбасы, әулетіміздің тыныс-тіршілігі осы кісінің қабағының астында, Бұл кісінің «батасын алмай» жұмыс бастамаймыз. Өзім болсам, ес білгелі осы кісінің «мырза малайымын». Бір сөзі қайт болмайды. Сонда бұл кісіге не жетпейді?-деген, сұрақ бала жігіт кезім, өзімді де мазалайтын…Әкеміз, сұрақты мұқият тыңдап алды да, тағы да үнсіздіктің дариясына сүңгіп кетті… Әлден соң уақытта,таспиғымен бет сипап калимасын қайырды да, жан-жағына қарап:
– Ой, Аллай! Біз,- адамның, қалдық қырындысымыз ғой, әттеген-ай!-деп,терең күрсініп басын шайқап отырып қалды…Тағыда үнсіздік… Әкемнің сабақты әңгімеге түскелі отырғанын білдім. Нұрбай, Бөршек, Шамшат, Айтуар ақсақалдар да бір- біріне қабақпен ымдап әңгімені күтіп, зейіндерін қойды. Одан әрі әкем әңгімесін бастап кетті:
– Кешегі әлеметшілікке (бай талау) дейін, ел іргесін сөкпей Қазалы үйезінің, «Заңғар» болысына қарап тұрдық қой. Аспанның, Кедей аталығынан 28 жыл болыс болған Әйбектің Бақа биі үлкейіп, сартөсек болып жатып қалғасын, болыстығын баласы Әбілтайға тапсырып, екі жылдан соң қайта сайлау болып, халық санының көбейуіне байланысты, ел екі болыс болып қайта бөлінді… Ырзақұл болыс болып, елдің күйлі-қуатты уақыты еді. Бақа би, бізді атамыз Таспа қожамен ақылдас, кеңестес болған адам. Сол кездегі ел айтады екен атамызды, Баханың жеке қожасы деп… Ерте көктемде ірі байлар Қрақұм мен Жаманқалаға(Орскі) дейін жайлап қайтады… Бізді, Ишандар аулы дейді. Жаңадарияның бойындағы Мырзалы деген жерде, ата-бабамыздың мешітінде отырамыз. Алмат балаларында, мешітке түскен пітір, садақа, үсір, зекеттің есебіндегі екі отар ешкілі уақ-жандығымыз, және көшершілік түйеміз болады. Артық мал болмайтын. Алмат қожаның алты әйелінің кішісі, біздің анамыз,- жарықтық, Бозғұл Бәубек Қаратамырдың қызы еді. Қазір, Тамдыда Есіркеп деген туған інісі тұрады… Әкеден, ұлдан тоғыз ағайынды болдық. Үлкен ағаларымыз Сапақ қожа, Алпамыс қожа, Биман қожалар ел билігіне араласып, қалғанымыз үйлі-баранды сол кісілердің ақыл-кеңесінің шылауында болдық. Бір анадан екеу едік. Алдымдағы ағамның аты Жүрмахан еді. Алты Аспанның баласы ажары мен туымына, ақылына, өнеріне риза болып «Бозша бала» атап мереке-сауығының сәніне айналып еді, 22 жасында көз тиіп қаза болды,- деді де,жанқалтасынан бет орамалын алып көзінің жасын сүртті. Осы әңгімені қанша тыңдасам, әкем соншама рет көз жасын құрғатпайды. Жетпіске келген кісінің әңгіме айтып отырып, осышама күйзелісінің мәнісін біз кейін, басқа түскен тұстары сезіндік …
Әкем әңгімесін әрі жалғап:
– Мешітті айналдыра жарты көш жер, Бүйенқақ, Дөңқазған, Борлы, Ұялы деген жерлерді жайлап жүреміз. Әр жұмада халық мешітке жыйналып жұма намазын оқып, ел ішіндегі хат-хабар талқыланып, дау-шар да сонда шешіледі. Мешітте сол заманның ғұламалары, Бұхари-Шарифтен ілім үйренген Дәрқожа ишан, Дінқожа ишан бастаған бірнеше кісілер, бала оқытып, дәріс береді. Бір ғана, Мағзаман бабамыздың әулет тұқымында Аму мен Сырдың аралығында он екі мешіт болды. Біз сол мешіттерден хат танып, қатарға ендік. Сырдан ішкі жұртқа қарай, (Өзбекстан, Қарақалпаққа қарай) «Қөкмешіт»,»Бурабайдың мешіті», «Мырзалының мешіті», «Сары ишанның мешіті» әрісі, Тақтакөпір, Төрткүлдің аузындағы «Абдулла махсұмның мешітіне» дейінгі жердегі ел сол мешіттердің айналасында сүттей ұйып отыратын. Ол кез, «Мағзаман әулие» бабамыздың заманынан бері қарай пір сайлап, қол берген Алшынның баласының барлығы туыс, иманы кәміл,- үлгілі заман еді… Қазір, ол мешіттердің опырылып орны жатыр… Елсіз дала болып қалды…
Жиырманың ішіндегі жігіттерміз, «базар шығып» Шорахан, Төрткүл, Бұхара берісі, Қазалы, Ақмешіт қалаларына «кіре»(сауда керуені) саламыз. Сол заманда, ел ішінде мұсылман баласы түсінбейтін «бейәдеп» сөздер көбейді. Бір сапары, Ақмешіттің базарында көліктерімідзді жүктеп жүргелі тұрғанымызда, бір топ адам халыққа уағыз айтып жан түршіктірді. Айтатындары, «Қожа менен молланы қойдай қуып айдаймыз..» «Құдайсыздар ұйымымыз»- дегенде, «Шымбай» көшесімен түйемізді айдап қаладан шыққанша қаштық. Бұл сол, 26 жылдың ерте күзі еді. Елге келіп
осы сұмдықты үлкендерге айтқанымызда, Дінқожа ишан әкеміз:
– Артында ызғары бар, «ауаза»*- ғой. Алла, біледі!?- деп, ойланып отырып қалды… Біз, Нарқызылда(Қызылқұм) жайсын жатқан қалың елміз. Ол, заманда Жаңадаря арнасына толып, кешу бермейтін. Екі бетіндегі сексеуілдің қалыңдығы сондай, түйелі кісінің төбесі көрінбейтін шаруаға жай,- қыста пана, жазда сая, абатшылық* еді. Ел, халықты біріктіріп аталарымыз дарияға көпір салғызған. Оны, жұрт «Мырзалының көпірі», бірсыпыра ел «Қожа көпірі» дейді. Өрдегі Ақмешіт, арқадағы Жаманқала, Орынбор, Көкжар, Ырғыздың кірешілері осы көпірден өтіп, Бұхара, Шорахан,Төрткүлге жететін. Мешітте арнайы керуеншілерге салынған керуен сарайы болды. Сол жерде халық сауда-саттық, айырбас жасап керек жарағын түгендеп жатады… Ұзын жолдың бойы. Мешітке де содан үсір, зекеттің* мал-текесі түсіп тұратын. Сол мал, келген қонаққа да, жүргіншіге де, өзімізге де жетіп жатады. Ортайса көктемде, күзде байлар, мешіттің сыбағасы деп әкелеріміздің батасын алып, ойды малға толтырып кетеді. Мыңдап көкалалы жылқы айдаған Аспанның Кедей аталығынан Айымқұл бай, Бейіс бай, оның баласы Ахмет, Бозғұлдың Шыбынтай аталығынан Әлдеберлі бай, Бозғұлдың Дөсек аталығынан Ерімбет хажы, Аспан Малбике Ізтелеу бай, Бозғұл Қаратамырдың Кәлпе аталығынан Рахмет байлар т.б. Төрт Шөмекейдің қорабалы сабасындай, елдің ұйтқысы болды. Жалғас жатқан «Аққыр болысы», «Түпбөгет болысы»,»Жамансыр болысы»,»Қамыстыбас болысы» әрісі Тауелі мен Бесқалаға дейін Әму мен Сырдың арасы ығысылған қалың ел едік-ау…
Ох, дарих! Кімдер келіп, кім өтпеді бұл пәниден?! Елге тұтқа болатын не ерлер, керуендей көшіп өте-ее шықты…
***
1973 жылы, Қармақшы ауданының «Жаңақала» с\з № 185 Орта мектебін бітіріп, әр отбасында той болып жатқан уақыт. Елдегі қалыптасқан дәстүр бойынша «Ауыл активтері» мен мектеп директоры, мұғалімдерін қоса шақырып бір мал сойып қонақ-асы беріледі. Апам мен үлкен ағайым Серік- Сәкеңнің дайындығы да тамаша екенінін білемін… Ол кісі Алматыдан оқуын бітіріп келіп, ауылдағы ау-райын бақылайтын мекеменің бастығы. Бірақ…
Біздің үй «Қожекеңнің» үйі. Әкеміз Нұрмаханды (1900-1975) ел «қожеке» деп атайды. Ол кісі қуанса да, ренжісе де «Жау қырылып қалды ғой!»-деп, отыратын жан еді. Келген кісілерге арақ-шарап қойылуы керек болып тұр. Бұл кісіге ондай әңгіме айтылуы мүкін емес… Қожекең келе жатыр деп ол замандағы бір-жар ішкен кісілер келесі көшемен айналып кетеді. Апам мен Сәкең маған: «өзің айтып түсіндір» – деп, отыр. Осы уақытқа дейін біз, тек әкеміздің қонақтарын күтіп қолына су құйып, ұлағатты сөзін еститінбіз. Қонақ жайғап болған соң, соңыра шәй үстінде: «Балам қонақтарың жақсы атқарылды. Жақсының малы жиында күйеді, жаманның малы үйінде күйеді – деген, малың семіз шықты»- деп, отырар еді. Мына қонақтың жөні бөлек болып тұр… Жұрттан қалуға тағы болмайды. Апам (Төлеу Төремұратқызы, 1925-2014) біз жағында… Түн жарымындағы «Құптан намазынан» соң төсегін салып, дәрет суын дайындап үйреншікті өзіме тиесілі істерімді бітіріп, әкеме қарсы шарта жүгініп отырдым. Ол кісі, жәйнамазының үстінде тасфих тартып отырды. Осы уақытта ол кісі басқа әлемде жүргендей көрінетін маған. Ұзақ уақыт үнсіздікте болатын… Кіп-кішкене қара шал. Бүкіл ел алақанына салып сыйлайды… Сәлден соң еңсесін көтеріп, қарсы алдындағы маған қарап:» Жау қырылып қалған екен ғой балам – демала берсең болады»-деді. Сол сәтті пайдаланып:
– Әке, Сізбен ақылдасатын шаруамыз бар еді – деп, қалдым. Ол кісі қайтадан тасфих санап кетті. Бір-ақ естіді… Есік ашық, келесі бөлмеде апам мен Сәкең отыр. Сәлден соң:
– Я, балам тыңдап отырмын – деп, маған назарын сала қарады. Көзі – қой көзді, қызылы көп терең де, өткір еді. Денем ұйып, бетім дуылдап кетті. Сол арақты өзім ішетіндей ішімнен үрей билеп, орнымнан тұрып кете жаздадым. Бір қарасам ол кісі жанарын төмен салып тасфиғын санап отыр екен. Біздікі дұрыс емес. Әкеме өтірік айтайық деп отырмыз. Бұл үйде олар келсе арақ ішіледі. Сосын…. Оны ойлағанда жүрегім тасырлап аттай шапты. Біреу, «Қожеке балаларыңыз солай жасапты»- десе ше? Бар аузыма түскен сөз:
– Әке, қонақ шақырайық- деп, едік… дегенді зорға айттым.
– Ә, болсын балам! Болсын! Шешелеріңнің «қара азығы» мол, малың семіз – деп, ол кісі қоштай жөнелді. «Қара азық» деп біздің ел – бидай, ұн, күріш т.б. дақылдарды айтады. Бізге керегі «басқа дақыл»… Оны қалай айтамыз?…
– Әке, қонақтар «ауыл белсенділері» мен мектеп мұғалімдері. Отыз шақты адам. Қаладан қонақтарға тәтті сусын, ол-пұл алдырады екенбіз… Жұрт солай істеп жатыр… Соны айтып тоқтадым. Болды. Енді ештеңе демеймін. Әрі бүлінеді… Әкем үнсіз қалды. Маған бейне тас болып қатып қалғандай көрінді. Енді бір қараса шыдамаймын-ау деп, отырмын. Әкеме деген ықыласым осы уақытқа дейін адал, сол кісінің айтқанымен жүріп келіп едім… Енді не болдық?… Ойым астан-кестең… Әкемді аяп кеттім… «Қожеке-қожекемен» жүрген бұл кісі өмірінде: коньяк, шампан, арақ дегендерді естіп те көрмеген жан. «Малың семіз», «азық дайын» деген ақ көңілімен отыр. Үнсіздік. Уақыт өтпей қалды… Әлде бір уақытта әкем жанарын тіктеп маған қарады. Өзім де еңсемді дүзеп ол кісінің жауабын күттім…
– Болсын балам! – деп, басын изеп тасфиғын тартып, отырып қалды… Өзінің қонақтарын шақырарда: «Балам, төріңді түгендедің бе? Ақсақалдар толық хабарланды ма?»- деп, отыратын еді… Шақырылатын қонақтардың ішінде бұл кісінің бірде-бір шалы аталмады… Содан соң барып:
– Солай айналайын!-деп, терең күрсініп отырды да:
– Санаулы қонақ, сатулы шәйдің заманы ғой – балам?!… Маған ат-көлігімді дайында, ертең «Қараққа» Айтуар ағаңның үйіне барып қайтайын. Сол жақта үш-төрт күн боламын. Шәртімбай ағаң мен Нұрбай-Нұрекеңе айтарсын – балам. Бірге болсын… деп, тапсырма берді.
Ертеңіне үш шал батар күннің астына қарай қатарласып, маған тусыртын беріп, аттарымен жорытып кетіп бара жатқанда – бұлардан соң өзімнің жат ортада, жетім қалатынымды түсіндім…
Ақселеу ағамен соңғы кездесу
Қорқыт ата университетінің ректоры Байұзақ Көпірбайұлы Момынбаев ағамыз телефон шалып, амандық-саулықтан соң:
– Айналайын Алмас жан! Елге Ақселеу, Қойшықара ағаларың келіп жатыр. Қонақтардың кешкі асын жігіттер, «Жігер» мейрамханасына дайындаған екен. Бірге болайық. Ағаларыңа сәлем бер, елдің азаматтарын көрсін – деп, отырмын. Сонда жолығамыз!- деп, қысқа қайырды… Мамырдың соңы, бітіруші студенттердің Мемлекеттік емтихан тапсырып жатқан уақыты еді. Ол кісілер «Филология және Тарих» факультетіне Мемлекеттік емтиханның төрағалары болып шақырылғанын білдім. Ойланып қалдым… Айтқан уақытына келсем, қонақтар дастархан басына енді жайғасқалы жатыр екен. Бұрыннан таныс, өзім сыйлайтын жазушы, ғалым – бұл кісілер көңілімде ерекше орын алатын. Сәлемдесіп, жай-күй сұрасып дастарханға жайғастық.
Ахаң басталған әңгімесін аяқтауға бейімделді… Өздерін қарапайым да, тәулсіз ұстайтын жандардың айтар ойлары да еркін, тыңдарманға ұғымды, сөздерінің халықшылдығы басым, бірінен-бірін артық- кем деуге келмейтін ділуәр, шешен. Байекең мен Ахаң, Алматыда жұмыстас, сыйлас дос болған жандар… Отырыс оңынан болып, талай әңгімелер айтылды. Қалған кеңестерді алдағы күндерге қалдырып, қонақтарды шығарып салған соң жігіттерден:
– Ал, азаматтар бұл кісілерге басқа қандай бағдарламаларың бар?- деп, сұрадым. Жігіттер күнделікті жұмыс жағыдайындағы іс-шараларын айтты…
Үйге келгесін қонақтардың жағыдайын апама (Анамыз Төлеу Төремұрат қызы.1925-2014ж) баяндадым. Оның себебі, 2006 жылы. желтоқсан айында үлкен ағамыз Серік Алматов(1952ж) кенеттен қайтыс болып жатқанда Облыста іс-сапармен жүрген Мырзатай Жолдасбеков, Ақселеу Сейдімбек, Жұрсін Ерман, Несіпбек Айтов ағаларымыз отбасына кіріп, апама көңіл айтып шыққан еді. Мырзатай ағамыз сөз бастап:
– Ал, жеңгей. Балаңыздың артының жақсылығын берсін. Қайғыңызға ортақпыз. Туған анасынан жақын балаға жан бар ма? Берік болыңыз. Қалған балалары мен отбасына амандық берсін!-деп, кідірді.
Апам:
– Алланың жазуы, айналайындар – рахмет! Көшке ерген бір нар тайлақ мерт болды. Біз баладан айрылсақ, сіздер ініден айрылдыңыздар. Сіздерге де қайырлы болсын. «Төгілген – топырағымен толмайды» шырағым, тәуба дейміз. Жылағанмен қайтып келген жан жоқ… Бүгін қонық асы. Ауыз тиіп аттанарсыздар – деп, апам маған қарады. Басымды изеп «Бәрі дайын»- дегенді білдірдім. Қонақтарды Қазбай Құдайбергенов ағамыз бастап арнаулы үйге кіргізіп жайғастырдық. Дастархан басына жайғасқан соң Мырзекең:
– Ойпырмай мен елдің ішінен талай аналарды көрдім. Мына кісінің бітімі бөлек жан екен. Өз анам мен Әбіштің анасы мен үшін биік тұлға болып қалып еді. Бұл кісі де соның қатарындағы жан екен. Қайғысын ішіне жұтып, бізге көңіл айтып, өзімізді жұбатып отыр-ау десе, Ахаң:
– Ол кісінің қайғы түсіп, қара жамылып отырғанда айналасын қас-қабағымен басқарып отыруы қазақ әйелдерінің бойындағы асыл қасиеттері- деп. жатыр… Сол күндерден соң Ахаңның Сыр бойына келуі…
Апам:
– Не ойың бар?-деді.
– Отбасынан қонақасы беру керек болар?- дедім.
– Онда, асажұрттан келе жатқан сыйлы адамдар, дайындығың сай болсын. Шырағым – біреудің ойына келмейді, біреудің қолынан келмейді. Әкеңнің «Бастабағын»- жаса! – деді… Әкеміз 1975 жылы қайтыс болған. Ол кісінің нені мегзегенін түсіндім…
– Мақұл! – деп, келіні мен екеуміз таң ата іске кірістік. Әйелдің өз шаруасы басталды, өзім қонақ шақыруға кеттім. Ертелетіп ректордың қабылдауына келдім. Байекең есіктен кіргеннен:
– Ай, айналайын жырауым! Кеше ағаларың жырыңа риза болды. Рахмет!-деп, жатыр. Содан соң
– Ал, шаруаңды айт?-деді.
– Байеке, Сізден қонақ сұрап келе жатырмын. Ахаң мен Қойшекеңе арнап жайылған дастархан, кімді қосасыз ол өз билігіңізде-дедім. Екі қолын құлаштай жайып, рахаттана күлген – асыл аға:
– Алмасжан-ау, маған бұны осы уақытқа дейін ешкім айтқан жоқ қой?! Кәне, қанша адамға дайындығың бар?- деп, жатыр.
– Байеке, тоғыз қанат киіз үй. Отыз адамға дейін кең жайғасады. Толық дайындықтамыз -дедім.
– Онда, ағаларыңа айтайын- деп, телефонға қол созды.
– Байеке, Сізбен келістім. Ел азаматтарын өзіңіз шақырыңыз. Ол кісілерге, өзім барып айтайын. Сонда, мазмұнды шығады- деп, тоқтаттым. Факультетке соғып, үзілісте ағаларыма жолығып келісімін алдым. Өзім басқарып отырған «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының өнерпаз қыз, жігіттерін толық шақырдым. «Келіңдер, ел ағаларының жақыннан әңгімесін тыңдаңдар. Өнерлеріңді көрсетіңдер» деп. Жұмыс аяғына қонақтарды алып Байекең келді. Апам жасауланып киініп, киіз үйдің оң қапталында дастархан басында отырған. Қонақтар сәлем беріп, төрге орнықты. Іле-шала Сейілбек Шаухаманов, Мұрат Мұхамедов бастаған Облыстың азаматтары келіп ордалы кеңестің көрігі қыза жөнелді… Ақселеу ағамыз ағыл-тегіл әңгіменің тиегін ағытып, ән мен жырға ұласқан думанды кешке айналды… Дастарханда қадірлі қонақтарға қарама- қарсы жайғасқан өнер саңлақтары Шолпан Бимбетова, Мақпал Шакирова, Күнсұлу Түрікпенова бастаған қыз-келіншектер ағаларына шәй құйып отырып, түннің түндігін әнмен серпіп, жырмен желпілдетіп жатыр. Серік Жақсығұлов, Қайрат Жәлімбетов. Руслан Ахметов, күйші Алдияр Шағдатов, Нұртілек Ақтаев бастаған жігіттер тобы, өнерлерін ортаға салмаққа жүйрік аттай жұлқынып білек сыбана кірісті… Өзіміз, босағада тұрмыз. Ризашылығын жасыра алмаған Ахаң:
– Ойпырмай Алмас! Бүгінгі кеш, «Қояндының жәрмеңкесіндей» әсерге бөледі-ау. Біздің де, іздеп келгеніміз осы еді. Сырдың елі дегенде, алдымен қаймағы бұзылмаған мың жылдық өркенниеттің мұрагер ұрпағы, Қорқыттан өздеріңе жеткен киелі «Жыр» өнерінің бүгінгі жәй-күйі қалай екен деп, ойланушы едім – рахмет! Бұл өнер – өлместің кебенегін киген екен. Бұл сенің талмай ізденісіңнің жемісі. Алмас, Құдайдың өзіңді бізден артық жаратқан жері бар – деп, босағада тұрған маған найзадай шаншылып, төрден тіке қарады. Әр сөзіне қарауыл қойып сөйлейтін, сұңғыла жанның салмақты ойының ақырын күттім…
– Біз, қалаға ерте кірдік. Оқыдық-тоқыдық. Балаларымыз да қалалық болып өсті. Қалалық болып қаламыз. Сенің бағың – өз еліңнің ортасында, Сырдың бойында өстің. Біз, Қойшекең екеуміз халқымыздың тарихын, өнерін, этнографиясын жазамыз. Сен, ол туралы айтад да білесін, жаза да, сол айтқаныңды жасай да білесін. Өзіңнің ортаңда – өмір сүресін. Неткен ғажап көрініс! Тоғыз қанат ақ орда, жас өркен жыршы, жыраулар. Белдеуде ат, құмай тазы… Қазақ өмірі – осылай болған. Өзіңді, 1990 жылы Алматыдан Қызылордаға қайтып кеткеніңде, бекер жасады-ау деп, ойлап едім. Көп жұмыс бітіріпсін. Университеттен кафедра ашып, 0621-«Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығының Мемлекеттік Стандартын жасап класификаторға енгізу,(Авторы: А.Н.Алматов.1998ж) бұл бүтін бір, институттың жұмысы. Біз, оны Байзақ екеуміз білеміз. Рахмет! Шәкірттеріңе ырза болдым- деп, сөзін қорытты. Үлкен астың тартылатын уақыты келді.
Інім Ораз, құлағыма сыбырлап:
– Алеке,»Бастың табағын» өзіңіз көріп өтіңіз, «генералдан»(Апамды айтады) ескерту алып қалмайық-деп, жатыр. Көріп өттім, бәрі жақсы.
-«Бастың табағын» өзің көтеріп, екі кісінің ортасына қой. Қалған табақтарды жолы мен қонақтардың ыңғайына қарап тартарсын- деп, тапсырма бердім.»Бастың табағына,» сүрленген түйенің жамбасы, қалақ өркеші және сүр жылқының жамбасы, бүтін қазысы, жал-жаясы мен қойдың жамбасы, кәрі жілігі мен үстіне құйрығын бүтін салып, оның үстіне бас қойылып, «Бастың табағы» осылайша, қонақтарға бөлек тартылды. Ахаң мен Қойшекең табаққа назарын салып, Ахаң:
– Алмас, мынау не табақ? Мәнісін түсіндір- деді.
– Ақселеу аға, Қойшықара аға – қош келдіңіздер! Жарықтық әкеміз, «Қу табаққа бас қойып, қонаққа ұсынбаңдар. Астың қадесі, бастың қасиеті қашады!»-деп, отырар еді. Сіздерге «Бастабақты» жасатып отырған анамыз Төлеу Төремұратқызы деп, апамды нұсқадым. Көз қиығым апамда, ол кісі де ризашылығын білдіріп, қабағын керіп қойды.
– Табақтағы түйенің жамбасы, өркеші ол Сіздерге апамның сандығында сақталған соғымнан сыбаға. Жылқының жамбасы мен жал-жаясы келініңіздің соғымнан сақтаған сыбағасы. Үстіндегі қойдың жамбасы мен құйрық, басы өздеріңізге арналған қонақасы-деп, түсінік бердім.
Ахаң:
– Ойпырмай Алмас, шынында келілемей етке үйреніп, басты жетім қалдырып жүр екенбіз-ау!? Біздің Арқада… әңгімесін айта отыра асқа қол созды. Үй толы қонақтар үлкен астың кәдесіне кірісті. Қонақ күту, біздің шаңырақтың Алла бұйыртқан несібесі. Бүгінгі қонақтың бас қолбасшысы – біздің Анамыз. Сол сыннан мүдірмей өту үшін әйеліміз екеуміз босағада аяғымыздан тұрмыз. Бүгінгі тәртіп солай. Ордалы төріңді толтырып отырған құрметті қонағың мен дос- жараның тірліктің салтанаты ғой.
Әкеміз Нұрмахан қожа(1900-1975ж) «Шырағым арнайы қонақтың үш түрі болады. Той қонағы. Қой қонағы. Ой қонағы. Құдайы қонақ – қайыр, сахауатыңның мейманы. Той қонағы – шақырушы жібересін, болмаса біреуден-біреу есітіп келе береді. Жарты бауырсақтан ауыз тисе риза, «Тойдан ауыз тидік»- деп, батасын беріп тарап жатады.
Қой қонағы – Қожекеңе сәлем берейік деп арнайы келеді. Бір малыңды сойып қонақ асын беріп, батасын алып аттандырасын.
Ой қонағы – шырағым, ел ішінде ғұлама ишан, молла, шежіреші қария, ақын, жыраулар бар. Отыңның басына олар келсе, босағаңнан ырыс-несібе бірге кіреді. Олардың айтқан сөздерінде бүтін мұсылман баласының еншісі бар. Соның ішінде өзіңнің де, сыбағаң бар – балам!»- деп, жіктеп түсіндіріп отырар еді…
Сол айтқан, «Ой қонағы» – Ақселеу аға мен Қойшықара ағаның әрбір сөзінен енші алғандай, ғылым мен өнер жолында жүрген жастардың қуанышы айрықша сезіліп отыр. «Бастабақтан» әр табаққа үлес таратып отырған Ақаңның әңгімесі, қазақтың салт-дәстүрінің айналасында болып жатыр… Ас желініп болған тұста Ахаң:
– Алмас жан, рахмет! Табақ алынсын-деп, ыңғай білдірді.
– Ақселеу аға, табақтың сәл кідіретін реті болып тұр. Біздің елде «Хан сарқыты» кәдеміз бар. Сыртта он жігіт, он келіншек, қыздар ағалардың қолынан ет асасақ деп дәмеленіп тұр – дегенімде, қолын сүртіп қойған Ахаң сылқылдап күліп:
– Ойпырмай Алмас! Бұл кәдені біз, ертеректе Сәбеңнің үйінен көретін едік. Мынау тамаша болды- ғой деп, оңтайланып отырып, табаққа қолын созып:
– Келсін! – деп, жүзі нарттай жанып, мейрімін төгіп тұрды – қайран аға.
Қыздар да сымға дізілген қарлығаштай кезекке тұра қалды. Қойшықара аға
алпауыт жігіттерге қарыштатып, ет асатып жатыр. Соңы, немерелерімізге дейін асыл ағалардың қолынан ет асадық.
– Қасиетіңнен айналайын – Сыр елі! Осы ниетің-ғой, көгеріп-көктеп отырғаның! -деп, Ақаң қолын сүртіп отырып тебрене сөйледі… Әулеттің келіндері өздерінің жол-реттеріне сай табақ алып, иіліп сәлем жасап жатты… Апама қарасам, ол кісі де ризалық күйде отыр екен. Қол жайып бата алдық. Бұл, Ахаңның бізбен сол жаздағы – қоштасу сапары екен… Әкеміздің, «Оһ, дарих! Қадірін білген жанға, адам қымбат-ау!»-деп, отыратын әпсанасы ойыма түскен сайын, өзектегі сағыныштың өксігі алқымыңа тіреледі.
Білгенге ажал мирас, арман қиғаш,
Пенденің екі ортаға басы сыймас.
Қайтпас жол, қараңғылық қадам басып,
Оһ, дарих! Кетіп жатыр небір қимас…
– дегендей, Ақселеу, Байзақ ағаларымыз бірінен соң бірі, өмірден озды. Асыл анамызды – мәңгілік мекеніне аттандырғанымызға да, жыл толды. Алла, ол кісілерді – иман сауабынан жарылқағай да!?
Нағашының батасы
1988 жыл. Шілде. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында қызметтегі уақытым. Жаз айларында экспедициялық сапарларға шығамын. Ақтөбеден мінген пойыздан, Жосалыға түстім (Қармақшы ауд. оталығы). Аспан қайнап жерге түскендей ыстық, сағат 2.30. Жүргінші де көп емес секілді. Әркім өз бетіне тарап жатыр… Вокзалдың қала бетіне шыққанымда талдың көлеңкесінде тұрған екі-үш адамның ішінен жігіт ағасы бір кісі: «Оу, Алмас жан – жол болсын!» деп, амандасты. Бұрылып қарасам, өзімнің нағашым Тынымбек ағамыз екен. Бұл кісі кәсібі мол, аңшы, балықшы сал-сері кісі еді… Ер көңіл, меймандос жан. Шырын жеңгемізбен екеуі «әу» дейтін өнер адамы, жазушы, ақын болса үйіне қонаққа шақырмай жібермейді. Өзім де ол кісілердің үйіне барсам марқайып, жәйсын тынығамын. Қыр мұрынды, қой көзді, шашы шаншылып тіке өскен индияның киносындағы әртістерге ұқсайтын. Сөзге бай, әзілге жүйрік Тынекең көлігіне отырғызып алып, қуланып күліп қояды… Олжасына қасқыр соққандай көңілді.
-Ал Қожеке, үйге барамыз – деді. Оған:
– Тынеке, бір жұмыспен келе жатырмын. Арнай сәлем беретін екі-үш адамым бар. Білсеңіз, Сабыт ағамыздың үйіне апарыңыз. Екі-үш күн осындамын… Қалғанын сөйлесе жатармыз деп, тоқтаттым.
– Сабыт-Сәкеңді бұрын білетін бе едің? Келе жатқаныңнан хабары бар ма?- деп, бүге-шігесіне дейін сұрап жатыр…
– Арнайы сәлем беріп, бірінші келе жатырмын. Маған, Кете-Шөмекейдің әр үйі өзімдікі емес пе !?:
Екі енені тел емген,
Күпшек санды күреңмін,
Төсінен тартса жетпейтін,
Жуандықтан айылы – деп,
Базар жырау айтқандай – екеуі де нағашы жұртым, тәуекел бара көрермін деп жатырмын…
– Онда мен, өзіңді сол үйден қалдырып, Шырынды жұмыстан алып үйге дайындық жасайын Сәкеңді сонда алдырамыз деп, жоспарды құрып жіберді… Әне-міне дегенде ағаш дарбазалы, үлкен үйдің алдына тоқтадық.
– Ал, нағашыңның үйі осы. Мен, жаңаға жұмыстарды ұйымдастырып қайтып келемін- деп, жасыл «Жигулидің» шаңын бұрқ еткізіп кете барды… Алшағыр күннің ыстығы адам шыдататын емес. Қолымдағы жол жүк, керек заттарымды алып аулаға ендім. Көзге бірден шалынғаны ауланың төрінде ұзыннан салынған мал қора. Ішінде жаңа қырқылған фермадан келген семіз қара қой, маңырап зарлап жүр. Қораның іші-сыртында жем- шөп қарасы көрінбейді… Күн ыстық, шөлдеген болар деп қойдым… Үйге кіріп- шыққан адам қарасы көрінбегесін кіреберіс кең дәлізге өтіп, заттарымды қойып жөткірініп белгі беріп едім, еш дыбыс болмады.
-Кім бар-ау?-деп, дауыстадым. Тым-тырыс… Бөлмелердің бәрі тас қараңғы…
Түскі шәйді ішіп, салқын бөлмеге тас болып ұйқтайтын мезгіл екенін біліп тұрмын…
Біздің үлкен анамыз Сара, Құлыс Кетенің қызы. Бұл үй, сол нағашыларым. Өзімнің анам Төлеу, Шөмекей Қаратамырдың қызы, жаңағы Тынымбектің апалары. Бұл үйге хабарласпай келіп тұрғаным мынау… Тынымбектің желі оңынан тұрып, әңгімеге өзек болатын түріміз бар… Дәліздің оң қапталындағы ас үйден пышақ пен үлкен кесе алып, қораға кірдім. Қуалап жүріп қойды ұстап алып төрт аяғын буып, пышақты кесеге жанып-жанып жіберіп, іске кірістім. Бағанға іліп, терісіне қойдың қарнын түсіріп жатқанымда үйден бір әйел шығып, аң-таң болып қайта кіріп кетті. Қабарғасын сөгіп жатқанда дарбазаның алдына «ЗиЛ» машинасы келіп тоқтады. Байқаймын, Сәкең сол машинадан түсіп жатыр. Құдайдың аптап шілдесінде басында құлақшын, үстінде қаракөл жаға пальто, оны алқымына дейін түймелеген, қолында таяғы бар толық денелі, төртпақ ақсары адам мамырлаған қаздай теңселе жорытып үйдің бұрышынан бұрыла түсіп қорадағы оқиғаға қарап, аңтарылып тұрып қалды. Сол кезде:
– Ассалаумағалеикум! Үйлеріңізге қожа шақыры па едіңіздер?-деп, сәлем бердім де, пышағымды тастап қорадан шыға бердім. Қайран аға, сол кезде:
– Алмас жансын ба?-деп, бөліп-бөліп айтып, қасына барған өзімді құшағына алды… Бұл кісі, – Сыр Сүлейі Ешнияз сал, одан Кете Жүсіп, одан туған Мұзарап жырау, сол кісінің баласы – Сабыт жырау еді(1922ж). Атақты Нартайдың концерттік бригадасының жырау,әнші, ақыны – заманының дүлдүл өнерпазы болған жан:
Ешнияз, Жүсіп – арғы атам,
Мұзарапұлы Сабытпын.
Жыр жырлап, жастай ән шырқап,
Алғысын алдым халықтың.
Нартай, Рүстембектен,
Үлгі – нұсқа алыппын.
Бір жүріп өнер сапынан
Талай жерге барыппын.
Өлең мен өнер төрінен,
Өзімді көпке таныттым.
Кезінде ән мен жырыма,
Көрген жоқ ешкім тағып мін.
Той – думанда жырлаудан,
Демеуші едім «жалықтым».
Орда бұзар – отыз жас,
Шалқыған шағы ед шабыттың.
Осылай ойын – күлкімен,
Сауық-сайран салыппын.
Тосыннан тамақ қарлығып,
Тағдыр-ай, қатал налыттың.
Ақындық аздап болмаса,
Басқа өнерден арылттың.
Кеселге келген ем іздеп,
Өзімді қанша сабылттым.
Аяқтан қалған жүйріктей,
Қайғырдым, қанша қамықтым.
Өткен күн қайтып оралмас,
Десемде қанша сағынттың.
Көрмегенге белгісіз,
Сөзіңе сенер нанып кім?
Себеппенен сөз бастап,
Іштегі сырды ағыттым.
Белгісіз өткен өмір-ай,
Алпыстан да асып қалыппын!?
Қамын ойлап кемді- күн,
Алдағы тірлік бағыттың.
Бір жылдай оқып буғалтір,
Мамандығын алыппын.
Отыз жылда оның да,
Қыр-сырына қанықтым.
Бақытты мынау заманда,
Демеймін күшті сарықтым.
Ұрпақтар өссе денім сау,
Демеспін шаршап, шалықтым.
Қанша екенін кім білсін,
Алдағы көрер жарықтың?
Өткен шағы осындай,
«Қырылдауық Сабыттың»! –деген,
толғауы, өзінің бүкіл өмір жолы . Сонымен, амандық-саулық сұрасып қорадағы ісімді қайта жалғастырдым. Сәкең қасыма келіп отырды. Моншаға барып келе жатқан беті екен. Жеңгей зыр жүгіріп ыдыстарын әкеліп бергесін – қойдың етін жіліктеп, тамыр, бездерін алып қазанға сала беретін қылып, қалғанын терінің үстінен қақтап бердім. Сәкең сүйсініп басын шайқаумен отыр:
– Ай, айналайын-ай!- деп, басын шайқап бүкіл денесімен бүлкілдеп, сылқ-сылқ күліп қояды. Дауыстың қарлыққаны сондай, сөзін мұхият тыңдамаса бірден түсіну де қиын екен. Айтқаны:
– Бес күн болды. Әйел екеуміздің ұрысымыз – осы қой. Жем, шөп дейді… Әркімге тапсырамын… Ой, Аллай! Қожаға бұйырғанын қара… Қалтасынан орамалын алып бүлкілдеп күліп отырып, көзінің жасын сүртіп қояды. Жан жүрегімен шын қуанған жанды көрдім… Үлкен кісілер: «Біз көрген жыраулардың ішінде, Сабыттан ән оздырған жан болған жоқ»- деп, атағы шыққан – Сәкең бұл. Ертеректегі дыбыс жазбаларынан тыңдағанымда дауысы ашақ, шырқау биікке шығып қайыратын қайырымдары шынында екінің-бірінің қолынан келмейтіндей еді. Әкесі, атақты «Балымша», «Жастармыз» т.б. әндері елге тараған Мұзарап жырауды (1902-1972) 1970 жылы «Қызылқұмда» ағайынды Иса мен Күзембай деген кісілер «Қыз ұзатар» той -жасап, арнайы алдырып Иса ақсақалдың үйінде жаз айында от жақтырып, пештің түбіне үстіне тон жауып жырлатқанын көрген едім. Себебі, ол кісіде тамақтан қалып тура осы кісі секілді сөйлейтін. Ақ сары, апайтөс, ат жақты келген қалың ақ мұрты екі ұртынан сынық сүйем салбырап отыратын кісі екен… Ел іншінде әкелі-балалы бұл кісілердің тамақтарынан қалуы туралы алып-қашпа әңгімелер көп-ақ. «Бұларға жырлаған жерінен сый алған жақпайды» екен, «Өздері белгілі жасқа дейін жырлайды екен» т.б… Ойым, ыңғайы келсе осы сұрақтарға өз аузынан жауап алу еді… Әкелі-балалы болып Отан соғысында(1941-1945ж) қан кешіп оралған майдангерлер. «Шораяқ» болған тұлпардай отыз жасында дауыстан қалып, өнер өлкесінен біржола шылбыр үзгеннен кейін, көптің бірі, қарапайым еңбек демалысындағы қарт кісі болып өмір сүріп жатыр. Көз көрген жандардың жадынан да шығып кеткен… Замандастары сиреп, нардай шөгіп үйде отырып қалған уақыты екен. Ел арасы шалғай, ағайын-тума болып араласпасақ та, көңілімде: «Ойпырмай сол кісіге сәлем беріп баруым керек еді?!» – деген, ой мазалап жүретін. Халыққа атымыз шығып, «пәли-пәли»- деп жатқанда, бізден де бұрын бұл өнердің қосын жеккен жандарға ілтипат-ізет көрсетіп жатсақ өмірге сабақ, кейінгіге өнеге болары анық-ау деп ойлайтынмын… Жеті атасынан ақындық, жыраулық өнерді мұрат тұтынған қарапайым «қоңырбөрік» күй кешетін, «кедейжомарт» жан екенін көзім көріп, көңлім орнықты. Өзімнің істеп жатқаным мынау…
Жеңгей, бойжеткен қарындасымыз екеуі тез үлгеріп, ас қамына кірісіп кетті…
Ол кісі де, өзінен-өзі күліп қояды:
– Айналайын-ау, талтүсте малымызды сойып жатқанға ұры-қары ма?-деп, қызымыз екеуміз терезеден қарап, не істерімізді білмей тұрғанбыз… Ағаң келгесін барып шыққанымыз сол… Өзіңе бұйырған мал екен. «Жаны құдайы» айналайын!-деп, жатыр. Өткен-кеткенді сұрасып далада недәуір отырдық. Үйден шыққан жеңгейдің: «Шәйға кіріңіздер!» деген, шақыруынан соң орнынан ошарыла көтерілген Сәкең:
– Алмасжан үйге кірейік. Ойыңдағы азаматтарға хабар сал. Өзімнің айналамда Тұрар қожа ағаң бастаған төрт-бес шалым бар. Жақсы болды, мерекелеп қалсын – деп, үйге беттедік. Кіреберіс ас үйден жас малдың қуырдағының иісі көмейді қыдықтап, еріксіз жұтқыншақты жұтындырып тұр. Кең бөлмеге жайылған дастархан, салынған көрпеші, жастықтар көңілге тоқтық, кеудеге шабыт шақырардай екен. Сәкең үстіндегі саут киімдерін шешіп, үйдегі бар жылы киімдерді қайта киіп алып диванның үстіне жайғасты:
– Айналайын Алмас жан! Сәлем беріп келгеніңе төбем көкке жетіп отырмын. Сыртыңнан концерттерде алыстан даусыңды естіп, бір-екі көргенім бар еді. Нұрекең қожаны (біздің әкеміз) жездең Еділдің үйінде көріп, әңгімесін тыңдадым. Апаң Зибаш маған, «Менің таңдап алған нағашым» деп еркелейтін. Жарықтық қожекең, 1928 жылы кәмпескіге түсіп айдалып кеткен ағамыз, Құлыс Кетенің Мырза аталығындағы Серікбайдың қызы Сара апамызды алған жездеміз екен. Туыстықтан кеміміз жоқ, атбасын бұрып сәлем бергеніңе рахмет! Болмаса өлең айтып жүрген адам көп қой… деп, тоқтады. Жеңгеміз ақ самаурынды кіргізіп, қою шәй , ыстық бауырсақ пен табақ толы қуырдақты ортаға өңгере отырғанымыз сол еді, сырттан Тынымбектің даңғырлаған дауысы шықты:
– Асалаумағаликум Сәке! Мына қожа мені қатырды. Сізбен хабарласпай келе жатырмын деп. Алдынан мал сойып қойыпсыз ғой… Нағашы болсаң осындай бол! –деп, қолын жуып сөзін де айтып төрге орнықты. Сонда Сәкең өзіне тән дауысымен:
– Қожаның малы алдынан маңырап тұрады екен ғой. Құдай жеткерді – деп, күліп жатыр. Сонымен түс қайта Тұрар Біләлов, Тұраш Тобжанов бастаған ақсақалдарды Тұрсекең көлігімен жеткізіп, әңгіме, жырдың додасы басталды. Сабыт сәкең қызыл шемоданды ашып бума-бума тасқа басылған өлеңдерінің ішінен алып, маған оқытып отыр. Өлеңдері сан-алуан тақырыпта. Сөз құрауының міні жоқ… Әлден уақытта Сабыт аға:
– Алмасжан, қолыңа домбыраны ал. Мына халық сусындасын. Ендігі сөз өзіңде айналайын – деп, жол берді. Өзімнің де күтіп отырғаным сол еді, қолыма домбыраны алып құлақ күйін келтіріп, сөз бастадым:
– Сабыт аға өзіңіздің алдыңызға салуға алып келген «Қазына» деген дастаным бар еді соны жырлайын, артық-кемін айтарсыз – деп, бастап кеттім:
Тіл зергер, сөзің өрнек, ойың алтын,
Білім шам, дарын сұлтан сыншы халқың.
Ақыл кен, кеудең көрік жастық отың,
Болғай де, енді текке талап қамшың.
Тастап сөз тағлым қылып талапты ерге,
Ел берген елге қорған ердің нарқын.
Кемітпес керек сөзді қыштай қалап.
Қайымды қара өлеңнің білсең салтын.
Талантты күйме қылып мақсатқа жек,
Кер құнан жүйрік көңлім сен де талпын… – деп, бос тастап қайырған уақытта сөздің мәйегін айыратын Сәкеңнің көзінен жас кете берді… Орамалын алып үнсіз сүртіп отыр. Кешегі Қадір жырау, Рүстембек, Дастанбек, Ібаштардың көзін көрген Тұраш ақсақалдар ой үстінде… Таң да білінді, Біз де аяқтадық… Бағана қызып айтып келе жатқанда құйрығыммен жорғалап, астамдағы көпшікті ат қылып мініп Сәкеңнің алдына барып-ақ қалғанмын… Жерде қос көрпешенің үстінде отырған ол кісі, әуен мен жыр үзілмесін деп өзінің денесі мен жасына келмейтін жылдамдықпен диванның үстіне секіріп мінген… Жас күніндегі өзінің шабытты шағын көргендей болып отырған ағаның екі беті нарттай қызарып, ырғалып отырды. Ол кісі, сол диванда отыр. Сөзді көпті көрген, білімдар Тұраш аға алды:
– Ойпырмай, Алмас жан! Ел ішіндегі әңгімелерді естіп жүрміз ғой. Мына шығармаң бүтін бір заманның тарихын қамтыған, тілі бай, мазмұны мен оқиғалары шиеленісті көркем дүние болған екен. Ақсақалдарды көп тыңдадың. Қожекең әулие кісі еді. Айналайын талап оң болсын!-деп, батасын берді. Сөзді Сәкең жалғап:
– Айналайын Алмас жан! Арқаң бар екен. Киесі мен қонған екен өнер. Бір жағың Ешнияз, Жүсіп, Тұрмағамбет – өз нағашың, Оңғар мен Тұрымбет жыраулар оған қожалығың қосылып жошыңа келіп тұрған уақытың екен. Бірыңғай қожа болсаң бала пішіп кетер едің – деп, шаттанып күліп жатыр… Тер жон арқамнан құйылып, былауға түскендей болып отырғанмын. Келесі бөлмеден киім ауыстырып, аяқ жазып кешікпей таңғы шәйға отырдық. Тынымбек нағашым дастанның әсерінен аң-таң… Содан соң:
– Ал, Қожеке «Қазынаны» осы уақытқа дейін бізге неге жырламадың? Дау осыдан шығады… – деп, келе жатыр еді Тұраш ақсақал(қайны атасы):
– Алмас жан Сәкең секілді ағаларының алдынан өткізіп, сынға салып сосын барып елге таратайын деп жүрген ғой. Онысы дұрыс – деп, толықтырды…
Содан соң Сабыт –Сәкеңе бұрылып:
– Алмас жан өзіміздің баламыздай болған азамат. Өнерін тыңдадыңыз. Ешнияздың қара шаңрағы осы үй. Сәке қолыңды жайып, енді Алмасқа бата
бер!?-деді. Сәкең екі жағына кезек ырғалып, алақанын жайып білегін
көтерді:
– Аумин десең маған, бата берейін саған- деп, бастап тілек сөзін қоса
айтты… Ақын жанды аға, арасында көңлі босап тебіреніп отыр. «Алмас жан
халықтың баласы бол! Өнерің – өрге өрлесін!»-деп, батасын берді… Палуан денелі, тұтас мойын, дөңгелек жүзді, сауыт қабақ, қиық көзді, жомарт жүрек,
бегзада жан жүрегімнің түкпірінде күні бүгінге дейін сайрап тұр… Енді сәлем беруге, әкемнің досы Қожакелді жүніс Молланың үйіне қарай көлікке отырдық… «Қыран құстың баласы ұяда нені көрсе – ұшқанда соны іледі»-деген, бұл кісі «Халық»-деп, сөйледі-ау… Ойланып қалдым… Алашқа мәлім Нартай Бегежанов пен Мұзарап Жүсіповтен тәлім алған шәкірттің тұлғасы, адами болмысы – біз ойлағаннан әлдеқайда биік жан еді… Әкеміздің «Қадірін білген жанға – адам қымбат-ау!» – деп отыратын әпсанасы тағы да, есіме түсті… Қайран Сабыт аға 1991 жылы дүниеден озды. Болашақта жыр мұрасы жүйелі түрде жинауды керек ететін асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы – осы кісі. Алла жеткерсе ізіміздегі шәкірттер оны да үлгерер.
Қалжан ахунның Базар жырауға қойған сұрағы
ХІХ ғасырдағы Сыр бойының ғұлама білгірі, Қалжан ахун Бөлекбайұлы Бұхарадағы Мир Араб медресесін бітірген, елге мешіт, медресе ашқызып дәріс беріп, уағыз айтқан белгілі тұлға. Бүгінгі Қызылорда облысы, Сырдария ауданында мешіт-медресесі қалпына келтіріліп ел игілігіне айналуда. Сол кісіге бір маслихатта жұрт сұрақ қояды:
– Тақсыр, ел ішінде ақын, жырауларымыз бар. Олардың да айтып жүргені елдің береке бірлігі. Ас, жиын-тойымыздың сәні сол кісілер. Сіз айтқан уағызбен ол кісілердің сөздерінің ара қатысының обал – саубы бар ма? дейді. Қалжан ахун:
– Ол кісілер, жел сөздің жетегінде жүрген жандар. Әр істі – Алла біледі! деп, жауап береді. Бұл сөз Базар жыраудың құлағына тиеді. Қуаңның бойында, Қарақ деген жерде Балқы Мырзақара ишанның әкесі қайтыс болып, жыл асына ел шақырылады. Сол асқа Қалжан ахун да келеді. Үлкендердің шақыртуымен елдің игі жақсылары қожа, молда, ишан, ахундарға сәлем бере Базар жырау кіреді. Сәлем беріп орныққан соң Мырзақара ишан Базар жырау ағасын қонақтарға таныстырып, келелі кеңес жасап жырлауын өтінеді. Базар жырауды бірінші көрген Қалжан ахун:
– Ойпырмай, сипатыңыз мешітте тұрып уағыз айтарлықтай жан екенсіз. Жел сөздің жетегінде жүргеніңіз қалай?- депті. Сонда Базар жырау қолына домбырасын алып, сөздің тиегін ағытты дейді:
Сөйле тілім жалпыдан,
Дәриядай тасып шалқыған.
Тіл жексұрын көрінер
Тимеске тиіп шарпыған.
Затсыздан күтпе жақсылық,
Шамасы шалғай шарқынан.
Екі елі аузын жаппайды
Айтқаны өсек палшыдан.
Тентектің жайы белгілі
Асау нардай тарпыған.
Елі-жұртың бұзылар
Қиянат етсең зарпынан.
Өгіз ойлайды қамысты
Құтылмай жүріп қамшыдан.
Ит біледі сүйекті
Малды бір сұра малшыдан.
Бақ орнаған жігіттің
Асығы жатар алшыдан.
Қонбайын десе бақ, дәулет,
Бесеу де аспас алтыдан.
Онымен пенде тұрама
Талаптанып әрнеге
Қолын созып талпынған.
Не жақсылар өткен жоқ
Заманында шалқыған.
Не батырлар өткен жоқ,
Жер жаңғырған даңқынан.
Не жүйріктер өткен жоқ
Сурылып озған шаршыдан.
Не сұлулар өткен жоқ
Жібектей шашы оралып,
Шыбықтай белі бұралып,
Жұпардай исі аңқыған.
Не жамандар өткен жоқ
Өкепдей суда қалқыған.
Ғаламға мәлім аттары
Ертеде өткен ерлер көп
Тақ шыққан талай талқыдан.
Ғали Сина, Фирдауси,
Орасан озық білгірлер,
Шыққан дейді тәжік, парсыдан.
Әбунасыр, Науаи,
Шығықты айрықша ғалымдар
Өзбек пен қазақ халқынан.
Хафиз, Жәми, Мақтұмқұл,
Деп айтат шыққан сөзге дүр
Хиуаның түрікпен, сартынан.
Солардан қалған соңғыға
Үлгілі өрнек нұсқа бар
Әр жұрттың сана-салтынан.
Ұстаған жолын олардың
Дәріпті ділуар аз емес
Жалғаса шыққан артынан.
Беттетпей жанды кезінде
Қастасқан жанын күйзелтіп,
Жандырған өрттей шарпыған.
Жанға жайлы жақсы сөз,
Татаусыз таза тыңдауға
Жауқазындай аршыған.
Ажарсыз сөздің әсері
Кеуліне көптің қонымсыз
Киіздей шала қарпыған.
Қолайлы кеңес айтылса
Түсінген тыңдап нәр алар
Сөйлеген сөздің парқынан.
Білгірсіп жұртқа жөн сілтер,
Дін бұзған кейбір дүмшелер
Келгенбей кеулі ғаршыдан.
Аңқау елге арамза,
Молда боп жүрген сұмдар көп
Бейхабар шам-шарқынан.
Барлығын білем дейтұғын
Аз емес әуре-сарсаң да,
Құр босқа кеулі талпынған.
Ғалымдар айтқан нұсқа бар,
Асылына тартар әр нәрсе,
Өзгермейді деген қалпынан.
Тырп етпей тарпаң жуасыр,
Бас білдіріп тайында
Жасынан мініп жаншыған.
Қадірлеп қанша бақсаң да,
Ералмас қырсау қатарға
Ерқашты болған қамшыдан.
Әулетпін деп алжасып
Азғындап жүрген аз емес
Әуре боп ата даңқынан.
Басынан тайған бақыты,
Қор боп жүр кейбір кербездер
Басалмай аяқ паңқыған.
Бәсекемен бұл кезде
Мал жиған пасық байлар көп
Пейілі төмен жалшыдан.
Жаздырмай қолын жоқшылық,
Кетпеген кімдер кіжініп,
Кемтаршылық зарпынан.
Ер көгерсе алғыспен
Жер көгерер деген бар
Жаңбыр мен тамған тамшыдан.
Із тастаған алтайы
Қашқанмен қысқы сонарда
Құтылмас қуған аңшыдан.
Қанағат қылса кісінің
Тойғызар қарнын деген бар
Қайғысыз жеген жарты нан.
Алар нұсқа аңлаған,
Серлеттім сөздің түрлерін
Әр саладан қамтыған.
Жетпіске жасым жетсе де
Сөзіме құмар халқымның
Қайтқан жоқ кеулі қартынан.
Шынымен алсам кеудеге
Қара тас судай балқыған.
Таусылмас қайнар кен едім,
Кешегі жүйрік мен едім,
Жүлде алған байрақ, халқынан.
Кіші жүздің кенжесі
«Дөйт» ұранды Шөмекей –
Шыққан бір Базар Балқыдан! – дей келе, Қалжан ахунға бұрылып:
«Ауру – сырқау айналып,
Елдің құты қашсын» дер;
«Әлпештеген біреудің
Жаңа түскен келінін –
Қара албасты бассын» дер;
«Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Абыржып әбден сассын» дер;
«Ат терлетіп алдырып,
Басына зікір салдырып,
Дәулетін сүйтіп шашсын» дер;
Бұл бақсылар тілегі,
Сондай тілек болама
Жақсылардың тілегі?!
«Жаны ардақты жақсының
Күнде бірі өлсін» дер;
«Жаназасын оқы, деп
Шақыртушы келсін» дер;
«Қатым құран шығарып,
Мал мен мүлкін бөлсін» дер;
«Сол бөлінген олжадан,
Өзгелерден көбірек
Сыбағамды берсін» дер –
Бұл молдалар тілегі,
Жақсы тілек бола ма
Сонда олардың тілегі?!
«Ақ жарылқап күн туып,
Күнде қызық болсын» дер;
«Келін түсіп ұл туып,
Үйге бала толсын» дер;
«Азаматы елдің аман боп,
Басына бақыт қонсын» дер;
«Ойын ойнап, той тойлап,
Мерекеге жан-жақтан,
Жұрт жиналып келсін»дер –
Бұл жыраулар тілегі,
Сол тілекті тілейтін
Мен де соның, – біреуі!
Молдалар сауап іздесең,
Құранды оқы молаға.
Басына түне демеймін
Келіңдер қайтып қонаға.
Өлім барды шашады.
Жоқтың артын ашады.
Қосыла сендер тонама.
Жылап-сықтап жатқанда,
Олжада ойың барларың
Қараң құрсын жолама.
Тірінің көңілін ауласаң
Дүние үшін жолдан таймасаң,
Мен сендерден садаға.
Құран оқып күңреніп
Сары уайым саласың,
Берсе қағып аласың,
Соларың дұрыс бола ма?
Қатесі болса сөзімнің
Аямаңдар айта бер,
Көңіліме менің қарама!? – деп,
барып тоқтайды. Дүниені көшіріп қондырғандай жыраудың сарқылмас сөзіне сүңгіп кеткен көпшілік үнсіз қалады.
Сонда Қалжан ахун:
– Маш Аллах, Базеке! Алланың нұры жаусын! Жырау – Алланың көкірегіне сөз құйған, халықтың қарауылы екен ғой!- деп, үстіндегі жібек шапанын сыпырып Базар жырауға жабады. «Шөмекейге жиендігім бар еді. Біз айтқан сөзді базына деп түсініңіз» деп, кешірім сұрайды. Дін менен өнердің тертесін тең ұстаған ғұламалар халықтың бірлігі мен болашағына осылай қызмет жасап, өмірін арнаған. «Зердің құнын – зергер біледі».
* * *
Жедел желіден (фб) «Базар жырауды жын айналдырған», «орыстың малын бағып, құлы болған», т.б. уағыз айтып тұрған мешіт молдасы мен оны тыңдап отырған жамағатқа түсінікті болуы үшін айтылған бір кеңес. Асылында «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп, халықтың бірлігіне сызат түсірер сөздерден аулақ болған жөн. «Сөз – ақылыңның жеткен жеріне дейін ғана, – сөз».
Дайындаған Алмас АЛМАТОВ
Өмір дерек
Алматов Алмасбек Нұрмаханұлы 13.02.1956 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Қорқыт станциясында туған. Ұлтымыздың жыршылық, жыраулық дәстүрін жалғастырушы, жырау-педагог, фольклор зерттеушісі. 1982 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка – педагогика факультетін бітірген. 1982-1987 жылдары Қызылорда Облыстық кәсіптік білім беру мәдениет басқармасы мен Облыстық халық шығармашылығы орталығында жетекші маман қызыметін атқарып, 1987-1988 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ғылыми ізденушісі болып қабылданды. 1988-1990 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының «Халық әні» кафедрасын ұйымдастырушылардың бірі және алғашқы меңгерушісі болып сайланды. 1990 – 2011ж. қазан айына дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасын ұйымдастырушы және алғашқы меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2011 жылдың қазан айынан Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қорқыт атындағы өнер зерттеу институтының директоры, 2012 жылдан Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының профессоры қызметінде.
1994-1998 жылдары Қызылорда облыстық маслихат депутаты. 1998 жылы А.Н.Алматовтың жетекші, авторлығымен 0621-«Дәстүрлі өнер-жыр» мамандығы бойынша негізгі жоғары білім беру мемлекеттік стандарты, оқу жостары, онын толық оқу – әдістемелік кешені жасалды. Ол Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет, денсаулық, спорт министрлігінің 08.05.1998 жылғы № 115 бұйрығымен бекітіліп, жоғарғы оқу орнындағы арнаулы мамандық есебінде классификаторға енгізілді. Осы мамандық бойынша 1998-1999 оқу жылына алғашқы студенттер қабылданды. 2001,2002,2004,2006 жылдары 062140 – «Дәстүрлі музыкалық өнер» (түрлері бойынша) Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жетекші авторы. Жыраулық дәстүрді насихаттау және ғылыми дәлелдеу жолында А.Н Алматов әр кезеңдерде шетелдерге қызметтік іс-сапарларда болды: 1985ж. Франция, Италия, Швейцарияда өткен –«Фольклорлық музыкалық турне», 1985ж. Монголия –«Азия халықтарының музыкалық симпозиум», 1993ж. Франция. Парижде «Chatelet» театрында – жеке концерт, 1993ж. Голландияның Амстердам қаласында «Музыкалық фестиваль», 1996ж. Америка, Висконсин, Медисон университетінде лекция- концерт, 2001ж. Египет. Каир . Қазақстан Республикасының 10 жылдығына орай өткізілген мәдениет күндеріне қатысты. 2002ж. Лондонда «Елезабет – Холл» сарайында жеке концерт берген алғашқа қазақ жырауы. 2003ж. Американың Нью-Йорк, Вашенгтон қалаларында жеке концерт беріп, Смитсонион университетінде лекция-концерт өткізді. 2007ж Голландия, Белгияда өткен «Орта Азия халықтарының музыкалық фестивальдеріне» қатысып, Қазақтың жыршылық, жыраулық өнерінің әлемдік саханаға шығуына алғаш жол салған – өнер иесі. А.Н. Алматов үздіксіз ізденісінің арқасында атақ – абройға қол жеткізді: КСРО Композиторлар одағының Құрмет грамотасы (1985ж. Москва). Қазақстан ЛКЖО сыйлығының лауреаты. (№244. 27.10.1986 ж.Алматы). Ы. Алтынсарин атындағы медаль (№192. 1992ж.). Решением Комитета по высшей школе Министерства науки, высшей школы и технической политики Российской Федерации от 20.05.1993 №678-д Алматову Алмасбеку присвоено ученое звание Доцента по кафедре народного пения. (ДЦ № 010806) Москва 1993г. ҚР Мәдениет қайраткері (№0649) 2003ж. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері (№00747) 05.08.2003ж. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (№ 4129) 08.12.2006ж. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының құрметті Профессоры (№031) 28.08.2008ж. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. (№ 15076) 10.10.2011ж. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2013 жылғы 9 желтоқсанындағы Жарлығы бойынша, (№ 35857) А.Н. Алматов «Парасат» орденімен (Орден № 613) награтталды. Өнер жолында жүзден астам шәкірт тәрбиелеп, халқаралық, республикалық конкурыстардың лауреаттарын дайындады. Профессор А.Н. Алматов шығармашылық және ғылыми зерттеу жұмыстарын
үнемі жетілдіріп отыратын білікті ұстаз. Отбасылы. Жұбайы Алматова Мейрамкүл Сағындыққызы музыка маманы, оқытушы. Алла берген, Бес баланың әкесі. Төрт келін, тоғыз немеренің атасы… Әулеттің үлкені.