Бір суреттің сыры

Бақұл болыңыз

Ақын Аманхан Әлім дүниеден озды

«Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлімұлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Аманхан Әлімұлы қазіргі Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Мәскеудегі Бүкілодақтық A.Горький атындағы Әдебиет институтының жоғары курсын бітірген. Республикалық басылымдарда қызмет істеген.
«Кездесу» (1983), «Жанымның жапырағы» (1989), «Ай нұры алақанымда» (1996) жыр жинақтарының авторы. 2019 жылы Арыс қаласының «Құрметті азаматы» атанған.
Аманхан ағаның Шортанбай тойына келгендегі суреті

АМАНХАН АҒА
1987 жыл. «Лениншіл жас» (Жас Алаш) газетіне бір топ өлеңдерім жарияланды. (Ол кезде өлең жазатынмын). Сол өлеңдерім Аманхан ағамның көзіне түсіпті. Іздеп жүріп тауып алды. Өзін таныстырды. Аманхан Әлім деген ақын екен. Танымадым. Жерлес екенбіз. Оның үстіне ағайын болып шықтық. Мені қолымнан жетелеп біраз редакцияға алып барды. Жігіттермен таныстырып жүр. Сөз арасында: «Болашағынан зор үміт күттіретін ақын» деп қояды. Ал олар болса мен сияқты «ақынды» тани қоймайды. Сондай сәтте Аманхан ағам қолындағы «Лениншіл жастағы» менің өлеңдерімді оқи жөнеледі. Сосын өзі: «Қандай образ!» деп тамсанып қояды. Сол екпінмен маған: «Мыналарға басқа бір өлеңіңді оқып көрсетші» дейді. Мен оқи жөнелемін. Енді барлық өлеңің бірдей «образды» бола бермейді ғой. Соны Аманхан ағам да сезді-ау деймін, одан кейінгі кездесулерде «Өлең оқы» демейтін болды. Бірақ өзі газетте жарияланған өлеңдерімді мақтауды қоймайды. Сірә, мені шамалы демеу көрсетсе шынында да бағы ашылғалы тұрған ақын деп ойлады-ау деймін, сол жетектеген қалпы «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан) газетіне алып барды. Өзі жолшыбай: «Қазір сені Құлбекпен таныстырамын» деп тағы бір мен танымайтын ағам туралы әңгіме өрбітіп келді. Аманхан ағамның сөзінен аңғарғаным, Құлбек ағам тіпті сойқан көрінеді. Әгәрәкім өлеңдерім ол кісіге ұнай қалса, онда… Қанат біткендей ғажайып бір күйге еніп келемін. Әйтсе де Құлбек ағамды да тани қоймағаныма іштей өзіме қапа да болып қоямын.
Не керек, Құлбек ағамның кабинетіне бас сұқтық. Ол кісі де өлеңдерімді оқыған екен. Бірден оң қабақ танытты. Оң қабақ танытқанда: «Осы уақытқа дейін қайда жүрсің?» деді. Не дей қойғаным есімде жоқ, әйтеуір күмілжіп, бірнәрселерді айтқан болдым. Күмілжімей көр… Ой-хой, ол кездегі редакциялардың абыройы сойқан еді ғой. Ал «СҚ» дегенің… Сол «СҚ»-ның білдей бір қызметкері, «Әдебиеттегі жаңа пері», Аманхан ағам ол кісіге сырттай осылай баға берген, арқаңнан қақса, өзіңді ақын деп бағаласа, тасымай көр! Сол кезде екі ағама ұнаған өлеңнің бірі былай басталатын:
«Шаңқай түсте құм төсі қызады аппақ,
Түн салқынын осылай бұзады аптап.
Табанын от қарыған тентек құйын,
Қырға қашып барады тызалақтап».
Араға жылдар түсті. Екі ағамыздың соңынан еріп, бүгінгі күнге жеттік. Ақын бола қоймағанымызға өкінішіміз жоқ. Бірақ Аманхан ағам баяғы өлеңімді ұмытпай, ұдайы есіме салып отыратын. Ондайда мен: «Сіз сияқты өлең тудыра алмаған соң қойдық қой» деп құтылатынмын.
Осыдан екі-үш күн бұрын телефон шалды. Діни тақырыпта біраз әңгіме өрбіттік. Мұхаммед (сғс) пайғамбар туралы көлемді бір дүние жазғысы келіп жүретін, сол туралы біраз ақпар берді. Бұрын шәлкем-шалыс келіп жүрген кей әріптестері туралы оң пікір білдірді. Мен өз тарапымнан Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» атты кітабының тұсаукесерін керемет жүргіздіңіз» деп жүрекжарды лебізімді білдірдім. Ағам да: «Сен де жақсы сөйледің» деп мақтап қойды. Соңғы сөз сол болды.
«Соңғы сөз». Қандай ауыр. Қаралы хабарды естігенде теңселіп кеттім. Алдыңда ағаң бары айбар екен ғой. Жетімсіреп отырмын. Ағама деген сағынышым жанарымнан жас болып төгіледі. Бақыл болыңыз, Аға!

Құдияр Біләл

Қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. Дәл бүгін-ертең Аманхан ағамды шын дүниеге кетіп қалады деп кім ойлаған?! Неге сонша асықты? Сене алар емеспін. Сенгім де келмейді. Өйткені осыдан 4-5 күн бұрын ғана телефонмен әзілдесе отырып, арқа-жарқа боп сөйлесіп едік қой. Әзіліміз жарасып жүруші еді. Әсіресе, қажылыққа бірге барған кезде, көп әзілдесетінбіз. «Менің дара да дана жеңгемнің арқасында келдіңіз ғой қажылыққа. Жалпы, өстіп жүргеніңіздің өзі сол кісінің шапағаты ғой» деп қалжыңдайтынбыз. «Иә, дәл солай! Онсыз мен өстіп жүре алмас едім. Бәрі соның арқасы» деп әзілге әзілмен жауап беріп, күле құптайтын. Бірде әңгіме арасында: «Көпенмен «ҚО»деген жерден қосылатын туыспыз» деді. Мен де қарап тұрмай: «Мен сізге одан да жақынмын» дедім. Қапелімде ол түсінбей қалды да: «Қалай?» деді. Сонда мен: «Біз «ҚАЖЫ» деген төрт әріптен қосыламыз ғой» деп күлдіріп едім. «Оның рас» деп шын ниетімен күлгені бар еді. Ақкөңіл, адал да атпал азамат еді. Қашан көрсең де қайнаған сары самаурындай бұрқылдап-сарқылдап, ақтарылып жүретін. Жас қаламгерлердің қамқоршысы болатын. Әдебиеттегі әрбір жетістікке шын жүрегімен қуанатын. Ешкімге зәредей жамандығы жоқ еді. «Аллаға да жақсы адамдар керек» дейді ғой. Сол АДАМ Аманхан аға екеніне дау жоқ.
Алдыңыз жарық болсын, Аманхан аға! Алла рақымына алсын!

Ермахан Шайхы

Марқұм нағашым Аманхан Әлімге

Індет кезінде келіпті-ау жарлық аспаннан,
Аманханға дейін Адам Атадан басталған,
«Халық үшін балыққа жем болсын» деп,
Құрбандық болдың теңізге тура тасталған.

Жақсының жанын алыпсың, тілегін берші Алла,
Егіліп қалған ел-жұртқа енді шер салма.
Қошқардай Қожа құрбандыққа шалынса,
Беті қайтар, халқым, індеттің мына, иншалла.

Ширығып ылғи әділетсіздіктерге жан-жүйең,
Жиен, – деп айтар кім қалды енді, Әулием?!
Жолың үлкен болса да, қолыңның қысқа болғаны –
Жібермей кетті-ау көп нәрсеге Ар-Киең.

Рас болды ғой шыққаны кеудеңнен анық дем,
Жүре беріппіз алаңсыз, –деп, – уақыт кең.
Құныңды білер Оразбайлар тірі кезінде
Кетіп те қалған Абайдай, мүмкін, бақытты ең…

Төреғали ТӘШЕНОВ

30.03.2020. сағат 13.00

***

Тағы бір ұлыңды бауырыңа алдың ба, Жер-Ана…😥

Не боп кетті…
«Е, Құдай, бүгін жақсы жаңалық естиікші…» деп оянамыз да… күнде еститініміз ауыр әңгімелер…

Таңнан бері дел-сал күй…

Аманхан Әлімұлы ағамен «Қазақ әдебиетінде» бірге істеген бір-ақ жыл кейінгі жиырма жылдық сыйластыққа ұласып еді…

Қош бол, жаны жайсаң жақсы аға!..

Қиын кезеңдегі ауыр қазаның арты қайырлы болсын, қазақ елі!

Сәуле Әбілдаханқызы

***

Мен бүгін ең бір жақын адамымнан айрылдым. Ағалық қамқорлығын аямаған қайран Аманхан ағам-ай, қабырғамызды қайыстырып, белімізді майыстырып кетіп барасыз! Жаныңыз Жәннатта болсын… Мына алай-дүлей көңілден туған өлеңімді, сөз жоқ, «Нәшәр өлең» дер едіңіз. Атып тұрып, солай десеңіз ғой…

ҚАЗАНАМА

Жел болып сыбырлармын құлағыңа,
Менен сәлем айтқын деп көзкөргенге.
Аманхан Әлім

Мен бүгін мың жылға қартайдым.
Кеп-кеше бүтін ем, ортайдым.
Іркілген қаралы бұлтпын мен,
Білмеймін, әй қашан тарқаймын?

Ағадан айрылдым, жалған-ай!
Төбеме тиді ауыр балғадай!
Еркек басымменен, кемсеңдеп
Көз жасы көл құсап тамғаны-ай!

Сақалды басына қарамай,
Тап-таза, аңқылдақ баладай!
Қара жер, не деген қомағай?
Ойсырап қалды орны даладай!

Тас болған бауырым езілді!
Жақыным, жақсы адам көз ілді.
Балқашқа батырсам бола ма,
Жүрекке жүк болған сезімді?!

Көңіл айтамын-ау, кімге айтам?
Дарияға айтам, көлге айтам.
Кітаптарға айтам, содан соң,
Есенғалиға айтам, елге айтам.

Қош, аға, кеттің-ау жыраққа!
Сене алмай, сенделем бірақ та.
Жиі кеп тұрғайсың, жырыңды
Жел болып сыбырлап құлаққа.

Айдын БАЙЫС
***

Жалған дүние ай! Жалғандығыңды білсем де ,тап осындай деп ойламаушы едім. Алла Тағаламның өлшеулі демі біткен күні баратын жеріміз екенін білсем де ,ауыр хабар болды. Аманхан бауырым өзіңнің өмірден өткеніңді естігелі көз жасым тиылар емес. Өзің туралы қазанаманың бәрінде оқып шықтым бәрі де рас . Соңғы рет тел.арқылы ұзақ сөйлесіп едік. Біраз сырларыңды , ағайынға деген ойларыңды айтып едің. Иә бұл дүниеде кім қалар дейсің? Мына фк ( қырсыққанда ) мені блоктап тастапты. Парақшаңда көңіл де айта алмай қор болып отырмын. Фб кіруіме себепші болған да өзің едің. Фб деген аудитория ғой, достарыңды көбейтіп , ойларыңды осы жерге сала бер дегенсің. Мен сенің айтқаныңды істеп осы күні әжептеуір жаза алатын жағдайға жеттім. Жақсыдан шарапат деген осы. Соңғы рет қызым Ғалияны ертіп барып » мына қызыма жұмыс тауып бер » дегенім де бастықтарыңа жетектеп апарып таныстырып едің. Аңқылдаған ақ көңіл баурым ай! Әбдірейім ау осы қыз магистратураға түскен кезде неге алып келмедің, кәзір менің қолымда билік жоқ қой деп күйініп едің. Жаназаңа барып , бір уыс топырақ та сала алмадым ау. Бақұл бол бауырым , досым , Алла алдыңнан жарылқасын! Жаның жанатта болғай! Жеңгеміз Күлайға , бала – шағаңа , бауырларың бүкіл өзіңді қадірлейтін оқырмандарың қайғырып көңіл айтамын.

Құрметті достар менде фб ке кіру мүмкіндігім болмағандықтан осы қазанаманы фб де жариялауларыңызды өтінем.

Әбдірайым Қожа, Түркістан қаласы.

Бақиға беталған адамды соңғы сапарға шығарып саларда «қандай адам еді?» деп сұраушы еді ғой. «Жақсы адам еді» дейтін жиналған қауым жамырай. Пенде ғой, марқұмның жамандығы да болған шығар, бірақ соңындағы елі «жақсы адам еді» деп аттандыратын. Өзі ана дүниеге кетіп бара жатқан адамға басқа сөз айту да артық болары анық. Ондай сөзге бар болмысымен лайық адамдар да аз емес…

Міне, енді сондай шын жақсы адамның бірі Аманхан Әлімұлы ағамыз да мынау жарық жалғанды артқа тастапты. Ол кісіге үлкен-кішінің, таныс та бейтаныстың білдіріп жатқан соншалық қимастық сезімін, кіршіксіз көңілдерден шыққан мол жоқтау сөздерін оқып отырып, мынау бес күндік жалғанда атақ-абырой, ақша-байлық емес, адалдық жолындағы шынайы адамдық ізіңнің ғана биік құрметке ие болатынына еркісіз бас идім.

Аманхан ағамен өмірде жүздеспеген едім. Сыртынан жақсы танимын. Осында «Өлең оқиық достар» деп салып отыратын жырларын оқитынмын.

Бірде, Шара Тұрмағамбетова апай хабарласып ол кісінің мені іздеп жатқанын айтты. Сөйтсем, Арыстағы жарылыс кезінде жазған «Соңғы бекініс» атты шағын әңгімеме оң пікірін айтып, ықылас білдірген екен. Оны шара апайым осында жариялапты. Ағамыздың өзі де жекеге хат жазып, телефон нөмірін қалдырып, хабарлас депті.

Хатты көре қоңырау шалдым. Бірден, ағыл-тегіл амандасып, ақтарыла жөнелді. Бұрыннан таныс, сырлас адамдай өзіне үйіріп барады. Әңгімем жайлы қуанарлық лебіз білдіріп, жазу-сызуға қатысты аз-кем кеңес айтты. Соңында, сәттілік тілеп, көңілді демеп, қанаттандырып аяқтады сөзін.

Шынымды айтсам, аға буын аталатын қауымның бар жылылығы мен ұлылығын сол кісі арқалап жүргендей сезілгені рас. Ағамызбен әңгімеден кейін көңіл өсіп, марқайып та қалған едік.

Аманхан аға туралы суық хабарды көргенде жүрек шіркін солық етті. Өзі алыста, елден жырақта жүрген көңіл тіпті құлазып, мынау дүниенің шын баянсыз, алдамшы екеніне еркісіз иландық. Бірақ, амал не! Пенде баласы ол шындықтан қашып құтыла ала ма!?.

Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын, арманшыл ақын, ақеділ аға, ақжүрек АДАМ!

Мұрат Амасбек

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button