Ислам дінін таратушылардың бірі, философ, ағартушы және Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтың ұстазы болған. Ақкөл-Жайылмада медресе ашып, мешіт тұрғызған Мұрат қожаның ұлы Исабек ишан 1792 жылы Баянауыл баурайында дүниеге келген, 1810-шы жылдары Бұхара медресесінде діни білім алған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ертіс, Есіл, Сілеті мен Ақкөл-Жайылма қазақтары Исабек ишанның бастамасымен Меккеге қажылық сапарға шығады. Ишан 1871 жылы қайтыс болады. Екібастұз қаласы мен Ақтоғай аудандарының аумағында жатқан 100-ден сәл асатын түтіні бар ауылдың орналасқан жерін жергілікті жұрт әулиелі Ақкөл-Жайылма, Шідерті даласы деп атайды екен. Жергілікті халық «атам зираты» деп атап кеткен қорымда жатқан Исабек ишан мен Жандарбек қожаның басын қайта көтеріп, күмбезі келіскен кесенелер тұрғызыпты. Мәшһүр-Жүсіп Исабек ишанға шығарған жоқтауында Бабамыздың білімін, әділдігін, шыншылдығын, батырлығын, исламның ақ жолын уағыздауда төккен тері-еңбегін, көркем мінезін, халал мен харамды, батил-(шындық пен жалғанды) қалай танып, ажырату ерекшелігін айтады. Алланың берген қасиеті, хал (батин) ішкі, жан-дүниеңді, жетілдіретін ілімді жоғары деңгейде меңгергенін ұстаздық пен төңірегіне пір болып Алланың кәләмін елге үйретуде орасан мән бергендігін төмендегі өлең шумақтарында өте әдемі өрнектепті.
Исабек ишан
Бісмілла, сөз бастайын асыл тектен,
Түскендей асыл еді-ау аспан көктен!
Керуендей бұ дүниеге аз күн қонып,
Паниден жақсы, жаман – бәрі өткен.
Бір жұрнақ, заттан шыққан асыл еді,
Қара түгіл қожаның асылы еді,
Әркім өз заманында дегендейін
Тақсырдың шарапаты басым еді.
Өзі ишан, жұрт бастаған, заты қожа,
Сейітзада нәсілі сондай таза.
Әр түрлі қасиеті еске түсіп,
Қайғымен қапаланып болдым наза.
Жасынан-ақ халыққа пірлік қылған,
Хақлық болса, бас тартпай ерлік қылған.
Нәсілінен сайып келген әулиелік,
Келгенде отыз беске пірлік қылған.
Пір болып кереметлі жұрт бастаған,
Заманында өзінен жан аспаған.
«Мен» «мен» деген ишандар:«Тақсыр-ай» деп,
Ешбірі хылап тауып таласпаған.
Шариғаттың жолынан адаспаған,
Дін тұтпаған наданға жанаспаған.
Қырмызы қызыл жібек секілденіп,
Бар еді қай мінезі жараспаған?!
«Өнер алды -қызыл тіл» – шешенім-ай,
Жылжыған жорғадайын көшелім-ай.
«Абылай аспас сары бел» – Сүйіндікке,
Пір болып үлгі шашқан көсемім-ай!
Шораның Баязит бастасындай,
Һайбатының Рүстем дастанындай.
Мысалы су хайбатының бек ләззәтлі,
Гүл райхан Бағирамның бостанындай.
Һайбатың бар-ды әділ Омардайын,
Түзеттің шариғаттың әрбір жайын,
Күндіз күлкі, түн болса ұйқы көрмей,
Дін ісін берік тұттың солардайын.
Шындығың хазіреті Сыдықтай бар,
Көрдің бе мұндай жанды, ей, жарандар.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Артынан жұрт таба алмай болды ғой зар.
Жомарттығың сахаба Сәдуақастай,
Бибі ана қымбаттығың мағмур тастай.
Сүннатын пайғамбардың махкам тұтқан,
Кәнекей, кім бар еді мұнан басқа-ай.
Сөйлеген әрбір сөзі ғылыми хикмет,
Нұр сипат берген Алла бейниһаят.
Тарихат, мағрифатпен үлгі шешіп,
Аллаға бек лайық қылған қызмет.
Атасы Мұратқожа әулие өткен,
Бұлақтан бірден-бірге келіп жеткен.
Арғы тегін сұрасаң, Назар ешан,
Тазарып шыққан асыл гауһар тектен.
Туғаннан шариғаттың жолын қуған,
Хақ жолдан талмай, белін бекем буған.
Табылмас дүррі найаб гауһарым-ай!
Сағадат қандай жақсы күнде туған?!
Пір болы кереметлі шыққан жастан,
Данышпан, ақылды еді жұрттан асқан.
Қанша білмес наданды жолға салып,
Шешманың1 толып жатқан көзін ашқан. (тәжік:бұлақ)
Жасынан артық болған алапаты.
Мың сан жанға жеткендей шарапаты.
Өзіне өле-өлгенше жоламаған
Бұл бақыты сұм дүниенің әр апаты.
Басынан бақ-дәулеті көшпей кеткен,
Шырағы жанып тұрған өшпей кеткен.
Қанша ыстық қастықпенен жабылса да,
Кәпірдің күпіріне түспей кеткен.
Тар жерде жанға сая керектім-ау,
Ақылы мол, қуатты, білектім-ай.
Басына қандай қысым, іс түссе де,
Саспайтын, асықпайтын жүректім-ай!
Дос тұтқан, ғалым болған ғалымдарды,
Берік тұтқан ол сүннатын пайғамбарды!
Бойына жуытпаған, жолатпаған,
Мұнафық, дін тұтпаған залымдарды.
Ықылас берген жанды артық күткен,
Ата-анадан артық тәрбие еткен.
Панасына саялап барған адам,
Дүние-ақырет мақсатқа бірдей жеткен.
Жан еді шарапатлы даңқы жеткен,
Жарлы барса байыған маңайына.
Бақ, дәулет, ырыс-нәсіп болып еді,
Кәріп пен кәсірлердің талайына.
Ашылған керемет пен батыр көзі,
Тасқа таңба басқандай айтқан сөзі.
Сүйіктім, әм-көрікті, ділмәрім-ай,
Бар еді келіспейтін қай мінезі.
Дәулет құс қонып басында еді,
Қырық шілтен, Ғайып ерен қасында еді.
Сапар қып ақыретке кеткенінде,
Жылы қой, жетпіс тоғыз жасында еді.
Өткені рузаның бас жағында,
Аузы берік, қарнының аш шағында.
Зәмзамның суыменен аузын ашып,
Жұманың өтіп кетті ақшамында.
Жаюлы жайнамазы тұрғаннан соң,
Дүниеде аз жыл дүкен құрғаннан соң,
Зәмзамнан бір татты да өтіп кетті,
Тәмам оқып намазшам болғаннан соң.
Жастыққа бір қоймастан кетті басын,
Құдайым енді алдынан жарылқасын.
Жан-жақтан барша халық жиылып кеп,
Оқыды дүйсенбі күн жаназасын.
Өткені оразаның әууал күні,
Бесі ма, алтысы ма жұма күні.
Алла-Алла деуінен бір танбай,
Дүниеден өтіп кетті-ау күндіз-түні.
Ақкөл-Жайылмада аз жыл тұрдың,
Пір болып, мүрит бастап, дүкен құрдың.
Әркімнің көңіліндегі дертін тапқан,
Бір түскен сәулесі едің жарық нұрдың.
Жоқтайды Қара бұжыр халқыменен,
Әжеке, Дәнен, Тентек қалпыменен.
Дүниеден есіл ерім кете бардың,
Бұрынғы әзіздердің салтыменен.
Біраз жыл бұл Арқада болдың қонақ,
Дүние опасы жоқ, түбі шолақ.
Алты ұлы Ажыбайдың ықылас берген,
Олар да жоқтайды екен Абыз-Шомақ.
Жолоба Қыпшақ деген бір ру ел,
Кірлеуіт Керейменен ол да түгел.
Теп-тегіс мүрит болған кемеңгерлер,
Бәрі тегіс шулайды Жайылма-Ақкөл.
Ақтілес, Сырым, Күлік, Бәсентиін,
Олардан болар ма екен Найман кейін.
Осылай өтіп кетті қайран ерім,
Түзеткен өз әлінше діннің үйін.
Бас берген Исекеме Апай, Бөрі,
Жақындау Қанжығалы одан көрі.
Айдабол мен Қаржаста ықылас берген,
Не түрлі жақсы жайсаң кемеңгері.
Төрт арыс – Қамбар, Жапар, Есен, Бозым,
Арқаға дін үйреткен жалғыз өзің.
Тақсырға дақыл болған көп халайық,
Жаз дейді сағындық деп айтқан сөзін.
Бір халық Сілтеліде Қожым, Байбек,
Қайғырып, жылайды екен оларда бек.
Не қылып о дариға ойламаймын,
Бойында тақсыр ешан шарапат көп.
Баспан мен Базаркелді ойлайды екен,
Боранбай әр кез айтып қоймайды екен.
Аққозы, Қарауыл мен ел ішінде,
Сырым Керей Исекеме тоймайды екен.
Атығай, Қарауыл мен бұлар дағы,
Тақсырдың кім келмеген құрметіне,
Тұрады көп халайық үміт етіп
Артына дуа қонсын деп перзентіне.
Бір халық ол да ойлайды құлатайын,
Тақсырдың ұмытар ма әрбір жайын.
Халыққа дін үйреткен жалғыз ешан,
Не қылып шарапатын ойламаймын.
Қосқұлақ, Қосайдармен көп айтады,
«Жалғанда тоймай қалдық» деп айтады.
Махшарда жолықтырар Алла рахмет қып,
«Шапағатын нәсіп қыл» деп айтады.
Қуандық, Сүйіндік пен Қозған, Күлік,
Сондай жан жаратылмас дінге берік.
Бәрі де еш есінен тастамайды,
Дұға алған Исекемнің жүзін көріп.
Жүзінде Сарыарқаның қанша халық,
Айтады қасиетін аузына алып.
Ақкөлдің өз басында үйі барды.
Түнейді ойына алған соған барып.
Таусылды ойлай-ойлай менің миым,
Тербетпей аруағыңды келмес күйім.
Басшы бол ақыретте баршамызға,
Атыңнан айналайын батагөйім.
О, дүние опасы жоқ жалғанның ба,
Түп қайғы басымызға салғанның ба.
Айырылып дуагөйден құтың кетіп,
Сары Арқа, адыра тұл қалғаның ба.
Арқаға Қоңырбайдай қалпе келген,
Қанша жұрт оған құлап ықылас берген.
Бұйырып Баянтауда топырағы,
Күнінде қаза жетіп ол да өлген.
Онан соң Жүсіп Ешан шыққан заттан,
Шұбар төс, шынжыр балақ, зор ибадаттан.
Біраз жыл әмір Мағруп үлгі шашып,
Басында бір төбенің ол да жатқан.
Құл болды, Ырыс ешан өткен бұрын,
Не заттар бұл Арқаны қылған орын.
Дуагөй кеміді ғой бұл жақта,
Сәт қожа кеше жүрген ол да қайда?
Исекемдей ешан жоқ Бұл Арқада,
Қарасақ Сүйіндік пен ел Алтайда.
Айдабол, Қаржан, Күлік тазаланды,
Болмаса некен-саяқ өр Алтайда.
Сағымдай алдады ғой мына жалған,
Көңліне таай жанның қапа салған.
Пір болып, мүрит бастап, дүкен құрған,
Заттардан енді ойласам кім бар қалған?
Болама заты қара таза тектей,
Бәрінен оза шыққан баса көктей.
Табылмас бұл Арқада ондай ғазиз,
Дуагөй, ғазиз ешан Исабектей.
Көрдің бе менің қапа болғанымды,
Айта алмай еп көрмедім тұрғанымды.
Атыңды күйгенімнен айтып салдым,
Еше гөр әдепсіздік қылғанымды.
Орта жүз он сан жатқан ел болды ғой,
Абылай аспас, асқар тау – бел болды ғой,
Айырылып дуагөйден, құтың кетіп,
Сарыарқа адыра қалған бел болды ғой.
Жайылма Ақкөлменен иесіз қалған,
Дұға қып Исекемді есіне алған.
Ішінде Қылды көлдің көп ұрпақ бар,
Тақсырдың зияраты сонан салған.
Шырақшы орнатуды бастарында,
Ғазиз бар біз білмейтін қастарында,
Әркімді әртүрлімен жұбатады,
Дүнием-ай, алдап бізді тастадың ба?
Бір Құдай Исекеме рахмет етсін,
Бақ, аруақ орынына қайтып келсін.
Аз сөз алтын болғанда, көп сөз көмір,
Ақыры осыменен тәмәм етсін.
Тұр қолым, айтпа тілім, тоқта қалам,
Болмайды сен айтқанмен дүние тәмәм.
Рұқына Исекемнің бір дұға қыл,
Есітіп осы сөзді білген адам.