Балықшы әулие
Бұл әулиенің мүрдесі Теріскейден Түркістанға асатын Суындық деген жерде. Басында үлкен бұлағы бар. Бұлағында шүпірлеген балық. Суы тастай, шипалық қасиеті мәлім. Бұлақ басы ну тоғай-орман тал. Балығына ешкім тиіспейді, жем тастап ырым қылады. Ұстаған кісі жаманшылыққа кезігетін көрінеді.
Қасиеті: жолаушыға ақ жол оңғарады. Тазалықтың, адалдықтың, ырыс-ынмақтың дәнекері, батагөй рух. Тұсынан өткен жолаушы көлігінен түсіп, дұға қылмай, не түнемей кетпейді.
Кез-келген аурудың шипагері, жабыққанды жебеуші. Әсіресе, шалықтаған ауру кісілер көп түнеп, зиярат қылады.
1959 жылы Созаққа келген жазушы Мұхтар Әуезов балықшы Ата басында үш күн болған. Бұл туралы Созақ совхозының тұрғыны зейнеткер, құймақұлақ шежірешісі Кәрібай Сарыбайұлы былай деп әңгімелейді:
-Балықшыда ол кезде шопандарға арналған демалыс үйі бар еді. Сонда демалып жатқанбыз. Күзге салым болатын. «Мұхтар келеді» дегенді естідік. Көп ұзамай-ақ түске таяу екі жеңіл машина жетіп келді. Алдыңғысынан бірінші хатшы Қоспанбетов, екіншіден жазушы мен Созақ совхозының директоры Ахметшеев, қазіргі белгілі жазушы Еркінбек Тұрысов түсті. Аман-саулық сұрасқан соң:
-Жолдас хатшы, бұл қай жер?-деді Мұхаң.
-Балықшы,-деп жауап берді хатшы.
-Оның басында талы, бұлағы, бейіті бар деуші еді ғой,-деп жан-жағына қарады. Хатшы әулиенің жоғарырақ екенін айтты.
Мұхаң сонда ойланбастан:
-Кеттік, әулиеге,-деп кабинаны тарс жапты.
Әулиенің моласы жөндеусіз, ебір-жесір болып құлап тұрғанын көрген жазушы директорға әбден кейіді. Сөзден директор қортынды шығарып, бір аптада әулиені жөндеуден өткізді.
Кешкісін ұзақ әңгіме болды. Біз Мұхаңа түрлі сауалдар қойып, жауап алып отырдық. Сонда Мұхаң:
-Осы Суындықта жатқан Балықшы, Изенді, Бәйжі, Кеңқол атаның бәрі араб әскерінің қолбасшылары, мұны мен кішкене кезімде атам Омарханнан естігенмін. Бала кезінде Бәйжінің астында керме-керме бие байлап, қымыз ішеді екен. Атамыз өте сауатты кісі болғандықтан, Түркістанға келген Құнанбай арнайы рұқсатпен өз елі жаққа кетіпті,-деп отыратын.
Сонда Мұхаң бұл тұстағы әулиелерді бұрын көрмесе де біліп отырды.
Балықшы Ата одан кейін жөнделген жоқ. Әулие Ата қиянатқа қарсы адам жанының тазалығын сақтайды.
Шайдарбек қажы Әшімұлының «Өткен әзиз әулиелер» жинағынан