Мұхаммед пайғамбардың ғарға кірген қиссасы
Майлықожа Сұлтанқожаұлы
Дүниеде жақсы адамда болмас арман,
Дүние опасыз, атадан бізге қалған.
Риза боп шүкір қылу бір Аллаға.
Әр түрлі пәндесіне келсе пәрмен
Дүниеден жақсы адам болмас қапа.
Көрсе де неше түрлі жәбір жапа
Құданың құлшылығын тәрік қылма.
Бұл дүние еш адамға қылмас опа
Дүниеде жақсы да өтті, жаман да өтті
Ақыры дүние кеп бізге жетті.
Намаз бен оразаңыз тәрік болмасын
Өлмесе көп адамдар қайда кетті.
Жалғанда біреулер аз, біреулер көп
Біреу батыр болғанда, біреулер бек.
Жақсылар ақылменен қайғырмайды
Құданың қылғанына мың шүкір деп.
Дүниенің адам тоймас барлығына
Жақсылар қапа болмас тарлығына.
Жалғанда бекер өткен өмір жалған
Алланың мойынсынбай барлығына.
Адамзат ажал жетсе өлетұғын
Жазуды пешенеде көретұғын.
Аллаға тәубе қылып жүре бермек
Еш пайда жоқ қайғыдан өнетұғын.
Бес күн жалған дүниеде сақылықтан
Қолда дүние бар болса беретұғын
Азаптанып жиған мал, қатын бала
Өлсең саған бірі жоқ еретұғын.
Намаз бен оразаң тәрік болмаса
Қара көрге шырағың болатұғын.
Жәннәттан неше түрлі нығыматы кеп
Бәле деген көп рақым қыла тұғын.
Сөзімнің жігі ашылып
Шыққандай болды қаяуы
Сал сүйек болған кезімде.
Жайлағандай жан бұлт.
Қаламды қолым алмайды
Жүрегім қапты шайлығып.
Жәнә бір дастан жазғалы
Қалам алдым қолыма.
Осылайша ой қылып
Құданың досты – Мұхаммед
Көріп еді ұлдарын.
Сипаған емес маңдайын
Біріне айтып жақсылық.
Күндерде бір күн болғанда
Айналып беттен сүйді бір
Өзінен өзі сұс болып.
Ақ бетінен кетті нұр
Пәрменінен сол уақта
Алладан келген хабар бұл.
Құдайың солай айтты деп
Хабар берді Жәбірейіл.
Перзентін сүйді Мұхаммед
Үмбетін тілек қып еді
Бір кеудеге сыймады
Досымның екі тілегі.
Пәруайыш қылсын баласын
Үмбетіңнің бәрі де
Дозаққа енді күйеді
Осы сөзді білдіріп
Жәбірейіл кетті жайына.
Қапа болды қабаһат
Әр қиял түсіп ойына.
Денелері дірілдеп
Түспеді жоқтау ойына.
Бет алдына жөнелді
Көзінің жасын төгеді.
Аузынан шықса екі сөз
Үмбеттен басқа демеді
Мәдинедегі арапқа
Білінбей кетті дерегі.
Әуелгі шыққан бара-бар
Бір тауға келді еңіреп
Көрмеген адам жер еді
Бір үңгірі бар еді.
Түбі алыс жаны кең
Еш адамға көрінбей
Сол тауға келіп енеді.
Үмбетім деп жылады
Күнәсін ақтан сорады.
Топыраққа салып беттерін
Екі аламның шырағы
Жылап жатыр ақ пайғамбар.
Мәдинедегі араптан
Азырақ баян қылайық
Расулның 9 зайыбы
Пайғамбардың жоғынан
Бәрінің болды пайымы.
Шақырып алып Пәтиманы
Алыслар айтты жайыны.
Айтқан сөзі бұл еді
Атаңыз кеше азанда
Перзентлерін сүйді бір
Өзінен-өзі сұс болып
Ақ бетінен кетті нұр.
Қарасаң бүгін атаң жоқ
Бұл қалайша болды сыр.
Пәтимажан бұл қалай
Жоғалттың бүгін атаңды,
Сізге хабар жіберді
Айтқалы осы аухалды.
Еш адамға білдірмей
Қылады қайда сапарды.
Удай ашып тырнағым
Денемнің бәрін өрт алды.
Төңіректің бәрі жау
Тірі болса атаңыз
Сірә да емес дені сау.
Көңілі ауып соларға
Жалғыз өзі кетті ме
Болмаса қайда кетеді.
Түзіні мұнан көтерді
Көзбенен анық көрмесе
Бәрінің сөзі бекер-ді,
Тағдырдың болмас табдірі
Пенде шіркін нетеді.
Мұны естіп Пәтима
Адамға қамқор атам деп
Жоғары даусын көтерді.
Аспан жаман күңіреніп
Әр жерге даусы жетеді.
Барша халық есітіп
Не қылған дауыс деседі.
Саһабалар есітіп
Жүгіріп келді мешітке.
Жүректері дүрсілдеп
Денелері дірілдеп
Қарап боп кетті сол уақта
Шаһардың іші қимылдап
Қай біреулері жыламақ.
Аспанның жаңғырыққанынан
Құлақтары шыңылдап
Бұлар бүйтіп жатқанда
Арыстанның алдына
Айымдар келді шуылдап.
Әлі мұны ұғады
Айта берді айымдар
Көңілдегі түйінді.
Бұлардан басқа адамның
Мешітке бәрі жиылды.
Мұны есітіп Әлінің
Көзінен жасы құйылды.
Не дескенін қайта айтшы деп
Еңсесі екі бөлінді.
Айымлар қалды қыдырып
Қарады шері тігіліп.
Бұлар бүйтіп жатқанда
Арыстанның алдына
Пәтима келді жүгіріп.
Сөйлей берді шеріге
Көзінің жасы төгіліп.
Е, тақсыр байқадың ба істің түрін,
Замана біз сорлыға келді-ау қырын.
Болыпты бүгін түнде атам ғайып
Біріне айымлардың айтпай сырын.
Уақта кеше осы сұс болыпты
Алдына шақырып ап сүйіп ұлын.
Бетінен басын сүйіп, өпкен емес
Дайымы байқаушы едің бұдан бұрын.
Осындай бір іс бопты таңғажайып
Ұрланып, ғаріп атам болды-ау ғайып.
Бәрінде төңіректің дұшпан еді
Ұрланып әжеп емес қылса майып.
Кеткенін қайсы жаққа біле алмадым
Қаншама болса-дағы 9 зайып.
Дұшпандардың көз алдында қылмаса да
Сыртынан жүрген екен торын жайып.
Пәтима осылай деп еді
Көз жасын шері төгеді.
Жоғары мен төменге
Жиылып болды жамиғат
Күн сәскеге кеп еді.
Мешітке келген адамдар
Бұл істен болды бейхабар.
Пайғамбардың жақыны
Әбу Бакр, ер Омар
Әл аухалын сұрады.
Бастарын қосып шарияр
Мәлім болды баршаға
Болды деп ғайып пайғамбар
Аһ пайғамбар құда деп,
Жиылды шулап жарандар.
Аспан жаман күңіреніп
Күйзелді көкте жануар.
Дариялар ақпай тоқталып
Тебіренді жаһан сол заман.
Күннің көзі тұтылды
18 мың аламда
Қаншама көп мақұлық
Қабақтары шытылып
Бұл қайғының бертінен
Қиямет қайым сықылды
Тау мен тастар қозғалып
Бір-біріне ұмтылып
Қараңғылық боп кетті.
Не ерлер жаннан түңіліп
Аһ пайғамбар құда деп
Әр жерден дыбыс білініп
Қақ жарылып қара жер
Таспадай кетті тілініп.
Жаңбырдай болып майда тас
Не таулар қалды жығылып.
Жәбірейіл айтты бір Алла
Тоқтатқын деп оларды
Кетпесін жаһан бұзылып.
Басқаларға көрінбей
Шариярға білініп.
Қылыңыздар маслихат
Бастарын қосып жиылып.
Хабарын айтып Алланың
Жәбірейіл қайта самғады.
Әлік үкімнін білдіріп.
Айқайлап алты жамағат
Жиылған барша қалайық
Мәнісіне қаналық.
Жер жүзінде патша көп
Бәріне хабар салайық.
Білмейміз деген патшаның
Тілінен тілхат алайық.
Білінсе егер артынан
Бір де біріміз қалмайық.
Ол кәпірдің халқынан
Көп кәпір набыт боп еді.
Ол кәпірдің халқынан
Жатыр едің бейхабар
Тимейміз деген шартымен
Білмейміз десе кәпірлер
Сендірер бізді антымен.
Әгәр атам жоқ болса
Осы ашудың кертінен
Бәріне жаза берейік.
Не болмаса өлемін
Ендеше маған тоқтау жоқ.
Атамның білмей дерегін
Әлішер осылай деп еді
Баршасы мақұл көреді.
Мәдинедегі барша халайық
Жиылып әзір боп еді
Үлкен кіші демеді.
Қараймыз деп Расулны
Қол ұстасып жөнелді.
Неше күн-түн қарады
Білінбей кетті дерегі.
Далада жүрген қой бағып
Бір шопанды көреді
Тілдескелі азырақ
Қасына жақын келеді.
Жол болсын неғып жүрсің деп
Шопанның айтқан сөзі еді:
Тауда адам, пұтада адам, далада адам
Өрмелеп тауға шығып барар тамам.
Болмаса қисық қыңыр, мертік, шартық
Қалмаған бүкіл дүниеде бар ма адам.
Мұнша адам не себептен шыққан түзге
Кісідей үңіліп жүр түсіп ізге.
Ақ жүзді қызыл бала шырын сөзді
Мәнісін бұл жұмыстың айтшы бізге.
Жақсылар сіз боларсыз қайсы халық
Не қылған адамсыздар түсін сарық.
Жұмыс бар қандай қам күн көңіліңізде
Жылайсың көзіңізден жасың ағып.
Жау алып бір шаһарды талады ма
Барады жердің жүзін адам алып.
Жатқалы мен бұл жерде талай болды
Ешкімнен біле алмадым хабарланып.
Пәрәндә, пәрәндәлар ерте кеште
Әр заман тауға барып қылар жаңғырық.
Шат емес жаһандағы жануарлар
Дембе дем тауға шығып қылар жаңғырық.
Көзінен бірде тыймай жас ағады,
Солқылдап көңілдер босанады.
Сіздерден мұның жайын сұраймын деп
Мен ойлап білмей қалдым осы араны.
Ұшқанда пәрәндәләр көріп қалдым
Көлдегі масаменен сонадағы.
Көргенін Шариярға баян етті
Осындай шопан айтты мәселені.
Әлі айтты шопан өзің тауға жайып
Жұмысты Алла білер ілме ғайып.
Бейшара осыншама іс оңлапсың
Әлінше дана екенсің ақылың сайып
Араппыз Мәдинедегі әсіл нәсілім
Еш уақта жоқ қараған болмас айып.
Сол үшін осынша адам сандалып жүр
Дүниеден болды ғайып ұстын тайып
Шопаным сен сұрасаң айтайын сыр
Бір күнде ғайып болды Мұхаммед нұр.
Сандалып осынша адам күндіз-түні
Дерегін сол кісінің табалмай жүр.
Сен менен әуелімнен сұрадың хабар
Мен сізге айтатұғын арызым бар.
Берейін не тілесең алғын баба
Табылса есен аман ақ пайғамбар.
Қай падиша қай қалықтың адамысың
Әуелі өз нәсіліңді қылғын баян.
Осынша аңғарыпсыз адисаны
Байқасам сіз адамда ықымат бар.
Жөн бағып күндіз-түні жүрген болсаң
Бұл тауда үңгір терең бар ма еді ғар.
Бар болса екеуміз де барып келсек
Жамағат қойды бағып тұрыңыздар.
Қонсына шопан баба қойды қолды
Қылған соң, Әлі Айдар сөзді оңды.
Е, тақсыр Алла бауыр өзім атым
Дәштегі өзбек дейді әсіл затым.
Баққаным кісі малы күнім бітті
Өзіне тапсырайын аманатын.
Онан соң сіз еріңіз мен бастайын
Жиналсын алды артың жамағатың.
Бір үңгір көріп едім түбі терең
Ішінде не бар не жоқ сұра менен.
Ұшқан құс әр заманда солай қарап
Ұшады бірі жоғары бірі төмен.
Ішіне кіре алмай, үңіледі,
Алыстан тура қарап тігіледі.
От оттап жатқан малым су ішпестен
Әр заман соған қарап жүгіреді.
Аңғарып бастан аяқ істің түрін
Иншалла осы арада білінеді
Әл Әзірет әжеп емес ғарға кірсе
Жақсылар аңғарыңдар тура келсе.
Шопан осылай деген соң
Әбу Бакр молда Осман
Әзірет Омар Арслан
Қалармыз барсақ кешігіп
Алланың хабар дыбысынан.
Қарап тұрсаң жамағат
Қол үзбей қойды бағыстан.
Әуелгі сөз алтынды
Тоқтатпа жаным қарқынды
Әзіреттің жоқтығы
Қылып жүр сарсаң әркімді.
Қызырға мегзет бабамыз
Білмеуші ек бұрын парқыңды.
Тоқтаусыз барсаң осыдан
Бағасыз қылып нарқыңды.
Әлішер осылай деп еді
Шопан да мақұл көреді.
Қойды шопан тастады
Соңынан ере бастады.
Әр түрлі мақұлық жиналған
Бір үңгірге келеді.
Әлішердің сол уақта
Мақұлыққа айтқан өлеңі.
Ендігі сөздің аяғы
Сол жерден шықты дерегі.
Осынша мақұлықтар жиналып тұр
Көз жасы баршасының құйылып тұр.
Келіпсіз әр түрліден жан жануар
Сіздерді кім шақырып бұйырып тұр.
Жылайсың бәрің әммә нала қылып
Жұмысқа Алла қандай бұйырып тұр.
Аламның 18 мың бәрі қам күн
Осылай деп Әзірет Әлі қылды нала.
Шегініп жол айырды сол арадан
Е, Алла Әзіретке қыл деп дұшар
Үңгірге қойды қадам шері құда.
Үңгірге Әзірет Әлі кіріп кетті
Жан-жаққа сол уақта назар салды
Денесін пайғамбардың көрген шақта
Аһ деп ақылынан танып қалды.
Адамға даладағы дауыс барды
Састы деп шері құда шамалады.
Үңгірге ол төртеуі кірген шақта
Көреді пайғамбарды сол уақта.
Төртеуі ақылынан бірдей танып
Әлі есін жинады бір уақытта.
Алдына Әбу Бәкір барды жылап
Е, тақсыр не болды деп әлін сұрап.
Әзірет топыраққа аунап жата берді
Сыдықтың арызына салмай құлақ.
Бұл іске Әбу Бәкір қапаланып
Расулының басын сүйеп жақын барып.
Алдына барып тұрып сөз сөйлейді
Көзінен қатар қатар жас тамып.
Сыдықтың сол уақта айтқан сөзі
Е, тақсыр не болды деп айқай салып:
Айналайын ақ пайғамбар
Әліңе қандай бергін тіл.
Келіпсіз мұндай қалетке
Бұл қалайша болды сыр.
Топыраққа аунап басыңыз
Көзіңнен аққан жасыңыз.
Ақ бетіңнен кетті нұр
Екі аламның шырағы
Бұл сөзіңді баян қыл.
Әуелі мұндай іс болды
Ақыр берсін Әкімқұл.
Денеден жаны шыққанша
Сыр бермейді мәрт ұғыл.
Сізді жоқтап үңгірге
Қанша кісі келіп тұр.
Сыдық осылай деп еді
Ақ Расул сөзге келеді.
Өз дертін әркім білер деп
Сыдыққа бірер сөз дегені.
Шырағым бұл сөзіме қылмағын қас,
Жанашыр жақын тұрсыз өмір жолдас.
Қылмаса құдай опа кеселім зор
Болады әлім қандай айтып болмас.
Кештім деп құдай өзі білдірмесе
Көзімнен мен өтемін ағызып жас.
Үмметім жүруші едім жәнәті деп
Ілгері өзгелерден әлбәттә деп.
Көңіліме Алла кәттә салды жара
Үмметім шын болды ма деп күнәсі көп.
Білмесем мұнан хабар тұруым жоқ
Көңілімді басқа жаққа бұруым жоқ.
Көңілімді Алла өзі шат етпесе
Дүниеден күліп ойнап жүрерім жоқ.
Өз дертім өзге білмес білер өзі
Бұл істі халыққа әшкере қылуым жоқ.
Осылай деп пайғамбар
Көтермеді кеудесін
Ашпады сөздің пердесін.
Тағы да Сыдық сөйлейді
Ағызып тұрып көз жасын.
Пайғамбарлар алып тұр
Бұл дүниенің әммесін.
Бұл қалайша болды сыр
Жолдасың дейді Жәбірейіл
Басыңды көтер пайғамбар
Үмметіңнің жолына.
Садаға болсын мал басым
Айтпадым тірлік жалғанды
Қайыр қылдым әркімге
Алладан жиған малымды
Сарып қылдым ақ жолға.
Алладан жиған ақшамды
Сауабы болса солардың
Үметіңе бағышлап
Сауабына жалғасын.
Маңдайдағы пәрменді
Құдайы қылдым кәлләмді.
Мәһшиерде тағы жәрдемді.
Осылай деп бұл Сыдық
Тұрыңыз деп өкірді.
Ой үммет деп пайғамбар
Сыдыққа жауап бермеді.
Қолын қойып көксіне
Әзірет Омар келеді
Тізе қосып екеуі
Осылай сөйлей береді.
Біліңіз тақсыр мен Омар
Шаһардың іші бос қалды.
Сізді іздеп жарандар
Аспан жаман күңіреніп
Күйзелді көкте жануар
Күңіреніп сұс боп жылайды.
Балықтар судың түбінде
Әзірет деген сана бар
Сізден басқа жауап жоқ
Мақұлықтың тілінде.
Әшкере қылып халыққа
Егер әбес болмаса
Қылушы едім тура ілімді
Туралықпен өткіздім
Дәргәйіндә өзіңді.
Өмірі қайыр жұмысқа
Сарып қылдым сан шабуылымды
Құдай қабыл ойласа
Сауап қылдым мұнымды.
Әлімше жәрдем қылайын
Мәһиешердің күнінде
Тау қабақтап жұмалап
Күллі жаһан бұзылды.
Нәубетінде бұл істің
Кей надандар қырылды.
Болмай ма мұның обалы
Бұл қайғыдан жетіп тұр
Айуандарға залалы.
Екі аламның шырағы
Дәрежеңе ынтызар
Мақұлықтың тамамы.
Екі аламның шырағы
Басыңды көтер жоғары.
Пайғамбары құданың
Бұған да жауап бермеді
Қолын қойып көкіне
Молда Осман келді шамалы.
Пайғамбарды құшақтап
Көзінің жасы бұршақтап,
Жалынып тұр зар еңіреп
Тұр айталмай қипақтап.
Оқисын деді құранды
Әріптерін сипаттап.
29 әріпті қырахаттап оқыдым
Шығарып тұрдым әжетін.
Азат қылып жібердім
Салып алып неше құлдарды
Құдай қабыл ойласа
Әжетті қылдым неше жыл
Солардың болса сауабы
Үмметіңе берейін
Басыңды көтер ақ Расул.
Османға сонда пайғамбар
Осылайша берді тіл:
Өз дертін өзге білмес, білер өзі
Адамның әрқалайша бар мінезі
Күнәсінің Үмметімнің ақтан сұра
Осылай пайғамбардың айтқан сөзі.
Шипасын бұл кеселдің қыла алмаймын
Пәзілмен кешірмесі Аллатағалам.
Қылмаса өзі опа жаратқан Хақ
Оранып тұр көңлімізге қайғы мен қам.
Ақыңа бірадарлар ырза болған
Ләззәтін бұл дүниенің бердім бәрін.
Осылай деп пайғамбар
Османға жауап бермеді.
Үмметім деп қылып зар
Ақ маңдайы жарқылдап
Көзінің жасы тамшылап
Алдына барды Әлі Айдар.
Сөзіне құлақ салғын деп
Ілтипат қылды пайғамбар
Құшақтап басын сүйеді
Езіліп кетті сүйегі.
Еңсесі екі бөлініп
Маңдайы жерге тиеді
Шерім деп жеті жасымда
Дайымы ертіп қасыңа
Неше қауға салдырдың
Кәпірлердің басына
Қайтпаған діннен қайсарды
Әлімше қылдым ашына.
Көбісін дінге кіргізіп
Ақ бұйрығын білгізіп
Неше шаһар халықты
Аққа мойын ұсынтып
Құдайға тәһәм қылдырып
Пұтханасын бұздырып
Орынан мешіт тұрғызып
Басты қылдым пәруана.
Мәлім болды халыққа
Қарастым аш пен арыққа
Не дүние түссе қолыма
Қайыр қылдым кәріпке.
Аштың қарнын тойғызып
Жауларға болдым ат
Қам көңілді қылдым шат.
Осы қылған ісімді
Сауапқа жазса құдірет
Үмметіңе берейін
Басыңды көтер Мұхаммед.
Осылай деп Әлішер
Тұрыңыз деп қылды зар.
Әліге айтқан сөзі бұл
Көтеріп басын пайғамбар:
Жасыңнан бірге өстің Әлі шырақ
Мақұл деп не сөз айтсам салдың құлақ
Не десем орнына келтіресің
Болып тұрмын әзір сізден жырағырақ.
Көңлімді Алла өзі шат етпесе
Дүниеден күдер үздім мен де шырақ.
Мен әзір бұл дүниеден тұрмын жеріп
Ішіме түсіп жара көңілім еріп
Тілектің осы күнде үстіндемін
Еш уақта бас бұрмаймын көңіл бөліп
Көңлімді Алла өзі шат етпесе
Сол күймен әжеп емес кетсем өліп.
Дүниенің ләззәтінен үздім күдер
Бермесе Үмметімді Хақ көшіріп.
Әзіретім топыраққа аунап жата берді
Шеріге осылайша жауап беріп.
Қаншама Әзірет Әлі қылды нала
Атама қуат бер деп Алла тағала.
Үңгірдің барша адам аузыңда тұр
Жиылып кәрі қартаң бала шаға.
Хабар жоқ төртеуінен не болды
Секілді қиял кірген Пәтимаға.
Оларға өзім тұрып барайын деп қойды қадам
Бибімен бірге кірді қалған адам.
Құшақтап пайғамбарды айтқан сөзі
Жанына пайғамбардың келген заман.
Болмады бізге рахат
Болды шаһар кабаһат
Қайрылмастан халыққа
Қандай іс болды жамиғат.
Халықтан қате өтті ме
Әсері сізге жетті ме?
Бір Алла өзі беймәлім
Күнәһар пенде кетті ме.
Жат етемін құдая
Қандай іс болды-ау замана.
Бей опа қылып халықты
Өзіңді тартып панаға
Пайымына баралмай
Уайым түсті әммәға.
Ізіңізге зар болды-ау
Келіп тұр қатын бала да.
Әшкере күнә қылмады
Өтпесе әбес мүбада.
Қолымда болса дүние
Қылып та жүрмін садаға.
Үмметіңе мол жаным
Садаға болсын жанада.
Менің сауап ісімді
Үлесіп алысып баршасы
Сізге де үммет жәмиғат
Халхала боп кетпесін
Жан ата шықты далаға.
Ақ Расул енді сөйледі
Шырағы жігер күшім деп
Өз қамын әркім жесін деп.
Басыма түскен іс ауыр
Сұрайсың менен несін деп.
Жата кеткен секілді
Өз қамын әркім жесін деп.
Бибі Пәтима ал сонда
Таза дәрет етеді
Мінажат аққа етеді.
Рахымен етер бибі бар
Даргаһыда қылдым зар.
Өзің опа етпесең
Бибіңізден кетті-ау әл.
Ешкімге жауап бермейді
Үңгірге кіріп пайғамбар.
Дүниеде барша халайық
Жылайды шулап жарандар.
Бұл жұмыстың зәрінен
Қайғырды барша айуан мал.
Шығып кетті қаладан
Мұсылман қауымы жарандар.
Аспан жаман күңіреніп
Бұзылуға қалды-ау сап.
Аламға қамқор өзіңсің
Бұл қайғыға не амал
Өтініп өзім сұранып
Жұбатушы сіз едің
Әгәр опа етпесең
Тірліктен үміт үземін.
Үмметіне атамның
Жаннаттан жайды түзегін.
Қылмаған нәбіт е тақсыр
Әбубінің қызы едім.
Қылмадым күнә көрініп
Қылмаған нәбіт біреу бар
Атамның Үммет пендесін.
Жетті дозақ жерінен
Он сегіз жас ішінде
Қосқайсың үрдің қызына
Азат қылған дозақтан.
Атама Үммәт пендесін
Хабарын айтып өзінің
Дарахына еркін өскен
Перзенті едім достыңнаң
Ұялта көрме Мұхаммед.
Осылай деп қылды жат.
Расулдың 9 зайыбы
Аумин деп тұр еді
Сол уақта зіл залал
Жәбірейілге әмір етеді.
Сүйінші берсін Пәтима
Патиманың тілегін
Қабыл қылды зул Жалал.
Далаға шығып есіткіз
Шаттанып барша жандар
Пейіштен есік ашылып
Жәннәтқа нұрлар шашылып
Раушан болды бұл заман.
Шаттанып бибі Пәтима
Бұл істен болды хабардар.
Дүниеден раушан болғаны
Аңғара қалды адамдар.
Сол уақта пайғамбар
Жүгіріп шықты далаға
Пейіштен есік ашылып
Нұр жауды арза самаға.
Аспаннан түсіп періште
Сыймады Дәшті далаға.
Пайғамбардың айтқаны
Сол уақта әммәға:
Айтамын баршаңызға арнайы хат
Қылып жүр бір-біріне ізет құрмат.
Адамға кәріп мүскін жәрдем беріп
Көңілін жетімдердің ойлаған шат.
Алланың бергеніне қанағат қыл
Көрдім деп кедейлікті қылмағын дат.
Қылмағын қиямет пен зорлық билік
Пәк өткіз өміріңді неше күндік
Бет алда бес аламан іс қылмағын
Әрбірің ынтымақпен қылып бірлік.
Үмметім иншалла көрмес азап
Әлінше жаза тартар кәпір кәззәп.
Тіледім Үммет үшін я біреу бар
Жеткіздім мұратыма ақ біреу бар.
Шынында Мұхаммед рәт көрмек
Әлбәттә іні бопты жақсы жандар.
Бақпаса қарамаса көп қата бар
Еш пенде ептілікпен бай бола ма
Құданың пешенеге жазғаны бар.
Болады тәкәппарлық жамиғат
Болыңдар кішіпейіл азаматтар.
Көңілін қайтармағын сұрағанның
Дозаққа сана болар жаны ашыр.
Осылай деп пайғамбар
Қол ұстасып жүреді
Бастарын қосып шарияр
Я Мұстафа Әзірет деп
Шығарды даусын барабар.
Қойшының ұстап қолынан
Сөйлейді әндә Әлі Айдар.
Сізді іздеп неше күн
Болмады ешбір хабардар
Сасқанда осы шопанды
Кез кетірді біреу бар.
Біреудің екен шопаны
Атын әбден сұрадық
Мал Опа деп атады.
Айтуға шопан болмаса
Қасиетті қызыр қатерді
Сөздің артын айтқалы
Далаға қойды тастады
Үңгірге бізді бастады.
Пайымы артық әркімнен
Өзбек екен Дәштегі
Не тілесе бермекші ем
Аман көрсем жүзіңді
Шүкір Алла құдайға
Кез қылды бізді өзіңе.
Қойшыны қандай қыламын
Мұқтажын ақтан сұраңыз
Қолдан келер іс болса
Бұдан аяп қалмаңыз.
Қуантып еді халықты
Көңілін қапа қылмаңыз.
Пайғамбар әндә сөйледі
Шопанды сөзге салады
Не тілесең алғын деп
Жылы хабар қылады
Есіттіріп жылы сөз
Қуантыпсың әммәні.
Пайғамбар осылай деген соң
Шопан да сабыр қылмады.
Мұратым бар берсең деп
Көзінің жасы ағады.
Қолын қойып көксіне
Шопанның айтқан ғазалы:
Е, тақсыр біз бір жүрген қызметші
Халықтан бөтен кетіп жүрмін бекер.
Көрмеген әдеп тәртіп өзбек едім
Қыламын даргахыңнан көп үміттер.
Жаяулар ағып жатқан дариядан
Е, тақсыр жаяу болмаса өте алмайды көпір өткел
Наданға дін жолынан дүние тәтті
Дәйімі бейабанда қой бағамын.
Дәретті қылалмаймын қайғым көп
Келтіру орнына оңай емес
Ақиқат жанын айтып түс үммәті
Біреуде ықтиярым билігім жоқ
Не қылар өз алдыма тірлігім жоқ.
Қылғаным ауқат қызмет ақым
Ішпекке жылдық түгіл күндігі жоқ.
Болмайды кедеймін деп көңілім қапа
Бұл дүние еш адамаға болмайды опа.
Иманды болғаныма дуа қылғын
Тілегім осы сізден ақ Мұстафа.
Шопан осылай деген соң
Ақ Расул қолын көтерді.
Қоңыр дуа етеді
Жақсының қамы иманда
Жаманға дүние бекер-ді.
Бәрекелді шырағым
Шарап жұмыс ол гауһар
Мәһишердің күнінде.
Жанатын болсын жайыңыз
Пейіштен орын алыңыз.
Шал шопаның көңілін
Осылай деп тындырды
Қол ұстасып баршасы
Мәдинеге жүрді енді.
Осымен мына сөзім болды тамам
Бұл сөзді шала сауат жазған адам
Бар болса қаталары сөкпеңіздер
Оқыған бірадарлар дуа қылғын
Әншейін жайға тұрып кетпеңіздер.
Шығарма марқұм Нұрманұлы Темірханның қолжазба мұрасынан алынды.
Суретті түсірген Сұлтан Сейіт