Білген Шайыр айтады

Майлықожа мен Гүлханым айтысы

Майлықожа

Гүлханым, Сіз болмасаң келеміз бе,

Көңілді жамандарға береміз бе.

Сөзіңіз қорғасындай балқытады,

Жадырап жан жайылды денемізге.

 

Гүлханым

Тақсыр-ау, әр сөзіңіз науатпен тең,

Болар ма мұндай даңғыл, кеудеңіз кең.

Сымбатың сының менен бәрі тегіс,

Ақылы шат көреді қандай жан кем.

 

Майлықожа

Екі асыл жарасады дүр тасындай,

Көпестің сөзің майда жорғасындай.

Шіркін жауап, қош көңіл бала екенсің,

Салмағы сөзіңіздің қорғасындай.

 

Гүлханым

Өлеңі қожекеңнің іш бауырдай,

Құдайым мұнша жатық ұста қылды-ай,

Көз салып көрінгенге тақсыр қожа,

Қалмаңыз, үйде айымның қыспағына-ай.

 

Майлықожа

Айттың ба, қулық өлең қуланғандай,

Болады бұдан артық думан қандай.

Сіздер ұнап үйдегі бибі болса,

Бар уайым бір-ақ құман су болғандай.

 

Гүлханым

Көрген жан қай жеріңді сүймейтұғын,

Қоңыр қаздай дауысың күйлейтұғын.

Қожеке, қашатұғын бізде жай жоқ,

Болсаңыз, үйде айымды билейтұғын.

 

Майлықожа

Аулымның ақсақалы Аманкелді,

Бұл қожа сөйлейтұғын саған келді.

Көңіл кімді қаласа соған кетер,

Қайырлы әділетті заман келді.

 

Гүлханым

Қайратты не табылмас ұлға тақсыр,

Биылғы мін тақпаймыз жылға тақсыр.

Үлеске жер-жаһанды алғанда-да,

Тимейді ұлтарақтай жер, құлға тақсыр.

 

Майлықожа

Көрмекке талай жаннан сүйгендейсің,

Жөн-жорық ақылымды білгендейсің.

Келіп ем, алыс жерден ат арытып,

Көрсеткін көңіліңнің бір белгісін.

 

Гүлханым

Қожеке, талай жанды көрген көзі,

Бағың бар басыңда да мұғдар кезі.

Басын айттым аяғын білмейсіз бе,

Әр кімнің ақылына айғақ сөзі.

 

Майлықожа

Қосылса екі дария теңіз болған,

Жан балқып жақсы сөзден семіз болған.

Атаңыз ағаш үйлі қазақ еді,

Гүлханым тәжік сөз неңізді алған.

 

Гүлханым

Қойсаңыз тәжік сөз түркі айталы,

Келісті ойын сөзбен күлкі айталы.

Келеді ер қолынан ерлік деген,

Құдайға қыз жаратқан біз қайтелі.

 

Майлықожа

Орармын белдік алып кемер болсаң,

Қолыма па-палармын келер болсаң.

Өзіңнен қандай адам аянады,

Бастайын жатар жерге ерер болсаң.

 

Гүлханым

Ұстадым бір деп тақсыр білегіңді-ай,

Бар болса қайратыңды көремінде-ай.

Өсекшінің болмаса ойын сөзі,

Орта деп айтушы еді жүрегіңді.

 

Майлықожа

Әр уақта ер қорықпайды сасқанменен,

Қуған бірдей болмайды қашқанменен.

Ортаны байқамадым жақсы дейді,

Әлінен әр нешеден асқан менен.

 

Гүлханым

Қожеке, аттан оздың тайыңызда,

Аяма бойыңызда шоқ майыңыздай.

Үйге барсаң,бұл ісің қандай іс деп,

Үйдегі бибі айтар жайыңызды.

 

Майлықожа

Кеңесі жігіттердің қыз болады,

Қыз жек көрсе жүрегі мұз болады.

Сендердің ықласыңды қайтарғалы,

Ішінен ол да айтса қызғанады.

 

Гүлханым

Болғансыз неге жолдас пейлі тарға,

Қайтеді тар болған мен көңілі барға.

Сөзіңнің сыңайына қарап тұрсам,

Бір итеріп кетеді Сізді жарға.

 

Майлықожа

Қайрат күшім кем емес бір кісіден,

Дабысым таласып жүр мың кісі мен.

Кетпесең жаңа көрген сендер тастап,

Барады айым қайда исім сіңген.

 

Гүлханым

Қысымға үйде алар тақсыр айым,

Айтқан соң жолдасыңыз білдім жайын.

Сөзіңіз дос болса да көңліңіз бос,

Өзімде сол жайында қылдым пайым.

 

Майлықожа

Жіңішке қыздың жолы қылдай болар,

Жақсының айтқан сөзі шындай болар.

Жібек майда болған мен үзілмейді,

Білсеңіз біздің достық мұндай болар.

 

Гүлханым

Өлеңің асыл жібек есілгендей,

Көңілің мұндай болса несібемдей.

Алыс-беріс жайында айтқан сөз жоқ,

Сөйлескелі келдік пе күші кемдей.

 

Майлықожа

Аралас тентек пенен телі жайы,

Қырғыздың тау жайлайды елі байы.

Күні бойы айттым ба аштың елін,

Соның жайы болмаса ненің жайы.

 

Гүлханым

Түбіміз Қазақ өткен Алаш байды,

Қожаға қара қазақ таласпайды.

Құр сылаққа ұқсайды өленіңіз,

Пайдаға бақыршылық жараспайды.

 

Майлықожа

Ой ойлар ақылды адам жылдығына,

Амал жоқ ажалдының мұңдығына.

Ойымдағы сөзімнің бәрін айттым,

Не дейін сенбесеңіз шындығына.

 

Гүлханым

Талай жан атыңызды ескереді,

Ақындарда дабысыңнан сескенеді.

Алыс беріс аузыңмен айтқан менен,

Көңілің дүдамалдау бос келеді.

 

Майлықожа

Жарасып балдыз ойнар жездесімен,

Базына бір-біріне сөз кебімен.

Пайдасы бар сөзімді айта алмадым,

Жанған шоқтай ағайын көз көбінен.

 

Гүлханым

Жыйылып қыз-бозбала келер тойға,

Бәрі де бір талапты алар ойға.

Келіп жүр не жұмысқа жиылған көп,

Тақсыр-ау, пайда жайын айтсаң болмай ма?

 

Майлықожа

Бұл күнде жаңылыппын пайда жолын,

Пайданың көрсетсеңші қайда жолын.

Бұл қожаң өлеңменен қолын артты,

Бір түйреп шүйгін жерге жеткіз қолын.

 

Гүлханым

Көрмедік ақын адам Сіз секілді,

Көп шығар танысыңыз біз секілді.

Ашыққан аш бүркіттей аяқ салмай,

Мінезің тоятаған құс секілді.

 

Майлықожа

Қыздар бар қыздарда-да қыз секілді,

Кей қыз бар қылығы асқан Сіз секілді.

Ойласаң сынап мінеп мұндай жерде,

Болмасын ашып қояр су секілді.

 

Гүлханым

Тақсыр-ау, ішің семіз сыртың арық,

Қона кет біздің елге бір күн барып,

«Бейқайратқа бейіш жоқ»деген мақал,

Қылмасаң іс бітеме бұзып жарып.

 

Майлықожа

Қараймын сыяғыңа көзім қанып,

Отырмын сөйлесе алмай сөзден танып.

Жалтырап тақыр жерге су төккендей,

Жүрмесін дос дұшпаның сезік алып.

 

Гүлханым

Тақсыр-ау, іс біте ме қорқақ болсаң,

Кім жетектеп жүреді жол таппасаң,

Бізге үлкен мәртебе қорлық емес,

Сізбенен жеке сөзге ортақ болсам.

 

Майлықожа

Естілер ер ерлігі мұздан өткен,

Жігіттің көрінгенге ызғары өткен.

Көңілі есіткеннің бөтен болар,

Жігіттер қарқаралы қызға жеткен.

 

Гүлханым

Семіздей арық қожа кеттің терлеп,

Ойың жоқ жететұғын жоғары өрлеп.

Жолдасың қасыңдағы айғақ болса,

Үйде айым осы сөзді есітер деп.

 

Майлықожа

Әр-ақ кім асыққанға ұшар тезін,

Бей тағдыр асыққаннан болмас кезін.

Жыйылып жұрттың бәрі отырғанда,

Білдірсін қожа неғып ішкі сөзін.

 

Гүлханым

Қоныстас «Көк ұлына» халқың қожа,

Келуші ед жүйрік аттай даңқың қожа.

Көзіңе ілмей баяусып отырсың ғой,

Мінезің, сөзің жылы салқын қожа.

 

Майлықожа

Жарасар керегеге ұзын уық,

Ебін тапсаң болсайшы көңлі жуық.

Көп дұшпан көре алмаған байқамасын,

Болсаңшы іштен жылы, сырттан суық.

 

Гүлханым

Қожаның ақылы көп дариядай,

Серпіні әр сөзінің сары жайдай.

Ащы менен тұщыны қанша тартқан,

Мың жылдық насихатың қариядай.

 

Майлықожа

Саламын бөденеге қырғи алып,

Ойладым қыздар дертін түнде оянып.

Көңілді екі жарты бүтін қылып,

Қосылып дүниені бір жиялық.

 

Гүлханым

Олай десең үзбеңіз елшіңізді-ай,

Елші салып бір сынап көрші бізді-ай.

Сіздейін шүберекпен жұпар түйген,

Арман жоқ, бірге жисақ еншімізді-ай.

 

Майлықожа

Ойнарсың тауға шығып тасты сүйсең,

Тең құрбы мейлің білсін жасты сүйсең.

Малым көп деп мақтанар жайымда жоқ,

Бізге жолдас боларсыз басты сүйсең.

 

Гүлханым

Ем дәрі айтқан сөзің көңіл кірге,

Күн қайда қосылатын Сіздей дүрге.

Көрмеген жан бір ауыз сөзіңе асық,

Кәнеки, аз өмірім өтсе бірге.

 

Майлықожа

Өлеңім жүйрік аттай орап келер,

Құдайдан бұл қожаңда тілеп көрер,

Бұл бенденің тірлікте өз ықтияры,

Қосылса екі жақсы тілек берер.

 

Гүлханым

Өлеңі қожекеңнің ыңғай тапты,

Айта алмас бөтен адам бұндай гәпты.

Болмаса замананың азғандығы,

Сары алтын түп атаңыз асыл текті.

 

Майлықожа

Екенсіз қыз қалпыңда тұйғын сипат,

Көңілім әр сөзіңе болды бір шат.

Жаратқан қараңғы үйде гаухар тастай,

Тамызы өленіңнің екен қымбат.

 

Гүлханым

Ақылың көп танылған жөн-ді тақсыр,

Аяймын бер десеңіз немді тақсыр.

Тағыда ойнап-күліп жолыққайсыз,

Аман бол, көріскенше енді тақсыр.

 

Майлықожа

Арғымақ ат шабады зорыққанша,

Бермейді ер тілеуін торыққанша,

Аман бол, ай, Гүлханым асыл бала,

Қайтадан күліп ойнап жолыққанша.

 

Гүлханым

Тақсыр-ау, замандассыз заманында,

Көп жұрттың қадырдансыз адамына.

Тұйғындай жел аударып келіп едің,

Әр басқан құлдық айттым қадамыңа.

 

Майлықожа

Жалтырап жақсы отырса үй толады,

Бөкенді жерден ауған ит алады.

Аман бол, ай, Гүлханым асыл бала,

Сөзіңнің мағынасына ми толады.

 

Гүлханым

Қожаның өлеңінің уәлесін-ай,

Ұқсайды жарық айдың сәулесіне-ай.

Кеңес сөз бұдан артық сияма екен,

Жалғанда бір адамның кеудесіне.

 

Майлықожа

Қалдырар көп айтыссақ жұрт өсекке,

Шіриді есіл тіл жақ қу кесекке.

Амандаса кеттік-ау, ауыз сөзбен,

Сөйлеспей ұзақ түнде бір төсекте.

 

Гүлханым

Жігіттің малы кетсе тамыр кетер,

Ағайын есіне алмай бауыр кетер.

Тақсыр-ау құр ашықтық жақсы дейді,

Кісінің жақындасса қадыры кетер.

 

Майлықожа

Қызарар екі беті ет жегеннің,

Пайдасы екі асауда ептегеннің,

Алдаған жазмыштай бір сөз екен,

Жеткеннен несі жақсы жетпегеннің.

 

Гүлханым

Жүйрік ат арықтаса күйі кетер,

Жанасып жақсы сөзді түйіп өтер.

Құр ашықтық қожеке жақсы дейді,

Құшақтасып сүйіссе сыйы кетер.

 

Майлықожа

Кісінің қартайған соң күйі кетер,

Босанып буынынан жүйе кетер.

Көңілге жетпеген соң армандай-ақ,

«Сый кетер» деп жүргенде өмір өтер.

 

Гүлханым

Жоқшының көңілі тынбас жоқ тапқанша,

Болайық тату босқа өкпе артқанша.

Қожеке, құр ашықтық жақсы дейді,

Қадыр кетіп көңілді тоқтатқанша.

 

Майлықожа

Ұйқысын ісі бітпес бөлмегеннің,

Тататұғын дәмі көп өлмегеннің.

Жеткеннен несі жақсы жетпегеннің,

Қолынан сөзі шығар келмегеннің.

 

Гүлханым

Болдырғандай сөзіңіз болмасында,

Бір өсек сөз болармыз, сор басыма.

Келіп кетер Сіз үшін ұятты боп,

Жүремін бе жүз жылдық жолдасыма.

 

Майлықожа

Бәріде дүниенің келіп кетер,

Бөкендей саулап өткен желіп өтер.

Екі жақсы ойнаса ебін тауып,

Құм жерге су құйғандай сіңіп кетер.

 

Гүлханым

Қожекем, жолы түссе келіп кетер,

Бір түнде түс көргендей болып кетер.

Қиналып қырық жетіні берген жазған,

Есітсе ішін жарып өліп кетер.

 

Майлықожа

Жақсы болса күйеуің өліп кетер,

Жаман болса ішке арман толып кетер.

Күйеуің өліп кетсе қызғанғаннан,

Өзіңнің қалағаның болып кетер.

 

Гүлханым

Тақсыр-ау ол өлгенде Сіз алмайсыз,

Жарлығын бір құдайдың бұза алмайсыз.

Оған өлім тілеме, дүние тіле,

Кеткенше кедейліктен қыз алмайсыз.

 

Майлықожа

Алсаңыз тегін қызды күндемейді,

Алдың деп мұны қайдан үндемейді.

Батыр бір оқ, бай жұттық деген сөз бар,

Байлығы дүниенің тілде дейді.

 

Гүлханым

Адамы бұл заманның дүние дейді,

Қарасы нешеу екен үйде дейді.

Белгілі бес қараңыз боп тұрмаса,

Шіреніп кеп отырсың кімге дейді.

 

Майлықожа

Құс болса алатұғын аң табылар,

Жігітке басы есенде мал табылар.

Өзіңдей бір сұлуды алғаннан соң,

Көңілдің мал жисам деп жалтаңы бар.

 

Гүлханым

Айналып біздің сөзге түстіңіз бе,

Осы ойыңа лайық малың болса,

Малыздың көп саудасы білдіңіз бе.

Кәрі қыз душар болар өзіңізге.

 

Майлықожа

Жүйрікпін озып жүрген жал жоғында-ай,

Дабысым жұрттан озды мал жоғында-ай.

Хан-қараның алдында қадырым мол,

Еш уақытта есеп қылмас бар жоғымды-ай.

 

Гүлханым

Өленің жұртқа керек қайыл болды,

Алдыңда қанытың мен шайың болды.

Айтқан сөзің жұрт жиған малдай болса,

Балаңның қаншасына қайын болды.

 

Майлықожа

Айтқаным қысын жазы өлең еді,

Қолынан өнерсіздің не келеді.

Мен қайсысын көзіме ілдім-дағы,

Қай жақсы малың аз деп көзге ілмеді.

 

Гүлханым

Мал түзер қыйсықты-да, соқырды-да,

Болмайды қадырыңыз сол құрлы-да.

Малың аз боп айрылдың Күләндадан,

Ап кеткен ақшасы көп шоқынды-да.

 

Майлықожа

Мал түзер қыйсықты-да соқырды да,

Болмағаным осы еді-ау со құрлыда.

Осы сөзді айтқан соң мен жеңілдім,

Қалды қожаң шоқыйып отырды да.

 

Гүлханым

Сөз шығар әр алуан ақлы көптен,

Аяп ең бір атыңды Ахметтен.

Күләнданың жолына бір атты аяп,

Енді сұлу аларсыз ақыреттен.

 

Сирек қолжазбалар қорына тапсырған Досалин Сүлеймен 1940-шы жыл Арыс қаласынан.

Майлықожаның айтыстарын жинақтап, оқырманға ұсынған Сейіт Омар Саттарұлы.

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button