Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Бәйіттерден

Шортанбай Қанайұлы

Бесінші бәйіт

Енді дүрия көрпе жамылтып,

Мамық жастық жастанып,

Торғын төсек төсентіп,

Түске дейін тұрғызбай,

Намаздың қамын қылғызбай,

Күн шыққанша ұйықтатып,

Шайтанға мұнша мықтатып,

Дүниенің қалай алдауы?

 

Қап тауының астында,

Қырамын деп дажал тұр.

Ол дажалды бекітіп,

Ассалауати азан тұр.

Сұраусыз қалай кетесің,

Тірілікте алдыңда,

Өзің қылған жазаң тұр.

Жазам не деп сұрасаң,

Ұрлық пен қарлық, өтірік,

Ғайбат пенен зинаң тұр.

Егерде бұл төртеуі болмаса,

Сұраусыз жұмақ кірерсің.

Алдыңнан шығар қылғаның,

Жауабын жақсы берерсің.

Нәпсіңді нағыз тыйғаның,

Азды-көпті Құраннан,

Бұйырған қайыр, зекет, құрбаның.

Ғалым бол, кей, залым бол,

Ол бұйрығына сыйғаның.

Ойламай жүріп өлімді,

Көрерсің бір күн ұрғанын.

Бейқам дерсің, білерсің,

Жеңсіз көйлек киерсің.

Сұраушы жендет келгенде,

Бейшара пенде не дерсің?

Өткен өмір келер ме?

Алғанын қайтып берер ме?

Күнәлі құлы таусылмай,

Тозақтың оты сөнер ме?

Ұрлық-қарлық – өнер ме?

Қылып тұрып, кеш десең,

Оныңа Алла көнер ме?

Дұрысы, Құдай саспайды,

Таразыға салғанша,

Айдынын жанның ашпайды,

Жолықпай қисық кетпес деп,

Және асығып саспайды.

Тозақтың шын белгісі,

Жаны тәннен шыққанша,

Ол пәледен қашпайды.

Құдай деген дәруіштер,

Бір жақсылық ұстайды.

Қырық парызын күтпейміз,

Мұрын, көзге сүртпейміз.

Аты жақсы Мұхаммед,

Оғлынан кеткен біз үшін,

Садаға неге кетпейміз?

Пайғамбар жөні бір бөлек,

Әулие жөні бір бөлек,

Туған соң бар-дүр бір өлмек,

Азды-көпті Құраннан,

Бұйырғаны бөз көйлек.

Құдайға таза жалынсаң,

Ақырет қамын сұрасаң,

Пайғамбарды сүйе көр,

Төрт періште жұмыскер.

Енді ынтасы кеткен заманды,

Бары да еңіреп барады,

Жоғы да еңіреп барады,

Әлі келген нәрсені,

Аузына қағып салады.

Арамға жанын даярлап,

Шайнай тұра танады.

Бір залым мен бір момын,

Парақорға барады,

Мықтаймын сені деген соң,

Ұзатпастан ұрының,

Өз басына күмән салады.

Жазығы жоқ жазғаннан,

Тентек деп саған алып,

Бердім деп,

Сыяздан былай шыққан соң,

Қолындағы ұрының,

Қамшысын тілеп алады.

Махшар күні болғанда,

Сонын бәрі жиылып,

Бір Тәңір алдына барады.

 

 

 

Жетінші бәйіт

 

Ертең бірлән көшкен ел,

Шанқай түсте қонады.

Аманда болсаң азан айт,

Сабыр қылған сабаздар,

Нәпсіні солай тияды.

Ұшыр бермей асынан,

Зекет бермей малынан,

Кейбір жаман ақымақтар,

Арамы боқты жияды.

Қыл көпірдің аузында,

Өз алдына жеткіз деп,

Сонда күнәлі құлын ұрады.

 

Сегізінші бәйіт

 

Қаза қылма намазды,

Бұл жалғанда мал үшін.

Малдан кеш те, шайқы бол,

Бір шыбындай жан үшін.

Көргендер қорқып жылайды,

Қиямет жолы тар үшін.

Мақшар күні Мұхаммед,

Аллаға арыз көп айтар,

Үмбетінің зары үшін.

Рудан шыққан жаманның,

Сыйы болмас басының.

Рудағы жақсының,

Сыйы болар басының.

Қасиетті жақсының,

Панасы болар жасының.

Қайырлы байдың ғаріпке,

Қарызы болмас асының.

Көрмей айтты демесең,

Күнәсі қанша осының.

Бұл заманның тұсында,

Пайдасы тимес досының.

Аллаһи ағзам, Құдай біледі,

Күнәсі жоқ-дүр осының.

 

 

Он бірінші бәйіт

 

Он бірінші келеді бала зарым,

Жан-тән бірлән

Тындаңыз, пірәдарым,

Бастаңыз бір хикаят

Шешен тілім,    ..

Сарғайды кәріліктен менің әрім.

 

Ақ кірді сақалыма, бетте әжім,

Қияметтің кигізсін құлан тәжін.

Ақыреттің ісінен сөз бастасам,

Қорыққан пенде іздейді, Мекке қажын.

Бәйіт қып сөз шығардым, ұларымды.

Аямай кеттім айтып ұнарымды,

Бәйіт қып оларды да, сөз тастадым,

Алла білер қай орында тұрарымды.

Көңіліне, данышпандар алсын ұғып.

Күн шыққанша жатады надан бұғып,

Саяда, тау басында қарап тұрсам,

Бала зар барады екен төмен ығып,

Бала зар сөйлеспеді маған қарап,

Сырт беріп жүре берді, төмен қарап,

Қарасам бәрі ақырет істері екен,

Өз жанымнан шығардым, мұны құрап,

 

Бала зар хабар берді өлесің деп,

Жалғанда дәурен сүріп,

Жүрмейсің деп,

Осынан өлгенімді естісін деп.

Иллаһи паруардигар,

Жан жаратқан патшамыз,

Он сегіз мың ғаламды!

Ақырет қамы иман-ды,

Кім айтады жалған деп,

Шариғатқа сыйғанды,

Өтірік, ғайбат, ұрлықтан

Айт нәпсіні тыйғанды.

Ақырет қамын сұрасаң,

Алла деңіз өлгенше.

Ғибадат, тақат қылып бар,

Жамбасың жерге тигенше,

Еңсеңе ажал мінгенше,

Үйім бар деп қуанба.

Көрстанға кіргенше.

Малым бар деп қуанба,

Пырақ атын мінгенше,

Мүлкім бар деп қуанба,

Құлылан тонын кигенше,

Кім боларың білмессің,

Сұраушылар келгенше,

Жаның тұрар тітіреп,

Жауапты түзу бергенше

Сарғая тілер қатының,

Сапырып ішіп күлгенше.

Тіріде қорықсаң Құдайдан,

Күнән кетпес алысқа.

Алла деген пенденің

Көңілі сағым ілінбес,

Құдай деген дәруіштер,

Сираттан тайып сүрінбес,

Иманды өткен пендесі,

Өткеніне күйінбес,

Зар айтпаған не қалды.

Жалғандағы сұмдықтан,

Құл құтылар тіптен жоқ,

Құдайдан келген жарлықтан.

Ғибадатты пенденің,

Күнәдан көңілі қаймыққан,

Иманды жақсы көре ме,

Жалғандағы байлықтан.

Тындасаңыз айтайын,

Үшбу сөздің мағынасын,

Жасы кіші сыйламас,

Бүгіндегі кәрісін,

Ұл сұрамас атадан,

Қыз сұрамас анадан,

Өздері білер әр ісін,

Бастарында бар болса,

Бәрекелді дерсіздер,

Осы екі сөзден соғылып,

 

Бір тұтас келген мәнісін

Тәбірін айтайын деуші еді

Үшбу сөздің ақырын.

 

Бұл жалғанда пәнденің,

Біліп болмас ақылын.

Әуелден Алла сүйеді,

Адамның кәріп, пақырын.

 

Он екінші бәйіт

 

Біреудің сансыз малы бар,

Біреудің батпан ары бар.

Бір қыдырғы адамның,

Әр тарапта ойы бар.

Бір қыдырғы адамның,

Апы-тапы жалы бар,

Жалдан күні кеткен сон,

Шығар-шықпас жаны бар,

Қатыны жаман, баласы,

Арам боп туған адамның,

Кұтылмайтұғын маңдайының,

Соры бар.

 

Атқан танда аял жоқ,

Шығады да батады,

Шыққан күнде тоқтау жоқ,

Ақшам бірлән батады.

Өлшеусіз өмір жоқ дүр деп,

Ғұламалар айтады,

Саудасы біткен дүниеден,

Саудагер болып қайтады,

Өлімнен қапыл қылмаған,

Намаздан бейқам жатады,

Енді күнәліде көп іс бар,

Күнәсізде тыныс бар,

Мезгілі біткен адамда,

Бола тұра жүріс бар,

Әуелгіде жазған соң,

Жарлығы екі бола ма.

Елден сірі қан шықты,

Естімеген заң шықты,

Замана жаман азған сон,

Тоқтауы жоқ адамның,

Таңдайынан жан шықты.

Аяқтар бас боп озған соң,

Бұрынғы байлар таусылып,

Ескі бір тондай тозған соң…

Намаздан басқа тілеу жоқ,

Әуелі Кұдай екінші,

Мұхаммед өзі болмаса,

Пенде жаннан сүйеу жоқ.

Пенденің көңілі фи ғақыл,

Надан жанда ақыл жоқ,

Жанынан басқа жақын жоқ.

Өлген соң биттей нарқың жоқ,

Енді көңілің көдек не білсін,

Ғалымдардан сұрамаса:

Сауапты қайдан табасың,

Құдайы қылып бермесе,

Сираттан қайтып өтесің,

Құрбанды қабыл көрмесе.

Құдайдың сүйер құлы сол,

Ақтан көңілін бұрмаса.

Қырық парызын тәрк қылманыз,

Қылығым жақсын десеңдер.

Күнә күйер шырпыдай,

Зікірге тез кірсендер.

Сенетін іс өлімің,

Жеңсіз көйлек кисеңдер,

Жарық дүние зар болар.

Жер қойнына кірсеңдер.

Қиямет күні болғанда,

Иман зәбір болады,

Тірлігінде біреудің.

Беті қызыл екен деп.

Бет-аузынан сүйсеңдер.

 

Тәмам.

 

 

Бәйіттерден бірер жол

 

***

Кең киімді мол үйдің

Жазық келер анасы,

Қатыны долы, кәрінен

Қонақ қонса қыпылдап,

Кетіп тұрар зәресі.

 

***

 

Базардан басқа қала жоқ,

Алтыннан басқа таза жоқ,

Бай қасында жарлының,

Құлағында маза жоқ.

 

***

Екі жақсы қосылса,

Бірін-бірі қия алмас.

Екі жаман қосылса,

Бір төсекке сия алмас

Көп ұрсуға ұялмас.

 

***

Жолдас болсаң жақсымен

Қолың жетер қиырға.

Азулымен даулассаң,

Ісің кетер қиынға.

Алдын бағып әр іс қыл,

Әсте азулыға ұрынба!

 

***

Бәлду деген заманның,

Мәнісі солай, білмесең,

Тиер таяқ басына,

Алдыңды білмей сөйлесең.

Көп жиғаның пайда емес,

Құдайы қып бермесең.

Талай нәрсе көрерсің,

Қазаң жетіп өлмесең.

 

***

Баршасы мұның рас деп,

Кітаптан қарап молдалар

Дұрыс деп біліп ұнатты.

Асқан байда жүз ат бар,

Орта байда қырық ат ар,

Бес қаралы кедейде,

Жалғыз жүрген торы ат бар.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button