Әшірқожа ишан
Шымкент қаласынан 18 шақырымдай жерде, Шаянға апаратын жолды кесіп, қысы-жазы салқын болып ағып жатқан Көмешбұлақ деген, бұлақ пен өзеннен гөрі арық деуге келетін су бар. Осы жолдан батысқа қарай екі шақырымдай жердегі жайылым кезінде бір ауыл жалаңаяқ қожаларға мекен болған. Қазіргі күні онда бір стадиондай жерді алып жатқан солардың ескі қорымы ғана қалған. Оның себебі, біріншіден жалаңаяқ қожалардың ішіндегі бас көтерерлерін қызыл белсенділер қудалауға ұшыратса, екіншіден ХХ ғасырдың ортасына таман Кеңес үкіметінің күштеп жүргізген саясатының арқасында көшпенді қазақтар бір жерге тұрақты байланып, орнығып қоныстана бастаған шақта, жан-жақтан жиналған жұрт Шаян жолының бойына қазық қағып, жалаңаяқ қожалардың елде қалғандары солармен қатар орналасуға мәжбүр болған.
Міне осы бір кішкене ғана жалаңаяқ қожалардың бір тобының үлкендерінен қалған әңгімелерде, олардың таза естіп-білентіндері – Тұрлықожа Қосмұхаммедтұлы деген бабалары мешіт ұстаған имам әрі 1899-1900 жылдары Меккеге барып қайтқан қажы атанған болса, Әшірқожа (Ушырмұхаммед) үлкен молда, өте білімді және ауқатты кісі болған ұқсайды. Ол кісі өткен ХХ ғасырдың 20-шы жылдары орын алған кәмпеске науқаны басталғанда орнынан қозғала алмайтын сал, ауруы асқынған шал екен. Сонда шолақ белсенділер ишанның бір бөлмесін алып жатқан кітапханасын сыртқа шығарып, соларды аулада тау қылып үйіп, қарияның көзіне көрсетіп өртеп жіберген екен. Сол кезде Әшірқожаның балалары тек ғана қанша бабаларынан келе жатқан қолжазба шежіре мен көне құранды тығып алып қалуға ғана шамалары жетіпті. Кейін, әкелері 1930 жылы дүниеден озған соң, Ташкентті бетке алып бас сауғалап кеткен кездерінде, сол жәдігерлерді жолда ұрлатып алыпты.
Әшірқожа ишан өзінің үлкен ұлы – Шілдерханды алты жасында Ташкенттегі Көкелташ медресесіне берген. Алайда көп ұзамай заман аумалы-төкпелі болып кеткен себепті елге алып қайтқан. Шілдерхан атамыз ишанның баласы деп көп қуғын көрген, Ташкент жаққа қашып сонда небір білімді молдалармен бірге біраз уақыт тығылып та күн кешкен. Кейін Көмешбұлаққа қайтып келгенімен шолақ белсенділер тыныштық бермеген, алайда сол кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, Қызыл әскер қатарына алынып, ол жақта жараланып қайтқан соң, туысқан ағасы – имам әрі қажы Тұрлықожаның баласы болуы себепті өзі секілді туған ауылы Көмешбұлақтан қоныс аударып кетуге мәжбүр болған Оспанқожаны сағалап, Бадам елді-мекенінде тұрақтап қалған. Шілдерхан ата өмірінің соңына дейін ескі ем-домдық кітаптардың көмегімен небір қысылған жандарға, толғағы ауыр келген әйелдер мен тіл-көз тиген балаларды үшкіріп молдашылық жасап өтті.
Сөз орайы келіп тұрған соң «қажының баласы» деп қамалып кете жаздаған Оспанқожа туралы да бірер сөз айтып кетсем деймін. Ол жас кезінде бір болыс елдің көкпаршысы болған, домбыра тартып сал-серілікпен жасын өткізген кісі болатын. Кеңес үкіметі орнап колхоз басшылары әкесі Тұрлықожа имамның ұстаған мешітін тазартып қойма қылған соң, бір түні барып «мешітті қорлатпаймын» деп өртеп жіберген. Сөйтіп жүргенінде біраз үстінен арыз түсірген ба, әйтеуір бір күні ауылдың милиция қызмтеркері келіп «Қожеке, сені қалаға алып келсін деген қағаз берді» деп айтып екеуі жолға шығады. Біраз жүрген соң Оспанқожа әлгі қағазыңды берші деп оқып көріп «Мен туралы мұнда бір сөз жоқ қой» десе, әлгі сауатсыз милиционер «Онда несіне бара жатырмыз, үйге қайттық» деп ауылға қайтып келеді. Сосын, түн ортансында Оспанқожа үйін жығып, бар дүниесін арбаға артып нағашы жұртына тіке тартып, сонда бала-шағасын тастап, өзі Бетпақдалаға қарай қашым кетеді. Сосын Түрксибті қазуға адам жетпей жатыр, құжат сұрамайды дегенді естіп, сонда барып құр тамақ үшін теміржол салып аман қалған. Кейін ел іші тынышталған соң Шымкентке көшіп келіп Қорғасын зауытына жұмысқа тұрып, балаларын қалада оқытқан. Екінші ұлы Әсілхан өскен соң білім қуалап белгілі әдебиетші атанған.
Оспанқожа зейнетке шығып пайғамбар жасына келген соң, жыл он екі ай бойы ораза тұтып, 82 жасында дүниеден озған. Сонда 20 жылға жуық үзбей ораза тұтыпты. Бұлай етуі оның ескіше ілім алып, сопылық жолдан терең хабардар болғанын аңғартады және, әсте, ата-бабалары солай еткен-ау деген ой тудырады. Бір қызығы, ол өзінің төңірегіндегі жас немерелеріне аузы бекулі екенін айтқан емес, не бір басқаша әлдебіреуге көлеңкесін түсірген жан емес болатұғын. Өзінің күнделікті шаурасымен, бағбандықпен айналысатын. Тіл-көз тиген, назар ауған балаларды үшкіріп, қысылған жандарды қабылдап дем салып жіберетін. Тіпті өзінің сал болып жатып қалған Ақпан деген ауылдасын үш күн оқып тұрғызып жібергені жөнінде, Ақпанның немерелері әлі күнге дейін тамсанып айтып отырады. Кейіндері тек балаларды ғана оқитын болған. Қызы Нұрлыханның айтуынша оған себеп – бірде бір кісі оған 10 сом беріп кетіпті де, келесі күні басқа бір адам 5 сом беріпті. Сонда Оспанқожа «кеше он болып еді, бүгін бес-ақ сом» деп ойлап қалып, пейілінің тарылғанына налып, тек балаларды оқуға көшіп кеткен екен. Себебі, олар періштелер санатына жатады және бала оқыған адам ешнәрсе алмауы да, дәметпеуі де керек. Оспанқожа базардан ет сатып жемейтін, тек ауылдағы ағайындардың алып келгенін, не өзі таза мал екеніне көзі жетсе ғана жейтін-ді. 1960-шы жылдары Мәскеуге бірнеше мәрте барып қажылыққа баруына арнайы органдардан рұқсат сұрап жүргенінде, бірде Ж. Тәшеновтың қабылдауына ілініп Меккеге жолы ашылған. Бірақ, қолындағы қаражаты жетпей, ұлдары қарызға ақша жинап бере алмай, әрбір мұсылманның бесінші парызын орындауға сәті түсіп тұрған жерінен атқара алмай, елге оралған. Оспанқожа 1973 жылы қайтыс болған.