Д.Қонаев Қармақшыға көпір, жол салдырған соң да Жалағаш ауданына талай мәрте келіп, біраз шаруашылыққа қолқабысын тигізді. Жұмыс бабымен жақын таныса бастадық. Бірақ, мені облысқа алып бару сол мезіретін білдірмеген. Тек, бір әңгіменің үстінде елеусіз ғана емеуірін байқатқандай қылып, қайтадан сол сөзін көмескілеп қана қоя салған.
1972 жылы Ш.Бектұрғанов Жамбыл облыстық партия комитетіне қызмет ауыстырған күні үйдегі телефонымыз ақшам мезгілінде шыр ете қалды. Қоңырау шалып тұрған Орталық Комитетінің Севрюков деген хатшысы:
– Бір әңгіме бар, Исеке, – деді сөзін сүйей салдылау қылып. – Алматыға келіп ақылдаспаса болмайтын болып тұр
Әрине қандай әңгіме екенін ішім сезеді, сонда да тиянақтап тағы сұрадым.
-Бүгін жүруім керек пе?
-Дұрысы – сол… Димекеңнің тапсырмасы ғой… Ешкімге тіс жарудың қажеті жоқ шығар… Сұрағандарға отбасылық жұмыс деп айта саларсың.
Кез келген партиялық мәселені, оның ішінде кадрге қатысты жайларды құпиаялап ұстау сол дәуірге партиялық мәдәниеттің ең бір озық түріне жататын. Бұның заманында міні болған жоқ, қазір ойласақ, көңілге қонбайтындай ма? Мен тәртіпті бұзбадым, бірақ екі күннің бірінде шаруашылық басында үй көрмей жүретін менен «бүгін қайда барасың?» – деп ешкім де сұраған жоқ.
Орталық комитетте барлық мәселе маған дейін талқыдан өтіп қойғанға ұқсайды. Қонаевқа кіру кезегі соңынан түсті де, ол кісі:
-Сен жөнінде осындай шешімге тоқтадық, – деді.
Бұрын соңды мұндай деңгейде тәжірибесіз екенімді айтып, әңгіме басынан-ақ көмектің керек екендігін есіне салдым.
-Ал, өзім қолымнан келгеннің бәрін облыс үшін жасауға күшімді аяп қалмаймын, – дедім.
Сөйтіп, қарадан туып хан болғандай, кедей шығыршының баласы облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалды. Отыңның басы мен жақын жұрт неге қуанбасын, құттықтап жатыр. Мұндайда ең пайдалысы, талабы жүрген адамға басу әңгіме айту.
Бұл хабар құлағына тиген Қалтай Мұхамеджановтың бір құрдасы:
-Қалеке, қожаңыз обком болып жатыр, – деп әзілдейді.
-Құдай пайғамбарлығын қиғанда, обкомын аяп қалмаған шығар, – деп Қалекең әзір жауап қайтарыпты.
-Балам, – деді сол сапарымнан жақсы жаңалық алып келген ертеңіне анам маған. – Кешегі көнекөздер: «Жігітке қырық жыл байлық, қырық жыл жарлылық жоқ» – деп айтушы еді. Бүгінге дейінгі көрген ақырет-азарыңнан кенделік жоқ. Соғыстан аман оралдың. Енді абыройлы болып жатырсың… Ал, жаман-жақсылы өмірді біраз білдің ғой, кәріп-кәсірді ұмытпа енді. Солар сенің жолыңды оңғарсын деп батасын береді, олардың дұғасы қабыл болады. Күнәнің ауыры адам жылатқан көрінеді. Халқын асқақ сөйлеп, Дәуіт пайғамбарым да құдай алдында жазып қалған.
Бала кезден бұл әңгімені құлағымызға құйып өскенбіз. Болашағы бар жасқа білгеннен келер зиян жоқ.
… Дәуіт пайғамбардың отыз ұлы болған екен. Таң намазында халық қатырына барып жығылатын Дәуіттің көңіліне бір күні күпіршілік келеді. «Оу, отыз ұлым да бір тайпа ел емес пе? Намазға жығылу үшін несіне мешітке барамын? Жамағаттың бір жапсарында мен жүрмесем болмай ма? Онан да отыз ұлыма бас болып сәждеге өзімізше-ақ жығылайық» – деген ой түседі.
Өзі – алдында, отыз ұлы – соңында, басын сәждеге қояды да, «ассалаумағулайкум» деп оң жағына қараса он бес ұлы, сол жағына қарағанда он бес ұлы жайнамазға қойған бастарын көтерместен жан тәсілім еткен екен. Осындай ауыр жазаны Аллатағала жібергенін сезген Дәуіт жайнамаздың үстіне құлай кетеді де, сол жатқаннан үш күнге дейін басын алмаған екен дейді.
Үш күн ішінде пайғамбардың қайғы-қасіретін қосыла көтерген халқы мүсипаттарды оң жаққа қойып, ақ жауып аурлап, жөн-жосығымен көмеді. Сонан соң дүйім көпшілік жиылып, пайғамбарға келеді.
-Пайғамбарым, басыңызды көтеріңіз
Сонда Дәуіт елге бұрылып:
-Бетімді үш күн елге көрсетпей жатқаным отыз ұлымның қайғысынан емес, жамағат. Сендердің жүздеріңе қарайтын бетім болмай жаттым. Өз халқыма өзім астамшылық жасаппын… Құдайдың алдында күпір болдым, – дейді. Кейіннен Дәуіт пайғамбардың түсіне Аллатағалам еніпті.
-Қалай, тәубеңе түстің бе, Дәуіт? – дейді.
-Түстім, түстім, жаратқанием. Қатемді кеше гөр. Алам десеңіз, жаным да құрбан.
-Тәубеңе түссең, отыз ұлыңды тірілтіп берейін.
-Олай істей көрмеңіз, Аллатағалам. Менің балаларым тәрізді о дүниеде жұрттың да жақын-жұрағаты жатқан жоқ дейсіз бе. Оларды да тірілтіп беру керек шығар. Елден ерек отыз балам тірілсе, өз жұртымның алдында тағы да бір асылық жасармын. Онан да отыз ұлға татырлық бір перзент берсең ризамын.
Аллатағала Дәуіттің өтінішін орындап, бір перзент берген екен дейді. Ол алпыс екі ғаламның тілін білген, ақылмен әлемді бас идірген Сүлеймен пайғамбарым екен.
Міне, тағылым-тәрбиеміздің өзегі осы болғандықтан «Халық-құдайдың бір аты» – дегенді естер шығарған жоқпыз.
Жалағаш ауданында жүргенде жақсы бір оттың басын білуші едім. Өзі жұмысшы кісі еді. Отағасысы қайтыс болғаннан кейін жалғыз қызымен қаңғалақтап қалған кемпір ұзақ жылдар Қызылордада пәтерсіз жүреді. Қызы тұрмыс құрады, бірақ күйеу баласы да баспанадан салуы болмай жүрген жан көрінеді. Нәрестелі болады, бірақ еркімен кіріп-шығатын пәтердің жоқтығынан, үнемі әлде кімдерді сағалап жүргендіктен, от басына ұрыс айналады. Ақыры, келісе алмаған екі жас бір-бірінен ажырасып тынады.
Болған жағдайды баяндап бір күні алдыма кемпір келіп отыр. Екі көзі бұлауда. Пәтерсіздіктен тартқан тауқыметі мен көрген қияметтерін айтып, жас отауға төнген қатерден қалай құтыларын білмей менен ақыл сұрайды, жәрдемдес дейді.
– Алдымен қыз бен баланы алып келші, – дедім.
– Ойбай, олар ажырасып жүр ғой… Қызым айтқаныма көнгенмен баласы түскір аяғын былай қарай баса қоя ма?
– Ендеше ертең қызыңды ерте келерсің.
Кемпір шығысымен күйеу баланың істейтін жеріне хабар салып, қабылдауға келуін сұрадым. Қолымнан келсе жақсылық жасап, отының басын жарастырып жібергім келеді, әміршілікті мұндайда қолданбай қайтейін. Соның арасында қалалық Кеңестің тамырын басып байқасам, жатақхана үшін әзірленген бір мекеменің үш бөлмелі үйі бос тұр екен. Жағдайды түсіндіріп, көмектесу жөнін ақылдасып, жатақхананың кілтін қолыма алдым да, кемпірді күттім. Белгіленген уақытта үшеуі алдыма келді. Ол кезеңде шаңырағының шырқын бұзған азаматты бейморальдық жолға түскен жан есебінде идеология саласына ұстамайтын. Мәселенің осы қырын ескертіп, «Маған Әбдікәрімов арқылы күш көрсететін шығар?» – деген күйеу баланың түрі жоқ. Әйел бала-шағасынан саяқтанып, онсыз да жүдеп-жадап жүрген жігітке қазымырланып қайтейін. Ол да бір үлкен адамнан ағалық қамқорлық пен мейірім сезіну керек қой.
-Міне, мынау жаңа пәтердің кілті, қарақтарым, – дедім жерге қарап отырған қыз бен балаға қатар қарап. Мұндайды күтпегендіктен екеуі де абдырап қалды. Алыңдар, алыңдар… мына кемпірдің қолынан дәм таттық талай, әкелеріңді білуші едім. Енді осы оттың басының ағасы өзіңсің ғой, – деп кілтті күйеу балаға ұстаттым.
Баланың көңілі босап кетті, қайта-қайта рахметін айтуда. Қыз бен шешесінде жан жоқ, абдырап алғыстарын жаудырып жатыр.
Сол оттың басынан әлі күнге дейін хабарымды үзгем жоқ, шет жағалай сұрап қоямын. Жастықта жиі кездесетін бас асаулықтың бәрін тастап, салиқалы шаңыраққа айналды дейді жұрт. Бала-шағалы жандарға ұқсайды, өздері келуге қымсынады-ау, танитындардан әлі күнге дейін сәлемін үзген емес.Ол үшін біреуге кезексіз пәтер бердім деп, өзімді кінәлі санамаймын, қайта дұрыс болды-ау деп ойлаймын. Өмірде бұндай да жағдайлар болады. Оның бәріне заң қарап, кітап ашып, қағаздастырамын деп жүрсең қанша нәрседен ұтыласың, қанша тағдырдың қасіретіне жол бересің.
Шәкәрім қажының:
Атану үшін мырза деп
Кәріпке бердің қайырды,-деген даналық сөзі бар. Қазақ табиғатында мұндай ішкі есеп кездесіп қалатын шығар. Өз басым жақсылық жасай қалсам, мұндай ниеттен ада едім. Өз көңілім өзімен аян. Қарапайым тіршілікте аңдаусыз қия басып, қиянатқа барсам білмеймін, бірақ кәріп пен кәсірге бір жәрдемімді жасамай өтпеген шығармын, иншалла. Олардың алдында арым таза.