Жүсіпқожаның төрт бөрісі
Жүсіпқожа батырлығымен елге танымал жігіт ағасы болып қалған шағында, Сыр бойындағы алғи руының қалмантай-қаратеке аталатын аз ғана аталығының ауылына той-жиынға барады. Түнде алаңсыз кетіп бара жатқан Жүсіпқожаның артынан бір қыз келіп, өкшесін басады. Байқамай қалған шығар деп жүре берген батырдың өкшесін әлгі қыз тағы басады. Қайырылып, оңдап қараса, жасы он төрттерде болғанымен, аяқ-қолы балғадай, сұңғақ бойлы, қараторы қыздың көзі мөлдіреп, тесіле қарап тұр екен. «Ауылда үш баласы мен әйелі бар жігітпін, ойыңда не бар еді, қарағым?»-дейді Жүсіпқожа.
«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған,
Әйтеуір бір қыз деме қылжақтаған» деп қыз тақпақтап жауап береді. Не керек, сол түнде батыр мен қыз арасында бірталай сыр айтылып, соңында қайта кездесуге уәделеседі. Қимай айырылысады.
Бұл осы қалмантай-қаратеке ауылындағы әйгілі жаушы батырдың Қойқан атты қызы еді. Көктемге сала Жүсіпқожа ауылына салт атты үш қыз келеді. Далада отырған Жүсіпқожаның әйелі үш қыздың ішінде дене бітімі ерекше, сұңғақ бойлы Қойқанды бірден аңғарады. Тегін келмегенін түсінеді. Бірақ, үйге түсірмей: «Іздеген адамың жылқыға кетті, өзіне жолық», деп Жүсіпқожа кеткен жақты нұсқайды. Қыз бен батыр түзде кездеседі. Сағынысқан құшақтар қайта айқасады. Қыз «түс көрдім, түсіме қарағанда төрт бөрідей төрт ұл туып беретін шығармын» дегенді айтады. Келген бақты қайтармайын деп, батыр қызды үйіне түсіріп, некелеседі. Ұлан-асыр той жасайды. Қойқан да уәдесінде тұрып, бірінен бірі өтетін, шетінен батыр, найзагер Мәделі қожа, Батырхан, Кенжехан, Уәліхан атты төрт ұл туып береді. Соңынан бұл төртеуі Жүсіпқожаның төрт бөрісі атанады.
Әдіһам Шілтерханов