Майлықожа

Исабек Майлықожаұлы

Исабек Майлықожаұлы (1895 -1935 ж.ж.) ақтаңдақты, қаралы дәуірдің қайсар суреткер ақыны

Өзінің  философиялық терең ойшылдығымен ерекшеленетін қазақ халқының ұлы данышпаны Абайдың ой-пікірімен сайласып жататын ақын Майлықожадан  Жолбарыс, Қаблан,  Асан, Әлімхан, Исабек деген бала туылды. Осы бесеуінен  Жолбарыс, Асан, Исабек ата өнерін жалғастырған Оңтүстік өлкеде  атағы мәшһүр ақындар болған. Кенжеқожа ақынның атақты сөз зергерлері жайлы жазған толғауда:

«Майлықожа, Күдері,

Алмасын сөздің саптаған.

Жолбарыс, Асан ақынның,

Нарқы қымбат басқадан.

Арқада Абай алыбым,

Атағына мақтақтанам.

Өрелі создің өрнегін,

Өлеңмен өріп наштаған.

Сол елден шығып көп шәкірт,

Өнерге қадам бастаған», – деп айтқанындай 0ңтүстіктегі Майлықожаның ақыңдық мектебінен сусындап, өлең-жыр өнерін үйренген ақындар сапына Молда Мұса, Ергөбек, Байырбек, Нұралы тағы да басқа ақындармен қатар Майлықожаның балалары Жолбарыс, Асан, Исабекті де қосуға болады. Жолбарыс, Асан ақындардың өлеңдері өз алдына зерттелуді талап етеді. Біз әңгіме еткелі отырған, ағаларының соңын ала сөз өнеріне араласқан Исабек ақын Майлықожаның екінші әйелі Қанападан 1895 жылы Сыр бойындағы елді мекенде (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданына қарасты Қожатоғай» совхозында) туылады. Исабектің нағашы атасы Мүзіреп хажі араб, парсы тілдерін жетік білетін, Меккеге екі рет барып келген, ақыл-парасатымен қатар жомарттығымен ел қадірлісі болған ғұлама ишан екен. Майлықожаның Оңтүстік өлкесіндегі атақты адамдарды суреттеп жазған өлеңінде:

Тоғайханнан Бұхарда қалған ұл бар,

Мүзіреп қажы болмапты малға құмар.

Сархан қажы дүниені ол да сүймес,

Шаюан қажы ер адам жарға жығар – деген екен.

Майлықожа Исабектің үш жасында дүниеден өтіп, анасы Қанапа ақынның өсиетіне сай әмеңгерлік дәстүрмен қайнысы Есеханға тиеді. Ескіше сауатты анасы Қанападан ертегі, аңыз әңгімелерді көп тыңдаған Исабек ұқпа-құлақ, алғыр ойлы сезімталдығымен ерекшеленіп, анасы менен ағаларының еркесі болып, бұла өседі. Жас кезінде атақты Айнақожа ишаннан сабақ алып, сауатын ашқан Исабек өсе келе қазіргі Сарыағаш ауданы, Ленин атындағы совхоз «Жартытөбе» ауылының батыс жағына орналасқан татар мұғалімінен орысша білім алады. Тарихи деректері мол әдеби шығармаларды арабша, орысша, латыншадан оқып өздігінше білімін көтерумен қатар, думанды той-тамашада өлең, жыр айтатын, көкпарда шабандоз, саясаттан да құралақан емес, ел қамын ойлайтын қайраткер, сегіз қырлы бір сырлы азамат болады.

Ұлы Қазан төңкерісінен кейін Кеңес қызметіне араласып, 1917-1918 жылдары қосшы одағының төрағасы, Ташқазак уезі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Коллективтендіру ісіне белсене қатысады. Бұл істе орын алған асырасілтеушілік пен әсіре белсенділіктің нәтижесінде қазақ даласын жайпап, отап өткен нәубетті  ақтаңдақты азалы кезеңдегі қайғылы қара күндерді көзінен өткізген ақын, замана шындығын бүкпесіз суреттейтін өлең-жыр, терме дастандар шығарады. «Исабек ақын алғашқы өлеңдерін Ұлы Қазан төңкерісіне, В. И. Ленинге арнады. «Қойшының ойы»,«Қалың мал» тағы басқа терме-дастандарын жазды. 30-жылдары «Сәкенге» атты толғауын шығарды»деп жазылған Қазақ Совет Энциклоиедиясының 5-томында (100-бет, Алматы қаласы, 1974 жыл). Исабек өлеңдерінің дені өткір әзіл-әжуа, шыншыл сын-сықаққа құрылған, әлеуметтік мәселелерді көтеретін өлең-жырлардан тұрады. Оның өлең-жырларында күнделікті отбасында кездесе беретін әдеттегі тіршілік харекеттерінен бастап, қоғамдық, әлеуметтік мәні бар өрелі мәселелер қамтылып отырады. Исабек жас кезінің өзінде әкесі Майлықожаның өліміне көңіл айтып келген Құлыншақ ақынның баласына «атамыз бір-бірімен тек өлеңмен ғана сөйлескен екен. Сіз көңіл айтуыңызды неге өлеңмен айтпадыңыз» дегенде, Құлыншақтың баласы қысылып «Атадан бала кейде өте туса, кейде кері кете туады дегендей» мен әсілі кете тусам керек деп жауап бергенде Исабек:

Ақынның келіп тұрмын әулісіне,

Аты мәлім халыққа дәу кісіге.

Ақ сұңқар іздеп келген ұшып кетіп,

Тұрымтай кез боп тұрмын шәулісіне, –  дей салғаныңыз жөн еді ғой» деп сөзден тосқан екен дейді ақынның көзін көрген замандас шәкірті Мәлік ақсақал («Сырдария» асыл-тұқымды қой совхозының тұрғыны). Сарыағаш ауданы Ленин атындағы совхоздың тұрғыны, зейнеткер, ақынның үзеңгі жолдасы болған Исқақ ақсақалдың айтуынша Исабек өлеңді суырып салып та, жазып та айта беретін екен. Бірде мәні екі жол өлеңге сыйғызып суреттеуші деген көрінгенмен шарап ішіп, дос бола салатын замандасы Әміржанға:

Әйгілі атышулы Әміржансың,

Қайдағы жексұрынмен қадірдансың – десе, бірде тұрмысқа шығып кеткен замандас қызы бізге бір-ауыз өлеңіңді қимадыңыз ба дегенде:

Ес біліп есімде едің ержеткелі,

Сәулемнің халықтан өзге келбеттері,

Сарғайып сарыағаштай сағынамын,

Жолында махаббаттың сен кеткелі, – деп айтқандары есімде қалыпты дейді ақынның үзеңгі жолдасы болған замандасы – Исқақ ақсақал.

Өзінің қызметтес досы Ермұхамедов Омарбекке абақтыдан жазған хатында:

Қапаста көңіл шіркін болды-ау ділгір,

Ойласаң өткен өмір сағым бұлдыр.

Тұрмыстың неше түрлі толқынында,

Сайраған жырын жырлап тіл бір бұлбұл, – деп басталып, өтпелі өмірдегі тұрмысты бір қызық кестеге теңеп:

Тұру жоқ бір өту бар ерте-кеште,

Тұрмысты ойлап тұрсаң қызық кесте.

Ой билеп өн бойыңды толқытқанда,

Бәрін де өткен күннің салады еске.

Болады көзден тайса артың ұмыт,

Дәуренің қаншалықты жалғыз минөт.

Қартайып жүз жыл өмір жасасаң да,

Бар қызық алдымда деп күтеді үміт, – деп адам баласының үміт түймесінің шексіздігін, оның асыл арман, таудай талаппен ұштасып жататынын айта келіп:

Жігіттік өмірінің ен байлығы,

Белгілі айтылмай-ақ қандайлығы

Махаббат, жүйрік көңіл, таудай талап,

Дариға-ай орындалса қалмай бірі, – деп түйіндейді.

«Қойшының ойы» атты өлеңінде: Шойын қара қойшының ой-арманын суреттей келіп би, бай, молда, ұры болудан да бас тартып, оқу оқын, білім алып, еркіндікте өмір сүрсем деп армандайды. Адырбай, Қарақбай атынан жазылған өлеңдерінде күнделікті күйбін тіршілік, отбасы, ошақ қасынан шыға алмайтын күні қараң азаматтарды әжуаласа, «Шала молдада» қарапайым халық немесе білімділерге қосылмайтын арам жолға түскен дүмшелердің іс-әрекетін масқаралайды. Ал «Қызойнақ молда» өлеңінде жасөспірмдерге білім беруден гөрі шолақ белсенділікке бейім Абылай дейтін мектеп оқытушысының қыздың ата-анасын қорқытып конфискелеп тартып алу әрекетін өлтіре әшкерелейді. Ақынның «Құйыршық» дейтін халықтық фольклорге негізделген дастанында қарапайым халық өкілі көседен қанаушы тап өкілі ханзадалардың ақыл-ой парасаты әлдеқайда төмен жатқанын ащы мысқылмен әжуа-мазақ етеді.

Отызыншы жылдары Сарыағаш ауданына елдің жағдайын білгелі Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназаров келіп танысқанда, сол кездегі аудан белсенділерінің тіліне елігіп халыққа жағдай жасаудың орнына алым-салықты қөбейтіп кеткеніне қынжылған Исабек ақын:

Елтай келді ауданға,

Халықтың халін көргелі.

Ал халық тұр шаршауда,

Лажы жоқ өлгелі.

Сенген төре келген соң,

Алдына халық барыпты.

Үміт қып барған халыққа,

Он пұттан бидай салыпты.

Он пұт бидай төрт сом пұл,

Қымбат қылған нарықты.

Ақыл қайда құрыған,

Ажыратар парықты

Алла рақым қылмаса,

Ғаріп пендең тарықты, – деп  бет ажарына қарамай сынайды.

Шаруа халықтың әлеуметтік күнкөріс  жағдайыдай санаспай жүргізілген  колхоздастыру науқаныныың қырсықты лаңын, шолақ белсенділердің асыра сілтеуінің салдарын, Ұлы державалық тоталитарлық үкіметтің адам баласының құқығын аяққа таптаған қасаң саясатын батыл әшкерелеуде де Исабек ақын өз тұғырластарынан әлдеқайда ілгері кетеді.

Исабек ақын Сарыағаш абақтысынан Елтай Ерназаровқа жазған арызында коллективтендіру науқанында орын алған асыра сілтеушіліктің апатты салдарын суреттей келіп:

Жаңадан болған қала ғой,

Өзіңіз көрген Сарыағаш.

Қызыл ту жағы бірде өлік,

Қарменен жатыр аралас.

Күн де жылып келеді,

Сасып кетсе жарамас.

ЬІқ жағында мекеме,

Ауданға ешкім бара алмас.

Мұның аты немене,

Асыра сілтеу болмай ма?

Он жылдан кесік болмаса,

Түзеліп кедей оңбай ма?

Әзіргі заман кімдікі,

Бұрынғы сорлы сорлай ма?

Өлетұғын болдық қой,

Өлгенде енді қорғай ма?

Жетінші август заңының,

Негізінде сондай ма?

Байларға жаза азайды,

Кедейсіз ардом толмай ма?

Өлікті жонға қалдырды,

Өткізе алмай әр жайға.

Абаққа түскен адамды,

Саудагердің малындай,

Қамап қойып тар жайға.

Шырқыратып шулатып,

Сабап жүр «домзак» борбайға.

Ендігі заң кедейді,

Осылайша қорлай  ма? – деп бар қабілетімен жеріне жеткізе жазған Исабектің арызхаты бойынша Сарыағаш абақтысында жатқандардан қырық адам бостандық алыпты деген сөз бар. Исабектің өткір әжуа, ащы мысқылға құрылған өлеңдерінен шошыған белесенділер оны қаралап, сан рет абақтыға түсіреді. Исабекті қаралап түрмеге түсірушілердң бірі прокурор Қанқожаев екен. Сол прокурордың өзі бір күні Исабек жатқан сыбайлас камераға  түскенін есітіп прокурорға арнап;

Сәлем де баласына Қанқожаның,

Маңызын сен татып ең бар мазаның.

Әркімге қармағыңды ілуші едін,

Мінеки өзіңнің де, келді ажалың.

Өз бойыңа лайық өлшеп қазғын,

Біреуге деп ойлаған ор казамын.

Маған қазған орыңа өзін құлап,

Іліндің қармағына мол жазаның.

Жолына әділ заңның рахмет айтып,

Бақытына болашақтың қол созамын, – деп хат жазып беріп жіберген екен дейді.

«Құры Келес бойына орналасқан.Тұрғанбек болыстың жақын ағасы біреудің малын ұрлап, Ишан базарда саудаға салып тұрган жерінде ұсталады. Ұры болыс інісіне арқа сүйеп, мал егесіне теңдік бермеуге айналады. Базарда жүрген Исабеқ ақынға ұрлықы мал иесі жазылған арыз айтып, өзімнің пешенеме біткен адал малымды қайтаруға жәрдем етіңіз деп өтінеді. Олай болса сүйенген ұры басына барайық деп шайханада жора-жолдастарымен шай  ішіп отырған болыска келіп:

Түрғанбек аманбысың ошақтым-ай,

Сені мен көрмеймін ғой пошақ құрлы-ай.

Жасың түгіл қартың да ұрлық қылып,

Қазығын талай үйдің босаттың-ай.

Үкімет ықтиярын маған берсе.

Бәріңді құртар едім қосақ қып-ай, – депті.

Сонда Тұрғанбек:

Тақсыр-ай, ұрлық қылсам еркекпін де,

Сөзіңе сенің айтқан селт еттім бе.

Арабтан ауып келген алты үй қожа,

Сенімен айтысып мен тентекпін бе, – деп, Исабектің ақындық өнерін қатты сыйлайтынын аңғартқандай болып орнынан тұрып, қолын алып, Исабектің көз алдында ұрлықы малды иесіне қайтартып бергізген екен.

Исабектің үлкен суреткерлігін «Шар дәруіш» атты толғауынан байқауға болады:

Санаға мың тоғыз жүз отыз бірі,

Жиырма бір март айының еді күні, – деп басталатын толғауында коллективтендіру кезіндегі халықтың басына төнген қауіп-қатерлі жағдайдан ықтап, тұрмыстың толқынымен шетке шыққан Сайрам, Тәшкенге атағы жайылған Сыдық дамолла, Сарыағаштық орта шаруалар – Ибадүлла, Баһадүр мен Исабектер қазіргі Қожатоғайдағы «Қосжарсуат» елді мекеніндегі Наушабек деген ағайындарының үйінде бас қосып, замана тақсыреті мен зұлматы жайлы әңгімелер қозғайды. Отырыста Сыдық дамолла «Шар дәруіш» хикаясын әңгімелеп сөз соңында, сол «Шар дәруіш» яғни төрт дәруіш сыяқты жел айдаған қаңбақтай басымыз қосылған екен, сен де бір алтынның сынығы, атақты ақынның баласысың деп кезегін Исабекке береді. Сөз кезегін алған Исабек сол жылғы ақпанның он бірінші жұлдызында қамаудан қашып, Сырдарияның арғы бетіне өткенін суреттеп өлеңмен айтып береді. Ақын бұл толғауында 1931 жылғы зұлматты нәубеттің кемшілігі мен таршылығын сипаттай келіп, оның ақылға симайтұғын ерсілігін сынады. Қыстың сіреу қары мен Сыр мұзының қабырғасын қаусатқандай, солтүстіктің үскірген аязы халық басына төнген қаралы күнге аза тұтып тұрғандай дөп суреттейді. Тарихымыздағы әр заманда орын алған қара дақты ақтаңдақтар мен үңірейген қуыстардан ызғарлы азнаған аяздай сан сауалдардың сарнап тұрғанын көз алдыңызға елестетеді. Бұл толғауында Исабек ақын тарихи деректерден хабары мол, көзі ашық азаматтардың бірі екенін аңғартады. Монғол шапқыншылығы мен жоңғарлардың шабуылында түгелдей қирап, қазақ жұрты қаласыз қалғанын Бабыр, Шоқан сынды ғұлама ғалымдардың тебірене әңгімелеуі тегін емес. «XIII-XYI ғасырларда қала тұрмысынан қала  қауымы мүлде айырылып, енді қаланы жоқтап жыр шығарады» депті Андреев деген ғалым «Киргизская элигея о потере городов» деген еңбегінде. (Ежелгі жыр-аңыздар, 367-бет. Алматы қаласы, 1985 жьтл. Әлкей Марғұлан). Осы бір ойды қуаттайтын Сыр бойындағы қираған қалаларды жоқтап айтқан поэзиялық шығармалардың классикалық үлгісіне Исабектің «Шар дәруіш» толғауын жатқызуға болады. Сөз жалаң болмау үшін енді осы «Шар дәруіштен» үзінді келтірейік:

Жайылып жер жүзіне жарық сәуле,

Атырапқа жүгірумен көзім әуре.

Өткен заман суретін жерден

Түбі жоқ көп қайғыға толды кеуде.

Есепсіз ескі арықтар жарысады,

Бәрінің басы Сырға табысады.

Айрықша бір заманда абат болған,

Дүңиенің үжмағындай бар қисабы.

Қиялдың дариясына қарық боласың,

Көргеңде бұл сияқты әдисаны.

Ел болып шаруаның жайын қылган,

Мысырдай абақтыға қайыл қылған.

Күзет қып ұлықтары туды ма екен,

Орда етіп Қарақ пенен Байырқұмнан.

Тоған сап Сырды байлап деміктіріп,

Жібермей бір көргенді еліктіріп.

Әттең-ай өлеңменен, суреттермен,

Бәрін де өткен істің көріп тұрып.

Әлі көп жатқан белгі ескі дүние,

Калмайды ой бөлінбей ешбіріне.

Болған деп ол да үлкен қызық шаһар,

Тәусиф қып [1] әркім айтар Ешкіліні.

Ілгері бір көріп ем Шардараны,

Көресің Сыр бойынан әр қаланы.

Тоғандап көлденеңнен Сырды байлап,

Селдеткен шексіз жатқан сар даланы.

Өткенін жақын-ау деп елестетер,

Көргендер әрбір арық палдаманы.

Арман қып өткен дәурен азаңғырап,

Аңқайып арықтың тұр арналары.

Ақтабан, Ноғай деген ел жайлаған,

Дейді жұрт соңынан кеп қалмақ алды.

Осындай абат жерді тастап олар,

Үдеріп тегіс көшіп қайда барды.

Жоқ олар тегіндікпен кеткен жоқ қой,

Соғысып бірін-бірі майдалады.

Талан боп алған алды, қалған қалды,

Білместен не себептен жоқ болғанын,

Ақылым қайран болып таңданады.

Соларға аза қылып тұрғанға ұқсап,

Үскіріп ызғарлы аяз зар қағады.

Мен де ойлап жыламақшы болсам-дағы,

Азырақ көңіл шіркін арланады,

Ой түбі босатады болсаң да тас,

Адамға тәуекел – дос,  уайым -қас,

Ойранқана дүниені уайым етсем

Келеді  көңілім босап, көзіме жас.

Суы жоқ, тоғаны жоқ бүтін, арық

Тоздырған құдай неден құтын алып?

Басында бір адамнан туып өсіп

Жамырап жер жүзіне бытырадық,

Адамның баласына бола келген

Бұрыннан  қулық, сұмдық, пітінәлық.

Ісін істеп жұмысытң ебіменен

Тарихтың таныс болсаң кебіменен

Бағзысы бір әдиса ілім тауып

Жоқ қылған бір сүп деген деміменен.

Білмекке тәусіп қылып білімдіні

Тарихтан көп көргенмін бұрын мұны,

Аянбай бір-біріне бәле жұмсап

Келеді жоқ  қылумен бірін-бірі.

Әр дастан әр қайсысы өз алдына

Ой бөлек өткен іске назар қыла,

Боп өткен адамдағы қырғын-сүргін

Бәрі кеп елестейді көз алдыңа.

Бір мысал осы жерге болды керек

Халық өткен неше тайпа бөлек-бөлек,

Дүниенің тұла бойы қайысады

Әр өткен хикаядан алсақ дерек.

Сиярдың кітабының қабарында

Пайғамбар дәурен  сүрген заманында»

Қас болды құрайыштар жүһітпенен

Бір мәрте Мәдинәнің  алаңында.

Соңынан жүһіттерге жұмсап күшті

Көрсетіп баһадүрлік әрбір істі

Болмаса бірлі-жарым құтылғаны

Теп-тегіс мал-мүлкімен қолға түсті.

Тоғыз жүз бір қуалыда депті санын

Бір түнде қылышпенен қырды бәрін,

Жер, мүлкі осы құсап ойран болды

Талан қып қатын, бала,  дүние, малын

Бұларда бір зор жауға пейілі жақпай

Аңдысын ақыырнда кірпік қақпай,

Сол жауға пенде болып кетті ме екен

Тұруға қарсыласып ылжап таппай?!

Жауыз жау бір шұқырды терең қазып

Шетінен қырды  ма екен тегіс жаппай?!

-деп жоқтайды.

«Шар-дәруіш» толғауында Исабек ақын қазақ халқыньш басынан өткен сан қилы ауыртпалық, қайғы-қасіреттердін аз болмағандығын, жалған дүниені жайнатып Байырқұм мен Қараққа орда кұрған хандар қайда? «Сүткентті қызық шаһар кент қылып, көргенді жібермейтін еліктіріп» өнер иелері, бағбан диқандар мен шаруалар қайда деп тебіренеді.

Колхоздастыру нәубетінде белең алған асыра сілтеудің салдарынан болған қайғы-қасіреттің салмағы қара жерді қайыстырғандай ауыр екенін баяндайды. Шектен шыққан қатыгездіктен «әпер-бақан, ұрда жық» саясаттың құрбандығына айналған мал мен жанға жаны ашып күйзелген ақын:

Сол уақыт ет науқаны қайнаған кез,

Ел ішін уәкіл қаптап жайлаған кез.

Тонна деген есеп пен жоспар түсіп,

Ауылдан ауданға мал айдаған кез.

Мал деген шұбырыңды тырна қатар,

Таң атса сол әлпезбен[2] күн де батар.

Шапқыншы ала-құйын айқай сүрен,

Бәрі дер жылдам апар, жылдам апар.

Барғаннан аман мал жок сойылмаған,

Өлімге жануарлар мойындаған.

Шетінен түс көрген бе, пал ашқан ба,

Уайымдап бәрі бірдей жайылмаған.

Ем бе екен қасқалдақтай қасық қаны,

Уәкіл жоқ тұрған оған ашып жаны.

Шетінен жанға мырза жануарлар,

Жетпестен өліп жатыр асыққаны, – деп суреттейді.

Отызыншы жылдардағы қазақ халқының ұлттық қайғы-қасіретіне себепкер болған шолақ белсенділердің және жалған ақпармен көз бояп, жанын жалдаған жандайшап жағымпаз басшылардың өрескел озбырлыққа негізделген іс-әрекетін әшкерелеуде Исабек от ауызды, орақ тілді ақиқатшыл ақын екенін оның артына қалдырып кеткен мұраларынан анық байқауға болады. Сондықтан да сол кездегі елді билеп-төстеушілер Исабектің соңына күндіз шырақ алып түсіп, қайта-қайта қамалуына себепкер болады. Сарыағаш, Шымкент, Алматы абақтысында сан рет отырған Исабектің жоғарыда айтылған өлең толғауларынан басқа абақтыда өзімең бірге жатқандардың атынан жазған өлеңдері де бар. Мысалға, Қараспан партия топтарын абақтыда бір-бірінен айтыстыруы, шабандоз Көпжан атынан жора-жолдастарын  жазып берген хаты сияқты өлеңдерінде замана сазының сарыны желдей есіп түрады. Қараспан партия топтарын бір-бірімен айтыстырган өлеңінде:

Жәрдемшім болғын қаратқан,

Ер жігіт қылған талапқа,

Көп адам жаттық кеңесіп

Шымкснттегі абақта

Екі мезгіл өргізіп,

Бір рет алар санаққа.

Абақ толған лық болып,

Амалдар мен манапқа.

Әр жерден келіп қамалған

Естіледі сарыны.

Түрлі-түрлі ұрудан,

Қараспандық жарымы.

Қылмысы нағып көбейген,

Айыпты ма екен барлығы…» деп басталып, әрбір партия топтараның құрамындағы басшылары мен пысықтарын бір-бір не сыната отырып, көптеген келеңсіз жәйттердің бетін топтараның құрамындағы басшылары мен пысықтарын бір-біріне сыната отырып, көптеген келеңсіз жәйттердің бетін ашып көрсетеді. Ал Көпжан шабандоз атынан жора-жолдастарына жазған өлеңінде жайшылықта жаныңнан шықпайтын дос-жарандардың басқа іс түскенде сырт айналып кететін жәйттеріне лайықты өкпе-назын айта отырып, ел жақсысы атанып жүрген сыбайластарына сыпайылап айтқан сәлем хатының өзінде салмақты сын, әсерлі әзіл жатқанын байқайсыз:

Сәлем де Ермекбай мен Тілешіге.

Ұқсап тұр қелмегенің тым ерсіге.

Қолдарың қанпескеден тимей жүрсе,

Бізді де ие қылғын бір еншіге.

Қазаққа қасиетті бабаң машһүр

Таңдаулы адамдар ед елге бас бір.

Арызбек, Тағай менен Жұрын қожа,

Дуадан жоқтаңыздар сіздер тақсыр

Сіздерді бұрын айттым ұлық жолын,

Бабаңа бабам мүрит боп берген қолын.

Жүзімбек, Ақбердімен теңдес еңдер,

Заманға лайықты екі бөрім.

Кісі едік Айтқүл-Қыдыр туысқандай,

Бірлік болмас жүрегің дұрыс болмай.

Ынтымақ әулетімде үзілмеген,

Болса да қиыншылық жұмыс қандай.

Ортаңда мен бір өскен Көпжан едім,

Кезінде қасқырдай-ақ көкжал едім.

Кісідей сұңқары алғыш қанжыға тоқ,

Абырой той жыйында олжаң едім.

Жалғаншы сөз айта ма ептеместен,

Алғыйды зор- ел дейді көп боп

Шабылса екі жақ боп көкпарда іс,

Жеңілген жүрмейді екен кектеместен.

Шабандоз бар жазығым, Көпжан атым,

Боп жүрген сорпа ішкеңдей, ет жеместең-

Мәреге көкпар сүйреп өкпем өшкен, –

Ол тойда мен бүлдірген жазығым жоң

Сұраңдар сенбесеңдер Естеместен,

Бір тойдагы көкпарда жазым болып Аман деген жігіт өледі. Аманның өліміне Көбжан, Ахыметше, Исабектер кінәлі деп жала жабылып, үшеуі де абақтыға жабылады. Абақтыға түсе берген Исабек қанша қыйьншылықтарды басынан өткізіп, сол, кездегі құрығы ұзын, қылышы өткір КГБ қармағына ілініп, лажсыздаң тапсырмасын орындауға мәжбүр болса да, Исабек ақын ақиқатты айтудан бас тартпайды.

Ақынның қызметтес замандасы марқұм Полатқожаев Мәкенмен Исабек жайлы болған бір сұхбатымзда ақын жайлы әңгімедерді айтып еді. Бірде мен Исабекке сен неге замана ағымына ығына бейімделіп, саясатқа сай келетін өлең-жыр жазбайсың деп қойған сауалыма «мен бұл секілді әділеттен жұрдай, қиянатшыл саясатты жан дүнием жаратпағандықтан саясаттың ығына ілесіп, желе беретін жағымпаз өлең жыр жазуға қолым бармайды» деп айтқан. 1935 жылы Алматы абақтысынан босанған Исабек ақын Сакен Сейфулиннің үйінде болып, Сәкен ағаға деген арнау өлеңін домбырамен терісқақпай әуеніне қосып айтып береді.

«Жағдаймен тіс тигендей жұмсақ еттен,

Келіп ем Алматыға бір себеппен.

Әлемге атың мәлім Сәкен жолдас,

Сізге бұл өтініш сөз Исабектен, –

деп басталатын өлеңінде. Өзінің жас кезінде «қазақтың кең қолтық, ұзын етек, жағалы» дәуірінде өнер білімнен босқа қалғанын айта келіп, ендігі жерде азын аулақ төрбие болса жазушы қатарына жарар ма едім деген ойын білдіреді-

Жағдайым қалай екен шамаласаң,

Жаз десең жазба сөзге араласам.

Ши қоймас қатын, бала қайдан келдің,

Қайуын бұл жағдайға жарамасам-дейтін толғауын осы тұста айтқан екен. Сәкеннің қандай жауап айтқаны бізге белгісіз. Кейбір деректерге қарағанда, яғни ақынның туысы марқұм Мамытбек ақсақалдың айтуынша «сөзіңде саясатқа қиғаш келетін жерлері баршылық екен, бұндай жағдайдан тазарудың жағдайын қарастырғанын жөн депті дейді.

Исабек ақынның суырып салма, айтыстың да шебері екенін  Бәкір мен айтысынан байқауға болады.

Сөйлейсің бір сөз айтсаң ажалың деп,

Ішесің адал астан бозаны көп.

Сыртыңнан талай қазақ шуылдап жүр,

Исабек намын былғар қожаның» – деп

Замана қисығаңа айналған соң

Арт жағы азғындап жүр тазаның деп, – деген Бәкірқожаға Исабек ақын жауап өлеңінде:

Жігітпін өнерге бай сегіз қырлы,

Құдайым сөз-білімге теңіз қылды.

Бақ,ақыл, ақындық пеп шешендікті –

Бәрін де жұп-жұбымен егіз қылды.

Аштырдың ерегісіп бар шыныңды

Мен дария, сен жоқсың бір тамшы құрлы,

Азырақ сілтемесем болмады ғой,

Жай сөйлеп баса алмадым қарқынымды,

Көкпарда да тартыссаң күшің мәлім

Колымда ойнатамын қамшы құрлы-

Ат үстінде, жердеде піріңдеймін

Еземін алыссам да алқымыңды.1

Әлі де төңіректен ұяламынг

Түбірлеп түк қоймас ем тамтығыңды,

 

Кім ықпас ерегіссем ызғарымнан

Кісіге жан емеспіз біз жалынған.

Мен құсап жай-жапсарын келтірмейсің,

Өлеңді бәлдір батпақ сызғаыңыен

Асырып мұнандағы жіберер ем,

Аулыңның ұяламын қыздарынан-деп жазған.

Білек күшіне жүрек күші сай туылған әмбебап абзал ақын абақты азабынан енді құтылдым ба деп елге келе жатқан жолда жеген күдікті бір тағамнан денсаулығы бұзылып, халі нашарлаған. Елге келіп 1935 жылы қырық жасында дүниеден өтеді. Жолдаспын деп жалған қошемет көрсетіп жарға жығатын бәсекелес дұшпандары у берген екен.. дейтін жорамал да бар. Ақынның сүйегі Қожатоғайдағы Сырдарияның бергі бетіндегі «Шыбық белгі» мазарына қойылған дейді. Исабек жайлы Қазақ-совет Энциклопедиясында қысқаша жазылған-деректен басқа, оның шығармашылдық өнері мен өмір жолы жайлы үн қағаз беттерінде филология ғылымдарының кандидаты доцент Әсілхан Оспанұлы және жерлесі Әдғам Шілтерхановтың қысқаша жазбаларынан басқа, жоқтың қасы деуге болады.

Ақыннын, өлеңдер жинағы тұңғыш рет баспаға ұсынылып отыр. Бұл осы жариялық заманда Исабек ақынның шығармашылдық өнері мен өмір жолын зерттеуді тереңдете түсудің бастамасы болар. Исабек ақынның бұл жинаққа енбей қалған өлеңдері болса, алдағы кезде жарық көруге, қолғабыс еткен жолдастарға үлкен ризашылық пен алғысымызды айтар едік.

 

ТҰРСЫНӘЛІ  АЙНАБЕКҰЛЫ

[1] сипаттап

[2] сол қалпымен

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button