Мақдум Мағзам Мағзаман әулие (1461-1542)
Мағзаман әулие (1461-1542) Оқымысты, ақын, дін және мемлекет қайраткері. Толық аты-жөні Сайд Ахмат Жалаладдин Косани. Ферғана аймағының Косан шахарында 1461 жылы Сайд Жалаладдин ибин Жамаладдиннің отбасында дүниеге келеді. Сайд қожа әулетінен. Хазіреті Әлидің баласы, Имам Хусейннің ұрпағы. Анасы Сайд Абдулла Аржанд нәсілінен болған Мир Сайд Жүсіптің қызы. Алғашқы ұстазы Самарқандық ғұлама Маулана Мир Сайд Әлиден тіл білімінің синтаксис, морфология саласы бойынша білім алып үздік бітірген шәкірт, ұстазының кеңесімен Ташкентте тұратын Хазірет Ахрар Уалидің жақын шәкірті және орынбасары болған Маулана Мұхаммед Қазидың шәкірті болып қабылданады. «Нахшбандия» ілімінің ғылыми-теориялық мәселерімен айналысып, отыздан астам іргелі ғылыми еңбектер жазып қалдырады. Аса талантты шәкірт ұстазының ілтипатына ілініп, одан әрі Қожа Ахрар Уали, Абдрахман Жами секілді ғұламалардан дәріс алып, іліми кеңестеріне қатысады. Мақдум Мағзам «Хазіреттердің ұлығы» деген діни білімі мен іліми дәрежесіне берілген биік мәртебе. Олар: Имам Мағзам(699-767ж), Ғавсул Мағзам (1079-1166ж), Мақдум Мағзам (1461-1542).
Бұл атақ Сайд Ахмат Жалаладдин Косаниге отызға жетпей беріледі. Сол дәуірдің діни, саяси-әлеуметтік мәселелеріне араласып, мемлекеттік іс басқару жүйелері туралы еңбектер жазады. XVI ғасырда Самарқанд, Бухара, Хиуа хандықтарында болған ірілі-уақты тақ тартыстары мен тарихи төңкеріс кезендерін басынан өткеріп, оқиғаның бел ортасында болады. Захраддин Мұхаммад Бабур мырзаның дұшпандары оның діни кеңесші, ұстазы, және пірі болған Маулана Мұхаммед Қазиды өлтіреді. Оның Орнына шәкірті Сайд Ахмад-Мақдум Мағзам пір болып сайланады. Осы кезеңнен бастап Захраддин Бабур мен Мақдум Мағзам өз биліктерін нығайту мақсатында Мауренахырдың иен даласын мекндеген жауынгер Алшын бірлестігінің көсемдері мен қолбасшыларының көмегіне қол артады. Нәтижесінде Мұхаммед Шайбанимен болған ақырғы ұрыста Захраддин Мұхаммед Бабур мырзаның қолы жеңіліске ұшырап, Самарқанды тастап шығады. «Бабырнама» кітабында бұл кезең анық баяндалады. Бабыр патша Ауғаныстанға қарай шегінгенде Мақдум Мағзам (Сайд Ахмад Жалаладдин Косани) Алшын Аспан тайпасының перзенті, мүриті әрі досы Айтқұл бидің кеңесімен Алшын бірлестігіндегі қалын елге қосылып Жанадария-Сырдария аралығын мекендеп тұрып қалады. Алшын жұрты Мақдум Мағзамды (Сайд Ахмад Жалаладдин Косани) пір сайлап, қол береді. Алшын Сарыбай бидің қызы Қамар анамызға үйленіп одан Хаһназар (Ақназар) атты жалғыз бала туады. Хаһназардан: Есназар шейх, Қосназар шейх, Солтанай шейх, Мақұл шейх төрт бала туады. Мақдум Мағзам – Мағзаман әулие баласы Хаһназар (Ақназар) он үш-он төртке келгенде ел-халқын жинап қоштасып, баласы Хаһназарды Алшын жұртына пір сайлап, өзі досы Айтқұл бимен Самарқандқа оралады. Бұл кезең Жәнібек сұлтанның (1528 жылы қаза болды) Самарқанд тағына отырған уақыты еді. Жәнібек сұлтан дін мемлекет ісіне Мақдум Мағзамды арнайы шақыртып Самарқандтың қасындағы Ақдария-Қарадария деген жерден Миянкөл деген аралды беріп қоныстандырады. Мақдум Мағзам бұл кезде 52 жаста еді. Жаңа қонысқа Мақдум Мағзам өз қолымен он түп шынар отырғызып, ол зәулім ағаш болып өседі. Нәтижесінде «Дахбед» аталып күні бүгінге ұрпаққа жетіп отыр. «Дахбед – парысша он түп тал» – деген ұғымды береді. Қазақ даласындағы ескі әңгімелері мен аңыз, әпсаналар желісінде Мақдум Мағзам – Мағзам қожа жөнінде деректер жиі кездесіп отырады. Амудария мен Сырдарияның ортасын мекендеген Алшын бірлестігіндегі халықтар арасында бұл кісінің ат-есіміне байланысты және оның ұрпақтары мен замандастары жайлы ұзақ-ұзақ әңгіме желілері сақталған. Далалық көшпелі ел «әулие» десе, отырықшы «қожа» деп, ал мемлекет мәртебесіндегі үлес салмағына орай «мақтум» (ілім иесі) деп халық арасында ықылас-беделге ие бұл тұлғаның ел жадынан өшпей бүгінгі ұрпаққа жетуі, ұлттық рухани мұрамыздың бізге беймәлім парақтары екені даусыз. Бүгінгі ұрпақтары орта Азияның барлық аймақтарында түрлі ұлттар мен ұлыстар арасында қоныс теуіп, негізінен діни-ағартушылық жолды ұстанған әулет ізбасарлары өздерін Мақдум Мағзам, Мағзаман қожаның ұрпақтарымыз деп таныстырады. Арғы тегін Сайд қожалардан тараған Түрікмен қожа тармағына жатқызады. Түрікмен қожа аталу себебі Алшын түркілерінің «пірі, қожасы» деген ұғымды береді. Соңына отыздан астам іргелі ғылыми еңбектер жазып қалдырған ілім иесі Мақдум Мағзаман 1542 жылы 81 жасында өмірден өтті. Қабірі Самарқанд қаласына іргелес Дахбет елді мекенінде.
Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет