Сыр-сұхбат

Әуезов және «Абай жолы»

(Жалғасы. Басы «Тағылым мен тағзым» мақаласы )

Салыстырмалы тұрғыда алсақ, біз Абай мұрасын шамамыз келгенше біраз зерттедік. Әуезов іргесін қалап кеткеннен бергі уақыт ішінде әдебиетте ізін қалдырған талай ұрпақ ұлы ақын творчествосын өз дәуірінің биігінен бағалап, сөз өнерін өрге сүйреген әр буын кемеңгер туындыларының тереңіндегі құндылықтарды тауып, жаңалық ашты.

Абайға қарап бетке ұстар бағытымызды анықтап, ойымызды түзедік. Кемеңгердің шығармалары ғана емес, өлеңінің әр жолын сана сүзгісінен өткізіп, сарапқа салдық. Тереңірек зерттеген сайын, қазақта ұлы ақынның мұрасынан артық  рухани байлықтың жоқ екеніне көзіміз анық жетті. Ұлттық рухымыз тірі тұрғанда қазақтың Абайға деген махаббатының мәңгі сөнбейтінін түсіндік. Аласапыран замандардың алашапқыны жанымызды көкпарға салып, халықтығымызды тамырымен жұлып тастай жаздаған алмағайып замандарда Абай тағылымынан алған тәліміміз арқылы біз халықтық қасиетімізді жойып алмай, аман сақтап қалдық. Өткен ғасырдың басындағы Алаш арыстары Ахмет пен Міржақып, Әлихан мен Мағжандар жанын пида ете отырып бізге Абай рухына адал болуды аманаттап кетті.  Ұлы ақын дүние салған бір ғасырдан астам уақытта Абайсыз өмір сүрген дәуіріміз болған жоқ.  Құдайға шүкір! Бәрі жақсы. Бәрі дұрыс. Бәрі заңды.

Дей тұрсақ та поэзия пайғамбарының қайталанбайтын талантын, өнердегі даралығын, тұтас бір ұлттың санасына сәулесін шашқан данышпандығын, келешекке жол салып кеткен кемеңгерлігін мойындағанымызбен, ішкі бір түйсікпен әлем әдебиетінің төрінен өзіне лайық орындарын еншілеп алған алыптардың қатарында Абай есімінің аталмай жататыны ащы да болса – шындық.  Мысалы, өркениетті елдерде испан жазушысы Сервантестің есімін білмейтін адам жоқ шығар. Ұлы қаламгердің «Дон-Кихот» романы тұтас бір халықты айдай әлемге танытқан ұлттық брендке айналды. Тургеневтен бастап күні кешегі Борхес пен Маркестерге дейінгі ғұламалардың «Дон-Кихот» жайында майын тамызып жазған, оқымасыңа қоймайтын қаншама ғажайып эсселері бар.

Ағылшын ақыны Шекспирді ешбір елдің драмматургі де, жазушысы да ескерусіз қалдыра алмайды. Тіпті, орыстың суреткер жазушысы Толстойдың ұлы драмматург туындыларына көңілі толмай сынаған зерттеуінің әлемде үлкен дау-дамай туғызғаны Шекспир есімінің барша адамзатқа ортақ тұлғаға айналғанын аңғартқандай. Әлемді қаламымен бағындыруға серт еткен француз Бальзакты оқымаған пенде зиялы азамат саналмайды, мәдениеті дамыған мемлекеттерде. Дүниежүзілік әдебиет деген ұғымды қолданысқа енгізіп, өзі де соның символына айналған немістің ойшыл ақыны Гетені кім білмейді. Атақты «Фаустты» тілге тиек етпеген әйгілі суреткерді таба алар ма екенсіз. Ал, орыс жазушылары Гоголь,  Толстой, Достоевский, Чехов туындылары ХХ ғасыр прозаиктеріне үлгі-өнеге болып, жаңа заман әдебиетінің бет-бейнесін айқындап берді. Соңғы елу жылдың ішінде сөз өнеріне көп өзгерістер алып келген Ресей мен Батыстың жаңашыл ақындары мен жазушыларын да әлем оқырмандары жеткілікті дәрежеде танып үлгерді.

Ал, Абай ше? «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген гуманистік  идеяның ұрығын сепкен кемеңгерімізді өзімізден басқа кім біледі? Суреткер Әузовтен кейін ұлы ақынымыздың дүниежүзілік әдебиеттегі орнын белгілеп беру үшін іргелі істер жасалды ма?  Әлем оқырмандарының қазақ Абайға қарағанда беларусь Быков пен қырғыз Айтматовты көбірек білетінін өкінішпен болса да мойындауға тура келеді.

Осы тұрғыдан алғанда Абай шығармалары өз Отанының шекарасынан алыстап кете алмаған Пушкин туындыларымен тағдырлас. Қаза тапқанына екі ғасырға жуық уақыт өтіп, ұлы ақынның творчествосы жайында Ресейде мыңдаған еңбектер жазылса да Пушкин есімі де әлем оқырмандарының санасына мықтап орныға алмай қойды. Кезінде орыс жазушысы Владимир Набоков шет ел оқырмандарына Пушкинді жақынырақ таныстырмақ ниетпен «Евгений Онегинді» прозаның тілімен ағылшын тіліне аударғаны мәлім.  Сондағы ішкі ойы дүниежүзіне кеңінен таралған ағылшын тілі арқылы Пушкинді ең алдымен Батыс жұртшылығына, одан әрі әлем оқырмандарына таныстыру болды. Бірақ жазушының бұл ойы жүзеге аспай, сәтсіздікке ұшырады. Орыс әдебиетінің негізін салған ұлы ақынның шәкірттері болып саналатын Толстой мен Чехов шығармашылығына тәнті болған әлем оқырмандары бәрібір проза тілімен жазылған «Евгений Онегинді» қабылдай алмай қойды. Неге?

Тамырын тым тереңге жіберген ұлттың ақыны болғандықтан Пушкиннің  музасында орыс халқы ғана қабылдай алатын жұмбақ тылсымдар көп. Өте көп. Соған қарамастан ұлы ақынның қазақ тіліне сәтті аударылған шығармалары аз емес. Хәкім Абайдан бастап ұлтымыздың көптеген талантты шайырлары Пушкин туындыларының шымқай бояуын солғындатып алмауға бар күшін  салып, ана тілімізге аударды. Бір ғана «Я помню чудное мгновенье»-ні қазақша сөйлетуге тырысқан талантты ақындарымыз қаншама. Қалай десек те Пушкин жырларының Алаш  жұртына тараған насихаты кемшін болған жоқ. Сәтті шыққан талай аудармалардың арқасында орыстың ұлы ақынын қазақ оқырмандары жылы қабылдап, жүрегінің төрінен орын сайлап берді.

Ал, біздің Абайымыздың тылсымы терең поэзиясына терең үңіліп, оның барша адамзатқа ортақ гуманнистік идеяларының маңызын халқының санасына сіңіруге тырысқан қандай атақты орыс ақынын айта аласыз? Сұрау салып, зерттеп көрсек миллиондаған ресейліктердің ішінен  Абайдың бір өлеңін оқыған жалғыз  орысты таба алар ма екенбіз? Әй, қайдам. Танымылдығы жағынан 10 миллионнан астам қазағы бар данышпан Абаймен салыстырғанда авар жұртының талантты ұлы Расул Ғамзатов әлдеқайда бақыттырақ.  (Мысалы, авар ақынының «Тырналар» өлеңін алыңызшы. Аударма да қалай сәтті шыққан. Жеңіс күніне орай  «Тырналар» әні Мәскеудің аспанында қалықтағанда көңілі тебіреніп, көзіне жас алмайтын пенде жоқ.  Ғамзатов  жайында орыс тілінде жазылған қаншама зерттеулер бар. Ақынның таланты мен адамдық табиғаты мейлінше шынайы ашылған Ресей киногерлері  түсірген фильмнің өзі неге тұрады.)

Жиырмасыншы ғасыр басынан бергі жазылған жүздеген еңбектерде   Пушкин шығармашылығы жеріне жеткізіліп дәріптелді,  бір ауыз сөзбен болса да орыс ақынының рухани мұрасына тоқталмай кеткен қазақтың сыншысы мен әдебиет зерттеушісі кемде-кем. Міне осы тұрғыдан алғанда:

Слух обо мне пройдет по всей Руси великой,

И назовет меня всяк сущий в ней язык,

И гордый внук славян, и финн, и ныне дикой

Тунгус, и друг степей калмык, – деген ақынның асқақ арманы қазақ топырағында  артығымен орындалды.

Ал, біз болсақ Абайдың орыс тіліне аударылған өлеңін оқығанымызда ұлы ақынымыздың тереңдігі мен ойшылдығы келекеге ұшырағандай бір күйді басымыздан кешетініміз неліктен?  Ресейдің атақты ақындары мен  жазушыларының  әдебиет туралы жазған еңбектерінен  Абайды ауызға алған сынық сөйлемді де таппайсың. Қазақтың Пушкин мұрасына деген тағылымында, ұлы ақынның рухына адал қызмет етіп келе жатқан тағзымында ешқандай кінәрат жоқ. Тіпті, діні мұсылман, қаны мен жаны жағынан бізге әлдеқайда жақын Шығыстың ұлы шайырлары жайында түк білмесек те, Пушкинннің өмірі мен шығармашылығы туралы біздің білмейтін мәліметіміз жоқ. Әрине, білген жақсы ғой. Бірақ ұлттардың бір-бірінің әдебиетіне  көрсететін құрметі екі жақты болуға тиіс емес пе? Көзімізге түспей жүрген болса ғафу өтінеміз. Басқаларын айтпағанда, Кеңес заманында қазақтың талантты шайырлары Олжас пен Мұхтарлармен талай дастархандас болған Ресейдің атақты  ақындары Евтушенко мен Возненскийдің көл-көсір әдеби мұрасында да Абайдан тағылым алып, шынайы көңілмен ұлы ақын рухына тағзым етіп, тебіренген бір ауыз сөз жоқ.  Ресейлік «Культура» телеарнасындағы әлем әдебиетінің алыптарының шығармашылығын жан-жақты таныстыратын «Игра в бисер» бағдарламасы да біздің Абайымызға арнап бір хабар түсірмеді. Таяуда интернеттен орыстың танымал әдебиеттанушысы Дмитрий Быковтың көпшілікке арнап оқыған жүздеген дәрісін тыңдап шықтым, сенесіз бе ол бір рет те Абай есімін аузына алмайды. Міне осыдан кейін Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» саябағында Абай ескерткішінің орнатылуы, екі ел арасындағы  достық қарым-қатынастың символынан гөрі, қазақты алдарқату үшін жасалған ишарадай ғана көңілсіз әсер қалдыратынын кімнен жасырайын.

Шығармаларын өзге елдің тіліне тәржімалаудан басқа да ұлтының мақтанышына айналған таланттарын  әлемге танытудың жолдары бар емес пе. Неге біз сол жағына назар аудармаймыз. Белгілі бір дәрежеде Ресей оқырмандары жақсы білетін, танымал әдебиеттанушы Николай Анастасьевтің ЖЗЛ сериясымен орыс тілінде жарық көрген «Абай» және «Мухтар Ауэзов» атты кітаптары көзге көрініп тұрған осы бір олқылықтың орнын сәл де болса толтырғандай.

Әдебиет аспанында Күндей жарқырап, әр қазақтың рухани сырласына айналған кемеңгеріміз туралы жазылған «Абай. Тяжесть полета» деп аталатын  кітап 2008 жылы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрді. Мұхтар Құл-Мұхаммед Герағаңа жазған хатында кітап авторы мен оның мақсаты жөнінде «Кезінде «ЖЗЛ»-дан Абай, Әуезов туралы кітаптарды шығару барысында Сізбен хабарласқанмын. Қазақ ғалымдары мен жазушыларының мен қолқа салған таңдаулы өкілдері бас тартқан соң, әдейі Н.Анастасьевқа тоқтадым. Әрине, ол қазаққа Абайдың кім екенін үйрете алмайды, бірақ бүгінде ілуде біреуі ғана білетін Абайды Ресей зиялы қауымының жаңа буынына жеткізе алатыны анық. Солай болды да», – деп ашық та, айқын жазған болатын.

Біз Абайымызды Еуропа оқырмандарына таныта алдық па? Совет үкіметі құлап, тәуелсіздіктің арқасында екі ел мәдениетінің арасындағы шекаралар жойылғанымен, неліктен әлі күнге дейін Абай адамзат баласы үшін сыры  ашылмаған жұмбақ әлем болып келеді. Бір қарағанда бұл бағытта аз жұмыс жасалып та жатқан жоқ. Абай өлеңдері сан-мәрте шет тіліне аударылды. Соған қарамастан біз ұлттық кемеңгеріміздің әлем әдебиетіндегі алатын өзіне лайық орнын белгілеп берудің жолын таппадық.

Менің ойымша ұзақ жылдан бері кілті табылмай келе жатқан күрделі сауалдың жауабын орыс әдебиетінің мысалынан іздеген абзал. Орыстар та күні бүгінге дейін ұлттық ақындары Пушкин мен Лермонтовты әлем оқырмандарына дұрыстап таныстыра алмай-ақ келеді. Оның ең басты себебі данышпан  Абайдың дүниетанымына қатты әсер еткен орыстың екі ұлы ақыны сонау ХІХ ғасырдың өзінде мәдениеті озып кеткен Еуропа үшін аса үлкен жаңалық болған жоқ. Пушкин мен Лермонтовты оқи отырып Батыс жұртшылығы олардың поэзиясынан Шекспир мен Байронның орыс топырағындағы вариациясымен танысқандай көңіл-күйді басынан өткереді.

Алайда, Абайдың жөні бөлек қой. Ол тек орыс әдебиетінің қайнарынан ғана сусынын қандырып қоймай, Шығыс даналығын да бойына сіңіріп, ұлттық шеңбердің аясында шектеліп қалмай, әлемдік мәдениеттің ортақ қазынасына да айнала алатын  ойды  айта білген адамзаттың да ақыны емес пе. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің  әлем әдебиетінің айдынында еркін жүзіп жүрген  Америка әдебиетінің білгірі Николай Аркадьевич Анастасевқа ұлы Абаймыз жөнінде кітап жаздыртуы  осындай бір үлкен талпыныстан туған нәтижелі жұмыс болды.

Әрине, ол қазаққа Абайдың кім екенін үйрета алмайды, бірақ бүгінде ілуде біреуі ғана білетін Абайды Ресей зиялы қауымының жаңа буынына жеткізу үшін ол барлық күш-жігерін салып жұмыс істеді.

Ол Абайды біз білетін Гете, Байрон, Шиллер, Пушкин, Лермонтовтармен ғана емес, Еуропа жұртшылығы түгел мойындаған Монтень, Паскаль, Кьеркегорлармен шендестіре талдап, қазақ кемеңгерінің парасат деңгейін солармен қатар қойды. Дат данышпанын қарастыра келіп, Ницше, Сартрға құрық тастап, сол буынның ақыл-ой түйсігінің түп-тамыры әріде екендігін көрсетті.

Ең қызығы «Абайымызды әлем оқырмандарына танытудың жолдары бар ма?» деген тұрғыдағы  ұзақ жылдар бойы жаныма тыныштық бермей жүрген сауалдың жауабын да мен Анастасьевтің осы кітабынан тапқандай болдым. Дәлірек айтсам, «Абай» атты кітаптың соңындағы үш зияткер  – Николай Анастасьев, Мұрат Әуезов және Мұхтар Құл-Мұхаммедтің аталған тақырыпты талқылаған сұхбаттасуында күрмеуі күрделі сұраққа жақсы жауап беріліпті. Тақырыпқа байланысты үш зиялының сұхбаттасуындағы пікірлердің көңіліме қонғанын да жасыра алмаймын. Енді сол сұхбатта әңгіме болған тақырыпқа ой қыдыртып, қысқаша шола кетейік. Міне осы пікір алмасудағы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бұл мәселеге тереңірек үңіліп, назарымызды Абайдың шығыстық бастауларына аударғысы келген ұсынысында жан бар.

«Істі жөн-жосығымен жүргізе білсек, Абай иран және араб тілді әлемде әбден-ақ әйгілі бола алады. Өйткені, оның поэзиясы парсы поэзиясымен үндес, ал парсы поэзиясының арабтарға қандайлық әсер еткені белгілі. Шығыста араб тілі – ғылымның, трактаттардың тілі; парсы тілі – поэзия тілі, түркі тілі – әскери өнердің тілідеп саналған. Рас, Әлішер Науаи түркіше де, парсыша да жазған. Абай онымен анық астасып жатады, сондықтан қайталап айтамын, көкейіміздегіні көңілге қонымды етіп атқара алсақ, бәрі де қолдан келеді. Әрі бүгінгі таңда, біз ислам әлемінің бір бөлігіне айналған кезде, солай болғанына сөз жоқ: қазақтар мұсылмандар ғой – Батыс бізге өздерін Шығыспен байланыстырып тұратын көпір сынды қарайды. Қазақстан – зайырлы мемлекет, ондағы дінге сенушілердің басым бөлігі мұсылмандар мен православиеліктер. Біз екі тілді қатар меңгергенбіз. Батыс демократиясының құндылықтарынан тіпті де бас тартпаймыз, сонымен қатар ұлттық мәдениетімізді де сақтап, дамытып отырамыз. Міне, осы телқозылық сипатымыз, тегінде, бізге баршаның басын біріктіртіп тұрады.

Мұның бәрін неге айтып тұрмын? Айтпағым тағы да сол жай – осындай жағдайда Абай жыры өзінің жаһандағы араб елдерінен бастап әрі қарай жалғастыра алар еді. Бар мәселе әдеби және баспагерлік менеджменті дұрыс ұйымдастыра білуде». (Н.Анастасьев «Абай», 460 бет)

Жөн сөз. Егер аударма сәтті шыққан жағдайда Абайдың ұлы поэзиясының таңғажайып үні Қытайға да жете алатынына сенім мол.  Батыс пен Ресейге мойнымызды созып, жалтақтай бермей бір жарым миллиардтан астам адам тұратын Қытай еліне Абайымызды жан-жақты танытсақ та аз олжа емес. Оның үстіне Таң дәуірінде Қытай елінде түркі тамырлы ақындардың жыр төккенін ескерсек, көшпелі халықтардың өлең өрнегінің қытай поэзиясына жат емес екені бесенеден белгілі емес пе.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары көркем аударма проблемалары баспасөз бетінде көп талқыланды. Әрине, әртүрлі, тіпті кереғар пікірлер де айтылды. Нәтижесінде бәрінің қол қойған ортақ пікірі мынаған сайды. Ақын өзінің ана тілінде неғұрлым табиғи жазса, оны өзге тілге аудару соншалықты қиын. Бірақ бұдан поэзияны аударуға болмайды деген ұғым тумаса керек.  Міне осы тұрғыда белгілі қытайтанушы ғалым, жазушы Мұрат Әуезовтың сұхбат алушыға білдірген пікіріне құлақ аспауға болмайды.

«Меніңше, мәселенің мәні қызығушылықтың өлшемінде, мүмкін басқа тілдердегі оқырмандардың ақынның өзінен де гөрі, оның туған жеріне, өскен шаңырағына қызығушылығы маңыздырақ шығар.

Мынандай мысал келтірейін. Орта ғасырлардағы қытай және жапон поэзияларында қағазға қаріп боп түсуі жағынан да, көркемдік өрнегі жағынан да ұқсастық бар. Алайда, қарап отырсаңыз, жапонның ескі жырлары орысшаға қандай төгіліп түскен. Таң дәуірінің қытай ақындары болса, сондай нашар аударылған.

Менің ойымша, көзге ұрып тұрған осынау айырмашылықтың себебін Ресейдің ірі синологы Любовь Дмитриевна Позднеева жақсы түсіндірген. ХХ ғасырдың басында Жапония әлемдік саясат театрының авансценасында жұлқынып шыға келгендей болды. 1905 жылы Цусимада орыс флоты талқандалды. Бүкіл әлемде, әсіресе, Ресейде, оған дейін көп таныла қоймаған осы елге ерекше қызығушылық оянбауы мүмкін емес еді. Ақыл-ойдың алыптары Жапония феноменін байыптауға кірісті, таңдаулы тәржімешілер жапон әдебиетін аудара бастады. Ал Қытай өзіне ешқандай дәл мұндай қызығушылық танытқан емес. Ия, белгілі жай ғой, Анна Ахметова қытайларды (сол сияқты корейлерді де) аударған, сонымен бірге оның бұл іспен құлықсыз, күнкөріс үшін айналысқаны да белгілі. Басқасын былай қойғанда, поэзияға қажетті жағдай да, ақындық шабыт та атымен болған емес.

Қазақ поэзиясының да орыс әдебиетшілерін, тіпті шығармашылықтың бетке ұстар тұлғаларын да тұтастай алғанда енжар күйде қалдыратынының себебін даланың тарихына, Қазақстанның қазіргі ахуалына шындап қызығушылықтың жоқтығынан емес пе екен?».

***

Суреткер Әуезов  бір сөзінде Абайдың телегей-теңіз екенін әңгімеге тамызық ете келіп, өзінің одан шөмішпен ғана қалқып алғанын айтқаны бәрімізге мәлім. Бірақ кемеңгеріміздің рухына көрсетілген Әуезовтің ілтифаты  оның шығармашылық құдіретінің Абай талантының жанында қораш болғанын білдірмесе керек.  Шындығында жаңа ғасыр белесінде туған ұлы жазушының білімінің тереңдігі мен талантын айтпағанда, қазақ үшін тартқан бейнеті мен шеккен қасіреті де Абайдан кем болған жоқ.

Егер Құдай бізге Әуезовті аман алып қалмағанда, әдебиетіміз түгіл, қыл үстінде тұрған  ұлт тағдырының нешік болатынын көз алдыңа елестетуден шошисың.  Әрине, Жүсіпбек пен Мағжандардың тағдыры бір оққа байланып,  қанды репрессияның құрбаны болып кетпегенде сөз өнеріміздің  дамуы мүлде басқаша бағытқа бет алып кетер ме еді? Кім білсін? Өткен іске жүз жерден өкінгенімізбен, біздің әдебиетіміздің таланына Әуезовтің салып берген сара жолымен жүріп, өсіп-өркендеу бақыты бұйырды. Жекелеген адам түгіл, тұтас қоғам адасып, халықтың миы шатасып, санасы сансыраған заманда халыққа жөн көрсете алатын Әуезов болмағанда қайтер едік? Ұлттық рухымызды сақтап қалатын ұлы идеяны кімнен алар едік? Бүгінгі таңда барша қазақтың басын біріктіріп тұрған ұлттық факторына айналған Абайымызды біз тани алар ма едік?  Даналығы дариядай арыстарымыз Ахмет, Міржақып, Әлихан, Жүсіпбек пен Мағжандарымыз халық жауы атанып ұсталып, атылып кетті. Әуезовпен сөз таластырып, ой жарыстыра алатын тұлғалардың біреуі да зұлым заманның қанды қылышынан аман қалмады. Құдайшылығын айтыңызшы, егер ұлы Жаратушы бізге Әуезовтің аман алып қалмағанда, Сәбиттер мен Ғабиттер, Әбділдәлар мен Тайырлар жол бастап, қазаққа көсем бола алар ма еді?

Таяуда, Әуезовтің жас кезінде жазған «Көксерек» повесін тағы бір оқып шығып, өзім үшін бір үлкен жаңалық ашқандай болып, алдағы күннің зауалын көріпкелдікпен болжап кеткен суреткердің әулиелігіне бас ұрдым.

Ұлы жазушының таңғажайып туындысы 1929 жылы қанды репрессияның қылышы қынабынан суырыла бастаған жылдары жазылды. Айтар ойын символдық белгілер арқылы астарлы сюжеттердің топырағына жасырған туындыда  аш қасқырдай жалаңдаған замандағы жүрегі таза, жаны пәк, рухани тазалықты аңсаған шығармашылық адамының трагедиясы  қалай шебер сүгіреттелген. «Көксерек» повесі осы кезге дейін әдебиеттану ғылымында айтылып жүргендей адам мен табиғаттың арасындағы байланысты жеткізген көп шығарманың бірі ғана емес, қасқыр заманға тап болған творчестволық тұлғаның аянышты тағдыры сипатталған астары терең туынды. Халықты жарыққа сүйрегісі келген Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Әлихан, Мағжан мен Жүсіпбектердің сұм заманнан алатын «сыбағасының» қандай болатынын көркемдік тәсілмен болжап, шебер жеткізген шедевр, бұл….

Ал, Әуезовтың «Абай жолы» романы еш уақытта да құндылығын жоймайтын, жұмбағы әлі толық ашылып бітпеген жиырмасыншы ғасырдағы ең ұлы романдардың бірі. Төрт кітаптан тұратын тетрологиясында суреткер әлем әдебиетінің даңқты прозаиктері Максим Горький, Томас Манн, Джон Голсуорсилердің шығармаларында көтерілген әлеуметтік маңызы зор сұрақтардың жауабын берді. Естеріңізде болса Максим Горькийдің «Артамоновтардың ісі», Томас Манның «Буденброктар», Джон Голсуорсидің «Форсайттар туралы сага» романдарында бір кездері мінездері де, істері де кесек болған әулеттердің ұсақталып, қалай құрып кететіні суреттеледі. Әлемдегі ойшыл жазушыларды қоғамның тірегі болып тұрған әулеттердің тұнығы лайланып бара жатқан трагедиясы қатты толғандырды.  Себебі неде? Қоғамдық-қарым қатынастардың  күрделене түсуінде ме, әлде, бұл ұстара  сауалдың басқа да жауабы бар ма? Бар. Егер әлемнің ұлы ойшылдары Әуезов шығармашылығын жан-жақты зерттеп, творчествосына терең үңілгенде оның жауабын «Абай жолы» романынан табар еді.

Әуезов көшпелі өркениеттің ең соңғы көрінісін суреттей келіп кез-келген ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан ізгі дәстүрінен қолын  үзгенде халықтық қасиетінен айырылатынын әулиелікпен болжап берді. Досы түгіл дұшпанының аруағын құрметтей білген, елдігімізді сақтап тұрған адамгершілік жайындағы ұлы ұғымдар Абай заманымен бірге келмеске кете бастады.

«Абай жолы» дәстүрден қол үзген халық келешегінің қалай болатынын болжап берген, өмірге келген әр ұрпақ тағылым алуға тиіс, көркемдік концепциясы мен шығармашылық шешімі тұрғысынан жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген әлем классиктерінің жазғандарына мүлде ұқсамайтын бітімі бөлек шығарма. Дәл осындай адамгершіліктің шуағы жарқыраған туындыны күресінге лақтырып тастағысы келетіндер, дүниеге әлі талай келетін ұрпақтың көкірек көзін аша түсетін баға жетпес байлығынан айырылып қалатынын бажайлай алмай, асығыстық танытуда.

Адамзат баласы Әуезовті дұрыстап тани алмай жатса, ол «Абай жолы» сияқты теңдесі жоқ туындыны халқына мұраға қалдырған қаламгердің емес, қазаққа мұрнын шүйіріп қарайтын – әлемнің кемшілігі. Сол Әуезовті таныту үшін Ресейдегі, Франциядағы, АҚШ-тың беделі күшті, ойы озық әдебиеттанушыларының көңілін тауып, ұлы жазушымыздың шығармашылығын жан-жақты зерттеп, әлем оқырмандарының қызығушылығын туғыза алатын кітаптар жаздырта алмай жүрген – біздің кінәміз. Әуезовтің емес. Ұлы суреткер ұлт алдындағы азаматтық парызы мен жазушылық миссиясын адал атқарып кетті.

Әлемді айтамыз-ай! Адамзат түгіл қазақтың өзі де Әуезовті әлі дұрыстап тани алмай жатқан жоқ па? Енді бір бес-алты жылдан кейін суреткердің дүниеден өткеніне алпыс жыл толады. Алпыс жыл аз уақыт емес. Зырылдап өте шыққан бір адамның ғұмырындай мезгіл ішінде Әуезовті әлемге таныту үшін шөптің басын да сындырған жоқпыз.  Шынымды айтсам, өзге түгіл өз оқырмандарымыз қызығып оқитын Әуезов туралы неміз бар десек,  бірен-саран жазушыларымыз мен ғалымдарымыздың көлемді еңбегінен басқа қызығып оқитын ештеңе есіме түспей қойды.

Дегенмен 2006 жылы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген Николай Анастасьевтің «Мухтар Ауэзов» атты көлемді еңбегінің ұлы жазушының қайта тануға деген ықыласымды оятты.

Бұл  кітапты мен екі рет оқып шықтым. Әуелі 2008 жылы жарық көрген орысша нұсқасын,  2008 жылы Жұмағали Ысмағұлов көлемді еңбекті қазашаға аударып, оның ана тіліндегі нұсқасымен де таныстым.  Екі мәрте оқығанымда да бұрын-соңды білмей жүрген жаңа Әуезовті ашып, жаратылысы бөлек тұлғаның жазушылық шеберлігінің сан қырлы табиғатына тереңірек бойлап, әдебиеттанушы Николай Анастасьевке деген құрметім арта түсті. Алайда, «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «ЖЗЛ» сериясымен шыққан кітап жайындағы көлемді эссесімен танысқаннан кейін ғана бұл кітаптың жазылу тарихының әріден басталғанын білдім.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

жалғасын: “Триумфатор трагедиясы” – ғұмырнамалық шығарма» мақаласынан оқи аласыздар

 

Ұқсас мақалалар

3 пікір

  1. ЖЗЛ-ға сұранып тұрған тұлға қазақта жетіп жатыр. Бірақ шыққандары өте көп емес. Абай мен Әуезовті шығарғаны үшін Мұхаңа тұтас қазақ жұрты рахмет айту керек деп санаймын. Себебі, ұлттың ұлыларын өзгелерге танытқымыз келсе осылай еңбектенуіміз қажет. Қазір кейбіреулер Абайдың қара сөздерін ағылшын тіліне аударғысы келеді деп те естідім. Дұрыс бастама. Ең бастысы қолға алып, әрекет етсек, сең қозғалса, сапаның артуына да көңіл бөлінеді. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды бірінші болып атқаруымыз керек.

  2. Толық қазақ болу үшін Абайды оқып қана қоймай, әр сөзін санаға мықтап тоқу керек. Сондықтан Мұхтар мырзаның ЖЗЛ арқылы Абайды шығартуы құптарлық дүние. Бізден де әлемдік деңгейге сай тұлғалардың бар екенін барша дүние жүзі білсін.

  3. Рас, Алла Әуезовты қазақ үшін, қазақ әдебиеті үшін сақтап қалды. Енді сондай ұлылардың еңбектері мен шығармаларын келер ұрпаққа аманат қылу бүгінгі буынның міндеті. Мұхтар Құл-Мұхаммед сол міндетті жан-жүрегімен сезінген абзал азамат. Жарайсыз, Мұқа. Алла деніңізге саулық берсін.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button