Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Бұл қай бейне?

Шортанбай  шығармашылығын зерттеу барысында  ғаламтор қолданушыларының бірізді емес мәліметтерінен аяқ алып жүргісіз екеніне көзіңіз жетеді. Зар заман өкілдерінің белді тұлғасы  Шортанбай мысалын алып отырған себебіміз де бар. Өйткені бұл ақын соңғы он жылда көп   зерттеліп,  көп сұрақтардың шешімі табылып, зерттеушілердің  пікірі бір арнаға  тоғысқандай болып еді. Алайда басын ашып алатын мәселелер жеткілікті  екен. Соның бірі  ақынның суреті  жайында болмақ.

 Естеріңізге сала кетелік, осыдан он шақты жыл бұрын ғалым  Марат Әбсеметов, Шортанбайдың суретін Омбыдағы казачьий архивінен тауып алып, «Астана – мыңжылдық тарихы бар қала» атты кітабына кіргізген еді. Суреттің сыртында «Чортанбай» деген жазуы болған. Қазақта басқа Шортанбай жоқ қой деп, осы суреттегі бейнені ақынның суреті деп негізге алып,  сүйіншілеген едік.  Алайда оны қаперге алып жатқандар некен-саяқ.

Ақын, жырау ғана емес, үлкен молда болған тұлғаны Шортанбай деуге әбден келетіндей. Десе де, басында бөрігі бар ақсақалды көбіміз зар заман ақынына балап, сол туралы мақала ақпараттарда қолданып жүр. Бұл сурет тағы бір ұлық жырауға ортақ екен. Ғаламтордағы Wikipedia басында бөркі бар, ақсақалды адам бейнеленген суретті Бұқар жырау деп танып тұр. Енді бір суретте Шортанбайды бұрындары Мұрат Мөңкеұлына тиесілі суретке ортақтастырып қойған. ҚМДБ сайтында Шортанбайдың төрт ауыз сөзін жазып Бұқар-Шортанбайға ортақ суретті салып, таластырып қойған.

Қарап отырсаңыз, бұлардың дені сөзіне сенетін,  ел – халық оқитын әжептәуір беделді сайттар. Демек, қазақтың бағына біткен бес ақынды ажыратып-­танымай, неге оңды-солды қолдана береді деп сұрағымыз келеді. Егер ниет болса сәл ізденсе, ақынның ата-тегінен бастап, шын атына дейін мәліметтер жетерлік еді ғой.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button