Абылайхан тұсында тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ халқы сайран даласына еркін, азат өмір сүрді. Былайхан өз жерін жоңғарлықтардан тазартқан соң, біржағы орыстармын, екінші жағы қытайлықтармен дипломатиялық қатынас жасап, қазақ халқының тәуелсіз ел екенін мойындатты. Сол тәуелсіздік алған ел:
Абылайхан тұсында
Арбасын тартып оң қылған,
Есіл менен Нұраның
Екі жағын жол қылған.
Ертістің бойы қара дөң,
Еңкейе біткен қара адыр,
Арқа деген құба жон,
Аядай біткен көл екен.
Атты кердең өсірген
Арқаның тарлау шөбі екен, –
деп, жыр сұлейі Шортанбайдың өкінішпен есіне алуы тегін емес.
Діни білімі болса да, Шортанбай өзімен тұстас, замандас молда, ишандар сияқты күнкөрісі үшін байларды, шен-шекпен кигендерді марапаттамады. Қайта елінің ащы зарын, өшпес өкінішін көкірегі қарс айырыла жырлады.
Мына заман қай заман,
Азулыға бар заман
Азусызға тар заман.
Тарлығының белгісі –
Жақсы жаннан түңілген,
Жаман малдан түңілген,
Зарлығының белгісі –
Бір-бірлерін күндеген,
Жай-жайына жүрмеген,
Мұның өзі тар зман.
Тарлығының белгісі –
Мұсылманнан хал кетті
Тәңірім болғай деместен.
Шұрайлы жерлерінен, қоғалы көлдерінен, асу-асу белдерінен, қалың орманынан, қаралы малдарынан айырылып, отаршылдарға тәуелді болып қалған мұсылман қауымының халі тым аянышты еді.
Арқадан дәурен кеткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң,
Тіпті амал жоқ, қазақтар
Енді сенің торыңа.
Орыс бүркіт, біз түлкі,
Аламын деп талпынды.
Орыстан қорлық көрген соң
Отырып билер алқынды.
Халық басына қалың бұлт үйірілген зобалаңнан қалай алып шығатын жол таба алмай, билер отырып қалды. Ал болыстар мен байлар қолдарындағы дәулетінен айырылып қалмаудың жолын қарастырды.
Әр нәрсенің болжамы
Келе жатыр жақындап.
Ағашты тауға үй салып,
Алды көпір ақылдап.
Елді еркіне қоймады
Буыршындай тақымдап.
Дәуренбексіп болыс тұр
Кәпірдің сөзін мақұлдап.
Қайран Шортанбай бабам-ай! Осыдан 150 жыл бұрынғы айтқан дана сөзі құлағымызда бүгінгідей жаңғырып тұр емес пе! Күні кешегі тәуелсіздік алғанға шейін де орталықтың сөзін мақұлдап, бас шұлғып келгеніміз шындық қой. «Жұт – жеті ағайынды» дегендей, отаршылдықтың қолжаулығы болған ел басылары да қанаумен болды.
Байлар ұрлық қылады,
Мал көзіне көрінбей.
Билер жейді параны
Сақтап қойған сүріндей.
Заманың сенің құбылды
Текеметтің түріндей.
Ойлағаны жамандық
Жарадан аққан іріңдей.
Жетіжұт кеткен қожадан,
Сен тұрмассың бүлінбей.
Халықты құдайға құлшылық етуге ғана уағыздайтын кейбір дүмше молдалардай соқыр сенімде қалып қоймаған Шортанбай елді алдап, сүліктей сорып отырған қожа-молдаларды да уытты жырларымен әшкере етіп отырады.
Қазақ даласына отаршылдар келуімен кейбір атқамінерлер балаларын тек орыс мектебіне беріп, тілмаш, адвокаттыққа оқытты. Олар оқып шыққан соң халықтың жоғын жоқтамай, патша үкіметіне қызмет етті. Елді алдап, өтірік айтып, пара алудың жолына түсті. Өздеріне жұрт өшпенділігін күшейтті.
Шортанбайдың азамттық қасиеті мен ақындық қуаты ел ішіндегі осындай ездердің көбейіп, халықты аздырып,тоздырып, еңсесін көтертпей тұқыртып тастағанын ашына жырлауынан айқын көрініс табады.
Заман қайтып оңалсын,
Адам қайтып қуансын,
Жандарал болды ұлығың,
Майыр болды сыйынғаның,
Арылмайтын дерт болды
Кедейге қылған қорлығың.
Кәпірдің көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің жеңгеңдей,
Дуанды көрдің үйіңдей,
Бақты тұр қасында
Қазылған қара көріңдей.
Айналасында болып жатқан озбырлыққа немкетті, ұйқылы-ояу қарайтындардың көрер күні – азап, барар жері – тозақ. Сондықтан да, халықты отаршылдарға бодандыққа құрбан еткендермн тіркесу керектігін де Шортанбай өзінің уытты жырлары арқылы сездіреді. Өз күнін өзі көріп, өзі әрекет етпесе, кедей-кепшіктің тіршілігі тіпті қиын. Заманақыр деген осы.
Байдың тілін жарлы алмас,
Ханның тілін қара алмас,
Өлінің тілін тірі алмас,
Өздері жөнін біле алмас.
Оңалар заман дер едім,
Жауға алдырдың әуелі бас.
Әуелден осы басы бірікпеген қазақ быт-шыт болып ыдырап, тоз-тозы шықты. Құр қайғыға беріліп, өлімге бас тігу – жігерсіздік. Ал жаумен қасқырша шайнасып, арпалыс өту – айбаттылық.
Үні кешеге шейін Шортанбайды діншіл, өткенді зарлана жырлай беретін керітартпа ақын деп миымызға сіңіріп келді. Ал енді бүгін мұраларына жіті көз жүгіртіп қарайтын болсақ, мүлде олай емес екен. Қайта елдің елдігін, бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрыпын, салт-дәстүрін сақтауға үндегенін көреміз. Тіпті озбырлықққа қарсы әрекет етуге шақырған жалынды жырлары күні бүгін де бойымызға намыс отын тұтатады.
Айдамай тұрып солдатқа,
Зар қылмай тұрып жалды атқа,
Жүйрік пен жорғаңды
Өзің бір мініп жебеле.
Жалаңаш болып жауға шап,
Ажалдан бұрын өле ме?
Ноқталы басқа бір өлім,
Өлмей де адам жүре ме?
Қатын-бала қамы үшін
Қарсы шап та, мылтық құш,
Құр жабырқап жүдеме.
Шортанбайдың отаршылдық саясаты, жер-жерден бекіністер салып, мұсылманды қоршап қысып тұрған кәпірлер зорлығын әшкере етуі ерлік па? Әрине, ерлік! Ол елдің қайғы-қасіретін өз өлеңдерінде тайға таңба басқандай айқын көрсетіп қоймай, осыдан шығатын жолды да іздеуге үндеді. Орыс отаршылдарына қарсы жыр жазғаны үшін талай ондаған жылдар бойы аты аталмай да келгені бар. Әйтпесе елді төңкеріске шақырған патриот ақын деп дәріптеген де болар ма едік. Қалай болғанда да, Шортнбай Қанайұлы халықтан шыққан, өз заманының көреген, төкпе ақыны.
Шортанбай осындай биікке қалай көтерілді. Оны қандай орта тәрбиеледі? Ақын болуға не себеп болды? Енді осы сұрақтар төңірегіне көз жүгіртіп көрейік.
Менің әкем Рахметолла көзі ашық, көкірегі ояу, зерделі адам еді. Өз уақытында бала оқытып, білім берген ұстаз. Ел ішіндегі игі жақсылрмен араласып, аңыз-әңгімелерді, шешендік сөздерді бір кісідей білетін. Көпшілік жиындарда білгендерін ортаға салып, хлық арасына кеңінен таратып отыратын.
Өткен ғасырда Ақсу-Аюлы өңірінде от тілді, орақ ауызды Шортанбай ақын елге танымаал Жанғұттты би төңірегінде болғанын да алғаш рет әкейден естіген едім. Шортанбай өле-өлгенше осы Жанғұтты би маңында болады..
Ақынның:
Тағы да сәлем айтайын,
Қалың жатқан Сарымға,
Немесе,
Тірідей қорықпай осындай,
Күнә іздедім шошынбай,
Кеудемді дерт қамады,
Қамалда кетіп барады.
Есен бол, Жәке, Жанғұттым,
Қияметтік досым-ай, –
дейтін жолдар бұл дүниеден өтер алдында қалың сарым елімен, қимас серігімен Жанғұтты бимен қоштасуы, өзінің ризашылық көңілін білдіруі еді.
Бұған толық негіз де бар. Өз заманының оқып, діні білім алған алдыңғы өкілдерінің бірі Шортанбай ишандық дәрежеге толық қол жеткізген. Құдайдың құлы болып, Алланың аманатын орындау үшін мұсылманша алған білімін ел арасында тарата бастайды. Алғашқыда Қарқаралыдағы Бесата жайлаған Жамантай төрені төңіректейді.
Негізінен қазіргі Қарағанды облысына қарасты Ақсу-Аюлыны мекендейтін Жанғұтты би маңынан тұрақты қоныс табады. Өз мақсатын іске асыру үшін шағын мешіт салдырады. Медіресе ашып, балаларды діни сауаттандырумен айналысады.
Кешегі қазақ халқын тәуелсіздікке жеткізген Абылай хан мен Қаздауысты Қазыбек бидің Қожа Ахмет Иассауи сағанасында жерленгенін білетін. Олар жайлы әңгіме, аңыздарды бұрындары да ел аузынан естіген болатын. Елім деп еңіреп өткен сол екі арыстың елі Шортанбайдың өмірге деген көзқарасын түпкілікті өзгертіп жібереді.
Ақан мен Біржанның, Мәди мен Ыбырайдың әуезді әндерін, Тәттімбет пен Қазанғаптың, Ықыластың күмбірлі күйлерінен домбыра мен қобызда күңіренте ойнаған жастар өнеріне Шортанбай ерекше елтиді. Жас ишанның көкірегі күйге толып, күмбір қағады. Кеудесінде ақындық от ұшқыны тұтана бастайды.
Күндіз мешіт пен медреселерде Құран қағидаларын үйретсе, қолы босаған уақыттта жүрегін жарып шыққан жалынды жырларын жазумен айналысады. Шортанбай өз шығармаларында сол заман тудырған әділетсіздікті, халық иығына түскен ауыртпалықты шындық тұрғысынан суреттеп, әділдік жолын іздестіреді.
Хандық жойылып, аға сұлтандар билікті қолға алғанмен, кедейлерге жеңілдік тумады. Сыртта орыс әкімдері қанаса, іште өз ұлықтары тонады. Отаршылдарға көмектесіп, екі жақтан қысып, жұртты зар илетті. Елдің билік берекетін кетірді. Ағайын-туыс, үлкен-кіші бірін-бірі сыйлаудан қалды. Имандылықты ұмыта бастады:
Ашты-тоқты болсаң да,
Иманың сақта ұятты.
Ардан кеткен ұятсыз,
Дінсізге қылар миятты.
Имандылық көрсету – құдайға құлшылық қылу, ар-ұяттан безбеу.
Имандылық – адамгершілік белгісі. Байлықтың алды – имандылық.
Уәліден кетті керемет,
Патшадан кетті ғаделет,
Ақырзаман таяды, – деп Шортанбай бабамның шошуы тегін емес екен. Патша отаршылдары қазақ жеріне әскери бекіністер салып, шұрайлы жерлерін тартып алып, халықты зар қақсатты. Ал коммунистік саясаткерлер күндердің күнінде Сарыарқаның төсіне одан да сорақыны жасады. Карлагтар мен Алжирлерді тұрғызып, елдің белгілі бір бөлігін жаппай түрмеге қамады… Қазақ халқы тілі мен дінінен айырылуға шақ қалды. Мектептер мен қазақ тілінде шығатын газеттердің көбі жабылып қалды. Тың көтеру қазақ жерін орыстандыру саясаты екенін біле тұра үндемедік. Бірақ Ақсу-Аюлыдағы Зейнолла Игілікұлы мен Кәмел Жүністегі бастаған Шортанбай ұрпақтары бұл саясатқа қарсы шықты. Бұл үшін оларды ешкім басынан сипаған жоқ. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылып, түрмеге қамалды. Бірақ кеш болса да әділет жеңіп шықты. Олар ақталды.
Ал Шортанбай бабасының жолын қуған Зейнолла Игілікұлы шебер домбырашы, ақын еді. Ақсу-Аюлыдағы музыка мектебінің негізін қалаған ұлағатты ұстаз болатын. Түрмеге қамалып, ұзақ жылдар тұтқында болу, одан оралған соң үнемі аңдуда жүріп, атпал азамат денсаулығына, сана-сезіміне кері әсерін тигізген жүрек ауруынан 51 жасында көз жұмды.
Кәмел Жүністегі – Ақсу-Аюлы өңірінің тарихын зерттеп, өшкенін өмірге қайта келтіріп, тірілтіп жүрген білікті қаламгер. Шортанбай ақынның бейітін тауып, басына белгі орнатқандардың бірі.
1993 жылы Шет ауданы Шортанбайдың 175 жылдығын республика көлемінде кеңінен атап өтті. Бұған мұрындық болған аудан әкімі Қасымбек Мәдиев Ақсу-Аюлы селосы орталығына ақын ескерткішін орнатып, бейітін қайта тұрғызды. Жұртшылықтың есінде қаларлықтай той дүбірлеп өткеніне – сол салтанатқа қатынасқан мен де куә.
Тар заманның тартсаң да қасіретін,
Ұрпағына өнеге өсиетің.
Жалпақ елге атыңды әйгіледі,
Кештеу ұғып сөзіңнің қасиетін, –
деп, кеш болса да, жыр сүлейін қалың жұртымен қауыштырды.
Мына қызықты қараңыз. Шортанбай Қанайұлын қазақтың бір өлкесі ишандық дәрежеге көтерілсе, екінші бір өлкесі төкпе ақын етіп шығарды. Бүгінде жыр сүлейі атанып, халық сүйіспеншілігіне бөленіп жатыр. Ұрпағы пір тұтатын дүлдүлге айналды.
Ұнамаса не нәрсе қоштай ма адам,
Кете алмаған дінге де соқпай бабам.
Бірде өзі құдайдың құлы болып,
Бірде ақын боп аузымен от шайнаған.
Сарыжайлау ақ сәлдедей жайылды да,
Қазағы малын еркін қайырды ма?
Ақыны атанды да Сарыарқаның,
Мәңгілік қалды Ақсу-Аюлыда.
Діншіл болған десек те Шортанбайды,
Бабамыздан үркіп жұрт қорқа алмайды.
Жанымен елін сүйген ақынына
Халқының махаббаты ортаймайды.