Насаб-Нама мазмұны
«Насабнама» – қожалар әулетінің шежіресі. Ол өз ішінде белгілі бір тарихи тұлғалардың төрт шадиярдың біріне апаратын ата-бабаларының және әулеттерінің шежіресі болып жіктеледі. Осыған орай, Орталық Азияда Ислам дінін таратуда белсенділік танытқан Әбу Бәкр, Омар, Оспан және Әли бин Әбу Тәліб сынды халифалардың ұрпақтарының шығу тегін өрбіткен насабнамалар бар. Сол насабнамалардың ішінде ең көптеп кездесетіні Әзірет Әліден тарайтын ұрпақтардың шежірелері болып саналады. Сондай-ақ Әзірет Әліден тарайтын кейбір әулеттің насбанамларында Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с) әуелі барша ғаламнан бұрын нұры жаралғаны, сол нұрдан барша ғаламды жаратқаны және «Нуру Мухаммади», яғни Мұхаммедтің нұрының (с.а.с) Адам атадан (ғ.с.) Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) әкесі Әбдімүтәлібтің ұлы Абдуллаға дейін кімнен кімге ауысып, өтіп келгені баяндалады.
Шығу тегін Әзіреті Әліден өрбіткен Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты бірден-бірге көшіріліп жеткен «Насабнаманың» ең көне нұсқаларының бірі 1244 жылы Қожа Ахмет Ясауидің ағасы Садыр шейхтың немересі Маулана Сафи әд-дин Орын Қойлақидың араб тілінен түркі тіліне аударылған нұсқасы делінеді. Көшіруші кәтібтер жеткізген «Насабнаманың» екінші нұсқасының авторы немесе құрастырушысы – Ясауияның көрнекті өкілі, ХІІІ-ХІVғғ. өмір сүрген Ысқақ Қожа ибн Исмаил Ата Қазғұрди. Ол өзінің “Хидиқат ал-арафин” атты шығармасының соңында Ахмет Ясауи бабаның және өзінің ата-бабаларының шығу тегі жөнінде баяндаған. Сондай-ақ «Насабанаманың» Ахмет Ясауи баба есімімен байланысты парсы тілінде жазылған нұсқалары да бар.
“Насабнама” нұсқаларының жалпы құрлымдық жүйесі мен тарихи мағлұматтар жиынтығын былайша топтастыруға болады: 1) Түркістан жеріне Ислам дінін таратушылардың бұған дейінгі қызметі; 2) Әулие Атаның (Сатұқ Бұғра Қара хан) Қарахан мемлекетін құрудағы күресі; Қарахан әулетінен шыққан хандардың Шыңғыс хан шапқыншылығына дейінгі билігі; 3) Ысқақ бабтың Сайрам, Сулхан, Қарғалы қалаларының халқын Ислам дініне кіргізуі, Қожа Ахмет Иасауи жайлы деректер; 4) Әбдіжәлил бабтың (Хорасан баб) Сырдың төмен ағысындағы дін жолындағы күресі; 5) Үш бабтан тараған әулеттер шежіресі; 6) Ысқақ Бабтың уақфтық жер, суларының тізбесі.
Жалпы «Насабнаманың» нұсқалары көп. Және көлемі де әр түрлі. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, бәрінің де мән-мазмұны бір. «Насабнаманы» бірнеше жылдардан бері зерттеп жүрген белгілі ғалым, профессор Әшірбек Момынов пен тарихшы ғалым Зікірия Жандарбектің ғылыми еңбектерінен де бұл анық көрінеді.
Ұлықбек Жүнісбаев, ғылыми қызметкер