Майлықожа ақынның қасқыр қақпаны табылды
Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898) – қазақтың халық ақыны (суырып салма ақын). Қазiргi Түркістан облысы Арыс ауданы Қожатоғай ауылында дүниеге келген. XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде өзіндік орны ерекше, артына мол мұра қалдырып, халықтың ықыласына бөленген ақын. Атақты Жамбыл ақынның өзі оның ақындығына, ғибраты мол өлең-термелеріне «Майлықожа, Сүйінбай, пірім еді сиынған» деп бағасын да беріп кеткен.
Майлықожа ақынның қасқыр қапаны бір төсек (шеңбер), қанды – ауыз, сыңар серпер тәрізді бөліктерден құралған. Уақыт табынан қақпанның темір не киіз тиегі сақталмаған. Қақпанды шеңбер мен қандыауыз, серперін жеке – жеке сом темірден соғып,сомдап жасап,содан соң қандыауыздың екі жақтауын қосып, серпердің шығыршық тәрізді екі басынан өткізіп, шеңбердің екі жағындағы құлақшаларға тойтарма шегемен шығыршықтап бекітіп құрастырған.
Қақпанның барлық бөліктерінің, әсіресе қандыауызы мен серперінің суын жақсы келтірген. Қақпанның өлшемі : қақпанның бір төсегінің (шеңбердің) диаметрі – 28 сантиметр; қақпанды құрағандағы қандыауыздың диаметрі – 27 сантиметр; қақпанның серперінің ұзындығы – 40, 5 сантиметр; серпердің тұтқа иінінің диаметрі – 6,5 сантиметр; серпердің екі басындағы шығыршық тәрізді тесіктерінің диаметрі – 3,5 сантиметр; қақпанның шеңбер темірінің жалпақтығы – 1,5 сантиметр; шеңбер темірінің қалыңдығы – 0,8 сантимет; қақпанның серпер темірінің жалпақтығы – 2 сантиметр; серпер темірінің қалыңдығы – 1 сантиметр; қақпанның қандыауыз темірінің қалыңдығы – 0,5 сантиметр.
Қаратау, Қазғұрт атырабы мен Сырдың орта ағысында аң – құстың бірталай түрі (1933 жылға дейін), қасқыр,қарсақ, шиебөрі, ақ бөке, арқар, т.б. кездеседі. Осыған орай бұл өлкеде тазы жүгіртіп құс салу,қақпан мен тұзақ құру,мылтық ату секілді аңшылықтың бірнеше саласы пайда болып, саятшылық, сауық – сайран,салтанаттар көп болған.
Әрине, саятшылықтан ақындар да құр қалмаған.ХІХ ғасырдағы Оңтүстік Қазақстанның арқалы ақындарының бірі Майлықожа Сұлтанқожаұлы Сырдың бойынан, өзінің туған ауылы – Қожатоғайдан рухани досы Құлыншақ ақынның ауылына сапаршылап Теріскей асқанда, қайтқанда жолай Арыстанды өзенінің бойында отыратын бала досы, атақты аңшы Жұматайдікіне соғып, түстеніп, маусымына қарай құс салып, тазы жүгіртіп, мылтық атып, қақпан құрған. Бір жолы Майлықожа ақын аңшы досын ауылына, Қожатоғайға қонаққа шақырып кетеді. Қолайы келгенде ол бірнеше жолдасымен Сырға, Майлықожаға меймандыққа барады. Аң құмарлығы болар , қайтарында ақын досынан қасқыр қақпанын қалап алған. Атадан қалған жеті қаруын қимастықпен берген Майлықожа ақын: «Кейін, ауылына барғанда бір қасқыр ішік кигізесің деп, – деп әзілмен міндет артқан.
Кейін 1898 жылы аяулы ақын дүниеден өткенде Жұмекең қатты қайғырып,қимас досының көзіндей болған қасқыр қақпанға жібек жіптен белгі тағып , өзі де дүниеден озарын білгенде, ол мүлікті қастерлеп сақтауды балаларына әкелік аманат еткен екен. Жұматайдың кенже баласы Керімбай ақсақалдан алынған. Қазіргі таңда Руханият – Әбу Нәсір әл – Фараби музейінде сақтаулы.
«Руханият-Әбу Нәср әл-Фараби музейі» МКҚК
Суретші-қалпына келтіруші Ш.Оралбеков
Майлықожаның жүйрік ат пен алғыр құсқа қумарлығы бар екені өз еңбектерінде айтылады Сыйқым Қасымбектен бір тұйғын алғаны. Сонда Қасымбек: «Қой енді, сұрағаныңды ал» дегенде, Майлықожаның айтқаны:
Өлеңнен өрнек болған біздің нұсқа,
Өкіметтен өрнек болған сіздің нұсқа.
Қаршығаңның жұлдызы ыстық екен,
Көрген соң қызып кеттім қызыл құсқа.
Әлеумет бұл сөзімде ерсі бар ма,
Асырып, сақтап айтқан терісі бар ма?
Қадірім көп Қасекеме деп жүруші ем,
Дос-дұспан байқап қалды-ау, ер сынарға.
Жігітің жамалады малмен досы,
Мал қисайса жоғалар жалған досы.
Айта алмасам армандай боп көрінді,
Қасеке, енді арызымның болғаны осы.
Сонда, Қасымбек сұраған құсын алып кеп беріп, қолына қондырғанда айтқаны:
Қасымбек, жүзің жарқын туған айдан,
Көзіңіз асыл екен құралайдан.
Сөзімді қабыл алып, құс бердіңіз,
Еске алғын, халық көргендей биялайдан.
Болдыңыз құсты бізге беретұғын,
Қоңыраттар қып-қызыл боп еретұғын.
Бір биялай беріңіз, жығауыл бау, тұғырымен
Таңырқап жақсы адамдар көретұғын.
Айтамын мәслихат қып сөзімізді,
Көргенде сүйінгендей көзімізді.
Ақын мендей, жақсы адам сендей болар,
Енді сайып ықтияр өзіңізде.
Жүйрік ат жайында
Самарханд, Жызақ жаққа барып көкпарғ шабатын бір жүйрікті алып келеді. Бес он күн көрпеге байлап бер деп Жартытөбедегі Омар деген туысқанына беріп кетеді. Ай айналып келсе аттың ыңыршығы айналып тұр екен, ақынды көрген соң атының айтқаны
Аты арықтап, мінуге жарамай қалғанда, «тынықсын» деп Майлықожа оны Сарыағаш маңындағы Жартытөбе деген жердегі ағайындарына тастап кетеді. Қайта айналып соқса, аты бұрынғыдан бетер боп кетіпті. Сонда ақын атының атынан былай деп арыз-шағым айтыпты:
– Тоғайдың қарауылы Омар еді,
О да мені мінуге құмар еді.
Күнімен көкпар шауып сабылдырып,
Түнімен тақым, көңілі тынар еді.
Мінбеген бұл тоғайда Әбіл қалды,
Мазам жоқ мен көкпарға шабылғалы.
Тұқымы бұл саяқтың құрып кетсін
Адырайтты міне-міне қабырғамды.
Амалсыз сатқан сол атты өзі де қимай, оны қайдан, қалай алғанын аты былай баяндатыпты:
– Айналайын, тақсыр-ай,
Самарқанға барып ең,
Тәліп боп мені алып ең.
Қолайы келген жерлерде,
Қайырып көкпар салып ем.
Жаман жерге тұс қылып,
Тақсыр-ау, сізге нағып ем?! Самархандағы туыстарына барғанда қызығып алған аты екен. Негізі Тызақтың алмауыты болуы керек.
Жалпы Майлықожаның жақсы ат мінгені бір бұл емес қой. Сыпатай батырдың асында 100-қойлық сұр жорғаны Сыпатайдың баласы өз қолымен мінгізген ғой.
Сейіт-Омар Саттарұлы