«Менің Әуезовім»
З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесінің түрік тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті
Кеше Ұлттық академиялық кітапханада ҰҒА академигі, Қазақстанның халық жазушысы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесінің түрік тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының тапсырысымен бауырлас елдің тіліне тәржімаланған кітап Мұхтар Әуезовтің-125 және Зейнолла Қабдоловтың 95 жылдық мерейтойына арналды.
– Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» атты еңбегі – қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің бейнесін, тұлғалық болмысын асқан дәлдікпен, шеберлікпен, шәкірттік ұлы махаббатпен ашқан шығарма. Түп тамыры ортақ бауырлас елдердің мәдениеттерін жақындастыру бұрыннан терең байланысқа негізделген. Бұл сөзімізге жүздеген, мыңдаған дәлел келтіруге болады. «Менің Әуезовім» кітабының түрік тіліне аударылып, жарық көруі осы сөзімді тағы бір мәрте айғақтап отыр. Зейнолла Қабдоловтың роман-эссесінің түрік тіліне аударылуы Мұхтар Әуезовтің болмысы мен тұлғасы, шығармашылығы жайлы құнды дүниенің насихатталу шекарасын кеңейтеді. Әуезов жайлы іргелі еңбектің тәржімалануы бауырлас түркі халқы үшін де үлкен олжа. Енді осы кітап арқылы түркі тілдес қауымдастық, соның ішінде жас буын Әуезов әлеміне еркін саяхаттап, тұщымды ой түйеріне сенімдімін, – деген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев кітапты аударуға атсалысқан шығармашылық-редакциялық ұжымға ерекше алғыс айтты.
Министрдің айтуынша, аталмыш ведомство жыл соңына дейін Мұхтар Әуезовтің бес томдық шығармалар жинағын шығарады. Бұл кітаптар заңғар жазушының бірнеше жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен екі мәрте жарық көрген 50 томдық академиялық жинағына қосымша ретінде, яғни тың дүниелер топтастырылған еңбек болмақ.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, жазушы, драматург Сұлтан Раев қазақ пен қырғыздың ежелден келе жатқан әдеби-мәдени, рухани байланысын еске алды. Мұхтар Әуезов Манастың тілін сақтап қалғанын айта келе, әйгілі жазушының тұлғалық болмысына тоқталды.
– Қазақ елінің көрнекті ұлы, жазушысы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» кітабы алғашқы рет түрік тілінде шықты. Әлбетте «Менің Әуезовім» деген сөз өзгеше мәнге ие. Себебі, Әуезовті сыйлаған әрбір адамның жүрегінде өзінің Әуезові сақталған. Сондықтан бұл кітаптың мәнісі өте терең. Осы сөздің, осы философияның, өзгеше көзқарастардың барлығы кітапта қамтылған. Мен айтар едім, Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» кітабындағы әрбір сөзі, әрбір үтір, нүктесі Мұхтар Әуезовтің жүрегінің соғып тұрғанындай әсер береді. Бұл кітап менің ойымша түрік дүниесінде өзгеше бір рухани еңбекке айналады. Себебі, Мұхтар Әуезов –бірінші кезекте қазақтың ұлы тұлғасы, ұлы жазушысы. Жалпы қырғыз бен түркі дүниесінде де орны ерекше. Кітапта Зейнолла Қабдолов Мұхтар Әуезовтің бүкіл адами болмысын, адами бейнесін, имандылығын, дүниеге көзқарасын қамтыған, – деді Сұлтан Раев.
ТҮРКСОЙ бас хатшысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы Қазақстан мен Орта Азиядағы ең үлкен шығарма екенін айтып, өте терең, масштабты, бүкіл тарихты қамтыған өзгеше еңбек болып есептелетінін атап өтті.
– Мұхтар Әуезов бір ғана Абай ақынның ұлылығын көрсеткен жоқ, Абай заманындағы қазақ тарихын, қазақ тағдырын, қазақ дүниетанымын, қазақ көзқарасын паш етті. Бұл эпопея – Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романынан кейінгі кеңес одағындағы өзгеше шығарма. Бұл роман-энциклопедия, философиялық энциклопедия деп айтсақ болады. Мұхтар Әуезов өзінің шығармаларымен, романдарымен Қазақ еліңдегі, Орта Азия елдеріндегі әдебиеттің өзгеше бір ой сорабын танытып, интеллектуалдық биік деңгейге көтерді. Бұл – ұлттық әдебиеттің ең жоғарғы, профессионалдық деңгейде жазылған шығармалары. Мұхтар Әуезов жазу мәдениетіміздегі, көркем ой жүгірту мәдениетіміздегі өзгеше бір рухани реформатор болды деп айтсам болады, – деді Сұлтан Раев.
Мұхтар Әуезов пен «Манас» эпосы қырғыз халқы үшін ерекше қастерлі екенін атап өткен қаламгер Әуезов болмаса, қырғыз елінің символы болған «Манас» та болмас еді деген ойды айтты.
– Ашық айтқым келеді, біздің өзіміздің оқымыстылар «Манас» эпосы феодалдық өмірдің сарқыншағы, советтік жүйенің идеологиясына сәйкес келмейді» деп қарсы шығып, эпосты жоққа шығарып жатқанда, Мұхтар Әуезов «Манасқа» көкірегін, жүрегін тосып, сақтап қалды. Сол үшін біз, қырғыз елі оған ерекше қарыздармыз. Бұл – бір. Екіншіден, Мұхтар Әуезов – Шыңғыс Айтматовты дүниелік аренаға алып шыққан заңғар ұстаз. Сондықтан Әуезов болмаса, Айтматов та биікке көтерілмес еді. Айтматов өзінің алғашқы «Жәмилә» повесін жазғанда оған біздің жазушылар қарсы шықты. Сонда Әуезов рухани қалқан болды. Бұл да ешқашан есімізден кетпейді. Себебі Мұхтар Әуезов – қазақ-қырғыз достығының, қазақ бен қырғыздың бір туғандығының өшпес символы. Сондықтан Әуезовті жоғары бағалаймыз, құрметтейміз, – деді Сұлтан Раев.
ТҮРКСОЙ бас хатшысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы Қазақстанда ғана емес, жалпы түркі дүниесінде өткізілетінін, ТҮРКСОЙ Түркияның көрнекті университеттерінде мерейтойына арналған шараларды ұйымдастырып жатқанын атап өтті. Анкарада жақында Әуезов көшесі ашылуы тиістігін, Анкара билігіне бұл туралы хат жіберілгенін жеткізді. Бішкекте Әуезовке үлкен көше берілгенін, заңғар жазушының барлық шығармалары дерлік қырғыз тіліне аударылып, сол елдің мектептерінде, жоғары оқу орындарында оқытылатынын айтты.
Тұсаукесерді академик Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды. Мәдениеттанушы ғалым, тектінің тұяғы Мұрат Әуезов, халықаралық Түркия академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, филология ғылымының докторы Амантай Шәріп, жазушы, драматург, Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары Ермек Аманшаев, М.Әуезов музей-үйінің директоры Дияр Қонаев, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының актері, бірнеше телехикаяда Мұхтар Әуезов бейнесін сомдаған Боранбай Молдабаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Светлана Ананьева, Зейнолла Қабдоловтың немерелері Абай және Абылай сөз сөйледі. Жиынды әдебиеттанушы ғалым, академик Бауыржан Омарұлы қорытындылап, бірқатар азаматтарға «Мұхтар Әуезовке-125 жыл» мерейтойлық медалі тапсырылды.
«Менің Әуезовім» еңбегін түрік тіліне «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Стамбул университетінде түрік тілі мен әдебиеті бағдарламасы бойынша тәжірибеден өтіп жатқан Әсем Ережеқызы тәржімалады. Кітапты белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, Зейнолла Қабдоловтың шәкірттері Бауыржан Омарұлы мен Амантай Шәріп құрастырды. Жоба жетекшісі – Бақытжан Омар, әдеби редакторы – Фазыл Бейсенбаев, ғылыми редакторы – Сәуле Ержанова.
Аманғали Қалжанов
Астана ақшамы газетінен
https://www.astana-akshamy.kz/qabdolovtyng-auezovi-turik-tilinde/