Ғалымның хаты

Баб Араб кесенесі мен мешітінде жүргізілген археологиялық зерттеу

Қайрат Мұсабаев,тарихшы, өлкетанушы

Резюме

В статье рассматриваются результаты археологических исследовании, проводимых в 2009-2011 гг. на местах мечет  и мавзолея Баба Араба.

Rezume

In the article considered results of archaeological researches, that spent in 2009 – 2011 on the places of mosques and mosque of Bab Arab.

Түркістан қаласы діни-рухани орталық болғаны ортағасырлық Қазақстан тарихынан белгілі. Ықылым заманнан бері жартылай көшпелі, жартылай отырықшылық мәдениет ұстанған, Сырдың орта ағысын мекендеген халықтың дінге деген көзқарасы түзу болған. ХІV ғ. Әмір Темір бұйрығымен бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңызы Түркістан және оның айнала шетіндегі қала, қоныстарға ислам мәдениетінің берік орнығуына септігін тигізді. Қалаларда сол заманда-ақ көптеген мешіттер салына бастады. Әйтсе де, олардың  біразы бертін келе бұзылып жермен жексен болып кетті.

Тарихи деректерге сүйенсек, ортағасырлық Түркістан қаласында 1864 ж. 20 мешіт болған [1]. Ал, 1908 ж. 41 мешітке көбейсе, жалпы өңірде 22- мектеп-медреселер жұмыс істеп тұрған [2]. Қоқан хандығы билігі (1819 – 1864 жж.) тұсында Түркістанда жаңадан құрылыс салу жағынан өзгерістер болды. Қаланы қоршаған қорған, қақпалар қайта тұрғызылды. Қаланың әрбір шағын, магистралды көшелерінде махәлләлық мешіттер бой көтеріп ислам дінінің артуына одан да жақсы ықпалын тигізді. Бұл ретте, Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағат деректеріндегі тізімге сүйенсек 1920 ж. Түркістан өңірінде 62 мешіт болған [3]. Бұлардың көбісі дерлік бертін келе 1930 ж. Кеңес өкіметінің солшыл саясатының әсерінен бұзылып қиратылды. Бұған сталиндік қуғын – сүргін жылдары молдалардың қамауға алынып, жер аударылып, босып кеткені де өз әсерін тигізбей қоймады. Жәудір мешіт- медресесі, Хан мешіті, Сейітмұрат мешіт-медреселері де осылайша жойылды. Міне, сондай аты аңызға айналған осы мақалаға тақырып болып отырған Баб Араб әулиенің кесенесі мен мешіті де сол кезде бұзылған болатын.

Ш. Әшімұлының «Әзиз Әулиелер» атты еңбегінде – «Баб Араб» мешіті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 300 м – дей жерде орналасқанын айтады. Домалақ ана әулиенің бабасы Махтым Ағзам Қожа осы Баб Араб мешітінің имамы болады. Бұл кісінің баласының, яғни, Домалақ ананың әкесінің есімі Әлисман, шежіре кітаптарда осылай делінген. Кейбір деректерде Сайрамдағы Мір Араб мешіті де Баб Араб салдырған мешіт, бұл екі кісі бір адам деп көрсетеді» [4].

Ал, Қызылорда қаласы Қазбек би көшесі №43 үйдің 6 пәтерінде тұратын Жолдыбаев Өтеген Ысқақұлы өзін Баб Арабтың ұрпағы екенін, ондағы Баб Араб есімі лақап ат екенін, оның шын есімі Сабыр Мәлік болғанын айтады [5]. О.Дастанов өзінің «Әулиелі жерлер туралы шындық» деген еңбегінде Баб Араб аңызын айта келіп әулиенің жатқан жері жайлы хабар береді.

Ш. Әшімұлы, О.Дастановтардың аңыз әңгімелері мен жергілікті халықтың ауызша берген дерегіне сүйеніп Қ.А.Ясауи кесенесінен батысқа қарай 300 м жердегі Ескі Түркістан қаласының Жеті ата деп аталатын қақпасының оңтүстік мұнарасының артында орналасқан Баб Араб кесенесі мен мешіті орынына 2009 – 2011 жж. аралығында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіздік (1-сурет).

«Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес жүргізілген 2009 ж. жұмыс барысында оңтүстік мұнараның арт жағына (СШ – беті) орналасқан кесене едені аршылды, тұрғындар Баба Ғаріп (Баб Араб) деп атайтын бұл кесененіңортасында  қыштан  қаланып  сыбалған  көлемі  325  х  170  см,  биіктігі  1м

болатын құлпытас орнатылған (2-сурет). Бөлменің ішкі жағынан өлшемі 4,5 х 4,6 м, күйген қыштан төселген едені бар. Қабырғалардың іргесін «патша кірпіші» деп аталатын өлшемі 25,5 х 13 х 6,2 см кірпішпен бекітіп, ортасына көлемдері 23 х 24,5 х 5 см және 24,5 х 24,5 х 5 см кірпішпен еден төсеген. Кесененің сыртқы өлшемдері 5,75 х 5,5 м есігі ОШ беттен шығарылған [6].

2011 ж. археологиялық қазба жұмыстары қайта жалғасын тауып, 2009 ж. зерттелген Баб Араб кесенесінің солтүстік-шығыс бетінде орналасқан, тарихта Баб Араб мешіті аталған төбешікке қазба жүргіздік. Реперлік нүктеден 2 м тереңдіктен өлшемі 6 х 6 м мешіт бөлмесінің орны анықталды. Бөлме еденіне өлшемі 28 х 28 х 5 см жалпақ қыш төсеген. Еден қышы 4,6 х 3 м шамасында сақталған. Еден үш рет жөндеуден өткен. Әуелгі едені реперлік деңгейден 2,25 м, екіншісі 2,15 м, соңғысы 2,1 м төмендікте орналасқан. Өлшемі 1 х 1 м етіп патша қышымен қаланған мешітке енетін қақпаның шығыс пилоны мен қабырғасы да табылды. ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында мешіттің кіре беріс қақпа пилоны қабырғалары және едендері қайта жөндеуден өткен. Мұны А.И. Добромысловтың «Города Сыр – Дарьинской области» атты еңбегіндегі дерек қуаттай түспек. Онда: Соңғы рет мешітті 1908 ж. Шейх әл-ислам атағынан үміткер Атахан қожа Асқар Қожынов қайта салғызғаны айтылған [7]. Осы кезден бастап мешіт Атахан қожа мешіті деп атала бастаған, мұны 1920 ж. Түркістан өңіріндегі аталып өткен мешіттердің тізіміндегі картаға жазылған мазарат ішіндегі Атахан қожа мешіті деген атау да растайды.

Кейінірек (ХХ ғ. басы) мешіт 1930 ж. бұзылып ішіне адам жерленіп, құрылыс кешенді кесенеге айналған. Мұны  археологиялық  зерттеу барысында анықтадық. 2009 – 2011 жж. қазба барысында байқағанымыздай оңтүстік мұнара құрылысы түгелдей кешенді кесенеге айналып кеткен. Мұның себебі, ХІІ – ХVІІІ ғғ. бұл маңда Жеті ата деген қала сыртындағы мазарат болған. Оның Жеті ата аталу себебі бұл жерде Ахмет Ясауидің (өз өтініштері бойынша) бір молаға жерленген жеті мүридінің кесенесі орналасқан. Бір кездері бұл жерде қалың тұт бағы мен орасан үлкен мазарат болғандығын, ол мазаратқа өтетін Бабырат ата көпірі болғанын Наушарбай ақсақал айтып кеткен болатын. Бұл мазарат кейін қақпаның да «Жеті ата қақпасы» деп аталуына және аталған қақпаға алып баратын Бас көшенің де Жеті ата көшесі деп аталуына негіз болған [8]. Қақпаның оңтүстік мұнарасының ішіне және сыртына бірнеше мәйіттің жерленуіне қарағанда (бір кездері сүйектерді Ясауи кесенесі маңына жақын жерлеуге тырысқандай, сүйектерді Баб Араб және осы қақпа мұнарасының түбінде жатқан Үндемес ата әулиелердің маңына жақын қою да ғұрып болған секілді.

Ғаламтор сайтынан (www.old-album.ru) іздестіру барысында бұрын еш жерде кездеспеген Жеті ата қақпа орынының толық көрінісі түсірілген фотосурет табылды. Сол сайттан Ахмет Ясауи кесенесінің 1910 ж. фотосуреті де табылды, екі фотоны да бір адамның түсіргені байқалады, осы дәйек негізінде Баб Араб кесенесі мен мешітінің көрінісі де ХХ ғ. Басында (1910  ж.)  түсірілген  деуге  болады.  Фотода  Бабырат  ата  көпірінің  күйген қыштан қаланған жағалық көпір құрылысы (3-сурет-1), көпір бөренелері (3- сурет-2), Жеті ата қақпасының оңтүстік мұнарасы (3-сурет-3), Үндемес ата (3-сурет-4), Баб Араб кесенелері (3-сурет-5) мен Баб Араб мешітінің күмбезі (3-сурет-6), қорған қабырғалары (3-сурет-7) анық көрінеді. Фотодан Баб Арабтың кесенесіне жабыстырып ту қадап қойғанын көреміз, сонымен бірге, оның шығыс бетінде орналасқан Баб Араб мешітінің күмбезінің күйген қыштан тұрғызылғанын да байқауға болады (3-сурет), [9].

Ал, кезекті рет 2014 ж. ғаламтор сайтынан (www.pastvu.com) Үндемес ата және Баб Араб кесенелерінің шамамен 1870 ж. түсірілген фотосуретін анықтадық (4-сурет). Мұндағы суретте кесенелердің күмбездері толық сақталғанын байқаймыз. 1910 ж. фотосуреттегі сияқты Баб Араб кесенесінің артында ту қадап қойғанын көреміз. Бұған қарап фотосуретті Ескі Түркістан қаласының оңтүстік-шығыс қорған қабырғасы тұсынан түсіргенін анықтадық. Жоғарыда қазба жұмыстары нәтижесінде айтылып өткендей кесене есіктері оңтүстік-шығыстан шығарылғаны белгілі болды.

Фотосуреттегі қос адамды фотограф екі кесене бұрышына қойып масштаб ретінде түсіргені көрініп тұр. Бұл бойынша Баб Араб кесенесінің енін есептегенімізде 6х6 м , ал, қабырғаларының биіктігі 3,5 м, күмбездің сыртқы диаметрі 4,9 м екені анықталды.

Қазіргі таңда, Баб Араб кесенесі мен мешітінің онда орналасқан Үндемес ата кесенелерінің эскиздік жобасы жасалынуда, болашақта Ескі Түркістан қаласының тағы басқа ескерткіштерін қайта қалпына келтіріп, Түркістанды туризм қаласына айналдыруымыз қажет деп есептейміз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Тұяқбаев М., Мұсабаев Қ., Өсеров Т. Археология және тарихи

ескерткіштерді қорғау бөлімінің 2013 ж. Жәудір мешіт-медресесі орынында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының Есебі.

  1. Свод памятников  истории  и  культуры  Казахстана.  Южно  – Казахстанская область. Алматы, -С.267.
  2. Оңтүстік Қазақстан  мұрағаты.  «1920  ж.  Түркістан  өңіріндегі мешіттер тізімі». Шымкент
  3. Әшімұлы Ш. «Әзиз Әулиелер». Шымкент, 50 б.
  4. Тұяқбаевтың жеке қоры.
  5. Смағұлов Е., Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбаева Ұ., Мұсабаев Қ., Мүташев Е. Ескі Түркістан қаласының Жеті ата қақпасының тарихи орынында 2009 ж. жүргізілген археологиялық зерттеу жұмысының Есебі. Түркістан, «Әзірет Сұлтан» қорығы мұрағаты.
  6. Добромыслов А.И. «Города Сыр – Дарьинской области». Чимкент, Ташкент – [Ксерокопия].-С. 34.
  7. Снесарев Г.П., Басилов В.Н. «Домусульманские верования и

обряды в Средней Азии». Москва, 1975.- С.164.

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button