Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде орнаған Кеңес үкіметінің социалистік, экономикалық қағидасы «адам баласының бәрі байлығына, біліміне, тегіне және лауазымына қарамай тең құқылы және тұрмыс деңгейі де шамалас болуы тиіс» ұстанымында болды. Ал патшалық Ресейдің саясаты бұған түбегейлі қарама-қарсы еді. Ел арасындағы азшылық – байлар мен лауазым иелері жоғарғы топқа жатса, көпшілік – кедейлер жұмыс күші ретінде ғана саналып, олардың ешқандай құқығы болмады. Бай мен кедейдің арасындағы құқық пен мүлік айырмашылығы уақыт озған сайын ұлғайып, көпшіліктің наразылығы өршуі белең алып, ақырында патшалық құрылымды күшпен құлатты.
Кеңес үкіметі құрылған алғашқы жылдары бай мен кедей қатар өмір сүріп, бай өзінің үстемдігін сақтап, кедей жұмыс күші ретінде қалды. Кеңес үкіметінің бұл негізгі мақсаты «адам құқығының теңдігіне» қайшы келді. Үстем таптың үстемдігін жойып, кедейлердің құлдық сана-сезімін басқарушы сезімі деңгейіне көтерудің жолы, қоғам мүшелерінің мүлікке иелігін теңестіріу қажеттігі туындады. Бұның шешімі, байлардың малын тәркілеп (конфискелеу), қоғам мүшелеріне таратуға және кедейлерді басшы орындарға қызметке қоюға әкелді. Яғни, үстем таптың мүлкімен қоса үстемдігінен де айырылуы, байлар мен кедейлерді мерейлеспейтін екі топқа бөлді.
Халық даналығы «Сараң ерге мал тұрар, қатты жерге қақ тұрар» демекші, қарапайым халықтың көпшілігі, қолына тиген байлықтың қадіріне жетпей, оңды-солды жұмсауының салдарынан мал басын кемітіп, нәтижесінде, күн көрісінің негізі малға қараған қазақ халқын ашаршылыққа ұшыратты. Жіберген қателікті түземекші болған үкімет қалған малды жұмсауға тыйым салып, ұжымшарларға топтастырып, кейін мемлекет қарамағына алып, кеңестік шаруашылықтар құрды. Бұл шешім халықтың әл-ауқатын жақсартуда азды-көпті жетістіктерге жеткізді.
Кеңестің идеологиясымен сусындаған ұрпақ патшалық дәуірде өмір сүрмесе де, оның қызығы мен шыжығын басынан өткізгендермен тығыз араласты. Солардың айтқандары мен жазғандарынан кейінгі буын өздері көрмеген заманның жетістіктері мен кемшіліктерін өз бастарынан өткізгендей дәрежеде білді. Бірінен бірі өзгеше екі заманда кездескен қиыншылықтарды біржақты талдап, кінәліні басқа ұлттан, сол кездегі басшылардан іздей бермей, сол жылдары өмір сүрген қандастарымыздың амалдарын сараптап, дұрыс деген пайымымды қағазға түсірдім.
Кеңес өкіметін 30 жыл басқарған И.В.Сталиннің өмірден озғанына 67 жыл өтсе де, замандастарымыздың ол туралы айтқан жағымды да, жағымсыз да топшылаулары жетерлік. Олардың арасында дүние жүзіне аты шыққан мемлекеттердің басшыларының лебіздері де бар. Кейінгі кезде, халықтың өмір сүру деңгейінің өзгеруі себеп болды ма, Сталинге деген халықтың көзқарасы қайта жанданып, өте көп байлаулар айтылуда. Соның ішінде, «30 жыл ішінде Сталин мемлекет пен халық үшін қандай жақсылық істер атқарды?» деген сұраққа, оның атқарған ауқымды істері атап-атап айтылуда. Одан кейін, В.В. Путинге дейінгі 50 жылда үкімет басқарған 7 басшының атқарған істері жөнінде пікір айтушылар ауыз толтырып айтар жағымды ештеңе айтпайды. Қайта мемлекетті ыдыратуға әкелгендігі айтылады. Әрине, бұл көзқарас Кеңес үкіметінен егемендік алған мемлекеттердің негізгі ұлттарының пайымдауынша өзгеше. Сталин жөнінде теріс айтылатын пікірдің негізгісі – «қаталдығымен халықты айдап-қамап, атып, қырғынға ұшыратты» мағынасындағы айыптар.
Менің түсінуімше, басшы маңызды шешім қабылдарда дүние жүзіндегі және мемлекеттің өз ішіндегі социалистік, экономикалық ахуалдың қалыптасуына және жалпы халық біле бермейтін жағдайлардан да хабардар басшы мен қосшылары кеңесіп, солардың тиімді деген ортақ шешімі қабылданады. Әрине, шешімнің бәрі халықтың, тіпті сол шешімді қабылдауға қатысқандардың бәріне бірдей ұнамауы да мүмкін. Себебі, шешім қабылданған сәттегі халықаралық және мемлекет ішіндегі жағдайдан көпшілік хабардар болмаған соң, шешімнің көздеген негізгі мақсатын білмегендіктен болады. Сонымен қатар, шешім қабылдаушылардың арасында негізгі мақсаты – қастық қылу, бірақ, алғашқыда дұрыс деген иллюзия тудырғанымен, соңы өкінішке әкелетін ұсыныс айтатындар да болып, сол сәтте ұсыныстың түпкі мақсатын түсінбегендіктен, оның да қабылдануы мүмкін болады.
Адамның ақыл-парасаты шектеулі жаратылғандықтан, оған қателесу де тән қасиет. Осыларды салмақтай келіп, тек басшыны ғана «қазақ халқының бетке шығарларын, жалған жаламен саналы түрде түрмеге жауып, атып-асып қырды» деген түсінік қалыптастыру артық кінәлау ма деймін. Осыған дәлел ретінде мына бір түкке тұрғысыз жағдайды мысалға келтірген дұрыс па деп ойлаймын.
Уақыт күз айы, ауа райы жылдағыдан жылылау болғанмен қаладағы ғимараттарға жылу берілген кез. Жамағат жиналған соң, мешіттің іші ысып, жеңіл киімділердің өздері де терлеп-тепшіп мазасызданып, имамдарға «жылыту жүйесінің кранын жауып, салқындатпайсыңдар ма?! Далаға терлеп шығамыз, суық ұстайтын болды» деген реніштер айтылды. Анығында, мешіттің жылу жүйесіне ауа райына байланысты жылуды реттейтін қондырғы орнатып, соны 10 күн сынақтан өткізуге байланысты жылуды азайтуға да, көбейтуге де болмайды екен. Яғни, бұны білмеген жамағат имамдарды жазықсыз кінәлады.
Кеңес үкіметі секілді алып мемлекетте оның азаматтарына жариялайтын да, жарияламайтын да, негізгі мақсаты көпшілікке түсініксіз құпия шешімдер қаншама болды. Жақында интернетте шешен халқын жер аудару шешен халқына қастандықтан емес, олардың арасында фашистік Германияға ниеттестердің барлығы себеп болды деп жазылды. Сол сияқты Сталинді «халықты қырған» деп айыптаған Н.С. Хрушев Украина республикасын басқарған жылдары Кремльге жолдаған «халық жауларын ату жөніндегі ұсынысында» өте көп халық жауының аттары аталғандықтан, Сталин «Угомонись, дурак» деп бұрыштама қойғаны туралы да жазылып жүр. Сталин жөнінде естелік жазғандардың бірі «Сталин қандай шешім қабылдамасын, алдымен оның халыққа қандай пайда әкелетіндігін ойлайтын» деп те жазып жүр.
Менің берік қалыптасқан сенімім – халық жоқ жерде мемлекет жоқ. Мемлекет жоқ жерде басшы да жоқ. Мемлекет құраушылар неғұрлым көп болса, соғұрлым мемлекет әлді, басшысы беделді. Яғни, өзіне бағынышты халықты саналы түрде қыру өзі отырған бұтақты кесумен парапар. Сондықтан «Сталин мемлекеттің құрылымына қарсы дұшпандармен қоса өзі жақтырмаған халықтың жазықсыздарын саналы түрде қырды» дегенге сеніңкіремеймін. Анығын Алла біледі.
Өткен жылы халқымыздың ардақтысы, ұлт жанашыры Ә. Бөкейханұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты «Central Asia Monitor» газетінің 1916 жылғы 7-нөмірінде жарияланған, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» Мәдениет және рухани даму институтының (ҒЗИ) директоры Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлының «Алиханның өсиеті» мақаласында: «1937 жылы «халық жауы» статьясымен: бір тәжік, жеті өзбек, қырық қырғыз атылса, Қазақстаннан 25 000 (!) адам атылғандығы жазылған. Осы мақалада коммунизм идеясына уланған Т. Рысқұлұлы, С. Меңдешұлы, С. Сейфуллин сияқты халқымыздың біртуар көшбасшыларының жасырын қызметтік жазбаларында «Алаш Орданың» басшысы Ә. Бөкейханұлының жергілікті халыққа ықпалы, Кремль мен республиканың партия, өкімет органдарының ықпалынан анағұрлы жоғары» деп хабарлаған. Т.Рысқұлұлының 1924 жылғы 18 және 24 апрельдегі жасырын қызметтік хабарламасынан кейін Ташкентте бұрынғы алаштықтар шығаратын «Ақ жол» газеті Сталиннің үкімімен жабылған. Алаштың басшысының бірі А. Байтұрсынұлы, С. Меңдешұлының ЦК ВКБ(б)-ға жазған арызынан кейін партиялық-өкіметтік «Еңбекші Қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті 1925 жылы өзінің мақалаларын басуды тоқтатқандығын зығырданы қайнап жазған. Осы келтірілген дәйектерді бауырларымыз саралап, келешекте дұрыс бағыт алғаны дұрыс сияқты.
Ықылым заманнан бергі қалыптасқан салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, тақуаларымыздың елге өнеге болатын іс-әрекеттері, жақсылыққа, адами қасиеттерге шақыратын мақал-мәтелдеріміз, бірлікті пен татулықты уағыздаған аңыз әңгімелеріміз уақытында тасқа басылып, қағазға түспегенімен ауыздан-ауызға өтіп, бізге жетті. Осы құндылықтарда, кейбір әсірелеуінен басқасында болған оқиға негізінде, яғни шындық жатқандығынан осы күнге дейін құндылығы жоғалмаған. Осы заманда жазу-сызу өркендегенімен, болған уақиға қаз-қалпында ақпарат құралдарында айтылып-жазылғанымен, оның айтылып-жазылған дереккөздеріне сілтеме жасауға кейде мүмкіндік бола бермейді. Ол мерзімді баспаларда, не интернет деректерінде, болмаса теледидарда айтылуы әбден мүмкін. Бұндай жағдайда оны іздеп табу мүмкіндігі жоққа жақын. Болған оқиғаның негізінің анықтығына шүбә туғызбайтын жағдайларды да анықтайтын қосымша деректерді ел аузынан естіген түрінде пайдаланып, оны растайтын дереккөзіне сілтеме жасамай-ақ пайдаланатын жағдайлар да болады. Себебі, ол толықтырушы сөйлем болғандықтан, негізгі деректің мағынасын өзгерте алмайды.
Қазақтың атақты әншісі Әміре Қашаубаевтың Париж сахнасында домбырамен асқақтата салған әні, музыкаға талғамы ерекше жоғары париждықтардың оған дүркірете қол соққаны, оның дауысын микрофонға жазып, кейін солардан көшірмесін алғанымыз – күмәнсіз шындық. Сол жылдары Парижде қазақтың біртуар перзенті, Кеңестік құрылымға қарсы болған Мұстафа Шоқайдың да тұрғаны, Әміренің М. Шоқаймен кездесуі де шындық. Осы шындықтармен қатар, «Ә. Бөкейханұлы Әміре арқылы М.Шоқайға жасырын хат жолдап, оны Әміре М. Шоқайға тапсырды» дегендер де айтылады. Әміре Парижден оралғанынан кейін тәртіп сақшылары: «Кеңес үкіметінің жауымен байланыстың» деген айыппен, оны о дүниелік болғанша қинады» деген де айтылады. Анықтығын Алла біледі дей тұра, Қазақ халқының жанашырлары, белгілі тұлғалар: Ә.Бөкейханұлы мен М. Шоқайдың арасындағы жасырын хат халыққа пайда әкелуі өте күмәнді. Керісінше, үкіметке зияны болуының мүмкіндігі молырақ. Тіпті, сол хат қандай бір жетістікке қол жеткізуге себепші болса да, Алланың берген нығыметі, ерен даусымен халықтың құрметіне бөленген, саясатқа ешқандай қатысы жоқ, ешбір партияға мүше болмаған Әміре сияқты пәк пендені болашағы бұлыңғыр саясатқа араластырып, оның өмірін дозаққа айналдыруға болмайды ғой деп топшылаймын.
Смағұл Садуақасұлының саяси ұстанымы мадақтауға лайық. Ол коммунистік партияға мүше, мемлекеттік басқару орындарда басшы қызметтер атқара жүріп, олардың кейбір басшыларының саяси ұстанымындағы қазақ халқына, оның тіліне, діліне, салт-дәстүріне келтіретін зиянын нақ басып, оны болдырмау жолдарын нақтылап көрсетіп, жиындарда қасқайып сөйлеуі нағыз көрегендік пен батырлық па деймін. Себебі, парасатты адамның билік басындағы адам мен оның отырған орынтағы үшін емес, тақта отырып, біліп-білмей істеген амалдарында жіберген қате, жаңсақтықтарын және оны түзету жолдарын көрсеткен баяндамалары мақтауға да, мақтануға лайық іс деймін.
Мен баспассөз беттерінен Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлының Ә. Бөкейханұлының жүз елу жылдық мерейтойына орай жазған мақалаларынан «неге 1937 жылы Жапонияның тыңшысы ретінде 25 мың қазақ атылды?» деген сұраққа жауап тапқандай болдым. Ол жылдары Кеңес пен Жапон үкіметтері ұжымдастыру науқанын әртүрлі жолдармен жүргізген екен. Зиялыларымыз Қазақстан үшін ұжымдастырудың жапондық үлгісін тиімді санап, халық арасында соны уағыздап, Кеңестік нұсқаға қарсы болған. Іске асырылуы тиіс жобаларды сараптамай, олардың қайсысы тиімді екенін анықтау мүмкін емес. Кеңестің басшылары да, ұлт зиялылары да екі үлгіні салыстырып, талдап, қайсысында қандай артықшылық-кемшіліктер барын анықтамай, өздері тиімді дегенін аяғына дейін ұстанған. Үкімет қабылдаған үлгіні тездетіп жүзеге асырудың бірден-бір жолы ретінде, Кеңестік жобаға қарсы шыққандар мен ниеттестерін жауапқа тартқан. Кеңестік үлгіге қарсылар да, іс жүзінде жапондық үлгінің артықшылығына тиянақты дәлел ұсынбай, қарсылығын тоқтатпаған. Міне, істің ақ-қарасын аяғына дейін талдамай, «менікі дұрыс» деген бірбеткейлік халықты қырғынға ұшыратуға әкелген.
Қателеспейтін Жалғыз Алла ғана, ал пендеге қателесу тән қасиет. Бұны, даналарымыз «Жеті өлшеп, бір кес» деген ұлағат арқылы ұрпағына талай ғасыр бұрын ескертсе де, оны қаперіне алатындар аз. Міне, осы қырғыннан кейін 50 жыл өткенде Кеңес үкіметі құлап, «жекешелендіру халықты ұшпаққа жеткізеді» ұранымен мемлекет иелігіндегі мал-мүлікті таратқанда көпшілік мүлік тек билік басындағалардың қолына тиіп, қарапайым халыққа «бақай-сирағы» ғана тиді.
Халықтың қолын ұшпаққа байлық жеткізеді деген түсінік ақталмай, таратылған мүлік өсудің орнына кеміді. Халық даналығы «Байдың малы тәтті, кедейдің жаны тәтті» демекші, мүлікке ие болғандардың көпшілігі шығынды азайтып, байлықты көбейтудің орнына, оны орынсыз шашып, азайтты.
Техникалық прогресс дамып, негізгі жұмыс техниканың көмегімен іске асатын бүгінгі күні шағын шаруашылықтардың қажетті көлемде әлді техникалар алып, оны тиімді пайдалануға шамалары жетпейді. Бұл бұрын тиімсіз деп таратылған ұжымдық шаруашылықтарды қайта қалпына келтіруге әкелді. Бірақ бұл жолы да Кеңестік үлгіден артық саналған Жапон үлгісін игеруге көңіл бөлінбеді. Тек қана өндірген өнімдерін бірігіп өткізеді деген шаруашылықтар құрылды. Еңбек өнімділігін арттырып, өнім өндіруді өсіріп, оның сапасын жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі шара іс жүзінде емес, сөз жүзінде ғана іске асып, діттеген межеден шықпай, көзбояушылыққа әкелді.
Мұндайда Ресейдің бұрынғы Премьер-Министрі Черномырдиннің «Жақсылық жасамақшы едік, бірақ әдеттегідей болды» (Хотели как лучше, а получилось как всегда) деген, яғни, ойлағандай болмады деген сөзі ойға түседі.
Бұл жерде жетіспей тұрған шарт – басшының да, қосшының да, барша халықтың да жауапкершілігі мен ынтасы. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Барлығың бақташысың және барлығың өз құзырыңдағылардан сұраласыңдар. Әкім-қаралар да бақташы, ол да өз қол астындағыларға жауап береді, ер кісі өз әулетінің бақташысы, ол да өз қарамағындағыларға жауапты, әйел кісі де күйеуінің үйінің, оның балаларының бақташысы, ол да олардан сұралады, құл да иесінің мал-мүлкіне бақташы, ол да одан сұралады. Біліп қойыңдар, шынында да, барлығың бақташысың және барлығың өз баққандарыңа жауаптысыңдар» (әл-Бұхари, 2416; Муслим, 1829) хадисін санамызға сіңіру өте қажет. Жауапкершілік бар жерде, немқұрайдылық жоқ.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесі екі бағытта жүргізілуде: бірі діндерді, екіншісі зайырлы білім жүйесін уағыздайды. Дін Аллаға иман келтіруді: Алла Тағалаға, оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, жақсылық пен жаманшылықтың тағдырын Алла Тағала белгілейтініне сенуді уағыздап, иманды қабылдаған мұсылмандарды бес уақыт намаз оқуға, рамазан айында ораза ұстауға, нисаптан (зекет төленбейтін мүліктің мөлшері) артық байлығынан зекет беруге, шамасы келсе қажылық парызын өтеуге немесе жәннатқа жетелейтін сауапты амалдарды орындауға міндеттейді. Иманның негізгі шарттарын орындаған құлдарын Алла Тағала періште дәрежесіне дейін көтереді. «Бақара» с.30-а.: «Әрине мен жерде бір Халифа (орынбасар) жаратамын!»; «Сәжде» с. 9-а.: «Содан соң оны толық бейнеге келтірді, оған өзінің рухынан үрледі (жан кіргізді)».
Жансыз дене бейнеленген сазда нәпсі болмаса да, Алла тәнге рухынан үрлегеннен кейін тәнде нәпсі пайда болды. Рух (жан-діл) нәпсілі тәнмен бір денеде орналасты да, адам аталды. Алла адамға осы дүниені сынақ үшін жаратып, тәрбиелеп пайдалан деп нәпсі және жол сілтеуші ақыл берді. Тәрбиесіз нәпсі бұзық, ерке бала іспеттес, әрқашан бұзықтыққа бой ұрады. Нәпсі адам тәнінің өмір сүруіне қажет жаратылыс, яғни ішіп-жеу, қызығу, қызғану, көңіл көтеру, ойнап күлу, әйел мен еркектің ұрпақ таратуы секілді құбылыстың жиынтық ұғымы – нәпсі. Нәпсі тәннің өмір сүруіне қажетті қуатты, Алланың, адам игілігі үшін жаратқан нығыметтерін пайдаланудан алады. Тәннің тіршілігі үшін нәпсінің қызметінің аса маңыздылығынан болар, Құранның 295 аяты нәпсіге арналған. Алла нәпсіге тәннің өмір сүруіне қажетті мөлшерін және бұдан анақұрлым жоғары қалау қасиетін жаратты. Нәпсі сөзі адам мағынасында да айтыла береді. Оның анық мағынасы сөйлемнің мағынасына қарай түсініледі.
«Юсуф» с. 53-а.: «Нәпсімді ақтамаймын, расында жамандыққа бұйырады», «Ағрап» с. 31-а.: «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді» аяттары мен Пайғамбар (с.а.у.): «Адам баласы еш уақытта асқазаннан өткен жаман ыдысты лықа толтырған емес. Негізінде, адам баласына белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеу керек болса, (асқазанның) үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға және үштен бірін ауаға арнасын»; «Я Аллаһ! Үрейі жоқ жүректен, қабыл болмайтын тілектен, тойым білмейтін нәпсіден, пайдасы жоқ ғылымнан сақта» хадистері мен «Әрбір мұрат-мақсат, нәпсінің қалауы болар» (имам Ғазали) және Абай хаким айтпақшы «Атым адам болған соң, қайтып надан болайын» дегендей, надан болмай адам болу үшін, жоғарыда айталғандай, тәрбиенің маңызы зор. Пенде де алғашқыда иман-сенім, сосын амал жасайды. Иманның да, амалдың да дұрыс не қате тұстары болуы әбден ықтимал, өйткені адамға қателесу тән қасиет. Кейде жағдайға байланысты басқа шешім болмай, қаталдыққа еріксіз баруға мәжбүрлейтін жағдайға әкелуі мүмкін. Адамның адамгершілік қасиеті амалымен емес, имандылығымен, яғни сенімімен бағаланса керек.
Екіншісі, зайырлы білім беру жүйесінде, адамның материалдық жағдайын жақсарту мен мәдени-техникалық деңгейін көтеруді ғана негізгі мақсат етіп, Адамды адам деген атқа лайық болуы үшін рухани тәрбиелеу мәселесі аз қамтылғандықтан, бұл жүйе келешекте адамды мал деңгейіне дейін құлдырауына әкелуі мүмкін ғой деп қауіптенем.
Дана Абайдың «Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын» деп жырлағанындай, өткенге шолу жасау арқылы тарихтан тағылым алып, бүгінгі жаһандану дәуірінде рухани дағдарыстан сақтанып, әр адам үнемі өзін-өзі тәрбиелеп, кемелденудің маңызы зор.
Ибн Аббас пен Әнәс ибн Мәліктен (р.а.) жеткен хадисте: «Аллаһ елшісі (с.а.у.): «Адам баласының бір сай тола алтыны болса, тағы да дәл сондай бір сай толы алтыны болғанын қалайды. Оның құлқынын (көрге кіргенде) топырақ қана тойдырады. Соған қарамастан, Аллаһ тағала (ашкөздік, сараңдық сынды жағымсыз қылықтардан арылып) тәубеге келген құлының тәубесін қабыл алады» деп айтты делінген (Буқари риқақ 10).
Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистері – ақырзаманға дейін әрбір сөз, қай заманда да болмасын, ғылымның дамуына да, халықтың жақсылыққа бетбұруына да жолбасшы және сарқылмас ғылым көзі.