Жарық нұрдың сәулесі

Өлі мысықты тірілткен Бегімсейд әулие

Дахан Шөкшірұлы Жәмші

 Айқожа ишанның 250 жылдығы қарсаңында өткен ғылми конференцияда Дахан Шөкширұлы Жәмшінің «Қожа ұрпақтарының Арқа-Солтүстік өңірге мекендеуі» атты баяндамасы.

  Өлі мысықты тірілткен-Бегімсейд әулие

Арқа жеріне дін таратып, әулие атанған асыл аталарымыздың бірі Бегімсейіт.  Орта жүздің биі Қаздауысты Қазыбек қожа тұқымымен мәңгі достасып, үзеңгілес болғанына тарих куә. Соның бір куәсі. Қазбек бидің үзеңгі жолдасы, біз әңгіме еткелі отырған Бегімысық. Азан шақырып қойған есім-Бегімсейіт. Жазбаларда Бегім Сәйід, Бегімшайх депте аталаған. .  Бегімшайқы  өз заманында діни білімі терең, көріпкел – болашақты болжаушы, әулие, қожа әулетінен шыққан тарихи тұлға. Бала оқытып, исламды  насихаттаған, науқастарды емдеген. Өлі мысықты тірілткен әулие.

Бегімшайқы Әбілқадырұлы шамамен 1667 жылдары өмірге келіп, 1764 жылы қайтыс болып, Түркістанға жерленген. Жерленгені жайлы ода, бір аңыз екен. Қасиетті жерде мәңгілік мекен тапқан хан, би, әулиелердің тізімінде тұр. Қаздауысты Қазыбек бимен түйдей құрдас, пікірлес, үзеңгілес дос болыпты. Қаздауысты Қазыбек биде осы жылдың қысында Бегімысықтан бұрын  қайтыс болады.Ол жайлы кейін.  Деректерге,сүйенсек. Бегім мен Қазбек, Сыр бойында ер жетіп,  медіреседе бірге оқыпты. Шәкірт кезінде достасып,тіріде бірге болуға серттескен екен.

Бегімсейдтің Арқаға аттануы

Қазбек Сарыарқаға көшер кезде Бегімсейдті Арқаға өзімен бірге алып кеткісі келетінін айтып, әкесінен лұқсат сұрайды. Сонда Әбілқадыр қожа «Басқа бес баламның бірін ал, үміт күтіп отырған кенжем Бегімді бере алмаймын» – дейді. Разы болмаған  Қазыбек кетпей бірнеше күн тосады. Қазбектің алмай кетпеймін деген, ойын түсінген Әбілқадыр «менің баламның не қажеттілігі бар»– деп сұрайды. Сонда Қазбек «Ұрпағыма дін үйретіп,  өзім қайтқанда жаназамды шығаратын адам керек, ол  Бегім» – депті. Алайда, әкесі баласын қимайды. Қазбек кетпекші болып, қоштасып атқа мінерде Әбілқадырдың денесі дір етеді.   Содан: «Мынау тегін адам болмады, тілегін орындамасам болмас» – деп, баласының ықтиярлығын сұрайды. Бегімсейітпен, Қазбек алдын ала келіскенін жеткізеді.  Әбілқадыр қожа «Балам өзі ықтияр болса барсын. Ақысын жеме. Өзіңе аманат», – деп, батасын беріпті.  Қазбекпен бірге келген Бегімсейдтің алғашқы қоныстанған жері Балқантау өңіріне екен. Кейін   Бегімшайқы ұрпақтары негізінен Егіндібұлақ, Қарқаралы сияқты елді мекендерде ислам дінін тарату  міндеттерін орындау үшін, тарай қоныстанса керек. Ал, қаракесектер Қазбектің бастауымен 1728 жылдары Балқантау, Қаратау, Арқалық, Шілдебай, Айрық, Едірей деген Арқаның   құнарлы жерлерге келіп қоныстанады.  Алдымен Бегімсейдтің шығу тегі, шежіресінен қысқаша.

Шежіре не дейді

Бегімсейдтің шежіресіне тоқталсақ. Шежірелерде біраз өзгешіліктер бар екен. Мәшһүр Жүсіп жазбасында Бегімшайқы (бала күнгі есімі Бегімсейіт) осы Шаһабүзірік бабаның ұрпағы. Шаһабүзірүктің кіндігінен Тұрсын қожа, Шәмші қожа, Қалдар қожа, Ұлан қожа, Жиен қожа туады. Шежіре бойынша Ұлан қожадан Әбілқадыр, одан Бегімшайқы туады. «Ұлы пайғамбар оның ұрпақтары» шежіре кітаптабында Бегімсейдті Шаһабүзрүктің Ұлан қожадан тараған деп көрсетеді. Онда Ұлан, одан Әбілқадыр, одан Есімсейд,Бегімсейд,Шасейд, Ақсейд деп таратады. Бегімсейдтен Қошқар, Қожамбет деп, ары қарай ұрпақ жалғасады. Жаңарқалық шежіреші Дуанақожа -Қожжан әулеті Сейітқали Фазылов, Арғын шежірешісі Жарылқасын Бикенов, ұстаз-тарихшы Сейілбек Бабашев «Арғын-Бабас» шежіресінде:- Қорасанқожаның бір тармағы Қожахметтен(шын аты Сайд Ахмад)-Абдрахман, одан-Шахмұхаммед, одан Шафайыз(Шөпшеқожа),Исмаил, Исабекқожа(лақап аты Сарықожа ишан). Сарықожа Ишаннан(Исабекқожа)-Шаймұхаммедқожа, Абдулқадырқожа,Қожақалан, Мұсабекқожа,Сейітмақсұмқожа. Абдулқадырқожадан-Бегімбетқожа(лақап аты Бегім Мысық). Бегім Мысықтан-Қошқарқожа, Бекболатқожа,Адамқожа, Жүсіп қожа, Саммаддинқожа, деп таратады. Осы әр түрлі жазылған шежіренің анық-қанығын анықтап бір ізге салу үшін жұмыс жасап жатырмыз дейді, қожа әулетінің шежірешілері.

Бегімсейдтің аманатты орындауы

Қаздауысты Қазыбек бидің жас кезінде «Жаназамды шығарады» деп алып келген тілегі қабыл болып, Бегімшайқы қожа оның жаназасына келіп, өз аманатын орындаған екен. 1764 жылдың күзінде Қазбек   Жақсы Далбаның Қарағайлы бұлақ деген жерінде қайтыс болады. «Жаназаңызды кімге шығартамыз?» – деп, қайтар алдында  сұраған балаларына. «Іздемеңдер, Шығыс жақтан өзі келеді» – десе керек.  Бегімысық Балқантау деген жерде қыстайды екен.  Қазбектің қайтқанын түйсігімен сезген әулие Бегімысық «О, құрдасым қайдасың?» – деп аңырап жетеді. Мәйіт жатқан үйге зор дауыспен аңырап кірген  әулие,  Қазбектің  мәйітін қамшымен тартып, тартып жібереді. Сол кезде әулиенің қолын Бекболат ұстай алып: «Әкемде кеткен өшіңіз, иә болмаса хақыңыз болса бізден алыңыз. Мәйітті қорламаңыз» – депті. Бегімысық: «Балам-ай, қолымды бекер ұстадың ғой. Енді төрт ұрпағымен шектелетін болды.Түркістанға сәлем айтыңдар. Бие байлар кезде мен де барып қалармын» – деп,жаназадан соң  кетіп қалады.  Содан Бегімысықтың айтқаны дәл келіп, жаз шыға көк шығып би байлар уақта әулие абыз қайтыс болып, Әзірет сұлтан кесенесіне жерленеді. Бірақ кім, қалай апарды ол туралы мәлімет жоқ. Аңыз болсада   шындыққа жанасатын  мына болжам ел есінде қалады. Әулиенің жаназасы біте, жұрт мүлгіп кетеді. Селк етіп көздерін ашса мәйіт жоқ. Түк түсінбеген жұрт аңтарылып, қала береді. Таң қалған жұрт: -«Әулиені иелері көтеріп кетті» – деп, тарқасады.  Иә, аңыз бойынша осылай. Алайда, Бегімшайқы қожаның Түркістанға жерленгені анық. Сонда жерленген әулие-әмбиелердің тізімінде бар. Бегімшайх айтқандай Қазбек бидің ел басқарған ұрпақтары Бекболат–Тіленші–Алшынбай–Қақабаймен аяқталған деседі.

Осы аңыз әпсана өткен ғасырдың басында Жүсіпбек Аймаутовтың «Ақбілек» романында ғибратты сөз, өнеге ретінде келтірілген екен.  Онда қожалардың,яғни Бегімысықтың әулиелігі жайында айтылады. Онда Сламбек дегенмен, Жәнәбіл қожа арасында сөз талас болады.  Оған романнан үзінді: — …Бір сөздің кезегінен Сламбек Жанабілдің қожалығына тиіп сөйлесе керек. Сонда Жанабіл отырып: Жанабіл Сламбекті тоқтатқалы: «Қаз дауысты Қазыбек өлгенде Бегі Мысық әулие өлікті асасымен үш салып, төртінші сала бергенде: «Жындымысың?» деп, біреу қолын ұстай алған екен. Сонда Бегі Мысық әулие: «Өй, қолымды бекер ұстадың-ау! Енді бақ-дәулет үш атасына шейін-ақ барар» деген екен дейді…

 Бегімсейідтің  Бегімысық әулие атануы

Қазбек би бірде  Бегімсейдке қонақ келіп, жақын маңдағы бір әулиенің зиратына, дұға жасайық бірге барайық дейді. Бұлардың жолында бір мысық өліп жатыпты. Өлген мысықты көрген Қазбек  кенет: «– Иә, Бегім, дұға оқы да мына мысықты тірілт. Ел әулиелігіңді білсін» – дейді.

  • Мейлі, болсын-дейді Бегімсейд.

Өліні тірілту оңайма. Жұрт аң таң. Қазбек өзіде айтуын айтсада, құрдасым қиналатын болды, деп ойланып қалады.

Қазбектің ойлы жүзін көрген Бегімсейід мысық тіріледі, бірақ қырық қадам ғана жүреді деп, атынан түсіп дұға оқый бастайды.  Бегім жұртқа шегініп жол ашыңдар деп, қолын сермейді. Өзі дұға оқыған қалпы теріс айналады. Өліп жатқан мысық басын көтеріп, сілкінгендей болып,  тәлтіректеп біраз жерге жүріп құлап түседі.

Сонда Қазыбек би: « Бұл Алланың құдіреті,  көрдіңдер.  Бегім тегін адам емес, Алланың сүйген құлы. Әулиелердің ұрпағы. Әулиелігін  көздеріңмен көрдіңдер Бүгіннен бастап оны Бегімысық әулие деп атаңдар» – деп, жар салады.

 Бегімысықтың батасы

Бегімшайқы заманында кілең мықтылармен дос болса керек. Солардың бірі Нұрбике Шаншар Бертіс екен.  Алдымен Шаншарұлы Бертіс кім екеніне, қысқаша, тоқталайын. Бертіс азан шақырып қойған аты Бердібек би, әмір/бегі/   болған адам.   Орта жүз, арғын қаракесек.   Шаншардың үш әйелінің бірі Нұрбикеден тарағандықтан. Нұрбике ШаншарБертіс атанады.

ӘкесіШаншар Бұлбұлұлы Есім ханның жанында болған, тұстасы екен.   Шаншарұлы Бертіс 17 ғасырда жоңғар-қазақ соғысында Жәңгір,Тәуке хандардың кеңесшісі. Бір аңызда Бертіс Ташкент өңіріне әмір/ бегі/ болып «Қарқаралы хан Бертіс» аталған дейді. Бертіс сонымен қатар майталман шешен, дарынды ақын, өнерлі күйші болыпты. Оның ұрпақтары Еспенбет, Бектемір, Мөшеке, Қазанғап, Қантай, Тонтайлар би болса,  атақты күйші Тәттімбет пен Абайдын анасы Ұлжанның үлкен атасы екен.

Шаншарұлы Бертіс   Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленген. Бертіс қанша шешен, ділмәр болсада, пенде. Бірде сөзінен жаңылып, асылық айтып қояды.

Онысы,Ташкенттің бегі болып тұрған кезде Бұхара ханы соғыспақ болып келгенде: «Он жеті ұлым бар, сен түгілі Құдайдың өзі өкпесі қабынып, алса да, зорға алар» – депті. Содан көп ұзамай Бертістің он жеті ұлы ауырып  үш күннің ішінде бәрі қайтыс болады. Бертістің қайғысына көңіл айтып  Бегімшайх келеді. Бегімшайхқа, Бертіс:- «Сенің әулиелігіңе сеніп, жоқ жерде асылық айтып ұрынып қалдым-ау. Сенің әулие еместігіңді білсем, олай демес едім» – депті.  Сонда Бегімысық: «Теректің өзіне түскен өрт еді. Бұтағына қағып жібергенім, қолдағаным емес пе»,  «Тұр орныңнан ,  тоқал ал, одан үш ұл туады. Бірінің атын Бектемір қой, бектік, байлық үрім-бұтағына бітеді. Ортаншысын Қызылқұртде, құжынап мал бітеді. Кенжеңді Әуез деп  ата, оның да ұрпағы бай болады. Міне саған бердім бата » – деп, бетін сипапты. Бата қабыл болыпты.  Мәшһүр Жүсіп Көпей: – «Қожаның айтқаны дәл келіп, Бертістің кейінгі ұрпақтары дәл айтқандай болды» – деп, шежіресінде жазған екен.

Қарағанды Қарқаралы өңірінде аты аңызға айналған әулие қожа  Бегімшайқы Әбдіқадырұлы жайлы қысқаша мағұлмат осы.  Тектіден тарап,  Алланың көпке бермеген  өзгеше қасиетке ие аталарымызды өнегесін, тарихын тегіміз бір қожа әулетінің, қанымыз бір қазақтың  кейінгі ұрпақтары білсін, есінде болсын деген, ниетпен әулие бабамыз Айқожа ишанның мерейлі тойындағы халықаралық ғылми конференцияда әдейі баяндап отырғанымды, көпшілік сіздердің естеріңізге саламын. Аталарымыздың, асылдарымыздың, қазақтың игі жақсыларының достығы,силастығын біле жүрсін, өнеге алсын.  Ислам дінінің құндылықтары, құдіреттілігі, ата-бабаларымыздың «әдет-ғұрыптары, жөн-жосықтары және тағлымы, әулие әмбилігі»  бүгінгі ұрпаққа ғибрат әрі үлгі-өнеге болса деп, тілеймін. Баршаларыңызға рахмет.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button