Хабарын білген бар болса
Сейітомар ағаның телефон арқылы қойған сауалдарына жауап берейін деген ниетпен бастаған жұмыстарым бұл. Жұманқожаұлы Мәдидің өз аузынан естіген әңгімелер және ел аралап жүріп өз ата-тегімді құрастырамын деп жүргендегі естіген-білгендерімнің желісі негіз болды.
16-17 ғасырларда қазақ халқында Мәскеу кінәзімен жүргізілген бірнеше келіссөздерге қатысқан Мұхаметсұлтан (әлде Сұлтанмұхамет) атты Сұлтан (лауазымы) болған. Ол қазақ жеріндегі халықтардың мәдени-тұрмыстық, өнердің, білім-ғылымның дамуына да үлкен үлес қосқан тұлға. Олай дейтін себебімнің бір мысалын қолымнан келсе төменде баяндап бермекшімін.
Қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Қу өзені бойында жыл сайын Қазақ даласының барлық жерлерінен арнайы шақырылған, шақырылмаған саудагерлер мен болыс-билердің қатысуымен атақты Қоянды жәрмеңкесі өткізіліп тұрған. Сол жәрмеңкелердің басты мәселелерінің бірі – болыс-билердің Қазақ даласындағы даму процесстерінің барлық жақтарын қарастыратын құрылтайлар өткізіліп тұрған.
Сол құрылтайлардың бірінде жоғарыда айтқан Мұхаметсұлтан (әлде Сұлтанмұхамет) атты Сұлтанның ұсынысымен (өзі құрылтайға қатыспаған) Қазақ даласының әр аймағының (қазіргі тілмен айтсақ солтүстік, оңтүстік, шығыс, батыс, орталық) қандай бағытта жақсы дамығанын және қандай қандай саланың ақсаңдап келе жатқанын ескеріп тиісті шешімдер қабылданған.
Осы мақсаттардың бірін іске асыру мақсатында Баянауылдың сол кездегі атақты болысы Шорманның Мұсасының мұрындық етуімен қазіргі Қазақстанның оңтүстігінің кіндігі Түркістан жерінен елдің білім сауаттылығын жоғарылату үшін, ақын, әдебиеттанушы – Жамалқожаның әкесі (есімін ұмытып қалдым); діни сауаттылықты көтеру үшін – ұмытпасам Сарықожа қари болуы мүмкін; жергілікті өндірістің даму деңгейін қалпында ұстау үшін темірден түйін, ағаштан түйме түйген ұста – Баймағамбетқожа; адам болсын мал болсын тіршілік иелерін емдеуде алдына жан салмайтын, тәуіп-балгер – естуімше Аққожаның әкесі емші есімін жаныс кетуден қорқып атамадым, деген азаматтармен өзара келісім жасасып Баянауыл төңірегіне көшіріп алып келген. Келісімде тұрғын жаймен, мал-мүлікпен қамтамасыз ету сияқты шарттар қарастырылған. Бірақ, осы азаматтар бір жылда қоныс аударған болмауы керек. Кейбір ауыздан естігенімде Қожа тұқымдарының барлығы тіке Түркістаннан көшіп келмеген деген де бар.
Маған (Арғын-Сүйіндік-Қаржас-Таңат-Өтеу-Келдібек руынан Ахметтің Елемесінің Жанболатына) жеткен ауыз әңгімелер бойынша мынадай мәліметтерді жинақтап жаздым (тағы айтарым, мен бұл мәліметтерді бұрын қағаз бетіне түсірмегенмін):
Баймағамбет қожа немересі Мәди Жұманғожаұлы Келдібек руынан Айтмағамбетқызы Мәшәумен отбасын құрған. Бәтимә, Нағима атты екі қыз бала (олардан жиендері бар Баянауылдың басында тұрады) және Жаңабай* (Баянауыл ауданы Ақсаң ауылында тұрады, тегі – Жұманғожин) деген ұл бала сүйген. Бұл ата (Алла өзінің шапағатына алсын) алғашында Сталин, одан кейін Октябрь ұжымшары, соңғы кездері Баянауыл кеңшары аталған елді мекенде өмірінің соңына дейін өмір сүрген Жұманғожаұлы Мәди ұста ерен еңбек сіңірген. Баянауыл кеңшары аудан орталығына жақын орналасқандықтан ауданның басқа да елді мекендерінің барлық техника атаулысын жөндеу, оларға қосалқы бөлшектерді жасау осы ұстаның қолымен жүзеге асырылған. Ел арасындағы көздері тірі ел ағаларының ауыздарында әлі күнге дейін Жұманғожаұлы Мәди ата жайында сан қилы әңгімелер жүр. Жұманғожаұлы Мәди ұста ұйымдастыру, тәуіптік қырынан да танымал болған тұлға. Оның еңбегін Өкімет пен Партия да бағалап Ленин орденімен марапаттаған. Қазіргі Баянауыл кеңшары сол ұстаның қолымен тұрғызылған дегенді мен өз құлағыммен де естігенмін.
Ұста атаның дене бітімі мен мінезін сөз етсем: өте ірі шомбал денелі, дауысы майда, әрбір айтқан сөзін жүрегіңе жеткізіп айтатын. Содан да шығар менің есімде барлығы болмаса да біразы әлі есімде. Оның тағы бір айтқаны – менің әкем менен де ірі болатын, екі-үш жасар боталарды мойнынан құшақтап құлата беретін дейтін. Сол кезде мен осы ұста атадан ірі адам көрмегендіктен (әлі де көрген емеспін), сонда атаның әкесінің денесі қандай болған деп ойлайтынмын. Мен толтыра алмаған мәліметтерді ұлы Жаңабайдан аларсыз.
Жоғарыда аталған төрт атадан басқадай қожа тұқымынан Баянауыл еліне дардай еңбек сіңірді дегендерді (Жамалқожа, Сарықожа, Аққожалардың кіндігінен туғандарды) мен өзім көрмедім. Мен ес білгенде ол аталар (Алла жарылқасын) бақилық болыпты.
Жамалқожаның атын естігенім 1975-76 жылдары мен 6 сыныпта оқушы едім. «Баянауыл жағрапиясы туралы тоқсан ауыз сөз» деген мақаланы бір орталық газеттен көзім шалып, соны оқығаным бар. Содан ересек адамдардан Жамалқожаны білесіздер ме?, ол кім деп сұрастырдым. Бірақ, «ол адам қазір жоқ, бақилық болған» – дегеннен соң балалық қызығушылығым өшті ме білмедім. Тек сол газет беттерін ұзақ сақтап жүрдім. Бірер жылдан соң менде сол газет бар екенін білген ауылымыздың «бетке ұстар» бір азаматы анамнан сұрап алып кетіпті.
Бұл жерде айтайын дегенім ол атаның Баянауыл еліндегі негізгі және маңызды деген жер атауларын үлкен жыр-дастан етіп жазған алғашқы тұлға. Сөйтіп, жергілікті жазба-ауыз әдебиетті тұрғылықты халық тілі мен мәнеріне сәйкестендіріп өзіндік із қалдырған. Сол атадан дәріс алған кейінгі ұрпақтарға сара жол салып, Баянауылдың өзіне тән әдебиеттің қалыптасуының басында тұрған. Кейінгі ақын-жазушылардың көсемі десе де болады. Жамалқожа атадан менің білуімше Жамлихан (тағы да басқалары бар шығар, мен дөп басып айта алмаймын), Жамлиханнан бірнеше ұрпақ тараған, олар: мен білетіндер Азиз (ауылда Ашок дейді), Серік, Ерік, қыздың атын ұмытып қалдым, барлығы Баянауылдың басында тұрады, Фамилиялары Фаменов.
1-Аққожадан тараған бір ұл бала бар еді деп еститін едім. Бірақ, сол атадан тараған жалғыз қыз бар деп естідім, оның аты – Сәуле (фамилиясын білмедім), Екібастұз қаласында тұрады. Баянауылдың тұрғыны Ибраев Қайролла дегеннің келіні. Ол атаның аруағы кешірер – ауыз толтырып еш мәлімет білмегенім үшін Алла кешірер. О дүниеде Алла жар болсын.
1-Сарықожа ата туралы да білерім аз. Жаңылыс кетемін бе деп қорқамын. Дәйектерім болмаған соң мәлімет беруден бас тарттым. Бұл атамның да аруағы кешірер – ауыз толтырып еш мәлімет білмегенім үшін Алла кешірер. О дүниеде Алла жар болсын.
Менің тегім Арғын-Сүйіндік-Қаржас-Таңат-Өтеу-Келдібек болғандықтан көп мәліметтер тек осы бағытта жинадым. Тек Сейітомар аға Сіз сұраған соң шежіре, ата бабалар туралы мәліметтер жинап реттеу жолының ауыр екенін біліп қағазға түсірдім, әйтпесе осы жазып отырғандарымды бұрын жазбағанмын. Мен өзім 17 жылдай ата-тегімнің шежіресін құрастырамын деп біраз іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізгем. Сейітомар аға Сізге аз да болса көмегім тисе деген ниетпен атқарған әзірге жұмыстарым осы. Баянауыл еліне барған соң нақты мәліметтер аларсыз. Тағы бір айтарым, мен ауылдан 1981 жылы мектеп бітіріп Қарағандыға жол тартқам, содан сыртта жүрген жайым бар. Елдің ортасында жүрсем басқа болар ма еді деп ойлаймын.
Осы жазғандарымның бірде-бірінің ұрпақтарымен тілдескен емеспін. Тек сырт жерде жүріп жинаған мәліметтерім. Егер, кейбір мәліметтер дұрыс болмаса ұрпақтары да ренжуі мүмкін ғой. Сол жәйттер де мені мазалайды. Аға қажет болса белгілі бір жүйедегі сауалдар қойыңыз, солардың жауаптарын іздестіруге мен әрқашан дайынмын. Олай деп отырғаным, елде кім осы салаға бейім немесе кімнің қолында ата-бабаларының қолжазбалары бар екенін ептеп білемін.
Баянауылдан ҚАРЖАСҰЛЫ