Бекберген хазірет Тілеуімбетұлы мұрасынан
Тоқсаннан соңғы жүз дейді, Дүниеден көңілін үз-дейді,

Бірінші бәйіт
Бисмилләһир Рахманир Рахим!
Жеті жасқа келгенде,
Бала болып ойнадым,
Тоғыз жасқа келгенде,
Қызыл шоқтай жайнадым.
Жиырма беске келгенде,
Ақ балтырым түріліп,
Оймақтай ауызым бүріліп,
Жігіттің тойын тойладым.
Отыз бес жасқа келгенде,
Хазіреттен сабақ алып,
Қажыға баруды ойладым.
Қырық бес жасқа келгенде,
Байтулланы тәуап қып,
Жыл сайын баруымды қоймадым.
Алпыс бес жасқа келгенде,
Мынау заман айланып,
Қажы жолы байланып,
Сарғайып кеткен құрақтай,
Жетім қалған лақтай,
Өткен күнімді көксеп
Жылауымды қоймадым.
Бисмилләһир Рахманир Рахим!
Он сегіз жаста бала болып,
Ақылдан кем шала болып,
Жиырма жасқа келгенде
Көрікті болып бой өсіп,
Бала құстай талпынып,
Көрінгенге қызығып,
Жүреді көңіл алаң болып.
Отыз жасқа келген соң
Ақылың камәл толған соң,
Жігіттікке мас болып,
Осы көрер қызығың.
Отыз бестен қырыққа келген соң,
Ақылың камал білген соң,
Ұят пен ақыл қосылып,
Мұныңда көрер қызығын.
Қырықтан жасың асқан соң,
Елуге қадам басқан соң,
Бұрынғы қылған ісім деп,
Қашан бір көрген кісім деп,
Жақсы бір әйел көрінсе,
Ауызыңнан су ағып,
Сөз айтуға ұялып,
Көзінің көрер қызығын,
Алпыс деген кәміл жас,
Жұрт ағасы болар мас,
Тізе қосып жақсыға,
Бұрынғыдан үлгі айтып,
Сөзіңнің көрер қызығын.
Жетпіске келген жасыңда,
Қадір қалмас басыңда.
Сексен менен тоқсанда,
Жас отырмас қасыңда,
Жасың бір келсе сексенге,
Қуат қалмас бөксеңде,
Жиырма менен отыз жас,
Қайтып саған келер ме?
Дүние малын төксең де.
Тоқсанға келсе бұл жасың,
Аларсың кімнен ызасын,
Есіктен төрге жете алмай,
Көңіліңді сонда бұзасың,
Тоқсаннан соңғы жүз дейді,
Дүниеден көңілін үздейді,
Рас ақымақ болмаса,
Тағыда нені іздейді.
Әулиелер ордасы: әдеби-танымдық мұра / Жауап ред. Д. Қамзабекұлы; түсініктерін
жазған К. Тиышхан, арабша мәтінді саралаған М.Смағұлов. – Нұр-Сұлтан: «Астана
полиграфия» баспасы, 2019. – 322 б.





