Жарық нұрдың сәулесі

Етжемес ишан деректері

Баладан балаға жеткен әңгімелердің талайын біз де естідік.  Етжемес ишан ата туралы сол заманда жазба дерек қалдырған екі-ақ адам. Басқа да болған болуы мүмкін, бірақ оның бәрін жазалаушы құрылымдардың адамдары жойып жіберген. Біріншісі әулиенің замандасы, сырласы Майлықожаның (1835-1898) ұлы Жолбарыс ақынның Етжемес ишанға өлеңмен жазған хаты. Ондағы мына жолдарды  оқысақ біраз нәрсеге көзіміз жетеді.

Орыс, қазақ, сарт болып,

Илікті бәрі жұрт болып,

Сіз болдыңыз басқарған,

Халықтардың білген халіні,

Қайыл емес ешкім жоқ,

Ешкімде сіздей пайым жоқ,

Етжемес ишан намына,

Зиярат қыла келгенім,

Жалғанда қызмет еңбегім,

Тақсыр-ай, жәрдем қылыңыз,

Мүшкіл, ғаріп халіме.

Екіншісі, жоғарыда аты аталған орыс генералы Н.С.Лыкошиннің «Етжемес ишан» аталған очеркі.Осы жазбада 1892-жылы қазіргі Қызылорда мен Шымкент ортасындағы халық арасында бұрқ ете қалған оба ауруын тоқтатудағы қарбаласта, жасы алпысты алқымдаған Етжемес ишан ата шаршап, жүре алмай қалса да, оны адамдар зембілге салып, ауылма ауыл аралатқанын, өзіне төнген қауіпке қарамай, ауруларға қолын тигізіп ем жүргізгенін таңдана отырып жазады.

Тағы да осы автордың жазғаны. «Ишан базар» ашылған соң, ат ұрлайтындар көбейеді. Халық ешанына келіп жәрдем сұрайды. Ишан өзі бас болып халықпен  бірге Аллаға мінажат етіп, ұрыларды тоқтатуын өтінеді.Содан кейін де аттар түнде ұрлана береді. Бірақ олар адасып-адасып таң ата, сол атты ұрлаған жерлеріне қалай келіп қалғанын білмей қалатын болды. Осындай жәйттер бірнеше рет қайталанған соң, ұрылар бұл жерде өздеріне нан жоқ екенін түсініп, басқа жаққа ауып кетіпті.

Етжемес ишанмен жақыннан танысуды мақсат еткен, патшаның чиновнигі Н.С.Лыкошиннің өтініші бойынша,Ташкенттегі  бір дәулетті азамат ауызашар жасап, әулие бастаған көп адамды үйіне шақырады. Бүгінгі қонақ иесі өзін өмір бойы ишан атаға қарыздар санайтын. Отасқанына 13 жыл болса да, перзент көрмеген әйелі екеуіне, ишан бір бұрда нанға дем салып,оны  ерлі-зайыпты екеуіне беріп, бөліп жеп қоюын өтінеді.Осы оқиғадан кейін жыл өтпей жатып,бұл үйде бесік пайда болады.

Ескерте кетуге тура келеді. Ишан ата басқалар құсап, жылына бір ай ғана емес, өмір бойы ораза ұстайтын. Сол себепті  атаны қонаққа шақыру ауызашардың уақытына сәйкестендірілетін. Орыс чиновнигі  ишанмен бірге жария зікір салғандарды көрді.Бұл зікірдің сопылардың басқа бауырластықтарынікінен өзгеше   екендігін байқады. Ол жөнінде очеркінде тәптіштеп жазған. Зікірдің соңында генералдың араққұмар Оспан есімді атқосшысы да ем қабылдайды. Сол күннен бастап ол арақты аузына алмайтын болғандығын да жазған.

Келестегі адамдардың да Етжемес ишан атаның кереметтері туралы айтатындары көп.Сол әңгімелердің бірі. Келес өзеніне көпір салдырғанда, бір бөрененің ұзындығы жетпей қалып, ұсталар басқа бөрене таппай тұрғанда, Етжемес ишан ата келіп қалып,екі ракат нәпіл намаз оқып, бөрененің басын өзі ұстап, қажетті жеріне қойғанда өлшегендей тура келген.

Тағы бір оқиға. Күндердің күнінде  ат ұрлаған кісінің  артына қуғыншылар түсіп, ұстауға жақын қалыпты. Алдында көктемгі су тасқынымен Келес өзені арнасынан асып ағып жатыр.Сенген көпірі жоқ,су алып кеткен.Торға түскендей болған ұры «Айналайын, Етжемес ишан ата құтқара гөр,осыдан аман құтылсам ұрлығымды қоям» деп, атының басын ернеуінен асып ағып жатқан Келеске тіке салыпты.Сонда ат өзеннен секіріп өтіп, қуғыншылардан аман-есен құтылып кетіпті.Осыған таң қалған ұры, көп ұзамай Етжемес ишан атаға келіпті.Ұрлықты қойғанын айтыпты. Осы кезде ешан ата көйлегін көтеріп жіберіп,арқасын көрсетеді. Көгеріп қалған ешанның арқасында ат тұяғының ізін көреді.

Сонда, ұрының Етжемес ишан атадан жәрдем сұраған уақыты мен аттың өзеннен секірген уақыт арасы қас қағым сәт емес пе. Осы уақыт аралығы, дыбыстан да жылдам ұшатын самолетіңіз арқада қалатын жылдамдық емес пе! Өзінің сүйікті құлына осындай керемет көрсетуге мүмкіндік  берген Алланың құдіретінде шек жоқ! Осы әңгімеден кейін, Етжемес ишан ата бамдат намазының сүндетіп үйінде, парызын Меккеде оқыған дегенге қалай сенбейсіз.

1911-жыл. «Ишан бау» ауылы. Құдайқұлдардың үлкені Рүстем атаның үйі.Осы үйдің келіні Тоты үш күннен бері толғатып, босана алмай жатыр. Енесі Оразкүл де үш күннен бері ұйқы көрмеді. Қолынан келген ем-домның, ырым-сырымның бәрін жасады. Нәтиже жоқ. Келіні өлетін халде, сұлық жатыр. Аузы бір тынбай, қайталап айта беретіні бір сөз. «Е, айналайын Етжемес ишан ата, қайдасың? Өзің келіп қолдамасаң, үш адам өлейін деп жатыр. Қайдасың, ишаным, келсеңші, жәрдеміңді берсеңші. Алладан медет сұрасаңшы».

Құдайдың құдіретін қараңызшы, кешкі апақ-сапақта Етжемес ишан ата есіктің алдына келіп тұр. Оразкүл әже жүгіріп сыртқа шығып, атаға сәлем салады.

-Оразкүл, не болды, шақырып тыныштық бермедің ғой, өлейін деп жатқан үш адамың қайда,-дейді ешан ата.

-Айналайын, ешаным келінім үш күннен бері толғатып, босана алмай, өлетін халге жетті. Ол өлсе ішіндегі баласы да өледі.Ол екеуі өлсе мен де өлемін. Сонда үш адам болмай ма,-дейді Оразкүл әже.

Содан кейін Ишан ата ішке енеді. Жатқан келінге бір мезгіл көз тоқтатқан. Құран аяттарынан бірін оқиды. Одан соң ашуға булығып ,даусын көтеріп сөйлеп кетеді.

-О,пәдеріңе нәлет ит шайтан сен мұнда қайдан келіп қалғансың, жаныңның  барында қазір кет, кет дегенде кет,-деп қаһарына мініп, бөлменің ішінде әлсіреп жатқан келінге қарай бірнеше рет ұмтылып қойды. Одан соң өзі сыртқа шығып кетті. Арада аз ғана уақыт өткенде, шақалақтың даусы естіліпті.Есімін «Бостан» деп өзі қойыпты.

Сол Бостан Райымқұлұлының жасы 2018-жылы 107-ге толды, аман-есен. Облыстағы, мүмкін еліміздегі  жасы ең үлкен қария. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. «Сол кезде де Ет жемес ешан атамның қолдауын сезініп жүрдім, бораған оққа қарсы жүргенімде алдымда дәу қара тас тұратын» деп еске алады.

Әулиелердің өзі өлгенмен рухы өлмейді деген әңгіме рас екен. Ет жемес ешан ата әлемнен өткеннен кейін болған оқиғалар осылай деп айтуға жетелейді.

Бірінші оқиға. Ет жемес ешан ата қаздырған арыққа, Келес өзеніне салынған тоған арқылы суды бұру, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін жалғастырылып келген. Егіс маусымы басталып, тоғанды жаңадан салған жас диқандар жұмысты «қатырғандарын» арақ ішіп атап өтеді.Түнде тоғанды су ағызып кетеді. Одан кейінгі күні де солай болады.Үшінші күні естері кіреді. Алла разылығы үшін деп,бір лақты сойып, «Ет жемес ешан ата кешіре гөр» деп,садақа ас жасап, құран оқып тоғанды қайта салады. Сол тоған қара күзге дейін бұзылмапты.

Екінші оқиға. Совхоз күшейіп тоғанды және Құдайқұл арықты пайдалануды тоқтатып,жүз гектардан астам жерді насоспен суғаратын болады. «С-100»дің жаңа маторы мен су тартатын қуатты насосты Келес өзенінің жағасына қояды.Матор күшеніп істеп тұр, насос та айналып тұр, бірақ суды жоғарыға лақтырмайды. Осының басы-қасында жас маторис Орынбасар екі-үш күн жүрген. Анасы жексенбі күні таң азанмен баласын ерте оятып,азырақ ақша беріп, «Ешан базарға» жібереді. Айтады, пәлен тұстағы көгенде тұрған үш қойдың астында  көрінбей жатқан ақ лақты сатып алып кел де, насостарыңның суды қолмен құятын жеріне бауыздап, қанын ағызыңдар, «ешан ата қолдай гөр» деп тілек тілеңдер дейді. Базарға барып, апасы айтқан жерден ақ лақты көреді де, иесі айтқан бағаға сатып алады. Мақта бригадиріне апасының айтқанын айтып, лақты береді. Ол кісі кішкентай лақты, өзі мінген аттың үстіндегі қоржынның бір жағына тыға салады.

Бірнеше күннен бері суды шығара алмай жүрген оқыған мен тоқығандар сәскеде тағы да жиналады. Маторды оталдырып, насосты қосып, Орекеңнің апасы айтқанды айтып, ақ лақты бауыздап, қанын насостың ішіне ағызады. Сол кезде «күмп-күмп» еткен дыбыс шығады да суды науадан асырып лақтырады. Ойбайлап «газды азайтыңдар» деген айқай естіледі. Матордың айналымын азайтқанда бәрі қалпына келіп, су керегінше жоғарыға атқыланады, арықтар суға толып, мақталыққа қарай ағып кетіп бара жатады.

Таңғалмасқа шараң жоқ. Осындай ақылды берген Орынбасардың апасы, бұл ауылға Қазығұрттан жақында көшіп келген. Ешан ата туралы да, насос туралы да,тіпті «Ешан базар» туралы да жөнді білмеген.Түнде түсінде көргенін «дым білмейтін» баласына айтты. Ол соны іске асыруға ат салысты. Бар болғаны сол. Нәтижеде бір заманда Ешан ата диқаншылық жасаған жерде су арқырап ағып жатты. Ал Орынбасар ақсақал, апасының нәрестелерге «түкіретін» емшілігі бар, елеусіз ғана жан болғанын, бірақ бастықтар білмейтінді білгеніне таң қалып,өзі қария болған кезінде айтып отырды.

Қазақ елі азаттығын алған соң,өз билігіміз өзімізге тиген. Ұмытқанымызды жаңғыртып, санамызды оңалтып жатқан кезде, Ет жемес ешан атаның немересі Аппазқожаның және шөбересі Хасанқожаның тағы да  басқа  ауыл ақсақалдарының қалауымен, Ет жемес ешан атаның ордасы орналасқан төбені, әулие атасының қонысы ретінде, мұрагеріне рәсімдеп, үй салатын болды. Оны салуға ел көмектесті, асарлатты. Сондағы болған мына оқиға құрылысшылардың ойынан еш шықпайды.

Сол оқиға болатын күні, құрылысшы жас жігіттер қас қарайғанша жұмыс істейді.Үйге қайтуға кеш болып қалды деп, құрылысы бітпеген осы үйде қона салмақшы болады. Хасанқожа «жігіттер, мен сендердің қонғандарыңа қарсы емеспін, түнде бір атаны көрсеңдер қорықпаңдар»  дейді де кетіп қалады. Ертеңіне сәске түсте Хасанқожа келсе, тым-тырыс,аналар көрпелерінің астында, басын шығармай әле жатыр екен. «Ассалаумалейкум» деп дауыс шығарғанда, аналар көрпелерін ашып,әкелері келгендей қуанып, орындарынан атып-атып тұрады. Айтуларына қарағанда, бұлар ұйықтар-ұйықтамастан есіктің ілгегі өзінен өзі ашылып, екі-үш қария үйге кіріп келеді.Салынып жатқан үйдің бөлмелеріне кіріп көреді. Бір-біріне «болады» деп қояды. Осыдан кейін-ақ, жас жігіттер бір-біріне тығылып,көрпелерін қымтай бүркеніп, таң атқанша жатады,  ұйқы көрмейді.

Осы сияқты тағы бір әңгіме. Хасанқожа жоғарыда айтқан жаңа үйге көшіп келгеннен кейін,үй іргелік жерге қауын-дарбыз егеді.Оның пісетін уақыты да жақындап қалған болса керек. Бұл оқиғаға қатысушылар жас емес, баяғыда үйленген,балалы-шағалы болса да, үйіндегілердің көздеріне түспей, жасырып арақ ішетін әдеттері бар еді. Қараңғы түсіп,ай көрініп қалған шақ. Жолдың шетінде бір шишаны бөліп ішейін деп отырғанда, басытқылары болмай, солардың ішіндегі жасы елуді еңсеріп қалған,қырма сақалдысы «мен білем, қазір бірдеңе тауып келем» деп, қоршаудан өтіп, Хасанқожа еккен қауынды  аралап кетеді.Қауынның піскенін таба алмасын білсе де, дәм кіре бастаған шапшаларын алайын деп, тұмсықтарын бас бармағымен басып көріп жүргенде,жақын жерден жөткірінген дыбысты естиді. Қарап қалса, ұзын шапанды ақ сақалды кісіні көріп қалады. Сәлем берудің орнына елуді еңсеріп қалған жігіт ағасы қоршаудан қарғып өтіп, алды-артына қарамай, бөтелкелестерін тастай қашады.

Ет жемес ешан атаны өз көзімен көргендерден, жоғарыда  атап өткен екі автордан басқа жазғандардікін көзіміз шалмады. Ғалымдардан Н.Нұртазина Ет жемес ешан ата туралы  «Ишаны Туркестанского края» деген зерттеуінде атап өткен. Онда Ет жемес ешан ата туралы жаңсақ пікірлерге орын берілген. Сол сияқты тарихшы Мәмбет Қойгелдінің зеттеуіндегі, 1937-жылдары қудаланған дін қызметкерлерінің ішінде Етжемес Ишанов деген фамилияның жүргені түсініксіз жағдай. Ет жемес ешан ата 1913-жылы жасы 80-ге келіп қайтыс болған. Жерленген жері өзі туылып, өскен «Көкше» елді мекеніндегі Шайх Зайниддин кесенесінің ішінде. Қазір бұл жер Ташкенттің ең көрікті жерлерінің біріне айналған.

Ет жемес ешан атаның Зайнилабин есімді інісі бар еді. Келестіктер оның атын қазақ тілінің икеміне келтіріп, Зайнабешан деп атайтын. Ол ағасының ордасынан бір жарым шақырымдай жердегі Келес өзенінің жағасындағы төбеде отырған. Ет жемес ешан ата осы інісінің жаңа туылған Сәйдәріп есімді баласын, қырық жасында бауырына басады. Өзінің бел баласы Имамеддинді (оны келестіктер  Төрежан деп атап кеткен) елу екі жасында көріпті. Біз  білетін  перзенттері осылар. Ет жемес ешан ата жасы сексенге таянғанда, бала-шағасын шақырып алып, «маған деген қандай өкпе-наз, тілектерің бар» деп  сұрайды. Сонда Сәйдәріпқожа «мені екі дүниеде де перзентім деп айтасыз» дейді.Тілек мақұлданады. Ешан ата көзінің тірісінде қасиеті бар екі шапанын екі ұлына  бөліп береді.Сәйдәріпқожаға берген шапаны қазір де бар. Шөбересі Хасанқожаның сандығында сақтаулы. Бір ғасырдан асса да  тозбаған, сол күйінше. Бұл шапан әулиеге арналған үлкен жиындарда, лайықты кісілерге кигізіп елге бірнеше рет көрсетілді.

Осы жерде екінші шапанның тағдырын айта кетейік.Төрежаннан қалған бұл шапанды, жақын туыстары әулие атадан қалған тәбәрік деп, қайшымен кесіп бөліп алған деген сөз бар. Нәтижеде шапан да,оның қасиеті де жоқ болады. Кесінділері қазір кімдердің қолдарында жүргені де белгісіз.

Заман өзгеріп,орыстар өздерін өздері «төңкеріп»,1917-жылы «жалаңаяқ» коммунистік партия билікке келеді. Империядағы иеліктердің иелерін жояды. Ақ патшаны жанұясымен қырып тастайды. Бұрынғы шенділердің аман қалғандары шет ел асады. Отарланған Қазақ елі бұрынғыдан  да бетер  қиыншылықтарға ұшырады. Сол кезде 6 миллионнан  асатын, (соңғы деректер бойынша 8 миллионнан  асатын) қазақтың жартысынан көбін атып, асып және қолдан жасаған ашаршылығымен қырып,жойды. Тарихты ұмыттырды. «Жаратылыс өзі бұрыннан осындай. Адам Дарвин айтқандай маймылдан тарап, өсіп-өрбіген».  Осыны халықтың санасына сіңірді. Басқаша ойлағандар атылды, түрмеге тоғытылды. Қысқасы «Құдай жоқ, дін өтірік» деді.

Жалғасы:

Ет жемес ешан атаның ұрпақтары

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button