Жарық нұрдың сәулесі

Аягөз аймағына исламның таралуы

Бағдат Оралбайұлы, «Тегімізді білуге талпыныс» Алматы - 2015 жыл

Аягөз өңіріне исламның таралуы жайында жазылған біраз шығармалар мен мақалалар бар. Соның ішінде Қабдеш Жұмаділов ағамыздың 2002 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Прометей алауы» атты романының орны ерекше. Енді осы романнан біраз үзінділерді келтіруді жөн санадым.

Патша өкіметі хандық билікті әбден әлсіретіп барып 1822 жылы қазақ даласында хандық басқару жүйесінің жойылғанын жариялады. Артынан, 1824 жылдан бастап орыстар қазақ даласына тұс-тұстан басып кіру жорықтарын бастады. Олар ең алдымен көтерілісшілерден қорғану үшін бекініс-қамалдарын сала бастады. Көкшетау, Құсмұрын, Баянауыл, Ақмола, Қарқаралы, Ермак, Семей, Өскемен, Аягөз, Лепсі, Матай, Талдықорған, Верный, т.т одан әрі оңтүстік облыстарды игерді.

Салынған бекініс-приказдарды  негіз етіп әлденеше округ-дуандар құрылды. Әрбір дуанды орыстан шыққан өкімет өкілі майор мен қазақтан сайланатын аға сұлтан биледі.

Аягөздегі бекіністі приказ бастығы Сергей Нюхалов өз атағын шығарғысы келді ме екен қамалды «Сергиополь» деп атаған екен.

Әр бекіністе белгілі мөлшерде әскер мен қару-жарақ, тіпті пушкаға дейін болған және сонымен қатар қоңыраулы шіркеулер салынған.

Шіркеулерде тек ғибадат қана етіп қоймай, елді шоқындыру ісімен де шұғылданған. Ал атам заманнан тұратын осындағы тұрғылықты халықта бірде бір мешіт жоқ. Ескерілмеген, берекесіздік. Ақыры Ақтайлақ би: «Енді жойылып кетпеудің бірден бір жолы халықты аздырып-тоздырмау үшін тілін, ділін, иманын сақтау. Ендігі майдан даланың төсінде емес, әр адамның бойында, жүрегінде өтуі керек. Дәл қазір құдайдан өзге қуат, исламнан басқа қорғаныш жоқ. Әр жүректі басып өтетін ең соңғы шекара шегі осы болмақ» – деген тұжырымға келеді.

Бұл ойын іске асыру үшін халықты жаппай дінге бой ұсындыру қажет. Ал ол үшін ислам дініне жетік адамдар қажет еді. Жергілікті жерде ондай жандар жоқтың қасы болғандықтан Түркістан жақтан ислам қағидаттарына жетік таза қожалардың оқымысты ұрпақтарын тарту керек болды.

Бұл мақсатты іске асыру үшін, көреген Ақтайлақ бидің ықпалымен, оның ұрпақтары Кеңесбай бастатқан бес болыс Сыбан руының атқамінерлері Түркістан жақтан дін исламды қолдарына өмірдің бағдаршам жарығындай ұстаған қожаларды өз ауылдарына көшіріп әкеледі. Бұл кезде Бердіқожаұлы Әуез жас жеткіншек болса да оқыған, діни сауаттылығымен көзге көрінген кезі екен. Келгеннен кейін медресе ашып, жас балаларды жинап, сауаттылыққа, діни шариғатқа оқытып, баулиды. Бірер жыл бала оқытқаннан соң Әуез әкесінің ауылына бармақшы болып рұқсат сұрағанда, оны жібермеу үшін Кеңесбай, Жарқымбай т.т.ақылдаса келе өздерінің туыс-інісі Малдыбайдың қызы Дінасылды Әуезге қосады. Осы Дінасыл мен Әуезден Мұхтардың әкесі Омархан туады.

Осындай мақсатпен Түркістан, Созақ маңынан 30-40 түтін, жан саны екі жүздің үстінде қожаларды көшіріп әкеледі. Бұлардың арғы аталары атақты Бақсайыс (Бақшайыш) – Сейіт Камалиддин екен, оның арғы аталары Садр шайх, Ыбырайым шайх, Ысқақ баб, Абд ар Рахман, Мұхаммед ибн ал Ханафия, Әзірет Әлі әл Мұртаза-Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың немере інісі, әрі күйеу баласына (Фатима қызының күйеуі) барып тіреледі. Бұл келген қожалардың көпшілігі-медресе бітірген жастар, ғұлама хазіреттер, оқымыстылар қатарынан екен.

Арқаға қарай көшуге мұрындық болғандар: Шахиахмет хазірет, қасиетті Саяқып қожа, оның ұлы Бердіқожа, Шейхул Сейіт Мирхалидұлы. Бұл кезде Саяқып қожа жетпістің маңындағы қарт, ал қалғандары орта және одан төмен жастағы адамдар болса керек.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) – Алланың жерге жіберген ең соңғы елшісі болса, бұл келгендер – қазақ жеріне кешігіп жеткен сол елшінің ұрпақтары. Бұлар бейне, құдайдың отын жерге алып түскен Прометей алауындай, қолдарында бір ғажап шырақ бар. Сол қасиетті алау әр жүрекке сәуле түсіріп, иман нұрын шашатын кез де алыс емес.

Түркістаннан келген қожалар көшін Ақтайлақ би бастаған Сыбан руының адамдары қарсы алып, қонағасына «көкқасқаны» сойғанда батаны қонақтардың үлкені Саяқып қожа беріпті.Осы алғашқы көштен кейін де, бұл жаққа қожалар әулеті дүркін-дүркін бестен, оннан келіп отырған екен.Қожалар орналасқаннан кейін басты мақсаттары – исламның шариғат, һәм тарихат жолын көрсету және ол үшін мешіт-медресе салу, балалардың хат сауатын ашу, ел ішінде құран-хатым, жаназа, сүндет рәсімдерін жасау жұмыстарын жүргізген. Алдымен Аягөзде мешіт пен медресе бой көтереді. Аягөз дуаны мен Ақтайлақ ауылы айнала төңірекке иман нұрын тарататын өзінше бір орталыққа айналады. Әр жер, әр ел өз орталарынан мешіт-медресе салып, осы дуаннан ат-түйедей қалап арнайы оқыған қожа-молдаларды алып отырған.

Бір жылы қайын жұрты – Ағанас ауылына амандаса келген Құнанбай осы жақтағы Бердіқожамен танысқан екен. Содан «біздің елге көш» деп жабысыпты. Бұл жолы көптен бауыр басып қалған Саяқып қожа балаларын Ақтайлақ бермей алып қалыпты. Қадалған жерінен қан алмай тынбайтын тобықтылар кейін Бердіқожа әулетін өз жағына көшіріп алыпты.

Құнанбайдың Аягөзден ат-түйедей қалап қожаларды алдыруы тегін болмады, ақыры өзі біржола құдай жолына түсіп, қажылық сапарға барып, қажы атанады.

«Қожалардың алғаш Аягөз жаққа келгеніне отыз жылдай болғанда Абай 18-де екен» – деп жазады Қ.Жұмаділов ағамыз. Абай атамыз 1845 жылы туғаны мәлім, демек 1845+18=1863-30=1833ж, яғни қожалар бұл өңірге 1833 жылдар шамасында келген болып шығады.

Тағы да Қ.Жұмаділов ағамыз: «Қожалар әулеті арқаға келгенде Саяқып қожа 70-тен асқан кезі екен» – дейді және бір жерінде: «85 жасында қайтыс болған» деп көрсетеді. Сонда, жоғарыда есеп бойынша Қожалардың келген уақыты 1833 жылдың шамасы болса 1833-73 жас=1760 туып+85 жасаса= 1845 жылы қайтыс болған болып шығады.

Саяқып қожа бабамыздың есімі аңызға айналған, қасиетті тұлғалардың бірі, оқымысты, әулие адам болыпты. Бұл туралы Аягөз ауданының Мың-Бұлақ, Ақшәулі, Қарабұлақ ауылдарының ескі көз қариялары «жырдай» етіп әңгімелеуші еді. Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, ғасырға жуық өмір сүрген ақсақал ағамыз Ыбырайым ұлы Бойтан, соғыс және еңбек ардагерлері Төтекбаев Доланбай, Ахмадиев Рымтай, еңбек ардагері Бөтекенов Серікбай сияқты ағаларымыздың аузынан осындай мағынадағы әңгімелерін біз бала кезімізден естіп, қанық болып өстік. Бұған дәлел ретінде мына бір әңгімені келтіре кетейін.

Ұлы жүз Қарасай батырдың әкесі нашарлап, қайтыс болар алдында ағайын-туыс, ұрпақтарымен бақұлдасып өсиет-аманатын айтыпты-мыс: «Менің жаназамды өлгенде анық қожаға шығартыңдар» – деп. Сонымен дәмі таусылып ол кісі бұл дүниеден қайтқан соң Қарасай батыр әке аманатын орындау үшін сол кезде Ташкенттің медресесінің шәкірті 14 жасар Саяқып қожаны мүфтиден сұрап алып келіпті. Осы уақытта ауыл маңайындағы жергілікті қожа-молдалар қызғаныштың, көре алмаушылықтың кесірінен қарсы шығыпты: «Немене, мынау жас баланы алып келгендерің? Ұшып-қонып тұрған осындай жын-шайтан, көбелекке жаназа  шығартпаймыз» – деп даурығысыпты. Бұл дауды шешу үшін енді осы қожа-молдаларды сынамақшы болады. Сондықтан, ел ағалары мен жақсы-жайсаңдары ары-бері ақылдаса келе мынандай шарт қояды: «Сексен түйе сексеуіл алдырамыз, оны алақатан етіп үйіп өртейміз. Кім осы оттың ортасына отырып от сөнгенде аман қалса, сол әулие болып саналады» – деп шарт қойыпты-мыс. Сонда жаңағы дауды шығарғандар: «Біз сен сияқты жын-шайтан емеспіз, жаныңды отқа тастай алмай жүрсең өзің біл» – депті. Бұл шартты орындау тек Саяқып қожа бабамыздың ғана қолынан келіпті дейді. Ол кісі оттың ортасында, ақ кигізге отырған бойы, жүзін құбылаға қаратып, құранын жайып, оқып отыра береді. Лаулап жанған оттың жалыны жоғары көтеріліп ортасында отырған Саяқыпты орап әкетеді.

Сол уақытта, мына қорқынышты көрініске шыдай алмаған Қарасайдың шешесі Саяқыптың аман қалуын Аллаһтан тілеп, отты айнала жүгіре берген екен дейді. От жанып болып, сөнген шақта қараса Саяқып аман-есен, сол отырған қалпында құранын оқып отыр екен дейді. Сонымен, ол орнынан тұрып қараған кезде, Құранның бірер парағының шеті мен ішкиімнің бауының біраз жерін ғана от шалған екен дейді. Бұның себебін сұрағандарға Саяқып баба: «Біріншіден – мына дүмшелер маған күмән келтіріп таласқанда бұлармен ерегесіп күпіршілік еттім. Құранның шетін оттың шалуы содан. Екіншіден – ішкиімге бұдан бұрын зәр тамған болса керек. Ішкиімнің бауын соның кеселінен от шалған екен» – дейді.

Сонда, бұл уақиғаны көздерімен көріп тұрған куәгерлер: «Нағыз әулие екен» – деп үлкендері қолдарын беріп, кішілері бастарын иіп мойындапты. Нәтижесінде – жаназаны Саяқып қожа шығарыпты» – деп айтатын еді үлкен ағаларымыз.

Бұл әңгімеде аты аталатын Қарасай батыр ХVІІІ-ғасырда өмір сүрген кіші жүздің Шапырашты руының батыры болуы керек (Н.Ә.Назарбаевтың үлкен, арғы атасының бірі). Бұдан ой қорытатын болсақ Саяқып баба ХVІІІ-ғасырдағы шапырашты Қарасай батыр, үйсін Төле би, Ырғызбайлардың (тобықты) замандасы деуге болады.

Жоғарыда айтылған әңгімеде Саяқып бабамыз оттың ортасында отырып сынаққа түскен кезінде алдына жайып қойып оқыған қасиетті Құраны туралы айтпай кетсем тарихқа қиянат, менің кемшілігім болмақ. Сондықтан енді осы қасиетті Құран туралы естігенім мен көргенімді айта кетпекпін.

 

Саяқып бабаның құраны

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button