Ғалымның хаты

Әhлі бәйт

Құдияр Біләл

ӘhЛІ БӘЙТ (ҚОЖА)
Әhлі бәйт – «Пайғамбар әулеті» деген сөз. Қазақы ұғымда – қожалар. Пайғамбарымыздан (сғс) жеткен хадисте: «Мен сендерге Алланың кітабы мен әhлі бәйтімді қалдырдым», – делінеді. Бізге жеткен сол хадистің бір нұсқасын келтіре кетейік:
«Амма Зәйд бин Сәбиттен риуаят етілген хадисте.
Оны Имам Ахмад «Әл-муснад» кітабінде (21578), және Абд бин Хамид өзінің » Муснад» (240), Ибн Әби Шәйба «Мусонниф» (31679), Ибн Әби Ъаасым «Әс-сунна» (1548), Табарани «Әл-муъажжимул -кабиир»(5/154). Қасым бин Хассан. Зәйд бин Сәбит айтты. Росууллаһ соллаллоһу алайһи уә сәллам айтты: » Расында мен сендерге екі халифамды (орынбасарымды) қалдырамын: Алланың Кітабы, жер мен көктің арасында сөзылған арқан, немесе жер мен көктің арасында. Уә жанұям әһлі бәйтім. олар екеуі ешқашан ажырамайды хаузда (Кәусар хаузы бойында) маған қайтарылмағанша».
Бұл екі ұғым (Құран мен әhлі бәйт) тағы бір хадисте: «екі сақолайн» делінеді. Имам Нәуәуи «Муслимның сахихінің шархында» (15/180): Ғұламалар былай дейді: «Сақолайн деп аталуы, ол екеуінің ұлықтығында, екеуінің дәреже-мәртебесінің үлкендігінде». Кейбір көзқараста: «Екеуіне амал ету қиын, ауырлығында». – деп айтылған. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (сғс) Құранмен қоса өз сүннетін қалдырғандығы туралы айтады. Алайда көп риуаяттарда әhлі бәйтқа жеке дара тоқталады. Соған орай біз бүгінгі мақаламызда әhлі бәйттің (қожалардың) қоғамдағы өзіндік орны мен олардың жалпы мұсылман қауымға не себепті Құранмен теңестіріле қалдырылғанының мәнін ашуға тырыстық.
Біз осының алдында әлеуметтік желі бетінде Діни басқама жүргізіп отырған дін саясаты мен ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрлі дін төңірегінде бірқатар мақалалар жарияладық. Имамдарға қарата: «Дұғаларыңыз елді жайлаған зұлматтың бетін қайтара алмайтын болса, сәлделеріңізді шешіңіздер», – деп те сын айттық. Олай деуіміз, имамдардың сәлде киісі Пайғамбарымыз (сғс) сүннетінен гөрі формалық мәнге ауысып кетуіне байланысты еді. Басы ашық жәйт. Имамдар сәлдені барлық уақытта киіп жүре алмайды. Имамдар сәлдесі бастарынан гөрі, қастарындағы көмекшілері ұстаған пакетте көбірек жүреді.
Жә, не керек, біздің Діни басқармаға қарата айтқан осы сынымыз әлеуметтік желіде жарияланысымен-ақ бізге сол «ауылға» қатысы бар бір ағайыннан (қожадан) жауап келді. Сірә, терісіне сыймай ашуланып отырып жазған-ау, әлде бар сауаты сол ма, мынандай жауап келді. Ол үшбу хатты әріп қателеріне қарамай келтірудегі мақсатымыз, қалай десек те онда қожаларға қатысты біршама шындықтың беті ашылған. Бірақ басын ашып айту керек. Хат иесінде, қанша жерден ғұлама болса да, дін мен әhлі бәйт туралы тіпті түсінік те жоқ. Өкінішке қарай мұндай жәйт қазір әлемдік «дін ғұламаларының» деніне тән. Сонымен әлгі бауырым маған жазған хатында былай депті:
«Муфтияттың дұғасының қабыл болмауы қазақ қожаларының тәккаппарлығында жатыр. өзге қазақ рулары силағанға есіріп біз ақ қалғаны қара деуінде жатыр. Муфтият сәлдесін шешпеді ал қожалар сәлдесіз жүр. мықты болсаң сәлдең қайда? Бір қожаның сәлдесі мың қожаға сәлде болады деп кім айтты? Муфтияттың бір бұзылғаны бар болса ол қожалардың бұзылғанын болды. дұғалары қабыл болмаса қожалардың қызғанып амин дегенін болды. Қожалардың ата салтын, жолын ұмытып саясат, атақ, дүние қуғанынан болды. Бүгінгі қожалар кешегі қожа емес. Кешегі қожалар өзге қазақ руларының жалшысындай болған. Баласының тәшін кесіп, сүндетке отырғызып, науқасына дем салып, некесін қиып бишара болған. Бишара болмай ишара болмайды. мысалы мен бишараның екі атам болды бірі ауылдың малын бірі сиырын бақты. ишан екенмін деп шіренбеді. бұл муфтият сенің Пайғамбар атаңның қазақтағы Қара шаңырағы. Нақ бүгінгі таңдарда олар ықыласпен қарап тұрғанда сен кім едің сәлдеңді шеш дейтін? Сен атаңның жолында болсаң келіп Муфтиятқа келіп қызмет етпедің бе? Қожалардың дінге қызметі Муфтиятқа жанашыр болуы. Қолдарына су құйып, кәлошын алдына қоюы. Бұлар атаңа қызмет етіп жатқанда сен бұларға қызмет етпейтін кім едің? Сенің мақсатың муфтиятты билесем дейсің. жоқ олай болмайд ол такаппарлық. я, қожалар билеу керек. бірақ сыртын, жоғарыда саясатын емес олардың көңілін, жүрегін билеу керек. оның жолы бишара болып муфтиятпен қатар мына қазақ деген халқына қызмет етуі керек. мынадай қиын күндерде жылап дұға етуі керек. Атаң Ясрипке қуылып барғанда ансар күтіп алғаны үшін Атаң омір бақи оларды жақсы көріп өтті. «…үйлеріне түйелерімен қайтса мен Ансармен қайтуды артық санайм» деді. Ендеше сен де бір кездері сол Пайғамбарды қудалағандардың ұрпағы сені де қудалағанда сені осы Озған пайғамбардың ұрпағы күтіп алып, қадірлеген жоқ па? Кейін барің бірге Қазақ деген ұлт, ел болдың. Ендеше қайда сенің құрметің? Муфтият бұзылса дін бұзылмайд қожалар бұзылса дін бұзылад. Муфтият жас ғалымдарымен, имамдарымен енді түлеп жатыр… Арыстанбаб, Түркі пірі, Ғаусы Құл Қожа Ахмет Яссауи, құтыптардан Бекет ата, Мәшһүр әулиелердің Ақ батасын енді алып жатыр. Кеше барі Мәшһүр Құтыпқа барғанда сол жақтың бір сейіт қожасы иіліп қызмет етіп, малын шалып күтіп алды. Міне қожа деп осыны айтады. Қожа Ахмет бұларға ақ батасын беріп, қолынан келгенін жасап жатқанда сәлдеңді шеш дейтін сен кім ең? Қожа екенің рас болса кел муфтиятқа Атаңның қазақтағы Қара Шаңырағына қол тапсыр, қызмет ет, есіктің алдын сыпыр. Сонда ғана басыңдағы жалғыз сәлдеңнің ақысын бересін. Мына науқастарға дем сал, арғы жағы рухани дерт. Қаттылары демсіз қайтпайд. Қабылдамайсың ба онда Ғайыптың батасын ала алмайсың….»
Енді өз айтпағымызға келейік. Әhлі бәйт (қожалар) руханият иелері. Құран да «рухани туынды». Нақтыласақ, кәләм (Алланың сөзі). Сондықтан да формалық (материялдық) тұрғыда Құранды қанша жерден судыратсаң да оның мәні ашылмайды. Ол мән Құранды әhлі бәйт (қожа) қолға алғанда барып ашылады. Бір ескерер жәйт. Ол – бүгінгі қожа емес. Бүгінгі қожа өздерінің аманат иелері екендіктерін ұмытқан. Дұрысы – ұмыттырған. Бұл – шайтанның басты жетістігі.
Ұғынықтылық үшін мына жәйтқа назар аударайық. Бәрімізге белгілі. Шайтан адамның қас жауы. Адам баласы ол жаудан Алла панасына өткенде барып құтылады. Соған орай қай мұсылман да өз ғибадатын «Қуылған шайтаннан өзіңнен пана тілеймін», – деп бастайды. Бұл дұға – руханиятқа өтудің кілті. Ал ол руханиятқа біз қалай өтеміз? Жауап айқын. Қалай өту керектігін Пайғамбарымыз (сғс) біз тілге тиек етіп отырған хадисінде айтып кеткен. Соған орай біз Құранды қолға алдық. Қуылған шайтаннан Алладан пана сұрадық. Бірақ осы жердегі әhлі бәйттің (қожаның) қызметін ұмыттық. «Екі сақолайн» қаперден шықты. Ал ол екеуі бірі болмаған жағдайда дін өз мәнін жоғалтады. Шайтан тек әhлі бәйт (қожалар) арқылы өтуге болатын руханият есігін әhлі бәйт (қожалар) қадірін кетіру арқылы жауып қойды да өзге барлық діни жоралғыларды жасауға мүмкіндік берді. Тіпті ол сенің оқып жатқан намазыңа назар да салмайды. Мешіттер санын қаншаға жеткіземін десең де қарсылығы жоқ. Шайтанда жалғыз ғана мақсат бар. Ол – «Екі сақолайын» басын қосуға жол бермеу.
Біздің дәстүрлі дін сол екеуінің басын қосқан еді. Қазақ даласында Ишандар мектебі бар еді. Тіпті әhлі бәйтті (қожаны) Пір тұтпаған ауыл болмайтын. Себебі олар Пайғамбарымыздың (сғс) бізге қалдырған екі орынбасарының бірі болатын. Соған орай аталарымыздан: «Молда болсаң боларсың, бірақ әhлі бәйт (қожа) бола алмайсың», – деген ұлағатты сөз қалған.
«Екі сақолайн» мәні біршама ашылған соң енді өз ағайындарымызға, қожаларға шамалы наз. Қазақта: «Екі жылда бір туады, осы түйеніңкі не талтаң», – деген тағлымды сөз бар. Сол айтпақшы, осы қожалардыкі не талтаң? Олардың Шыңғыс Айтматовтың мәңгүртінен қандай айырмашылығы бар? Егер мәңгүрт болмаса өздерінің «Екі сақолайнның» бірі екенін естеріне түсірер еді ғой.
Жә, осы жерден тоқтайық. Оу, ағайын, әhлі бәйт, сіздер атқаруға тиіс жалғыз-ақ міндет бар. Ертеңгі күні Алланың алдына барғанда сіздерден: «Компанияны басқардың ба?, «Мемлекеттік қызмет атқардың ба?», «Имам болдың ба?», – деп сұралмайды. Сіздер атқаратын жалғыз-ақ қызмет бар. Ол – мұсылмандардың тәубесін қабылдап, өздерін руханиятқа жалғау. Сіздер соны жасаған кезде ғана ата-бабаларыңыз (Баб, Пір, Халифа, Ишан) тәрізді құрмет биігіне көтерілесіздер. Ал сіздер бүгін кім болып жүрсіздер? Басын ашып айтайық. Өз міндеттерін дұрыс атқармай, барша қазақты мұртсыз (мүритсіз) қалдырған сіздерсіздер. Өз қағынан жеріп, уахабилер сойылын соғып жүрген де сіздер. Ол аздай, «Екі сақолайн» міндетін атқарып жүрген өз бауырларыңыз, Пірлерге, Ишандарға топырақ шашып жүрген де сіздер. Алайда сіздерге деген сенім ешқашан өлмейді. Соған орай Пайғамбарымыз (сғс): «Менің әhлі бәйтімнің (қожалардың) жақсысын өзі үшін, жаманын мен үшін сыйла», – деген. Ендеше сол құрмет биігінен көрінуге тырысайық, ағайын!

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button