Бір суреттің сыры

Киіз үйге байланысты сөз тіркестері

Сайын Назарбекұлының «Қазақтың киіз үйі» (2005 жылы Елорда) атты кітабынан алынған

Атамыз Алаш, керегеміз ағаш – қазақтың “алаш” ұранды кезінде шыққан бұл сөз тіркесінің “керегеміз ағаш” дегенін “үйіміз ағаш” деп те түсінуге болады. Шығыс Қазақстанда киіз үйді кереге деп те атай береді.

Киіз туырлықты, ағаш уықты – туырлық сөзі кейде киіз үй мағынасын да беретін сөз. Уық киіз үйдің еңсесін көтеріп тұрар мұшесі.

Еңсесi биiк ақ орда – орта дәулеттiлер көшi-қонға ыңғайлы   болсын деп алты, жетi, сегіз қанат үйлер тiксе хандар мен атақты       байлар он екi он төрт, он алты қанат еңсесі биік ақ ордалар (үйлер) жасатқан.

Қақсал кепкен ағаш – ұй сүйегіне арнайы кесілген жіңішке бұтақтардың қабығы сыдырылып отыз-отыздан буып, көлеңкеде ұзақ уақыт кептіреді. Ауық-ауық орындары ауыстырылып бір жылдай кептірілген ағашты “қақсал кепкен ағаш” деп атайды.

Шаңырақ түйе – ұзатылған қыздың жүгі артылған түйе. Бұл түйеге ұзатылған қыздың шешесі, не жеңгесі мініп келеді.  Үй ағаштарын морға салу – үй ағаштарын керекті түрге түсіру үшін жалыны, оты жоқ ыссы ортады жұмсарту. Ол үшін жерден мол отын сыятын қазандық жасайды. Жағылған от түтінін жерден қазылған, екі қапталын, төбесін таспен қалаған қазандық көмейінің көленең мойыны (ұзындығы 350 см, қимасы 30-40 см) арқылы жібереді. Көлденең мойынның екінші басы тік мойынға жалғанады. Тік мойынның ішіне тікесінен үй ағаштары қойылады. Үй ағаштарын обынға салу – үй ағаштарын керекті түрге түсіру үшін жалыны, оты жоқ ыссы ортады жұмсарту. Ол үшін жерден мол отын сыятын қазандық жасайды. Жағылған от түтінін жерден қазылған, екі қапталын таспен қалаған қазандық көмейінің көленең мойыны арқылы жібереді. Көлденең мойынның ұзындығы 350 см-ден кем болмайды. Көлденең мойынның жалын жетпейтін жеріне үй ағаштарының ұзындарын тастайды. Ал қысқа сағанақ жасайтындарын мойынның үстіне көлденең тастап, оның үстіне шыммен жабады да, қазандыққа от жағады.

Үй ағаштарын қозға салу – бұл әдіс өте қарапайым, жерінде тасы жоқ жерлерде көбірек қолданылады. Ұзындығы үш метрдей, ені жарты метрдей жерге қи не тезек өртейді. Кейде арнайы құм төгіп отты соның үстіне жағады. Келесі күні оттың жалынын шығармай бықсытып қойып, кептіріліп дайындалған үй ағаштарын қоламтаға, құмға тығып, жарты сағаттай ұстайды да тезге салып өңдейді. Қозға салар алдында ағаштарды ылғалдайды.

Ағаштарды тезге салу – мор мен обыннан не қоздан шыққан ағаштарды суымай тұрып тезге салып өңддейді. Әуелі қисық жерлерін түзетеді. Ол үшін ағаштың қисық жерін тездің кертпесіндегі қазықша мен сықаурын алақынының ортасына қойып, үйші сықаурынның жамбастығын өз жамбасына келтірін тұтқалық басын бұру арқылы үй ағашына үлкен күшпен әсер етеді.

Тез қасында қисық ағаш жатпайды – үйшілер уық, кереге сағаналарына қажетті ағаштарды морлап балқытып, сосын тезге салып оқтай түзу етіп алады.

Шаңыраққа қара – бөтен үйде отырып артық сөйлеген, орынсыз сөйлеген кісіге басу айту.

Шаңырғың шайқалмасын – алғыс ретінде жиі пайдалынылатын сөз тіркесі.

Шаңырақ көтерді – өз алдына үй болды деген мағынады қолданылатын сөз тіркесі.

Шаңырағы құлады – артындағы ұрпағы  өшті деген мағынада айтылатын сөз тіркесі.

Шырағым, қайда отырсың, шаңыраққа қарашы – қонағының орынсыз қылығына ренжіген үй иесінің ескертуі.

Босағасы берік болсын – алғыс, бата.

Босаға аттау – қыз баланың тұрмысқа шығуы.

Босаға аттаған – бұрын тұрмысқа шыққан деген мағынады қолданылады.

Босағада жүру – біреудің үйінде жалшылықта жүру.

Босағалары берік болғай – алғыс, тілек.

Босағасын аттап көрмеу – бұрын ол үйде болмағандығын мағынасында.

Босағасы үңірейіп қалды – бір адамның мезгілсіз өлуі, не кетіп қалуы.

Босаға майлау – ырым.

Ерулік – жаңа көшіп келген көршіге арнайы мал сойып қонағасы беру дәстүрі.

Бір шаңырақ астында қартайыңдар – жаңа қосылғандарға бата

ретінде пайдалынылатын сөз тіркесі.

От басында, ошақ қасында – шаруашылықта жүрген адамдар туралы айтылады.

Қағанағы қарық, сағанағы сарық – қағанағы қарық барлықтың, тоқтықтың жобасын байқатса, сағанағы сарқ  (мүмкін сырық) өсудің, жетіскеннің символы ретінде айтылатын сөз тіркесі.

Киіз кімдікі болса, білек сонікі – киіз басқан кезде айтылатын сөз.

Бақандай бес жігіт – күштілікті, мықтылықты танытатын сөз тіркесі.

Түндігі ашылмай қалды – адамдары қырылып қалды деген мағынада айтылады.

Сырықтай болмай –орынсыз состыйып тұрған кісіге айтылар әзіл сөз тіркесі.

Босаға аттар – күйеудің алғаш қыз үйіне келген кезінде жеңгелердің сұрайтын ырымы.

Босаға аттау – жас келіннің алғаш түскен үйіне келуі.

Кереге бойлы кер жылан, босаға бойлы боз жылан – бақсылар жырынан.

Сырыққа құрық жалғап – ертегілерде кездесетін сөз тіркесі.

Бұраудың да сұрауы бар – үнемшілдікке баулитын сөз тіркесі.

Киіз үй қаңқасы – киіз үй сүйегі.

Ши жүгіртіп – адамдарды араздастырушылардың, әңгімені ұшындыра түсетін кісілер әрекетін бейнелейтін сөз.

 Есік көрген – төркініне қайтып келген, күйеуде болған деген мағынада айтылады.

Есік көргенді алма, бесік көргенді ал – бұрын тұрмыста болмаған қызды ал деген сөз.

Барымды киіп, бақанымды таянып – күтініп отырғанды бейнелейтін сөз тіркесі.

Есік пен төрдей – көшелі, тұрқы келіскен, көбіне жылқы малына арналып айтылатын теңеу сөз.

Керегеге таңылды – жазықты болды, масқараланды деген мағынада.

Түйін

 

        Ұлы Жаратылыстың кез-келген туындысы – тек қана табиғи қасиеттерімен қымбат. Саналы адам баласы табиғи дарынымен ерекшеленсе, асыл тастар сәулесімен бағалы. Гүлдер табиғи түсімен сүйікті болса, жемістер тәтті дәмімен сағындырады. Бірақ барлығы да жаратылыс силаған қасиеттерін сақтай алғанда ғана ардақты!..

Бір кездегі қазақ халқын ат құлағында ойнайтын батыл жігіттерімен, сәукелелі қыздарымен елестетеміз.  Иен даласын ен жайлап, жұмыртқадай киіз үйлерін жал басына дөңгелете тігіп тастап, бүгінгі емес ертеңгі, ертеңгі емес келесі ғасырды болжап отыратын дана қарияларды көз алдымызға келтіреміз.  Азаматтары бірлікте болып, бірлік берекеге айналған, жетім қалған баласы жоқ, иесіз қалған даласы жоқ елді қызыға есімізге аламыз.

Бір замандарда біздің ата-бабаларымыздың дәл осы айтылғандай  болғаны рас.

Ерлігі мен өрлігінен айырылса, бірлігі мен тірлігінен бас тартса адам пенделері өздеріне табиғат силаған қасиеттерін жоғалта бастайтын сияқты. Содан барып ұлт есебінде қасиет тұтары мен қимас қылығы қалмайтын болса керек. Қимас қадірлісі қалмаған халық дініне де, ділін де немқұралы қарап, әспеттеп жатпайтын болар. Қай жерде қарны тоқ болса, сол жердің тауығына айналатын секілді.

Сондайларға айналмас үшін, тағдыр мен тарих басымызға салған  сол сабақтардан қандай қортындыға шығарамыз?..

Жанымыз бен тәнімізде ұлттық болмысымызды сақтап тұрар, тіліміз бен ісімізде қазақтығымызды танытып тұрар нелер бар?

Көрмей қалсаң сағындыратын, шалғайға кетсек шақыратын, “ат айналып қазығын табар” дегізетін алтын діңгегіміз не?

Әрине, бұл сұраққа жауап көп. Әр адам өскен ортасы мен алған тәрбиесіне байланысты, білімі мен көргеніне байланысты сан түрлі жауап қайтарар. Бірақ көпшілігінің: “Ұлттық болмысты ұстап қалу үшін ұлттың төл заттарын сақтап қалу керек!” – деп жауап береріне сенімдіміз. Қазақ халқына ұлттық өнер мен ұлттың төл заттарын сақтап қалу үшін не істейміз деген мәселеге оңай жауап беру қиын мәселе емес.

Ел өз болмысы, өз тілі, өз өнерімен ғана ұлт атанады. Қазақтар да сол ұлттық ерекшеліктерін сақтай, дамыта жүріп қазақ атанса керек.

Болмысы батыстанған, өнері әлемденген “Жаңа қазақтар” мен “асфальт қазақтар” қазақтың өнері мен әдет-ғұрпына мемлекеттік қамқорлық күшейген кезде өз ортасына қайта оралатын болады.

Ұлттық болмысқа, ұлттық өнерге мемлекеттік қамқорлық қалай жүзеге асырылады деген сұраққа тек қана заң қабылдау арқылы деп жауап берер едік.

Сәулет және құрылыс басқармаларын, жобалау мекемелерін және жобалауға қатысатын шет ел фирмаларын қалалық, ауылдық, жол бойы ғимараттарын жобалау кезінде негізге аларлық заң тармақтарымен  қаруландыратын уақыт жетті, жеткен жоқ өтіп барады. Оларды міндетті түрде ұлттық сәулет пен ұлттық қолөнер туындыларын пайдалану арқылы ғимраттарға ұлттық түр, ұлттық сипат берілуге міндетті болатындай ету қажет..

 

Қазақ халқының болмысы өзінің киіз үйі мен әдет-ғұрпында!

Қазақ халқының жаны-тәні күйі мен әнінде!

Қазақ халқының рухы қолөнері мен кәсібінде!

Қазақ халқы қазақ атын алып жүремін десе осы нәрселерді жоғалтпаса болғаны.

 

                            Сайын Назарбекұлы

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button