Сөз зергері
Жырау, шешендік сөздің шебері Оразқожа БЕКАХМЕТОВ – 70 жаста. Осы есім Мырзашөл өңіріне кеңінен таныс. Оның ел ішіндегі абыройы өте жоғары. Жаратушының оған берген мінез-құлқы өзгеше. Түрлі басқосулардағы отырысы, сәлеміндегі жылылық пен сөзіндегі тазалық нағыз рухани байлық. Мақтау мен марапаттағанға жаны қас. Көзінше жылы лебізіңді білдіре бастасаң, мадақ бір Аллаға жарасқан деген сөзді естисің. Сосын ойыңды жалғастырмай тоқтап қаласың.
«Абайламай сөйлеген, ауырмай өледі» деген ғой атам қазақ. Өмірден көріп жүрміз, бұл сөз рас екен. Отырыстарда мынадай жағдайлар жиі болып жатады. Айтып тұрғаны ешкімге ұнамаса да шешенсіп, жұрттың мазасын алып, аузынан ұшынатындар бар. Әсіресе, ондайлар Оразқожаның алдында абайлау керек, ауызға еге болған жақсы. Әйтпесе ыңғайсыз күйге ұшырап қалуың әбден мүмкін. Жоқ, ол саған атыңды атап, түсіңді түстеп немесе қабағын шытып бірдеме демейді, сөзіңді мұқият тыңдайды. Өз ойын айтқысы келсе, ұлылардың сөздерінен мысал келтіре отырып, бұрын-соңды естімеген даналықтарды санаңа құйып тастайды. Басыңда саңлағың болса дереу түсініп, оның алдында әбестік жасап қойғаныңды сезіп, өзіңнен-өзің ұялып жүресің. Ақылы тереңдер өкінеді, әрине. Оразқожа: «Сөзді не шешен бастайды, не есер бастайды» деген қазақ шешендерінің сөзін жиі айтып отырады. Сонда сен оның алдында шешенсін ба, жоқ әлі де есерсің ба, ақылың жетсе мәселенің ол жағын дереу ажыратып алғаның абзал. Әйтпесе, тырнақтап жинаған абыройың көпшіліктің алдында шелектеп төгіліп кеткенін кейін барып байқайсың.
Сөздің құдыреті, қасиеті, киесі бар. Сөзді рәсуә еткендердің өздері – рәсуа. Оразқожа қазақтың киелі сөзін ешқашан рәсуә еткен емес. Өзі қатысып отырған басқосуларда туындаған әңгімелердің ыңғайына қарай ойын айтқысы келсе, бұрынғылар былай деген ғой деп көпшіліктің назарын аударатын мақал-мәтелмен сөзін бастайды. Әсіресе, «Аузыңнан шықпай тұрып сөзіңе өзің егесің, аузыңнан шыққан соң сөзің саған еге» – деген сөзді одан жиі естиміз. Қандай тауып айтылған терең ұғым. «Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ» – деген сөзді де отырыстардың барысында ретіне қарай қайталап қояды. Бұл да нағыз шындық. Ақылға салып қарасаң, сол атылған оқ біреуді емес, кейде өзіңді сеспей қатыруы мүмкін екен.Осындай пәлсапалық мәні терең сөзді тауып айтқан қазақ қандай дана халық десеңізші. Ендеше біз әңгіме етіп отырған Оразқожа осындай дана халықтың ғұлама әрі данышпан тау тұлғалы перзенті. Біз соған қуанамыз.
Жергілікті тұрғындар қадірлі ағамызды қазіргі таңда бәтегөй ретінде таниды. Негізінде дұрыс, ал бірақ бұл оның бойындағы өнердің бір қыры ғана. Кезінде домбырамен талай-талай қиссаларды, дастандарды жатқа айтып, таңды таңға ұластырған – жырау, халық әндерін (күй табаққа жазылған) орындаған – әнші, тәлім-тәрбиенің бұлақ көзіне айналған термелермен тыңдаушыларын сусындатқан – термеші болғанын, өкінішке орай кейінгі ұрпақ біле бермейді.
Негізінде бата – тілек сөздердің жиынтығы. Бата мейлі қара сөзбен айтылсын, мейлі өлең шумақтарынан құралсын, өтіп жатқан іс – шараның тақырыбына сай болуы тиіс. Осы мәселеге келгенде баташыларымыздың біразы тақырыптан адасып жүр. Ал Оразқожаның батасы мүлдем басқаша. Тыңдаған кезде жаныңды жылытады, түсіп жүрген еңсеңді көтеріп, жабырқау көңіліңді жадыратып, өмірге деген құштарлығыңды арттыра түседі. Ең бастысы зерікпейсің, ұзағырақ айта берсе екен деп, қолыңды жайып тұра бергің-ақ келеді. Талай алқалы жиындарда бірге болып жүрміз, батаны одан көпшілік сұрайды. Сол кезде орнынан тұрып, бата жасауға бірден кірісіп кетпей, сабырлықпен жан-жағына қарап, өзінен жасы үлкен қариялар отырса, батаны сіз жасаңыз,-дейді. Олар рұқсат бергесін барып көпшіліктің талабын орындайды. Ізеттіліктің өнегесін көргің келсе, міне саған.
Ұлылық – бұл биіктік. Тума биіктік, тума пәстік бар. Екеуі де жаратушының сыйы. Кімнің ғұлама болғысы келмейді дейсің. Тырысып көр, бола алмайсың. Ұлылық ешжерде сатылмайды. Ұлы адамдар өзін ешқашан ұлымын деп санамаған. Біз, ұлы Абай, ұлы Мұхтар деп сөйлейміз. Не үшін? Себебі, олар қазақ ұлтының мәртебесін көтеретін артында өлмейтін сөз қалдырғандар. Абай мен Мұхтардың еңбектерін оқымаған қазақ – қазақ емес деген жеке адамдардың пікірлерін анда-санда есітіп қаламыз. Негізінде сол дұрыс. Оқысақ өзімізге және өсіп келе жатқан ұрпағымызға пайдалы. Адами қалыптасудың басты тірегі-тәрбие. Шынайы тәрбиені ұлылардың сөздері мен өнегелі істерінен табамыз. Ал Оразқожаның тәлімгерлері сондай ұлылардың қатарындағы адамдар.
Қадірлі ағамыздың өмірдегі әрі өнердегі бірінші ұстазы – өз әкесі Бекахмет. Ол кісінің ауыл отырыстарында қолына домбрасын алып, әу деп жіберетін өнері болған. Жыршы келсе, артынан жұрт еріп жүріп тыңдайтын қиссалар мен дастандарды жатқа білген. Кеңес үкіметінің тұсында ұлтшыл деп айыпталып, шығармашылық еңбектерін оқуға тыйым салынған жазба әдебиеттің тарлан тұлғалары Шәкәрім Құдайбергенов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың есімдерін және олардың өлеңдерін Оразқожа өз әкесінен естіді. Сонымен қатар ұлы Абай өзіне ұстаз санаған шығыс шайырлары Мүслихиддин Сағди, Жалалидин Руми, Әлішер Науаи, Қожа Хафиздердің өлеңдерімен сусындап өсті.
Зеректік, құймақұлақтық, бір естігенін жаттап алу қабылеттері оны біртіндеп жыршылық өнерге әкеле бастады. Алпамыс, Қобыланды, Қыз жібек, Манас, Ертарғын, Еңлік-Кебек, Жүсіп-Зылиха жырларын дауыс мақамына салып, ауыл адамдарына оқып беріп жатқанын бала кезімізде көрдік және көпшілікпен бірге әуестене тыңдадық. Оның бойында өнердің дәні бар екенін алғашқы болып байқаған нақыл сөздің шебері Қайыпназар Әйтпенов болатын. Бұл кісіні Оразқожа тұңғыш ұстазым әрі өнердегі әкем деп атайды. Бала кезінен қасында жүрді, сөздерін көп тыңдады, жазған өсиет термелерін орындап, халыққа кеңінен насихаттады. Қ.Әйтпенов талаптының белін буып, осылайша өнердің есігін айқара ашып берді. Бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан әргі кезең еді.
Өнердің ішінде, әсілі, терменің жөні бөлек. Әу дегеннің бәрі термеші емес. Домбрасының үні де, өзінің даусы да мақамға дұрыс түспей, жақсы жазылған өлең шумақтарын шатты-бұтты айтып, тыңдаушыны өзінен алшақтатып алатындармен анда-санда болса да ұшырасып қаламыз. Ондайлар асыл сөз бен киелі домбраны қорлаушылар. Оразқожа жап-жас балғын шағының өзінде табиғат берген талантымен терме өнеріне атты ойнақтатып келді. Майлықожа, Мәделіқожа, Кенжеқожа, Салқожа, Құлыншақ, Бұйдабай, Тұрмағанбет, Шәдітөре, Нартай, Молла Мәнсұрдың насихат өлеңдерін нақышына келтіре орындады. Міне осы кезде ауыл аралап, өнер көрсетіп жүрген атақты Құтбай Дүрбаевты Оразқожаның әкесі Бекахмет үйіне шақырып, қонақ етеді. Бұл 1969 жылдары болатын. Екеуінің арасындағы ұстаз бен шәкірттік қадамдары осылай басталған.
Құтбай – ақын, әнші, термеші, халық театрын басқарған алып өнер иесі. Оған шәкірт болу үшін, оның бойындағы өнер табиғатын айнытпай иегере алатын ерекше жаратылған дарындылық керек. Оразқожада бұл бар еді. Бір шындығы, талаптының бәрі ұстаз талғамына сай келе бермейді. Талпынып, талпынып өнердің маңайына жақындай алмай жарты жолда қалып кететіндер қаншама. Өнер саған емес, сен өнерге табынасың. Өнер жуас емес – асау, талантсыздардың шәрмендесін шығарады. Соны түсінетіндер де, түсінбейтіндер де қазіргі таңда сахна мен той-домалақтың төрін бермей жүр. Осылайша қымбат өнерді арзандатып алмасақ болар еді. Оразқожа өзі игерген өнердің қайсысы болса да қадірін ешқашан кетірген емес. Қ.Әтпенов өнердің есігін айқара ашып берсе, Қ.Дүрбаев өзінің шәкіртін өнердің шыңына шығарып кетті.
Тыңдаушыны ұйытып тастайтын мақам біз білетін Нартайда, Құтбайда болған. Бір сөзбен айтқанда сондай дауыс мақамы Оразқожада да бар.Ол ұстазының қасына еріп, ел аралап өнер көрсетті. Тіпті бірнеше айлап сапар шекті. Шәкіртінің терме айтуға деген ықыласын байқаған Құтбай отырыстардың бірінде кезек береді. Сол кезде домбырасын қолға алып, термені төкпелетіп жіберген Оразқожа тыңдаушыларды баурап, өзіне сенім артып отырған ұстазының көңілінен шығады. Өзбекстанның Бұхара, Науйы, Самарқан, Жызақ облыстары мен Қарақалпақ жерінде тұратын қазақ диаспорасын аралайды. Бұл 1970 жылдары Әскербек Еңкебаевтың телеаранадан терме хабарын тарата бастаған тұс болатын. Сол уақыттарда исі қазақ баласы терме хабарын сүйіп тыңдады. Телеарнадан берілетін уақытын асыға күтті. Ұстазы Құтбайдың қасында жүрген шәкірті Оразқожа осы жылдары терме өнерінің шарықтау шегіне көтерілді. Оны Өзбекстандағы қазақ бауырлар мен бүкіл Мырзашөл халқы жете танып, термеші ретінде қатты құрметтеп, той отырыстарына жаппай шақыра бастады.
Алайда ұстаз бен шәкірт арасындағы үйлесім тапқан тығыз байланыс кенеттен үзіліп кетті. Қазақ еліндегі Нартайдан кейінгі аты кеңге тараған термеші, әнші Құтбай Дүрбаев қайтыс болды. Бұл оқиға Оразқожаның жүрегіне ауыр тиді. Өйткені ұстазынан үйренері әле көп еді. Естай, Ақан сері, Бәржан сал, Жамбыл, Кенен және Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина және басқа да аттары ғасырлар бойы өшпейтін әншілеріміз бен күйшілеріміздің артында қазақтың киелі аспабы домбра қалғанынан хабардармыз. Ұқыпты жандардың қолдарына түскендері бұл күнде мұражайларда сақтаулы тұр. Көненің көзіндей алтын жәдігерлеріміз солар.
Ия, Құтбайдың артында да домбыра қалды. Оның көңілінен шыққан шәкірттері көп емес, саусақпен санарлық қана. Солардың ішінде жүрегіне жақын тартып мейірімін төккен, әрі досы, әрі баласындай болып кеткен сүйікті шәкірті – Оразқожа ғана. Ұстазы көз жұмар алдында домбраны Оразқожаға беріңдер деген екен. Әр аспапты жасайтын арнайы ұстасы болады. Өмірінің соңғы кездерінде Өзбекстанда көп жүргендіктен Құтбай қазақтың домбырасын өзбектің ұстасына жасатқан. Аса назар аударытын нәрсе, домбыра оп-оңай жиналады әрі қайта құралады, арнайы қорапқа салынып, алып жүруге өте ыңғайлы. Пошымы сәл өзгешелеу болғанымен, шертсең кәдімгі қазақы домбыраның үнін естисің. Көрген сайын қызығып, қолыңа қайта-қайта ұстай бергің келеді. Ұстаздан шәкіртіне қалған бұл қымбат жәдігер қазіргі таңда Оразқожаның үйінде сақтаулы тұр.Тек домбыра емес, Құтбайдың даусы жазылған сирек кездесетін үнтаспалар да бар.
Біржан сал, Ақан серінің домбраларымен күй тартып, ән айтқан белгілі әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменов қонаққа келген кезде Құтбайдың домбырасын қолына алып, қызықтап қарап, Сүгірдің күйлерін тартып, аспаптың жасалу үлгісі мен дыбысына өте риза болыпты.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығы 1972 жылы республикалық деңгейде атап өтілді. Бұл бас қосуды Қазақстан ғылым академиясы ұйымдастырған болатын. Кеңес өкіметінің жүргізіп жатқан саясаты әсерінен болса керек, әле терме өнерінің өзі еркін дами қоймаған кез. Ал қазір ше, жер-жерлерде жарыстар жиі өтіп жатыр. Қаншама терме үйренушілер мектебі ашылған. Не керек тойға қолына домбыра алып терме, жыр айтып, ел ішінде көзге түсіп жүрген өнерпаздар Қазақстанның барлық облыстарынан іріктеліп шақырылды. Сондай шақыру құрметіне Өзбекстан республикасының құрамынан кері қайтарылғанына бір жыл толған үш ауданның ішінен Оразқожа ие болды. Жамбыл тойында ол Қазақстандық жыршыларымен терең танысып, олар бұны Құтбайдың шәкірті ретінде танып, бағалы сыйлықтармен марапатталып, елге үлкен абыроймен оралды.
Әдетте жыршының баласы – жыршы, әншінің баласы – әнші бола бермейді. Ал, Оразқожаның ұл-қыздары түп-түгел өнерлі. Олар сахнадан жастай көрінді. Ұлкен ұлы Төлеген өзіне жараса өлең жазса, одан кейінгі ұлдары Өтеген мен Бауыржан алғашқы да терме өнерімен жергілікті халыққа ерте танылды. Қыздары: Дана, Сара, Рахия, Рәзия мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде домбыра тартып, ән айтты. Өнерлі отбасының есімдері елге тарап, шарықтап кетті. Даңқтары қазақ телестудиясының басшыларына жетіп, 1982 жылы Оразқожаны терме хабарына шақырады. Оған терме айтуда әжептеуір төселіп қалған Өтеген мен Бауыржанды ертіп барды. Әкелі-балалы термешілер Қ.Әйтпеновтың, Қ.Дүрбаевтың термелерін орындап, Қазақстандағы телекөрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді.
Кеңес заманында қазақтың төл өнері ақындар айтысын халық ауыз әдебиетінің жанры ретінде ғалымдар зерттеп жазған оқулықтардан ғана оқыдық. Аттары аңызға айналған бұрынғы айтыстар туралы жарық көрген кітаптардың аздығы соншалықты, қолға түсе бермейтін. Тіпті, сол кездегі жас ұрпақ суырып салма ақындардың шынайы бейнесін сахнадан көрген де емес. Біздер көрген алғашқы республикалық ақындар айтысы 1980 жылы Алматы қаласында өтті. Облыстың ақын-термешілері бір-бірлерімен сайысқа түсті. Жоғары жақтың тапсырмасы болу керек, ақындар өздерінің мақтаулары сын- ескертпелерін қағазға түсіріп, оны коммунистік партияның идеология мамандары оқып көріп, содан кейін барып сахнада айтуға рұқсат берген еді. Алайда нағыз суырып салма ақындар саясаттың тәртібін сақтай отырып, қағазға қарамай-ақ айтысты. Олар: Манап, Тәушен, Көпбай, Әселхан, Надежда және басқалар.
Айтыс өнері дамып, облыстарда жалғасты. Ал аудандарда ақындар айтысы 1981-82 жылдардан кейін қолға алынып, колхоз-совхоздардың ақын – термешілері жарысты. Қойылған қатаң талап партияға, басшыларға қарсы сын айтылмау керек. Ақындардың жазып алып, домбрамен сахнада айтатын сөздерін аудандық партия комитеті қадағалаудан өткізіп отырды. Жазба ақындар жетерлік, суырып салма қабылеті бар ақындар жоқтың қасы. Барларының өзіне еркін көсілуге жол берілмеді. Жазба ақындардың қағазға түсіргендерін әншілер орындап, айтысқа түсіп жатты. Ол әнші ма, суырып салма ақын ба, оған жете мән берместен айтыс өнерін көзімен көріп, айтқандарын құлағымен естігендеріне жерлігілікті халық қуанды. Клубтар мен мәдениет сарайларына көрермендер сыймай, аяқтарында тік тұрып тамашалады.
Бұл жерде менің негізгі айтайын дегенім, Жетісай ауданында өткен осындай айтыстарға басшылардың өтінішімен Оразқожа да қатысты. Айтысқа шыққандардың тоқсан пайызы шағын отырыстарда домбырамен ән және терме айтып жүргендер еді. Ол кезде ауыл-аймақ, аудан былай тұрсын Оразқожаның есімі жыршы-жырау, термеші ретінде Қазақстан мен Өзбекстан республикаларына танылып қалған. Ол да тапсырма бойынша ойларын өлең жолдарымен қағазға түсіріп, дайындалды. Айтыс басшылардың бекітіп берген сценариі бойынша жүру керек. Сәлемдесу, жетістіктерді айту, кемшіліктерді сынау, соңында қоштасу. Барлық жерде айтыс осы үлгімен өтіп жатты. Қағазға қарап отырғандардың арасында диалог болмай, уәждесулері тура шықпай, талайы шатасты. Бір шаруашылыққа барған кезде Оразқожаның қарсыласы сәлемдесуден кейін сценариды бұзып, бірден сынды бастырмалатып жіберді. Залда ду қол шапалақ, айқай-шу, күлкі. Мұндай тосын жағдайға шекемізден тер шығып, ыңғайсызданып қалдық. Бұған Оразқожа қалай жауап берер екен деп бәріміз аң-таң боп тұрмыз. Алдындағы қағазды ысырып қойып, аспай–саспай қарсыласының айтқан сөздеріне табан астында ойынан шығарып жауап қайтарып, бірнеше сауалдар тастады. Залда отырғандар одан бетер қол шапалқтап, «жарайсың, қатырдың» деп шулап кетті. Қарсылас ақын осы жерден тоқтады, өйткені қағаздағы сценарий бойынша жазылған өлең жолдарында ондай сауалдарға жауап жоқ. Осылайша Оразқожаның тек қана жаттап алып айтатын қара жаяу емес, суырып салма өнері бар екеніне де куә болғанбыз.
Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші композитор, Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағының және Композиторлар одағының мүшесі Кенен Әзірбаевтың 1984 жылы 100 жылдық мерейтойына жыршылық, жыраулық, термешілік поэзия өкілдері жер – жерлерден көптеп қатысты. Бұл жиынға Оразқожа құрметпен шақырту алып, оның арнайы барып қайтуы Мырзашөл халқы үшін үлкен мәртебеге айналды.
Қазақ өнері 1985 жылдары жаңа белестерге көтеріле бастады. Жанұялық ансамбльдер құрылып, олардың арасында жарыстар ұйымдастырылды. Осы жылы Шымкент қаласында Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай жарыс өтті. Бұған Оразқожаның отбасылық ансамблі қатысып, өздерінің бақтарын сынап көрді. Өнерпаздарға қойылған жарыс шарттары өте күрделі болатын. Патриоттық ән, халық әні, терме және күй орындау керек. Отағасы терме айтса, ұл-қыздары ән шырқап, күй тартты. Бұл жерде ерекше назар аударатын жағдай, өнер саласында бұрын көпшіліктің көзіне түсе қоймаған Оразқожының әйелі Сәпия ансамбльдің сүйемелдеуімен жеке өзі ән айтып, залда отырғандардың айрықша құрметіне бөленді. Сыннан сүрінбей өткен отбасылық ансамбль мүшелері облыс бойынша екінші орынды иеленді.
Ұстаз – шәкірт үшін ұлы тұлға әрі өте қымбат адам. Құтбай ақынның ел ішіндегі қадірі өте жоғары болатын. Оразқожа болса ұстазының қадірін күні бүгінге дейін ұлықтап келе жатыр. Әкесіне, анасына туған-туыстарына ас бергендерді көргенбіз. Ал ұстазына арнап ас беру ілуде бір кездесетін оқиға. Оразқожа 1996 жылы Құтбайдың тоқсан жылдығына ас беріп, халықаралық дәрежедегі ақындар айтысын өткізді. Қ.Жандарбеков атындағы дарама теарда көпшіліктің алдында Құтбай туралы баяндама жасады. Айтысқа Қазақстан және Өзбекстан мен Тәжікстандағы қазақ диаспорасы арасындағы танымал айтыскер ақындар қатысты.
Оразқожаның ұл-қыздары да өз өнерімен Қазақстан халқына танымал. Екінші ұлы Өтеген Мырзашөлдің ақиық ақыны, жас талапкерлердің жанашыры Әлібек Мейірбековтың сөзіне жазылған «Үрбибі» әнін шығарған кезде небәрі он сегіз жаста болатын. Бұл әнді Алматы қаласындағы «Достық» сарайында Оразқожаның кіші қыздары Рахия мен Разия үлкен сахнада орындады. Содан бері «Үрбибі» әні республика аумағында және Өзбекстан жеріндегі қазақ диаспорасы арасында үзілмей орындалып келе жатыр.
Қыздардың үлкені Дана балабақшадан бастап домбыра тартып, ән айтты. Аудан өміріндегі мәдени іс шаралардың барлығына қатысты. Мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде ересектермен бірге аудан халқына өз өнерімен қызмет жасады. Ал одан кейінгі қызы Сара мектеп аралық терме, ақындар айтысының аудан көлеміндегі бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол Яссауи атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазіргі таңда Жаңақорған ауданында тұрады. Қыздардың ішінде әке өнерін толық игерген осы Сара. Ол журналист, сөзге шешен, әнші-термеші, жазба ақын, сонымен қатар асабалық өнердің шебері.
Қазақтың ән әлеміндегі өнерпаздар арасында «жанып тұрған жұлдыз» деп көпшіліктің құрметіне ерекше бөленіп жүргендер бар. Аспанда да жұздыз бар, жарқырап тұрғандары санаулы-ақ. Ал қалғандары түнгі аспанның сәні, айырмашылығы сол ғана. Өнерде жұлдыз атану қиынның қиыны. Сахнаның сәнін келтіретін қатардағы әнші болуың мүмкін, ал жұлдыз болып жарқырауың екіталай. Әр әншіге бағаны беретін, жылы қабылдайтын, талантын бағалайтын тек қана қалың көрермен.
Ән сүйер қауымның назарын өзіне аударып, жұлдыз атанғандардың қатарынан орын алғандардың бірі – Бауыржан Бекахметов Оразқожаның үшінші ұлы. Ол да жастайынан терме айтып, үлкен өнердің есігін қақты. Өнердің табалдырығында қалып қоймай, сол кездің өзінде-ақ төрден бірақ шықты. Әкесінің қасына еріп, Қазақстан телеарнасының терме хабарына қатысқанын жоғарыда айттық. Сол кездің өзінде бала Бауыржанды бүкіл қазақстандықтар таныды.
Қай термені алып қарасақ та үлгі – өнеге мен ғибратты ұғымның насихатын көреміз. Әр заманның теремшілері сол заманда орын алған моральдық идеяларды тыңдаушыларға суреттеп жеткізді. Ертеректе шыққанымен күні бүгінге дейін құндылығы мен қажеттілігін жоймаған туындылар бар. Ол әлі де айтылып жатыр, мағынасы тәрбие үшін аса маңызды. Ал Бауыржан болса термеге жаңа заманға лайықты рең беріп, мазмұн жағынан байытты. Бұл шығармашылықты жаңа сатыға көтерді деп толық айта аламыз. Өзі жазып, өзі орындайды. Мына өмірде адам баласына жағымсыз нелер болып жатыр, неден жиіркеніп, нені үйренуіміз керек, соның бәрін терме арқылы баяндап жүр. Оның туындылары тұнып тұрғын тәрбие. Тыңда да, ғибрат ала бер.
Бауыржан тек қана терме жазушы, орындаушы ғана емес, ол жанға жағымды ерекше даусы бар – әнші, өзінің және өзге ақындардың өлеңдеріне ән шығаратын – композитор. Бұрын әкесі Оразқожа жанұялық амсамбль құрып өнер көрсетсе, енді міне Бауыржанның өзі балаларымен жанұялық эстрадалық ансамбль ұйымдастырып, ел аралап қызмет жасап жүрген қазақ өнерінің жанашыр қайраткері. Алматы, Астана қаласындағы көрермендерге жеке есептік концерттер берді.
Қазақ эстрада әншілерінің арасында өзге ұлттардың тілдерінде ән айтып жүргендері сирек. Бұрын орыс тілінде көп орындаушы еді, енді ағылшын тіліндегі әндерді анда-санда есітіп қаламыз. Шет елдік қонақтар үшін бұл да дұрыс шығар. Кейде залда отырған көрермендердің өздері өзге ұлттардың әндерін қалап тұрады. Мұндайда Бауыржан өзіне қамшы салдырған емес. Қазақшадан басқа өзбек, тәжік, қарақалпақ, ұйғыр, түрікмен және орыс, үнді тілдерінде тамылжыта ән салған кезде рахатқа батасың.
Арнау өлеңді қолына қалам ұстаған ақындардың барлығы жазып жүр. Негізінде бұл – арзан сөзді қаламайтын күрделі жанр. Оқып жатырмыз, арнаулардың көбісі, өкінішке орай құрғақ мақтаулар.
Жетпіс жасты еңсерген Оразқожа әңгіме барысында көргенімнен көрмегенім көп деп отырады. Ендеше, ел ішінде сөз зергері атанып жүрген ағамыздың отбасына амандық, өзіне ұзақ ғұмыр тілейік. Оның көргендерінің барлығы жас ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды.
Тәуелсіз ӘДІЛЕТҰЛЫ
ұялы телефоны – 87024750807