Алты ақын мен Ұлбике айтысы
АЛТЫ АҚЫН МЕН ҰЛБИКЕ
І – нұсқасы
Алты ақын Ташкент-Шыршық жаққа барып, өлең айтып қайтады. Бұлар «Өзбектердiң күрiш ботқасына әбден қақалдық қой» деп Мұсабай деген байдың үйiнен бiр мал жеп кетпек болады. Келсе бай да, бәйбiше де үйiнде жоқ екен. Жаңа түскен келiнi ғана бар екен. Үстiнде қара қыжым кемзал, қара атлас көйлек, аяғына әмiркен кебiс, мәсi киген екен. Алты мейман шынтақтап жатқандарында келiншек қамыр илеп отырып, абайсызда жел жiберiп қояды. Сөйтiп, ұялғанынан мәсiсiн шиқылдата бередi.
Мұны байқап қалған Майлықожа былай деп сөз бастайды:
Қоңыраттың бiр датқасы Мұсабай-ды,
Еш пенде келген желдi қыса алмайды,
Өкiнбе өткен iске, келiн шырақ,
Бұл шиқыл ол шиқылға ұқсамайды.
Сонда Мәделiқожа «Е, сен келiннiң көңiлiне тидiң ғой, одан да былай демейсiң бе» деп өзінің өлеңiн шұбырта жөнелiптi:
Бұл келiн меймандарға нан илейдi,
Аз болса ұннан салып тағы илейдi,
Өзi де шапшаң шалыс келiн екен,
Асығыс осы нанды қам илейдi,
«Ақындар осы нанға тоймай ма?» деп,
Келiннiң қосауызы зар илейдi.
Осылай дегенде Күдерiқожа ақын: «Ей, Мәделi! Алжып қалған екенсiң ғой, келiнге мiнәсiп сөздi таппадың» деп мынау бiр өлеңдi айтыпты:
Алтауымыз Сырдарияның қушығымыз,
Шығарар тисе қанды тұмсығымыз,
Гармонның мәскеуски әуезiндей
Келiнжан, жақсы екен дүмпуiңiз,
Дауысы сырнайыңның әсем екен,
Келiнжан, тағы бiраз сiлкiнiңiз,
Келiнжан, шиқ-шиқ етiп маза бермей
Есейiп қалып па едi шымшығыңыз?
Сонда Жәнкел ақын тұрып «Бәрiң де болмадыңдар. Келiнге майын тамызып, сыпайылап, әдемiлеп айту керек» деп былай дептi:
Құдай қып тұр келiннiң қалағанын,
Ұрып тұр дүрсiлдетiп барабанын,
Дауысы сырнайыңның қатты шығып
Күңiренттi жер мен көктiң араларын,
Бұл келiн бiлген екен нан керегiн,
Арттырып алып қойды бiр бөлегiн,
Дауысы мылтығыңның қатты шықты
Соқты екен қандай ұста қанделегiн?
Бiреудi тұра тисе құртар едi,
Қойды ма көтерiңкi зеңбiрегiн?
Осы кезде ақындардың бесеуi күлiп отыр екен де, батыр тұлғалы Мәделiқожа болса шалқасынан жатыр екен. Соны көзi шалып қалған қыпшақ Бұдабай ақын сол мезет өз сөзін бастап кетіпті:
Бұл келiн меймандарға нан қып жатыр,
Бiрiн пiсi, бiреуiн қам қып жатыр,
Аралас қамырменен сырнайлатып,
Алдында меймандардың сән қып жатыр,
Бұл келiн бiр көздегiш мерген екен,
Бiреудi қызыл ала қан қып жатыр.
Қойды деп көтерiңкi сен айтасың,
Мәделi оқ тимесе неғып жатыр?
Бұл сөзге қонақтар ду күлiп жiберген соң келiн тұра жөнеледi. Сол кеткеннен қоңсы үйдегi бiр келiншекке барып «Құдай ұрып қалды, сен барып шай қойып бермесең, олардың алдына баруға менде ендi бет жоқ. Бiрақ өзiңе өзiң әзiр боп отыр, егер мәсiң шиқылдаса пәлеге қаласың» дептi. Ол келiншек алты ақынның алдына кеп сәлем қылып, шай жасап жатқанда қоңырат Құлыншақ айтады:
Аман ба Адырбайдың келiндерi,
Келдiң бе тағы сен де көрiнгелi?
Бiр келiн тарс еткiзiп атты дағы
Қайтадан бiзге келiп көрiнбедi,
Мылтығын көтерiңкi қойған екен,
Сәл болмаса бiр сойқан болып едi,
Мысалы Едiгедей шарт қып па еңдер,
Жинап ап бар мылтықты елiңдегi?
Сонда Майлықожа орнынан тұрып:
Жақсы деп Мәделiнi жақтамалық,
Жаман деп келiн жанды даттамалық,
«Әркiмнiң жаны олжа» деген сөз бар,
Жiгiттер, тiл алсаңдар аттаналық,
Баяғы кеткен келiн кеп қалмасын,
Мылтығын атып кеткен оқтап алып – дептi.
Сонымен аталған ақындар аттанып кетiп қалады. Бұлар ұзаған соң, бiр түйеге екi мес су артып Ұлбике үйге келсе, он бiр-он екi жасар сiңлiсi бар болған оқиғаны баяндап бередi. Мұны естiген Ұлбике түйесiн қамшылап-қамшылап жiберiп, желе-жортып отырып, меймандарды қуып жетiп «Үйде әкем де, шешем де жоқ едi, ат болмаса тай мiнiп қайтарсыздар. Үйге жүрiңiздер, бiр малдың басын жеп кетiңiздер» дейдi. Басқалары қайтпақшы болса да, алған бетiнен қайтпауға дағдыланып қалған Мәделiқожа атының басын бұрғысы келмей кете берiптi. Сонда Ұлбике «Қап бәлiм, қайтпасаң қайтпа, бiр ауыз өлеңiм бар едi, еш болмаса тыңдап кет!» деп, сөз бастапты.
Ұлбике:
Мiнгенi ақындардың шүйделi көк,
Мақтанар бiр-бiрiне сүйдедiм деп,
Ауылға сол тойғанмен барарсыздар
Келiннiң атып берген үйрегiн жеп.
Мәделiқожа:
Шырағым, iззетiңе әбден тойдық,
Келiннiң мылтығынан естi жойдық,
Бiр байдың балауса өскен еркесi едiң
Үйректiң бiр сирағын сiзге қойдық.
Ұлбике:
Қожеке, бұл айыптың сiзде бәрi,
Үйректiң жаққан шығар сiзге дәмi,
Қожеке, жегенiңiз бойға жұқсын,
Сарықтық сiзден қалған кiмге дәрi?
Мәделiқожа:
Ұлбике, сөз айтамын арнап саған,
Жақындап келшi, қалқам, берi таман,
Мен берсем сарқытымды жиiркенесiң,
Сарқыттан пайда болған бар ма жараң?
Ұлбике:
Қожеке, бiлген сөздi соқтыр дедiм,
Бiлмесең айтар сөздi тек тұр дедiм,
Келгенде қыз жарасын тексеретiн
Тәшкеннен арнап шыққан доқтыр ма едiң?
Мәделiқожа:
Ұлбике, неге өзiңдi қызғанасың.
Балауса, балғын өскен қыз баласың,
Дәрiм бар саған арнап алып келген
Бiр қойсам жазатұғын қыз жарасын.
Ұлбике:
Қожа көп қожада да қожаңдаған,
Жазам деп талай қожа мазамды алған,
Қожеке, оның несiн мiндет қылдың,
Әкең де шешеңдiкiн жаза алмаған.
Ұлбикенің алты ақынмен айтысқаны
ІІ – нұсқасы
Бір топ ақын Ташкент маңында, Шыршық бойында екі айдай өлең айтып, елге қайтады. Бұлар «Қаңғлы мен шанышқылы елінің күріші мен ботқасынан әбден қаталадық қой» деп, ошақты руының Мұсабай деген байының үйінен бір қой жеп кетпекші болып ауылына түседі. Сөйтсе үйде бай да, оның бәйбішесі де болмай шығып, тек жаңа түскен келіні қонақтарды күтіп алады. Жас келін әтлес көйлегінің үстіне қара қыжым камзол киіп, аяғына әміркен мәсі мен кебіс киген екен. Келгендер ішке кіріп жайғасқан соң, әлгі келін тамақ қамына кіріседі де, қамыр илеп отырып, мықынымен қозғала бергенде «шиқ» еткізіп жел жіберіп қояды. Сосын, ұялғанынан мәсісін қайта-қайта шиқылдата береді.
Мұны естіп, сезіп отырған Майлықожа ақын сонда былай деп сөз бастапты:
Датқасы Ошақтының Мұсабай-ды,
Еш пенде келген желді қыса алмайды,
Өкінбе өткен іске, келін шырақ,
Бұл шиқыл ол шиқылға ұқсамайды.
Сонда Мәделіқожа «Ей, сен бүлдіріп айттың ғой» деп, өзінше өлеңді ары жалғапты:
Бұл келін меймандарға нан илейді,
Аз болса ұннан қосып, тағы илейді,
Меймандар тамашада қалмасын деп,
Асығып бірін шикі, қам илейді.
Қозғалып мықынымен отырғанда,
Қамырды сырнайлатып зар илейді,
«Алтауын қандай қылып тойғызам?» деп,
Астында қосауызы зар илейді.
Мұны естіген руы қыпшақ Бұдабай «Мәдеке, түзетем деп, өзіңіз де бүлдіріп алдыңыз ғой» – деп, өз өлеңін шұбырта жөнеліпті:
Алтаумыз Қаратаудың қушығымыз,
Ағызған тисе қанды тұмсығымыз,
Қозғалтып қара жерді солқылдатты,
Келінжан, мұнша қатты дүмпіліңіз.
Дауысы сырнайыңның әсем екен,
Келінжан, тағы біраз сілкініңіз,
Гармонның мәскеуіски әуезіндей
Құлаққа жағымды екен шиқылыңыз.
Даусына сырнайыңның балқығандай,
Келінжан, бетіңізді шымшыдыңыз,
Шиқылдап біз келгеннен зарлай берді,
Келінжан, аш қалған ба шымшығыңыз?
Сонда Құлмамбет Бұдабайға бұрылып «Сені түзетеді екен десем, тіпті сорақысын шығарып жібердің ғой. Қой, өзім түзетіп жібермесем болмас» – деп, мынаны айтыпты:
Мейманның келін қып тұр қалағанын,
Ұрып тұр дүрсілдетіп барабанын,
Дауысы сырнайыңның жерді жарып,
Күңірентті жер мен көктің араларын.
Бұл келін сырнайлатып күтіп отыр,
Ақындар, қабыл болды бір тойларың,
Даусынан сырнайыңның дүрсіл беріп,
Ұрады әлі келін алақанын.
Далаға бізді көріп шықпақшы ма,
Ішіңде шулап жатқан балаларың?
Осы кезде бес ақын төрді жағалай күліп отыр екен де, жалғыз Мәделіқожа ғана қисайып жатыр екен. Соны байқаған ысты руынан шыққан Майкөт ақын:
Бұл келін меймандарға нан қып жатыр,
Асығып бірін шикі қам қып жатыр,
Екеуден меймандарға жете ме деп
Қос-қостан нанын санап, жем қып жатыр.
Аралас қамырменен сырнайлатып
Алдында меймандардың сән қып жатыр,
Аралас сырнай менен мылтық атып
Ақылын меймандардың дал қып жатыр.
Бұл келін бір көздегіш мерген екен,
Біреуді қызыл ала қан қып жатыр,
Тағы да құдай сақтап шығып кетті,
Мәдәлі оқ тимесе не қып жатыр?
Бұл сөзді естіген меймандар қарқылдап күліп жіберген соң, келін орнынан ұшып тұрып, қаша жөнеліпті. Кеткен бойы қоңсы үйдегі бір келіншекке барып:
– Мені құдай ұрып қалды, сен барып шай құйып бермесең, олардың алдына баруға менде бет жоқ. Өзіңе-өзің әзір боп отыр, мәсің шиқылдаса бәлеге қалғаның! – депті. Мұны естіген келіншек байдың үйіне келіп сәлемдесіп, түк білмегенсіп шай қамына кірісіп кеткенінде руы шымыр Үсіпәлі ақын былай депті:
Сөз тыңда, датқаның жас келіндері,
Ақындар Мұсекең деп келіп еді,
Бір келін Мәделіні атты-дағы
Одан соң қайтып көзге көрінбеді,
Мылтығын көтеріңкі қойған екен,
Бір сойқан сәл болмаса болып еді.
Сен келін, қысыңқырап отыр, шырақ,
Саған да кеп жүрмесін соның кері,
Тегі біз бұл ауылдан аттаналық,
Жүріңдер, ал ақындар, тоқтамалық.
Мергендер бұл ауылда көп ұқсайды,
Тағы да опыр-топыр боп қалмалық,
Жаңағы Мәделіні атқан қатын,
Мылтығын, кеп қалмасын, оқтап алып!
Үсіпәлінің сөзін мақұлдаған ақындар сонда орындарын жұмыла көтеріліп не нан жемей, не шай ішпей кете беріпті.
Бір кезде ауылға түйеге екі мес су артқан Ұлбике қайтып келсе, жас сіңлісі алдынан шығып, болған уақиғаны бастан-аяқ баяндап шығыпты. Ақындардың бұл ісіне шамданған ақын қыз меймандардың соңына түсіп, қуып жетіп:
– Үйде атам да, апам да жоқ еді. Ат болмаса, бір тай мініп қайтарсыздар, бір малдың басын жеп кетіңіздер,– деп жалыныпты.
Сонда басқа ақындар «Қой, байдың қызының сөзін жерге тастамалық, оралайық» десе де, Мәделіқожа көнбей қойыпты. Батырдың өзінше мінез көрсеткеніне одан бетер шамданған Ұлбике:
– Қайтпасаң қайтпа, «Жүйрікке – томар» деген, бір ауыз өлеңім бар еді. Соны тыңдай кет! – деп, өлеңін бастап жіберіпті:
Қожада сен екенсің шүйделі көк,
Жеңгенсініп барасың ба, сүйдедім деп,
Ақындар әбден тойып қайттыңдар ма,
Келіннің асып берген үйрегін жеп?!
Мәделіқожа:
Шырағым, ізетіңе әбден тойдық,
Келіннің мылтығынан есті жойдық,
Бір байдың балаң өскен еркесі деп
Үйректің бір сирағын сізге қойдық!
Ұлбике:
Қожеке, бұл айыптың сізде бәрі,
Үйректің жаққан шығар сізге дәмі,
Қожеке, жегеніңіз бойға жұқсын,
Сарқытың сізден қалған кімге дәрі?
Мәделіқожа:
Ұлбике, сөз айтамын арнап саған,
Жақындап келші қалқам, бері таман,
Мен берсем сарқытымды жиіркенерсің,
Сарқыттан пайда болған бар ма жараң?
Ұлбике:
Қожеке, білген сөзді соқтыр дедім,
Білмесең, айтар сөзді тек тұр дедім,
Келгенде қыз жарасын тексеретін,
Тәшкеннен арнап шыққан доқтыр ме едің?
Мәделіқожа:
Ұлбике, неге өзіңді қызғанасың,
Балауса, балғын өскен қыз баласын,
Дәрім бар саған арнап алып келген,
Бір қойсам жазатұғын қыз жарасын!
Ұлбике:
Қожа көп, қыржа да көп қожаңдаған,
Жазам деп, талай қожа мазамды алған.
Қожеке, оның несін міндет қылдың,
Әкең де шешеңдікін жаза алмаған!
Мұндай сөзді естіген Мәделіқожа осы жерде өлеңін доғарып:
– Ұлбике, саған дауа жоқ екен, мені өз-өзімнен ұялттың ғой. Жас келінді өлең ету бізге лайықсыз іс болған екен. Айыбыма мына астымдағы атымды ал. Сонымен бұл айтыс осы жерде қалсын, – деп, атынан түсіп, ер-тоқымын сыпырып алып, Ұлбикенің алдына тартыпты.
Сонда Майлықожа:
– Ойбай, Мәдеке! Сіз ат берсеңіз, мен Ұлбикеден бір атыңызға оның астындағысын қосып, екі ат қылып аламын. Қазір Ұлбикемен мен де айтысқа түсемін, – деп алға шығыпты.
Ақын қыз Майлықожаның ілгеріде бір іші өтіп, әбігер болған уақиғасынан хабардар екен. Соны бетіне баспақ оймен өлеңін бастап жіберіпті:
Майлы ақын, бұтты кісі осырады,
Тыша алмай бұтсыз адам тосылады,
Ышқынса да, ішкен-жеген екі жолмен,
Бір сайда, бір шұқырда қосылады.
Ойлама, менен артық жоқ шығар деп,
Бұтымнан зеңбіректей оқ шығар деп.
Қуанып отырдың ба, бұралқы иттей,
Артынан сасық желдің боқ шығар деп.
Бұққандай тышқан аңдып ала мысық,
Айтқаның жарамсыз боп, жатыр қысып,
Үйіне Кенжебайдың қонған түні,
Кетіп ең шалбарыңды былғап, тышып.
Мұны естіген Майлықожа:
– Шырағым, сөзіңнің қатпары жаман екен. Аузымды ашып болмай найза алып жүрегіме бір-ақ сұқтың ғой. Қой, сенімен айтысып мәз болмаспын. Мына менің де атымды ала сал. Бірақ, мына айтқаның осы арада қалсын, – депті де, ол да ер-тоқымын сыпырып алып, атын қоя беріпті.
Бұлардың істегеніне таң-тамаша болған Бұдабай:
– Мына қожалардың біреуі тентек пе десем, екеуінің де есі дұрыс емес екен. Екі атты да бекерден бекер бергені несі? Сендер жеңілсеңдер де, мен жеңілмеймін. Ұлбикемен өзім айтысамын, – депті де, қызға қарай беттепті.
Бұдабай ақын сүйегі кішілеу, сақал-мұрттан жұрдай, реңі әйел тәріздес кісі болса керек. Ұлбике сонысын мінеп, бет-әлпетін ауызға алып, Бұдабайға былай айтыпты:
Бұдабай, айуан болсаң нар болар ең,
Пейілің қатын болсаң, тар болар ең,
Қойныңа келген адам құры кетпей
Даңғал бұт, дамбал жимас қыз болар ең.
Әр байдан таяқты жеп, шығып қалып,
Екі елі сіңірге де зар болар ең.
Еш жерге қатын болсаң сиялмас ең,
Нәпсіңді екі бірдей тиялмас ең,
Таз, соқыр, ақсақ-тоқсақ, қартаң-құртаң,
Көңілін еш адамның қиялмас ең.
Ат басты қатын түгіл еркек атың,
Аударып ұрғызуға ұялмас ең!
Сонда қыздың мына мірдің оғындай қадалған сөздерін есіткен Бұдабай, сасқанынан атының басын кері тарта беріп:
– Өй, бетбақ! Сен өзің айтыстың айла-тәсілін білмейді екенсің. Бірден жағадан ап мұншама ұятсыз сөзден бастағаның қалай? Айтысқан адам сыпайы, бірін-бірі сүйемелдеп отырып өлеңін айтады. Ай-шәй жоқ, боғауыз сөздің астына алғаның не? Мұндай оспадар сөздерге барсаң, мен айтыспай-ақ қойдым, – деп сөзін қайырып, ер-тоқымын сыпырып, екі атты олжалаған Ұлбикеге өзінің де атын қоса салыпты.
Үш серігінің істегеніне қайран қалған Құлмамбет осы тұста ызаланып:
– Әй, сендер немене, шынымен аттарыңды бердіңдер ме? Бұларың ақын біткеннің сүйегіне таңба боп басылатын іс болды ғой. Қой, енді Ұлбикенің арынын өзім баспасам болмас! – деп белсеніпті.
Құлмамбет ақын бойы аласалау, шоқша сақалды, өңі ақсарылау келген, орта жастан асып кеткен борлау болып қалған кісі екен. Ұлбике бұл жолы да қарсыласы аузын ашып болмай өлеңін бастап жіберіпті:
Құлмамбет, дүмпілдеген дыбыс қандай,
Дыбысты шығаратын ыдыс қандай?
Сасық жел шыққан жерден тартынбас ең,
Мүмкіндік болса егер, жылысқандай.
Күліпсің сасық желге, дерек алып,
Тұрыпсың жасық ердей, бәдең алып,
Құлеке, жатқанменен жарытпас ең
Базардан әпкелмесең жас бір енек алып.
Құлмамбет бұны естисе сала:
– Жүзің құрысын, жағыңа жылан жұмыртқалағыр, кәпір неме! Өлеңнің шоғын айтпай, боғын айттың, тоғын айтпай, жоғын айттың ғой. Бұл айтысты әуелі мен бастағанда дұрыс айтыс болар еді. Енді айтысып аузымды былғамай-ақ қойдым. Жеңгеңді бір-екі ауыз өлең еткеніме соншама кектенсең, айыбына менің де атымды ал да, жөніңе кет! – деп, атынан түсіп ер-тоқымын сыпырыпты да, бос қоя беріпті.
Бұдан кейін мысы басылған ақындар Майкөт ақынға қарасып «Ау, Мәке, бізден қайрат жоқ. Абыройымызды өзіңіз әпермесеңіз, бәріміз де су түбіне кеттік. Біраз ақынмен айтысып, бәрін де жеңген даңқыңыз бар емес пе? Мына Ұлбикенің көрсеткен қорлығы үшін екі аяғын бір етікке тығыңыз. Оқ десе – оқ деңіз, шоқ десе – шоқ деңіз, бастысы жығыңыз. Бұл қызбен сыпайы айтысып болмас. Бірден кірді-шықты, ұрды-жықты, боқтық сөздерді айтып аузын қағып, жағын қайырмасаңыз, бір пәстен соң бой бермей кетеді» десіпті.
Сонда Майкөт:
– Қайдам, менің де жүрегім лоблып, дауламай тұрғаны. Сендердің артқан сенімдеріңді ақтай алсам жарар еді, – деп, бөктердегі домбырасын шеше бастапты.
Майкөт ақын ұзын бойлы, денесі толалау келген, сақалы омырауын жапқан, көркем қастары көздерін көмкерген, реңі келісті кісі болғанымен, мұрнының сәл қолағаштығы мен бұғағы салбыраңқыраған да жері бар екен. Ұлбике сонда оның тостағандай домалақ көздеріне тесіле қарап, былай деп өлеңін бастап жіберіпті:
Майкөт-ау, дәретсіз жер бассаң қандай,
Жүйелі сөзің өрден аспағандай,
Күніңде шараналы, заржақ болып,
Туыпсың жағың сауып қақсағандай.
Түбіттен құдай ұрып қалмасын де,
Ақын боп жортуылды бастағанда-ай,
Құйрығын сом жыланның сен де бастың,
Досыңа темір қазық жастағандай.
Келіннің шиқылынан қорқамысың,
Ішіңде балаң бар ма тастағандай?
Домбырасының құлағын бұрап та үлгірмеген Майкөт ақын қыздың бұл сөзін естіген соң:
– Өй, ақын болмай жерге кіргірлер. Өздеріңмен су түбіне кете бермей, мені де мерт қылдыңдар ғой! – деп, атынан түсіп, ер-тоқымын сыпырып алып, қалған аттарға қарай айдап жіберіпті.
Енді әбден тауы шағылған бес ақын Үсіпәліге «Сен қалайсың?» дегендей бастарын бұрса, ол артық сөзге келместен:
– Мен Ұлбикенің шеніне келмеймін. Өлгендердің артынан біз де шейіт. Амал жоқ, мен де атымды айыбыма қидым, – деп атынан түсіп жалаңаштай бастаған кезде, оған ақын қыз:
– Жоқ, мен сенің атыңды тегіннен-тегін алмаппын да. Алсам, бір ауыз өлең айтып, өзіңді риза етіп аламын. Ал риза болмасаң, атыңды өзіңе қайтарамын,– деп, мына өлеңді айтыпты.
Жақсылар, сөз барады пайымыңа,
Қараңыз Ұлбикенің сайысына,
Жел сөзбен алты ақынды сүріндірген,
Қылыштай өткір тілдің қайымына.
Келінге шүбәлі сөз айтқаны үшін,
Алты атты біз де алдық айыбына,
Бір сөзбен алты ақын да мүдіреді,
Тоқталып, бүгежектеп кідіреді.
Бас қайғы, байтал түгіл болғаннан соң,
Бәрі де жандарынан түңіледі.
Тұлпар ат аяғынан ақсар деген,
Қатеге тілден кеткен үңіледі.
Жүйрік бар, алуан-алуан топтан озған,
Әр ақын өз әлінше жүгіреді,
Жақсылар төрелігін өздерің бер,
Жауыздық әділетке жүгінеді,
Кетпесе, мазақ етсе, кімді кімдер,
Өзінің бел еті де бүгіледі.
Алты ақын желдей есіп жамырады,
Бір атақ ақын деген жамылады,
Ел жоқта, жеңіс бермей дуылдасып,
Келінді өлең қылып жаңылады,
Келгенде Ұлбикемен жекпе-жекке
Ақындар уәж таппай аңырады.
Өлең айтты әуелі, шоқтай жайнап,
Ақыры жаяу қайтты, соры қайнап,
Жеп жүрген болыс-биді алты ақынның,
Тілдері күрмеліпті, бармақ шайнап.
Шылбырмен ер-тоқымын мықты байлап,
Қырқадан арқаланып, атты жайлап,
Шыбын жан бір көрініп, жан тер шығып,
Алқынды өкпелері жаяу айдап.
Ұлбике, әрбір сөзді бөле берді,
Жұмысы орынына келе берді,
«Өлімнен ұят күшті» деген сөз бар,
Ақындар ұялғаннан өле берді.
Секілді өлең еткен ұят үшін,
Аттарын астындағы бере берді,
Бұл келін, жел жібермей, тышқанында,
Ақындар ердің құнын төлер еді!
МӘДЕЛІ БАСТАҒАН БІР ТОП ҚОЖАЛАР МЕН ҰЛБИКЕ
ІІІ – нұсқасы
Мәделі бастаған бес-алты қожа қыдырып келе жатып бір үйге түседі. Үйдің үлкендері орнынан табылмай, қонақтарды күтіп алған келіншек тамақ асуға кірісіп, қамыр илеп отырғанында «шиық» еткізіп жел шығарып алады. Сосын, сасқанынан мәсісінің қонышын уқалап шиқылдата береді.
Сонда қожалардың ішіндегі келіншектің бұл ісін бағып отырған біреуі сөз бастайды:
Бәріміз адамымыз бір алланың,
Бұл келін сұлу екен аласаның,
Шиқылдап шулай берді келген жерден,
Шырағым, аш қалды ма балапаның?
Мұны естіп қожалардың екіншісі былай дейді:
Қоңыраттың бір датқасы Мұсабайды,
Бұл келін келген желді қыса алмайды,
Сен келін әуреленбей жайыңа отыр,
Ол шиқыл, бұл шиқылға ұқсамайды.
Бұдан соң сөзге үшінші қожа қосылады:
Бәріміз Сырдария құмындамыз,
Тигенді қан қылады тұмсығымыз,
Гармонның мәскеуіски әуезіндей,
Келінжан, жер жарады дүмпуіңіз.
Бұл сөзден кейін араға төртінші қожа килігіп:
Құдағи қонағына нан қып жатыр,
Мейманын жөнелтуге қам қып жатыр,
Бұл келін өзі сұлу мерген екен,
Біреуді атайын деп аңлып жатыр,
Бәріміз түрегеліп отырғанда
Мәделі оқ тимесе неге жатыр? – дейді.
Бірінің сөзін бірі аузынан іліп әкетіп жатқан қонақтардың бұл ісінен келін ұятқа қалып, орнынан ұшып тұрып, сыртқа шығып кетеді. Жалғызсырап қалған соң қожалардың бесіншісі сөзді әрі былайша жалғайды:
Кел қожалар, жүріңдер, аттанайық,
Бұл жерге көп кідіріп тоқтамалық,
Жаңағы Мәделіні атқан келін
Кеп қалмасын мылтығын оқтап алып.
Бұның айтқанын қалған қожалар құптап, киініп кетейін деп жатқандарында келіннің қайын сіңлісі Ұлбике ауылға келіп қалады да, жеңгесі оған болған жайды бастан аяқ баяндап береді. Сонда Ұлбике сыртқа беттеген қожаларға келіп сөзін бастап жібереді:
Шүйделі көк, шүйделі көк,
Жеңгенсіп барамысың сүйдедің деп,
Қожалар әбден тойып барасың ба
Келіннің атып берген үйрегін жеп?
Бұны естіген Мәделі қызбен сол жерде айтыса кетеді:
Ұлбике, өзің жоқта мейман болдық,
Келіннің үйрегін жеп әбден тойдық,
Дәкеңнің балауса өскен қызы еді деп
Үйректің бір сирағын сізге қойдық.
Ұлбике:
Қожалар, бірің жассың, бірің кәрі,
Сіздердей жүйрік болмас жанның бәрі,
Қожалар өзі тойып алса болды,
Сарқыты Мәделінің кімге дәрі?
Мәделі:
Ұлбике, сен өзің ер баласың,
Басқа жерге барғанда не ел боласың?
Ақсүйек қожаларға тіл тигізсең
Мал мен бас перзентке зар боласың.
Ұлбике:
Мәделі, мен өзіңмен теңдескенмін,
Етегін шекпенімнің кем кескенмін,
Мал мен бас перзентке кем боласың деп
Құдаймен қай уақытта тілдескенсің?
Мәделі:
Ұлбике, балауса өскен бір баласың,
Ие боп кімнің малын қызғанасың,
Қожаның алып жүрген дәрісі бар
Бір қойса жазатын қыз жарасын.
Ұлбике:
Мәделі, мінезім бар қожаңдаған,
Қожаңдап талай қожа мазамды алған.
Тәуіп бол, тәуіп болсаң өзіңді емде,
Әкең де шешеңдікін жаза алмаған.
Дайындаған Ералы Оспанұлы