Басқы бет / Тәзкире-и Бұғра хан / Шейх Мансұр  Хижази өмірінен

Шейх Мансұр  Хижази өмірінен

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим!

Ұлық мәртебелі бұл әлемнен кетіп, қырқы[1] болып еді. Әзіреті Фәқиһ Аийуб хожаның айтқандары іске асып жатты. Екі жандық сойып қазанға от жақты. Ошаққа бір аула отын салды. Бірақ қазан қайнамады. Дәруіштер қайран қалып, күтіп отырған-ды. Бір шал егісте жүрген қауыншыдай кіріп келді. Дәруіштерге сәлем беріп, көрісіп мүридтердің ахуалын сұрап, Хожаның әлемнен барған уақтын сұрастырды. Одан кейін дәруіштер пірлері хабар берген кісі осы болу керек екенін түсінді. Дәруіштер бәрі де тұрып кешірім сұраған соң: «Әй, ұлы мәртебелі, біздің хожамыздың өсиеті осы кейіпте бір кісі пайда болар, оның дұғасымен бұл қазан қайнайды.  Дәруіштердің істері сонымен бітеді. Қазынаға салық төлем арта түседі. Тоғыз дәруіш үйін жасауға «нәзір» қылып еді. Бірақ өмірінде біреуін салып үлгерген-ді. Сегізі ынтамен тұрғызылады деген», – деді. Шейх: «Иә, мен алыста емеспін», – деді.

Дәруіштер: «Әй, ұлы мәртебелі, дереу дұға қылса, қазан қайнап, ас даяр болса, жолаушыларға берілсе», – деп еді. Әзіреті мәртебелі қолын көтеріп, ошаққа қарай күбірлеп отқа әрекет берді. Қазан дереу қайнап, ас даяр болды. Барлық дәруіштер тамақтанды. Сол мәжілісте дәруіштердің кейбірі шейхқа мүрид болып құрмет тұтпақ болды. Шейх: «Әй дәруіштер, сабыр қылың. Хижаздан келген дәруіштердің шаршағаны басылсын, біраз тыныш болсын. Одан кейін не нәрсе бұйырсаңдар, қабыл қылынады»,– деді. Шейх олардың мүридтік өтінішін кейінге қалдырудағы мақсаты –әуелі хожамен кездесіп, одан кейін хожамен бірге дәруіштерінің мүридтік өтінішін қабыл қылмақ еді.

Күн батып, кеш болғанда әзіреті Шейх әзіреті Хожаның мазарына кірді. Сол түні әзіреті Хожа диірмен тасы кейпінде көрінді. Шейх: «Әй, бауыр, бұл көргеніміз не деп қабылдаймыз. Мен жұртымнан диірмен тасы үшін келмедім. Мен диірменші емеспін, егер диірменші болсам, Хижаз жұртының диірменшісі шығармын. Мен Сіздің дидарыңызға ғана ынталымын», – деді. Ол түні солай өтті. Ертеңінде кеште әзіреттің мазарына кірді. Ол түні бір алтын мүйізді қошқар кейпінде көрінді. Шейх: «Әй, бауырым, мен қошқарбаз емеспін. Мен өз жұртымда әзіреттің қызметінде болғандардың осындай қасиеттері барын және қалаған кейпінде болатынын көрдім. Бұндай кереметті ондай кісіге көрсетпеуің керек».

Әл-қисса, осылайша бұл күн де өтті. Үшінші түні тағы да барды. Ол түні ол өз кейпінде көрінді. Олар бір-бірінен хал-ахуал сұрасты. Одан кейін хожа: «әй ұлы мәртебелі, хош келдің. Құт қадам келтірің. Шаһар –сізге, дәруіштер мен қызметшілер – сізге, қазынаның кілті сіздің қолыңызда» [деді]. Қазынаның ашқышын оларға көрсетіп, сосын ғайып болды.

Ертесі әзіреті Шейх дәруіштерді жинап, мүридтік өтініштерін қабыл алды. Одан кейін жер қазатын аспаптарын алдырып, қазынаның төбесіне барып, түрлі заттар, пұл-мал тағы басқа сансыз бұйымдарды әзіреті Шейх шаһардың әкіміне тапсырып: «Әй, Абдолла, бұл  пұл-мал сіздердікі», – деді. Абдолла: «Әй, шейх, менің бұл пұл-малда еш қатысым жоқ. Не үшін мені оған қатыстырасыз», – деп осылай көп айтысып-тартысып, соңында тамға тұтатын алтын гүлді паласты алды. Одан басқа ешнәрсені қабыл қылмады. Әрі ол: «Әй, шейх, пақырдың мұнан артық ешнәрсені алуға дәті жоқ. Бұл паласты да сіздің көңіліңіз үшін қабыл қылдым», – деді. Одан кейін әзіреті Шейх бұл малды алып, «нәзір» қылайын деп дәруіш үйінің ғимаратын салуға жұмсады. Ләнгерде тұратын халықтың пайдасына да қор ашты. Бұл тәрізді керемет істері Шейхтің арқасында болып жатқандай болды.

Дәруіштер, жарлы, қолы бостар шейхтің жанына келіп, шейхтің қызметіне кірісті. Тәрбие көрді. Өз халқынан да қаптап келді. Ол жұртта Мәликан деген залым кісі сол уақытта әкім еді. Сондықтан халықтың көпшілігі шейх жаққа өтті. Сол себептен Мәликанның шейхтан да, оның мүридтерінен де көңілі қалып жауластық істер жасай бастады. Ол патшалық жалпыға жүктейтін міндеттерді дәруіштерге орындата бастады. Әрбір дәруіштің арқасына бір дорба қойды. Ең ақыры әмірлердің қажетін де дәуріштерден алатын болды. Шейх әкімнің бұл істерін сынап, қанша кеңес берсе де, ол мейірсіз, бақытсыз залым шейхтің сөзіне құлақ аспай қойды.

Ол залым: «Әй, Шейх, сіз бізге керемет көрсетпейінше сіздің сөзіңізді қабыл қылмаймын. Сіз қайдан шыққан шейхсіз. Менің бүкіл қаламның халқын жолдан шығарып, өзіңізге қаратып алдыңыз. Менде бір де істер іс қалмады», – деді. Әзіреті Шейхқа бұл бейбақтың әңгімесі қатты естілді. Шейх ызаланды. Бірақ бір қайрат пайда болды. Ол: «Әй, тозақтың сорлы тұтқыны, не нәрсе қөңлің қаласа, соны айт», – деді. Бұл тозақылар: «Біз сізді отқа салуды қалаймыз. Оны істейміз. Сіз Құдайдың тура жолдағы әулиесі емессіз бе?» – деді. «Одан кейін дәруіштерді қоя-дүрміз. Сіз егер оттан қашсаңыз, сіздің жаныңызға үлкен азап келген болар, ал данышпандардан Алланың әулиелері «отқа күймейді, суға батпайды екен. Олар ғашықтық қоршауында болады деп естігенім бар», – деді. Әзіреті шейх қабыл алды.

Мәликан: «Қай жерде отқа кіруді қалайсыз?», – деді. Шейх: «Шәһидтер қауымы бар мекенді абзал санаймын. Мен сол жерді шештім», – деді. Мәликан қырық түйемен күндіз түнді отын тасып, таудай етіп төбелетті. Одан кейін шейхқа хабар берді.

Әзіреті шейх дәруіштерімен құлшылық үйлерінен шығып, жолға шықты. Мәликан да өз әскерлерімен барды. Кенет шейхтің көзі бір кентке түсті. Ол кенттің аты «Жақындық» еді. Ол жерде Құдайға құлшылық қылатын бір қорлық көрген кісі бар-ды. Оның аты Айша еді. Игілікті, құдайшыл, байсалды жан-ды. Бір сәт Құдайдың жадынан бөлек бір нәрсе істемес еді. Бір сәтке Құдайдың зікірінен өзге сөз аузынан шықпас еді. Қашанда «Лә иллаһа илләлланы» айтып жүретін. Жылдың оразасын тастамайтын. Әзіреті әзиз ұлық Шейх ол сорлының үйіне жетті. Ол Құдайдың лайықтысы әзіреті Шейхті үйіне шақырды. Әзіреті Шейхқа дастарқан жайды. Сүйсіне бір аз ғана дәм татып, шейх әлгі бейбақты өзіне ертіп жолдас қылды. Сол күні «Қауым шәһиданға» жетті.

Ертесіне шейх: «Отты жақсын», – деді. Ол бейбақтар төрт жақтан отынға от қойды. Содан от лаулап түтінінен аспан көрінбей қалды. Оттың жалынынан бірде-бір жан оған жақындай алмады. Бұл сорлы: «Әй, отқа күйетұғын дәруіштер, дәруіш екендігіңді көрсетің», – деп шақырды. Бірақ олар өздерін оттың ыстығынан аулақ ұстап тұрды. Әзіреті шейх дәруіштерге: «Дөңгелене отырып, зікір айтуға кірісіңдер», – деп  қаншама ынталанса да сұхбат қыза қоймады. Соңында шейх дәруіштерге: «Рухани серіктерімізден бұл мәжіліске қатыспаған дәруіштер бар ма?» – деп сұрады. Ортасынан бір дәруіш тұрып: «Иә, Жаркентте бір дәруіш бар, аты – Баба Сұраншы. Оның бір ұлы бар, аты – Мұхаммед Фәқиһ, бәлкім бұл мәжілістің қызбай жатқанының себебі оларға қатысты шығар», – деді. Шейх: «Жақсы айттыңыз бір-екеуің шығып, қатты дауыспен ол әзиздің атын айтып айғайлап шақыр», – деді.

Баба үйінде болатын, Хожа Мұхаммед Фәқиһ құлшылықханасында отырған еді. Екеуінің құлақтарына шейхтің дауыстаған сесі естілді. Бір сәтте үйлерінен шығып, Хожа Мұхаммед Фәқиһ те құлшылықханасынан шығып, ата-бала бір-бірімен кездесіп, бұл жағдайды бір-бірінен естіп, бір-бірінің кейпін, жүректерін бір қылып, екі қаз суретіне еніп ұшты. Көз жұмып, ашқанша «Қауым шәһиданға» келді. Шейх қайран қалды. Күтіп, әр жаққа қарап тұрды. Қанаттарын қанаттарына қағыстырып, ілгерідегі кейпіне келіп, шейхтің алдына барды. Әзіреті Шейх қуанып, одан соң дәруіштермен әңгімелесті.

Әзіреті шейх қатты шабыттанып, әзіреті Мұхаммед Фәқиһге түрік тілінде: «Әй, хожам, бірдеме дең», – деді. Хожа:

«Әй, тамұқ, әй тамұқ, шегіңді біл,
Әй, тамұқ, ғашықтардан аулақ бол», –
деп бұл бәйітті айтты. Бұл бәйіт хожаның жүрегінен ағылғанда, оттың барша жалыны дәруіштердің көңіліне оттың ұшқынындай көрінбеді. Одан кейін әзіреті Шейх еріксіз өзін отқа тастап жіберді. Бірден от ғайып болды. Одан кейін тағы да бір жақтан көрініп/сондай от төрт тараптан көрініп, шейх тағы оттың ішіне кіріп, ортасында тұрып: «Әй дәруіштер, әр кісі біздің етекті ұстап тұрса, ол кісінің бұл отқа кіруіне еш кедергі жоқ», – деді. Дәруіштер әр тараптан өздерін отқа тастады. Оттың жалын қарқыны соншалық болса да дәруіштердің аяқтарынан су ағып, оттың бәрін өшірді. Ол да пірдің ілтипатымен болған ұлылық еді.

Бұл ұлы сұхбаттан кейін дәруіштердің бірі айтты: «Әй, пірім, шейхім, мұндай уақытта дәруіштердің жүрегіне махаббат әсерінен жылу пайда болды. Сондай-ақ, қауын, қарбыз, жүзім, алма – пейіш нығметтерінен» [жесек]. Шейх хош болғай», – деп бастарын сәждеге иді. Сосын бір мезгіл басын көтеріп, дәруіштердің біріне: «Бұл қауымлыққа барып қауын, қарбыз, т.б. көңіліңіз қалаған сол жемістерден алып келіңдер. Дәруіштер жеп, махаббаттың шұғыласы [дәруіштермен] бірге болсын», – деді. Мүридтер жаным пида болсын деп шейхтің басын шырқ айналып, аса сенімділікпен қауымлыққа барғанда олардың алдында қауын, қарбыз тағы да әр түрлі жемістер текше-текше болып жатыр еді. Қауымлықта – қауын, қарбыз керемет қылған жерде шеңгел өскен шөлді төбелік. Дәруіш күші     жеткенінше жемістерден алып келіп, әзиздерінің алдарына қойды. Ол қауын, қарбызды алып келген дәруішке: «Егер жүз мың кісі ол құмлыққа барып, онда тұрған миуалардан күші жеткенше алып келсе, қалғанына титтей де нұқсан келмес еді», – деді. Одан кейін дәруіштерді шақырып келіп, «жемістен жеңдер» деп тапсырды. Дәруіштер келіп жеген кезде ол жемістер Құдай Тағаланың мейірінің арқасында дәруіштерден артылып қалды. Сосын тағы дұға, тәкбир қылды.

Сол уақытта Мәликан деген залым кісі дәруіштердің жағдайын көруге кісі жіберді. Ол жіберген кісі келіп көрсе, дәруіштер бәрі де сау-саламат, алдарында әртүрлі бейіш миуалары тұрыпты-дүр. Бір тал шаштарына да ауыртпалық түспеген күйде осындай кереметпен айналысып отыр еді. Ол кісі «падишаһ та бұл миуалардан жесе екен» деп армандады. Бірақ ешкім оның сөзіне көңіл бөлмеді. Соңында оған дәуріштердің рахымы келіп, ол кісіге бірнеше алма, бір шоқ жүзім берді. Ол кісі: «Мұндай тәтті жеміс болады екен-ау!», – деді.

Алманы Мәликанға алып барды. Мәликан ол кісінің қолында алма бар екенін көрді. Ол кісі жақындап келіп, Мәликанға сәлем қылды.  Падишаһ: «Алманы қайдан алдың? Ол қайыршыларда тіршілік бар ма? Не жоқ па?», – деді. Ол: «Әй, падишаһым, олардың бір тал шашына да зақым келмеген. Олар тып-тыныш отыр. Сіздің хұзыр-салауатыңызда жоқ патшалық сол кісілерде бар екен», – деді.

Шейх: «Әй, Алла, бұл пайдасыз залымның ұрпағы жойылып, ұрпағынан да әулетінен де бір кісі қалмағай», – деп дұға қылды.

Мәликан көңілінде: «Мен шейхтің кереметін ұнатпаған едім. Шейх маған дұға қылды», – деп ойлап, масаттанып жолға шықты. Шаһарға жақындап қалғанда қызметшісінің бірі: «Әй, Мәликан, шейх сіздің хақыңызда теріс бата берді. Сіз ол/дұғаны менің өмірімнің ұзақтығына дұға қылды деп ойладыңыз. Бірақ сенің ғұмырыңа нұқсан тигізер деп қорқамын», – деді. Мәликан бұл сөзді естіп, іштей «ондай қайыршының дұғасыменен мендей падишаһтың ғұмырына зарар-нұқсан жетуі ғажап екен», – деді. Әмбе баяғы шейх жіберген алма қолында еді. Құдай Тағала сол алманы оған нәсіп қылмап еді.

Мәликан алманы аспанға лақтырып, өз аузымен: «Алма көкке ұшып, одан жерге түскенше Құдай білер, не боларын, ол шейх не білер?», – деп еді. Алма көктен төмен түскенде атының басына тиіп, аты үркіп бұл залымды жерге алып ұрды. Құдай Тағаланың кемел құдіретімен жерге жығылғанда найза бойы жоғары шығып, бір кез бойы жерге батып, мойны үзіліп, сол жерде өлді. Сол жерде ол залымды  көрге қойды.

Ол күні бұл дәруіштер бұл залымның пәлекетінен құтылды. Содан кейін әзіреті Шейх көңілі тыныш тауып, мүридтерін тәрбиелеп оларды кемелге жеткізді. Өзі әзіреті имам Жағыфар Садықтың рухынан тәрбие алған-ды. Одан кейін бұ жемістен залым патшаға бергені, жемістің себебінен залымның өлгені мәлім. Мұның алдында Мәликан бірде шейхқа: – Сенің кедей сопыларыңның істері сиқыр. Егер оларды құтқарамын десең, бір кереметті көзіме көрсет. Сонда сеніп, дәруіштеріңді еркіне қойып, өзім де мойынсұнармын, – деді. Шейх Мәликанның  шарты бойынша үш мәрте дарияның суына түсіп, сонша рет Құдай Тағаланың бірлік уа барлығымен, әулиелердің кереметімен аман-есен, денесі құрғақ қалпында шықты. Мәликан көріп: «Саддақна уа салламна»[2] деп мойындаған және іштей көңіліне дұшпандық тұтып еді. Шейхтің бұндай кереметтері көп болған. Шейхтің шын аты шейх Мансұр еді. Өзі Хижаздан шыққандықтан, Шейх Хижаз деген атпен танымал болған. Сексен жыл ғұмыр кешті. Сексен бірінде дүние салды. Дұрысын Алла біледі. Рақымды да қайырымды Алланың рахметі болғай. Жомарт Алланың жәрдемімен кітап аяқталды.

Мәтіндерді көне түркі тілінен аударған
филология ғылымдарының кандидаты  Серікбай Қосан

____________________

[1] Қырқы – марқұмға қырық күннен соң берілетін ас-садақа

[2] Шындыққа сенеміз және мойынсұнамыз.

Сондай-ақ, оқыңыз

Шейх ғұлама құтыбаз шежіресі

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим! Жетінші бөлімде ғұлама зікірпаз шейхтің тәзкире естеліктері, барлық хал-ахуалы, зікірлері баяндалады. Бұндағы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған