Басқы бет / Бір суреттің сыры / Өткендердің ізімен

Өткендердің ізімен

Мына суретте ортасында тұрған азамат Қазалы өңірінде өткен Иманмақсым қожаның немересі Ғалым  ағамыз. Осы суретке қарап отырып, айтылып жүрген тарихтың бір үзігін жеткізгіміз келеді.

Осыдан алты-жеті жыл бұрын Арал жақта тұратын кіші жүздің асан руынан бір ақсақал дүниеден өтеді (өкінішке орай марқұмның аты-жөні ұмытылып қалған). Марқұм дүниеден өтерінде мынадай өсиет айтыпты. «Мен өлгенде намазымды шығармаңдар. Оны  кезінде Иман мақсым шығарған. Бір өлімді пендеге екі рет намаз шығарылмайды» деген екен. Сұрастырып білгенде ақсақал 1928-1932 жылдары  «Асандар көтерілісі» деп аталып кеткен қозғалысқа қатысқан екен. Көтеріліс алдында халқы хан сайлаған Иманмақсым  қанды  қырғынға аттанғалы тұрған азаматтардың намазын алдын ала шығарып, жандарын бір Аллаға аманаттап әділдік үшін атой салған. Ал  бертінде дүниеден өткен марқұмды сексен жылдан астам бұрын шығарылған намазымен жер қойнына тапсырылған себебі сол екен.

Көтеріліс туралы Ш.Ш.Уәлиханов ат. тарих және этнология институты, тарих ғылымдарының докторы А.И.Құдайбергенованың жазған дерегін назарларыңызға ұсынамыз. (қысқартылып алынды)

Қазақстандағы шаруалар көтерілістері ел ауызында (1928-1932 жж.) …Жергілікті зерттеушілердің Асандар көтерілісі жайлы мәліметтеріне сөз берейік. …

«Ал, енді жиырма жасында осы оқиғаға тікелей қатысып, көтерілісті көзімен көрген Сағидан ақсақалдың айтқаны мынау: «Жаздың соңы, тамыз айының аяғы еді. Жұрт Бозғанақтағы егіп тастаған егіні мен бақшасын өсіріп, алаңсыз тіршілік етіп жатқанды. Көрші ауылдағылардан: «Аудандағылар елге тағы да астық жоспарын салыпты. Бірақ бұл жөнсіздікке шыдамаған ауыл адамдары қарсылық білдіріп жатқан көрінеді» – деген ұзынқұлақтан хабар жетті. Ақыры ел аузынан шыққан сөз шындыққа айналды. Аудан орталығынан келген Салмырзаев Оспан деген уәкіл: «Жолдастар, артық-ауыз астықтарың болса, тездетіп өкіметке өткізіңдер. Бізге жоғарыдан осындай тәртіп берілді», – дейді көпшілікті жиып алып. Қалт-құлт күн көріп отырған халықтың ұнжырғасы түсіп, көңілдері нілдей бұзылды. Кейбір батыл жігіттер: «Осы астық сұрайтын мезгіл ме, немізді береміз, – дегендері де болды. «Ондай дәлелдің түкке қажеті жоқ. Бізге тапсырма берілді, бұлжытпай орындалуға тиіс», – деп қатуланған бастық кейін қайтіп соғуға уәде беріп аудан орталығына жүріп кетті. Бірнеше күн өткен соң №№ 21, 22, 23, 24 ауылдың адамдары бас қосып, астық салығына наразылық білдіру мақсатында өкіметке қарсы қол жинап жатыр екен, – деген хабар жетті. Міне бұл жерде де мешіт халық жиналар жер болды. «Әбжәми мешітінің жанында әр ауылдан жеті жүзден астам адам жиналды» – дейді Сәкен, № 23 ауылдан да сайдың тасындай іріктелген алпысқа жуық жігіт келді. Арасында Ақып Өтеуұлы, Серік Әззатиұлы, Өмірбек Жасыбайұлы, Әлмағамбет Сарыбетұлы, Білдат Бәкіұлы болды. Солардың қатарында мен де бармын. Алғашқы күні жиналғандар дау-дамайсыз тарасты. Жиналған халық көтерілістің ұйымдастырушысы болып жүрген діни сауатты Орымбетов Иманмақсымды басшы етіп, Иімбетов Әбдіқалықты оның орынбасарлығына бірауыздан сайлады. Шаруалар ертеңіне уәделескен мезгілде қайта жиналды. Бір-бірінен естіп құлақтанды ма кім білсін, адам қарасы кешегіден бірнеше есе көбейіп кетті. Жиналған көпшіліктің қару-жарағының сиқы: қол шоқпар, кейбіреуінде салақ, найза. Алға кеткен тыңшылардың айтуы бойынша, мұздай қаруланған бір топ әскер Сырдария өзеніндегі «Әлсейіт» көпірінен өтіпті. «Дүзібай ағашына» қарай бағыт түзеген көрінеді. Бір сәт сол тұста аспанға көтерілген шаң көрінді. «Келе жатыр» деген күбір көздер естілді. Жиналған халық әскерге қарс топырлай жөнелді. Алғашқыда қаптаған халықтан сескенген әскер кейін шегінді. Сәлден соң көтерілісшілердің қаруы жоқ екенін сезген әскер кідіріп, пулеметтер, автоматтардан оқтар жаудыра бастады. Айнала шаң мен оқ түтінімен, біреуді біреу көрмейтін тұманға айналды. Кісінеген ат, ысқырған адам даусы естілді. Жер беті қанға бөкті. Талай боздақ ақ құшты. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі», – деген сөз рас екен. Оқ тимей аман қалғаныма таң қаламын. Бір қуанатыным, ауылдастарымның ешқайсысы мені тілінің ұшына алған жоқ. Бәлкім жетім еді деп аяды ма. Әйтпесе өкіметтен үрейленген халықтың бірін-бірі ұстап берген кезі де болды. Сол уақыттағы қатал заңға сәйкес, талайлар қуғынға ұшырап, жазаланды, ажал тырнағына ілінді. Мен білетін Орымбетов Иман, Сырымбетов Әлмағанбет, Бәсімов Білдаш, Иімбетов Әбдіхалық, тағы басқа арыстан жүрек азаматтар осы көтерілістің құрбаны болып кетті».

Сондай-ақ, оқыңыз

Шортанбай мен Жанқұтты

Шортанбай жырларының үлкен бөлігі өлер алдындағы қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан жырлары. Онда Семей жаққа сапар …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған