Ұлтым деп соққан жүрегі

Әсiлхан Оспанұлы туралы бiрер сөз

Халқымыз аса бiр бейнетқор, нардың жүгiн көтерiп жүрген азаматтардың еңбегiн кейде құмырсқаның өмiрiмен салыстырады. Өйткенi, ол тiрлiк сырт көзге елеусiз, байқала бермейдi. Ал, зерттеп көрген кезде сол құмырсқаңыз өз салмағынан 500-600 есе ауыр жүктi көтерiп кете бередi екен. Мұндай азаматтар қазақ халқында аз да емес. Белгiлi ғалым, ұлағатты ұстаз, жазушы-журналист, қоғам қайраткерi Әсiлхан Оспанұлының елiмiздiң мәдени-тарихи, танымдық өмiрiндегi орнын кезiнде замандастары осылай бағалаған екен.

«Он мың адам жұмылса да iске асыра алмайтын жұмыстарды атқара алатын адамдар бар. Әсiлхан Оспанұлы осындай азамат едi. Менiңше, Белинскийдiң «бұл дүниеде үлкен идеяны iске асыру үшiн келетiн тұлғалар болады» деген сөзi Әсiлхан турасында айтылған секiлдi» деп жазды профессор, ҚР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесi Рахманқұл Бердiбаев.

«Ғылым Академиясының үлкен бiр оқымыстылар тобының он жылдап iстейтiн iсiн даңғаза-даурықпасыз, мақтан-марапатсыз бiр өзi атқарған Әсекеңнiң бұл келелi еңбектерiн өзi бұрын жұмыс iстеген Шымкенттегi Ұстаздық институтының ұжымы Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынса да ұялмас едi» деп жазды жазушы Әдiхам Шiлтерханов «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң 1996 жылғы 4 мамырдағы санында.

Шынында да ХIХ ғасырдың екiншi жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмiр сүрген оңтүстiк өңiрiнiң сөз сүлейлерi Мәделiқожа Жүсiпқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлы, Ергөбек Құттыбайұлы және басқа ақын-жыраулардың мұраларын iздестiрiп, тауып, зерттеп, жарыққа шығарып, бiрқатарын мектеп оқулығына енгiзуi қазiргi қазақ әдебиетi тарихына қосылған баға жетпес асыл қазына едi. Ал, сол қазынаны құм-тастардан ажыратып, зиялы қауымға таныстырып, көзiн жеткiзiп, болашақ ұрпаққа жарқыратып көрсету үшiн қаншама күш-жiгер мен қажыр-қайрат, төзiм мен табандылық қажет болды десеңiзшi! Егер мына өмiрде халықтық ұлы мұратқа деген адалдық пен берiлгендiк, жанкештiлiк пен табандылық жетiспесе, оның жүзеге аса қоюы екiталай едi. Бұл тек жаратылысы бөлек жандардың ғана қолынан келсе керек-тi…

Момышұлы мен Оспанұлы

Жаратылыс демекшi, елдiң ата тегiнiң бәрiне «ов», «ев» жұрнағының жалғануы, қазiргiдей емес, жаппай мiндеттi болып тұрған кездiң өзiнде он жетi жасар жас жiгiт төлқұжат беретiн мекемеге өзiн «Оспанұлы» деп жазуын талап етiп тұрып алған ғой. Соғыстың әлi қайнап тұрған кезi. Мүмкiн, бұл кезде Шымкент мұғалiмдер институтында оқитын Әсiлханға «Волокаламск тас жолы» кiтабы арқылы атақ-даңқы дүркiреп тұрған қазақ батыры Бауыржан Момышұлының бейнесi ерекше әсер еткен болар.

Ол 1944 жылы ата-тегiн «Оспанов» деп жазып бергенi үшiн паспортын үш рет отқа жағып жiбердi. Сөйтiп «жоғалтып алдым» деп барып, үш рет 100 сомнан айыппұл төледi. Үш ретте де ата-тегiн дұрыс жазып берудi талап еттi. Тек 1945 жылдың көктемiнде төртiншi рет барғанында ғана «Оспанұлы» деп жазылған төлқұжатқа қолы жеттi.

…Кейiн Әсекең қазақтың батыры Бауыржан Момышұлымен Алматыдағы Жазушылар одағында жолығысып қалады. Жанында «Жұлдыз» журналында қызмет iстейтiн күнгейлiк Әбен Сатыбалдиев бар. Олар кең баспалдақпен төмен түсiп келедi екен. Қатарласа бергенде Баукең сәлем берген Әсiлханды тоқтатып қойып, қасындағы серiгiне қарап: «Әй, Әбен, сен бұл жiгiттiң кiм екенiн бiлесiң бе?» – деп сұрапты. Ол басын изеп: «Иә, әрине. Бұл менiң жерлесiм, жас ғалым Әсiлхан ғой…», – дептi.

Сонда Баукең жауапқа қанағаттанбағанын жақтырмаған қабағымен танытып, жас жiгiттiң көкiрегiне саусағын тiреп тұрып: «Сен оны әлi бiлмейдi екенсiң ғой. Мен – Момышұлы, ал, ол – Оспанұлы» – дептi асқақ үнмен.

Мiне, осы сөздiң өзi Әсекеңе өмiр бойы қуат болып келгенi де шындық.

Әуезовтiң шәкiртi

Әсiлхан аға Шымкент мұғалiмдер институтын бiтiрген соң Қорғасын зауытының көп таралымды «Қорғасын» газетiнде, кейiн облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, мәдениет және тұрмыс, насихат бөлiмдерiнiң меңгерушiсi болып қызмет атқарады. Бiрқатар аудандық газеттердiң редакторы болып тағайындалады. Қазақ мемлекеттiк университетiнiң (бүгiнгi Әл-Фараби атындағы) филология факультетiнiң журналистiк бөлiмiнде сырттай оқып, журналист мамандығын алып шығады. Өткен ғасырларда жарияланған, ел аузында жүрген Оңтүстiктiң ақын, жырау, термешiлерiнiң дәстүрлi өнерiмен сусындап, оларды жарыққа шығаруға кiрiсетiн кезi осы уақыт. Оқу-бiлiмге құштар жан 1959—1962 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым Академиясы жанындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасында оқиды. Мiне, Әсекеңнiң ұлы Әуезовтiң мұхит тектес дәрiстерiн тыңдайтыны, тыңдап қана қоймай ғылыми жұмыстарына жетекшi болып бекiтiлуi де оның тағдырына бұйырған тосын сый едi.

Ұстаз бен шәкiрттiң арасында тақырып таңдау кезiнде аздап келiспеушiлiк те кездеспей қалмаған. Шәкiрт өткен ғасырларда өмiр сүрген Оңтүстiктегi ақын-жыраулардың мұраларын зерттеудi ойлап жүргенiн айтқан. Ал, Ұстаз мұның тым күрделi тақырып екенiн, оның орнына зерттелуi зәрулiк туғызып отырған «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгер жырлары» тақырыбын алуды ұсынған. Алайда, шәкiрт өзi таңдаған тақырыптың өмiрлiк мұратына айналып отырғанын, сол үшiн де өзiнiң елде бес баласы мен әйелiн қалдырып, аспирантураға оқуға түскенiн айтып берген. Сонда Ұстаз едәуiр уақыт ойланып қалған екен. Содан соң бұл тақырыптың қолдаушыларынан гөрi қарсыластарының көбiрек кездесуi мүмкiн екенiн еске салған. Бұл жолда идеялық қазығының мықты болуы қажеттiгiн айтқан. Сондықтан сыпыра мақтауға салынбай, «барды – бар, жоқты – жоқша айтқан жөн» деп ескерткен.

«Осыдан көп ұзамай менiң диссертациялық тақырыбым Мұқаңның өзi бастан-аяқ қатысқан ғылыми кеңесте бiржола мақұлданды дейдi Ә. Оспанұлы өзiнiң «Мен бiлетiн Мұқаң» атты естелiгiнде. – Мұқаңның көрiпкел әулиедей боп айтқан сол бiр ескертуi, арада үш-төрт жыл салып, асыл ағамыздың кенеттен мәңгiлiк бақи болғанынан кейiн атойлап алдымыздан шықты».

Шынында да, М.Әуезовтiң Мәскеуде операция үстiнде дүние салуы Әсiлхан ағаның дайын тұрған диссертациясын қорғауды қиындатып жiбердi. Әрине, оның жай-жапсарына, iшкi айтыс-тартысына тоқталмай-ақ қояйық. Аспирантураны бiтiргеннен кейiн Әсекең Шымкенттегi отбасына оралып, облыстық газеттегi қызметiне қайта кiрiскен. Тек екi жылдан кейiн ғана академик Iсмет Кеңесбаевтың қолдауымен көп жыл бойы зерттеп жүрген ғылыми еңбегiн қайта қорғауға мүмкiндiк туды. Сөйтiп, 1964 жылы «ХIХ ғасырдың екiншi жарымындағы қазақ әдебиетi тарихының мәселелерi (Мәделiқожа, Майлықожа, Құлыншақ, Молда Мұса, Нұралы, Ергөбек ақындардың шығармашылық қызметi негiзiнде)» деген тақырыптағы зерттеулерi үшiн оған филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесi берiлдi.

«Мен Майлықожаны күншығыстағы Абай, Абай шығармашылығымен жетеқабыл деп ойлаймын. Майлықожа бiздiң Оңтүстiк Қазақстан өлкесiнiң Абайы деген түсiнiк менде әбден қалыптасқан және бұны дәлелдей де аламын»  дедi кейiн Ә.Оспанұлы журналистерге берген сұхбатында.

Әрине, мұндай батыл пiкiр әрбiр қазақтың жүрегiнен ойып орын алған ұлы Абайдың жарқын бейнесiне көлеңке түсiруi мүмкiн емес, Оның есесiне Майлықожаны тереңiрек түсiнiп оқуға, жан-жақты тануға бастайтыны шындық.

Сабыр Рақымов қалай қазақ генералы атанды?

Әр халық өзiнiң тұлғалы перзенттерiмен айбынды, беделдi. Тарих осындай тұлғалардың есiмдерi мен ерекше оқиғалар арқылы жазылмақ. Әсiлхан ағаның журналистiк қызметiнiң биiк шыңы тарихи жазбаларда кеткен қателiктi түзетуi, генерал Сабыр Рақымовтың есiмiн туған елiне қайтаруы дер едiк. Ал, бұл Кеңес заманы идеологиясының күшiне мiнiп тұрған кезiнде, халықтар достығына сызат түсiруi мүмкiн әрбiр сөздiң цензураның қырағы сүзгiсiнен өте алмайтын жағдайында көтерiлгенiн айтқан жөн. Ел-жұртты елең еткiзген сол мақала «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң 1972 жылғы 9 мамыр күнгi санында, дәл Ұлы Жеңiстiң 27 жылдығына арналған мерекелiк нөмiрiнде жарық көрдi. Оның авторы Әсiлхан Оспанұлы ағамыз болатын.

Бұл мақалада тұңғыш рет қаһарман қолбасы, Кеңес Одағының Батыры, бұрын тек өзбек халқының перзентi саналып келген генерал Сабыр Омарұлы Рақымовтың туыстық тегi, қаны жағынан қазақ халқына тiкелей қатысты екенi, оның Қазығұрт аймағындағы Көкiбел ауылында туып-өскенi жарияланды. Оның алдында бұл жөнiнде Әсiлхан аға облыстық радиодан арнайы хабар ұйымдастырды. Бұдан соң газет беттерiнде осы тақырыпқа арналған бiрнеше деректi хикаяттары берiлдi. Осы материалдардың жарыққа шығуына байланысты Әсiлхан аға сол кездегi радио және газет басшыларына былайша ризалығын бiлдiредi: «Радиокомитетте қызмет iстейтiн, өзiмнiң өкшемдi басып келе жатқан жорналшы Төлен Құлымбетов пен облыстық газет сарапшысы Әмiрсейiт Әлиев iнiлерiм өз бастарының амандығы мәселесiн ойластыруды былай қойып, есесiне халқының мерейiн өсiрерлiк өз кезi үшiн аса қатерлi де қауiптi әрекетке барысты»(«Оңтүстiк Қазақстан» газ. 7.10.2004 жыл), – деп олардың үлкен азаматтық, рухани мықтылық танытқанын атап көрсетедi.

Шынында да қазақ басылымдарында жарияланған бұл материалдар Өзбекстан Ғылым академиясының ғалымдарын дүр сiлкiндiрдi. Тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Х.З.Зияев, Б.В.Лунин, Х.Ш.Иноятов бастаған ғалымдар дереу үндеу қабылдап, мәселенiң мәнiсiне терең бойламай-ақ, Әсiлхан ағаның өзiн де, оның ой-пiкiрлерi мен батыл көзқарастарын да жерден алып, жерге салды. Ашық пiкiрi үшiн қатаң жазалауды талап еттi.

Мiне, бiз сол кездегi күрделi жағдайдан хабардар еткiзетiн бiрқатар материалдармен танысып отырмыз. Соның бiрi Шымкент педагогикалық институтының доцентi, филология ғылымдарының кандидаты Әсiлхан Оспанұлының 1976 жылы 5 наурызда КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесi, Өзбекстан Компартиясы ОК бiрiншi хатшысы Ш. Рашидовқа, Өзбек КСР ҒА-ның вице-президентi, академик М.К.Нұрмұхамедовқа жолдаған хаттары. Мұнда Әсекең өзiнiң бiрқатар ғалымдар тарапынан жазықсыз кiнәланып отырғанын, тарихи ақиқат нақты шындыққа сүйену арқылы анықталатынын атап көрсетедi. «Кез келген ғылым, оның iшiнде тарих ғылымы, ешуақытта тiрi адамдардың куәлiк етуiн жоққа шығара алмайтынына сенiмдiмiн. Ал, Рақымов туып-өскен Шымкент облысы Ленин ауданы, Жаңабазар ауылдық Кеңесiнiң «Коммунизм» совхозында тұратын туыстарына да, сондай-ақ, екi-үш атадан қосылатын, бүгiнде Ташкент облысында тұрып жатқан ағайын-туғандарына  да Сабыр Омарұлының есiмi айрықша қадiрлi екенi рас», — дей келiп, әкесi қазақ, шешесi өзбек болғандықтан генералдың бауырлас екi халыққа да ортақ тұлға екендiгiн айтады. Сөйтiп бiтiмгершiлiкке шақырған.

Дәл осындай хатты 1976 жылдың 30 тамызында Қазақстан Компартиясы ОК үгiт және насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi А.П.Плотниковқа жолдайды. Мұнда Әсекең генерал-майор Сабыр Рақымовтың ата-тегiн, туып-өскен жерiн анықтау «бауырлас екi халықтың достық байланысына салқынын тигiзедi» деген желеумен бұл жөнiндегi материалдарды жариялауға жасырын тыйым салынғанын, тiптi генералдың жерлесi, соғыста бiрге болған Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаев туралы очеркiн жарыққа шығара алмай отырғанын баяндайды. Және бұл жағдай республикадан түсiп отырған нұсқау екенiн ашып айтады. Өзiнiң басты қарсыласы Леонид (Асқар) Юсуповтың атынан сол бөлiмге түскен ресми хаттың көшiрмесiмен таныстыруын сұрайды.

Әрине, Әсекең жазған хат та, оның өтiнiш-талаптары да аяқсыз қалады. Жауап та берiлмейдi. Бiрақ басылым беттерiнен шеттетiлсе де, ақиқат жолынан айнымайтын Әсiлхан аға күресiн жалғастыра бередi. Осы орайда, Өзбекстан Ғылым академиясы Тарих институтының директоры Р.Я.Раджаповтың 1988 жылғы 9 қарашада Әсекеңе жолдаған хаты да қызықты. Онда институт басшысы: « После ознакомления с Вашим письмом и очерком «Славный сын двух народов» наши усилия были направлены на поиск документов удостоверяющих национальность и место рождения С.Рахимова. В Ташкентских организациях ЦГА УзССР, Музей ТуркВО, горотдел загсов и др. необходимые материалы найдены не были», — деп жазады. Осы сөздердiң астын Әсекең сызып қойған екен. Өйткенi, бұл өзбек ғалымдарының алғаш рет генералдың ұлты мен туған жерiне қатысты зерттеулердi ешқандай нақты деректерге сүйенбей жазғанын мойындаумен тең едi.

Тоқсаныншы жылдардың басында Әсiлхан аға қазақ генералы жөнiндегi көп жылғы еңбегiн кiтап етiп бастырмақшы болды. Бұл жөнiнде өтiнiшпен ҚР Бiлiм министрлiгiне де, ҚР Қорғаныс министрлiгiне де қолдау көрсетуiн сұрап хат жазды. Бiрақ олардан қайран болмады. Кейiн елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн Сабыр Рақымов туралы талай мақалалар жазылды. Кiтап та шықты, зерттеулер қолға алынды. Арасында осы бiр тарихи оқиғаны өзiнен бастауға тырысатындар да жоқ емес. Алайда, сонау жетпiсiншi жылдары коммунистiк идеологияның бет қаратпай тұрған кезiнде тыңнан түрен салған Әсiлхан ағаның жанкештi еңбегi қалай ұмытылар?

Желтоқсан сыны

Қазақтың тарихында ар-ұят пен азаматтықтың өлшемi болған сын кезеңдер аз емес. Соның бiрi – 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсi. Бiреулер оның мәнiн төмендеткiсi келiп «оқиға» деп санайды. О баста солай жазылды да, қабылданды да. Қалай десек те, сол бiр күндер отар елдi қалай басып-жаншудың, халықты өктемдiк пен озбырлық арқылы қорқытып ұстаудың классикалық үлгiсiн көрсеттi. Желтоқсанның қасiретi – сол екi күнде қазақ жастарын солдаттардың сапер күректерiмен қан-жоса етiп, соққыға жыққаны, иттерге талатып, өрт сөндiрушi машиналар арқылы суық сумен атқылап, алаңда сұлатып салғанында ғана тұр деп ойламаймын. Қазақтың қасiретi – сол бiр қантөгiс оқиғаларды қалың көпшiлiктiң жете сезiнбеуiнде, денесiнiң бiр мүшесiн кесiп жатса да, наркоз алған сырқаттай ауырсынбауында деп бiлемiн. Отарлық жүйе өз қылмысын жасырып қалу үшiн әр мекемеде жиналыс жасап, алаңға шыққан жастарды қаралауға көштi. Мiне, сол кезде бей-жайлық пен бұғып қалушылық, немкеттiлiк ерекше байқалды. Тек адалдық пен арды ойлаған азаматтар ғана тiзесi дiрiлдемей, ақиқаттың жүзiне тура қарап, айтатынын айта алды. Сондай азаматтың бiрi Әсiлхан аға болатын.

1987 жылғы қыркүйектiң 29-ы күнi М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтының ашық партия жиналысы өтiп, онда Желтоқсан оқиғасы талқыланады. «Осы жиналыста мен де жарыссөзге шықтым. Ойым Алматыдағы желтоқсан оқиғаларының түп төркiнiне тоқталып, негiзгi себебiн ашу едi. Сөзiмнiң бас жағында «Правда», «Известия», «Труд», «Комсомольская правда» газеттерi секiлдi орталық партия, совет, кәсiподақ пен комсомол басылымдарында жарияланған мақалалар мен хабарлар болған оқиғаның шын себебiн ашып бере алмағанын, құр әншейiн даңғаза-шу туғызғанын, ал, ол оқиғаларды тудырған түпкi себептiң ұлы державалық өктемдiкте жатқанын ашып айттым», – деп жазды Ә.Оспанұлы «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде жарияланған «Мен қалай ұлтшыл атандым?» деген мақаласында кейiнiрек.

Бұдан кейiн не болды дейсiз ғой. Жиналысты басқарушылардың құрамында отырған институт ректоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесi, техника ғылымдарының докторы, профессор Ә.Қ.Омаров орнынан ұшып тұрып, залдағыларға қарап: «Студенттердi алаңға бастап алып шыққан, мiне осындай доценттер. Коммунистiк партияның әдiл саясатына қарсы шыққан бұзақыларды қолдап, доцент Оспанұлы ұлтшылдық танытып отыр! — деп шүйлiгiп, бүкiл жиналысты оған қарсы айдап салуға тырысқан ғой. Кейiн Әсекеңнiң партиялық мәселесi алдымен факультет партия ұйымының бюросында, одан соң факультет коммунистерiнiң жабық жиналысында талқыланып, партиялық жазаға тартылған. Институттағы қызметiн тастап кетуге мәжбүр еткен. Онсыз да зейнеткерлiк жасқа келген Әсекең таза шығармашылық жұмыспен айналысу үшiн бұл «жазаға» қарсылық та бiлдiрмеген. «Қазiр қарап отырсам, халқымыздың ақыл-парасат қаймағын қыршып алған 1937-1938 жылдардағы оқиғалар да тап осылай жүзеге асырылған екен-ау деген ойда қаламын», – деп толғаныпты Әсекең жоғарыдағы аталмыш мақалада.

Бүгiнде Әсiлхан ағамыздың дүниеден өткенiне он жыл толды. Ұлтының қамын жеген әзиз жүректiң тоқтағанына, ақиқат үшiн арпалысып, шындық деп шырылдаған жанның ендi қайтып келмейтiнiне сенгiң де келмейдi. Әсекең қайтыс болғанда оның алғашқы ұстазы, әрi әрiптесi, бүгiнде өзi де дүниеден озған көрнектi педагог Мырзай Алтынбекова апайымыздың айтқаны әлi есiмiзде: «Өз басым дәл бүгiнге дейiн қасымызда жүргендерден Әсiлханнан еңбекқорын көрген емеспiн. Ал, ендi Әсiлханның жаны мен арының тазалығы қандай десеңшi! Әсiлхан әрдайым шындықты ғана мойындайтын… Желтоқсан оқиғасы кезiнде Әсiлханға үлкен қиянат жасады. Бiрақ оны жеңе алмады. Себебi, Әсiлхан ерекше жан».

Бұдан артық не айтарсыз! Әсекең сол ерекшелiгiмен ғана «Желтоқсан сынына» төтеп бердi. Мұндай шешуi қиын түйiндер өмiрдiң қалтарыс-бұлтарыстарында әлi талай кезiгер. Сондайда бiз қайтемiз? Көзi ашық, көкiрегi ояу зиялыларымыз үшiн сұрақтың киыны осы болып тұр-ау!

Суханбердi ОРАЗАЛЫҰЛЫ

PS.

(Әсiлхан Оспанұлының 1994-шi жылы өз қолымен жазған өмірбаяны)

Бұрынғы Арыс (бүгiнгi Ордабасы) ауданының Бадам (дұрысы – Көмешбұлақ) ауылында 1924-ш жылы дүниеге келдiм. Әкем Оспанқожа Тұрлықожаұлы шаруадан шыққан, 1930-1940 жылдар арасында Түркiстан-Сiбiр темiр жолының, 1940-1950 жылдары Шымкент қорғасын зауытының агломерация (кен күйдiру), рафинация  (қорғасын балқыту), темiр жол цехтарының жұмысшысы болып зейнеткерлiкке шықты. Шешем Алтын Дәуренбекқызы өмiр бойы үй шаруасында болып, екi қыз, жетi ұл тауып өсiрген көп балалы жан. Дүниеден шешем 1969-шы, әкем 1973-шi жылы өттi.

Ес бiлiп, етек жапқалы қызмет iстеп, қоғам өмiрiне белсене араласып келемiн. Шымкент қорғасын зауытының көп таралымды «Қорғасын» газетiнiң жауапты хатшысы (1944), облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде (1944-шы жылдың 9-шы желтоқсанынан) әдеби қызметкер, жауапты хатшы, мәдениет және тұрмыс, насихат бөлiмдерiнiң меңгерушiсi, Шымкент ауылдық аудандық «Сталин туы» (1953), Сарыағаш аудандық «Ленин жолы» (1955-1956), Шаян аудандық «Социалистiк колхоз» (1956-1958) газеттерiнiң редакторы, Ленгiр қаласында «Ленгiр жұмысшысы» газетiнде (1953-1954) бiр жылдан астам еңбекшiлер хаттары бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызмет атқардым.

Шымкент мұғалiмдер институтында 1942-1944 жылдар арасында оқып, орталау мектептiң қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi мамандығын меңгерiп шықтым. 1948-1955 жылдар аралығында қазақтың мемлекеттiк университетiнiң (бүгiнгi Әл-Фараби атындағы) филология факультетiнiң журналистiк бөлiмiн сырттай оқып бiтiрiп, журналист мамандығын алдым. 1958-шi жылдан бермен қарай Қазақстан журналистер одағының мүшесiмiн. 1959-1962 жылдар аралығында Қазақстан ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасындағы оқуымды аяқтаған соң журналистiк қызметке қайта  оралып, Оңтүстiк Қазақстан өлкелiк, облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң басқармасында мәдениет және тұрмыс бөлiмiнiң сарашысы (редакторы), меңгерушiсi қызметiн атқардым. Содан 1966-шы жылы Шымкент ұстаздық институтына қызметке ауысып, 1987-шы жылдың күзiне дейiн тарих, қазақ әдебиетi кафедраларының аға оқытушысы, доцентi мiндеттерiн атқардым. Бұған 1964-шы жылы диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты ғылыми атағын алуым себеп болды.

Бүкiл қызметiм ғалым-филолог, ұстаз-педагог, жорналшы, аудармашы жазушы сипатындағы негiзгi төрт саладан тұрады.

Ғылым жолындағы алғашқы қадамым 1947-шi жылы өзiм қызмет iстеп жүрген облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде қазақтың өткен ғасырдағы ұлы ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Қасқыр» атты мысалын, 1957-шi жылы Шаян аудандық «Социалистiк колхоз» газетi бетiнде өз өлкесiнiң аса көрнектi дастаншыл әрi айтыскер ақыны Нұралы Нысанбайұлының «Сауда ишан» дастанын толық жариялаудан бастадым. Кейiн – 1959-шi жылы қазан айында Қазақстан ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасына оқуға түсiп бұл қызметтi онан әрi жалғастырдым. «ХIХ ғасырдың екiншi жарымындағы қазақ әдебиетi тарихының мәселелерi (Мәделiқожа, Майлықожа, Құлыншақ, Молда Мұса, Нұралы, Ергөбек ақындардың шығармашылық қызметi негiзiнде» деген тақырыпта 1964-шi жылы 14-шi қаңтарда диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесiн алдым. Сөйтiп, Оңтүстiк Қазақстан аймағының алты бiрдей ақынын – Мәделiқожа Жүсiпқожаұлын, Құлыншақ Кемелұлын, Майлықожа Сұлтанқожаұлын, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлын, Нұралы Нысанбайұлын, Ергөбек Құттыбайұлын ХIХ ғасырдағы және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетiнiң тарихына енгiздiм. «Қаратау атырабының ақындары» монографиясын (1983), «Қаратау шайырлары» оқулыққа көмекшi құралын жариялап (1991), «ХVIII-ХIХ ғасырлардағы қазақ ақындары» (1962), «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары» (1963) хрестоматиялық жинақтарды құрастыруға қатысып, Мәделiқожаның «Әдiлет деп…», Құлыншақтың «Өсиетiм», Нұралының «Сауда ишан», Ергөбектiң «Сағындым дауысын ботаның» атты шығармалар жинақтарын (1991), Майлықожаның 1972-шi жылы «Нақыл», Нұралының 1974-шi жылы «Саудаишан» жинақтарын және Майлықожаның төрт бiрдей кiтабын – «Нақылият»», «Дүние-ай», ««Тымсал», «Қара сөз» жинақтарын 1993-94-шi жылдары, сондай-ақ Мәделiқожа, Құлыншақ, Жолбарыс, Асан, Исабек, Ергөбек, Сауытбек, Ақбөпе ақындардың шығармаларынан құралған «Семсер сөз» (1995), Майлықожаның «Әмiр Әмзе» (1996) кiтаптарын, қорытып айтқанда 20 кiтап бастырып шығардым. Сөйтiп, Оңтүстiк Қазақстан облысының қазан төңкерiсiнен бұрынғы қазақ әдебиетiнiң тарихын түзiп шықтым десе де болады.

Соңғы 15-20 жыл бойына түркi нәсiлдес халықтардың әдебиет тарихын бiздiң дәуiрiмiзден (эрамыздан) бұрынғы VI-V ғасырлардан, атап айтқанда сақ-скиф замандарынан бастау қажеттiгiн дәлелдеу жолында еңбек етiп келемiн. Сүйтiп, осы пiкiрiмдi орнықтырып дәлелдейтiн «Сақ-скиф сырлары» («Түркi халықтарының әдебиетiнiң тарихын қашаннан бастаймыз?») деген зерттеу еңбегiмдi жазып бiтiрiп, баспаға дайындап қойып отырмын. Бұл ғылыми еңбегiм – қазақ әдебиетiнiң тарихын ғалым Бейсенбай Кенжебаев берген межеден – бiздiң заманымыздың V-VII ғасырларынан тоғыз-он ғасыр тереңдетуге мүмкiндiк бермекшi.

Ұлағатты ұстаздық қызметiм М.О. Әуезов атындағы ұстаздық институтында 22 жылдан астам уақытқа созылған еңбегiм арқылы, Қазақстан тарихынан, қазақ әдебиетi тарихының әр кезеңдерiнен, Антика /грек-рим/ әдебиетi тарихынан мемлекетiмiзде тұңғыш рет ана тiлiмiзде қазақша дәрiс оқуымнан, жүздеген маман мұғалiмдер даярлауға атсалысқанымнан, «Қазақ әдебиетiнiң тарихын оқыту мәселелерi» (1990) деген, басқа да әдiстемелiк еңбектер жариялауымнан көрiнсе керек.

Жорналшылық қызметiм 1994-шi жылдың соңында бастап, қандай мiндеттер атқарғаным жоғарыда айтылды. Бұл бағыттағы қызметiмнiң ерекше ескерiп айтар бiр жемiсi деп – жерлесiмiз генерал Сабыр Рақымовтың туысқан қазақ-өзбек халықтарының төл перзентi екенiн дәлелдеп, облыстық, республикалық басылымдарға 1972-шi жылдан  мақалалар, суреттемелер жариялағаным, сөйтiп «Қазығұрт қыраны» атты деректi кiтап жазып, баспаға әзiрлеп отырғаным дер едiм.

Көркем аударма саласындағы жазушылық өнерiм 40 жылдан берi жалғастырып келемiн. Өзбектiң ұлы жазушысы Абдолла Қаһһардың жиырмадан астам көркем әңгiмесiн аударып «Анар» атты жеке, «Тарту»  атты ұжымдық жинақты 1961-шi жылы «Өзбек әдебиетi мен өнерiнiң Қазақстандағы он күндiгi» қарсаңында бастырып шығардым. Сондай-ақ орыс тiлi арқылы (жоғарыда аталған екi жинақ өзбекшеден тiкелей аударылды) түрiкпен, әзiрбайжан, әрмен, грузин, венгiр, румын, болгар, ағылшын, шотланд халықтары жазушыларының әңгiмелерiн аудармалап, «Социалистiк Қазақстан», «Лениншiл жас», «Қазақстан мұғалiмi», «Қазақ әдебиетi», облыстық «Оңтүстiк Қазақстан», «Еңбек туы», («Ақжол»), «Жетiсу», «Алматы ақшамы» қалалық газеттерiнде, «Бiлiм және еңбек» «Зерде» «Қазақстан әйелдерi», «Ара» журналдарында әр жылдары жарияладым. Жалпы мөлшерi 25 баспа табақты құрайтын көркем аудармаларымның 15 баспа табағын «Бойтұмар» деген атпен жеке жинақ етiп әзiрлеп қойдым. Аударма еңбектерiмнiң бұдан басқа 10 шақты баспа табағы жоғарыда көрсетiлген 1961-шi жылы баспадан шыққан «Анар», «Тарту» деген жинақтарында жарияланды.

Айтпақшы, әр кездерде жазылған, кейбiреулерi газет-журнал беттерiнде көрiнген әдеби-сыншылық, әдебиет, өнер, тарих танушылық сипаттағы ғылыми мақалаларым 10 баспа табақ мөлшерiнде жинақталып, «Әдебиет әлемi» деген тақырыппен баспаға әзiр тұр. Бұл жинаққа енген еңбектерiмде заманымыздың ұлы жазушылары Мұқтар Әуезовтың, Ғабит Мүсiреповтiң, көрнектi ақын-жазушылар Тәкен Әлiмқұловтың, Хамит Ерғалиевтiң, Әбдiлдә Тәжiбаевтың, Тақауи Ақтановтың, Әбдiжәмiл  Нұрпейiсовтiң, Асқар Сүлейменовтiң, Тоқаш Бердияровтың, Қадыр Мырзалиевтiң шығармашылықтарын жаңа қырынан танытуға, көркем әдебиет пен ғылымның ара-қатынасына қатысты байламдар бар деп бiлемiн.

«Еңбек ардагерi» медалiн 1985-шi жылдың 2-шi қыркүйегiнде, ал 1985-шi жылдың көктемiнде «Қазақстанның халық ағарту iсiнiң озық қызметкерi» арнаулы атағын, сондай-ақ 1963, 1964-шi жылдары Оңтүстiк Қазақстан өлкелiк және облыстық кеңестерiнiң марапат қағаздарын, 1985-шi жылы Қазақстан халық ағарту министрлiгi мен халық ағарту қызметкерлерiнiң республикалық кәсiподағының мақтау қағазын алдым. Сонымен бiрге Оңтүстiк Қазақстан облысының Түркiстан ауданының «Ынтымақ», Сайрам ауданының Көмешбұлақ ауылдарының Құрметтi азаматы болып табыламын.

Үйлi-барандымын. Зайыбым Оразкүл Батырбекқызы Оспанқожа келiнiмен екi қыз, алты ұл, барлығы 8 перзент көрiп, ер жеткiздiм.

 

Бұған бар қосарым 2001 жылы күнгейдің 14 ақынының шығармалары жиналған «Жыр-мұра» кітабы Астан қаласында және 2005 жылы (өмірден өтерінен бір аптадай бұрын қолына тиіп көріп кетті)  Майлықожа ақынның 800 беттен астам толық шығармалар жинағы Алматыда жарық көрді.

Ералы Әсілханұлы

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Балықшы әулие

Бұл әулиенің мүрдесі Теріскейден Түркістанға асатын Суындық деген жерде. Басында  үлкен бұлағы бар. Бұлағында шүпірлеген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған