Басқы бет / Сыр-сұхбат / Серке – Мұхтар Әуезов туралы Баукең шерткен сыр

Серке – Мұхтар Әуезов туралы Баукең шерткен сыр

Биыл Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 120 жыл толады.

Ұлы жазушының өмірбаянына көз жүгірте өтелік. Жазушы Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге 1930 жылы 16 қыркүйекте тұтқындалып, 1932 жылы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Дегенмен маусым айында түрмеден босатылып, Қазақ педагогика институтының (ҚазПИ-дің) аға оқытушысы болып қызмет істейді. Осы жылдары театр, драматургия, мәдениет пен өнер, әдебиет, фольклор тарихы, орыс әдебиетінің классиктері туралы мақалалары үзбей жарияланып тұрады. Әуезов сценарийі бойынша «Райхан» көркем фильмі (1940) түсіріледі. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Осы жылдары «Абай» романын жазуға кірісіп, оны 1941 жылы бітіреді. «Абай» романының жарық көруі (1942) Қазақстанның мәдени өміріндегі ерекше оқиға болды. 1943 жылы «Абай» романын талқылау үлкен науқанға айналады. 1946 жылы романның екінші кітабын жазып бітіріп, ол 1947 жылы жарық көреді. 1950 жылы роман-эпопеяның «Ақын аға» аталатын үшінші кітабы жарық көреді. 1943 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақтың мемлекеттік университетінің (ҚазМУ-дің) қазақ әдебиеті кафедрасына профессор болып орналасып, өмірінің соңына дейін сонда дәріс оқыды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында «Сын сағатта» (1941), «Намыс гвардиясы» (жазушы Әлжаппар Әбішевпен бірігіп, 1942), «Қынаптан қылыш» (1945) пьесалары мен «Абай» операсының либреттосын (1944), «Абай әндері» фильмінің сценарийін (1945) жазады. 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы құрылғанда, оның толық мүшесі (академик, №1 куәлік) болып сайланады, филология ғылымдарының докторы, профессор атағы берілді. 1951—1954 жылдары Әуезов саяси-идеологиялық тұрғыдан тағы да қыспаққа алынып, 1953 жылы сәуір айында Мәскеуге жасырын аттанып кетуге мәжбүр болады. Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болып орналасып, «КСРО халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнайы курс бойынша дәріс берді. 1954 жылы Алматыға қайтып оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын түпкілікті аяқтады. 1955 жылы шет елге сапарға шығып,Герман демократиялық республикасы (ГДР) жазушыларының Берлинде өткен съезіне құрметті қонақ ретінде қатысты. Үндістанға 40 күндік сапармен барып қайтады. 1956 жылы КСРО мәдениет қайраткерлері өкілдерінің қатарында Чехословакияда болды. Жазушының 60 жасқа толу мерейтойы Алматыда, Мәскеуде салтанатпен атап өтіледі. Атом және сутек бомбасын сынауға қарсы халықаралық қозғалыстың Жапонияда өткен 3-конференциясына қатысады. 1958 жылы Ташкентте өткен Азия және Африка елдері жазушыларының 1-конференциясын ұйымдастырушылардың бірі болды. 1960 жылы АҚШ-қа барып қайтып, 1961 жылы Үндістанға екінші рет сапар шегеді. 1955—1957 жылы алты томдық таңдамалы шығармалары басылып шығады. Әуезовтің мұраcының аса қомақты бөлігі – оның ғылыми зерттеулері. Ол қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық-проблемалық мәселелері жөнінде іргелі еңбектер жазды. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Әуезов жиырмадан астам шет елдерде болып, адамзат қоғамының дамуы, рухани ынтымақтастық үшін өз көзқарасын білдірді. Әлем халықтары оның «Абай жолы» роман-эпопеясын айрықша құбылыс ретінде таныды. 1961 жылдың жиырма жетінші маусымында Мәскеу қаласындағы ауруханада қайтыс болды; Алматы қаласында жерленген. Сол жылы Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына оның есімі берілді, одан кейін жазушы тұрған үйде мұражай-үйі (1963) ашылып, ескерткіштер орнатылды. Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Астана, Семей және басқа қалалар мен облыстардағы аудан, ауыл, көше, мектептер Әуезов есімімен аталады. Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның шешімімен, дүниежүзілік деңгейде (1997) аталып өтті.

© www.ZHARAR.com

СЕРКЕ

 

Мұхтар Әуезов туралы Баукең шерткен сыр

 

«Алматы» шипажайы. Таңғы он. Екінші қабаттағы Баукеңнің жеке кісілік палатасының есігін қақтым.

– Кір! – деген күн күркіріндей дауыс естілді. Имене ішке ендім.

– Әжептеуір біреу келді ме десем, сен екенсің ғой. – Әзілдей күліп, сәлемімді алған соң:

–  Сұрағың бар ма? – деді маған ежелгі дағдысымен барлай қарап.

– Бар.

– Болса, қысылып-қымтырылмай сұра.

– Өткен жолы Мұхаң, Мұхтар Әуезов аға туралы айтып берем деген едіңіз.

– Дұрыс, тыңда!

Баукең екі-үш жөткірініп:

– Қазақта серке деген сөз бар, қарағым, – деп жұмсақ үн қатты.  – Ол отарды бастайды. Түсінікті ме? Қасқыр келсе, мүйізімен сүзіп жолатпайды. Сол себепті серке деген сөз біздің қазақ әдебиетінде бейнелі ұғым болып қалды. Жұрт көңілі толғандарына: «Е, мынау серке жігіт екен ғой» – дейді.

Ешкіде теке де болады. Бірақ текенің бәрі серке емес. Текеде мүйіз қысқа, серкеде ұзын.  Серке – көсем, оған жалғыз ешкілер ғана емес, күллі қойлар бағынады.

Текелер қызғаншақ келеді.  Олар төбелескенде мүйіздері сарт-сұрт етіп, Құдай салмасын, өлген-тірілгеніне қарамайды. Ешкім олардай төбелесе алмайды.

Ал серкелер төбелеспейді, қызғаншақ емес, тыңнан соқпақ салып, жол бастайды. Жақсы серкелерді қазақтар ешуақытта соймаған, оларға сенген, құрметтеген. Сол себепті серке біздің фольклорда, әдебиетте ерліктің бейнесі ретінде қолданылған.

Серке – намысшыл, қорасына қасқыр тисін, кім тисін, қарсы барады, өзін құрбандыққа шалады. «Е, мынау серке жігіт екен ғой» деген сөз содан шыққан.  Жүз, не екі жүз бе ешкінің ішінен бір-ақ серке шығады.

Қойлардың қасқырға бағынбай серкеге бағынуында да сыр бар. Ол қойларды жаудан қорғайды, жақсылыққа бастайды. Қошқарлар, текелер қорғамайды, қорғау қолынан келмейді.

Бейнелеп айтайын, қарағым, осы күнде біздің қазақ әдебиетінде серкелер жоқ. Егер болса, Пәленше серке ғой деп айтшы?

Мен күмілжіп қалдым. Баукең жауабымды күтпей өзі сөйлеп кетті.

– Жарайды, өлгендерге тимей-ақ қояйық, қазір бір ақсақалымыз қиналып, өлім аузында жатыр деп естідім. Рас, өтірігін білмеймін, тілегім тірі болсын. Оны өлсін деп отырған мен жоқпын.  Ол кісінің қазақ әдебиетіне қосқан қазынасы бар, әйтсе де көңіліңе келсін, келмесін, ол – серке емес. Серке – ер де әділ.

Мархұм Мұхаң, Мұхтар Әуезов серкелік істеді, өкініштісі, кезінде мойындаған жоқпыз. Бұрын бізде серкелер көп болатын. Мысалы, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов, қос Досмухамбетов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхаметжан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Жамбыл, Смағұл Садуақасов, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкәрім, тағы басқаларымыз нағыз серкелер еді. Кейінгі кездегі аузымызға түскеніміз Қасым Аманжолов. Ол да ерте өліп кетті..

Баукең тұнжырай қабақ түйіп:

– Мүмкін мен қателесермін, онда түзей қойыңдар. Оған қуанбасам, ренжімеймін! – деді даусын қатайтып. – Қоғам жылдан жылға тез өзгереді. Жиырмасыншы жыл отызыншы, қырқыншы жылдарға,  қырқыншы елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдарға ұқсамайды. Бізде прогресс марафондық қарқынмен дамуда. Уақыт кімді де болмасын есейтеді. Оның өзіне тән жетістігі көп, әрине кемістігі де жетеді.

– Е, мынау өсіп келеді, мынаған жағынайын, керісінше, қолынан не келер дейсің, мынаған жағынбайын деу – коньюнктурщина Бұл – өте қауіпті ауру. Мұның өзі де қоғамдық құбылыс. Коньюнктурщинаның бір жаманы – әйелдердің ақымақшылығымен  бәсекелеседі. Бұл – әйелдердің ақымақшылығын әшкерелей түсетін  қазақтың «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген сөзінің екінші мағынасы. Ақымақ қыз жігіттің қандай екенін білмейді. Әйтеуір жұрт мақтағанға еліге береді. Әйелдің ақымақшылығы дегенім сол.

Коньюнктурщинаның тағы бір түрі: «Ойбай, мынаның тасы өрге өрлеуі мүмкін» – дегенді ести сала дуылдатып мақтап ала жөнеледі. Мына жағы (кеудесін ұстап көрсетті)

қараңғы ма, жарық па, онымен ісі жоқ. Бұл барып тұрған таяздық.

Ел аузына түскен соң кетті мақталып. Тағы да оны тоқтату қиын. Ол бір күні, сөз жоқ, құлайды. Мұны неге айтып отырсыз деп сұрақ қойсаңшы?

– Мұны неге айтып отырсыз?

– Мұхаң жарықтық қандай жағдайға кездеспесін күнгебағар болуға тырысқан емес, керісінше, күнгебағарлықтан барынша қашып бақты, оны жек көрді. Бұл, қарағым, ол кісінің серкелегінің, көсемдігінің бір дәлелі.

Екінші дәлел. Біздің адамгершілігіміздің бір үлкен қайғылы кемістігі – оң қолымен жазғанын сол қолымен редакторлап, тұсап, шідерлеп отырады. Екі қолы бір-біріне кедергі еткеннен кейін олар кібіртіктеп жазады.

Тағы бір кемшілігі – көпшілігі «саясатшыл». Бұлай деу себебім, саясаттан тыс әдебиет жоқ деп олар саяси «сауаттылығын» өздері сезбестен, бүтін нәрсені бүлдіреді. Идеология жағынан қателеспейікші деп отырады да, өзіне өзі бақылау жасап,  жасанды жолға түсіп, шындықты бұрмалайды. Кейбір шығармаларымыздың, тіпті көп шығармаларымыздың нашар болатыны сол себептен.

Айтайық, Корнейчук «Майдан» пьесасын елдің бәрі қырылып, жеңіліп жатқан кезде ешкімнен именбестен жазды. Соған ерлігі жетті. Ол жасанды саясатқа сүйеніп жазған жоқ. Пьесада барлық қателіктеріміз ашық көрсетілді. Ол үшін үкіметіміз бен партиямыз Корнейчукті кінәлаған жоқ. пьеса Жоғары қолбасшыға да ұнады.

Илья Эренбург өзінің майдан очерктерінде барлық кемшіліктерімізді қорықпай, жасырмай, терең талдаулар жасай отырып жазды.  Ол үшін оны ешкім жазалаған жоқ.

Шолоховтың «Олар Отан үшін шайқасты» романын ал.  Жазушы кемшілігімізді жіпке тізгендей етіп жасқанбастан алға ашық жаяды. Казакеевичтің «Даладағы екеу» деген кішкене повесі ше? Екі солдаттың бейнесі арқылы ол соғыстың барлық трагедиясын көрсетті.

Әлихан, Мағжан, Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт бастаған ақын-жазушы ларымыздың қорында да ашық жазылған дүниелер бар. Бірақ бүгінгі таңдағы әдебиетіміз ге ой жүгіртсек, бармағыңды тістеп, қиналарлық нәрсе, жасанды шығармалар көп. Қашып бара жатқан солдатқа ура дегізеді. Қашып бара жатып ура дегенге кім сенеді? Соғыстың аты соғыс, онда жеңу де, жеңілу де бар. Жазушыларымыздың көбі героизмнің не екенін түсінбейді. Бір солдат бір гранатамен бес танкіні өртейді. Оқып отырып, сенбейсің. Бұл секілділер адам нанбайтын оңбаған аңыз!

Менің Мұхаңа қатты риза болатыным, басына қандай күн туса да, шындықты, тек шындықты жазды. Бұл үлкен ерлік!

Не бердім, не алдым деген сөз бар, қарағым. Мысалы, Мұхаң берерін көп берді, аларын аз алды. Әріберіден кейін Қазақ ССР-і  Ғылым академиясындағы жеке кабинетінде бір жеті, он күн отырды ма, отырмады ма, оны анық білмеймін. Көбіне Мәскеуде жүрді, ғылыми кеңестерде сөз сөйледі, кітаптарын жазды.

Басына қандай күн туса да халыққа адал болды. Мұның бәрі нағыз серкеге тән қасиеттер. Мұхаңның шәкірттеріне деген жанашырлық қамқорлығы өз алдына жеке әңгіме.

Баукең оң алақанымен маңдайын сипай түсіп:

– Е, ұмытып барады екем, – деп серпіле сөйледі. – Бірде Мизәміл деген (фамилиясын ұмыттым) соғыс ардагерімен әңгімелескенім бар. Өзі семейлік әрі профессор Бейсембай Кенжебаевпен бажа екен. Әкесі Абаймен қарым-қатынаста болған көрінеді. Оның айтуынша, әкесі Абайға:

– Сен әкеңнен артықсың, – депті.

– Жоқ, мен әкемнен артық емеспін, – деп Абай төмендегі оқиғаны айтып беріпті. Бір күні Құнанбай Абайды оңаша шақырып алып:

– Мырзажігіт (Құнанбай Абайды Мырзажігіт, ал оны Абай тәте дейді екен), табыныңда жақсы аттар бар ма? – дейді. Абай әкесінің ойын түсініп:

– Бар, тәте, – дейді.

Үйіне келген соң, ойланып отырып, Құнанбай:

– Табыннан жеті байталды бөліп алуың және бір жақсы айғыр табуың керек, – деп шешеді. Бір адамның үш рет бәйгеден келген құнанын Абай жүз қойға сатып ап, жеті байтал тобына қосады.

Арада жыл өтеді. Құнанбай мен Абайдың үйлері де, жылқылары да бөлек көшіп жүреді екен. Таңертеңгі мезгілде:

  • Тәтең өз жігіттерімен келе жатыр, – деген хабар жетеді. Абай әкесінің мінезін

біледі. Үй төңірегін тазалап, аттарын ерттеп, жігіттерін дайындап тұрады.

Құнанбай жақындағанда Абай алдынан жүгіріп шығып, қос қолын кеудесіне қойып сәлем беріп, аттан түсіріп алады.  Қолтығынан сүйегеннен-ақ Құнанбай:

– Мырзажігіт, көңіліңді қалдырмайын, түсейін. Тек үйде отырмаймыз,  шай-пай

ішпейміз, шұғыл аттанамыз, – деп ескертеді.

Қазақтың көшпелі өмір тәртібі біздің әскер тәртібінен бір де кем емес. Кермеден аттар үзілмейді, кейбірі ерттеліп, жорыққа дайын тұрады. Құнанбай: «Ал, Мырзажігіт, кеттік» – дегендей салмақ сала қараған сәтте, Абайдың басына: «Ә, бұл кісі жылқыға барып, баяғы жеті байтал мен  құнанды көрмек екен ғой» деген ой сап ете түседі.

Қыстың күні, қар қалың. Жылқылар Ақшатау тауын қыстап жатқан. Жолда Құнанбай әңгіме айтқансып, Абайды алыстан қармап келеді. Төрт-бес сағат жүріп, жылқыға да жетеді.

– Тәтемнің артықтығын сонда білдім. Жылқының ішінен мен сатып алған бөтен құнанды  айтқызбай таныды. Танып тұрды да:

– Мырзажігіт, мына құнанды ұстаттыршы, – деді. Жылқышы құнанды әп-сәтте-ақ ұстап әкелді.

– Жүр, енді ана табынды аралайық, – деп тәтем басқа шоғырға бастады.

– Ана құнанды ұстаңдар! – Жылқышалар табынды алты айналдырып жүріп, әрең ұстады.

– Ал енді осы екеуін жарыстырып көрейік, Мырзажігіт.

Қар белуардан асады. Көз көрім жерден екі ат бірінен бірі оза алмай қатар келе жатыр. Жақындағанда тәтем:

– Мырзажігіт, қазір құнаның қалай болар екен, құлап қалмас па екен? – деп күлді. Езуін жиып алғанша болған жоқ, жүз қойлық жүйрігім етпетінен түсті. Анау тұсымыздан құйғытып өте шықты.

Тәтем:

–Ал, Мырзажігіт, сау бол, – деді де, атын бұрып ап, өз жігіттерімен жүрді де кетті. Мен әкемнен артық болсам, өз жылқымның ішінен жүйрік құнанды таңдай білмес пе едім?  Халық мені ақылды, әкесінен артық дейді. Ақылдылығым қайда? Мұны мен қалайынша байқамадым? Бала қандай ақылды болса да, әкесінен бір басқыш төмен болады екен деген түйінге келдім, – дейді Абай.

Мен осы жайды айта келіп:

– Мұха, бұл оқиғадан хабарыңыз бар ма? – деп сұрадым.

– Бар, Бауыржан.

– Онда неге мұны роман сюжетіне енгізбедіңіз?

– Пәлі, Бауыржан, «Абай жолы» романына енбей қалған оқиға бір бұл ғана емес, толып жатыр. Мен мақсатыма қызмет етпейтін деректерге көңіл аудармаймын. Суреткерлік талғам дегеніміз, бәлкім, осы шығар.

Ал енді сен айтқан әлгі оқиға Абай өмірбаянына қосымша дерек боп қосылуға тиіс. Ол табиғи заңды.  Олай дейтінім, ұлы ақын өмірбаяны әлі толық зерттеліп, жазылып біткен жоқ. Оған әлі талай толықтырулар,  қосымшалар қосыла береді деген ойдамын.

Баукең темкі тұтатып тартты.

– Мен Мұхаң қайтыс болғанда құрметті қарауылда тұрдым. Шыдам жағынан алғанда екі минут маған екі жылдан кем көрінген жоқ. Бұрыңғы жарқ-жұрқ еткен, байсалды, келбетті, орынды, ақылды сөздер, орынды терең ойлар, орынды-қалжың-қылжақтарды айтар ағамды мен танымадым. Табытта жатқан Мұхаң екеніне мен сенбедім. Мұндай халге Мұхаңды қиямын деген түсіме де кірген жоқ еді.

Алдымен көзім түскені (аяқ жағынан барып едім) кеудесі ғана бар. Аһ дедім күрсініп. Жүрегінен бастап, ішек-қарнын алып тастаған екен ғой. Бұлары несі? Ең құрығында мақта салса қайтті? Бұлай етуге болмайды ғой деп қатты көңіліме алдым. Мұхаң қарны бар кісі еді, мыналары несі? Бәрібір тірілмейді дегенімізбен жұртқа бұлай көрме жасаудың қажеті қанша? Бұл өліге де, тіріге де жаман әсер қалдырады ғой.  Өліктің жүзін жұртқа көрсетпей жерлеудегі мұсылман салты дұрыс екен-ау деген ойға берілдім.

Жарықтық, иманды болсын, құрметтейтін кісім еді, амал қанша? Мен Мұхаңды басында тұрып та өлімге қимадым. Өлді дегенге сеніп барып, табытта жатқанын көрсем де, сенбей тұрыппын. Астапыралла-а, бұл ерекше деталь. Мен басында тұрғанда Мұхаңның бетіне шыбын қонды. Шыбынды қуу үшін Мұхаң бетін тыржитты, үркітті. Селк ете қалдым. Кейін ойласам, психологиялық қалыпта емес екем. Бұл Мұхаңды өлімге қимағанымның реакциясы болу керек. Бұл қалай? Е, Мұхаң тірі, бетіне қонған шыбынды қуу керек деп ойлап, соған сеніппін. Кейіннен: «мен ақылымнан алжасқан жоқпын ба?» – дедім өзіме өзім. Мұның бәрі Мұхаңды қимағандығым екен…

Баукең темекісін үстін-үстін тартып:

– Көне сұр костюмін киіп Мұхаң тойға келді. Қасында жеңгем Валентина Николаевна, – деп тыңнан сөз қозғады. –  Ақ бұрыл шашы, сақалы өсіп кеткен. «Өзі әбден қартайыпты-ау» деп ойлап қоямын. Бір кезде би басталды.

Мұхаң шашын иығына жайып жіберген жас қызбен биледі. Валентине Николаевна жеңгем маған жақтырмай:

– Құдай-ау, қараңызшы, Мұхтар Омарханұлы қартайса да, жас қызбен билеп жүр.  Киімі киім емес, – деп шағым айтты. Мен жымиып күліп:

– Қызығушылық бар жерде шабыттанып, биікке ұмтылушылық бар. Сіз қателесіп тұрсыз, – дедім. Бұл, түсінсең, Мұхаң қартайса да әлі сөнген жоқ деген сөзім ғой, ә?

– Кешірерсіз, мына тойдан алған жалғыз ләззатым – сіздің Мұхтар Омарханұлы туралы бағаңызды естуім. Рақмет, сіз Мұхаңды менен де гөрі жақсы түсіне біледі екенсіз, – деп жеңгем Валентина Николаевна қатты риза болды.

Оянсам, түсім екен… Мұхаң жарықтықпен жақында осылай кездестім. Мұным мархұм ағам жөнінде күндіз ойланғанымның әсері болса керек…

Баукең төмен қарап, көзін жұмып, ұзақ үнсіз қалды.  Әлден соң басын жоғары көтеріп, маған тура қарап:

– Мұхаң жөнінде Леонид Сергеевич Соболевтің айтқан бір сөзі есіме түсті, – деді түсініп тыңда дегендей маған иегін қағып. – Мұхаң жарықтық орыс тілін Абайдан да, Ыбырайдан да, Шоқаннан да кем білмеген. Бірақ та ол кісі орыс тілінде тартынып жазатын. Ғажайып талантты адам, орыс тілін тамаша білетініне қарамастан, ол тілде көркем шығарма жазған жоқ.

Бірде Мәскеуде Леонид Сергеевич Соболевпен оңаша сырласып қалдым. Сонда:

– Бауыржан, жұрттың бәрі мені «Абай жолын» шебер аударды деп жүр.  Шынымды айтсам, мен тек  Мұхтар Омарханұлының аудармасын редакцияладым, – деді ағынан жарылып. – Мұхтар Омарханұлы Москваға жиі келетін. Аударманы көрсеткенімде  «тоқтай тұр, бұл былай болуы керек тәрізі» деп ойын ортаға салатын. Егер Мұхаңның сондай еңбегі, ақыл-кеңесі болмаса, менің аудармамды ешкім жақсы деп айтпас еді.

Леонид Сергеевич ірі жазушы болатын. Мүмкін бұл сөздер күнделігінің бір жерінде жүрген шығар. Мен өз аузынан өз құлағыммен естідім. Бұдан өткен әділдік, адалдық бар десең, айт?!

Екі халықтың арасындағы достықтың негізін жоғарыдағы кісілер сияқты парасат иелерінің салғанын бәріміз мойындауымыз керек. Бұл ретте, қайталап айтайын, Мұхаңның еңбегі Шоқан, Абай, Ыбырай еңбектерінен бір мысқал кем емес.

Баукең қайта маңдайын ұстап ойға ене:

– Сен Шолпан атада болдың ба? – деді маған барлай қарап.

– Жоқ.

– Мұхаң мархұм бір жолы: « Ойбай, Бауыржан, қайда жұмыс істеуді мен осы уақытқа дейін білмей жүр екем», – деді.

– Неге, Мұха?

– Осы жолы үш ай бойы өте жақсы демалдым. Басымда жүрген ойларымның көбін сұрыптап қайттым…

Ол кісінің айтуынша, қазірінше әлі жұрт мекеніне айнала қоймаған Қырғызстанда Шолпан ата деген жер бар екен. Бір кісілер: «Ауасы таза, екі бөлмелі үй бос, қоршаған орта табиғаты тамаша» – деді. Валентина Николаевна екеуміз бардық. Екі бөлменің бірін ұйықтайтын, екіншісін жұмыс істейтін бөлме істедік.  Алдыңғы балконында тамақтандық. Он күн өткенінше байқағаным жоқ, он күн өткен соң Валентина Николаевна жұмысыма кедергі келтіре бастады.

Мен күліп:

– Ой, Мұха, өзіңіз бір нәрсені бүлдірген шығарсыз, – дедім. Мұхаң менің мысқылымды түсініп, мырс етіп күліп жіберді.

– Ағаш үй екен. Валентинаның жөтелгені, не еденде ары-бері жүргені ойымды бөліп жібереді. Немесе, жазуға төніп, ұйып отырған кезімде:

– Мұхтар, шай қайнап қалды, дастарқанға келмейсің бе? – дейді. Сол-ақ екен, бітті, ізден шығамын.  Қайта ізге түскенше уақыт кетеді, шаршайсың, қиналасың. Әрине, оның қамқорлығы дұрыс-ақ деп қояды.

Мұхаң ойының бөліне бергенін айта келіп:

– Ал енді, Валя, сен Алматыға қайт, – деп әйелімді Алматыға қайтарып жібердім. Оңаша жазып, жазып, серуенге барам. Рахат! Ешкіммен қарым-қатынасым жоқ. Бір күні: «Шіркін, стенографистка болса, жұмысым екі есе өнімді болар еді, ойымды жазып үлгере алар емеспін» – деп Алматыдан стенографистка шақырттым. Ол өте ұқыпты әйел екен, айтқандарымды мұқият әрі жылдам жазып алатын болды.

– Шаршадың, жетер, менің де тақырбым бітті, – деп серуенге кетемін. Әйел жазғанын реттеп, қайта көшіреді. Ерекше риза болғаным,  қазақ тілін жақсы біледі екен Тіпті кейбір ойларыма,  сөйлемдеріме түзету де енгізген кездері бар. «Мына ойыңыз асығыстау айтылыпты, мына сөйлемнің дұрысы былай болу керек» – дейді. Түсінесің бе, Бауыржан, бұл менің шабытыма шабыт, жігеріме жігер қосқандай болды. Осы жолы күтпеген жерден Ыстықкөлдің жағасынан жақсы бұрыш тауып, әжептеуір жұмыс істеп қайттым.

– Мұныңыз өте дұрыс екен, Мұха. Творчество оңашалық пен тыныштықты қалайды деген сөз бар емес пе?

Мұхаң өзі бір жағынан дана, бір жағынан бала мінезді аңқаулау кісі еді ғой. Маған: «Мынау ит мұны қайдан біледі?» деген көзбен таңырқай қарады.

– Мұха, бұл менің сөзім емес, бұл ежелден келе жатқан сөз. Бір аңызда ақырғы пайғамбар Мұхаммед  Құдаймен сөйлесем деп 40 күн жоғалып кетіп, оңаша ойлануы үшін су перісі Сүлейменмен судың астында жатып алыпты делінеді. Екінші бір аңыз. Христиан дініндегілерге шаш алдыру масқаралық саналған кезде бір ұлы римдік шашын қырғызып тастап, «елге көрінуіме болмайды, көрсе күледі» деп оңаша тығылып жатып, жақсы кітап жазыпты.

Ал шығыс аңызында кейбір зиялылар, ғалымдар ойымды бөлмесін деп зынданға түсіп, қырық күндей жатқан. Оны, Мұха, сіз менен гөрі жақсы білесіз. Бұл оңашалық пен тыныштықты іздеу емей немене?

– Пәлі, Бауыржан, сен көп аңыздан хабардар екенсің ғой. Мұның жақсы, – деп Мұхаң әңгімеме қатты риза болды. Бұл да екеуміздің қарым-қатынасымыздың бір мысалы қарағым.

Баукең тұнжырай ойға еніп, ұзақ үнсіздіктен кейін:

– Мұхаңның тағы бір қасиетін, ең басты қасиетін айтайын, – деп орнынан қозғала сөйледі. – Түсініп тыңда! Өсемін-пөсемін деп көзі тірісінде не болса соны жазғандар аз болған жоқ. Сол арқылы «классик» атанғандары да бар. Ал өлген соң олардың аты біржола өшті. Сондайлардың шығармаларын іздеп жүргендерді көрдің бе?

– Көрмедім.

– Бір түйір нәрі жоқ жасық дүниелерді кім іздесін? Махмұт Қашқари бабамыздың: «Аман болса басым, теңізден де су ішермін» дегенін дұрыс түсінбей, бос қиялға берілген есек дәмелілерге не дерсің? Қарағым, дарындылар мен дарынсыздар күн мен көлеңке тәрізді.

Баукең қабағын түйе, сұстана қарап:

– Мұны неге айтып отырсың алжыған шал деп сұрақ қойғын! – деді бұйырып.

– Мұны неге айтып отырсыз?

– Мұхаң халқымызға бұдан да көп мұра қалдырар еді, бірақ дарынсыздар қол-аяғын матап, кесір келтірді. Салыстырар болсақ,  Мұхаң – күн, дарынсыздар – көлеңке. Дарынсыздар – мансапқұмар, даңққұмар келеді, сол жолда бәрін; жанын, да, арын да, керек десең жарын да құрбандыққа шалады.

Сен жассың ғой, зерттеп, тексеріп көрші, Мұхаңның біреудің үстінен шағым жазғаны, не біреуді орынсыз кінәлағаны бар ма екен? Меніңше, жоқ.  Қайта ол кісі 1947 жылы нақақтан-нақақ қуғын-сүргінге ұшырап, қатты қиналған, қорланған кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке: «Мен сізден қызмет те, пәтер де сұрамаймын. Жалғыз-ақ сұрайтыным, бәлеқор-жалақорлықтан құтқарсаңыз екен?» – деген. Пәленше ондай, Түгенше мұндай, менің соңыма түсіп алды деп ешкімді жамандамаған. Бұл, түсінсек, бағаласақ, Мұхаңның үлкен қасиеттілігі, арлылығы! Тоқетерін айтсам, Мұхаңды ұрпағымыздың ұрпағының ұрпағы алғыс сезіммен еске алатын болады. Білсең, қарағым, алғыстың үлкені – ұрпақ алғысы, қарғыстың үлкені ұрпақ – қарғысы.

Баукең орнынан тұрып, аласа стол үстінде жатқан газетті алып:

– Әнеукүні мына «Литературная газетада» Мұрат Әуезовтің мақаласы шықты, – деді жарқын үн қатып, орнына қайта кеп отыра бере. – Әрине, ол жас жігіт, бірақ үлкен үміт күттіретінін байқадым. «Литературная газета» жер жүзіне тарайды ғой. Соған Мұрат Әуезов көлемді мақала жазып, қол қойғанын (көтерген кей мәселесімен келіспесем де) жақсы талпыныс екен деп қуанып қалдым. Оны түсінем, әрине. Оны түсінем дегеннің мағынасы – жалтақтап жазыпты. С его стороны это правильный, но одновременно не правильный подход. Ол өз алдына мәселе. Мен Мұхтар Әуезовтің мұрагерінің бүкілодақтық әдебиет газетінде көрінгеніне қатты көтеріліп қалдым. Тағы жаман мақала емес. Мен өте риза болдым.

Ләйла Мұхтарқызы Әуезовамен қарым-қатынасым жоқ, сырттай байқауымша, (өзін өте әдепті ұстайды) ол Мұхаңның жақсы ұрпағы. Мұрат та осылай ізденіп еңбек етсе, әкесінің атын төмендетпейді.

Баукең кресло арқалығына шалқайыңқырай түсіп, үнсіз қалды. Әлден соң:

– Еңбек етпей еркелеп жүру – адамды өсірмейді, қайта өшіреді, – деді түзулене отырып. – Адамды еңбек қана өсіреді. Мұны жалғыз Мұрат қана емес, әр қазақтың ұл-қызы түсінуге, ескеруге тиіс. Онсыз ата-бабаларымыздың, әже-аналарымыздың еңбегі еш. Мұны Мұрат жақсы түсінетін тәрізді. Сөздің қысқасы, жоғарыдағы бүкілодақтық әдебиет газетінде оның мақаласының жарық көруі – үлкен қуаныш.

Бұл сөздерді Баукең әкелік қамқор, мақтаныш сезімімен толқи, тебірене отырып айтты. Ол кісінің сол сәттегі көңіл күйі тұлабойымды от боп шарпып, жүрегімді елжіретіп жіберді..

 

Мамытбек Қалдыбай, жазушы  Алматы.

Сондай-ақ, оқыңыз

Әулет туралы әңгіме

Қалқаман. Ол Айымғазы шаңырағының ең кенжесі. Алла таңдайына жырдың балын тамызып, киелі сөздің көш керуенінде …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған