Сыр-сұхбат

“Триумфатор трагедиясы” – ғұмырнамалық шығарма

Шығарманың мінсіз шығуына бар өнерін салып, кейде жұртты шаршатып та жіберетін жазушы Әбдіжәміл Нүрпейісов бір күні Мұхтар Құл-Мұхаммедке өз творчествосы туралы жазған мәскеулік автордың  кітабын сыйға тартады. Кітап авторы Мәскеу оқырмандары ортасында есімі құрметпен аталатын МГУ-дің профессоры Николай Аркадьевич Анастасьев екен. Етене араласпағанымен Николай Анастасьевті ол сыртынан жақсы білетін. Әйгілі америкалық жазушылар Нобель сыйлығының лауреаттары Э.Хемингуэй мен У.Фолькнердің творчествосы жайында жазған кітаптарын, бір кездері шығармалары орыс оқырмандарына «самиздат» арқылы ғана жеткен Владимир Набоков туралы «Одинокий король» дейтін классикалық монографиясын оқығаны бар. Кітапты оқи салысымен ертесіне Әбеңе телефон шалып, алған әсері мен авторға деген ерекше ризашылығын қуана-қуана жеткізеді. Бірегей жобаның жүзеге асқаны анау-мынауды жалынан сипата бермейтін тарпаң мінезді қазақ әдебиеті үшін толайым табыс екенін білдіреді.

-Ендеше өзің мақтап отырған сол автормен кешке кең отырып сұхбат құрайық, – деп ақсақал жазушы күтпеген ұсыныс жасайды.

Екі зияткер үшін де бұл кездесу естен кетпес ерекше кеш болды. Бірнеше сағатқа созылған әсерлі әңгіме барысында қарт Чосерден бастап, ұлы драмматург Шекспир, қайсыбір деректерде Қара теңіздің солтүстігін мекен еткен көшпелі скиф тайпасынан шыққан аты аңызға айналған король Артур бастаған рыцарлар туралы даңқты роман авторы Мэлори (орайы келгенде айта кеткен жөн: ортағасырлық еуропа әдебиетінде барынша дамыған рыцарлық романдар Испания араб билігінде болғанда мысырлық баһадүр билеушілер Салах ад-дин, Бейбарыс  туралы мұсылман шығысында көп тараған халықтық романдар әсерімен пайда болды), ағылшынтілді жаңа романның басында туған Фильдинг, Ричардсон, бергі заман ақындары Бернс, Байрон, Блейктерден бастап, Уайльд, Шоу, Джойсқа дейінгі ұлы ағылшын әдебиетінің классиктерін түгендеп сұхбат құрады. Міне осы оқиғадан соң Мұхтар Әуезов жайында басқа емес, тап осы Николай Анастасьевқа «ЖЗЛ» сериясымен кітап жаздырту туралы тамаша идея туады.

Орыс баспагері Ф.Ф.Павленков 1890 жылы негізін қалап, социалистік реализм әдебиетінің атасы М.Горький 1933 жылы қайта жалғастырған «ЖЗЛ» сериясымен Абай мен Әуезов жайында кітап шығару Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұзақ жылдан бері көкейінде жүрген арманы еді.

«Молодая гвардия» баспасының деректеріне жүгінсек, 2001 жылға дейін «ЖЗЛ» сериясымен жалпы тиражы 100 миллионнан астам 1000 кітап шығыпты. Тіпті, Ресей мәдениеттанушыларының бұл серияны орыс кескіндеме өнерінде Третьяков галереясының орны қандай болса, орыс кітап басу ісіндегі «ЖЗЛ»-дің орны да соншалықты биік деңгейде деп бағалаулары тегін емес. Оның үстіне – «ЖЗЛ» – Ресейде, мүмкін тіпті бүкіл дүние жүзінде 116 жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан бірегей басылым. Миллиондаған оқырмандарын қалыптастарып үлгерген даңқты сериямен кеңес жылдарында Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин және кейін зор қиындықпен Қаныш Сәтбаев туралы кітаптардың  жарық көргені аян.

Әзірбайжан ағайындар «Низамиын» өткен ғасырдың қырқыншы жылдары, ал татар туғандар «Тоқайды» тоқсаныншы жылдары шығарды. Сол кітаптарды оқып шыққан Мұхтар Құл-Мұхаммед осы қатарда Абай мен Әуезовтің жоқтығына іштей қатты қынжылып жүретін.

2001 жылы министр қызметіне тағайындала салысымен ол аталған  сериямен Абай, Әуезов, Абылай, Кенесары туралы кітаптар шығару ісін мықтап қолға ала бастады. Ресейлік әріптесі М.Е.Швыдкойды алға сала жүріп, бұл еңбектерді шығаруға ресейлік министрліктің де, баспаның да келісімін алып, тақырыптық жоспарға енгізіп те қояды. Істің сәті келіп тұрғанымен,  ойдағыны жүзеге асырудың ең қиыны –  осы кітаптарды жазуға бел буып, тәуекел ететін авторды табу болып шықты. Әдебиеттің де, әдебиеттанудың айдынында еркін жүзетін классиктеріміз Әбіш Кекілбай мен Рымғали Нұрғали ағаларына қолқа салып көргенімен, екеуі де ұлылар аруағы алдындағы жауапкершілік жүгінен жүрексінді ме, әлде бауырын жазып, еркін көсілуге әбден үйренген қалам-қарымын «ЖЗЛ-дің» қатаң талабымен шектегісі келмеді ме, бұл тамаша бастамаға баталарын беріп, ақ тілеумен шығарып салады. Анастасьевпен танысу Әуезов жайлы «ЖЗЛ-дан» шығаруға жоспарлаған кітап туралы ойына қайтадан қанат бітіреді. Таңдаудың Анастасьевқа түсуінің заңды себептері де бар-тұғын.

Біріншіден, Н.Анастасьев – әдебиетші ғалым.  Ғалым болғанда әлем әдебиетіне оннан астам Нобель сыйлығының лауреаттарын берген ағылшын-американ әдебиетінің асқан білгірі. Әуезовтің бүкіл драматургиясы –  Шекспирмен, алғашқы әңгіме, повестері – Дж.Лондон, Дж. Конрад, ұлы эпопеясы – Дж.Голсуорси, У.Фолкнердің әйгілі романдарымен үндесіп жатыр. Ал Анастасьев еуроатлантика әдебиетінің айдынында армансыз жүзіп, жоғарыдағы жампоздардың әр шығармасын жілік майын шаға талдаған зерттеуші.

Екіншіден, Анастасьев қазақ әдебиетінің бүгінгі классигі, Мұхтар Әуезов әдеби мектебінің түлегі Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы тамаша монографиялық кітап жазған адам. Демек, Нұрпейісов шығармашылығына үңілу арқылы ол қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын шолып шыққан дайындығы бар ғалым. Егер бұған Анастасьевтың айтуы мен қайтуы, толқуы мен шалқуы, қарпуы мен шарпуы қатар келетін әлем әдебиеті алып мұхитының ортақ стихиясын он саусағындай білетін хас шебер және  күн  сайын  құбылып  жатқан  әдебиет айдынындағы тіл, стиль, жүйе, жүлге, толқын, ағым сияқты сан алуан құбылыстар тылсымын тап басып анықтай алатын  білімпаздығын  қосар  болсаңыз,  Әуезовтей  алып жайлы кітапқа бұдан артық автор табудың қиын-ақ екендігі өзінен түсінікті.

Үшіншіден, Әуезов шығармашылығы кеңес заманында түрлі идеологиялық шектеуліктердің кесірінен қазіргі әлем әдебиетінің дамуы контексінде қарастырылмай келді. Ол замандастары ішінде ары кеткенде француздың коммунист жазушылары Луи Арагон, Андре Стиль, неміс қаламгері Анна Зегерс, беріде Михаил Шолохов шығармаларымен ғана шендестіріліп зерттелді.  Ал кеңес заманының өзінде әдеби зерттеулерінің басты тақырыбы ретінде батыс әдебиетін таңдаған Анастасьев – осы олқылықтың орнын толтыра алатын бірден-бір әдебиетші ғалым еді.

Төртіншіден, және ең бастысы,  енді бұрынғыдай “біздерде мынадай бар, мынадай бар” деп өз буымызға өзіміз пісе бергенше, ең алдымен өзімізді өзгелерге танытып, “мықтылардың” мықтысына мойындата білуіміз керек. Сонда ғана ұлы тұлғаларымызды Қазақстанның шеңберінен шығарып, әлемдік биікке  көтеретін боламыз. М.Әуезов туралы кітаптың авторы жай ғана мәскеулік автор емес, шығармалары көптеген шет елдерде басылып, әдеби жұртшылықтан жоғары бағасын алған әйгілі автор болуының осындай артықшылықтары бар еді.

Тіпті, Ресейдің танымал әдебиеттанушысына Әуезов туралы кітап жаздыртудың артында  Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ойында одан да зор мақсат жатты. Ол ұлтымыздың кемеңгері Абай  тақырыбына қарай Николай Анастасьевтің көңілін бұру. Біріншіден Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымның Абай тақырыбына тереңірек үңілуге мәжбүр болатыны айтпаса да түсінікті. Сөз жоқ  ол бұл іргелі еңбекті жазу барысында ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына қайта-қайта қарайлап, көптеген деректер жинайды, ол өмір сүрген заманды жан-жақты бажайлап, көңіл елегінен өткізеді.

Екіншіден Абай творчествосымен егжей-тегжейлі танысқан ғалымның ақыл-парасатына  «мыңмен жалғыз алысқан» кемеңгер ойларының жарығы түсіп, жанын тебірентпеуі мүмкін емес. «Абай жолы» романындағы суреттелетін кейіпкерлердің тағдыры арқылы ол ұлы ақын өмір сүрген дәуірдің лебін сезіп, қасқыр уақыттың талауына түскен заманның күрделі бет-бейнесін тани түседі.

Үшіншіден Әуезов шығармашылығымен жақын танысқан ғалымның Абай тақырыбына бара алатын дайындығы да мол болады. Ұлтымыздың екі ұлы перзенті жайында орыс оқырманы қызыға оқитын кітап жазылып жатса, әдебиетіміз үшін одан артық қандай олжа болуы мүмкін. Және ең бастысы мемлекетке салмақ салмай, ол бұл екі кітапты шығару үшін кететін қомақты  қаражатты өз қалтасынан төлемекке бел буып отыр. Білімі телегей-теңіздей Николай Анастасьевпен бірнеше мәрте әңгіме-сұхбат құрғаннан кейін Абай мен Әуезовтың шығармашылық талантына лайық бағасын бере алатын кітапты орыс әдебиеттанушысының жазып шыға алатынына анық көзі жете бастады. Ендеше Құдайдың өзі беріп тұрған ғажайып мүмкіндікті пайдаланбай қалуға болмайды.

Көктен іздеген адамы, жерден табылғанына қуанған ол ертеңіне Николай Аркадьевич жатқан қонақ үйге соғып, оған «ЖЗЛ» сериясы бойынша М.Әуезов туралы кітап жазуды ұсынады. Мәселенің басын бірден ашып, оны шығаруға қажетті барлық жағдайды өзі туғызып, бар шығынды өзі көтеретінін ашық айтады, Ол ойлануға мұрсат сұрап, ертесіне Мәскеуге аттанып кетеді.

Бір-екі аптадан соң Мұхтар Құл-Мұхаммедтің электрондық поштасына профессордан көптен күткен жауап та келіп жетеді. Жаңа тақырыптың оңайлықпен алдыра қоймайтынын білген автор өзінің бірқатар талап-тілектерін алға тартып, солар орындалған жағдайда кітапқа кірісуге әзір екендігін білдіреді. Профессордың өтініштері толығымен қанағаттандырылып жобаға ұлы суреткердің бел баласы Мұрат Әуезов бастаған бірқатар кеңесшілер тартылады. Көп ұзамай Николай Аркадьевич қазақтың ұлы жазушысы  жайлы кітапты жазуға кірісіп те кетеді..

***

«ЖЗЛ» сериясымен шыққан құнды кітап 2006 жылдың қыркүйегінде қазақстандық оқырманның қолына тиді.  Бұл еңбектің жарық көруін   тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі  ретінде бағаласақ асылық айтқандық емес.  2006 жылдың 28 қарашасында Алаштан сүйінші сұрап жазған  «Әуезов әлемі» атты ғажайып эссесінде Мұхтар Құлмұхаммед оның себебін саралап, жан-жақты талдап та берді. Біз сол әдеби эсседегі айтылған ойларды сәл ықшамдап оқырман есіне қайта салғымыз келеді.

«Кітаптың қадыр-қасиетін түсіну үшін Әуезовтің  ең алдымен – қазақ, сосын тұтас түркі, содан кейін мұсылман Шығысынан шыққан ұлы жазушы екенін ұмытпағанымыз абзал. Ұлы тұлғаның ұлтын шексіз сүюі, түркі дүниесінің тұтастығына қызмет істеуі, әлемдік ғылым-білім мен өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мұсылман ойшылдары, философтары мен ақындары шығармаларына жиі-жиі жүгініп өтуі осының айқын айғағы болса керек. Сол үшін ұлы суреткердің соңынан шырақ алып түскендер көп болып, өмір бойы ол ұлтшыл, пантюркист, пансиламист ретінде қуғындалды.

Егер күні кешеге дейін Әуезовтің Батыстың озық өнерінен тағылым алғаны сөз болып келсе, Анастасьев ұлы суреткердің табиғаты сан қырлы талант екенін асқан шеберлікпен аша білген. Әсіресе, жұрт аса назар аудармай келген хас шебердің шығысшылдығына зор мән беріп, бұл қасиеттің оның бойына ана сүті, ата  тәрбиесі, Алла несібімен келгеніне көзімізді жеткізе түседі. Анастасьев шығысшылдық қасиеттің жас Мұхтарға ұстаған қалам, оқыған кітап, тоқыған шежіремен ғана емес, ата-бабалардың қанымен де дарығанын зерделейді.  Берісі Омархан, Әуез, арысы Бердіқожа, Саяқыптардан басталып, әріде Баб Арыслан, Ясауи, Бақсайыс қожадан бір-ақ шығатын ата-баба шежіресі де автор назарынан тыс қалмаған. Мұхтар Абрарұлының айтуына қарағанда, бұл – Әуезовтің көзі тірісінде өзі де шешіліп айта алмаған, өзгелер де өз биігінде көтере алмаған тақырып. Ислам өркениеті дүниеге қанат жайып, көне араб, парсы, түркі, үнді әдебиетінің озық үлгілерімен түрленіп, орта ғасырларда Шығыс пен Батыстың бар әдебиетіне шамшырақ болған мұсылман ренессансы атты құдіретті құбылысты туғызды. Міне, осы мұсылмандық қайта өрлеу батыс пен шығыстың философиялық ой-санасын жаңа биікке көтеріп, әдебиетін жаңғыртты.

Жас Мұхтар алғашқыда өз атасы Әуездің әдемі әңгімелерінің әсерімен, кейін данышпан Абай шығармалары арқылы, ал қалам ұстап, қара таныған кезде оқыған кітаптарынан, студенттік жылдары Бартольд, Самойлович, Жирмунскийлерден тыңдаған лекциялары арқылы шығыс әдебиетінің бар құнарын бойына сіңіріп, бал шырынымен сусындады. Шығармаларын араб, парсы, кейде түркі тілдерінде жазған Ибн әл-Араби, Ибн әл-Фариди, Фирдоуси, Рудаки, Хафиз, Жами, Сағди, Сайхали, Руми, Физули, Шамси, Низами, Науаи сияқты таңғажайып шайырлардың жырлары оның жан-дүниесіне шуақ болып шашылып, жүрегінде шырақ болып жағылды. Бұған мұсылман шығысы ғана емес, Еуропадағы ортағасырлық философиялық ой-сананың дамуына өлшеусіз әсер еткен Ибн Рушд, Әл-Фараби, Әл-Ғазали, Ибн Синалардың шығармашылық мұрасын қосар болсаңыз, қашанда алып мұхиттай толқып, тасып жататын Әуезовтің телегей-теңіз білімінің сыры түсінікті бола түседі. Профессор Анастасьев осы тақырыпты барынша ашуға талпыныс жасаған және мұнысы өте сәтті шыққан. Ол шығыс поэзиясының орыс, батыс ақындары шығармашылығының да шырайын қалай кіргізгенін әдемі мысалдармен әдіптей білген.

Әуезов әлемінің тағы бір тұнық тұмасы – қазақ әдебиетінің көне қайнарлары – фольклор, миф, көк түрік, көне түркі әдебиеті, би-шешен байламдары, ақын-жырау толғаулары. Анастасьев осының бәрінің Әуезов шығармаларында кейіпкерлерінің кесек-кесек сөз тастауларында, образдар жүйесінде қалай көрініс тапқанын шеберлікпен талдай білген. Тіпті, дала данышпандарының ой-толғамдары батыс философтарының еңбектерімен қалай үндесетіндігіне де назар аударуды ұмытпаған.

Әуезов әдебиетінің тағы бір үлкен айдыны – батыс әдебиеті. Бұл тақырыпқа келгенде профессор Анастасьев төрт аяғын тең басқан жорғадай жөнеп береді. 

Автор Әуезовтің кез келген туындысын әлем әдебиетінің классикалық шығармаларымен шендестіре зерттейді. Әсіресе, “Еңлік-Кебекті” Шекспирдің “Ромео-Джульеттасымен” салыстыра отырып, Кебек – Еңлік – Есенді  Ромео – Джульетта – Париспен қатар қойып, қабаттастыра қарастыруы, Монтекки мен Капулетти арасындағы күйкі тірлік кикілжіңдерін наймандар мен тобықтылар арасындағы бітпейтін даумен салыстыра суреттеп, типологиялық түрлендірудің суреткерлік сырына үңіледі. Автор мұнымен де шектелмей, шығыс әдебиеті үлгілеріне де қайырылып, “Еңлік-Кебектен” Әлішер Науаидың “Ләйлі-Мәжнүніне” ұқсас қайырымдар мен ортақ үндесулер іздейді.

Мұхтар Әуезов өмірінің әр кезеңінде Шекспир драматургиясына айналып соғып отырған. Ұлы драматургтың  қазақ тіліндегі ең үздік аудармасын жасаған да дәл осы –  Әуезов. Ендеше Анастасьевтің алтын шыққан жерді белден қазып, Мұхаңның таңдаулы драмалық туындыларынан Шекспир әсерін іздеуі құптауға тұратын ізденіс.

Н.Анастасьев Әуезов драматургиясының “Еңлік-Кебектен” кейінгі тағы бір шыңы “Айман-Шолпанды” тағы сол Шекспирдің “Қателіктер комедиясы”, “Асауға тұсау” атты туындыларымен салыстыра талдап, ұлылар үндестігі жайлы тұщымды тұжырымдар жасайды. Автордың “Қарагөз” бен “Гамлет” авторлары арасындағы көзқарас жақындығы, Офелия мен Қарагөз образындағы трагедия төркіні мен табиғаты жөніндегі соны авторлық байламдары кітап оқырмандарын тың ойларға жетелейді.

Мұхтар Әуезов – өзінің 20-30-шы жылдары жазған әңгіме, повестерімен-ақ сол тұстағы еуропалық проза биігіне көтерілген суреткер.  Егер ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті өзіне дейінгі классикалық ағылшын, француз және неміс әдебиетінің әсерімен бой түзеп, иық теңестірсе, бұл жылдарда Әуезов алдыңғысын кейінгі үшеуіне қоса түгел тауысып, қаламгерлік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген еді. Дәл осы кезеңде Әуезов сияқты әлем әдебиеті алыптарының шеберлік мектебінен өткен мұхиттың арғы-бергі жағындағы әдебиеттің жас бөрілері шығармашылық табыстың қансонарына шыққан болатын.

Автор Әуезовтің 20-30-шы жылдарда жазған “Қорғансыздың күні”, “Қаралы сұлу”, “Кім кінәлі”, “Ескілік көлеңкесінде”, “Бүркітші”, “Барымта”, “Қилы заман”, “Қараш-Қараш оқиғасы”, “Көксерек” шығармаларын талдай келе Мұхтар Әуезовті  даланың ұлы жыршысы немесе дала Айвазовскийі деген тосын теңеуді алға тартады. Шындығында Дж.Лондон үшін – солтүстік, Э.Хемингуэй үшін – саванна, Д.Конрад үшін – теңіз, М.Твен үшін – жабайы америкалық батыс, Х.Борхес үшін – пампа қандай жақын болса, Мұхтар Әуезовтің жүрегіне дала да сондай жақын. Өйткені, ол – Дала перзенті. Осы туралы ойын Н.Анастасьев: “это передаст прежде всего исторический слом степной цивилизации и культуры, который, собственно, и составляет основные содержание, именно содержание, а не частные сюжеты, ранних вещей Мухтара Ауэзова”, – деп түйіндейді.

 Н.Анастасьев “Көксеректі” Фолкнердің “Аюы”, Дж.Лондонның “Ақ азуы”, Л.Толстойдың  “Холстомерімен”салыстыра суреттеп, Әуезов әңгімелеріндегі Дала келбетін, поляк текті ағылшын жазушысы Джозеф Конрадтың “Тайфун”, “Түнек төрінде” повестеріндегі теңіз стихиясымен шендестіреді. Осы тұста мына бір ақиқатты айта кетпеске болмайды. “Көксеректі” Чеховтың “Каштанкасы”, Толстойдың “Холстомері”, Лондонның “Ақ азуы”, Сетон-Томпсонның “Виннипег қасқырымен” салыстыра зерттеген тұңғыш әдебиетші қазақ ғалымы, академик Рымғали Нұрғали болатын.

Автор шығармашылық параллельдер жүргізген У.Фолкнер, Дж.Конрад шығармаларын дәл сол жылдары жас Әуезов оқи қоймаған да болар, бірақ қазақтың ұлы жазушысы әлем әдебиетіндегі жаңа үрдісті хас суреткерге ғана тән ерекше интуициямен сол кездің өзінде-ақ аңдай білген.

Мұхаңның бас кітабы – “Абай жолын” талдауға кіріспес бұрын автор дала данышпаны Абайдың ұлы тұлғасын тануға өзінше талпыныс жасайды. Ол Абайдың кемеңгерлік келбетін мифтік Протейден бастап, Сократ, Аристотель, Марк Аврелий, әл-Фарабилермен қатарластыра зерттесе, оның ақындық талантын Абай – Гете – Байрон – Пушкин – Лермонтов арқылы тануға тырысады. Ал Абайдың ойшылдығын Еуропа ақыл-ойының алыптары француздың философ, ғалым, жазушылары Ларошфуко, Монтень, Монтескье, Клодель, тіпті Паскальға дейін, ағылшын философы Бентам, дат данышпаны Кьеркегордың дүниетаным көзқарастарымен салыстыра талдап, Абай ақылмандығы жөнінде батыл да байсалды, көкейге қонып, көңілге ұялайтын тұжырымдар жасайды. Автордың Абай тақырыбын герменевтикалық талдауының тереңдігі соншалық, оның орыс  тіліндегі ең таңдаулы аудармаларының түпнұсқадан әлдеқайда алыста жатқанын да орынды аңғара білген.

Біз бұған дейін: “Абай жолы” – қазақтың тұңғыш эпопеясы, қазақ өмірінің энциклопедиясы, кең тынысты тарихи-эпикалық туынды, терең философиялық роман деген сияқты анықтамаларды оқып келдік. Анастасьев осының ешқайсысын жоққа шығармай-ақ, ұлы туындының бұған дейін өзге зерттеушілер назарынан қаға беріс қалып келген, өзі байқаған жеті сипатын ашады.

Біріншіден, “Абай жолы” – тәрбиелік роман. Автор мұның Гетенің “Вильгельм Мейстері”, Р.Ролланның “Жан-Кристофы”, Дж.Лондонның “Мартин Идені”, Дж.Джойстың “Суретшінің жастық шақтағы портретімен” шендестіре отырып дәлелдейді.

Екіншіден, “Абай жолы” – шытырман оқиғалы роман. Төрт кітаптан тұратын эпопеяның алғашқы кітабындағы “Қайтқанда”, “Қат-қабатта”, “Жолда”, “Шытырманда”, “Бел-белесте”, “Өрде”, “Қияда” дейтін тарауларының өзі-ақ келесі кітаптарда одан әрі ширыға түсіп,  соңғы кітапта “Түн-түнекте”, “Құз-қияда”, “Қапада”, “Қастықта”, “Шайқаста”, “Жұтта” деген тараулармен толығады. Егер бұған шапқан ат, ұшқан құс, жүгірген аң, қуғын-сүргін, қашу-құтылу сияқты үнемі шиыршық атқан шым-шытырық оқиғаларды қосар болсаңыз, эпопеяның осындай сипатына еш күмәніңіз қалмайды. “Абай жолының” шытырмандығы Фенимор Купер, Майн Рид романдарындағы әбден жауыр болған жеңіл экзотикадан емес, әр кейіпкердің қилы тағдыр-талайы мен өмірлік коллизиясының қиын түйіндерінен тұрады.

Үшіншіден, “Абай жолы” – әскери роман. Әрине, Стендаль, Хемингуэй, Ремарк шығармаларындай “Абай жолының” әр бетінен оқ-дәрі иісі аңқып тұрған жоқ. Бір кездегі Аттила, Шыңғысхан әскерлерінің жантүршігерлік жаһангер соғыстарын да таппайсыз. Тіпті жарты әлемді қайқы қылыштың қаһарымен табанына түсірген кешегі көшпенділердің жауынгерлік рухы да мүлде көрінбейді. Бірақ романда орыс патшасының озбыр, отаршыл саясатының арқасында қылыш орнына – шоқпар, найза орнына құрық ұстап қалған сол жауынгер халықтың бүгінгі жұқана ұрпағының талас-тартыс, барымта-қарымта, тіпті үш күнге созылған қанды шайқасынан (Мұсақұл шайқасы) дейінгі дала вендеттасының бүкіл белгілері көрініс тапқан.

Төртіншіден, “Абай жолы” – махаббат жайлы роман. Романда Абай – Тоғжан, Абай – Қуандық, Абай – Әйгерім арасында ыстық сүйіспеншілік бар. “Махаббатсыз дүние бос”, – деп жер-жаһанға  жар салған Абай туралы эпопеяның махаббатқа арналмауы да мүмкін емес. Әрине, мұнда батыс романдарындағыдай лап етіп жанып, үп етіп сөнетін бір сәттік махаббат емес, сахараның қай тұсынан болмасын самаладай жарқырап көзге түсіп, жас жүректердегі сезім шоғын маздата жағатын сыпайы да шынайы махаббат бар.

Бесіншіден, бұл – психологиялық роман. Шығыс пен Батыс, бодандық пен бостандық, ескі мен жаңа, ата мен бала арасындағы талас-тартыс – бәрі-бәрі “мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма” деп Шыңғыстау биігінен қарап тұрған ұлт ұстазының ұлы бейнесі төңірегінде топтастырылған.

Алтыншыдан, бұл – натуралистік роман. Батыс әдебиетіндегі Э.Золя, ағайынды Гонкурлар мен Г.Гауптман шығармаларының үлгісіндегі ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының бар шындығын ешбір бояма-бүкпесіз көрсете білген, өмір шындығына суарылған туынды.

Жетіншіден, “Абай жолы” – мифологиялық роман. Эпопеяда ежелгі мифологиялық желілер еленіп, екшеліп, кейіпкерлердің өңі, түсі, сөзі, ойы, іс-әрекеті арқылы үнемі көрініс тауып отырады.

Автор өзі ұсынған “Абай жолының” алғашқы үш сипатын әлем әдебиетінің классикалық туындыларымен шендестіре талдағанымен, кейінгі төртеуін санамалап шығумен ғана шектелген. Әуелгі тәсілмен бұларды да одан әрі нақты мысал, үлгілермен дәлелдеп, тереңдете түскенде оның айшықты ойы одан әрі әрлене түсер еді деп ойлаймыз.

Профессор Анастасьев “Абай жолы” туралы өз ойын жинақтай келе, оны авторларына Нобельдік сыйлық әперген ХХ ғасырдың ең ұлы романдары – Р.Ролланның – “Жан Кристоф”, Дж.Голсуорсидің – “Форсайттар туралы сага”, Роже Мартен дю Гардың – “Тибоның отбасы”, М.Шолоховтың – “Тынық Доны” және У.Фолкнердің әйгілі трилогиясымен қатар қояды. Онымен де шектелмей, қазақтың ұлы классигі туралы өз ойын: “Быть может, он вообще последний классик в литературе ХХ века, последний законный наследник Золотого века романа” деген тамаша тұжырым жасайды. Шынын айту керек, бұл бағаның өзге емес, осы заманғы орыс әдебиеттану ғылымының ең озық тұлғасы профессор Н.А.Анастасьев сияқты білімпаздың аузынан шығуы біз үшін өте қымбат, өте қажет». 

Мақала авторының дәл байқағанындай “Триумфатор трагедиясы” – ғұмырнамалық шығарма. Автор сан алуан шырғалаң, шытырманға толы Әуезов өмірінің әр кезеңдерін сол заманның шындығымен, өмірде, өнерде болған нақты кейіпкерлерімен бірегей бірлікте қарастыра білген.

Мұхтар Әуезовтің ата-бабасы, ата-анасы, өнген өңірі, өскен ортасы, оқыған мектебі, білім алған университеттері, қызмет істеген орындары, дәріс оқыған білім ордалары – бәрі-бәрі автор назарынан тыс қалмаған. Кітапта А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Шоқай, Ж.Ақбаев, Ә.Ермековтердің есімдері аталып қана қоймай, олардың өмірінің әр кезеңіндегі Әуезовпен рухтас, ниеттес, серіктес болғандығы нақты фактілермен дәлелденген. Алаш партиясы бағдарламасының мазмұны, “Алқа” әдеби ұйымының қам-қарекеті, Әуезов-Ермековтердің әйгілі “мойындаулары”, тіпті төңкерістен кейінгі бүкіл ғұмырын Түркияда өткізген башқұрт зиялысы Зәки Уәлиди Тоғанның естеліктері өз ісіне зор жауапкершілікпен қараған автордың назарынан тыс қалмаған.

Әуезовтің бүкіл өмірі “соқтықпалы, соқпақты заманда өскен” данышпан Абай сияқты үнемі талас-тартыс, қуғын-сүргінде өткені белгілі. Мәскеулік автор мұны да ұмытпайды. Әуезов – Мұқанов арасындағы әр кезеңде әртүрлі “сипат” алған күрмеуі қиын қарым-қатынастың жай-күйі, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлымен аға-інідей кіршіксіз көңілмен ұғынысуы, әр кезеңде ұлы жазушының қасынан табылған қаламдас достары мен үміт артқан шәкірттері –  бәрі-бәрі өзіне лайықты орын тапқан.

***

2008 жылы ғалым, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Омаровқа жолыққанымда ол маған «ЖЗЛ» сериясымен орыс тілінде шыққан «Абай» және «Мухтар Ауэзов» деген екі үлкен кітапты сыйлады.  Қазақтың кемеңгерлері жайында ыстық ықыласпен жазылған еңбектерді қызыға да, құмартып оқып болғаннан кейін мәскеулік әдебиеттанушы Николай Анастасьевті бұл зерттеулерді жазуға қандай себептер итермеледі деген сауал көкейімде туып, көңілімнен кетпей қойғаны бар. Алған әсерімді жеткізіп, оған  хат та жазғым келген.  Дегенмен, атын ғана естігенім болмаса, өмірімде бір рет те көрмеген адамға хат жазуға жүрегім дауаламады.  Ғалымның Абай, Әуезов және Нұрпейісов туралы кітаптарынан басқа еңбектері көзіме түспегенімен, интернеттен Нобель сыйлығының лауреаты, әлемге әйгілі жазушы Уильям Фолькнердің шығармашылығын зерттеген монографиясын тауып алып, бас алмай оқып шықтым. Зерттеу маған қатты ұнады.  Еңбекті оқып біткенімде Фолькнер шығармашылығын тануға деген ықыласым оянып, жұрттың көбіне жұмбақ қаламгердің күрделі әлеміне  тереңірек бойлай түстім.  Сноупстар әулетінің трагедиясын суреттеген үш кітаптан түратын триллогиясын, «Сарторис», «Айғай мен ашу», «Тамыздағы сәуле» т.с.с. бұрын ат үсті қарап шыққан туындыларына қайта оралып,  бұрын-соңды білмей келген жаңа Фолькнермен қауыштым.  Ұлы суреткер жайында толғанған Анастасьевтің эссесі қалай шебер  басталған, десеңізші.

«Оқырманға, көрерменге, тыңдарманға суреткерлер түрлі жолдарымен келеді. Біреулерін  жұрт бірден қабылдайды, енді біреулерінің мойындалуы қиын болып, танылуы ұзаққа созылады. Тіпті, шығармашылықтың нағыз мәніне үңіле алмағандықтан немесе оны білгісі келмегендіктен нағыp суреткердің орнына оның сыңарын тауып алатын жағдай да бар. Содан соң барып қаңқу сөз тарап, аңыз туады. Біздің бәрімізге де белгілі ондай мысалдар жетіліп артылады – кезінде Эдгар Подан үлкен ақыннан гөрі төбелесқұмар мен дәруішті, Конрадтан талантты жазушыдан гөрі – теңізші мен қаңғыбасты, өнерге мүлде жаңа эстетиканы ұсынған Уайльд.., Хемингуэйлерден де сондай адамдарды көру жеңілірек болды. 

 Фолкнердің де соңынан да ұзақ уақыт бойы түрлі аңыздар туып келді. Шаруа қожалығында жұмыс істей жүріп, егін жинау науқанының ортасында адам түсінбейтін кітаптарын жазып, жұртпен сөйлесуден қашып жүретін тақуа туралы аңыздар елге тарап жатты.  Осындай аңыздардың жайылуына Фолькнердің өзінің де тікелей қатысы бар екенін айтпай кетуге болмайды. Ол ылғи да өзінің жазушы емес, қарапайым ғана ауылдың тұрғыны, ешқандай да идеясының жоқ екенін т.с.с. айтуға әуес болды. Бір күні қыр соңынан қалмаған тілшіге жазушы «1826 жылы құлдықта жүрген негр әйелден туғанын» айтып, оның бетін қайтарып тастайды».

Зерттеуден гөрі, көркем шығарма деуге де келетін эссенің басталуының өзі көңіліңді жыландай арбап, бүкіл ықыласыңды ұршықтай үйіріп әкетеді.

Батыстың әлем мойындаған суреткерлерінің шығармашылығын зерттей келіп, өмірінің бір кезінде қазақтың екі ұлы кемеңгері Абай мен Әуезов шығармашылығына тереңдеп, жүрегіңді тебірентетін махаббатпен олар жайында кітап жазған Николай Аркадьевич Анастасьевті бір көру менің үлкен арманым болып жүрді. Бірнеше жылдан соң онымен Алматыда кездейсоқ кездесіп, әңгімелесу бақытына ие боламын деген ой менің үш ұйықтасам да түсіме кірмеген болатын.

2014 жылдың  қысында Алматыда «Пенклубтың» жыл сайынғы дәстүрлі жиналысы өтті. Бұл басқосуға сонау Мәскеуден ат терлетіп Николай Аркадьевич Анастасев та келді. Әбең (Нүрпейісов) сол жылы оған «Пенклубтың» сыйлығын табыс етті. Салтанатты жиыннан соң келген қонақтардың құрметіне арналып мейрамханада дастархан жайылды. Дастархан басында біраздан бері көрмеген Әбеңмен әңгімелесіп қалдым. Ол  маған:

– Ертең үйге соғып кет. Төленге беріп жіберетін «Соңғы парыздың» соңғы шыққан варианты бар еді. Өзің де танысып шық. Бірақ ат үсті шолып емес, назарыңды кідірістетіп асықпай оқы. Көп түзетулер енгіздім. Біраз жерін аямай қысқарттым. Айтпақшы сенің Төлен жайында жазған эссең маған ұнады. Оқып шыққан соң оған телефон шалып «Осындай мақаладан кейін енді ештеңе жазбай-ақ қойсаң да болады» деп айттым. Жарайды, ертең сөйлесеміз. Қазір уақытым жоқ, – деп әңгімесінің соңын шорт кесті.

Жоспарлаған шәруаларымның бәрін кейінге қалдырып, ертеңіне Әбеңнің үйіне таң ата салысымен жетіп бардым. Үйінде қонақ бар екен. Кіріп келгенімде бірінші қабаттағы ас бөлмеде Әбең мен Николай Анастасьев  шәйларын ішіп, бір-бірімен сырласып отыр екен.  Есіктен аттағанымда мен көріп балаша қуанған Әбең мақтауымды келістіріп мені Николай Анастасьевқа егжей-тегжейлі таныстырды. Жұртты аса мақтай бермейтін классиктің сөзінен соң ол да маған жылы пейіл танытып, тез тіл табысып,  арамыздағы әңгіме әдемі үйлесіп кетті. Реті келіп тұрған мүмкіндікті пайдаланып, мен одан Абай мен Әуезов жайындағы көлемді еңбекті жазуға қандай жағдайлардың түрткі болғанының себебін сұрадым. Жарық көрген еңбектерінің көңілімнен шыққанына шын ниетімен қуанған Николай Анастасьев ол кітаптардың жазылу тарихын майын тамызып әңгімелеп берді.

-Мен Мұхтар Құл-Мұхаммедтей өз ұлтына бар жан-тәнімен адал қызмет етіп, елінің ұлы перзенттерінің есімін ардақтауда жанкештілікпен жұмыс жасайтын азаматты жолықтырғаны үшін тағдырыма разымын. Егер осындай жақсы адаммен танысып, шарапатын көрмегенімде қазақтың ғана емес, адамзаттық ақыл-ойдың мұхитына теңіз болып құйылған Абай мен Әуезов әлемінің тұңғиығына терең бойлай алмас едім. Мен осы екі кемеңгердің шығармашылық табиғатын, кісілік келбетін, мұрат-мақсаттарын зерттей жүріп қазақ деген халықтың данышпандығына бас ұрдым, – деп әсерлі әңгіме үстінде шешілген ғалым көсіліп сөйледі. Әңгіме барысында Николай Аркадевич осы кітаптарды жазу барысында талай еңбектермен танысқанын айта келіп, Герольд Бельгердің «Абай мен Гете» эссесін оқып шыққандағы алған әсерімен де ой бөлісті. Қызды-қызды әңгімемен уақыттың қалай өте шыққанын да байқамай қалыппыз. Күн бесіннен ауа бастағанда Анастасьев бізбен қоштасып, Мәскеуге ұшып кетті….

***

Қош. Сонымен құрметті оқырман әңгімемізді түйіндеп, нүктесін қоятын да уақыт келді. Біз бұл көлемді эссемізді жазуға бел буған кезімізде қазақтың рухани дүниетанымын байыта түсуге зор үлес қосқан екі зияткердің өмірдегі достық қарым-қатынасын мысалға ала отырып, әдебиеттің тек шабыттан ғана туындамайтынын, ол сондай-ақ тәртіп, еңбек, табандылық үштағанының қосындысы екенін көрсетуді алдымызға мақсат етіп қойған едік. Оның қаншалықты жүзеге асқанының шын бағасын беруді мәртебелі оқырманның  еншісіне қалдырайық.

ХІХ ғасырдың аяғында өмірдің есігін ашқан хакім Абаймен бірге қазақтың рухани жаңғыруының жаңа кезеңі басталды. Ұлтымыздың сана-сезімі де, дүниетанымы да түбегейлі өзгерді.  Кемеңгеріміздің асыл мұрасының маңыздылығын дәріптеп, оны қалың қазақтың ұлттық рухына айналдыру миссиясы ұлы Әуезовтың пешенесіне жазылды.  Абайдың ұлы рухына жанаса отырып, дүниетанымы тереңдей түскен Әуезов те уақыт өте келе халқымыздың біртуар тұлғасына айналды.

Бұл әңгімені қозғаумызға түрткі болған біздің екі кейіпкеріміз Герольд Бельгер мен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің адамдық табиғаты мен азаматтық болмысының қалыптасуына да Абай мен Әуезов тағылымының тигізген шарапаты мол екенін біз осыған дейін де айтқанбыз.  Екі зиялының өмір жолы осы сөзіміздің айқын дәлелі бола алатынына иманымыз кәміл. Ұлылардан тағылым алып, рухымен үндесу оларға өмірді кеңірек түсінуге көмектесті, өнердегі нағыз ақиқатты тануға жол ашты.

«Әдебиетте кеше және ертең деген ұғымдардың жоқ, онда тек мәңгілік бүгіннің ғана бар» екенін Борхестің  «Мәңгілік кітапханасынан» оқығаным бар.  Мәңгілік ел болуға ұмтылған ел ең алдымен сөз өнеріне зор мән беруі тиіс. Өйткені, әдебиет халықтың жан әлемін байытып, құлдық мінезден арылтып, құлазудан құтқарады. Сөз өнері арқылы халық өмірде қол жетпеген шыңдарын бағындыруға тырысады.

Бір ғажабы біздің халқымыздың ұлылардың рухын тануға құмартқан құштарлығы еш уақытта да толас тапқан емес. Бельгердің ұлы Абайымыздың қайталанбас құбылыс болған талантын ашу мақсатында жасаған әдебиеттанудағы ерең еңбегі, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тәуелсіздіктің елең алаңында Абай энциклопедиясын шығарып, «Абай» және «Әуезов» атты кітаптардың жарық көруіне бастамашы болуы соның жарқын мысалы емей, немене.

Кемеңгерлеріміздің рухани мұраларын егжей-тегжейлі зерттеу мен жан-жақты тану дәуірі енді ғана басталды. Құдайға шүкір, тәуелсіздігіміздің арқасында Абай мен Әуезов творчествосының түрлі қырларын әлем оқырмандарына таныстырудың мол мүмкіндігі ашылды.

Бұл ұлы миссияны аға буын өкілдері бар жан-тәнін салып адал атқара жүріп Абай мен Әуезовтің жұмбақ болып келген, біз білмейтін талай қырларын ашуға көмектесті. Халық үшін қан жұтып, қасірет шеккен кемеңгерлеріміздің рухын тануға деген құлшыныс еш уақытта да тоқтап қалмақ емес. Өмірге келетін әлі талай ұрпақ Абай мен Әуезовтың әдеби мұрасына үңіле отырып, халықты сақтап қалатын құндылықтарды іздеп, мәңгілік мұраттарға қол созатын болады. Ұлылардың рухымен үндесіп,  олардың мінезі мен бойындағы асыл қасиеттерін бойына сіңірген халық қана ұлттық мұрат-мақсаттарын айқындап, мәңгілік ел болудың жолын таба алады.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Соңы

Ұқсас мақалалар

9 пікір

  1. Егемендік алғалы атақты ЖЗЛ сериясымен бұрын жарық көрмеген Кенесары, Абай, Мұхтар Әуезов туралы кітаптар дүниеге келді. Осыған мәйек болған Мұхтар Құл-Мұхаммед екені шындық. “Триумфатор трагедиясы” – «Трагедия триумфатора» деген кітапты орысшасын оқып, өзіме данышпан Абайдың мұрасың еуропалық көзімен қараған Анастасьев талай қызықты, ғажайыпты қырын ашты. Мұқаңа сол үшін алғысым шексіз. Рахмет, Мұқа!

  2. Эссе өте керемет жазылған. Бас алмай барлық бөлімін оқып шықтым. Халқымызда «жақсының жақсылығын айт нұрыс тасысын» деген сөз бар ғой. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің әдебиетке, мәдениетке сіңірген еңбегін фильм етіп шығсар да артық етпейді. Өзгелерге үлгі болсын. Билік тұтқасын ұстап жүргендердің арасында ұлт руханиятын бар ынта-жігерімен қызмет етіп жүргендер аз. Құл-Мұхаммедті сол үшін құрметтеуіміз керек.

  3. Әуезов туралы ЖЗЛ-мен шыққан бұл кітап менде бар. Керемет дүние. Абай туралысы өзімде болмағанымен, танысымнан алып оқып шықтым. Ұлттың асылдарын әлемге таныту үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға Алла разы болсын.

  4. Мақаланың авторы да, кейіпкерлері де арда азаматтар ғой. Ел үшін, халық үшін жар құлағы жастыққа тимей еңбектеніп жүрген жандарға халық қашанда риза.

  5. Мұхтар Құл-Мұхаммед «ЖЗЛ» сериясымен Абай мен Әуезов жайында кітап болып шығуына тікелей атсалысты. Осы бастама жалғасын тауып, ұлы даламыздың саңлақ тұлғалары туралы туындылар жарық көріп жатса нұр үстіне нұр болар еді.

  6. Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлының «Мәңгілікпен үндесу» атты еңбегін оқып шығып ойға қалдым. Тұлғаларымыз туралы сөз осылай болса керек-ті. Ісі, сөзі, өнегесі мен құрметі жәй сыйластығы қазақ мәдениетінің мәйегіндей емес пе?!

  7. Бір қызығы, туындыда сөз етілген тұлғаларды байланыстыратын бір жайт бар екен. Қазақ әдебиетіне адал қызмет еткен Герағамыз немістің баласы болса, қазағына Абайдың сөзін жеткізген, қазағымыздың салт-дәстүрін мөлдіретіп жазып, қазағымның өзіне жеткізген Мұхтар ағаның да аталары алыстан келіпті. Қазаққа құрмет осы емес пе?!

  8. Амангелді Кеңшілік ұлының осы шығармаларын оқи отырып, мен өзіме жаңалық ашқан сияқтымын: Мұқтар Әуезов, Абай, Бельгер,М.Құлмұхаммет сияқты тұлғалар туралы… әңгіме өрбіту, ғибрат алу кім кімге болса да, әсіресе, кейнгі жастарға қажет- ақ. Қазақ болғаның ушін мақтануға тұратын керемет әсерлер. Мынау далбаса болып бара жатқан қоғамда өмірге басқаша қарайсың, қанағаттанасың. Рахмет!

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button