Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Рабғұзи / Қисса Дәуіт ғалайһи-уәссәләм

Қисса Дәуіт ғалайһи-уәссәләм

Бәни Ісраилде бір патша һәм пайғамбар болу заңы жоқ еді. Хақтағала Дәуіт ғ.с.-ді әрі патша, әрі пайғамбар етті.

Дәуіт ғ.с. патша болған соң, оның маңайына көп халық жиналды. Дәуіт ғ.с. жұпыны киім киіп алып, халық арасын аралап жүріп: «Патшаңыз қандай кісі?» деп сұраушы еді. Олар: «Патшамыз қадірлі адам», – деп айтатын. Бір күні бір қарт кісіге кездесіп: «Патшаңыз қандай кісі?» деп сұрайды. Сонда қарт: «Патшамыз әділ адам. Бірақ айыбы бар, өз кәсібінен тамақ жемей, басқаның азаппен тапқан азығынан дәм жейді», – деді. Дәуіт ғ.с. бұл сөзді естіп, қайғырды. Хақтағалаға дұға қылып: «Әй, Раббым! Маған бір өнер үйрет. Мен адамдардың қарғысына қалмайын», – деп жалбарынды.

Дәуіт ғ.с. тақуа еді. Хақтағала дұғасын қабыл етті де қолына түскен темірді балауыздай етіп балқытатын қасиет берді.

Дәуіт ғ.с.-нің 99 қатыны бар еді. Бір күні Уәрия есімді кісінің Бәтчиағ деген қатынына көзі түсті. Дәуіт ғ.с. Уәрияны шақырып: «Қатыныңды талақ ет, мен некелікке алайын», – деді.

Уәрия Дәуіт ғ.с. сөзін қабыл етіп, қатынын талақ қылды. Дәуіт ғ.с. ол әйелді некелеп алды. Бұл істі Хақтағала қош көрмеді. Дәуіт ғ.с.-ға екі періште жіберді. Ол екі періште Дәуіт ғ.с.-нің ғабадатханасына адам бейнесінде кіріп келді. Кіріп келді де: Сен бізге Шариғат жолымен үкім ет. Бұл менің қандасым оның 99 қойы бар. Ал менің бір қойым бар. Бұл бір қойыңды маған бер, менікі жүз болсын деп, менің жалғыз қойымды тартып алды, – деді. Дәуіт ғ.с. Шариғат үкімін айтты: «Ендеше, бүнікі – зорлық», – деді. Періштелер бұл үкімді естіп, сол сәт ғайып болды.

Дәуіт ғ.с. бұлардың періште екенін, Алла тағаланың әмірімен келгенін түсінді, қойды мысал етіп, өзінің күнәсін мойындатқанын ұғынды. Дәуіт ғ.с. 40 тәулік жылап, зарланды. Хақтағала күнәсін кешті. Бұл кезде Дәуіт ғ.с.-нің Бәтчиағдан ұлы болды. Ол Сүлеймен ғ.с. еді. Сүлеймен ғ.с. күндіз ағасы Дәуіт жанында болып, кешкісін анасы жанына келетін.

Дәуіт ғ.с. ғұмырының соңы тақап, бір күні Әзірейіл ғ.с. Дәуіт ғ.с.-ға келді. Сүлейменнің анасы Әзірейіл ғ.с-ді танымады. Ол адам суретіне еніп: «Әй, ер! Үйден шық, үйде отағасы жоқ. Сен маған намаһрамсың (намаһрам – жат ердің жүзі)», – деді. Әзірейіл ғ.с. «Дәуіт пайғамбарды көрмекпін», – деді. Бетчайғ айтты: «Мен Дәуітке некеленіп келгелі жат ермен сөйлескенім жоқ. Сондықтан Дәуіт келмей тұрғанда үйден шық», – деді. Әзірейіл күлімсіреп жымиды. Сол сәт Дәуіт ғ.с. үйіне келіп кірді. Дәуіт ғ.с. Әзірейіл ғ.с.-ді көріп, таныды. Сәлем беріп: «Иә, не іске келдің?» – дегенде, Әзірейіл ғ.с. «Сенің жаныңды жұмаққа алып кетпек үшін», – деді.

Дәуіт ғ.с: «Алла үкіміне ризамын», – деп орнына келіп жатты. Әзірейіл ғ.с. сол сағат Дәуіт ғ.с. жанын алды. Бетчаиғ бұл жайды көріп, Сүлеймен ғ.с.-ға кісі жіберді. Сүлеймен ғ.с. келіп көрді. Атасы дүниеден көшкенде мәйітін жұпарлап, иіс сумен жуып жерледі.

СҮЛЕЙМЕН ҒАЛАЙҺИ-УӘССӘЛӘМ

 Дәуіт ғ.с.-нің 19 ұлы бар еді. Сүлеймен ғ.с.-ға адамды және жындарды, жерде жүрген жыртқыш жануарларды, ауадағы құстарды һәм жерді бағынышты етті.

Сүлеймен ғ.с. сыртқа шықса, тау, тас, һәм жер, ағаштар өздерінің қасиеттерінен хабар берер еді.

Бірі айтар еді «менде алтын, күміс бар, соны ал» десе, «Інжу, жақұт бар, соны ал», – дейтін еді.

Сүлеймен ғ.с. 24 шақырым мөлшеріндегі алаңға орын дайындады. Алаңға қызыл алтыннан тақ жасатып, сегіз шақырым мөлшердей жерге орындықтар жасатты. Ол орындықтарда Сүлейменге қарсы қарап, 400 ғалым отыратын еді. 4 мың адам құралдарымен тұратын болған. Жындардың ғалымдары адам ғаламдарының сол жағында. Сүлеймен ғ.с.-нің артында тұратын еді.

Құстар ауада Сүлеймен ғ.с.-ға күн тигізбей көлеңке болып қалқалап тұратын.

Жел Сүлейменді таққа көтеріп, өзі әкеліп отырғызатын. Сүлеймен ғ.с. бірде. «Әй, Раббым! Маған байлық беріп, патша еттің. Барша мақұлықтарды жинап алып, қонақ етейін», – деген.

Сүлеймен ғ.с.-ға Алладан рұқсат келгеннен кейін сегіз айлық жолды нығметпен толтырып, тамақтар пісіртті. Сүлеймен ғ.с. тақпен сол жерге келді. Машрұқ пен Мағрұп арасындағы мақұлықтарды түгел жидырды. Хақтағалаға дұға қылып: «Иә, Раббым! Барша мақұлықтарың келсін. Тамағы әзір», – деді. Сол сәт бір балық судан басын шығарды. Бұл өте үлкен балық еді. Сүлеймен ғ.с.-нің барша нығметін жұтты да: «Әй, Сүлеймен! Маған тағы тамақ бер. Хақтағала маған сенің нығметіңдей 3 есе азық беруші еді. Бүгін мені саған қонақ етіп жіберді», – деді.

Сүлеймен ғ.с. қайран қалып: «Әй, Раббым! Тәубе етемін, барша мақұлыққа рыздық берер құдірет менде жоқ екен», – деді.

 

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Лұқман-Хакім

Лұқман атасы Бағұр. Оның атасы Әзір. Бұл Әзір Әйуп ғ.с.-нің қарындасының ұлы еді. Ол мың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған