Үшінші бап. Тозақ сипаты баяны дүр
Қаулуһу тағала: «Уә иннә жәһәннәмә ләмәуъидуһум әжмәъиин ләһә сәбъату әбуәбил ликулли бәбим минһум жузум мәқсуум»[1], мәнісі: «Анық тозақтың жеті есіктері бар дүр. Ол есіктерге бір топ халықтар қызмет қылар». Хазіреті расул саллаллаһ әләйһис салам айтты: «Хазіреті Жәбірейілге айттым: ия, достым, Мекайылдың[2] бір хошуақ болғанын көрмедім деді. Хазіреті Жәбірейіл айтты: «Құдай тағала тозақты жаратты, өз қаһары мен сонан бері Мекайылдың күлгені жоқ дүр. Барлық періштелер тозақты көріп, тітіреп тұрар, көздерінің жасы әлі осы уақытқа дейін құрғаған жоқ. Қияметтің қорқуынан барлық бишара адамдар мұндай істерден хабарсыз дүр. Опасыз дүние үшін әзиз өмірлерін құр бекер, босқа өткерер. «Ганбиһи таблйын» деген кітапта айтып дүр мың жыл тозақтағы халықтар нала-зар қылғай, айтқай тіпті «бұл дүниеге келмей-ақ қойсақшы, болмаса жақсы амал қылсақшы» деп жыласқай. Бәрі бір онда жылағанмен пайда қылмас. Азаптары азаймас. Себебі бұл дүниеде ойламадыңдар, бұл хәлді болады деп. Сенбедіңдер, рақым қылмадың, ғаріп, жесірлерге һәм мүсәпір жетімдерге кімнің қолы жоғары болғанда, төменгі дәрежелі кісілерге назар қылмадыңдар. Кімнің ағайыны көп болса, жалғыз нашарды қорладыңдар. Өздеріңнен дәрежесі үлкендерге қошемет қылдыңдар, нашарға ғаріп-міскіндерге назар қылмадыңдар. Дүние біткен сайын өнерлеріңе сүйеніп, ешкімнен қорықпай барлық өмірлеріңді хошуақпен өткердіңдер. Бүгінгі хәлді көріп тұрсың, бұл істердің болатынын білмедіңдер ма, көп шаттықтың ақыры қайғы деген болса һәм мені білмей халық сөзі деп пәтуа қылмай, бір-біріңе үкімді зорлықпен жүргізіп, халал-арамға қарамай қызыл тілді шаттықпен сайрадыңыздар. Енді неге өкініш дүр. Бұл хәлді көріп ол дүниеде дарақтарыңа су бермеген соң қаулуһу тағала: суммә иннә ъаләйнә хисәбәһум[3] (Сосын сөз жоқ. Олардың есебі Бізге тән). Ей, бірадарлар, мал азар қылсақ та, қылмасақ та парапар дүр. Не пайда басынан дарағыңды күтіп суармаған соң әжетке жарамағаны отқа жағылар. Сол кәби[4] әдебі жоқ, амалы жоқ пенде өзінен өзі тозаққа табынар, еш жақсылық жоқ дүр дегей және айтады пенделер тозақта жетпіс мың жыл зарлық қылғай. Біздер қарнымыз ашып келдік дегей. Құдай тағаладан нида келгей: «Ей, Жәбірейіл, ол пенделер не деп тілек тілер?» Хазіреті Жәбірейіл айтқай: «Е, бар Құдай, сіз жақсырақ білерсіз, олар жаңбыр тілер» деді. Хақ сүбһана тағала бұйырғай, бір ақ бұлт пайда болғай. Оларға жылан-шаян жауар. Әр қайсысы түйедей болғай. Әр кімді шақса 1000 жыл нала болғай уә зәһарларының ащысы Құранда хабар берді. Қаулуһу тағала: «зиднәһум ъазәбән фәуқал ъазәби бимә кәнуу йуфсидуун»[5] (қарсы болғндарға қинау үстіне қинау арттырамыз). Әр кімнің иманы кәміл болса, тозақ азабын, қиямет айбатыны білмес, пікір һәм қылмас. Иманы кәміл кісі Құдай тағаланың ашуынан, қиямет азабынан қорқар. Хазіреті расул саллалаһу әләйһиссалам хазіреті Жәбірейілден сұрады: «Ия, достым Жәбірейіл, тозақ сипатын баян қыл» деді. Хазіреті Жәбірейіл айтты: «Егер тозақтан бұл дүниеге иненің тесігіндей тесік көрінсе, бұл дүниедегі нәрселердің бәрі жанып, ешнәрсе қалмас еді. Егер тозақ түтінінен кішкене түтін шықса, барлық адам қараңғы болар еді» деді. «Егер бұл дүниеге тозақтың ұшқынынан бір ұшқын шықса, барлық адам болмас. Егер тозақтан бұл дүниеге бір кісі жіберсе, ия бір кісі шықса, барлық халайықтар исі жамандығынан бейшахат болып, күншығыстан күнбатысқа қашар еді. Тозақтағының барлығының жегендері зақұм зәһәр болар. Ішкендері қан-ірің болар». Қаулуһу тағала: «Ләәкилунә мин шәжәрим мин зәққуум фәмәнлуунә минһәәл бутуун фәшәрибуунә ъаләйһи минәл хәмиим фәшәрибуунә ъаләйһи минәл хәмиим фәшәрибуунә шурбәл һиим һаза нузулуһум йәумәд диин»[6] (Әлбетте ағаштан, Заққұмнан жейсіңдер. Одан қарындарыңды толтырасыңдар. Оның үстіне қайнар судан ішесіңдер. Шөлдеген түйеше сіміресіңдер. Міне олардың қиямет күнгі сыйлықтары). Расул әләһиссалам сұрады: «Ия, достым Жәбірейіл, тозақтың есігі ашық па, яки жабық тұра ма?» Жәбірейіл айтты: «Тозақ есігі жабық тұр. Әр бір есіктің арасы жетпіс жылдық болғай, тозаққа Құдай тағаланың дұшпандары барып түсер, аяқтарына оттан кісен салғай, мойындарына оттан зәнжір[7] салғай. Хазіреті расул әлейһессалам бұл сөзді естіп зар-зар жылап, есінен танып жығылды. Біраздан соң өзінің үйіне кіріп, үйінің есігін байлап, Алла тағалаға мінәжат қылды. Сахабалар сағынып бір-біріне айтты: «Жеті күн болды Расул Алланың мүбәрак жамалын көргеніміз жоқ» деп бәрі жиналып, хазіреті Біләлға келді, айтты: «Ия, Біләл, есікті аш, хазіреті расул Алланың мүбәрак жамалын көреміз» деді. Хазіреті Біләл: «бей әдептік болар» деп есікті ашпады. Сахабалар жылап, хазіреті рази Аллаһу әнһәнің үйіне барды: «Ия, Фатима, жеті күн болды хазіреті расул Алланың мүбәрак жамалын көргеніміз жоқ» деді. Хазіреті Фатима келді: «Ия, Біләл, есікті аш, бабамның жамалын көрейін» деді. Хазіреті Біләл тағы ашпады. Хазіреті Фатима Құдай тағалаға мінәжат қылды. Ол айтты: «Е, Құдай пенде кәрім, өз рәхметіңмен есікті аш, бабамның жамалын көрейін» деді. Көп өтініп, зарлық қылды. Сол уақытында Құдай тағаланың құдіретімен есік ашылды. Хазіреті Фатима кіріп көрді. Хазіреті Расул мұстафаның реңі сары жақұтқа ұқсар, мүбәрак ерні сәдәп[8] сияқты ағарып, денелері сарғайыпты. «Ия, бабам, саған не болды, мұндай хәлге түсіп қалыпсыз?» деді. Хазіреті расул әләйһиссалам айтты: «Ия, қызым Фатима, достым Жәбірейіл тозақ сипатынан хабар берді уә азап айбатын баян қылды. Тозаққа менің үмметім менен күнәһар болады мыс. Сол себептен маған осындай уайым пайда болды» деді. Хазіреті Фатима айтты: «Е, бабам, барлық қатындар үшін мен күнәсін тартайын» деді. Әбубәкір сыдық рази аллаһу әнһу айтты: «Ия, Расул Алла, барлық ақсақалдылар үшін күнәсін мен тартайын» деді. Хазіреті Омар рази аллаһу әнһу айтты: «Барлық қара сақалдылардың азабын мен көтерейін» деді. Хазіреті Осман, хазіреті Әли рази аллаһу әнһума айтты: «Барлық жігіттер үшін күнәсін біз тартайық» деді. Онан соң хазіреті Жәбірейіл Алла тағаладан жетіп келді. Ол айтты: «Ия, Расул, Құдай бибі Фатиманың наласына көктегі періштелер тағат қылмады, сенің үмметтерің үшін жылады, Алла тағалаға ғафу қыл» деді. Расул айтты: «Ия, Жәбірейіл, маған үмметтерімнің хал ахуалынан хабар бер, нендей суретпен тозаққа барар?» деді. Хазіреті Жәбірейіл айтты: «Ия, расул Алла, сенің үмметтеріңді періштелер тозаққа еліткейлер, жүздері қара, көздері көк болғай. Мойындарына оттан зәнжір болғай. Шаш-сақалдарынан сүйреп алып барғайлар. Мәлік[9] бұларды көріп айтты: «Бұл қайсы қауым-дүр, бұл сипатпен тозаққа келген жоқ еді. Жүздері қара, көздері көк» деді. Мәлік айтты: «Ей, бақытсыз бұзықтар, сендер қандай қауымсыңдар. Мұндай азапқа душар болғансыңдар» деді. Олар айтты: «Біз Мұхамедтің үмметіміз» деді. Мәлік Мұхамед расул Алланың атын естіп, біраз тоқтап тұрғай. Ал осы пенделер айтар: «Ей, Мәлік, бізге аз ғана уақыт бер, өз халімізше өкініп жылағаймыз». Мәлік айтты: «Ей, батпақ бұзықтар, бүгін мұнда жылағандарыңмен пайда жоқ. Егер дүниеде жыласаңыз Құдай тағала ғафу қылар еді» деді. Мәлік тозаққа бұйырғай, бұл бұзықтарды тұтқыл дер. Тозақ тұтарға келер. Ол арада Құдай тағаладан әмір келгей «Мәулет[10] бергіл» деп. Хазіреті Мәлік мәулет бергей. Ол арада шайыхтар қолдарымен сақалдарын ұстап жұлғай. Барлық адамдар зар-зар жылап, 1000 жыл тұрғай. Ол арада Алла тағаладан ауаз келгей: «Ей, Мәлік, оларды тозақтың біріншісіне кіргіз» деп айтар уә кіргізгей, от жана бастаса бәләнт[11] ауаз бірлән «Лә илләһә иллә Алла Мұхаммадур расулуллаһ[12]» деп нида қылғай. Сол заман Алланың атын есіткен соң тозақ тұтпағай. Мәлік және бұйырғай: «Бұл асыларды[13] тұт» деп. Сол заман бір ауаз естілер аспан күркіреген секілді. Сол заман Расул Алланың атын ұмытып қалар. Ешбір сөз табалмағай. Наузан билләһи миннәззәлик енді осыдан кейін тозақ тұтқай, жандырғай. Көңілдеріне, беттеріне жетсе Мәлік айтты: «Ей, тозақ, бұл пенделердің бетін күйдірме, олар дүниеде Алла тағалаға сәжде қылды және де көңілдерін күйдірме. Көңілдерімен Құдай тағаланы бір білді уә тілдерін күйдірме Құран оқыды, ораза тұтты» деді. Бірнеше жыл тозақта жанғайлар. Онан соң Хақ сүбһана уә тағаладан пәрмен келгей: «Ей, Жәбірейіл, Мұхаммед үмметтері тозақта не халде тұр, тозақты барып көр» деді. Жәбірейіл әлейһиссалам барды. Хазіреті Мәлік Жәбірейіл әлейһиссаламды көріп тіке аяғымен тұрғай: «Ей, Жәбірейіл, не іске келдің?» деді. Хазіреті Жәбірейіл айтты: «Мұхаммед әлейһиссаламның асы үмметтерін көруге келдім, олардың халі қалай?» деді. Мәлік айтты: «Олардың денесін от жеп бітірді, енді беті мен жүректері қалды» деді. Тозақтағы кісілер сұрайды: «Бұл көрінген құс суретті кім?» дер. Мәлік айтты: «Ол Мұхаммед әлейһиссаламның досы Жәбірейіл». Сонда олар Мұхаммед атын естіп, жылағай: «Ей, Жәбірейіл, біздің ахуалымызды пайғамбарымыз Мұхаммед әлейһиссаламға жеткіз, бізге шапағат қылсын» деді. Хазіреті Жәбірейіл әлейһиссалам қайтып өз орнына келді. Алладан пәрмен болғай: «Ей, Жәбірейіл, тозақтағы кісілердің сөздерін Мұхаммедке жеткіз» деп айтты. Жәбірейіл пейішке, хазіреті Расул әлейһиссаламның қасына барғай. Ол айтты: «Тозақтағы үмметтеріңнің қасынан келдім. Олар онда қатты азапта тұр, сенен шапағат сұрайды». Сол кезде хазіреті Расул бұл сөзді естіп жылап, пыраққа мініп, аршының алдына келіп мүбәрак басын сәждеге қойып айтты: «Ия, раббым, кәриму рәхим, асы күнәһар үмметтерімді маған бер» дейді. Сонан соң Алладан нида келгей: «Ей, Мұхаммед, басыңды көтер, дұғаңды қабыл қылдым, барып үмметіңді тозақтан шығар» дейді. Хазіреті Расул салаллаһу әлейһи уә сәллам тозаққа барғай, хазіреті Мәлікке айтты: «Тозақ есігін аш» деді. Хазіреті Мәлік ашар, тозақтағы кісілер хазіреті Расулдың мүбәрак жамалын көріп, жылап айтты: «Ия, Расул Алла, біз мұнда нашар үмметіңізбіз, халіміз өте қиын» деді. Бұдан соң Расул салаллаһу әлейһи уә сәллам бұларды тозақтан шығарып, хауыз кәусардан суғарып, пейішке алып барғай. Күллі бәледен, ренжуден кұтылып, рахат жатқай. Онан соң тозақта иманы бар адам қалмағай. Пейіштегі кісілер мәңгі рахатта қалғай. Тозақтағы кісілер мәңгі тозақта қалғай. Ия, Алла, рақымың мен пейішіңді нәсіп еткейсің, тозақтан сақтағайсың, әумин раббил аламин уә хурмат нәбинә Мұхаммад мустафа салаллаһу әлейһи уә сәллам.
[1] «әл-Хижр» сүресі, 43-44-аяттар
[2] Мекайыл – періштенің аты
[3] «әл-Ғашия» сүресі, 26-аят
[4] Кәби – сияқты
[5] «ән-Нахл» сүресі, 88-аят
[6] «әл-Уақиға» сүресі, 52-56-сүрелер
[7] Зәнжір – шынжыр
[8] Сәдеп /п/ – теңіз түбінен алынатын асыл тастардың сыртқы қабығы, қабыршығы
[9] Мәлік – тозақ періштесі
[10] Мәулет /а/ – уақыт
[11] Бәләнт /п/ – жоғары, қатты
[12] Лә илләһә иллә Алла Мұхаммадур расулуллаһ – Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі
[13] Асы – күнәһар
Карамат.
Мукіматіл муслимин кітабы
Қазан баспасы Мукімат Әли қаражаты илән 190 лз: басылған
6/Х-70