Бір суреттің сыры

Тұрсынәлі Айнабек ұлы

Барлық саналы өмірінде бір сәтте бекер отырмаған, қолжазбалар іздеп, бұрынғы өткен ақын- жыраулар еңбектерін жалықпай іздеген, жабырқамай  түндер отырып аударып жүйелеген-Мәделіқожа, Майлықожа, Ергөбек, Құлыншақ, Молда Мұса секілді жыр алыптарын елге қайта таныстыруға еңбек еткен азамат. Әлішер Науаи, Қабуснама, Омар Хаям, Хазреті Али, Әмір Темір еңбектерін қазақ тіліне аударып еліне таныстырған Ағамыз Тұрсынәлі Айнабек ұлы келер жылы 90-жасқа келер еді. Тұрсыекеңнің жан-тәнімен ізденген еңбегі Мәделіқожа мен Майлықожа мұралары болды. Төменде аталған екі бабасына екі түрлі жағдайда жазған еңбегін беріп отырмыз.

Салғызды Сағын сағана

Салғызды Сағын сағана,

Мәделі батыр бабаға.

Хиуадан шебер алғызды,

Білікті бұл бір салаға.

Ою мен қышын өрнектеп,

Өргізді қымбат бағаға.

Шығысында Қазығұрт,

Өгеммен жалғас салада.

Кеме қалған десетін,

Құдреті мен Алла тағала.

Ордабасы қыраты,

Оңтүстік күнгей далада.

Алты Алашқа әйгілі,

Қадалған тулы бағана.

Жоңғардың жойқын қолдары,

Жойылған осы арада.

Мың сегіз жүз елу сегіз,

Міллет жылы санада.

Қоқанның зекетшілері,

Қыздан зекет бергін деп,

Қоқаңдаған далама.

Қорлығына ел шыдамай,

Саудакентті алып жобаға,

Көтеріле көшкен халақты,

Саудакенттің датқасы,

Ниязәлі алған панаға.

Байзақтай датқаны,

Орысқа салық бердің деп,

Ниязәлі датқаны,

Ырқын бұздың елдің деп,

Тартқан қатаң жазаға.

Молла Әлімқұл Қоқандық,

Бұйрық беріп сарбазға,

Зеңбіректің оғы мен,

Атқан дер Шымкент қалада.

Ұсақталып сүйегі,

Мырзабидің жасағы,

Қырылыпты осы арада.

Қоқанның келіп ұлығы,

«Мырзабиді өлтірген

Кім-?деп» айтқан сауалға,

«Менмін» деп жауап беріпті,

Мәделідей ер аға.

Қыздан зекет алуға,

Күн-күн сайын қонаға,

«Шариғаттың шартына»

Депті лайық болама»?

Ұлығы мен Қоқанның,

Еріп келген жанында,

Бар еді қарт анада.

«Қанын кештім» депті ана,

Риза болмай көңілі,

Озбырлық пен әуелде,

Пайда болған балаға.

Қоқанның уәкіл ұлығы,

Жан екен ілім білімді,

Көтеріле көшкен ел,

Қайтсын депті тез арада.

Зекетті жеңілдетеміз,

Қарап шарық-шамаға,

Деп Мәделі батырға,

Берген екен уағда.

Қорлығына шыдамай,

Көңілі болған налада,

Қожа менен қарада,

Қатын менен балада,

Жеңілдік алып зекеттен,

Түскен екен сабаға.

Жарарын алған қоныстың,

Отаршылдығына орыстың,

Қарсы шыққан қару ала,

Езгісіне Қоқанның,

Соққы берген долдана.

Ерлерін елдің басқарып,

Шешімін айтқан бір жола,

Жорықшы жырау Мәделі,

Жетпіс екі жасында,

Қойылыпты «Мәлім молаға».

Жүз он тоғыз жыл өткенде,

Бесінші батыр ұрпағы,

Сағын мырза қолға ала,

Ескі сағана үстіне,

Салғызды алып мұнара.

Бабаның рухын ардақтап,

Жұрт келер зияратханаға.

Малта тасы маужырап,

Тасбиғын айтып Аллаға,

Асып-тасып көктемде,

Жаз шықса келіп тәубаға,

Судырап қамыс құрағы,

Ағуда Бадам жағада.

Сылдыр суы сылқылдап,

Күлкісіндей кейуана,

Сан мың жылғы тарихи,

Куәсіндай замана.

Су ағады Арыстың өлкесінен,

Қалшалар қанға батты белшесінен.

Өлтіріп өтін алдым баурын жарып,

Бауыздап Мырза биді желкесінен».

-Деп айтқан Мәделінің сөзі менен,

Толғауымды доғардым келтесінен.

Тұрсынәлі Айнабекұлы. 26-08-07 ж.Қарбастау ауылы – Мәлім моладағы Мәделіқожаның сағанасының жаңартып салыну мәресіміндегі құтықтау сөз.

Майлы қожа қыстауы.  

Ағайын арасының той жыйынына Қожатоғайға барғанда Қуанышбек қажы Майлы ақынның жұртын көріңіз деп алып барып көрсетті. Сол көріністен алған әсердің қағазға түскен нұсқасы.

 

Кереметті кенере жағасында,

Сырдан шыққан Майлы арық сағасында,

Ұлы ақынның қыстауы ірге тепкен,

Сыр менен жазық жайлау арасында.

 

Шығыс жағы Әлімтау, Айғыр ұшқан,

Құт мекен соны жайлау сақтар қыстан.

Ақдала, Арпатөкті, Дарбаза мен,

Көкшымылдық, Қырыққұдық жусаны ыққан.

 

Изен шөп, қара жусан, қызыл жусан,

Боз раң, қара от шыққан киелі сан.

Қумды алқапты қаудасын,бүрген өсіп,

Құм көшіп қонуына еткен нұқсан.

 

Басшыңырау, Орташыңырау, Аяқшыңырау,

Қазғандай Толағайдай анық бір дәу,

Түбінен қайнап шыққан тұщы суы,

Аумағы алты қанат үйдей бір нау.

 

Қара оттан, ақмамық, сете, саған,

Уақ малға құнары жекемдей болған.

Ақмамық әңгелектің исін сеуіп,

Жусан жұпар шашқандай болар далам.

 

Көктемде шатыр гүлді өсіп кеурек,

Иісі аңқыған шайыры танау керген.

Дертке дауа шипа боп, кеселденген,

Қатарға қосар малды жедел емдеп.

 

Көкталтоғай, Байтоғай, Қожатоғай,

Шыбықбелгі, Ысқалы мен Көксарай,

Шардара,Сүткент,Ұзын ата ескі қала,

Дарияның батысында жатқан жанай.

 

Сүткент пен Байтоғай арасында,

Жайылып аққан дария саласында,

Жайқалып жасыл орман тоғай өскен,

Дарияның екі бет жағасында.

 

Аққан дария жайылған көлдей болып,

Телегей тепкен толқын сеңдей болып.

Тоғайдың арсында көлдері мен,

Қылы бар ағып жатқан жеңдей болып.

 

Сусылдап көлден сұқсыр үйрек ұшқан,

Қаңқылдап қаздар қонған барлап тыстан.

Сері аңшылар сейдірмей олжа алған,

Сыбағасын айырып ұшқан құстан.

 

Жайылып, дария ағып сылаң қаққан,

Тоғайды аң менен құс пана тапқан.

Қырғауылы аялап балапанын,

Қыт-қыттап көрсетеді жемін тапқан.

 

Қызыл жасыл қоразы қанат қаққан,

Сыбызғы саз сыйқырлы салып бапты ән.

Жүреді мекиеннен хабар алып,

Дегендей болып жыртқыш жаудан сақтан.

 

Ор қояны орғийды құмнан қашып,

Жауға жем болмайын деп қара басып.

Қызыл қоңырау шеңгелдің жынысына,

Сіңіп барып алады демін басып.

 

Түлейге түлкі жортпас тұзақ құрған,

Аңшылар бар, айласы асып тұған,

Жым қуалар жымысқы әдісі мен,

аз емес қатыгездер олжа құған.

 

Кең жайыла дария аққан көлдей болып,

атты, жаяу кешіп өтер жердей болып,

екі жағы жайқалған жасыл орман,

Табиғат қойған сыпат теңдей бөліп.

 

Сүткентті деп айтады ескі қала,

Бау-бақша жүзім өскен сай мен сала.

Жұрнағы жүзімдіктің кездеседі,

Өсіп жатқан кей жерде ішінара.

 

Бір шеті ескі шаҺар Ұзын ата,

Ғұлама Зәңгі атадан алған бата.

Мүриттері кереметін көзбен көріп,

Дей алмаған Исламның дінін қата.

 

Қыраты қырдағы елдің Мұрынқарақ,

Тұрғандай батыс жаққа қырын қарап.

Ұзын ата насихаттап Ислам дінін,

Қарақтан жайылған дер елге тарап.

 

Сексеуіл, жусан өсіп жатқан дала,

Қазаққа қасиеті жаққан дала,

Қарақты Қазығұрттың сілемі дер,

Дауғат айтқан Ұзын ата асқан дана.

 

Бейіті Байырқұмда Ұзын ата,

«Шыңғысханды осында» деген қата.

Мұнда жатқан әулие, шын ғұлама,

Қалың елді Исламға алған тарта.

 

Мұхаммад пайғамбардан тартқан желі,

Құл қожа Ахмед Иассауи абзал жолы,

Мансұқтап,бұтпарастық шаман дінін,

Исламды қабыл еткен қазақ елі.

 

Сыр бойына жаратқан төккен Нұрын,

Қарбызы-қазан, қауыны-кез балдан шырын.

Су шайып кеткен жерге ексе егін,

Мол өнім жиған диқан жұрттан бұрын.

 

Тоғайда өскен сәмбіл, тораңғы, тал,

Қалың өскен жидесінің мәуесі бал.

Жиде жеген қырғауылды сойған кезде,

Қарнынан бір қос уыс майы шығар.

 

Сылқым Сыр, сылық-сылық күліп сылаң қаққан,

Кейде тар, кейде кең бол жайыла аққан.

Кең алқап кенеренің жағасында,

Қыстауы Майлықожа орын тапқан.

 

Дарияның гауҺар жатар арнасында,

Дегенді Мәделі айтқан әу басында.

Ақынның ұлағатты ұлы сөзін,

Жөн болып тұр қайталау дәл осында.

 

Мәдәлі айтып кеткен әу басында,

Ұлағат нанасыңба,нанбайсыңба?

Мейлің нан,мейлің нанба сөз гауҺарын,

Майлы ақын тапқан сында дәл осында.

 

Кең далалы керемет кенереде,

Табиғат өрген қарап өнегеге,

Ұлы ақын сөз гауһарын терді ме екен?

Мұра етіп кейінгі ұрпақ неменеге.

 

Қарақты назарға алып қыбла жақтан,

Ойға алып Ұзын атаны құмда жатқан,

Ұлы ақын сөз гауҺарын түзді ме екен?

Нәр алып Исламдық бал бұлақтан.

 

Кең дала кереметті кенереден,

Дариядан су шығарып егеленген.

Ұлы ақын сөз гауһарын терді ме екен?

Сыр шертіп тылсым сырлы шежіреден.

Сан түрлі өрнек көріп бедерленген.

Ұлы ақын сөз гауһарын түзді ме екен?

Халықтың қарапайым қамын жеген.

 

Кең дала кереметті кенереден,

Ашық аспан, дейтін алып терезеден,

Көрген ақын түзген бе сөз гауһарын,

Табиғат өрген өрнек өнегеден?

 

Кең дала кереметті кенереден,

Қыстау сап,су шығарып егеленген.

Майлының інжу-маржан сөздерінен,

Баһар алар жас ұрпақ дүниеге енген.

Бұл өлеңді Тұрсыекең 80-нен аскан шағында жазды, өзі разы болып, оқып шаттанып отырушы еді.

 

Дайындаған Сейт Омар Саттарұлы

              

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған