Ет жемес ешан атаның ұрпақтары

Осындай саясаттың кезінде Ет жемес ешан атаның ұрпақтары да қуғынға ұшырады. Ешан,молдаларды да байлармен бірге жазықсыз жазалады.Ешан атаның ұлы Төрежанды милиция бастығы Жұман деген 1929-жылы тұтқындап,үлкен істі тындырған болып,өзінің мықтылығын түрникке асылып, әр түрлі жаттығулар көрсетіп жатқанында құлап, екі аяғы бірдей сынып, ойбайлайды да қалады. Күнде ойнап жүрген түрниктен неге құлағанын ойлаған ол, өзіне бағынышты милицияға айтып,Төрежанды тез босатып жіберуді бұйырады. Ол келіп, қамаухананың есігін ашқанда Төрежан ол жерде жоқ екендігі белгілі болады. Жанындағылардан «көрдім» деген адам табылмайды.

Төрежан басқалардың көзіне түспей түрмеден шығып кетіп еді. Бағыты «Қауыншы» елді мекені болды. Ол жерге жетем дегенше бір көпірдің үстінде іздеуші милициямен кездесіп те қалады. Бірақ ол көрмеген болып өтіп кетеді. Шынымен сондай болды ма, жоқ әлде киіп алған Ешан атаның шапаны көзін «байлап» қойды ма, ол жағы бізге белгісіз.Оның сыры он жылдан кейін ашылды. Баяғы,Ет жемес ешан ата өзі туғызып алған,а тын Бостан деп қойған атамыз бен Төрежанның ұлы, құрдасы Төрехан екеуі бір шаруамен Ташкентке барады. Сондағы бір таныс дүкен иесі бұларды ішке кіргізіп,басқаларға білдірмей бір хатты береді. Ол Төрежанның өзінің баласы Төреханға жазған хаты екен.

Хатты оқығанда белгілі болғаны. Алланың арқасында және шапанның қасиетімен қамауханадан білдірмей шығып кетеді. «Қауыншыға» аман-есен жетеді.Ол жерде Қашқардан келген адам жолығыпты.Ол адамның айтуы бойынша белгілі болғаны, Қашқарда оған үй-жай және арнайы мешіт салыныпты. Әйел де таңдап қойыпты.Қазір сол жерде жасап жатқанын,енді бұл фәниде емес, арғы дүниеде кездесерміз деп жазыпты. Бұл әкенің балаға жазған соңғы қоштасу хаты еді. Кейінгі жылдардың  біріндеТөрежанның Меккеге қажылыққа барғаны және сонда о дүниелік болғаны туралы хабар келеді.

Төрежанның Тәкірханнан басқа тағы бес-алты ұл-қызы болған. Сол кездегі совет үкіметінің қожа-молдаға қарсы саясатына байланысты бәрі де қуғын-сүргінге ұшыраған.Тәкірхан 2000-жылы жасы тоқсанға жетіп қайтыс болады. Ол кісіден 1966-жылы туылған Зухриддин есімді ұл және алты қыз қалады. Олардан өрбіген ұрпақ Ташкентте өсіп, өніп жатыр. Қашқарда жүргенде перзент көрді ма, көрмеді ма ол жағы бізге белгісіз.

Ет жемес ешан атаның Сәйдәріп есімді ұлы туралы мәліметтер өте аз. Ол кісі де жай адам болмаған сияқты.Балдары Аппазханқожа және Мұхтарханқожа туралы болжағандары дәл келген. «Ешан бау» ауылында жүргенде ел аралап, бес-алты ай хабарсыз кетеді екен. Кемпірі Айпаща 1922-жылы қайтыс болғаннан кейін, қырғыз қызына үйленіп, «Ешан базар» ауылында жасапты. Адамдар өздеріне Сәйдәріпқожа  келе жатқанын  алдын ала жылы лепті жел ескенінен сезетін болған. Алғашқы артель ұйымдасқанда, оған мүше болып, мақта егіп, жаңа биліктің айтқанын да істепті.Денсаулығы сыр бере бастаған соң,Ташкентке қоныс аударған.Сол жақта 1927-жылы 54 жасында қайтыс болыпты. Артында екі ұл, екі қыз қалады. Кіші ұлы Мұхтархан екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ол жақтан қайтпаған. Сапура қызы жас кезінде қайтыс болған. Жорахан деген қызынан жиендері бар. Аппазханқожа әкесі қайтыс болған соң, Ташкенде жүріп көп қиыншылықтармен оқып,мұғалім мамандығын игереді.

Соғыстан кейінгі жылдардың бірінде Шарапат апамен шаңырақ көтереді. Жас маман ретінде Бекабат қаласындағы бір мектепте біреуі директор, екіншісі мұғалима болып қызмет етеді.Шарапат апа Акрам,Акрал,Қошқар деген ұлдары мен Мавлюда есімді қызынан кейін Хасан,Хұсан деген егіз ұлдарды дүниеге келтіреді. Қуаныштары ұзаққа созылмайды.Егіздің кішісі Хұсан аз уақыт ауырып,шетінеп қалады. Артынша үлкені Хасан да ауыра бастайды. Осы кезде Аппазханқожаның бұрыннан ауырып жүрген асқазан ауруы да асқынып кетеді.Бастарына осындай қиыншылықтар түсіп,не істерлерін білмей жүргенде, бір ақсақал үйлеріне келіп ақыл айтады.Әулие болған аталарың бар екен. Сол әулие аталарыңның ізі қалған жерге барсаңдар,денсаулықтарың түзеліп, бәрі жақсы болып кетеді депті.Осы сөзден кейін Аппазханқожа ойланып жатпастан директорлығын да,үй жайын да тастап,өзі бұрыннан білетін «Ешан бауға» (Димитров бөлімшесіне) 1957-жылы 44 жасында көшіп келеді.

Бұрынғы мектеп директорына табылған ыңғайлы жұмыс,бөлімше кеңсесінің қарауылдығы болды. Шарапат апа балдарына қарап үйде отырды. Мавзуда, Масуда есімді екі қызды дүниеге әкелді.Ет жемес ешан атаны жақсы білетін Құдайқұл бесуылдар мен Әжікелердің ұрпақтары ықыласты болып, қолдарынан келгенше қолдау көрсетіп жүрді.Сол жылдары үкіметтің қаулысымен Қазығұрттан көшіп келген Бөгейжіл және Өзбекстан жақтан өзінің Қазақ еліне қайта қоныс аударып жатқан Қоңырат ағайындардың да қолдап, қолпаштауына ие бола бастады.Осы ағайындар Аппазханқожа деп айтуды оңайлатып,сол кезден бастап Аппазқожа деп атай бастады. Перзенттері есімдеріндегі «хан» жалғаулығын қазір ешкім қосып айтпайды.

Аппазқожа ата алғашқы кезде намазын үйінде жеке өзі оқып жүрген болса, кейін бейресми ашылған мешіттерде, бейресми имамдық қызметтер атқарды.Өтініштер бойынша ауырған-сырқағандарға да дем салды.Қаза болғандардың жаназасын да жасырын оқыды. Мұның бәрі сол кезде, коммунистік партия билеп дінге қарсы болып тұрған кезде, халыққа жасаған теңдессіз сауап тірліктер болатын. Ол заманда қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кез. Адамдар намазды жасырынып оқитын.   Өлгендерге жаназа оқытпайтын. Жақын адамдарының жасырын жаназасына коммунистер  келмейтін.Сыры ашылып қалса,жазаға тартылатын.

Ет жемес ешан атаның немересі – Аппазқожа 20 жылдай бөлімшенің кеңсесіне қарауылдық жасап,зейнетке шыққан болса, одан кейін де 20 жылдай халыққа діни қызмет көрсетті.1996-жылы жасы 83-ке толған шағында, ауырып дүние салды. Сүйегі «Ешаната мазарына»,өзінен үш жыл бұрын қайтыс болған кемпірі Шарапат апаның қасына қойылды.

Осы кезде де, екінші шапанды бөліске салғандағыдай, Аппазқожадан қалған дүниелерді бөліп алудан үмітті болған ұл, қыздары мұрагер-шырақшы,Әулие Ет жемес ешан атаның ордасы – үлкен үйдің иесі Хасанқожаға талап қояды.Үйдің иесіне бұл шырақшылық қалай «бұйырғанын» төменде айтылады. Одан кейінгі шырақшылық әулиенің қайсы шөпшегіне бұйырылатынын Хасанқожа да білмейді.Екі арасатта тұрғанында, терезе жақтауында  қанаттарын қағып жабысып түрған «әруақ көбелектерді» көрген, ортада отырған үлкендердің бірі, «енді қойсаңдаршы,ата-аналарыңның әруақтарын қинамасаңдаршы» деп,көбелекті көрсеткенде барлығы да сап тиылады.Соның арқасында әулие атамыздан қалған жәдігерліктер аман-есен сақталып келеді. Ағайын-туғандар да тағдырға тән беріп,Алла разылығы үшін бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп жатыр.Қажет кезде шапанды жамылып,Алладан медет,атасынан шапағат сұрайды.

Ет жемес ешан ата өзінің рухани мұрагерлігін (шырақшылығын) Сәйдәріп баласынан тарқағандарға мәжбүрлеп беріп келеді. Аппазқожаны  мектеп директорлығынан кеңсе қарауылдығына апарды. Көп шөберелерінің ішінен таңдау  Хасанқожаға түсті. Бұл бала да Келесте өскен басқа шөберелері  сияқты, орыс мектебінде оқыған.Дарвинді жақтаған,Ислам дінін даттаған тәрбие алды.Біраз жыл Камаз автомашинасын жүргізді.Бірақ басқа шоферлар сияқты еркін жүре алмады,яғни әулие атасы жүргізбеді.Орысша оқыған бала алғашқыда оны түсінбеді,түсінгісі де келмеді.Сол кезде,баяғы Бекабатта әкесінің іші ауырғандай іш ауруы бұның ішінде де пайда болды. Төрт рет операция үстелінде жатты. Жазылмады.Әкесі Аппазқожа «енді өлесің» деді.Сол сөзден кейін «әкіс баланың» беті бері қарады.Әкесі үйреткен ислам тәрбиесін, оқытқан ислам білімін  бойына сіңірді.Құран сүрелерін қиынсынбай жаттады.Әкесі Аппазқожа 78 жасында мұрагерлікті 34 жастағы баласы Хасанқожаға тапсырды. Шырақшы Хасанқожа 1991-жылдан  Ет жемес ешан атаны арқа сүйеп,жәрдем сұрап келгендерді қабылдап,дем салады.Жер асты мешіті-қылуетке апарып зиярат жасатады. Хасанқожаны іздеп келушілердің аяғы үзілген емес.

Шырақшы Хасанқожаның жасы  өткен жылы 60-қа толды. Денсаулығы жақсы.Оншақты перзенті, жиырмашақты немересі бар.Бәрі тәуелсіз Қазақстанға хал-қадерінше қызмет етуде.Биыл Ешан атаның қылуетіне зиярат жасап келгендер тоқтайтын шағын ғимараттың құрылысын аяқтады. Әулие атасынан медет сұрап келгендерге қызмет етуді өзіне абырой санайды.Ниет етіп келгендер тоқтайтын үйдің  демалатын бөлмелері, ас әзірлейтін асханасы, қазан-ошағы,ыдыс-аяғы бәрі бар. Тілеухананы көргендер риза болуда.Өткен жылы екі мыңға жуық адам қатысқан, Ет жемес ешан атаның атынан өткізілген дербісанада, аудан әкімі «үлкен жолдан осы жерге дейінгі 500 метр жерге асфальт төселген жол салдырып берем» деген.

Ташкентте жеті жылдай жоғары шенді қызметтер атқарған генерал Н.С.Лыкошин Ет жемес ешан атамен бірнеше рет кездескен.Өмірі мен қызметін зерттеген.Осы мақаланың жазылуына негіз болған да генерал жазған «Ет жемес ешан» очеркі. Генерал Ет жемес ешан атаның аты-жөнін «Ишанъ-Баба-Ахундъ-Шадманъ-Ходжа-Ишановъ» деп көрсеткен.Осындағы Баба мен Шадман сөздері ғана адам есімдері. Алғашқысы бүгінгі басты кейіпкеріміздің ұмыт болған есімі,екіншісі әкесінің аты.Қалған басқа сөздер ислам дініндегі атақтар. Ал,соңғы Ишанов дегені орысша фамилия жасағаны. Ескерте кететін тағы бір жәйт. Орыстар «ишан» деп жазуды бастағаннан кейін, басқаларымыз қазақша «ешан» деп жазсақ қате болады деп, бәріміз «ишан» деп жазуды әдетке айналдырдық. Бұл қате. Ешан сөзі қазақтың төл сөзі.

Ет жемес ешан атаның рулон қағаздағы шежіресін тексеруге алған құзырлы органның адамдары, әулет құрамы жазылган жерін жыртып  алып қапты. Қалғанын  зерттегенде  Ешан атаның арғы аталары Хазіреті Әлінің ұлы Мұхаммад Ханафияға барып тірелетіндігін шежіреші ғалым Сейіт-Омар Саттаров бағамдады.

1995-жылы 20-қарашада Ташкент тарих музейінің директоры Нуриллабек Убайдуллабекұлының мөр басып растаған,кеңесшісі Ет жемес ешан атаның немересі Тәкірхан болған,тарихшы Сирожиддин Ахмет құрастырған шежіреде «Ет жемес ешан-Бабаахун Шадманқожа ешан» деп жазылған. Осындағы ешан, ахун, қожа сөздерін алып тастасақ Баба, Шадман сөздері қалады. Мұндағы  Шадман әкесінің аты, Баба өзінің есімі екендігіне тағы бір дәлел.

Ет жемес ешан атаның мұрагер-шырақшылары немересі Аппазханқожа мен шөбересі Хасанхан қожалардың фамилиялары неге Арипов дегенге тоқталсақ, аталары Сәйдәріп есімінің екінші жартысын алып,өздерінің арғы тегін коммунистерден жасырған түрі деп түсіну керек.

Ет жемес ешан атаның шыққан арғы тегі ұлтқа жатпайтын «қожа». Ұлты өзбек еді деп айтатындардікі шындыққа жатпайды. Ол кісі өмір сүрген уақытта өзбек ұлты деген ұғым жоқ болатын.1920-жылдан орыс билеушілерінің қалауымен, Өзбек республикасы құрылды және сол аумақтағы әр түрлі тілде сөйлейтіндерді ұлты «өзбек» деп еріксіз жаздыра бастады.Н.С.Лыкошиннің очеркінде «өзбек» сөзі мүлде қолданылмаған. Жолбарыс Майлықожаұлының  Ет жемес ешан атаға жазған өлең-хатында «орыс,қазақ,сарт» деген сөз бар, «өзбек» сөзі жоқ. Генерал Ет жемес ешан ата бата-тілекті  «арабша емес,түрік тілінде айтты» деп жазған.Соған қарағанда бата-тілек қазақ тілінде айтылған.Ел білетін есімі «Ет жемес ешан ата» сөзі таза қазақ тілінде.Соған қарамай  ұлты қазақ еді деп айтуға да болмайды. Қазақ арасында туылып, қазақ арасында өсіп,қазақ тілінде сөйлеп, бүкіл саналы өмірін қазақ арасында өткізген әулие, бар мұсылманға ортақ болғандығын, ешкімді алаламағанын мақтаныш етуіміз керек.

Ет жемес ешан атадан қалған жәдігерліктердің бәрі Келес даласында сақталған.1945-жылға дейін «Ешан базар» аталған қазіргі Абай кенті өсіп өркендеуде. Бір мезгілде үш мың адам намаз оқи алатын 6 күмбезді мешітті  коммунистер бұздырып, кірпіштерін социалистік құрылыстарға пайдаланған.Сол мешіттің орнына 1978-жылы салынған 800 орындық  «Ешан Баба» мешіті де жәдігерлік. Осы тарихи орынға қарсы бетте «Ешан базар» аталған сауда орны әр жексенбі күні жұмыс істеп тұр.Сол сияқты, бұрынғы «Ешан бау» ауылындағы, халық әліге дейін  «Ешан арық» деп айтатын арықтар, «Ешаната мазары»,жер асты мешіті-қылует,Ешан ата отырған қорған,ондағы әуіз және Ешан ата Сәйдәріп баласына берген шапан да осы санатқа жатады. Егемендігіміздің алғашқы жылдарында салынған «Ешан бау» мешіті әулиеге деген жергілікті халықтың ықыласын көрсетеді.Өкінішке орай,әулиенің суреті қолға түспеді. Генерал-губернатор К.П.Кауфман шығарған «Түркістан альбомынан»  да таба алмадық немесе танымадық.

жалғасы: Әулие айтқан сөз

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Әулие айтқан сөз

Еліміз азаттыққа қолы жеткен соң, Келес зиялылары Ет жемес ешан атаны халыққа  қайта таныстыру мақсатында …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған