Майлықожа

Дүние, дүние – дүниесің

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

 

Дүние, дүние – дүниесің,

Несіне көңілім сүйінесің?

Жарықтың арты – қараңғы

Сүйінсең, бір күні күйінерсің.

Жағасы жоқ, жеңі жоқ,

Бір көйлек ақыр киінесің.

Арпа сияр әр жерден

Көктей шаншыр инесін.

Балық құйрық дүниенің

Тұрмасын қолда білгейсің.

Бір атадан болсаң да,

Бір анадан тусаң да,

Әрқайсың әрбір үйдесің.

Бірің кедей, бірің бай,

Әр қайсың әрбір күйдесің.

Бір-біріңе қас болып,

Үрпитесің несіне,

Желкеңнің бес күн шүйдесін?!

Атаның жүрген жолымен

Баласы неғып жүрмесін?

Басыңа қиын іс түссе,

Қай тақылет күйдесің?

Бұйырған дәм татасыз,

Таусылған соң несібе

Ақырет барып жатасыз.

Тіл жазығын кешіргей,

Пендесі бар ма қатасыз?

Мына жалған дүниеде,

Біреулер болды атасыз.

Біреулер болды анасыз,

Біреулер болды ағасыз,

Біреудің жоқ інісі.

Қай жұмысқа бұйырар,

Алланың еріксіз бұл ісі.

Не бір жайсаң наһандар,

Құлаған тайып табаннан.

Ұшқан құстай жүйріктер

Кейін қап жүр шабаннан.

Аз ғана терме қозғайын,

Өткінші осы заманнан.

Адамзат, мысал – керуен,

Қылатын аз күн серуен,

Уақыт күні біткен соң,

Құтылған жоқ өлімнен.

Еңбектің көр, зейнетін,

Мынау қысқа өмірден.

Өлгеннен соң пайда жоқ,

Алтын, күміс зеріңнен.

Не байлар өтті дүниеден

Жәһанға малы сыя алмай,

Кедейге бір пұл қия алмай!

Кінәлі демде боламыз,

Нәпсімізді тыя алмай.

Мекерлер жүр сабылып,

Жер жүзін былғап, шыға алмай.

Tек арасы тіреусіз,

Аспан менен жер қандай!

Әуеде үркер, көп жұлдыз,

Жыбырлап қарап тұрғандай.

Адамға раушан жарығы

Толған ай мен күн қандай!

Бағзылардың пейілі тар,

Ашуы тез жылдамдай.

Неше әріпті жазады

Қолында қалам сызғандай.

Шаруаның көңілін хош қылар.

Көгалға қонып көшкені,

Диқанның көңілін хош қылар.

Дақылдың бітік өскені,

Нәубетшілді хош қылар.

Деңгене болса жескені,

Шыдатпайды жігітті

Қыздың «мақұл» дескені.

Бар қызықты бәрһам қып,

Пенденің талақ кешкені.

Дүние шіркін, қандайсың,

Ешкімге тоқтап қонбайсың.

Алдандырып дүниеге

Қайғы мен қамға молғайсың.

Кімді, дүние, жақтырдың,

Кімге опа таптардың?

Жолдас болған жақсыңа

Қаншалық нәрсе арттырдың?

Күйгенімнен қу дүние

Сені біраз  хат қылдым.

Өлең сөзбен үлгі етіп,

Перзентім, әм әулетім,

Сіздерге мұны тапсырдым!

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button