Сексен жылдан аса бай тарихы бар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қалыптасып, дамуына қомақты үлестерін қосқан өмірден озған алтын ағалармен інілер шоғырын еске алмай кетуге болмайды. Біразының көзін көрген, ұстаздық жолында қызметтес болған сексеннің сеңгіріне бет алған мен айтпағанда оларды кім айтады? Кезінде Әуелбек Қоңыратбаевпен, Сламхан Бекпаевпен, Қабдуәли Ахметовпен, Нұрлыбек Жүнісовпен, Мәди Кереевпен, М.С.Авербухпен, А.Н.Канцевпен, Базарбек Қашқынбековпен, Әбшәйд Оразалиевпен, Мұхан Кенжебаевпен, Күзек Назхановпен, Әли Байжоловпен, Құдайберген Балтаевпен, Құдайберген Жаңабергеновпен, Үсен Абдуллаевпен, Жаманқұловпен, Әбдіхалықовпен, Зұлқарнай Икрамовпен, Әбдікәрім Тәжмаханбетовпен, Есқазы Исабековпен, Мұстафа Матаевпен, Абылай Айдосовпен, өмірден ерте озған інілерім: Толыбек Досаевпен, Амангелді Исмайыловпен, Серік Азаматовпен, Тоқшылық Омаровпен, Жарылқасын Жұмабековпен, Абай Айтмұханбетовпен т.б. сыйласып, қызметтес болғанымды сағына еске алып, есімдерін егіле ансаймын.
Жоғарыда атап өткен алтын ағалар шоғырынан қалған, солардың еткен еңбектерінің куәсіндей 90 жастағы ағамыз – Нәжман Разақұлы Күнқожаев. Ол жайлы әбсананы мына өлең жолдарыммен бастағалы отырмын.
Тоқсанды тобығынан қаққан аға,
Ғылымнан таза орын тапқан аға.
Кеңде емес Алла берген бақтан аға,
Саралап өткендерді жатқан аға.
Нажман Разақұлы Күнқожаевтың қысқаша өмірбаяны1929 жылы өмірге келген ол Т.Г.Шевченко атындағы мектепті алтын медальмен, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін «Дін және тарих» мамандығы бойынша үздік тәмәмдаған. Алғашында мектеп директоры, облыстық халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, екі жылдық жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы, Қызылорда облыстық обкомының директорлар тобының жетекшісі қызметін атқарған.
1965-1983 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутының оқу ісі жөніндегі проректоры, Философия және ғылыми коммунизм кафедрасының меңгерушісі. 1983-1986 жылдары Гурьев пединститутының ректоры қызметтерін атқарған.
1966 жылы тарих ғылымдарының кандидаты, 1973 жылы тарих ғылымдарының докторлығы дәрежесіне диссертация қорғаған.Нәжман ағаның пединститутта проректоры кезінде яғни өткен ғасырдың 70 жылының басында Каз Гу-дің сол кездегі түлектері осы мақаланың авторы, И.Жұбаниязов, Б.Тоқжолов, Т.Омаров, Ж.Жұмабеков, педагогикалық институттқа қызметке қабылданып, ұстаздық қызметімізді бастадық. Біздер жас оқытушылар Н.Р.Күнқожаев ағамыздың ақыл кеңестеріне сусындап, оны білікті ұстазымыз ретінде сыйлап өстік. Өмір болған соң оның қиын да қисынды соқпақты жолдарында әртүрлі кедергілер болатыны өмір шындығы. Менің ғылыми ұстаздық жолымдада көптеген қиындықтарды бастан өткіздім. В.И.Ленин атындағы Ташкент университетінде бес айлық білімін жетілдіру институтын бітіріп, сонда саяси экономия бағытында барлық кандидаттық миниумымдарды тапсырып келгенімде, ректордың бұйрығымен жұмыстан шығарылыппын. Сол кезде Н.Р.Күнқожаев мені шақырып алып өмір болған соң бұндай жағдайлар болады, дегеніңнен қайтпа, мойыма деп ақылын айтып мені жігерлендірді. Сол кезде Жамбыл гидромелиореативтік құрылыс институтытынң Қызылорда ашылған филиалының студенттері 3 курсқа келгенді. Нажман аға институт директоры В.Қ.Бишімбаевқа телефон шалып, мені қызметке алуын сұрапты. Көп ұзамай Валихан Қозыкеұлының қабылдауында болып, ол қуана қуана мені аға оқытушылыққа қабылдады. Қызметке алама алмайма деген дүдәмәл оймен келген маған аға оқытушылықты алдыма өңгере салған Валихан ініме, оған телефон шалған Нажман ағама осы уақытқа дейін өзімді олардың алдында қарыздар санаймын.
Жоғарыда атаған Каз Гу-дің түлектерінің ғылым жолына түсуіне түрткі болғанда Нажман Разақұлы Күнқожаев. Ол көптеген жылдар бойы пединститутта оқу тәрбие процесін жетілдіруге, оқудың сапасын артыруға назар аудара отырып, студент жастарға тәрбие берудің оңды тәжірибелерін кеңінен енгізді. Жоғары оқу орындарында 20 ғасырдың саяси тарихы мен әлеуметтану курсын жоғары идеялық- теориялық дәрежеде өткізді. Оның әлеуметтану курсынан оқыған дәрістері сегіз баспа табақ көлемінде жарық көрді.
Н.Р.Күнқожаевтың 200 астам ғылыми мақалалары әртүрлі жинақтар мен журналдарда басылды. Оның 1972 жылы 11 баспа табақ көлемінде, 1974 жылы 20 баспа табақ көлемінде, 1983 жыл 10 баспа табақ көлеміндегі монографиялары осы уақытқа дейін ғылыми маңыздылығын жойған жоқ.
Отбасы жағдайына байланысты Алматы қаласына ауысып 1992 жылдан бастап Абай атындағы Алматы педагогикалық университетінде ұстаздық қызметін жалғастырды. Осы университет жанындағы тарих ғылымдары бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялық ғылыми кеңесінің мүшесі бола отырып,тарих және әлеуметтану ғылымдары бойынша 17 ғылым кандидаттарын дайындады.
Н.Р.Күнқожаев адам және қоғам оқулығының орыс және қазақ тілдеріндегі авторы. Оқулық қайта төрт рет басылып. Республика мұғалімдері тарапынан жоғары бағаланды. «Адамды тану» пәні екі тілде 2000 жылдан бастап Алматы мектептерінде эксперимент ретінде оқытыла бастады. Н.Р.Күнқожаев жоғары оқу орындарына арналған әлеуметтану, социология оқулықтарының авторларының бірі. Ол 8 баспа табақ көлемінде оқу құралын және 80 астам мақала жариялады. Оның «Экономикалық және әлеуметтік география» оқулығы республикамыздың гимназия, колледж, лицейлерінде оқытылады.1997 жылы оның «Қазіргі заманғы Қазақстан экономикасы: құрылымы және перспективасы» монографиясы 10 баспа табақ көлемінде жарияланып, республика ғалымдарынан жоғарғы баға алды.
Қоғамдық, педагогикалық, ғылыми қызметі үшін Н.Р.Күнқожаев «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» меделімен, «ҚСРО жоғарғы оқу орны, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен екі рет марапатталды. Осы ретте Сыр елінің ғылыми әлеуетін дамытуда, Сыр жастарынан көптеген ұстаз мұғалімдер даярлауда профессор Н.Р.Күнқожаевтың елеулі еңбегі ретімен бағаланып, оған облыстың қала берді қаланың құрметті азаматы атағын беру өзінен-өзі сұранып тұрғандай. Тоқсанды тобығынан қаққан ағамызға ғасырдың есігін айқара аша беріңіз, денсаулығыңыз мықты болсын деген тілекпен мақаламызды аяқтаймыз.
Қазыбай Құдайбергенов,
ҚМУ-дің профессоры, ардагерлер Кеңесінің төрағасы