Жарық нұрдың сәулесі

Болыс болған Омар-қажы

Қосдәулетұлы Омар-қажының (1865 – 1922)  жеті ұлы, бес қызы болды. Дүние байлығынан жүздей жылқысы, он шақты түйесі, отыздай сиыры, жүз шақты қойы болды. Жасы сексенге келген Атығай Айса ақсақал: «Өзіме байлық бітпегенмен ноғайға жалданып керуенбасы болдым. Бұқара,Ташкент, Бішкек, Тоқпақ т.б. қаншама ел араладым. Сонда Омардай көңілі жай, төрт түлігі сай адамды көрмедім,- деп айтып отырушы еді. -Кейбіреу дәулет бітсе де салтанаты кемшін, салтанаты артса да дүниесі олқы, бағы асса да перзенті жоқ, перзенті  болса да өзін бақытсыз сезінеді. Омардың төрт құбыласы түгел ғой! Әсіресе қазақ ішінде мұндай салтанатты адам жоқ, сірә! Жетім-жесірге қарайласуы, болыстығын пайдаланып пара алмауы, ұрыларды тыюы, маңайындағы елдің балаларын қазақша, орысша тегін оқытуы басқа жұрт аңызға бергісіз еді».

Омардың салтанаты талайды қайран қалдыратын. Қысқы төрт бөлмелі ағаш үйі қарағайдан салынған. Ол кезде қазақ ішінде бірен-саран болмаса шатыры менмұндалаған сәулетті үй жоқ еді. Үйдің ішіне есіктен төрге дейін кілем төселген. Айнала бірдей шыт көрпе. Қонаққа арналған төсек орындары мен көрпе жастық қойылған. Сосын сандық көзге түседі. Ас пісіретін үй бөлек. Жаз жайлауда жеті қанат ақ түсті киіз үй тігіледі. Онда да есігінен төрге дейін кілем төселген. Босағада саба, сосын биіктігі кереге бойлап жүк жиналып тұрады. Төрге қонақ көрпе төселеді. Оң жағындағы бес қанат отау үй баласынікі. Бұл да үлкен үй сияқты жиналған. Екі үйде де айнала оюмен зерленген тұс киіз ілінген. Одан кейінгісі күмістелген ер-тұрман, күміс жүген, тартпа таралғы, құйысқан, өмілдірік бәрі де күмістен жасалған. Омар кейбір күндері болмаса салт атқа отыра бермейтін. Ылғи да  сырты қара былғарымен тысталған, іші қызыл сақтиянмен көмкерілген, жел мен жаңбырда көтеріп жабылатын пружиналы пәуеске мінетін. Оған бірдей үш пар ат жегіледі. Болыс болған жылдары қыстыгүні ақ боз ат, жаздыгүні үш торы ат жегіп жүрді. Көшір Бектасов Қали үш аттың божысын бір аттай нық ұстайтын. Қоңырау байлайтын. Елу сомға сатып алған күміс қоңыраудың сыңғыры 8-10 шақырымнан ерекше естілетін.

Елдегі бай-болыстың зорлығынан халық зар иледі. Партия болып, болыстыққа таласып, шығынын елден жинады. Қол астына ұры ұстаған болыс партияда қарсылас болғандардың малын ұрлатып, теңдік бермеді. Сайлауда айтқаныма көнбедің деп нашарлардың жалғыз сиырына дейін тартып алды. Би-болыс елдің дауын парамен шешіп, кімнің бергені озса, соның сөзін сөйледі. Бұған Оразалының Оспаны айтқан сөз дәлел:

              Бұл елден бірлік кетіп жаман болды,    

              Азғырып екі кісі дауластырып,      

              Қалтаға қолды салған заман болды.        

              Дүниенің көзім жетті оңбасына,      

              Пара алмай қарамайды жолдасыңа.

               Бір туысқан аға-іні партия боп,         

               Адамшылық жоғалған болмашыға.

Сол күндегі аты шулы болыстың бірі Жанболаттың Өтелбайы еді. Қолында Тайшыбек, Әбдірәш дейтін ел қорқатын екі ұрысы бар. Өтелбай екеуіне шаң жуытпайды. Ауылдас кедейдің жалғыз биесін сойып алып бара жатқанын көрген адамдар да қорыққаннан куә бола алмайды. Мал иесі «Өтелбай мені тыңдамайды» деп ел ақсақалы Шағырай Маңқайұлына келіп жылап, биені ұрлағандарды көрген адамдар ашық куә бола алмайтынын айтады.  Шағырай би-болыс болған кісі емес, бірақ елі айтқанына тоқтайтын әділ, турашыл, ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын бірбеткей адам еді.

Шағырай мал иесімен бірге болыстың алдына келеді. Әбдірәш мен Тайшыбектің биені ұрлағаны анық екенін айтады. Өтелбай поштабай Тілеубай арқылы шақыртып, ұрылармен сөйлеседі. «Тексердім. Ұры екені анық, бірақ биені алмаған» деп ақтап жібереді. Шағырай Өтелбайға ренжіп үйіне қайтады. Бұрын ешкімнен беті қайтып көрмеген адам «өтірікші болдым-ау» деп назаланады. Естіген ел Өтелбай тірі тұрғанда екі ұрыға ештеңе болмас деп айтысты. Ертеңіне бір жұмысымен ел аралап, «Шәкеңе сәлем берейін» деп Қосдәулеттің Омары келеді. Жанында атқосшысы бар. Шағырай бұрынғыдай емес, амандасуынан ыза кернеген ашуы, солғын сөйлесуінен ішкі назасы анық сезіледі. «Ауырып отырсыз ба?» деп сұрады Омар шайдан кейін. «Екеуіне ұрлығын қойғызып, жөнге салатын адам болса не сұраса да берер едім» дейді Шәкең болған жайлы баяндап. «Мені сайлауда болыс қойыңыз. Екеуінің қол-аяғын байлап, алдыңызға әкеп берейін» деп қалжыңдайды Омар. Хош, Омар түстеніп аттанып кетеді. Бұл шамамен 1895 жылдар еді. Осы жазда жайлауда сайлау болады.

Байгөштің Сәтбайы, Жұманның Әлжаны, Тоқсанбайдың Ахметжаны болыстықтан дәмелі. Өтелбай да ойсыз емес. Жанына атқосшысымен бірге Аманқұлдың Мұқашын ертіп Шағырай ел аралады. Атығай ішінде Аңғал, Ескене, Тәнті, Тоқсанбай балаларын, Керейде Байгөш, Қорқытбай, Тоқыбай, Тілеулі, Молдабай, қырғыз Ермұқан, Бекмағанбет, Таласбай, Табақтастемір және төртқара елін түгел шолып, болыстықты сұрады. Ел бір ауыздан болыстықты Шағырайға берді. Өзі жанындағы Мұқашқа да тіс жармады. Әркім әртүрлі жорамалдайды. Сайлау уақыты да болды. Елу үйден бір би, сосын ауылнай сайлайды. Бір ауылда неше үй болса да болыстың съездігіндегі түндік иесі ғана дауыс береді. Жәшікке шар салады. Болыс пен биді сайлау Көкшетауда өтеді. Бұған би болмаса да елдің ақсақалы барады. Нағыз дауыс берерде би не елдің ақсақалы ұсыныс айта алады. Сөйтіп болыстықтың билігін сұраған Шағырай тізгінді өзіне алып, Қосдәулеттің Омарын ұсынады.

Партиясыз ойда жоқта Омар бірінші рет болыс болды. Би сайлауы жазда, болыс сайлауы ноябрь, декабрь айында өтетін. Жаңа жылда бұрынғы болыс орынды босататын. Болыстықтың мөрін, белгісін, елдің, ауылнайлардың тізімін өткізетін. Бұрынғы болыс қарап үлгермеген арыз-шағымды да жауапкершілігіне алатын. Болыстың ішкі жұмысы орысша жүреді, көбісінде тілмаш жұмыс істейді. Омар бұрынғы ізбен ояздан келген адамды қатыстырып, Өтелбайдың ісін өзіне ауыстырды. Үш жылдан кейін де 1898 жылы Омбыдан келген ояз сайлаушы төре-болыстардың ісін тексеріп, Омарды қайтадан шарсыз болыс қойды. Ел аузында мынадай сөз қалды:

Қараған Көкшетауға сегіз болыс,              

 Айнала Көкшетауды қылған қоныс.                

 Жетеуін шармен сайлап қойды-дағы,       

Омарды өз қолымен қойды болыс.

Үшінші сайлауда да сайлаушылар Омарды тағы Омбыға шақырды. «Губернатормен сөйлесеміз, қайта болыс қоямыз» деді. «Алты жыл болыс болдым. Әбіржітеді» деп Омардың өзі бас тартты. Шарға түскен Байгөшов Сәтбай Омбыда  үш ай жатып, болыстықты өзіне бекітіп қайтты. Омар қажылыққа жол тартты.

Омар болыстың ел үшін еткен еңбегіне оралайық. Жақсы әдеті бар еді. Жолға шығарда атын жегіп, әуелі әкесіне келетін. Ақылдасатын. Сөйтіп үлкен үйден аттанатын. Қайтар жолда да әкесіне соғып, жұмысының жайын айтып, сосын өз үйіне ат басын бұратын. Алғаш болыстық міндетін өзіне алған күнде де әкесіне сәлем берді. Жанында елдің бір топ адамдары бар. Бәрі «қайырлы болсын» айтысты. Буы бұрқырап ет асылып, шай құйылып жатыр. Болыстыққа таласып, партия болып, малын шашқан жоқ, шығынсыз баласының болыс болғанын Қосдәулет те жек көрмейді әрине.

Ас ішіп, ел тарады. Әкесі баласына батасын берді. «Шырағым, болыс болдың. Қайырлы болсын! Асып-тасып кетпе. Елдің үлкендерін сыйла. Нашарларына көз қырыңды сала жүр. Оларды жылатпа. Пара алма. Ақылдасып жұмыс істе. Басқасын өзін де білерсің, – деді Қосдәулет. –  Енді саған айтатын бір-ақ сөзім бар. Бұны болмашы сөз деп қабылдама. Байлыққа бұрылмайтын, өзіңе жаны ашитын, өсек айтпайтын адамды жаныңа ерт. Ел мен елді шағыстырып, араздастыратын, өсек таситын поштабайлар болады. Олардан аулақ жүр. Ертеңгі күні ең болмаса ылау бермеді деп те жамандайды. Менің айтатыным, Шаханды поштабай еткейсің. Оның маған да, саған да жаны ашиды. Оның сөзін жерге тастама. Басқасында жұмысым жоқ», – деді сөзінің соңын салмақтап.

Омар әкесінің айтқанын істеді. Шахан поштабай болды. Шаханның әкесі мен Қосдәулеттің әкесі бір туған еді. Ел арасындағы кейбір кішігірім жұмыстарды болысқа жеткізбей-ақ Шаханның өзі тындыратын. Сосын Омарға айтатын, ол да қарсылық білдірмейтін. Ел Шаханды екінші болыс деп қуланушы еді. Ол сондай беделге ие болды. Омардың жанына ерген ақсақалдар мен билер бой тартып, өздері бата алмаған шаруаларын Шаханға айтқызатын. Омар да Шаханның бетін қайтарған емес. Екі сайлауда да алты жыл екеуі бірге адамшылықпен іс қылды.

1896 жылдың февраль айы еді. Омар Тілеулінің арызы бойынша бірінші рет ел аралады. Жанында өзін жақтаушылармен бірге тоғыз ауылнайы, тоғыз биі болды. Жолда Атығайдың ақсақалдары Жанбота, Тоқсанбайға сәлем берді. Қонақасы ішіп, Керей ішінде Тілеулі қажының үйіне келді. Тілеулі Сәтбайдың жылқысы жеген жайлаудағы шөбін даулап кезінде Өтелбайға арыз берген. Оны жаңа болыс қарайды деген үш ұйықтаса да ойында жоқ. Болыс әуелі Сәтбайды шақыруға поштабайын жіберді. Істі Дәуіт ақсақалдың үйінде қарайтын болды. Тілеулі Омар аттанарда «болыстығыңа байғазым» деп өзі мініп жүрген көк жорға атын жетегіне байлайды. «Бұл атты сен маған параға беріп тұрсың» деп Омардың Тілеуліге айтпаған сөзі қалмайды. Жетегіндегі көк жорғаны шешкізіп жібертеді. Жанындағы ел ақсақалдары қысылып қалады. «Мұныңыз ұят болды ғой. Жай айтсаңыз да жетуші еді? – дейді Ержан, Ыбырай, Өскенбай ақсақалдар Дәуіт үйіне келгенде. «Мені пара алмады дегендер қайта болыс қылмасын!»  деп ашуланады Омар.

Төрт ауылнай Атығай, үш ауылнай Керей, екі ауылнай Қырғыз барлығы тоғыз ауылнай Керей жиналады. Ру ішіндегі қадірлісі – Тілеулі мен Байгөштің Сәтбайы. Осы екеуінің дауы қалай бітеді екен деп ел құлағы түрулі. Омар болыс жұмысты қарап, Сәтбайдың жылқысы жеген Тілеулінің шөбін анықтауға жеті комиссия құрды. Құрамына Сәтбай мен Тілеуліге жаны ашитын сенімді алты кісі және болыс тарапынан бір кісі қосылды. Мұны жиналған халық та құптады. Комиссия бүлінген маяны тексеріп, әйтеуір шөпті жегені анық деп тарасты. Тілмаш акт толтырды. Сәтбай да, Тілеулі де ризашылық білдірді. Би мен ауылнай Тілеулінің шөбін он сегіз жылқыға бағалады. Сәтбайдың беделіне, Тілеулі ұсынған көк жорғаға қарамай басшысының әділ шешім шығарғанына ел-жұрт риза болысты.

Жесір дауы

Атығай ішіндегі атақты беделді атаның бірі Аңғал батырдың немересі Тілеуғабылдың Күшені ел ішінен қыз қарайды. Әкесі Көкшетау сыртындағы қарауыл Өскеннің Тұрақынының баласы Сейітмағанбетпен құда болысады. Қырық жетісін төлеп, қыстыгүні қалыңдығын әкетуге келеді. Тұрақын өлген, қыз ұзатылып кеткен. Құдалар не істерін білмейді. Бүкіл ел намыстанады. Күзде сентябрь базарында Күнбөпені Көкшетауға сотқа шақырады. Атығай елі Күшеннің мұнысын теріс көреді. Күнбөпеге ертіп Бозайдың Смағұлын ертіп жібереді. Көкшетау елі жиналып, Күнбөпені сотқа кіргізбей алып кетеді. Күшен тағы да әйелсіз қалады. Күшенмен ауылдас әрі аталас Қарамендінің баласы Мәкеннің Қайыржан деген сұлу келіншегі бар еді. Мәкеннің үйленгеніне екі жыл болған. Өзі кедей еді, бар малын шығындап осы әйелді алған. Жалғыз аты мен сиыры бар Мәкеннің жігітшілігі Күшеннен кем емес еді. Осы әйелді азғырып, Күшен Қайыржанды алып қашады. Күшеннің беделінен қорыққан ағайыны Мәкенге еріп шықпайды. Малынан бір, қатынынан екі айрылған Мәкен әрі ойлап, бері ойлап Омарға арызданады.

«Маған не істе дейсің? – дейді Омар. – Көкшетаудан шабарман шақырып, әйеліңді алдырып берейін бе әлде қалыңмалын төлеп басқа әйел әперейін бе?». «Өзіңіз біліңіз. Менің басқа ақылдасатын кісім жоқ», – дейді Мәкен. «Тілімді алсаң, әйелді қайтарма. Ол саған енді адам болмайды. Мал берейін. Оныншы күні осында жиналыс өткіземін. Бір ауылнай елдің басын қосып, Күшенді жердің астынан болса да таптырамын», – дейді Омар. Қолында не қатыны не малы болмаса да Мәкен Омардың сөзіне риза болып қайтты.

Қараменді балаларының ішінде Мәкен мен Күшеннің екеуіне бірдей Сүлеймен мен Әбілқасым және Шотқара ішінде Омармен бұрыннан дос-жар, ауылнайдың сенімді адамы Әмірхан үшеуін шақыртты. Әмірханды алдыру себебі екеуіне онша сене қоймаған. Ә дегеннен ешкімнің бет-жүзіне қарамады. «Мәкенді зар жылатып, әйелін Күшенге шығарып берген сендерсіңдер! Ол сендерсіз ештеңе де істей алмайды. Оның қайда тығылып жатқанын жақсы білесіңдер. Ауылнай жиналысын Атығайда өткіземін. Пәлен күні соған Күшенді алып келіңдер. Егер айтылған күнге Күшенді алып келмесеңдер Мәкенге үшеуіңнен үш қыздың қалың малын төлеттіремін» деп тапсырады. «Қатынды Күшен алып қызығын көрсін, қалың малын біз төлейік», – деп Әмірхан қуланып күлді. Үшеуі де – бір елдің атқамінер беделді адамдары. Уақытында барыпты, әйтпесе Күшен алыс жолға дайындалып жатыр екен. «Әйеліңді сенен айырмайды. Малдан қанша сұраса да қарсы болма!» деп үшеуі жиынға Күшенді ертіп әкелді.

Болыс белгілеген күні жесір дауын шешуге бір ауылнай елдің басы қосылды. Дау ақсақалдар алқасына салынбады. Омар халықтың көзінше Күшеннің қиянатын бетіне басты. «Басқа біреу осылай басынса, болысатын өз кедейің емес пе?» деп ұрысты. Мәкенге Дүйсенбайдың қызы Зылиханы алып беруді Сүлейменге міндеттеді. Омардың билігіне халық риза болды. Әйелі қашып кеткенде «Мәкенге енді қатын жоқ қой» десіп еді жұрт. Ол да ел қатарлы отбасылы болды.

Атығай Бабай бәйбішесі өліп тоқал алады, тоқалы Омар болыстың қарындасы болады, бәйбішеден екі жас қыз қалады. Бір күні балаларды ұрып жатқан үстінен түсіп, Бабай тоқалды ұрады. Тоқал өкпелеп байлаулы атқа міне қашып төркіні Омардікіне барады. Бабай не істерін білмей артынан өзі барып сәлем бере кіреді. Омардың өңі келмейді. Қарындасы қымыз құйып сабаның басында отырады. Сонда Бабайдың айтқаны:

                Жігітке қатыны өлген үлкен сұмдық,

                Тағы да бірді алуға белді будық,

                Бұл тоқал сізге келіп нақсынып отыр ғой,

                 Біздің үйде зарлап отыр екі мұңдық.

                Айман кенжем болғанда Торғай тұңғыш,

                Омеке, мен қашан жаман едім елді бұзғыш,

                Тоқал қатын соларды шыжғыртқанда

                 Балапанын қорғаған мен бір қызғыш.

                 Тоқал қатын бай көрсе сылаңдайды,

                 Шешесі бар баланың жылағанын кім аңдиды?

                 Тоқал қатын соларды шыжғырғанда,

                 Бала байқұс әкеге қарап алаңдайды.

Омар сонда қарындасына: «Тұр» деді да, «Әй, Бабай, артыңа теріс қаратып мінегестір, оң қаратсаң 25 сом айып төлейсің» депті.

Ұрлыққа тыйым салу

Қотыркөл болысының солтүстігі мен оңтүстігінің арасы шамамен 150 шақырымдай еді. Оңтүстікке қарай  Балуан Шолақтың ауылы, онымен қоныстас Қайрақты жағында қырғыз Елшіке ауылы, Желқызыл жағында Атығай, Көкі балалары, Тырнақ, Бармақ, Жұмаділ, Иған деген ел ақсақалдары бар еді. Қайрақтының солтүстігіндегі Қояндыда шамамен отыз үй бар, Тоқаның Әбдірахманы да осында. Маңайдағы ел малы жоғалса арызданып Омарға келетін. Екінші баруына себеп, оязға орыс қыстағындағылар «не Шолақ кетсін не бізді бұл жерден көшір» деп арызданған. Ояз Омарды шақырды. «Шолақ ұрлығын қоймаса жер аударамыз» деді. Омар ұрыларды тексерді. Иелеріне малды төлеттіріп, он сегіз жігітті жаяу айдап әкеліп, Көкшетауға жөнелтемін деп Иған ақсақалдың қой қорасына қамап тастады. Бұлар елдің тәп-тәуір жігіттері еді. Шолақ Ақмола жағына кетіпті, үйінде жоқ екен. «Келген күні маған ертіп әкеліңдер» деп Тоқанның Әбдірахманы мен Жұмаділге тапсырды. Шолақтың жоқ болу себебі, Қайрақтының және сол маңайдағы орыс қыстағының оязға арыз бергенін білетін, ояздың Омарды шақыртқанынан да хабардар. Елге шықты дегенді естіп Ақмолаға кетіп қалған. Әуелгіде оязға ұстап бере ме деп Омарға сене қоймаған. Шолақ Тоқанның Әбдірахманына жолықты. Егер Омардың түрі жаман, сені ұстап береді десе, онда ұлы жүз үйсін еліне кететін ойы бар еді.

Омар Биғанның үйіне түсті. Мұнда да қарайтын аздаған жұмыстары болатын. Он сегіз жігітті жаяу айдап келгеніне бүкіл елдің әсіресе ұрлыққа қатысып жүргендердің зәресі ұшты. Ақсақалдар Омарға сөз айтуға бата алмады. Тоқанның Әбдірахманы сөз бастады:

– Омар, сіздің ұрыларға төлем төлетіп, тыйым салғаныңызға ел өте разы. Осы жиналып отырған ақсақал, қарасақалдардың сізден жалғыз қалауы мына жігіттерді Көкшетауға жөнелтпеңіз. Өзімізге беріңіз. Егер қайта ұрлық қылатын болса, онда бізді бірге айдаңыз. Ендігісін өзіңіз біліңіз, – деді. Омар жылы жүзбен күлімсіреп:

– Адам қалауды үйде қаламаушы ма еді, – деді. –  Бұларға рақым қылмау керек. Ұрлаған малы ылғи сорлы кедейлердің малы. Осыларды ұры қылған сендер. Әйтпесе Иғанның, Әбдірахманның малы неге жоғалмайды?! Бұларды босатсаң, «Болысқа арыз беріп едіңдер, кәне, маған не істеді» деп тағы сорлатады, – деді ортаға ой тастап.

– Енді ұрлық қылатын болса, онда біз де сұранбаймыз, – деді Әбдірахман.

– Олай болса, сіздер үшін бір жолға қалдырайын. Бірақ мына жер аудару жөніндегі делоны қолымда сақтаймын. Жігіттер сіздердің алдыңызда ұрлық қылмауға уәде берсін, – деді Омар.

–  Өркенің өссін!

Ақсақалдар шу ете қалды.  Шолақ келген соң Әбдірахман оны Омарға әкелді. Омар ояздың берген арызын көрсетті. «Бүкіл қаланы көшіре алмаймыз, егер ұрлығын қоймаса, онда жер аударамыз» деген ескертпесін айтты. «Сен ұрлықты қою үшін бір жыл менің қасымда бол. Әйтпесе өшігіп алған Қайрақтының орыстары сен ұрламасаң да, ұрладың дейді». Бұл Омардың сөзі еді. Шолақ мән жайды түсінді. Бір жыл Омардың қолында тұрды. Жанына жігіттерді ертіп, түрлі ойын-сауық ұйымдастырды. Оның шыр көбелек айналатын ат үстіндегі ойындарын Алдаберген, Қанипа деген жігіттер де үйренді. Үйіне де барыпкеліп жүрді. Ноябрьде еліне біржолата қайтуға жиналды. Омар да риза болды. Соғымға өзі бір ат, әкесі Қосдәулет семіз бие берді. Жанына Алдабергенді қосты. Шолақ уәдесінде тұрды. Барымташылығын тыйды. Алдаберген Балуан Шолаққа жолдас болып, жеті жыл божысын ұстады. Ақырында жеті жылдан кейін немере ағасы Шахан әрең дегенде елге қайтарды. Алдаберген басына түлкі тымақ, аяғына шоңқайма етік киген, астына есік пен төрдей торы ат мінген.  Қайта кетіп қалар деп қауіптенген туыстары әйел әперді.

Балуан Шолақты бала күнімізде көргенбіз. Үйренген ауылы ғой, андасанда ат басын бұрып тұратын. Үй басына кіріп, он-он бес күн қонақ болатын. Жанына ерткен замандас жігіттері бар. Қай үйге барса да жігіттер бізге «сыртқа шығыңдар» дейтін. «Тимеңдер балаларға. Ертеңгі күні Балуан Шолақты көрдім деп айтады» деп бізді ешқайда шығартпайтын. Шай ішкенде бауырсағын үлестіретін, ет жегенде бізге де асататын.

Омар қайтқанда Сәлім мынадай өлең шығарып еді:

Мақтанып кісі аспайды Омардан да,

 Жасынан бақыт берген Құдая да.

Арындап бір кеткенде тоқтамайды,

Тартынбай сөз сөйлейді мың сан қол да!

Сәлім тағы бір сөзінде:

 Баласының үлкені Ысқақ қажы,

Омары топтан асқан өнерпазы.

 Алты жыл болыс болып халқын билеп,

Әділдікпен іс қылған нағыз қазы.

Омар Бурабай мен ауылдың екі арасындағы екі өзенге көпір салды. Бірі Сушы совхозының жанында, бірі Біржан су өзеніне ағаштан салынған. Алғашында бұл көпір ұрланған соң екінші ретінде тастан салғызды.

Омардың дүниеден озуы

Омбымен Бурабайдың арасындағы үлкен жол үстінде Шымқорған жақтың қазақ болыстары совет үкіметіне қарсы көтеріліпті. Сондықтан бұл жаққа жүз шақты солдат коммунисттер күзетке жіберіпті.

Қосдәулеттің ауылында жиналған банды бар екен деген сөз штабқа жетеді. Бір топ адам келіп, ешбір тексерусіз Омарды екі баласымен, Қосдәулеттің Жүсіп деген інісін атып кетеді. Бұл 1922  жылдың 22 наурызы еді. Үй-мүліктерін тонайды. Қосдәулеттің Ысқақтан туған тұңғыш немересі Сұлтан Қосдәулетов болып жазылып еді. «Қызылдың офицері болдың» деп оны адам көргісіз етіп сабайды. Бақтыбай мен Бектемірді, Саламанов Қалиақбарды да жазықсыз атып өлтіреді. Осыдан кейін үрейленген отыз-қырық үй әр ауылға бытырап көшеді.  Ел аузында Сыздық Әбдірахманның өлеңі тарайды:

Бытырадық өткен күз,                                                 Сұлтан, Аббас мырзалар,

                   Әр ауылда отырмыз.                                                     Жерің келді қозғалар.

                    Бұрынғыдай ел болып,                                                  Азған-тозған еліңді

                    Қосыламыз қашан біз?!                                                Бытыратпай жинап ал.

(Хакім-хазірет Омарұлының қолжазбасынан алынған)

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button