Білген Шайыр айтады

Төрт пайғамбар

Майлықожаның соңғы табылған бір шығармасы
Молдалар айтар төрт әзіз,
Аман жүр дейді дүниеде,
Ыдырыс атты Пайғамбар,
Бұл дүниеге келіпті.
Ыдырыс деп онда көктегі,
Мәлайка періште,
Ыдырыс мағна мүдарис[1],
Әмірінен зәре шықпайды,
Бұйырса Алла не іске.
Қалауы болды Ыдырыстың,
Тірідей барды пейішке,
Бұзбаған әмірін дос дейді,
Ойлады мехнат өліске.
Әзіреті Ыдырыс Пайғамбар,
Алланың әмірін бұзбады.
Түрленіп тұрған дүниенің,
Түсіне сірә қызбады.
Сәждеден басын алмады,
Намазын көп түн үзбеді,
Түн ұйқыдан түңіліп,
Түрегеп тұрып мызғыды.
Жар етті жалғыз Алланы,
Хәмдтен[2] шаршап болмады,
Айтқанын Алла қылар-мыс,
Бұзбаған әмірін бенденің.
Таусылды бір күн Ыдырыстың,
Өмірінің қалғаны.
Әзіреті Әзірейіл,
Келді жанын алғалы.
Қамығып Ыдырыс Пайғамбар,
Көзінің жасы парлады,
Осындағы сөзі еді:
«Күн-түн намаз әдетім,
Жетті ажал сағатым.
Бұл дүние ақырет,
Енді қалды дейді тағатым».
Бейтағат[3] болып Ыдырыс,
Көзінен парлап шықты жас.
Әзірейіл айтты:«Әй, Ыдырыс,
Халықтарға ажал бір мирас.
Есітуші едім әй, Ыдырыс,
Алланың сені досы деп,
Періштелер мақтаған.
Пайғамбар Ыдырыс осы деп,
Ақыретке бармаққа,
Ықылас пен көңілің хошы жоқ.
Қаза жайлы ойлайсың,
Аллаға жаның қимайсың,
Ашуым келді ия, Ыдырыс,
Осынша неге жылайсың?
Ақырет деген шын дүние,
Батини[4] қуаныш қылмайсың».
Ыдырыс айтты: «Жылаймын,
Тағадатым қимаймын.
Намазым қалар оқылмай,
Кеткен өзім бұл жайдан.
Ашуға мінді Әзірейіл,
Жанын алмақ жөнімен,
Аулақ тұрып, алыстан.
Жарлық келді Құдадан,
«Тағадатын қылсын – ол – дейді,
Жылаған көңілі шын – дейді.
Ыдырыспен ісің болмасын,
Басқасымен бол – дейді.
Достының әмірін бұзбаған,
Жіберген өмір мол» – дейді.
Алладан жарлық келген соң,
Әзірейіл тұра жөнелді
Әзіреті Илиясқа,
Жіберген өмір мол еді.
Жүрер жері теңізде,
Дариялардың құлабы[5].
Қарны ашса шығып тауларға,
Жасыл шөп дейді қорегі.
Жаратты Әзіз Исаны,
Жарылқағанның нышаны,
Насрани жұртына,
Насихат айтып жүріпті.
Қош хабар қылды Інжілді,
Насрани халыққа білдірді.
Қайт-қайтқа сөз алып,
Қызметін Хақтың тіздірді.
Кәпірлердің кірмеді,
Қазына бірі білмеді,
Кәпірлер қамап сасқанда,
Исаға еңбек алғанда,
Періштелерді жіберіп,
Алдырды Алла аспанға.
Бас-аяғын айтқанда,
Кітаптан ұзақ дастанға,
Әзіреті Қызырдың,
Қызметін Алла қалады,
Адырмен жүрген бенденің,
Айтқан тілін алмады.
Шыққан, кірген әр демін,
Ташрихпенен[6] сынады.
Ажалдан берді амандық,
Су беріп аб-Хаяттан[7],
Өмірін бұл Қызырдың*,
Артықша қылып жаратқан.
Содан бері келеді,
Жаханды кезіп рахатпен.
Қазына сарқылмас Қызырдай,
Қыдырар шықаң тозаңдай.
Бір жолыққан адамдар,
Өмірінше көрер үзірді-ай,
Ажал көрмей төрт әзіз,
Аман жүр жердің жүзінде-ай!
Жүсіпқожа Қалқожа ұлының қолжазбасынан алынды. Дайындаған Сейт Омар Саттарұлы

Суретті түсірген Сұлтан Сейіт

[1] Ұстаз…………
[2] мадақ, алғыс (Аллаға мадақ айту)
[3] тағатсыздану
[4] ішкі дүние, сезім
[5] жағасы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button