Білген Шайыр айтады

Қисса-Гүлжәмила қыздың хикаясы

Жүсіпбек Шайхысламұлы

Алхамдулла сау салауат Пайғамбарға,

Жүзін көрген шаhариар асхабтарға.

Қанша жүз мың болса да табғинанлар,

Рахметулла алейhи бас имамдарға.

Әр ісімді тапсырдым бір Аллаға,

Қабыл қыл тілімдегі хамду санам.

 

Уассалауат уассалам Пайғамбарға,

Шапағат қыл сүннетің қылған жанға.

Әнбие-әулиеге сиынайын,

Мәдәт қыл біздей асы күнәhарға.

 

һәр елдің Дәуіт сынды ұстасы бар,

Өткен ердің өзі жоқ, нұсқасы бар.

Жарандар, құлақ салып тыңдасаңыз,

Гүлжәмила деген қыз қиссасы бар.

 

Мәулекей шығарыпты бұрын мұны,

Оқысам еш сөзінің келмес жөні.

Қарасам сөздерінің қисыны жоқ,

Түсініп оқымады қазақ оны.

 

Сонан соң түзеп жаздым “Жәмиланы”,

Қадірлі болады, ердің болса малы.

Ақымақ адам бұ сөзге құлақ салмас,

Жаратар кімде-кімдер болса халі.

 

Мәулекей жазған екен алпыс жаста,

Сөзінің қисыны жоқ басқа-басқа.

Қайтадан түзеп жаздым көре салып,

О дағы жазушы еді-ау бұрын жаста.

 

 

Жүсіпбек түзеп қойған қайта жазып,

Жаманға жақсы кісі болады азық.

Иә, Алла, біз шерменде асы құлың,

Өзің жолға салмасаң кеттім азып.

 

Жарандар, оқып көргіл жазған хатым,

Көрерсіз моллалықтың шарапатын.

Бұрын өткен бір патша қызыменен,

Жазайын бір жігіттің хикаятын.

 

Бұрын патша өтіпті бір заманда,

Кітапқа оның атын жазбаған ба.

Дейтұғын Гүлжәмила бір қызы бар,

Қарамай өскен екен hеш адамға.

 

Айтайын, тыңдасаңыз, біраз кеңес,

Жүзін көрген адамдар тамақ жемес.

Өзі молла, әдепті, тақуа екен,

Асылы, бөтен жанды көрген емес.

 

Мұндай сопы болмайды қызда тіпті,

Өзі тақуа, әдепті, дінге мықты.

Жүзіне еш адамның қарамаған,

Қылыпты қыз да болса сопылықты.

 

Жаратқан осылайша бар Құдайым,

Сіздерге жақсы қылып тыңдатайын.

Данышпан екен бұ қыз өзі молла,

Айтайын біраз ғана оның жайын.

 

Осындай осы қызға ақыл берген,

Айттырып қанша, неше патша келген.

Атасы “бара ма” деп сұратқанда,

Бұлайша атасына жауап берген.

 

Қызы жауап береді атасына,

Қараңыз ақылының данасына.

Атасы насихат қып көп сөз айтты,

“Барғын, – деп, – падишаның баласына”.

 

Жауабы анасына қыздың берген:

“Ай, ана, жарамайды дүниеге ерген”.

Жамағат, “қалай сөз” деп ойламаңыз,

Кітаптан осылайша көзім көрген.

 

– Мені, ата, бересіз бе малы көпке,

Мал мұқтаж болып тұр ма сіздей бекке.

Патшаның баласына қызықпаймын,

Теңімді тауып бермеу сізге айып па.

 

Мал үшін беремісіз, ата, мені,

Не үшін патша, бай, қылды Тәңірім сені.

Дүниелік малыңыз бар бір басыңда,

Ей, ата, алданбаңыз дүние пәни.

 

Дүниенің опасы жоқ, сүйме оны,

Біздерден бұрын өткен адам қані?

Мал-мүлкің дүниелік өзіңде бар,

Сізді құрмет қылады жанның бәрі.

 

Бұрын да өткен неше падиша, хан,

Айтайын мен бір сөзді, ата, саған.

Мал үшін патшаларға мені берме,

Қызыққан бұ жалғанға болар жаман.

 

Сізге лайық теңімді тауып бермек,

Надан кісі сайтанның тіліне ермек.

Ізгі пақыр, шапағатты ер табылса,

Маған уәжіп ол ердің халін білмек.

 

Маған лайық дін күткен, жақсы пақыр,

Ей, ата, болар бір күн заманақыр.

Мал жимас дінін күткен ер тапқын,

Бұл қызың ақыретін ойлап жатыр.

 

Тергелер қияметте заман болса,

Ешкімнің керегі жоқ надан болса.

Өзі молла дүниені сүймейтұғын,

Бізге бір сондай пақыр адам болса.

 

Керегі болар бізге сондай ердің,

Патша болып басын тұттың талай елдің.

Күнінен артық дүниелік жимайтұғын,

Өзі сопы адамды тауып бергін.

 

Патша мына сөзді ойына алды,

Қызының жауабына қайран қалды.

Алладан молла, сопы күйеу тілеп,

Шаhардағы адамға көзін салды.

 

Патша қуанады баласына,

Қыз да болса ақылы данасына.

Мұндай қай жерден табылар деп,

Патша көзін салады қаласына.

 

Жақсы иман болса да бір Алладан,

Бұ дәулет еш адамға табылмаған.

Шаhарында бар екен үлкен мешіт,

Патша бір күн өтеді сол арадан.

 

Биік тау пері қонар бұлағына,

Қай пенде кәміл жетер сұрағына.

Мешіттің жанына патша келсе,

Жылаған дауыс келді құлағына,

 

Патша естіген соң қалады таң.

Жанына тұра қалды мешіттің-там,

“Жылайды бек зарланып бұл мешітте, –

Патша ойлады, – бұл адам не қылған жан”.

 

Патша артық тұрды бір сағаттан,

Зар қылып бір адам жылап жатқан.

Бұл неге жылайды деп тыңдап тұрса,

Бейшара қорқады екен жалғыз Хақтан.

 

Құдайдан қорыққаннан жылайды екен,

Патша тұрып дауысын тыңдайды екен.

“Пайдалы ғылым, ізгі ғамал бер”, – деп,

Бейшара бір Алладан сұрайды екен.

 

Патша мұнда шақырды бір адамды,

“Алып кел, – деп жұмсады, – үйден шамды”.

Ол адам барып шамды алып келді,

Шамын жағып мешітке патша кірді.

 

Кірсе, жалғыз бір адам намаз оқып,

Қорқып тамам денесі тітірейді.

Бұл жігіт отыр екен намаз оқып,

Көңіліне бір Алланың атын тоқып.

Зікір таhлил Құдайға мінәжат қып,

Құдайдан жылайды екен жаман қорқып.

 

Оқып болып намазын сәлем берді,

Сәлемін патша тұрып әлік алды.

– Дауысыңыз мешіттен сыртқа шықты,

Не себептен жыладың, балам? – деді.

 

Патша айтты: – Қай шаhар адамысыз,

Қайдан келдің, бір жаққа барамысыз?

Ата-анаң бар ма еді, қатын-балаң,

Егер сізге қыз берсем аламысыз?

 

Жігіт айтты: – Ей, патша, асыл задам,

Сізге айтайын сырымның бәрін тамам.

Барға – шүкір, жоққа – сабыр қылатұғын,

Жолықса алар едім ізгі адам.

 

Қыз болса, алар едім молла болса,

Іздегені сопылық жолда болса.

Бөтен жанға көңілін аудармайтын,

Құран менен кітап қолда болса.

 

Тақсыр-ау, алар едім сондай қызды,

Айыпқа ала көрме құлыңызды.

Дүние жиып жалғанға алданбайтын,

Алар ем сопы болса қызыңызды.

 

Патша айтты: – Жалғыз қыз бар-дүр менде,

Жүрегімнің миуасы шыбын жанда.

Өзі молла, тақуа теңдесі жоқ,

Ұқсайсыз соған лайық, жаным, сен де.

 

Баламның дүниелікте еш көңілі жоқ,

Өзі тақуа, ас ішпей тамағы тоқ.

Айттырып неше патша келген еді,

Қызым разы болмады, бергенім жоқ.

 

Ол қызым ұнатпайды надан жанды,

Қанша көп берсе-дағы дүние-малды.

Ер іздер қияметте шапағатты,

Көңілі сүйіп бармайды ешбір жанды.

 

Еш нәрсе іздемейді дүние жақтан,

Бір Жаратқан қорқады жалғыз Хақтан.

Ер іздер шапағатты молла, сопы,

Өзін халас қылатын жанған оттан.

 

Ей, жігіт, сөзім қабыл қыласың ба,

Қара-ағын бұл сөзімнің айырасың ба?

Махшарда біздей асы атаңызға,

Көзіңнің қырын сонда саласың ба?

 

Қабыл қылсаң, ей, балам, айтқанымды,

Жалған емес, рас біл бұ сөзімді.

Қиямет күн шапағат қылар болсаң,

Разы болып берейін мен қызымды.

 

Жігіт айтты: – Жарайды сауап тапқан,

Мен де қорқып жылаймын жалғыз Хақтан.

Тәуба қабыл болмағы ғылым ғайып,

Жауап бермей тұрғаным сол себептен.

 

Хош уақыт болдым көріп жамалыңды,

Қабыл қылсын бар Құдай ғамалыңды.

Фазылыменен Құдайым рахмет қылса,

Махшарда қабыл еттім жауабыңды.

 

Жігіт шүкір қылады бір Аллаға,

Әдеппенен сөйлейді падишаға.

Бар ма, жоқ па жігіттің қаражаты,

Білейін деп сұрайды патша және.

 

Патша айтты: – Бар ма еді дүние-малың,

Ей, жігіт, ауқатыңды қылғын мәлім.

Қанша бар, аз ба, көп бе қаражатың,

Баян қыл енді маған хал-ахуалың.

 

Жігіт айтты: – Дүниелік еш нәрсем жоқ,

Қанағат қылғандардың қарыны тоқ.

Мал жиып харс болып не қылайын,

Ақыры пәни дүние опасы жоқ.

 

Ей, тақсыр, менің екі дерхемім бар,

Алла сүйген құлына болады жар.

Әнбие, әулие мен ізгі құлдар,

Керек деп дүниені жимағандар.

 

Патша айтты: – Бар болса екі дерхем,

Бірісіне базардан сатып ал шам.

Шам жағып үйіңізді жарық қылып,

Тыңлағыл бұ сөзімнің бәрін тамам.

 

Және қалған біріне нан сатып ал,

Менің айтқан сөзімді жадыңа сал.

Шам жағып, наныңменен аузыңды аш,

Алланың тағы берсе нығметі бар.

 

Жігіт разы болады тілін алып,

Нан сатып hәм шам алады базар барып.

Бар пұлына екі нәрсе алды-дағы,

Жігіт аузын ашады, шамын жағып.

 

Жігіт ашып аузын алды дейді,

Артық асты ішпейді қарны дейді.

Жалғыз адам қанша жеп оңдырады,

Жартысы дастарханда қалды дейді.

 

Көп қылды шүкіршілік аузын ашып,

Ғибадат қып отырды кітап ашып.

“Лайық күйеу балама табылды”, – деп.

Патша той қылады хабар шашып.

 

Қыз адамға қарамас мойын бұрып.

Патша ел жидырды ойын қылып.

Қырық күндей ат шаптырып сәулетімен,

Патша қызын қосады тойын қылып.

 

Жігітке сонда берді патша қызын,

Екі қылмай аузынан шыққан сөзін.

Қызды жігіт қасына алып келді,

Екеуі бір-бірінің көрді жүзін.

 

Патша қызын береді оқып некаһ,

Неке қылмақ Пайғамбар сүннеті-хақ.

Құтба оқып қыз жігітті қосқан күні,

Шариғатта ол күнді дейді зифаф.

 

Екеуінің көңілі жоқ салтанатта,

Осы күнде жоқ біздің табғиатта.

Зифаф күні қыз мәсісін жігіт шешпек,

Анық сөз дәлелі бар шариғатта.

 

Жігіт келді тартқалы қыз мәсісін,

Шариғаттың қылам деп тура ісін.

Қыз бермеді мәсісін шештіруге,

Жігіттің ұнатпады қылған ісін.

 

Жігіт тұрып сол жерде пікір қылды,

“Ойлап ем патша қызын не үшін берді”.

Көп ренжіп айтады пақыр жігіт,

– Атаңыз қыз берем деп күлкі қылды.

 

Қыз берем деп атаңыз шақырды көп,

Қатын алам дегенім көңілімде жоқ.

Біздей пақыр, бейшара міскіндерге,

Патша қызын бергенін көргенім жоқ.

 

Неге разы болсын патша қызы маған,

Мазақ үшін барып кел деген саған.

Дүниеде сіздер қорлап күлсеңіз де,

Махшарда жарылқасын Алла Тағалам.

 

Қыз айтыпты: – Ей, жігіт, есіт сөзді,

Неке оқып беріпті сізге бізді.

Тамамдап сөзіңізді айтып болсаң,

Есіткіл сабыр қылып бізден сөзді.

 

Қыз айтты: – Ғазиз жігіт, сөзім тыңда,

Неке оқып берді мені мұнда.

Мұратым бұл емес деп ойлап тұрмын,

Кемшілік таптым сіздің амалыңда.

 

Жігіт айтты: – Мұратым бір Алладан,

Баян етші сырыңды қылып маған.

Сифат көріп сыр білмей сырлас болмас,

Не кемшілік таптыңыз амалымнан?

 

Қыз айтты: – Мұратым сол заhид ғалым,

Тауфиқ білмес мұнафиқ пасық залым.

Амалыңнан кемшілік тапқаным сол,

Бұ еді тыңдасаңыз ахуалым.

 

Жасыңнан тақуа болып нәпсі тыйдың,

Пайғамбар сүннеті деп неке қидың.

Нұқсандық амалың да сол емес пе,

Бір жегеннен артық қып нанды жедің.

 

Заhид ғалым ісі-дүр нәпсі тыймақ,

Надан пиғылы харс боп дүние жимақ.

Мақсұтым көңілдегі осы менің,

Барға – шүкір, жоққа – сабыр қылмақ.

 

Жоққа – сабыр жарасар, барға – шүкір,

Бұ сөзге ықылас қылар міскін пақыр.

Дастарханда наныңыз тұрғаннан соң,

Дүниені сүйе ме деп қылдым пікір.

 

Дүние сүймес адамға болар сауап,

Күші келсе Қағбаға қылар тәуап.

Қыз сөзін тамам қылып болғаннан соң,

Қызға енді жігіт тұрып берді жауап.

 

Жігіт айтты: – Білдің нәпсі тыйғанымды,

Сүннет деп сізге неке қиғанымды.

Бұл болса амалымның кемшілігі,

Айтайын артық нанды жегенімді.

 

Жақсы-дүр шариғаттың жолын тұтқан,

Мешітте жатушы едім құлшылықпен.

Кез келіп атаң менен хал сұрады,

Отыр ем сәлем беріп оқып құфтан.

 

Атаң айтты: – Ал деді, бір қызым бар,

Тағаты сіздіңменен болады пар.

Сіздей пақыр жігітке берем деген, –

Атаң айтты: – Осындай көңілім бар.

 

Мен айттым: – Өзің патша ақыл, – дедім,

Бір жүрген мен бейшара пақыр, – дедім.

Қызыңыз халалзада болған болса,

Иә, тақсыр, құп болады мақұл, – дедім.

 

– Жаратқан бәрімізді Алла, – деді,

Дүниеде иланбапсыз малға, – деді.

Дүниелік жимайтұғын көрінесіз,

Қолыңда қаражатың бар ма? – деді.

 

Патшаға айттым: – Екі дерхемім бар,

Қиямет қылмыстыға болады тар.

Мал дейді көп дүнияда жиғанменен,

Бәрінің ақыретте азабы бар.

 

“Дерхемге нан ал”, – деді атаң маған,

Мұны баян қылайын, жаным, саған.

Бір дерхемге нан сатып алып келдім,

Әмірін атаңыздың қылдым тамам.

 

Сізге, жаным, сөйлейін әуел бастан,

Сырым мағлұм қылайын жасырмастан.

Ертең ішер тағамды жимайтұғын,

Әдетім болушы еді менің бастан.

 

Мағлұм қылып сырымды қылдым баян,

Құмырсқа тасқа басса Тәңірге аян.

Және бір дерхемге шамын алдым,

Ризықсыз қылмас деп Алла Тағалам.

 

Сен әйел, патша қызы, не білесің,

Артық нан қойғанымның біл мағынасын.

Болжаусызда бір мейман келіп қалса,

Жоқ болса дастарханда не бересің.

 

Артық нан қалдырғаным соның үшін,

Мейманды күтер болсаң Құдай үшін.

Мейман менен ер күткен қанша сауап,

Сауап қылсаң жаныңа өзің үшін.

 

Болмаса керек емес дүние маған,

Насихат қып айтайын жаным саған.

Ризықты өлшеулі деген сөз бар,

Пендесін өзі асырар Алла Тағалам.

 

 

Қыз жігіттің тақуасын енді білді,

“Иллаһим мұратымды хасыл қылды”.

Қуанып, күлімсіреп патша қызы,

Әдеппенен орнынан түрегелді.

 

Қыз тұрып жігітке енді көріседі,

Жүзінен бір-бірінің өбіседі.

Бір жерге екі жақсы қосылған соң,

Қалайша айтса-дағы келіседі.

 

Қосылып бұл екеуі дәурен сүрді,

Неше жыл ғибадат қып қызық көрді.

“Лә йадиғ аджр-ал муханина” деген сөз бар,

Қайырлы қып Құдайым ұғыл берді.

 

Болды бағзы баласы әулиелер,

Дүниені керек деп жимағандар.

Олардан жаман бала неғып тусын,

Бағзысы болып өтті ғұламалар.

 

                    

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button