Айқан қыз бен Жарылқасын қожаның айтысы
Әуелі сөз бастадым Бисмилладан,
Өлмей қалмас анадан туған адам.
Жігіттер жаман жанға жақын болма,
Жолдас болмас өзіңе де болсаң жаман.
Дүниеден жақсы да өтті жаман да өтті,
Керуендей бұрынғылар өтіп кетті.
Тәбе қылып жігіттер Құданы ойла,
Бұрынғы өтіп біздерге кезек жетті.
Дүниені пайғамбарда өткен көріп,
Меке мен Мединеде дәурен сүріп.
Төрт шаряр неше мың асхабы мен,
Соғысқан имансызбен қанша жүріп.
Онан соң қанша әулие өтті, кетті,
Дініне тағат қылып, дінін күтті.
Құдай жазған рызығы біткенен соң,
Бір сағат кешікпей-ақ қаза жетті.
Мен бір пақыр қолыма қалам алдым,
Бір қыса жазайын деп көңліме алдым.
Тіліме жәрдем бергіл Хақ тағала,
Айқын қыздың өлеңін жаза салдым.
Жағыма медет бергіл Хақ тағала,
Медет берсең сөйлейін мен бір шара.
Жарылқасын қожаның айтысқанын,
Айтайын тыңласаңыз мен бейшара.
Қожекең Ақ мешіт,Түркістанды мекен еткен,
Айтқан сөзі әр ру, елге кеткен.
Тәуіп болып шарапатты өзі қожа,
Әр күні неше түрлі ауру күткен.
Қожекеңнің қоңырат елге барған жері,
Айқын қызбен айтысып көрген жері.
Нешік барып қыз бенен айтысқанын,
Тамамдап келістіріп айтқан жері.
Мұнан былай құлақ сал ай жігіттер,
Қожаның өзі-өзі мен айтқан жері.
Әуелі сыйынайын бір Аллаға,
Жаратқан жұмла жанды падышаға.
Қожаның Айқын қызбен айтысқанын,
Айтайын хикаяттап,тыңлағанға.
Заһардан бал,тікеннен гүл жаратты,
Ай мен күн Арсы-Күрсі түн жаратты,
Құданың құдіретіне қиын емес,
Жаратты неше түрлі мақлұқатты.
Сөйле деп азаматтар рұхсат берсең,
Сөз бенен көтерейін көңіл шатты.
Сөйлесе сөз табылар барлы -жоқты,
Үміт көп тірлікте Жаббар Хақтан.
Сөйлеспей қатары мен заманында,
Көңіл мен кім жүрмейді өзі тапқан.
Жолықтым Қоңырат елдің жүйрігіне,
Жүргенде сөйдер сөзге болып батпан.
Уақтым қырындауға кең боп жүрген,
Шығардым түрлі қыял көңіл шаттан.
Қоңыраттың сол жүйрігі әйел екен,
Буралған тал шыбықтай адам екен.
Жасы бар жиырманың біреуінде,
Өзі де нұры жанған адам екен.
Әм және көп оқыған адам екен,
Қолында қағазы мен қаламы бар.
Жел сөзге әрбір жаннан озып жүрген,
Халқына жүйріктігі мәлім екен.
Атадан бір ұл менен бір қыз екен,
Оқыған ағасы да тәліп екен.
Жамағат құлақ салып тыңласаңыз,
Болады қожаң душар қай түр менен.
Бұл дүние ойлап тұрсам жалған екен,
Бұрынғы пайғамбардан қалған екен.
Әуелі қара құсшы мәнзілінде,
Қалаға шақырту мен барған екен.
Жаратқан жанның бәрін Жаббар Құдай,
Бендеге бітсе бақыт көңілі жай.
Қазақтың инабатты тәуібі деп,
Шақыртып алған екен ауру ноғай.
Ноғайдың дертін қарап дәрі салған,
Әм және дертін жазып мақсұт алған.
Бір тәуіп Ақ мешітте қожа бар деп,
Жоғарғы қоңырат елі хабарланған.
Тәңірім өзі берген уақтында,
Қожаның көңлі озған әр бір жаннан.
Рахмет атаңызға демей қалмас,
Бұл сөзге құлақ салып тыңдаған жан.
Кімнен өтпей қалады дүние жалған,
Пасық антқа,мұсылман дінге нанған.
Жоғарғы қоңырат елі құлақтанып,
Еліне шақырту мен алып барған.
Еліне сол қоңыраттың барғанында,
Ат шаптырған бір тойға душар болған.
Кәдесі той бастатып, қонақ қой деп,
Сейіл қып қожаң байғұс тұралаған.
Ежелден озған жүйрік жұрағаты,
Бір неше қосып олжа санап алған.
Бар екен бір ақсақал кәрі кісі,
Бендеге әр не қылса Хақтың ісі.
Ақсақал айтқан сөзін қабыл алып,
Жүреді ортаға алып барлық кісі.
Қонаққа баста дейді тойдың сәнін,
Еш кімнен мүдірместей көрінеді.
Сол шақта ол қожаға салса көзін.
Сол жерде тұрған халық кеңеседі,
Қожаның білгенен соң ішкі сырын.
Екеуін айтыстырып көрейік деп,
Ап келді Бексарының ақын қызын.
Қожаның сонда көңлі жабырқады,
Айтпасқа еш бір айла табылмады.
Қожаға сүйеу болған тағы жері,
Кім еді деп Бексарының қызы таңырқады.
Сонда біреу сөйледі Шығанақтан,
Көңілге сөз сөйлейді болып батпан.
Жараса, жарамаса мейлі білсін,
Қалыпты хабар тауып әр тараптан.
Бетіне жылы сөзбен жан қарамас,
Ол қызда жүрген екен озып топтан.
Еліне ақын деген аты шыққан,
Шығарып талай жылы сөз көңіл ашқан.
Бексары деген кісі бар деп айтты,
Бұл сөзге құлағыңды сал деп айтты.
Қырық бойдақ, Бағлан жақтан алып келген,
Қойды сой неше адамдық нар деп айтты.
Бір ұлы,бір қызы мен бар деп айтты,
Айтқаны өлең менен жыр деп айтты.
Толықпай қыздың көңлі күйеуіне,
Бұл жақта сол себептен жүр деп айтты.
Есітіп қожаң тұрды оның бәрін,
Кең дүние уайым мен болды тарың.
Екеуі әр не болса айтысады,
Ол қыздың құдай білер не қыларын.
Ол қызда ысылған қыз көріп көпті,
Әр кімнен айтар сөзді үйреніпті.
Алып кел қожа менен айтыссын деп,
Бір қызбен екі жігіт жіберіпті.
Бір қызбен екі жігіт қызға кетті,
Келмей-ақ сол жерде оның ызғары өтті.
Жұрт асып беті ашылған көрім ғой деп,
Ағалар менің залым жүда кетті.
Астында келген екен мініп жорға,
Инінде көк барқыттан іліп дүрия.
Ешкімнің айтқанына көнбейді екен,
Бес жігіт алып келген барып зорға.
Ақырын тәңрім берсін бұл тұғырдың,
Жолықты қожаң байғұс жайған торға.
Басына киген екен кәмшәт бөрік,
Болғанда шашы сүмбіл қасы керік.
Порымы еш адамға ұқсамайды,
Ақылы ажарына болған серік.
Оларға жалғыз жүрмек мінас емес,
Қасына келген екен бес қыз еріп.
Ол қыздың мырзалығын мен айтайын,
Ағалар тыңласаңыз келістіріп.
Сол тойдың шашуына келген жерден,
Кетіпті бес атпенен бес сом беріп.
Кигені аяғына қызыл етік,
Бес мантып киер емес ақша жатып.
Өзінің тәрбиелі мінезінен,
Жүр екен жұрты жақсы көңіл етіп.
Зәресі қожаң байғұс еш қалмады,
Мына қыз кетер-ау деп алдан өтіп.
Жіберген тойханаға қыздар келді,
Қожаң байғұс алыстан байқап көрді.
Ол қыздың келбетін-ау көргенен соң,
Данышпан екендігін қожаң білді.
Біз тұрмыз ат үстінде үйге кірмей,
Төріміз бойымызды билей алмай.
Ұмыттық бағанағы той бастауды,
Сол жерде әлі тұрмыз үндей алмай.
Шақырған тойханаға қыздар келді,
Есіткелі бірнеше мырза келді.
Әр кімнен айтар сөзге артық екен,
Келді де тоқталмай-ақ сөйлей берді.
Жамағат құлақ салып тыңласыңыз,
Мінеки сол жердегі айтқан сөзі:
Қыздың айтқаны:
Қожеке есенбісіз, сәлем бердік,
Мүбарак дидарыңды жаңа көрдік.
Жүзіңде рахматың бар жан екенсің,
Жоқ шығар көңліңізде тәкәббірлік.
Өзің біл сөйлескенде не деріңді,
Әзір алып кел қолыңды, көріселік.
Қожаның жауабы:
Жарқыным, сәлем берсең саламат бол,
Жетеді мұратына өлмеген құл.
Сіз сәлем берсеңіз, біз әлік алдық,
Сүннаты пайғамбардың қазулы жол.
Көріссең көрісем деп айтқан сөзің,
Әр қашан шариғатқа теріс емес жол.
Таралған тоты құстай бала екенсің,
Және-де екі бетің алқызыл гүл.
Порымың қатарыңнан артық екен,
Және-де қасың қара, шашың сүмбіл.
Ат біліп, жүз танымақ бір ғаныбет,
Абзал дүр сөйлеспекке, атың білдір.
Қыздың жауабы:
Бексары атам аты, Айқын атым,
Сүйгеннен Айымторы дейді халқым.
Қырық бойдақ , Бағлан жақтан быйыл келдім,
Білмейді бұл жақтағы бізді халқым.
Бекмұрат бірге тұған жалғыз ағам,
Осылайша айтайын сөздің салтын.
Осындай түсіндіріп тамам еттім,
Шұбалтып не қылайын сөздің артын.
Көңлімді қалдырар деп ойламаймын,
Секілді сөзің жібек, жүзің алтын.
Адамзат айтса білер, ашша көрер,
Білмейді бұл жақтағы Сізді халқым,
Қожеке, өзің айтып білдірмесең,
Қожаның кім біледі қазақ, сартын.
Қожаның жауабы:
Ойлап ем бір бала екен деп жүзің жарқын,
Тілің кілт, кеудең сандық, ақлың алтын.
Ақылың көпте болса, шашың ұзын,
Жібердің келістіріп сөздің артын.
Қыз Торы бұл сөзің-ау, не дегенің,
Қожаның білмеймін деп қазақ-сартын.
Күл төбе деген жерде пірлік қылған,
Бәріне атам сопы бұл халқыңның.
Айым Торы дәмең сенің сондай ма еді,
Дініме тіл тигізіп не деп айттың.
Ғазизің сондай жақсы біле алмаймын,
Еліңде шын білетін жоқ па қартың.
Қыздың жауабы:
Қожеке, сөзің шырын, жүзің алтын,
Тартты ма малал келіп көңлің салқын.
Айтты деп мұндай сөзді көңліңе алма,
Айтып ем әшейін-ақ сөздің салтын.
Қылатын елді таныс қоңсы еді,
Сұрамай нағып білсін Сізді халқым.
Баян қыл тақсыр маған өз затыңды,
Бабаңның кір келетін жері бар ма,
Атаңның айтсаң маған қойған атын.
Қожаның жауабы:
Айт десеңіз айтайын атымды мен,
Қылайын Сізге баян затымды мен.
Тамыр жау әр артығы асыл тасты,
Көтерсең айла менен батымды сен.
Ер тұтып әйел басың сөз айтасың,
Болмаспын өтірікші батыр десем.
Атымды өз еркіңмен біле алмассың,
Қыз Айқын өзім айтып білдірмесем.
Өтіпті бізден бұрын Хазрет Әлі,
Ұжмақтан шыққан оның зұлпықары,
Арғы атамды сурасаң Сүгірәлі,
Бергі атам одан тұған Ібірәлі.
Бабам хан, Бабам Төрежан, атам Шырбан,(Сырман)
Пір тұтып қол тапсырған жұрттың бәрі.
Ойламай түрлі кеңес табылғанын,
Білесің бе осылайша қожа әулеті.
Сұрасаң өзім атым Жарылқасын,
Жел сөздің қайдан білдің табылмасын.
Атам мен өз атымды баян қылып,
Келтірдім осылайша сөздің басын.
Қыздың жауабы:
Қожеке, нағыз әулет пір екенсіз,
Артықша сөйлер сөзге дүр екенсіз.
Қожеке, нағыз әулет пірде болсаң,
Жел сөзбен жеңіл тартып жүр екенсіз.
Қожаға нағыз өлең бұйрық емес,
Қоймасаң ата жолын кір етесіз.
Қожаның жауабы:
Өнерді Тәңрім берген Айқын маған,
Ер едім айтар сөзден тоқтамаған,
Тілеуқор нағыз пірдің баласымын,
Бармаспын жамандыққа келсе шамам.
Орынсыз жаман сөзді айта алмаймын,
Ұятты Тәңрім берген Айқын маған.
Бұл өлең күна болса неге айтасың,
Есіттім сенде екенсің Құран, кәләм.
Бұл өлең күнә емес, сауап та емес,
Айтады күн ғой деп білмес надан.
Жығылған сүрінгенге күлед деген,
Келді ме соның кері Айқын саған.
Қыздың жауабы:
Атыңды жаңа білдім Жарылқасын,
Көреді әркім тәуір ықыласын,
Басыңда бақыт құсың бар шағыңда,
Кем емес падшадан да қара басың.
Есітіп көрген жерден абайларсың,
Айқынның айтқан сөзін дәрежесін.
Жігітке мақтап айтқан жарамайды,
Айтамын мақтамай-ақ сөз расын.
Қоймасаң жігіттік пен өлеңіңді,
Халқыңның қайтарасың ықласын.
Қожаның жауабы:
Жарқыным бұл сөзіме құлақ салшы,
Қалмайды ердің жерде қара басы.
Ерді әйел кемітті деген расты,
Қыз Айқын солай ма еді сөздің басы.
Айтамын насихат мен өлеңімді,
Жұртымның неге қайтсын ықыласы.
Қыздың жауабы:
Түйе мал жүк көтермес мешеуінде,
Сөзімді қалдырмаңыз кешеуілге.
Жүзінде бұл дүниенің тірі жүрміз,
Өлерін бенде білмес неше күнде.
Сұрайын Сізден тақсыр білмек үшін,
Жасыңыз жиырманың нешеуінде.
Қожаның жауабы:
Түйе мал жүк көтермес мешеуінде,
Сөзіңді қалдырмайын кешеуілге.
Жүзінде бұл дүниенің тірі жүрміз,
Өлерін бенде білмес неше күнде.
Қай жылы туылғанымды білмей жүрмін,
Жасымыз ата-ананың есебінде.
Білмесек те жапсарлап айтар едік,
Көңліңіз разы болар нешеуіне.
Кәдімгі қырық жартысы жиырманың,
Қыз Айқын Аллоһу ағлам үшеуінде.
Қыздың жауабы:
Қожеке, дидарыңды жаңа көрдік,
Алдында мырзалардың аттай желдік.
Дүние пәни деген сөз кітапта бар,
Бұл үш күндік дүниеде дәүрен сүрдік.
Білмей айтып ұялып қалмайық деп,
Сол себептен жасыңызды бізде сүрдік.
Бізге Сіз екі жылдық аға екенсіз,
Ағаға қарсы болмай жаңа білдік.
Қожаның сауалы:
Дәм айдап Сіз келдіңіз сонша жерден,
Дұшпаны көп жақсы емес соңына ерген.
Тарқамас сөзден құмар Айым торы,
Соны мен бір сөйлесем арман-бермен.
Адамзат айтса білер, ашша көрер,
Бұл жаққа Сіз келдіңіз не түр менен.
Қыздың жауабы:
Білмейді Хақ әмірін надан кісі,
Сөз айтпақ тыңламаққа көңіл құсы.
Бір елдің Айым торы ақыны едім,
Өксітіп не қыласың мен байғұсты.
Жауына атта қашып ұстатпайды,
Егесі қылған болса жақпас істі.
Жұлдыздар аспандағы жерге түсер,
Құдіреті Құдайымның сондай күшті.
Дәм айдап сонша жерден келіп жүрміз,
Ежелден бұл оқиға Хақтың ісі.
Қожаның жауабы:
Жарқыным, ерге сіңбес, ердің малы,
Алланың екі болмас бұйырғаны.
Тәккәбірлік көңліңе келіп қалып,
Еліңнен көшіп шықтың көп түйелі.
Намруд пен Шаддат малғун падша болған,
Оларға Құдай берген әм зауалды.
Олардай жұртты ұстаған патша емессің,
Есіңе неге алмадың осыларды.
Жастық пен мұнша жерге қалдың келіп,
Арадағы дұшпанның тіліне еріп.
Тағдырда табдір жоқ қой деген сөз бар,
Кісі жоқ еріп шыққан саған серік.
Ағайынды ұмытып жүрмегейсің,
Сөзге жауап берсеңде аттай желіп.
Қыздың айтқаны:
Әуелі сыйынамыз құдіретке,
Сыйынсақ медет берер қатты дертке.
Сыр ашпай сүйенісіп отыр едік,
Сен-дағы бір сөз айттың шауып бетке.
Ғалам бір кітап ортақ дегендейін,
Көңліңіз тұрмады ма құдіретке.
Қожаның айтқаны:
Біздағы сүйенеміз құдіретке,
Сүйенсек медет берер қатты дертке.
Сыр ашпай сүйенісіп отыр едік,
Сен-дағы бір сөз айттың шауып бетке.
Ғалам бір кітап ортақ деп айтқан соң,
Аяғы сол себептен син боп кетті.
Көңілін күйеуіңнің неге ауырттың,
Қыз Торы көңлің тұрса құдіретке.
Қыздың айтқаны:
Со лма екен басымдағы жалғыз мінім,
Сіз айттың біз білмеген сөздің шынын.
Бекмұрат бірге тұрған жалғыз көкем,
Отыр ма екен көрмей Сізден бұрын.
Келмей-ақ сүйеу сөзге тамырландың,
Жоқ-па екен айтып көрген оны бұрын.
Көп жөңкіп осы сөзден дауам тапсын,
Шөп желке жаман-жәутік қызды бұрын.
Әйелше өсек ашпақ сөз айтасың,
Қожеке солай ма еді сенің сұрың.
Ризасыз мақсат харам деген қайда,
Жоқпа едің оқып көрген оны бұрын.
Қожаның айтқаны:
Жарқыным жүзің көркем, сұлу сыртың,
Қыяды көргенді адам неғып ұлтын.
Мен білгенді еш адам білмес дейсің,
Осылайша Айым торы пығыл қылдың.
Ризасыз мақсат харам деген болса,
Қалдыма ризаланып қайын жұртың.
Қыздың айтқаны:
Қалдырма қожа бізді қасіретке,
Кетеді ішім толып қайғы дертке.
Біз жүрміз сөзімізге жетелік деп,
Бірінші жер өбісіп айтқан сертке.
Өзінің өз қылғаны келді алдына,
Дүниенің өші қалмас ақыретке.
Қожаның айтқаны:
Жарқыным ерге сіңбес ердің малы,
Тәккәббір момын болса шықсын жаны.
Нахақтан құр жалаға қалдырсаңыз,
Қайтесің бір жаратқан падша ғаны.
Нахақтан Сізге келіп ол ұрынса,
Мойнына мейлі болсын өз обалы.
Қыздың айтқаны:
Болыпты Сізге дайын барлық сырым,
Сіз айттың біз білмеген сөздің жайын.
Шығардың қырауланған түрлі қаяу,
Сіз айтың біз сұрадық сауал түрін.
Сұраймын Сізден тақсыр білмек үшін,
Құдайым не жаратты жаннан бұрын.
Қожаның айтқаны:
Жарқыным сөз сұрадың қиын қатты,
Жел сөзбен көтерейік көңіл шатты.
Сурасаң сұлу Айқын біз айтайық,
Әуелі Хақ тағала Тау жаратты.
Қызыл көл, тау ішінде бақ жаратты,
Жаббар егем өздері рахым етіп,
Хақ тағала ол тауға назар етті.
Тау еріп қорғасындай балқыған соң,
Маужырап көбіктері аспанға атты.
Құдайым сол көбіктен жер жаратты,
Ерімей түбіндегі қалған тастан,
Байт ал-масуд атты бір нұр жаратты.
Құдайдан өзге жанның бәрі де жоқ,
Бір үлкен түсі жасыл құс жаратты.
Кеңдігі бұл дүниедей он мың шахар,
Баршасын құдіреті мен Хақ жаратты.
Толтырып сол шаһардың бәрін дәнге,
Хақ тағала ол құсқа әмір етті.
Сол дән ата өскен соң өлесің деп,
Әр күні сол дәннің нұрын жұтты.
Ақырында сол дана таусылыпты,
Біреуі сол дананың қалған екен,
Оныда 60-жыл сақтап тағы жұтты.
Сол дананы жұтқан соң жанын алды.
Сол құстың денесінен адам шықты,
Хақ өзі құдіреті мен жаратыпты.
Алғараз баршалары имансыз боп,
Онан соң Хақ тағала Һалак етті.
Мұнан бұрын бұл дүниенің жаралғанын,
Сұрасаң Жарылқасын тамам етті.
Қыздың сауалы:
Қожеке, көтерейік көңіл шатты,
Жаратқан жадыма алып Жаббар Хақты.
Жел сөзді Тәңрім берген сөйлесін деп,
Жаратқан миасар қып тіл мен жақты.
Тірілікті өтейік базар етіп,
Болсада өзге жалған өлім Хақты.
Дүниеге нәзіл болған жанның бәрін,
Бір күні жұмырады топыраққа.
Сұраймын, Сізден тақсыр білмек үшін,
Тәңірім бұрын жаратты қай әріпті.
Қожаның жауабы:
Ойлайды ақылды адам сабырлықты,
Ойлайды жаман адам жәбірлікті.
Сұрасаң сұлу Айқын біз айтайық,
Тәңірім бұрын жаратты нұн мен капты.
Тәңірім бұрын жаратқан соң нұн мен капты,
Жаратты каптан жерді, нуннан көкті.
Каптан жерді, нуннан көкті жаратқан соң,
Он сегіз мың әлемді тамам етті.
Қыздың сауалы:
Мұхаммад қылған екен дінін жарый,
Дозаққа қарсы қойған кітаптары.
Қожеке құлақ салып тыңласаңыз,
Алдыңда әзір болсын сөздің бәрі.
Бір ақ қой, бір қара қой кезек оттап,
Тынбайды бір сағатқа ауыздары.
Қара қой отқа шықса халық ауырып,
Қалмайды отырған жан еш мәнзілі.
Ал ақ қой кезекпенен отқа шықса,
Болады шат-шадыман жанның бәрі.
Қожеке, сол екі қой не деген қой,
Баян қыл біз сұрадық тақсыр аны.
Қожаның жауабы:
Тілеймін әуел тілек құдайымнан,
Пайда жоқ ер жігітке уайымнан.
Болса да саған қиын бізге ансан,
Жарқыным сөз сұрадың оңайынан.
Бірі күн, екеуінің біреуі түн,
Деп айттың мұны сауал қалайынан.
Түн болса халық ұйқыдан тұра алмайды,
Жорыдық бұл сөзіңді солайынан.
Халық жадырап, күн болса сырын айтар,
Мен сенің тоқталмаймын мұндайыңнан.
Сөз сұра мұнан гөрі қиынырақ,
Жел сөзде озып жүрмін талайынан.
Қыздың сауалы:
Кімнен өтпей қалады дүние жалған,
Пасық антқа, мұсылман дінге нанған.
Армансыз бір сұрайын сауалымды,
Білімің артық болса жұмла жаннан.
Құдайға құл болған соң, расулға үмбет,
Біледі пайғамбарды дін мұсылман.
Жауап бер бұл сұраққа ақлың кемел,
Неше жыл Абу Бәкір падша болған.
Қожаның жауабы:
Қыз торы қырлы сөзге келдің жаңа,
Тіліме медет бергін Хақ тағала.
Дүниеден қаза жетіп соларда өтті,
Алланың әміріне барма шара.
Айтайын білгенімше хикаят қып,
Сұрасаң білмек үшін Айқын бала.
Хазреті Хақ пайғамбар өткенен соң,
Меке мен падша болған Мадинаға,
Сұрасаң сұлу Айқын біз айтайық,
Екі жыл, алты ай падша болды Абу Бакір разы Анһа.
Қыздың сауалы:
Қожеке, бізге айтасың ақылыңды-ай,
Кім білер кімнің жаман, мақұлын-ай.
Әр кімдер бұл сөзіме тоқтаушы еді,
Отырмын тоқтата алмай япырым-ай.
Ежелден жан жоқ еді жолдас болған,
Қалыспай бір тоқтаудың қарқынында-ай.
Бір елдің Айым торы тұлпары едім,
Озушы ем айбатым мен ақырып-ай.
Қалушы ем құйын соққан үйдей болып,
Екпінді қоңыр судың салқынындай.
Сұраған сауалыма жауап бердің,
Әркімнен жаңа білдім артығыңды-ай.
Өткен соң сол әзіздер бұл дүниеден,
Қайсысы таққа мініп падша болды.
Қожаның жауабы:
Бұл сөзді сөйлей,сөйлей болдық асы,
Кемшілік көрмеген соң адам басы.
Құдайым өзі беріп, өзі алады,
Болмайды құдіретіне кім разы.
Өткен соң сол әзіздер бұл дүниеден,
Алты айлық падша болған Хасан әзіз.
Қыздың сауалы:
Біледі сөз мәнісін Сіздей ерлер,
Сөзге сөз қайырады кемеңгерлер.
Алланың ақ дидарын көре алмайды,
Бұл жалғанда мен-мендік тәккәбірлер.
Жауап бер бұл сөзіме ақылың кемел,
Мысалын бұл дүниенің неге меңзер.
Қожаның жауабы:
Алтын деп ұстағанын тасқа меңзер,
Жақын деп дос тұтқанын қасқа меңзер.
Інжу-маржан жақұт деп ұстағанын,
Өтпесе бір пұрышты тасқа меңзер.
Мың-мыңдап малың болса еш пайда жоқ,
Тоқпын деп жүргендерді ашқа меңзар.
Дүниеден өтпестен жан еш қалмайды,
Шоқы деп анық көрген тұсқа меңзер.
Қыздың сауалы:
Көп дейді тарихта нәзік жерлер,
Тамамдап ұстар оны қандай ерлер.
Пасық пен өлгенінше дос болмаған,
Ол Сыддық, Умар, Усман, Әли шерлер.
Жауап бер бұл сөзіме ақылың кәміл,
Пейілі адам заттың неге мезгер.
Қожаның жауабы:
Қыз торы сұрайсың-ау білмеген соң,
Лұқман мың жасаған өлмеген соң.
Ердің пейілін солай деп айтып болмас,
Көзің мен қиянатын көрмеген соң.
Әйелдің неше түрлі мекері бар,
Білмейсің өз басыңа келмеген соң.
Әйелдің бір пейілі шайтанға ұқсар,
Артықша ақыл иесі болғаннан соң.
Әйелдің бір пейілі қасқырға ұқсар,
Аманатқа қиянат қылғанан соң.
Әйелдің бір пейілі итке ұқсар,
Қанағат қалауына қылмаған соң.
Әйелдің бір пейілі аюға ұқсар,
Ақырып ер бетінен алғаннан соң.
Әйелдің бір пейілі ешекке ұқсар,
Жүгенсіз өз бетімен жүргеннен соң.
Әйелдің бір пейілі суырға ұқсар,
Орнынды сөзге құлақ қоймаған соң.
Әйелдің бір пейілі доңызға ұқсар,
Осқырып сөзге жауап бермеген соң.
Әйелдің бір пейілі маймылға ұқсар,
Ыржаңдап әркімдер мен бір күлген соң.
Әйелдің бір пейілі сауысқандай,
Шықлықтап сырттан ғайбат қылғаннан соң.
Әйелдің бір пейілі қара құстай,
Жемтікті әркім әкеп бергеннен соң.
Әйелдің бір пейілі қоңызға ұқсар,
Көзі түскен нәрсені жыйғаннан соң.
Әйелдің бір пейілі шайтанға ұқсар,
Ерін алдап әр кіммен жүргеннен соң.
Әйелдің бір пейілі торғайға ұқсар,
Сіздердей әр бұтаға бір қонғаннан соң.
Қыз торы бұл бұзықтың біреуісің,
Айлаң жоқ көңіліңде болмаған соң.
Қожаның сөзі мұндай асып кетті,
Көңілі пейілін әр түрмен басып кетті.
Сөз аяғын тыңлауға шыдай алмай,
Айқын қыз түн ішінде қашып кетті.
Он үш түрлі пейілін тапқаннан соң,
Жеңгеннен соң қожаның көңілі бітті.
Қожекең атын мініп, шапан киді,
Бір үлкен базар қылды, ұзақ түнді.
Отырған мырзаларды түгел мақтап,
Бірін қоймай тегістеп бәрін жиды.
Мұны жазған Шаймардан менің атым,
Қазақ емес ноғай дүр асыл затым.
Оқығаннан бір дұға үміт етіп,
Күнаһар бейшара деп жазған хатым.
Қатесі болса мені сөкпеңіздер,
Қате болса түзетпей кетпеңіздер.
Оқыған аға-ініге дұғай сәлем,
Мұннан артық бізден сөз күтпеңіздер.
Әкеміз Ақ шешмелік есімі Аяз,
Осылайша келеді ғой сөз жобасы.
Шаһи Ахмед Бекеев аталады,
Бідер оның ең кіші немересі.
Шаһмардан, әкем аты НұрМұхаммад,
Алла құлы болғанда Расулге үммат.
Ла ИллаҺа илла Алла Мұсылманмын,
Ақыретте Я расул қыл шапағат.
Білмеген мен бір надан оң мен солды,
Құдайым өзі берсін тұры жолды.
Көп ойланып мұны да күшпен жаздым,
Сөзімнің тамам қылар уақты болды.
Бір мың тоғыз жүз бірінші жылда,
Он бесінші январда тамам болды.
Көзіме түскен жерден жазып алдым,
Мұны енді бастыруға ойыма алдым.
Ары-бері қатесін түзеп алып,
Заказды пошталионға айтып салдым.
Шығарма Ақмола облысының Көкшетау уезінің Махдум
Шаһмардан Молла Нұр Мұхаммад Ұлы Шаһи Ахмед Бекеевтің қамқорлығымен
1913-жылы Қазан қаласынан кітап болып шыққан.