Білген Шайыр айтады

Дарияның  гауһар  жатар  арнасында

Мәделiқожа қоқандықтардың тепкiсiнен Бұқар әмiрлiгiн жағалап кеткенiнде ауылын, жаппас руының беделдiлерiнiң итермелеуiмен алшын руының батыры Ер Шойын жiгiттерiмен батырдың ауылын шауып, Момын деген қарындасын алып кеткен екен. Бұқардан елге оралған батыр мұны естiп iнiсi Кенжехан екеуi қарындасын iздеп Саудакент жаққа аттанады.

Ол жақта бейғам отырған Ер Шойынның қосын тұтқиылдан шауып, қоян-қолтық ұрыс басталып кетедi. Сол айқаста Ер Шойын Кенжеханды найзамен шаншып жарадар етедi. Мұны көрген Мәделiқожа қаһарланып оның бес бiрдей жiгiтiн атынан аударып тастайды. Солардың қатарында Ер Шойынның жалғыз ұлы мерт болады.            Ұрыстың арты Мәделiлердiң шегiнуiмен бiтедi. Ер Шойынның жасағы ұзақ уақыт қалыспай, қамамақшы болғанмен Мәделiнiң қолы жүре соғысып, сытылып, қарасын үзiп кетедi. Сонда өзі құралақан қалған, оның үстіне қайғы жұтып қара жамылған Ер Шойыннан қасындағы сарбаздары: «Сiз оңтайыңыздан келген жiгiттi (Кенжеханды ) неге шаншып өлтiрмедiңiз?» деп сұраса, ол: «Ой, ондай атылған оқтай, жалынды оттай ат бауырында ойнайтын батырды мыңдаған қатынның бiрi ғана табар, өлтiруге қимадым» деп ағынан жарылған екен. Ақыры, Ер Шойынның мерт болған жалғыз баласының дауы ұзаққа созылып, Мәделiнiң дүниеге, малға жарымаған аз ғана руы өлген жiгiттiң құнын төлей алмай, батырдың басы бiраз сергелдеңге түседi. Мына өлең сол тұста, өзi талай мәрте қолын басқарып қызмет еткен қайын жұрты қоңырат руының беделдi кiсiсi Қанай датқаға айтқаны екен.

Дарияның гауһар жатар арнасында,

Көпестер күйме жегер арбасына,

Датқа-еке, құлақ салып тыңдасаңыз

Iнiңнiң бес-алты ауыз арзасына.

 

Жығаң бар жығылмаған басыңызда,

Жолдас ем жастай ерген қасыңызға,

Дос сүйсiнiп, дұшпаның күюшi едi

Жүргенде мен iлесiп қасыңызға.

 

Жолдасың Сапақ би мен Асқар болып,

Халыққа үш қарқара достар болып,

Үшеуiң көк ұлына қорған болдың

Халқыңа қызметтерiң асқан болып.

 

Дәуiрге үшеуiң де мiнiп едiң,

Бәйгеден кезек озған күлiк едiң,

Арда құнан секiлдi араңызда

Тентектiк қылып жүрген iнiң едiм.

 

Шабушы едiм дұшпанды дала қылып,

Арқама үшеуiңдi пана қылып,

Шетте жүрiп не тентек iс қылсам да

Бетiме жан келмейтiн жала қылып.

 

Алыстан шошушы едi менi көрген,

Жаудан сағы сынбаған асыл ем мен,

Айқай салып, ат қойып ұмтылғанда

Мылтығын тастай жаяу қашқан мерген.

 

Көрiнбес бұл күндерi көзiм жастан,

Датқа-еке, не қызықтар өттi-ау бастан.

Жалғыз iнiм жаралы болғаннан соң

Бесеуiн қатар шаныштым аямастан.

 

Бәйгеден үш тұлпар ең келген талас,

Атыңды түгел бiлдi үш жүз алаш,

Қасыңдағы жолдасың қайда кеттi,

Ойласаң, бұл дүниеде ешкiм қалмас.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button